Мәдени мұра саласындағы проблеманың қазiргі жай-күйiн талдау


Пән: Мәдениеттану
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 18 бет
Таңдаулыға:   

Мәдени мұра саласындағы проблеманың қазiргі
жай-күйiн талдау

Қазақстанның мәдени мұрасының қазiргi жай-күйi сан ғасырлық дәстүрлердi сақтау мен одан әрі дамыту жөнiндегi шаралар кешенiн қолдан келгенше қамтамасыз етумен, тарих пен мәдениеттің жаңа ескерткiштерiн ашумен, кесенелердi, ескi мешiттердi, ежелгi кенттердi тұмшалаумен, қалпына келтiру жөнiндегi жұмыстарды жандандырумен, олардың негiзiнде жаңа тарихи-мәдени мұражай-қорықтардың құрумен сипатталады.
Қазақстанда қазiргi уақытта тарих, археология, сәулет және мүсiн өнерінің жылжымайтын ескерткiштерi 25 мыңнан астам, 11 мың кiтапхана, 147 мұражай, 8 тарихи-мәдени қорық-мұражай, 215 мұрағат бар деп есептеледi.
Тарихи және этнографиялық бейіндегі мемлекеттiк мұражайлардың, Қазақстан тарихындағы есте қалатын оқиғаларға арналған мемориалдардың тармақталған желiсi жасалды.
Қазақстанның тарихы мен мәдениетiнің қайталанбас ескерткiшi - Түркiстан қаласындағы Қожа Ахмет Иассауи кесенесi 2003 жылғы маусымда ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени мұра тiзiмiне енгiзiлдi.
Астана қаласының мәдени инфрақұрылымын жақсарту жөнiнде шаралар қолданылды: республика астанасында соңғы жылдары Қазақ музыкалық комедия театры, мұражайды, кiтапхананы және концерт залын қамтитын Президенттік мәдени орталығы ашылды. Ұлттық кiтапхананың құрылысы аяқталды. Киноконцерт залы мен цирктің құрылысы жүргiзiлуде.
"Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану туралы", "Мәдениет туралы", "Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы" Қазақстан Республикасының заңдары қабылданып, күшiне ендi.
Сонымен қатар, мәдени мұраны қорғау мен дамыту саласында қалыптасқан ахуал осы бағыттағы қызметтi одан әрi дамыту мен жандандыруда кезек күттiрмейтiн кешендi шараларды қолдануды талап етедi.
Қазақстанның ұлттық тарихы үшiн орасан зор мәнi бар көптеген тарихи, археологиялық және сәулет объектілерi шұғыл көмекке мұқтаж. Олардың арасында - Оңтүстiк Қазақстандағы Арыстанбаб кесенесi, әызылорда облысындағы Асан-Ата және Айқожа кесенелерi, Алматы облысындағы Жаркент мешiтi, Оңтүстiк Қазақстан облысының Тұрбат ауылындағы тарихи-сәулет ескерткіштерi, "Әзiрет Сұлтан", "Жидебай-Бөрiлі" қорық-мұражайларының тарихи-сәулет және археология ескерткiштерi, Маңғыстау қорығы және "Ордабасы" қорығы және т. б. секілдi тарих пен мәдениеттің қайталанбас ескерткiштерi бар.
Олардың көпшiлiгi осы уақытқа дейiн урбандалу, индустриялану және технократизациялану салдарынан болатын бұзылып-бүлінуден қорғалмаған.
Ежелгi уақыттан бергi заттық емес, рухани мәдениеттiң ескерткiштерiн, соның iшiнде ежелгi түркi жазу ескерткіштерiн зерделеу, пайдалану, қазiргi авторлардың шығармаларындағы дәстүрлi мифологемалар мен бейнелердің өзгеруi жүйесi мен әдiстерiн дамыту жеткіліксiз.
Өткен ғасырдың 90-жылдарынан бастап қазақ тілдi оқырман үшiн философия, тарих, заңгерлiк және басқа салалардағы әлемдiк ғылыми ой-сананың негiзi қаланған еңбектердi, сондай-ақ көркем әдебиеттi басып шығару iс жүзiнде тоқтап қалды.
Осымен байланысты өскелең ұрпақты қазақстандық отаншылдық рухында тәрбиелеу және тарихи, мәдени мұраны жан-жақты зерделеуде ақтаңдақтарды жабу, сондай-ақ қазақ халқының сан ғасырлық рухани тәжiрибесiн қорыту мақсатында мемлекеттік тiлде тарихи, көркем, ғылыми толық дестелердi шығарудың мәселелерi ерекше өзектi болып отыр.
Қағаздан, желiмнен, терiден, қатырма қағаздан және т. б. органикалық материалдардан жасалған жазба мұраның, құжаттардың табиғи сарғайып-ескiруi орын алуда. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының қорында, елдiң мұрағаттары мен қоймаларында сақталған аса көрнектi ауызекi кәсiби дәстүрде орындаушы-музыканттардың фоножазбаларының табиғи жай-күйiне де айрықша назар аудару керек.
Осы Бағдарламаның аясында жоғарыда белгіленген мәселелердi кешендi түрде шешу Қазақстан халқының мәдени мұрасын зерделеу, сақтау және кеңiнен таныстыру жүйесiн одан әрi дамытуға ықпал ететiн болады.

2. Бағдарламаның мақсаты мен мiндеттерi

Бағдарламаның мақсаты елдің рухани және бiлiм беру саласын дамыту, мәдени мұрасының сақталуын және тиiмдi пайдаланылуын қамтамасыз ету.
Алға қойған мақсатқа қол жеткiзу мынадай мiндеттердi шешу арқылы жүзеге асырылады:
елдiң маңызды тарихи-мәдени және сәулет ескерткiштерiн қайта жаңғырту;
мәдени мұраны, соның ішінде қазiргi таңдағы ұлттық мәдениеттi ауыз әдебиетiн, дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды зерделеудiң тұтастай жүйесiн жасау;
ұлттық әдебиет пен жазудың сан ғасырлық тәжiрибесiн қорыту, көркем және ғылыми толық дестелердi шығару;
әлемдік ғылыми ой-сананың, мәдениет пен әдебиеттің таңдаулы жетiстіктерінің негiзiнде гуманитарлық бiлiм бepудің мемлекеттік тiлдегi толыққанды қорын жасау.

3. Бағдарламаны iске асырудың негізгі бағыттары мен тетігі

Бағдарлама 2004-2006 жылдар аралығындағы кезеңге iске асырылады және мәдени мұраны сақтау мен өркендетудiң негiзгi бағыттары:
оларды зерделеудiң тұтастай жүйесiн қалыптастыру, ежелгi және орта ғасырдағы кенттерге, қоныстарға, қорғандарға археологиялық зерттеулер жүргiзу, олардың базасында қорық-мұражайлар құру, оларды туризм инфрақұрылымының жүйесiне енгiзу;
Қазақстанның қайталанбас тарихи-мәдени және сәулет ескерткiштерiн қалпына келтiру, тұмшалау мен пайдалану;
ғылыми білім-білікті кеңiнен насихаттау, тарих ғылымының теориялық проблемаларын әзiрлеу, ғылыми, көркем және энциклопедиялық әдебиеттi шығару;
Қазақстан Республикасының тарихы мен мәдениетi ескерткіштерінің томдарын жинағын баспаға дайындау жөнiнде жүйелі жұмысты жүзеге асыру;
облыстық мемлекеттiк инспекциялардың, қалпына келтiру ұйымдарының қызметiне бiрыңғай басшылықты қамтамасыз ету, тарих пен мәдениет ескерткiштерiн қорғау саласында бекітілген бағдарламалар мен жобаларды iске асыру мiндетiне кiретiн тарихи-мәдени мұраны қорғау мен белсендi пайдалану жөнiнде республикада ұтымды құрылымды құру туралы мәселенi шешу;
мемлекеттiң мәдени мұрасы және ақпараттық ресурсының объектiсi ретiнде Ұлттық мұрағат қорын пайдаланудың тиiмділігін арттыру;
мемлекеттік тiлде ұлттық әдебиет пен жазудың таңдаулы үлгiлерiн, әлемдiк ғылыми ой-сананың жетiстiктерiн дайындау және басып шығаруды жүзеге асыру арқылы көзделедi.
Бағдарламаның iске асырудың осындай негiзгi бағыттарына сәйкес:

3. 1. Ұлттық тарихтың маңызды тарихи-мәдени, археология
және сәулет ескерткiштерiн қайта жаңғырту

Ұлттық тарих ескерткіштерiн қайта жаңғырту ұлттық мәдениет үшiн айрықша мәнi бар мынадай ескерткiштердi: Абат-Байтақ, Айша-Бибi кесенелерiне, Қараман-Ата, Шопан-Ата сағаналарына, Ақыртас және Баба-Ата сарай кешендерiне кешендi ғылыми-мәдениеттану зерттеулерiн ұйымдастыру, оларды қалпына келтiру, тұмшалау, жаңарту және абаттандыру, сондай-ақ тарихи және этномәдени ортаны өркендету мен дамыту, Қойлық, Есік, Сарайшық, Берел және басқа да ежелгi, орта ғасырдағы кенттерге, қорғандар мен қоныстарға археологиялық зерттеулердi жүргiзу арқылы қамтамасыз етiледi.
Қазақстан Республикасының тарихы мен мәдениетi ескерткіштерi жинағын баспаға дайындау жөнiнде жүйелi жұмыс жүзеге асырылады.
Республика мұражайларының қорында сақталған тарих пен мәдениеттiң жылжымалы ескерткiштерi тұрақты түрде қалпына келтiру жұмыстарын жүргiзудi қажет етедi. Осыны негiзге ала отырып, ұлттық тарих үшiн айрықша мәнi бар мұражай қорларын қалпына келтiру мен түзу жөнiнде орталықты құру мүмкiндiгiн қарау қажет.

3. 2. Қазақ халқының мәдени мұрасын зерделеудiң тұтастай жүйесiн құру

Өткеннің көрнектi ғалым ойшылдарының мұрасын зерделеу, сондай-ақ қазақ халқының мәдени мұрасында тарихи мәнi бар сирек кездесетiн басылымдардың қолжазбаларын, кiтаптарды және мұрағат құжаттарын табу мен сатып алу үшiн алыс және жақын шетелдердiң мұрағаттары мен кiтапханаларында жұмыс жүргiзу үшiн ғылыми-зерттеу экспедициялары ұйымдастырылады.
Ұлттық мәдениет үшiн айрықша мәнi бар тарихи-мәдени, сәулет және археология ескерткiштерiне, соның iшiнде қорық-мұражайлар өңiрлерiне оларды сақтау мен мұражайға айналдыру мақсатында қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргiзу де көзделедi.
Құжаттық мұраның бiрегей үлгiлерiн сақтау, сондай-ақ оларға еркiн қол жеткiзу мүмкiндiгiн қамтамасыз ету мақсатында өткеннің көрнектi ғалымдарының, ойшылдарының, оның iшiнде: әл-Фарабидің, Ж. Баласағұнидың, М. Қашғаридың, С. Бақырғанидың, А. Йүгiнекидің, М. Дулатидың, Ә. Жалайыридың, З. Бабырдың және басқалардың мұрасын зерделеудi жалғастыру қажет. Қолжазбалардың, сирек кездесетiн басылымдар мен кiтаптардың: "Кодекс Куманикустың, "Қорқыт Ата кiтабының" (Дрезден мен Ватикан қалаларында сақтаулы), "Оғыз-наменің" (Парижде сақтаулы), "Бабыр-наменің", "Махаббат-наменiң" (Лондонда сақтаулы), Ж. Баласағұнидың "Құтадғу білігінің" (Каирда сақтаулы) және қазақ халқының мәдени мұрасында тарихи мәнi бар басқа да қолжазба ескерткiштердiң көшiрмелерiн табуды, сатып алуды немесе дайындауды жалғастыру қажет.
Ежелгi қолжазбалардың, кiтаптар мен басқа да дерек көздерінің сақталуын қамтамасыз ету үшiн Ұлттық кiтапхана жанында ұлттық кiтап жәдiгерлерiн табу мен сатып алу, сондай-ақ кiтаптар мен ежелгi қолжазбаларды қалпына келтiру жөнiнде орталық құру қажет.
Ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы мен Электрондық құжат айналымының бiрыңғай жүйесiн енгiзу жағдайларында Ұлттық мұрағат қоры құжаттарының жаңа тасығыштарда сақталуы мен пайдаланылуы өзектi мiндеттерге айналып отыр, оларды шешу үшiн Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағаты жанында мұрағат құжаттарының сақтандыру көшiрмесiн жасау мен қалпына келтiру орталығы құрылуға тиіс.
Қазiргі Моңғолияның және әлемнің басқа да елдерiнiң аумағындағы ежелгi түркi руникалық ескерткiштердi табу мен олардың көшiрмелерiн жасау жұмысы жалғасады. Ұлытауда Қазақстанның мемлекеттік тұтастығы мен халықтары бiрлiгінің нышаны - мүсiнтас тұрғызылатын болады. Мәдени және аралас мұра объектiлерiн күзету аумақтарының шекарасы, өңiрлерi белгіленіп, Дүниежүзілiк мұраның күнiлгерi тiзiмiне енген объектілердiң деректер базасы жасалып, Қожа Ахмет Иассауи кесенесiн басқару мен сақтау жөнiндегi бизнес-жоспар жасалады.

3. 3. Ұлттық және әлемдiк ғылыми ой-сананың, мәдениет пен әдебиет басылымдарының дестелерiн әзiрлеу

Әлемдiк мәдениеттің көрнектi ойшылдарының, әдебиетшiлерi мен қайраткерлерінің таңдаулы шығармаларының кең ауқымын қазақ тілдi оқырманға таныстыру және гуманитарлық бiлiм берудiң мемлекеттiк тiлдегi толыққанды қорын жасау мақсатында әлемдiк ой-сананың таңдаулы жетiстiктерінің негiзiнде iргелi әдеби-көркем және ғылыми басылымдарды әзiрлеп, шығару қажет.
"Фольклортану, әдебиеттану және өнертану" топтамасы қазақтың халық ауыз әдебиетiн бiрiктiретiн "Бабалар сөзi" кiтабының дестесiнде берiледi, ол жүздеген жылдар бойына қалыптасқан қазақтың халық ауыз әдебиетiнің бай мұрасын бейнелейтiн ертегiлерден, аңыздардан, эпостық шығармалар мен тарихи дастандардан тұрады.
Тағы бiр орасан зор құндылық "Қазақ әдебиетiнiң тарихы", ол бiрнеше ғасырлар бойына Қазақстанда қалыптасқан, көркем әдеби ойдың түп-негiзi туралы әңгiмелейдi, Қазақстанның ақын-жазушылары шығармашылығының негiзгі үрдiстерi мен ерекшелiктерiн ашып көрсетедi.
"Көркем әдебиет" топтамасында әлемдiк классиканың жетiстiктерi көрiнiс тапқан. "Әлемдiк әдебиет кiтапханасы" дестесi Еуропа, Америка, Австралия, Африка, сондай-ақ Азия елдерiнің алдыңғы қатардағы әдеби шығармашылығын қамтиды.
"Философия" топтамасында қазақ халқының бай философиялық мұрасынан мағлұмат беретiн шығармалардың таңдаулы үлгiлерiн тұтас бiріктiруге тұңғыш қадам жасалып, "Қазақ халқының ежелгi уақыттан бүгiнгi күнге дейiнгі философиялық мұрасы" дестесi шығарылады. Ұлы Даланың көрнектi ұлдары - Қорқыт ата нақылдарынан басталған, Абай мен Шәкәрiмнің дүниетанымында жалғасын тапқан философиялық көзқарастар әлемдiк iзгi рухани мәдениеттiң iнжу-маржандары болып саналады. "әлемдiк философиялық мұра" дестесi Батыс пен Шығыстың ежелгi уақыттан бүгiнгi күнге дейiнгi көрнектi ойшылдарының философия тарихы туралы iргелi еңбектерiн, аса танымал шығармаларын қамтиды, олардың алдында философиялық мектептер мен бағыттардың қысқаша сипаттамалары, авторлардың өмiрбаяны берiлген.
"Тарих ғылымы" топтамасындағы "Қазақстанның тарихы жөнiндегi жазба деректер" жобасы Қазақстанның ежелгi уақыттан бүгiнгi күнге дейiнгі тарихы бойынша жазба деректердің мемлекеттік тiлдегi бiрнеше дестелерiн басып шығаруға дайындықты көздейдi, олардың iшiнде Геродоттың, Птолемейдің еңбектерi, сондай-ақ аса маңызды араб, парсы, түркi тiлдi, қытай, моңғол, орыс және батыс жазба деректерi қамтылған.
"Әлемдiк тарихи ой-сана" дестесiне әлемнің көрнектi ойшылдары мен ғалымдарының адамзат өркениеттерiнің, мәдениетiнің, елдер мен халықтардың даму проблемаларына арналған трактаттары кiредi.
"Археология, тарих және мәдениет ескерткiштерi" топтамасында - "Тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинағы" кiтаптары дестесiнде Қазақстанның археологиясы мен тарихының майтын ескерткіштерiнiң тарихи және көркемдік құндылығы, сондай-ақ халықтың тарихы мен қолөнерi суреттермен қысқаша баяндала отырып, мол мәлiметтер беріледi. Қазақ халқының тарихи мұрасын зерделеудiң тұтастай жүйесiн жасауға ықпал ететiн альбомдар дестесi де қызығушылық туғызады. Олардың арасында "Қазақстанның археологиясы", "Қазақстанның петроглифтерi" бар. "Мәдениеттану" топтамасында - "әлемдiк мәдениеттану ой-санасы" жобасында мәдениеттанудың "мәдениет" және "өркениет", "мәдени құндылықтар" және "мәдени құбылыстар", "мәдениет субъектiсi" және "мәдени мұра", "мәдениеттегi дәстүрлер мен жаңалықтар", "мәдениеттiң типтерi" және басқалары секiлдi негізгi ұғымдарына арналған өткеннiң ойшылдарының көптеген трактаттарының аудармалары мен қазiргi ғалымдардың монографиялары енген.
"Этнография және антропология" топтамасындағы "Қазақтың халық дәстүрлерi мен әдет-ғұрыптары" суреттi кітап-альбомдар дестелерiнде халықтың дәстүрлерi мен әдет-ғұрыптары сипатталып, қазақтардың мәдени құндылықтары мен қолөнерi туралы мәлiметтер беріледi.
"Заң ғылымы" топтамасы - "Қазақтар құқығының ежелгi дүниесi" кiтаптарының дестесi белгiлi билердің қазақ халқының бiрлiгiн және оның аумағының тұтастығын сақтауға, қоғамды имандылық тұрғысынан үйiруге үндеген шешендік сөздерi, нақылдары мен қарасөздерi жинақталған, оларда адамды сүю, татулық пен әділдiк қағидалары, сондай-ақ қазақтар құқығы қағидаларының жазбалары мен жинақтары беріледi.
"Әлеуметтану" топтамасындағы бұл бағыт "әлемдiк әлеуметтану ой-санасы" дестесiнде берiліп, ол қоғамда тұлғаның қалыптасуы мен оның әлеуметтенуi, әлеуметтік институттардың қалыптасуы мен әлеуметтік үдерiстердiң мәнi мәселелерi жөнiндегi көптеген зерттеулерге, сондай-ақ әлеуметтану iлiмiнiң қазiргi таңдағы теориялары мен мектептерiне арналған.
"Саясаттану" топтамасында - "әлемдiк саясаттану ой-санасы" дестесiнде Ежелгi дүниенiң, Орта ғасырдың, Жаңа және Жаңаша уақыттың негiзгi саяси және құқықтық доктриналары туралы мағлұмат беретiн, сондай-ақ саяси-құқықтық идеологияның даму сатыларын оның дүниетанымдық негiздерiмен және теориялық мазмұнымен бiрлiкте бейнелейтiн түрлi дәуiрлердегi дүние ойшылдарының мәтiндерi жинақталады.
"Психология" топтамасындағы "әлемдiк психологиялық ой-сана" дестесiнде жүздеген жылдар iшiндегi әлемдiк психологиялық ой-сананың түп-негiзiн бейнелейтiн ғылыми психологиялық ой-сананың аса танымал өкiлдерінің еңбектерi қамтылады.
"Экономика ғылымы" топтамасындағы "Экономика классикасы" кiтаптарының дестесi ғалымдар мен ойшылдардың экономика жөнiндегi теориялық мұрасына арналады, ол қоғам дамуының, шаруашылық жүргiзу нысандары мен экономикалық идеялардың диалектикалық бiрлiгiн бейнелейтiн әдiснамалық тәсiлге негiзделген. Осы дестенің әрбiр томы классикалық, кейнстiк, институционалдық, монетарлық және басқа да жетекшi экономикалық мектептердiң негiзгi қағидалары мен есiмдерi туралы мағлұмат беретiн ақпараттық материалдар мен мәтiндердi қамтитын болады.
"Тіл бiлiмi" топтамасындағы осы бағыттың дестелерiнде қазақ әдеби тілінің дамуы жөнiнде жан-жақты мәлiмет беретiн және оның лексикасының баюына ықпал ететiн қазақ тiлінің түрлi түсіндiрме сөздiктерi, синонимдер сөздiгi, диалектологиялық және этимологиялық сөздiктер беріледi.
"Мұрағат және кiтапхана iсi" топтамасына - "Қазақ зиялыларының хаттары мұрасы" жинағына Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттiк мұрағатында және Ресей Федерациясының мұрағат қорында табылған қазақ қоғамындағы ел басқарушылардың - ұлттық ғылыми және шығармашылық зиялы қауымның көрнектi қайраткерлерiнің хаттарының ауқымды кешенi енеді.
"Энциклопедиялар" топтамасындағы осы бағыттың дестелерi қазақ мәдениетiнің тарихы, ерекше әдеби жанрлар мен өнердiң бағыттары туралы мағлұмат беретiн әдебиет, мәдениет және өнер жөнiндегi энциклопедиялар мен энциклопедиялық анықтамалықтардың алуан түрлі ауқымын қамтиды. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерiндегi "Қазақстан Республикасы" энциклопедиясы жан-жақты сипаттамаларды, статистикалық материалдарды, бай иллюстрацияларды, фотосуреттердi, схемалар мен диаграммаларды қамтиды.
"Бейнелеу өнерi" топтамасындағы осы бағыттың дестелерiнде Қазақстан бейнелеу өнерiнің құнды үлгiлерi фото- және бейнелеу альбомдарында көрiнiс табады. "Қазақстан суретшілерi" атты жеке дестеде Ә. Қастеев, О. Таңсықбаев, С. Калмыков және басқалар секiлдi заманымыздың талантты шеберлерiнің шығармашылығына арналған бейнелеу альбомдары шығарылады.

4. Қажеттi ресурстар және қаржыландырудың негiзгі көздерi

Бағдарламаны қаржыландыру республикалық бюджеттiң есебiнен жүзеге асырылатын болады. Қаржыландырудың жалпы көлемi - 1933, 6 млн. теңге, оның iшiнде: 2004 жылы - 641, 65 млн. ; 2005 жылы - 631, 7 млн. ; 2006 жылы - 660, 2 млн. теңге. Бағдарламаны қаржыландырудың 2005-2006 жылдарға арналған көлемi тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджеттiң болжамды көрсеткіштерiнің аясында нақтыланатын болады.
Ұлттық әлемдiк ғылыми ой-сананың, мәдениеттің, әдебиеттiң шығарылуы кейiнгi жылдарда аяқталатын кең көлемдi дестелi басылымдарын қаржыландыру мәселелерi белгiленген тәртiппен қаралатын болады.

5. Бағдарламаны iске асырудан күтiлетiн нәтижелер

Бағдарламаны iске асыру ұлттың рухани-білім беру және зияттық-мәдени деңгейінің көтерiлуiне, өскелең ұрпақты әлемге ортақ құндылықтар, қазақстандық отаншылдық рухында тәрбиелеуге, қоғамды одан әрі топтастыруға ықпал етедi.
Нәтижесiнде:
тарих пен мәдениеттің 30-дан астам маңызды ескерткiштерi қайта жаңғыртылады;
32 ежелгi және орта ғасырлық археологиялық кенттер мен қоныстарды ғылыми зерттеу, тұмшалау, абаттандыру, мұражайға айналдыру және туристік мақсатта пайдалану жөнiнде жұмыстар жүргiзiледi;
мәдени инфрақұрылым кеңейтіледi, тарихи-мәдени құндылықтарды насихаттау мен кеңiнен таныстыру жөнiндегi қызмет жанданады;
мәдени мұраны зерделеудің тұтастай жүйесiн жасау жөнінде шаралар iске асырылады;
Республикалық ұлттық кiтапхана жанында Ұлттық кiтап жәдiгерлерiн табу және сатып алу, кiтаптар мен ежелгi қолжазбаларды қалпына келтiру орталығы, Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттiк мұрағаты жанында қазiргi заманғы жабдықтармен жарақталған Мұрағат құжаттарының сақтандыру көшiрмесiн жасау және қалпына келтiру орталығы, Президенттік мәдени орталық базасында ұлттық тарих үшiн айрықша мәнi бар мұражай қорын түзу мен қалпына келтiру орталығы құрылады;
16 бағыт бойынша түрлi кiтаптар дестелерi шығарылады;
Қазақстанның мемлекеттiк тұтастығы мен халықтары бiрлігінің нышаны - мүсiнтас тұрғызылады;
деректер базасы жасалады, ЮНЕСКО-ның күнiлгерi тiзiмiне енгiзiлген мәдени және аралас мұра объектiлерiн күзетудiң аумақтары мен өңiрлерінің шекарасы белгiленедi;
елдiң қорларында, мұрағаттары мен қоймаларында сақталған аса көрнектi ауызекi кәсiби дәстүрде орындаушы-музыканттардың фоножазбалары қалпына келтiрiлiп, қазiргi заманғы аудиотаспаларға көшірiледi.

Облыстағы мәдени мұра саласы проблемасының қазіргі жай-күйін талдау

Тарихи-мәдени мұра - халықтың тарихи тағдырының аса маңызды айғағы. Халықтың бүгінгі және болашақта дамуының негізгі шарты әрі бүкіл адамзаттық өркениеттің құрамдас бөлігі ретінде ол барлық қауіп-қатерден тұрақты түрде қорғап отыруды талап етеді. Қазақстан Республикасында мұны қамтамасыз ету барлық азаматтардардың адамгершілік борышы және міндеті болып табылады.

Облыс бойынша - 508 ескерткіш бар. Оның 21-і республикалық дәрежедегі, қалғаны жергілікті маңызы бар тарихи мұралар. Сыр бойында ескерткіштер туралы мағлұматтар жинау, оларды есепке алу 1970 жылы басталған. Ең соңы 1993 жылдары жасалды. Ескерткіштердің 145-і археологиялық, 13-і тарихи, 52-і монументті, 298-і сәулеттік ескерткіштер. Бұлардың бүгінгі таңда 45-і қалпына келтірілді.

Соңғы он шақты жыл ішінде Сығанақ, Жанкент, Бегім ана, Сырлытам, Қорқыт Ата, Мүлкілән, Марал ишан ескерткіштері зерттеле бастады.

Тарихшылар мен этнограф-ғалымдар деректерінде көрсетілгеніндей қазіргі Қызылорда жерінде қазақ хандығы құрылғанға дейін Оғыз, Ғұн, Сақ тайпалары өмір сүрген. Біздің жыл санауымыздан бұрын Әмудария мен Сырдария өзендерінің бойын Ғұн, Үйсін тайпаларының мекендегені туралы дерек Қытай жылнамаларында да кездеседі. Бұл жайында Сыр бойының тарихы мен мәдениетін терең зерттеген профессор Ә. Қоңыратбаев өз еңбектерінде егжей-тегжейлі жазған.

Облыс аумағында Қорқыт Ата, Бегім ана, Ұзынтам, Сараман Қоса мұнаралары Оғыз мемлекеті кезеңіндегі ескерткіштер қатарына жатады. Археологтардың зерттеуіне қарағанда Арал аймағынан соңғы жылдары табылған Ұзынтам мұнарасы біздің ғасырымызға дейінгі бірінші мыңжылдықта салынған. Сыр бойындағы ескі қалалар мен қорғандардың қалдығы жыл өткен сайын үйіндіге айналуда. Бағзы заманның куәгері іспетті кей ескерткіштердің көз алдымызда ізі өшіп барады.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
МӘДЕНИ САЯСАТ ПРИНЦИПТЕРІ
Халық педагогикасы дәстүрлері - халық тәрбиесі
Студенттердің эстетикалық мәдениетін қазақ халқының мәдени мұрасы арқылы қалыптастырудың ғылыми-педагогикалық негіздері
Туристік саланы дамыту перспективалары
Тәуелсіз Қазақстанның мәдениеті
Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2004-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарлама
Жергілікті экологиялық проблемалар
Үздіксіз білім беру процесіндегі экологиялық тәрбие сабақтастығының мазмұндық сипаты
Қазақстан Республикасында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2006-2014 жылдарға арналған стратегиясы
7-сынып оқушыларының эстетикалық талғамын өнер құралдары жетілдіру жұмыстарының теориялық негіздері
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz