ӘБУ ХАМИД ӘЛ-ҒАЗАЛИДІҢ ҚҰНДЫЛЫҚТАР ЖҮЙЕСІ


Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Курстық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 31 бет
Таңдаулыға:   

Жоспары

I Кіріспе . . . 2-6б.

II Негізгі бөлім . . . 7-29б.

I -тарау. ӘБУ ХАМИД ӘЛ-ҒАЗАЛИДІҢ ҚҰНДЫЛЫҚТАР ЖҮЙЕСІ

1. 1 Құрандағы ахлақ және оны Әбу Хамид әл-Ғазалидің түсіндіруі

. . . 7-17б.

1. 2 Әбу Хамид әл-Ғазалидің кемел адам (инсан әл-кәмил) құндылықтары жүйесіндегі этикалық категориялар

. . . 18-27б.

1. 3 Әбу Хамид әл-Ғазалидің «Дін туралы ілімдердің қайта жандануы» еңбегіндегі «ахлақ» феноменінң тарихи-антропологиялық мәні

. . . 28-30б.

III Қорытынды . . . 30б.

IV Пайдаланылған әдебиеттер . . . 31б.

КІРІСПЕ

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Ғылыми жұмыста Әбу Хамид әл-Ғазалидің рухани-адамгершілік ілімі құндылық ретінде жан-жақты қарастырылды. Ислам әлемінің негізгі қайнарлары Құран мен Сүннет арқылы ізгілік ілімге жол ашқан ғалымдардың еңбектерін бүгінгі күн тұрғысынан талдауымыз ең басты мәселелердің бірі. Адамгершілік мәселесіне Шығыс мұсылман даналары орасан үлес қосты, солардың ішіндегі ерекшелігі өте көп қырлы тұлға Әбу Хамид әл-Ғазали.

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазақ халқы әуелден бері өзін мұсылман санайтын, өз дінінің негізін ежелгі Бір Тәңірлік діннен бастау алып, кейіннен Исламмен біте қайнасып, Түркілік Ислам мәдениетін ішіндегі Қазақ мұсылмандық түсінігінің шеңберінде қалыптасқан халық қатарында санаймыз. Халқымыздың мұсылмандығын Әл-Мисақтан бері екендігін де айтпасқа болмас. Енді Бүгінгі таңда қоғамдық құбылыстар өте қарқынды өзгеріске ұшырап жатыр. Жалпы адамзаттық ортақ құндылықтарды ұштастырып ортақ мәдениеттердің ортаға шығуы, кез-келген мәдениеттің ішіне белгілі бір дәрежеде басқа да мәдениеттердің ықпалын өткізуге кірісіп жатқан кезең. Осы қоғамдық құбылыстардың ең күрделісі де маңыздысы дін болып саналады. Біз бүгінде өз дініміздің таным көкжиектеріне көз жүгірте бастадық. Алайда мәселенің бәрі осы танымда болғандықтан да діннің ішіне етене бел шешіп кіре алмай, танымға келгенде кідіріп қалатын жеріміз бар.

Таным- маңыздылығы жағынан бүгінгі күннің ең басты талабы. Жалпы исламды қабылдаған барлық халықтардың өздеріне сай түсіндіру әдістері болғандығын ашып айтуымыз керек. Жалпы ислам философиясының өкілдері белгілі бір дәрежеде таным қалыптастырып, Исламды танытудың, түсіндірудің методтарын жасап адамзат алдында өз дінінің ішкі мазмұнын ашуға тырысты. Ал бүгін ол танымды сенімге ұштастыру мәселесінде қиындық туындап отыр. Алғашқы ислам философтарының көзқарастарына антика дәуірінің философиялық ойлары арқау болғандығы аян, ал кейінгі ислам философтары керісінше батыс философтарына ықпал еткендігін аңғаруға болады. Исламның басты қайнарлары Құран мен Сүннетті негізге алып түсіндірген философиялық ойлар арқылы біз де өз дініміздің танымына қол жеткізуімізге болады.

Рухани құндылық адамның негізгі байлығы. Қазақ дүниетанымы мен мұсылман ілімі арасынан өрбіген адамгершілік ілімін қазіргі философиялық танымдық дамудың еліміз үшін неғұрлым қажет, әрі маңызды бөлігі деп қарауымыз да сондықтан.

Бүгінде адамның әлемдік дағдарыстан шығу жолы - адам зердесінің сапалы түрде өзгеріп, рухани жаңаруында. Біз көріп отырған әлемдік дағдарыс, әсіресе, экологиялық қауіп адамның рухани бастау мен рухани-адамгершілік құндылықтардың қажеттілігіне деген сенімін жоғалту салдарының нәтижесі [1] . Жалпыадамзаттық сипатқа айналып бара жатқан жатсыну мен адамгершілік қасиеттердің тоқырауынан пайда болған адамның көкірегіндегі рухани бостық орнын толтыру үшін, адам жанына бағытталған ортағасырдағы Шығыс мәдениетінің адамгершілік құндылықтарына назар аударуымыз қажет. Ортағасыр мұсылмандық Шығыстың рухани-адамгершілік мазмұнын көрсететін Әбу Хамид әл-Ғазалидің мораль философиясы - «Мұсылман реннессанс дәуірі» атанып, бүкіл әлемге танылған ортағасыр мәдениетінің бір бөлігі. Ойшыл, теолог, факиһ (құқықтанушы) және сопы әл-Ғазалидің мұсылман этикасы мен мәдениетінің өркендеуіне өшпес із қалдырғаны сонша, оның күні бүгінге дейін мұсылмандар арасындағы орны айрықша.

Ғазали басқа ойшылдарға қарағанда өзінің этикалық жүйесін құрумен ғана шектелмеді, керісінше, мұсылмандық Шығыста сол жоғарғы идеяларды жеке өмірінде іс жүзіне асырған аса дарынды әрі құпия тұлғалардың бірі. Ол нәпсісін тәрбиелеп, кемелдікке ұмтылды, сондықтан адамның жанын зерттеу ойшылдың жеке және ішкі қасиеті болды. Оның этикалық жүйесі қазіргі заманда да қоғамдағы адамгершілікті қайта жандандыру құралы ретінде тәжірибелік құндылыққа ие.

Бұл кезеңге тән маңызды мәселе қажетті рухани-адамгершілік бағдарлар мен мұраттарды іздеу болып отыр. Қазіргі рухани өмірдің тәжірибесі өткеннің, қазіргі кезеңнің және болашақтың ұлы жетістіктерінің негізінде қалыптасады.

Қоғамда туындаған рухани қажеттіліктерді қанағаттандыру тұрғысынан және қазақ халқының ұлттық рухын қайта жаңғыртып, Қазақстандағы халықтар достығының маңыздылығын ескерсек, онда рухани-адамгершілік мәселесін зерттеудің тарихи-философиялық өзектілігі даусыз. Зерттеу жұмысы дер кезінде жасалған ғылыми маңызды еңбек деуге болады.

Тақырыптың зерттелу деңгейі. Әбу Хамид әл-Ғазалидің философиялық мұрасы сонау ортағасырдан бастап өзіне назар аудартып, ғалымдар бұған өздерінің ең қызықты еңбектерін арнаған. Бұлардың қатарына Ф. Нишапури (451-529 х. ж) - «Китаб әс-сиақ», Ибн Асакир (499-591 х. ж. ) - «Та‘рихе Димишқ», Әл-Жаузи (508-597 х. ж. ) - «Әл-Мунтазам фи та‘рих әл-мулук уа әл-умам», Ибн Халликан (608-681 х. ж. ) - «Уафият әл-’айан анба‘уз-заман», Заһаби (673-748) - «Тазкират әл-хифаз», «Дуәл әл-исләм» және «Тарих әл-исләм» сияқты т. б. ойшылдарды жатқызуға болады. Бұлар Ғазалидің дүниетанымын түрлі қырынан зерттеуге күш салды.

Батыс ориенталистикасында Ғазалидің шығармашылығын зерттеген А. Корбен, Х. Фрих, Ю. Оберман, Г. Грюнебаум, И. Гольциер, А. Шиммель іспеттес ғалымдар бар.

Ғазалидің әйгілі «Дін туралы ілімдердің қайта жандануы», «Адасудан құтқарушы», «Бақыт сусыны», «Философтарды терістеу», «Жүректің ашылуы» т. б. еңбектерін араб тілінен ағылшын, неміс, француз, парсы, орыс және түркі тілдеріне аудару жұмыстары жүзеге асырылды.

Ғазали туралы зерттеу әдебиеттерінің ішінен, әсіресе, Әл-Букра, Әр-Рифағи, Әш-Ширази, А. Бәдауй, Р. Мұхаммед, М. Заки, У. Фаррух және М. Фаһри сияқты араб ғалымдарының еңбектерін атап көрсеткен мақұл. Бұл авторлар өз шығармаларын Ғазали философиясының кейбір мәселелеріне сараптама жасауға арнайды[2, 36 б. ] .

Батыс пен Шығыс зерттеушілері Ғазалидің өмірі мен шығармашылығын зерттеуді белгілі жүйеге салды, ойшыл еңбектерінің хронологиясы жасалынды және олардың жазылған реттілігі анықталды. Сонымен қатар Ғазалидің философиялық, теологиялық, элеуметтік-этикалық әрі педагогикалық көзқарастарына жалпы сипаттама берілген.

Сондай-ақ, С. Шейх, А. Халик, М. Иқбәл, М. Түркер сияқты Ғазали шығармашылығын көп зерттеген пәкістан мен түрік ғалымдарын атап көрсеткен жөн.

Көптеген орыс және кеңестік шығыстану зерттеушілері Ғазалидің идеяларын фанатизм, қараңғылық пен схоластиканың бұлжымас куәсі ретінде ғана қарастырған. Сондықтан кеңестік тарихнамада Ғазалидің философиясы арнайы зерттеу пәніне айнала қоймады. Ислам немесе философия тарихына қатысты жалпы жұмыстарда Ғазали ілімін сөз қылған маркстік идея көзқарасындағы авторлар негізінен Ғазали туралы мәліметтерді батыстық исламтану мен тарихи-философиялық әдебиеттерден алумен ғана шектелген.

Ғазалидің антропологиялық көзқарасының кейбір қырлары А. М. Богоутдинов, В. В. Бартольд, Е. Э. Бертельс, З. Вазиров, А. В. Сагадеев, В. А. Игнатенко, В. В. Наумкин, М. Д. Диноршоев, Г. М. Керимов, Н. С. Кирабаев, И. П. Петрушевский және т. б. шығыстанушылардың еңбектерінде зерделенеді.

Отандық ғылымда ойшылдың шығармашылығына қатысты тікелей еңбектер болмағанымен, Шығыс руханиятының қазақ дүниетанымындағы орны мен ролін терең зерттеп жүрген Ә. Н. Нысанбаев, М. Бурабаев, М. Сәбит, С. Е. Нұрмұратов, М. Орынбеков, Д. Кішібеков, К. Ш. Нұрланова, Б. С. Қабыкенова, Д. Т. Кенжетаев, Т. Х. Ғабитов, М. З. Изотов, Ж. А. Алтаев сынды отандық ғалымдарымыз еңбектерінің ұлттық адамгершілік-құндылыққа негізделген философиялық теорияларды дамытудағы орны ерекше. Сондай-ақ, Ғазали шығармашылығының өзге де аспектілерін талдаған Ғ. Есім, Н. Л. Сейтахметова, К. Х. Таджикова, Ә. Қ. Айтжанова және тағы басқа ғалымдарымыздың еңбектерін атап өту қажет.

Жұмыста Ғазалидің этикалық тұжырымдамасын саралау үшін ойшылдың «Ихия’у ‘улум әд-дин» (Дін туралы ілімдердің қайта жандануы), «Мизан әл-‘амәл» (Амалдар өлшемі), «Мукашафат әл-қулуб» (Жүректің ашылуы), «Кимия‘ ус-сағада» (Бақыт сусыны) сияқты т. б. адам жанының қазына сарайына кіріп, таза ниет пен мейірімді оятатын көптеген еңбектері басшылыққа алынды. Аталмыш шығармаларда Ғазалидің күллі этикалық философиясының жүйесі көрсетілген. Бұл еңбек халқымыздың рухани құндылықтарын саралау барысында жаңа қырынан қарастыруға септігін тигізеді деген сенімдеміз.

Жұмыстың негізгі мақсаты - Әбу Хамид әл-Ғазалидің адамгершілік іліміне тарихи-философиялық талдау жасау.

Жұмыстың мақсатына сәйкес мынадай міндеттер алға қойылды:

- Құрандағы мораль метафизикасын көрсету және Ғазалидің оны қалайша түсіндіретінін анықтау;

- Ғазалидің «Дін туралы ілімдердің қайта жандануы» атты еңбегіндегі «ахлақ» феноменінің тарихи-антропологиялық мәнін ашу;

- Мұсылмандық Шығыстың әлеуметтік-философиялық және саяси ілімдеріне Ғазалидің адамгершілік философиясының ықпалын көрсету;

Зерттеу жұмысының нысаны - мұсылман Шығыс философиясындағы адамгершілік мәселесін қарастыру.

Зерттеу жұмысының пәні - Әбу Хамид әл-Ғазалидің адамгершілік ілімін тарихи-философиялық талдау.

Зерттеу жұмысының теориялық және әдістемелік негіздері. Жұмыстың әдістемелік негізі ретінде Әбу Хамид әл-Ғазалидің философиялық көзқарасындағы адамгершілік мәселесі және Ғазалиге қатысты еңбектер жазған орыс, түрік, өзбек және отандық ғалымдардың теориялық тұжырымдамалары алынды.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Әбу Хамид әл-Ғазалидің адамгершілік ілімін тарихи-философиялық тұрғыдан талдануы - жұмыстың негізгі ғылыми жаңалығы болып табылады. Бұл жұмыста философиялық зерттеу әдістері қолданыла отырып, төмендегідей ғылыми нәтижелерге қол жеткізілді:

- Ғазали еңбектеріндегі рухани-адамгершілік ілімінің бастау көздері көрсетіліп, олардың идеялық мағына жағынан ойшылға қалай әсер еткені анықталды. Сол арқылы Ғазали мораль философиясына қол артқанда ондағы түпкі ой қазығын сыншыл көзқарасы таразысынан өткізіп, екшеп, елеп алған рухани қазынаны өз заманындағы идеялық күрес жолының қуатты да пәрменді құралына айналдырғаны зерттеулер нәтижесінде зерделенді;

- Ғазалидің кемел адам (инсан әл-кәмил) құндылықтары жүйесіндегі этикалық категориялардың ерекшелігі көрсетіліп, бұл адамгершілік ілімі -кемелдікке жету әдістемесі екені анықталды;

- Ойшылдың құнды мұрасындағы «ахлақ» феноменінің тарихи-антропологиялық мәні ашылып, оны құрайтын негізгі түсініктер мен этикалық категориялар талқыланып, дәйектелді;

- Адамгершілік құндылықтар Ғазалидің философиясындағы басты мәселелердің бірі, ол «Құран мен адам» байланыс контекстінде қаралады. Адам мұнда онтологиялық, тектік және гносеологиялық болмыстарда көрінеді. Ол адамның дүниеде дұрыс әрі бақытты ғұмыр кешуі үшін жүріп-тұрудың этикалық қағидалары мен ережелерін және адамның танымдық мүмкіндіктері мен рухани байлығының мол екенін көрсетті;

- Ғазалидің адамгершілік дүниетанымынан туындап, бүкіл шығармаларында желілеп тараған кемел адам туралы идеясының құяр арнасы адамның өзін-өзі тануы тұжырымдамасында жатыр. Кемел адам (инсан әл-кәмил) құндылықтарын ілім ретінде танып, зерделеуге мүмкіндік беретін білім (әл-ильм), ұят (әл-хаия), адалдық (әс-сидқ), сүйіспеншілік (әл-хубб), жомарттық (әс-саха), мейірім (әр-рахма), туралық әл (әл-амана), ізгі ой (хусну әз-зон), ерлік (әш-шуджаа), кешірімшілдік (минна) т. б. этикалық категорияларының философиялық мағынасы Ғазали бойынша сарапталды. Кемелдік жоғарыда аталған адамдық құндылықтардың одағы негізінде ғана қалыптасып, дами алады;

- Ғазали философиясындағы «ахлақ» ілімі адам жанын тәрбиелеу құралы ретінде тәжірибелік сипатқа ие. Ахлақ феноменінің әлеуметтік-антропологиялық мәні ұлы ойшылдың қаламынан шыққан құнды түпнұсқа болып табылатын «Дін туралы ілімдердің қайта жандануы» негізінде дәйектелді. Адам тек биологиялық және физикалық болмыс емес, сонымен қатар ол психологиялық, әрі әлеуметтік жаратылыс. Сондықтан да «ахлақ» адамның адамдық мәні мен жоғарғы мәдени руханилығын көрсететін жоғарғы құндылық категориясы;

Жұмыстың құрылымы. Зерттеу жұмысының мақсаттары мен міндеттеріне сай кіріспеден, екі тараудан, қорытынды мен пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.

I ӘБУ ХАМИД ӘЛ-ҒАЗАЛИДІҢ ҚҰНДЫЛЫҚТАР ЖҮЙЕСІ

1. 1 Құрандағы ахлақ және оны Әбу Хамид әл-Ғазалидің түсіндіруі

Құран адам баласының өмір сүруі тиіс қағидалар мен адам хақындағы философиялық-теологиялық теорияның жиынтығы десек те болады. Құранның философиялық қыры, адамның теоретикалық-танымдық мүмкіндіктері мен рухани сұраныстарын баяндайды. Құрандағы басты мәселе - адам, оның өмірі, мақсаты мен мәні және тағдыры. Сондықтан Құрандағы мораль философиясы, «ахлақ ілімі» - негізгі мәселелердің бірі.

Құран - мұсылман Шығысындағы моральдік-этикалық құндылықтардың қайнар көзі. Араб тілінде мораль дегеніміз «ахлақ», ислам әлемінде «худжату әл-ислам» (ислам айғағы) атанған мұсылман теологі әрі ойшылы Әбу Хамид әл-Ғазали «ахлақ» сөзіне: «Хульқ (мінез) және «хальқ» (жаратылыс, болмыс) . Бұл сөздер бірге қолданыла береді. Мысалы, «Пәленшенің мінезі және болмысы көркем» деп айтылады. Демек, пәленшенің ішкі дүниесі һәм сыртқы болмысы көркем екені білінеді. Олай болса, «хальқ» (болмыс) сөзі адамның сыртқы бейнесін көрсетсе, «хульқ» (мінез) оның ішкі дүниесін білдіреді. Себебі, адам көзбен көрінетін тәннен және ақылмен пайымдалатын рух, нәпсіден құралған. Бұлардың әрбірінің өзіне тән пішіні мен бейнесі бар. Оның бейнесі көркем болуы мүмкін немесе жаман болуы ықтимал. Ақылмен танылатын жанның қадірі, көзбен көрінетін тәннен жоғары тұрады», - деп анықтама береді [3, 71 б. ] .

Расында да мораль - мінез-құлық, қылық, сипат және әдетке қатысты латынның moralitas, түбірі - moralis сөзіннен шығады [4, 270 б. ] . Мораль, қоғамдық өмірдің барлық салаларында және күнделікті тұрмыс-тіршілікте адамның жүріс-тұрысын қадағалайды. Рамазан әл-Махләуй «ахлақ» дегеніміз - «хулуқ» сөзінің көпше түрі. Ал, «хулуқ», адаммен әу бастан бірге келетін, яки жүре қалыптастатын мінездер жиындығы. «Хулуқ» - адамның сыртқы қылықтары мен болмысы және оның ішкі дүниесінің ақиқаты деген [5, 10 б. ] .

Ғазали «Құран оқу әдептілігі» еңбегінің бірінші бетінде: «Оның алдынан да, соңынан да бос сөз келмейді (араласпайды) . Аса дана, өте мақтаулы Аллаһ тарапынан түсірілген» (Фуссиләт, 41/42), - деген аятты келтіріп, Құранға сипаттама береді. Мұндағы қиссалар мен тарихи хабарлар ғалым және көзі ашық, көкірегі ояу адамдар үшін көптеген мәліметтер береді. Сондай-ақ, Құранда адамның дұрыс отырып-тұру қағидалары, қоғамдағы бейбіт өмір мен әлеуметтік жағдайдың тұрақты дамуы үшін адамдардың бір-бірімен қатынас ережелері мен үкімдері бар.

«Адал мен арам айтылып, адасушылық пен бұзықтықтан сақ болуымыз үшін жолымызға жарық түсірілді. Құранда науқас адам үшін шипа бар. Кім бұған қарсы шықса, Алланың құдіретіне қарсы шыққаны, кім басқа жолмен жүрсе, онда адасқаны. Құран үлкенді де, кішіні де, азды да, көпті де қамтыған. Оның ғажайып сыры таусылмайды, қойнауындағы қазынасы сарқылмайды», - деп қоғам өміріндегі адамгершілік құндылықтарының қайнар көзі Құран екенін алға тартты [6, 395 б. ] .

Егер адам осы ішкі дүние сарайының қақпасын аша білсе, онда ол өзін-өзі таниды. Сондықтан да адам өміріндегі рухани дүниенің маңыздылығын байқатқан Ғазали - көптеген пайғамбарлар өз үмбеттеріне келіп, оларды иманға шақырды. Олардың басты мақсаты - адамның жан дүниесімен жұмыс жасау. Олар өз ұстанымдарын адам жанының түпкі тамырына байлаған. Сол себепті осы ұстанымдар адам табиғатынан үстем келіп, олар пайғамбарларға ерді. Ал пайғамбарлар түзу жол көрсетті. Бұған Құранның мына аяты дәлел бола алады:

«Негізінде осы Құран ең тура жолға салады. Әрі дұрыс іс істеген мүминдер үшін, әрине, зор сыйлық бар екенін сүйіншілейді» (Исра: 17/9) .

Құран адамның рухани мүмкіндіктерін ашатын азық және шипа: «Құраннан мүминдерге шипа және рахым түсіреміз. Ол залымдардың зиянын тым арттыра түседі» (Исра, 17/85) . Егер адамның жаны сау болса, ол өмірді бағалай біледі, әрі бақытқа қол жеткізеді. Себебі науқас жан, басқару жүйесінде ретсіздікке соқтырып, оған өзінің бұзық ойларын енгізуі мүмкін.

Ал сау-саламатты жан, керісінше, басқару жүйесіндегі кем-кетіктер мен ақауларды жамайды және адамның ішкі дүниесіне жарық сәулесін түсіреді. Мінсіз, әділ қази жұмыс жасап отырған заңдағы кемшіліктердің орнын толықтыруға құдіретті. Бірақ, залым қази заңдағы жетіспеушілікті толтырғаны былай тұрсын, ол өз мүддесі үшін түзу заңды бұрмалауы ғажап емес. Өмірдегі алуан түрлі идеялар мен ағымдардың алдында тұрған адам жаны да осы сияқты күй кешеді. Сондықтан адам жаны дұрыс бағыттан ауытқымауы үшін Құранды ұстанады деген пікірді Ғазали алға тартты.

Адам жаны нәпсінің қалауына жеткен соң, оған тойымсыздық танытып, басқа нәрсеге құмартады. Сөйтіп, оның күнә екеніне назар салмай, рахаттың етегінен ұстап кете барады. Осылайша, құмарпаз адам қу нәпсінің құлына айналады.

Құранның міндеттеуі бойынша адам рұқсат берген және тиым салған құмардың арасын айырып алуы қажет. Құран бұл мәселені айдан анық етіп көрсеткен. Адам жаны қалаған дұрыс рахатты көрсетіп, оларды қалауынша және қажетінше пайдалануына рұқсат береді: «Ей, адам баласы! Жер жүзінде болған халал, таза нәрседен жеңдер және шайтанның ізіне ермеңдер. Себебі сол сендерге ашық дұшпан» (Бақара, 2/168) .

Демек, аятта адам бойындағы кемшіліктер айтылып қана қоймай, мінездің адам болмысымен бірге келетіні білдірілген. Сондықтан: «Ахлақ адамның ішкі дүниесінің бейнесі мен көрінісі болса, - дейді Ғазали, - ол адамның туылғандағы болмысымен келеді немесе уақыт өте адам оны үйренеді». Сөйтіп мінез нәпсімен бірге өсіп-өнеді.

Адамның табиғи, тума мінезіне келсек, бұларға адам болмысындағы адамгершілік, жақсылық жасауды жақсы көру, ізгілікті ұнату сияқты т. б. қасиеттер жатады. Адам баласы дүниеге келгенде ақ парақ сияқты таза күйде туылады. Кейін сәбидің ата-анасы, қоғам, қоршаған орта оған әсер етіп, оның келешектегі болмыс-мінезіне ықпал жасайды.

Әбу Һурайрадан: «Алланың елшісі: «Шақалақ таза күйде туылады. Кейін оның ата-анасы яһуди болса, оны яһуди қылады, христиан болса, христиан қылады немесе отпарас болса, оны отқа табынушы етеді», - деп айтты», - деген хадисті имам Бухари келтіреді [5, 17 б. ] .

Хадистен көргеніміздей, сәбидің келешекте өзін жақсы немесе жаман тұлға ретінде қалыптасуына ата-ана зор ықпал етеді. Егер сәбидің ата-анасы жақсы мінезді адамдар болып, балаға көркем-менез бен жақсы қылық үйретсе, онда оған бұл дүниеде береке және ақыретте мол сауап болмақ. «Ал, енді ата-ана дөрекі сөзді, бұзық мінезді болса, баланың да бұзық қылықтар үйренетініне дау жоқ», - деген Ғазали, келешекте оның қоғамға немесе халқына тигізер пайдасы мардымсыз боларын дәлелдейді.

Ғазали Құрандағы ахлақ екі түрлі: көркем мінез «әл-хульқ әл-хасан» және жаман мінез «әл-хульқ әс-сәий» екенін айтып, бұл екеуіне анықтама береді:

Көркем мінез - елшілер мырзасының сипаты, шыншылдар амалдарының абзалы, тақуалар тер төккен еңбектерінің жемісі, Аллаһқа құлшылық қылған пенделердің ризалығы. Дәлірек айтқанда, жақсы мінез - діннің бөлігі.

Жаман мінез - жұтып жоқ қылатын у, абыройсыздыққа ұшырататын бұзықтық, аяқ асты қылатын анық жамандық. Ол шайтанға қызмет қылдырады және әлемдердің Раббысының қасынан алыстатады [3, 88] .

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Әбу Хамид әл-Ғазалидің тасаууфтық көзқарастары
Әл-Ғазалидің философиялық еңбектері жайлы
Ортағасырлық ислам философиясы әл-Ғазали мен Ибн Рушд мысалында
Ислам философиясы қашан пайда болды
ИБН РУШД
Сопылық ілім
Ислам философиясы және Әл-Ғазали
Әбу Хамид Мұхаммед әл-Ғазали
Философияның көрнекті өкілінің бірі Әбу Хамид Мұхаммед әл-Ғазали
Сопылық
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz