Әбіш Кекілбайұлының прозасы


Ә. Кекілбайұлы прозаға үлкен дайындықпен келді. Бұған алғашқы әңгімелері куә. Ол бірден-ақ қаламы төселген қаламгер ретінде көрінді. Баяндаудан бастау алып сөзбен сурет салуға көшу, тақырып-нысананы терең білу, бақылағыштық, сезімталдық, өмірге құштарлық - бәрі- бәрі, сөз жоқ, үлкен сөз шеберлерінен үлгілі дәріс алудан. Әбіштің қалам саптасынан ұлы Мұхтар Әуезов мектебінің сабақтары айқын көрінеді. Ал Мұхтар мектебінің шәкірттері көп. Елуінші-алпысыншы жылдары әдебиетке келгендердің бәрі дерлік, мысалы, Ә. Нұрпейісов, Т. Ахтанов, С. Шәймерденов, З. Қабдолов, Т. Әлімқұлов, Ә. Нұршайықов, Б. Соқпақбаев, Ш. Мұртаза, Ә. Тарази, О. Бөкеев, С. Жүнісов, Д. Исабеков, С. Мұратбеков, Т. Әбдіков және басқалар - осы шалқар бұлақтан сусындағандар, бойларына содан нәр жинап, түлеп ұшқандар. Әрине, осылардың ішінде Әбіштің орны өз алдына. Рас, қаламгерлірдің бірі биік, бірі аласа деп салыстырып, сорттауға болмайды. Нағыз суреткерлердің әрқайсысының өз жолы бар. Өзі шырқап шығар биігі, өзі еркін жүзер айдыны бар. Әбіш те - сондай. Көркем сөз әлемінде ол өзгеге ұқсамай еркін қанат қағады.
Қазақ әдебиетінде әбден өркендеп, үлкен өріс тапқан орта көлемді эпикалық жанрдың бірі - повесть. Бұл жанрлық түрдің повесть деген аты бізде Қазан төңкерісінен бері термин ретінде қолданылып келеді. Тегі орыстың «повествование», яғни «баяндау», «әңгімелеу» деген мағынадағы сөзінен шыққаны белгілі. Кейінгі кезде бұл терминнің тілімізде «хикая» деген сөзбен ауыстырылып жүргенін қолдау керек. Әдебиеттануда шетел, орыс терминдерінің қазақы ұғымдағы баламалары сәтті іздестіріліп те, табылып та жүргені қуантады. Біздің ойымызша, қазақ әдебиетінде «хикая» жанрының өзіндік тарихы да, анықтамасы да бар. Оны әдебиеттанушы ғалымдар әлдеқашан байыптап, жеке айдар тағып та қойған. Ал енді осы жанрлық түрдің қазақ әдебиетіндегі орнына келетін болсақ, іргелі тарихы да бар, ауыз толтыра айтарлық табысы да жеткілікті. Ол осы ғасырдағы бастауын сонау жиырмасыншы жылдардағы классиктеріміз шығармаларынан алады. Қазақ әдебиетіндегі хикаялардың керемет бір үлгісі - «Көксерек» десек қателеспейтін шығармыз. Оның бергі жағындағы қадау-қадау хикаялар да қазақ әдебиеті тарихының ұзына бойындағы мәңгі жанартаулар сияқты сөнбей жарқылдап, шұғыласын төгіп тұрғаны көңілді көншітеді. Олар- С. Сейфуллиннің, Б. Майлиннің, С. Мұқановтың, Ғ. Мүсіреповтың, Ғ. Мұстафиннің, Т. Ахтановтың, С. Шәймерденовтың, З. Қабдоловтың, С. Мұратбековтың, М. Мағауиннің, Т. Әлімқұловтың және тағы басқалардың тамаша хикаялары.
Осылармен қатар, қазақ әдебиетіндегі хикая жанрында кесек шығармалар тудырған және өзіндік ерекше қолтаңбасымен көрінген жазушы - Әбіш Кекілбайұлы. Оның бізге белгілі хикаяларының саны-он. Олар: «Күй», «Бәсеке», «Ханша-дария хикаясы», «Шыңырау», «Автомобиль», «Құс қанаты», «Бір шоқ жиде», «Шеткері үй», «Бәйгеторы», «Бір шөкім бұлт».
Бұларды біз тақырыптарына қарап өткен заман өмірін және қазіргі заман шындығын бейнелеген хикаялар деп екі топқа бөлеміз. Ал, жарық дүниеге келу уақытына, жылнамалық тәртібіне келер болсақ, алғашқы тобы, яғни Әбіштің өткен заман өмірін бейнелеген хикаялары алпысыншы жылдардың аяқ кезінде жазылған да, қазіргі заман шындығын бейнелейтін хикаялары жетпісінші жылдардың аяқ кезінде жазылған. Біз бұл шығармалар туралы әңгімеміз жүйелі болу үшін осы тәртіп бойынша - әуелі бірінші топтың хикаяларына, содан кейін екінші топ хикаяларына - жеке-жеке тоқталмақпыз.
«Әбіш Кекілбаевтың шәкірттік үйрену дәуірі пәлендей ұзаққа созылған жоқ. Өзінің алғашқы өлеңдері, мақалалары, әңгімелері арқылы ол творчестволық мүмкіндігінен хабар берсе, кейінгі жылдары жазған шағын көлемді повестері автордың жазушылық қарымын, өзіне тән қолтаңбасын, қалыптасқан стилін айқын танытты. «Бір шөкім бұлт», «Дала балладалары», «Бір уыс топырақ»кітаптарына енген прозалық шығармалар оның творчестволық мұрат-мақсаттарының ауқымын анықтап, оның стиліндегі эпиктерге тән байсалды баяндау, филсофиялық, психологиялық тереңдіктер барын, кең тынысты, бейнелі иірімді тілдік құралдарды пайдалану секілді ерекшеліктерін байқатты», -деп жазушы Герольд Бельгер орынды айтқан.
Әбіш Кекілбайұлының өткен заманға арналған тарихи хикаяларының алпысыншы жылдардың аяқ кезінде жазылуында да өзіндік себеп бар. Осы жылдардың бас кезінен бастап, кейінгі онжылдықтарда тарихи тақырып қазақ әдебиетінде үлкен бір толқынды кезең боп көзге түсті. Жазушылар аталмыш тақырыпты игерге жұмыла кірісті. Осы бір бетбұрыс, рухани серпілістің өзі көп нәрседен хабар беретін тәрізді. Бұл - осы уақыттағы қазақ халқының бай өткен тарихын жоққа саятындай үстем, отаршылдық ой-пікірге қарсылық білдірушіліктің бой көтере бастауының белгісі де еді. «Халқымыздың елдікке, ерлікке толы осындай осындай өткені бар»деген үн жатыр мұның астарында. Өйткені совет өкіметі билігінің бған дейінгі әр кезеңдерінде жазушылардың творчестволық тәуелсіздігі, өткен тарихи дәуірлердің шындығын тайсалмай көрсетуге мүмкіндігі тым-тым шектеулі-тін. Сондықтан қаламгерлер айтпайтын нәрсені айтып, өтірікке жүгіну, өмірді боямалап көрсетуге мәжбүр болды. Аталмыш тақырыптарға қысымшылықпен қарағандықтың содырлы сойқанын «Абай жолы»эпопеясы мен Мұхтар Әуезовтың қалай басынан кешіргенін қаламгерлер күні кеше өз көздерімен көріп, жүрекртері шайлыққан-ды. Мұндай «тұтқындалған туралаушылықтан» 1960 жылдардағы хрущевтік «жылымық» кезең құтқарып, әдебиетте жаңа ағыстар, еркін пікірлер өріс ала бастады. Ыстық ықыласты өзін-өзі тану, бағалау туып, ұлттық намыс ояна бастады. Ендеше Әбіштің тарихи хикаялары да - сондай еркіндіктің жемістері десек дұрыс болар.
Солардың ең алғашқысы - 1996 жылы «Жұлдыз»журналында басылып, 1968 жылы жарық көрген «Дала балладалары»жинағына тұңғыш рет енген «Күй»хикаясы. Атына қарап оны тек қазақтың арқалы өнері күйшілік өнерге, күйшілік шеберлікке байланысты екен десек, қателесеміз.
«Күй» - қазақтар мен түрікпендер арасындағы ежелгі тайпалық тартыс- талас, бітпейтін дау, кереғар да келеңсіз әдет-ғұрыптар суреттелетін шығарма. Жазушы бұл тақырыпты терең де шебер игеріп, соншама ынтызарлықпен бейнелейді. Шамасы, қаламгерді осы жағдайларға байланысты бала кезінен құлағына сіңісті болып қалған әңгімелер, жалған ар- намыс, абырой-атақ қуалаған, оны аяққа таптатпау туралы, екі халықтың бір- біріне кезек соққы беріп келе жатқандығы туралы қарттардың сөздері мазалап, солардың басын біріктіре отырып, үлкен елдік түйін, жиынтық ой- идея айту талайдан қамшылағандай әсер қалдырады. Бауырлас, түпкі тамыры ортақ екі халықтың еш опа бермейтін бір-бірін барымталауы, ауыл- аймақтарына қорлық-зорлық көрсетуі, сұлуларын алып қашып, мал-мүліктерін тонауы, кейде қолға түскендерін құлақкесті құл қылуы неліктен ғасырлар бойы жалғаса береді? Ал осы бір-бірінен кек қайтару дәстүріне құрылған жауласулардың зардабы болашықты улап, талай ұрпақтың тамырына балта шапты емес пе? Көп отбасылардың, жазықсыздығына қарамастан талай шағын ру-әулеттердің тұқымы жалғаспай, өз заманында жоқ болғаны тағы бар. Осындай жөн-жосықсыз қанды шерулердің, елді ел қылуға, жұртты жұрт қылуға пайдасы тиді ме, тиетін бе еді, бұдан халықтар бір бірін құртудан басқа не тапты дегендей үлкен әлеуметтік сауалдарға әкеліп тірейді Әбіш хикаясы.
Жазушы өткен заман шындығын терең де шынайы бейнелеу үшін алуан айрықша деталь келтіріп, қан мен шыншылдыққа суарылған, бұрын құлақ естіп көрмеген оқшау оқиғаларды алға тартып, базбір ертеден келе жатқан есер ғұрыптың сұмдықтарын суреттеуімен оқырман жанын түршіктіреді. Хикаяда «кек қайтару», «жаулық жасау», «ата дұшпанның» тұтқиыл шабуылына дайын тұру мақсатында қаруды асынып ұйықтау, елдегі шаруашылық, талай пенделік істерде де қаруды жанынан қалдырмау, шала ұйқы, қатулы қабақ, қорқыныш-күдік, шат күлкіден, мәрт өнерден қол үзу, тіпті оны мәңгілік жерлеу, көңілділік атаулыны ақыл-сана, тұрмыстан аластау, кек қайтарып, көкейдегі қыжылды басу жолында жау тұтқындарын қорлаудың алуан түрлі сұмдық түрлерін ойлап табу және оны рахаттана, жаны жайлана отырып атқару шебер суреттеледі. Шығармадағы қазақтардың, Дүйімқара тобының Жөнейіттің қанішер інісі Көкбөрінің жаралы денесін қопарыла құлаған бейіттің үңгіріне тастауы, Жөнейіттің қазақтың тұтқын балаларын мәңгүртке айналдыру үшін шаштарын тықырлап алдыртып, олардың тақыр бастарына тайлақтың жылы терісін жапсыруы, қазақтан түскен тұтқын күйшіні тірідей жерге көму сұмдықтары жағаңды ұстатады. Ескі даладағы осындай тағылық, жырқыштықтың бәрі, кеудеде қайнаған - баяғыдан жалғасын тауып келе жатқан - ыза-кекті қайтару қамы қандай келеңсіз, керексіз екендігі көрінеді. Бұлардың бәрі автор ойлап таппаған, бірақ бұрын көркем шығармаларда көрініс бермеген, халық санасы қатпарында «көміліп» жатқан, замандар қойнында қалған шындықтар еді. Автор осыларды шығарма арқауына орайлы қиыстырады. Себебі лоар жазушының алдына қойған соқталы мақсат, айтпақшы философиялық ой-түйінінің кең жайлау- шатқалына жетелеп апаратын, халықты еріксіз иландыратын жайттар болатын.
«Күй»хикаясындағы басты бейне - Жөнейіт түрікпен елінің бір рулы елін ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған хан іспетті адам. Оның елі қазақ барымташыларынан замандар бойына қорлық көрумен келеді. Бірақ бұл да есесін жібермек емес. Жаушылыққа-жаушылықпен, қырғынға- қарғынмен, қаруға-қарумен, өлімге-өліммен жауап беріп келеді. Қазақтар істегенді бұл да істеп, елдің сағын сындырмай келеді. Алайда бұл да қартайды, бойынан күш-қауқар кетті. Жас кезінде аттың құлағында ойнап жүріп соғысып, кек қайтарған, қазақтардың талай малын айдаған, талай сұлуын қалыңсыз құшқан, жаугершілікті «ата кәсібіндей» сезінген батыр ол. Қазір бұрынғы әрекеттерінің бәрінен қол үзген ол енді сол дәстүрді жастардың бойына егіп, соларға жалғастыртуда. Бүкіл руы - үлкен азаматтарынан бала- шағасына дейін - мұның қасы мен қабағына қарайды. Мұның ымымен ғана әрекет етеді. Бұл «жой»десе, жояды; «қой» десе, қояды. Дегенмен заманы өтіп барады; мұның денесін сол заман жүгі зіл-батпандай басып-жаншып тұр. Дәл өзіндей жау әрекетін тойтарып, олардың жігерін құм қылатын адамдар тұқымында азайып барады. Қанішер, қазақ десе ішкен асын тастап, қанды қырғынға аттануғадаяр інісі Көкбөрі Дүйімқараның қолынан қаза тапты. Оның кегі мен қанын қайтару үшін қазақтарға қарсы шабуыл жасалып, малдары барымталанды, жасөспірім балалары тұтқындалды. Бәрібір айызы қанар емес. Жау елдің жанына аяусыз дақ салып, жүрегін жарақаттау үшін не істеуі керек? Бұлар ертеден құлақкесті құлдарды ақыл-есінен айырып, жұртын, ата-анасын, халқын, тіпті өзінің кім екенін ұмыттыру үшін қолданылатын, тұтқындарды өле-өлгенше мәңгі қып, мал соңына салып қою үшін қолданылытын тәсілді жүзеге асырады. Жас қазақтардың біреуі емес, бірнешеуінің жан-жүйкесін топастап, есепсіз күндер мен жылдар бойына зар еңіреттіріп, сорлатып қойды. Жөнейіт әулетінің кегі сонда да қайтпады. Ол енлі жастардың бойында жауға деген кекті ояту қамына кіріседі. Өз ұлы Дәулеттің, мұның көзқарасынша, сұмдық кемшілгі - боркеміктігі, жуастығы, адамға деген рақымшылық қасиеті молдығы, жанының жұмсақтығы, өнерге, күйге, сазға құштарлығы. Жөнейіт әуелден табиғат дарытқан қасиеттен Дәулетті арылту үшін, жүрегіне жауға деген кек отын тұтату үшін талай айла- шарғылар жасайды. Одан туған ұл, одан тараған ұрпақ жауға деген кек отын мәңгі бақи жаға білуі керек. Ал ұлы ондай қасиеттен ада. Оның ел басқарып, есесін жібермейтін мұрагер болу орнына бала кезінен дутарға әуес болып, күйін күйлеп жүруі бұған түрпідей тиеді. Қылыш пен қанжар ұстайтын қолдың қыл дыбысына қор болуы - бұл үшін өліммен бірдей. Сөйтіп, ол Дәулеттің жанында жауға деген ыза-кек тудырудың бір тәсілі - оны Темір баба рухына сиынту деп ойлайды. Сондықтан оны Темір баба басына тәуеп еткізіп, түнеттіреді. Содан соң қасына қол ертіп, жауға аттандырады. Себебі Жөнейіттің жүрегінде Көкбөрінің кегі әлі бар, әлі саябыр таба алмайды. Әйтеуір қайткенде де қазақтарды мұқатып, қайткенде де жаунының жанын қоярға жер таптырмайтын соққы бергісі келеді. Бірақ кезекті аттаныс Жөнейіттің тілегін қылышпен қиғандай хал кештіреді. Қалың қол жүрегінің бөлшегі - ұлының сүйегін елге азалап, әрең жеткізеді. Бұл оқиға Жөнейітке бұрынғыдан да өткен соққы болып тиеді. Жазушы бұл оқиғаны суреттеу арқылы әйтеуір зорлық түбі бір қорлық екенін, ескі, іріп-шіріген ғұрыптың тамыры қиылып, мүшкіл халге түсерін ұққызып, елестету мақсатын көздеген.
Қайтерсіз, әлсіреген, талмаусыраған қанішер тілек көзі бұлдырап бара жатып та қанды аңсайды. Енді Дәулет кегі түрікпендерге жаңа міндет жүктейді. Жөнейіт сарбаздарды «кек қайтаруға»тағы жұмсайды. Бұл жолы сарбаздар кек қайтарудың жөні осы деп қазақтың бір майталман күйшісін тұтқындап, қолға түсіреді. Шығарманың түйінді тұсы енді күй құдіретіне ұласады. Күндер мен түндерді тұтқында өткізген күйші Абылды Дәулеттің қырқында көзін ашып-жұмып, әлсіреп отырған Жөнейітің алдына әкелдіріп, күй тартқызады.
Зерттеуші әрі жазушы Герольд Бельгер осы бейнелеген сәтке мынадай пікір білдірген: «Рас, өшпенділік тек қана өшпенділікті тудырады екен. Осыны ұққан Жөнейіт қатты толқып, бұрынғы иланым-сенімінен айырыла бастайды; жапанда жалғыз қалғандай беймаза халді басынан өткереді. Ыза- кекке, қайғы-қасіретке, қарғыс-налаға толы домбыра үні Жөнейіттің тынышын кетіреді; енді бірде құдай алданда да, адам алдында да түк жазығы жоқ, Дүйімқараның зорлығына ұшырап, лажсыз пенде болған осынау сырт пішімі аса жұпыны, бейшара домбырашыға кәдімгідей жаны аши бастайды. Қайғы-қапа соңынан мәңгі көз жұмуға бет алғанда да ол әдеттегідей көк жебенің ысқырығын, көк семсердің суылын естімейді- домбырашы қазақтан немересі Құрбан үйренген сол зар ызыңы келеді құлағына . . . Қазақ, орыс, шетел сыншылары тарапынан талай жылы сөз естіген «Күй» повесінің мазмұны мен идеялық пафосы, міне, осындай».
Г. Бельгер өзінің бір үзінді келтіріп отырған, қаламгердің «Шыңырау» кітабына жазған алғысөзінде шетел жазушыларының Әбіш Кекілбайұлының осы хикаясы туралы ой-пікірлерін келтірген екен. Біз де сол мақалдан алып, оларды оқушыларымызға ұсынуды жөн көрдік. Мәселен, Л. Теракопян былай депті: «Өткен өмірдің көне беттерін ааш отырып, тарихи шындықтан ауытқымаса да, Ә. Кекілбаевтың бұл повесі бүгінгі күннің көейкесті мәселелеріне жауап береді. Бұл шығарма адам бойындағы творчествоның бастау көзін, өзінше ойлау құқын әспеттейді». Біз мұны айтқан ойымызды толықтыра түсетіндей орнықты, мәнді тұжырым деп білеміз. Ал неміс сыншысы Герберт Кремпиен де осыған үндес пікір айтқан: «Адайлар мен түрікпендер арасында жүздеген жылдарға созылған алауыздықтан хабардар ететін осы оқиғалар көшпенді халықтарда бұрын тарих болмады деген қауесетті жоққа шығарады; мұндай қауесет бұрын қазақтарға да таңылып келген еді . . . Сонымен қатар Орта Азия даласында өткен кішігірім қақтығысты суреттеу арқылы да үлкен қоғамдық мәні бар гуманистік хикая жасауға болатынын дәлелдейді. Қазақ жазушысы ертедегі ұлттық тарихқа үңілсе де, бүгінгі заманда, мысалы, Африка халықтары үшін айрықша мәні бар өте көкейкесті жайларды қозғайды ».
Әдебиетші М. Сқақбаев жазушы Әбіш Кекілбайұлының творчествосына арналған ертеректе жазған үлкен мақаласында мынадай қызық жайттарды оқырман алдына тартады: «Дарынды жас қаламгер Әбіш Кекілбаевтың жаңа кітабы «Бір уыс топырақты»оқып отырғанда оның бұрын шыққан «Күй»повесіндегі мына бір деталь ауық-ауық ойыма орала берді. Сырым дейтін жас геодезист (әлде картограф) қасына бір топ жігіт ертіп, қақпақтының құлазыған шөліне баратын еді. Ойы - сахараны картаға түсіру. Бірақ ол далиып жатқан қу медиен жапан түзден назар тоқтатып, белгі тастар бұдыр таппай қиналады. Ел мекендемегелі де елу жылдан асқан екен. Ай жарым уақыт бойы дала кезіп, карта бетіне екі-үш қана сөз түртеді. Сондықтан да жолдастары Сырымға: «Бір парақ қағаз алып, күнбатыс шетіне Каспийді белгілеп, қалған жеріне қол тигізбей аппақ күйінде апарып тапсырсақ, Қақпақтының картасы дегенге кім сенбейді? Босқа қанғығанмен, қашып жүрген қарақйрықты белгілемесең, картаның бетіне нені түсіресің?»- деп әзілдейді. Былай қарағанда жаны бар сөз көрінгенмен, шын мәнінде олай емес екен. Түрікпеннің Қосаба дейтін аулынан Құрбан есімді көнекөз қарияны тауып, жолбасшы етіп еді, меңіреу дала сөйлеп қоя берді: «Әне бір қалың бұйырғынның қақ ортасында қалып, айналасына құмырсқа илеу салған көк тастың аты - «Қанжар жаныған»; ал ана жалғыз қылауытқан тоқымдай кебірдің аты - «Қол қырылған».
Байқайсыз ба, өлі дала тіріліп келеді. Мылқау сахараның кез-келген бұтасы мен тасының түбінде тарих шөгіп жатқандай».
Хикаядағы Дүйімқараны да елеусіз қалдыруға болмайды. Ол қанды қырғынды іздеп жүретін, қылыщын қанға суаруды, найзасын жүрекке қадауды армандайтын ұрдажық, топас, қара күш иесі болып көрінген. Ол өзге халықтың, адамның қасіретін ойлаудан аулақ. Адам тағдырын ойыншық қылатын жан. Түрікпендердің ауылдарын тонап, малын талап, жау ел деп танып, өз халқында да ыза туғызып жүретін қарақшы. Егер ел тыныштығын, амандығын ойлайтын болса, ел мен елдің арасын бітістіріп жүрер еді; ел үшін туған ер болса, бес бүлдіршінді шырқыратып алып кеткенде, немесе күйші тұтқынға түскенде, оларды арашалап айырып алуға неге жарамады? Осындайлардың кесірінен ел мен ел арасында ашу-араздық туады, кек пен ыза жалғаса береді дегенді астарлайды автор. Рас, Дүйімқара- батыр, айлакер, күшті. Көктұйғын Көкбөрі іздеп келегенде жаужүрек еш саспастан қасқия қарап тұрады. Ақыры оны опат қылып тынады. Бірақ соның салдарынан бұзыла түскен ел тыныштығына өзінің себепкер екенін мойындап жатқан ол жоқ.
Құрбан қарт - шығарма кілті. Құрбан әңгімесі талай тарихты тірілткендей. Бұл - қазіргі заман адамы. Әңгімесін тыңдап отырып, алабұртқан көңіл күйін де байқаймыз. «Е, балалар, бір кезде осындай да замандар өтіпті- ау!»деген өкініщ өксігі кеудесін қысады оның. Дарқан көңілді қарт - кешегі Жөнейіттің ұрпағы. Ұрпақ қандай? Уақыт перзенті. Ал кек қайда? Әлдеқашан жерленген. Жаңа ұрпақ әлемді аман сақтау үшін кек отын әлдеқашан сөндірген. Хикая осындай өрелі, өміршең ойларымен әлі қатарымызда. Оның жазылғанына да отыз жылдан асып барады екен. Шынайы шығарманың қазіргі Кавказдағы, Еуропадағы, Азиядағы алакөздік, қанды қырғындарға байланысты ескерту жасап тұрғанынан хабардар ма екен халық. Оқығандар, әрине, мұны ұғады.
Әлем әдебиетінің алыптары Ги де Мопассан, Проспер Мериме, Эдгар По, Стефан Цвейг өз хикаяларымен дүние жүзі оқырмандарын таңдандырумен келеді. Сол алыптардың қатарына қазақ әдебиетінің төл перзенті Әбіш Кекілбайұлын да батыл қосқан жөн. Шын мәнінде Әбіш шығармалары да тәржімеленісімен әлемнің әдебиет сүйгіш қауымын таңқалдыра бастады. Оның шығармалары қазірдің өзінде шетелдердің он сегіз тіліне аударылыпты. Иә, шетел оқырмандары Әбіш шығармаларымен жетпісінші жылдардан бастап сусындап келеді. Олардан жаңа рухани байлық, шалқар ойлар мен нұсқалы суреттеулер тапты. Неміс кітап баспасының Әбішті «ХХ ғасырдың ең көрнекті жазушысы»атты кітапқа енгізуі де сондықтан шығар.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz