Жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығының және дербес деректерді қорғауды құқықтық реттеудің ерекшеліктері мен мәселелері



Кіріспе
1 Дербес деректерді қорғаудың тарихы және құқықтық негіздері
1.1 Дербес деректерді қорғаудың тарихи алғышарттары және халықаралық.құқықтық негіздері
1.2 Қазақстан Республикасының дербес деректер туралы заңнамасының қалыптасуы және бүгінгі күнгі жағдайы
2. Заты дербес деректер болып табылатын қылмыстық құқық бұзушылықтар
2.1 Жеке өмiрге қолсұғылмаушылықты және Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу
2.2 Азаматтардың дербес деректерін қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарды құқыққа сыйымсыз тарату
Қорытынды
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
Тақырыптың өзектілігі. Қазақстан Республикасында өткізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық реформалар, мемлекет пен қоғамды демократияландыру, сәйкесінше құқықтық жүйені қалыптастыру шаралары ғалымдардың тұлғаның құқықтары мен бостандықтарын заңды тұрғыдан қорғау мәселелері жөніндегі ғылыми еңбектерін өзектендіре түседі. Тұлғаның құқықтары мен заңды мүдделерінің құрамына оның жеке өмірінің құқықтық қорғалуы да жатады. Жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығы ҚР-ның Конституциясымен бекітілген фундаментальді конституциялық құқық болып табылады. Алайда, бұл құқық бірден конституциялық құқық ретінде танылған жоқ. Бұл құқыққа тән өзіндік тарихи даму кезеңінен өтті.Жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығы туралы антикалық кезеңнен бастап айтылып келді. Бірақ заңнамалық бекітілуін тек XXғ. ортасында тапты. Ең алғашқы рет БҰҰ-ның 1948 жылы қабылдаған Адам құқықтарының жалпы декларациясында көрініс тапты. Жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығының қалыптасуында екінші бір маңызды халықаралық-құқықтық құжат 1966 жылы қабылданған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт болып табылады. Осы халықаралық-құқықтық құжаттар мемлекеттердің ұлттық заңнамасында жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығының қорғалуына түрткі болды. Сонымен, 1995 жылғы 30 тамыздағы ҚР-сы Конституциясының 18-бабында әркімнің жеке өміріне қол сұғылмауына, жеке немесе отбасы құпиясы болуына, ар-намысы мен абыройының қорғалуына құқығы бар деп белгіленген. Бұдан ары қарай сөз болып отқан құқық салалық заңнамаларда бекітілді. Қылмыстық іс жүргізу, азаматтық іс жүргізу, азаматтық, әкімшілік заңнамаларында жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығы тек қағида ретінде қарастырылды.
Алғаш рет 1997 жылы 16 шілдедегі Қылмыстық кодекспен жеке өмірге қолсұғылмаушылық қылмыстық-құқықтық қорғалды. ҚК-тің 142-бабымен жеке өмірге қолсұғылмаушылықты бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды. ҚР-ның заңнамасында жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығының бекітілуі біздің тақырыбымыз дербес деректер және оларды қорғау саласында арнайы заңның қабылдануына алғышарт болды. ҚР-ның «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңы 2013 жылы 21 мамырда қабылданды. Осы заңның қабылдануымен бірқатар заңдарға өзгеріс енгізілді. Дербес деректер және оларды қорғау заңын бұзғаны үшін тиісті жауаптылықтар белгіленді. Мысалы, 2014 жылы 5 шілдеде қабылданған ҚР-ның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 79-бабы дербес деректерді қорғау заңын бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылық белгіледі. Ал 2014 жылы 3 шілдеде қабылданған ҚР-ның Қылмыстық кодексінің 147-бабы бойынша жеке өмірге қолсұғылмаушылықты және ҚР-ның дербес деректер және оларды қорғау заңнамасын бұзғаны үшін қылмыстық жауаптылық белгіледі. Заң шығарушының дербес деректерді қорғаудан туындайтын құқықтық қатынастарды бұзғаны үшін қылмыстық жауаптылық белгілеуі, бұл құқықтық қатынастардың маңыздылығын көрсетеді.

МАЗМҰНЫ

Кіріспе

1
Дербес деректерді қорғаудың тарихы және құқықтық негіздері

1.1
Дербес деректерді қорғаудың тарихи алғышарттары және халықаралық-құқықтық негіздері

1.2
Қазақстан Республикасының дербес деректер туралы заңнамасының қалыптасуы және бүгінгі күнгі жағдайы

2.
Заты дербес деректер болып табылатын қылмыстық құқық бұзушылықтар

2.1
Жеке өмiрге қолсұғылмаушылықты және Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу

2.2
Азаматтардың дербес деректерін қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарды құқыққа сыйымсыз тарату

Қорытынды

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

Кіріспе
Тақырыптың өзектілігі. Қазақстан Республикасында өткізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық реформалар, мемлекет пен қоғамды демократияландыру, сәйкесінше құқықтық жүйені қалыптастыру шаралары ғалымдардың тұлғаның құқықтары мен бостандықтарын заңды тұрғыдан қорғау мәселелері жөніндегі ғылыми еңбектерін өзектендіре түседі. Тұлғаның құқықтары мен заңды мүдделерінің құрамына оның жеке өмірінің құқықтық қорғалуы да жатады. Жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығы ҚР-ның Конституциясымен бекітілген фундаментальді конституциялық құқық болып табылады. Алайда, бұл құқық бірден конституциялық құқық ретінде танылған жоқ. Бұл құқыққа тән өзіндік тарихи даму кезеңінен өтті. Жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығы туралы антикалық кезеңнен бастап айтылып келді. Бірақ заңнамалық бекітілуін тек XXғ. ортасында тапты. Ең алғашқы рет БҰҰ-ның 1948 жылы қабылдаған Адам құқықтарының жалпы декларациясында көрініс тапты. Жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығының қалыптасуында екінші бір маңызды халықаралық-құқықтық құжат 1966 жылы қабылданған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт болып табылады. Осы халықаралық-құқықтық құжаттар мемлекеттердің ұлттық заңнамасында жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығының қорғалуына түрткі болды. Сонымен, 1995 жылғы 30 тамыздағы ҚР-сы Конституциясының 18-бабында әркімнің жеке өміріне қол сұғылмауына, жеке немесе отбасы құпиясы болуына, ар-намысы мен абыройының қорғалуына құқығы бар деп белгіленген. Бұдан ары қарай сөз болып отқан құқық салалық заңнамаларда бекітілді. Қылмыстық іс жүргізу, азаматтық іс жүргізу, азаматтық, әкімшілік заңнамаларында жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығы тек қағида ретінде қарастырылды.
Алғаш рет 1997 жылы 16 шілдедегі Қылмыстық кодекспен жеке өмірге қолсұғылмаушылық қылмыстық-құқықтық қорғалды. ҚК-тің 142-бабымен жеке өмірге қолсұғылмаушылықты бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды. ҚР-ның заңнамасында жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығының бекітілуі біздің тақырыбымыз дербес деректер және оларды қорғау саласында арнайы заңның қабылдануына алғышарт болды. ҚР-ның Дербес деректер және оларды қорғау туралы заңы 2013 жылы 21 мамырда қабылданды. Осы заңның қабылдануымен бірқатар заңдарға өзгеріс енгізілді. Дербес деректер және оларды қорғау заңын бұзғаны үшін тиісті жауаптылықтар белгіленді. Мысалы, 2014 жылы 5 шілдеде қабылданған ҚР-ның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 79-бабы дербес деректерді қорғау заңын бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылық белгіледі. Ал 2014 жылы 3 шілдеде қабылданған ҚР-ның Қылмыстық кодексінің 147-бабы бойынша жеке өмірге қолсұғылмаушылықты және ҚР-ның дербес деректер және оларды қорғау заңнамасын бұзғаны үшін қылмыстық жауаптылық белгіледі. Заң шығарушының дербес деректерді қорғаудан туындайтын құқықтық қатынастарды бұзғаны үшін қылмыстық жауаптылық белгілеуі, бұл құқықтық қатынастардың маңыздылығын көрсетеді. Осы құқықтық қатынастарды бұзу қоғамға қауіпті қылмыстық құқық бұзушылықтар болып табылады. Аталған заң жобасын ұсыну кезінде ІІМ министрі Қалмұханбет Қасымов былай деді: Тиісті құқықтық тетіктердің жоқтығы дербес деректерді қылмыстық мақсатта қасақана пайдалану, оның ішінде құжаттарды қолдан жасау, алаяқтық, заңсыз көшірмелемеу мен әртүрлі деректерді тарату сияқты қылмыстарға алғышарт жасайды. Көріп отқанымыздай, дербес деректерді заңсыз жинау, иелену арқылы басқа да қылмыстық құқық бұзушылықтар жасалады. Бұл дербес деректерді қорғаудың маңыздылығын арттырады.
Жоғарыда аталған мән-жайлар дербес деректер және оларды қорғау мәселесін өзекті етеді. Біздің ойымызша, ҚР-ның дербес деректерін қорғау туралы заңнамасын бұзғаны үшін қылмыстық жауаптылық белгілеу арқылы мемлекет адамның конституциялық жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығының кедергісіз жүзеге асуын қамтамасыз етеді.
Зерттеудің объектісі ретінде адамның конституциялық жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығы және дербес деректерді қорғау саласындағы құқықтық қатынастар болып табылады.
Дипломдық жұмыстың мақсаты. Жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығының және дербес деректерді қорғауды құқықтық реттеудің ерекшеліктері мен мәселелеріне талдау жасау. ҚР-сы аумағында жеке өмірге қолсұғылмаушылық және дербес деректердің құқықтық қорғалу деңгейін анықтау болып табылады.
Диплом жұмысының мақсатына сай мынадай міндеттер қалыптастырылды:
1)Жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығы мен дербес деректерді құқықтық қорғаудың тарихи алғышарттары мен халықаралық-құқықтық қорғалуына шолу жасау
2)ҚР-нда дербес деректерді қорғау туралы заңнаманың қалыптасуын талдау және бүгінгі күнгі жағдайымен салыстыру
3)Азаматтардың дербес деректерінің қылмыстық-құқықтық қорғалу мәселелерін қарастыру
4)Жеке өмірге қолсұғылмаушылықты және дербес деректерді қылмыстық-құқықтық қорғайтын Қылмыстық кодекстің 147,211-баптарының қылмыс құрамдарына талдау жүргізу
Дипломдық жұмыстың зерттеу тәсілдеріне мыналар жатады: нормативтік құқықтық актілерді, ғылыми және оқу әдебиеттерін, периодикалық баспа материалдарын талдау, салыстыру, логикалық және жалпылау тәсілдері.
Дипломдық жұмыстың ғылыми жаңалығы ретінде Қылмыстық кодекстің 147-бабы 1,2-бөліктерінің диспозицияларына өзгерістер енгізу туралы негізделген ұсыныстарды айтса болады. Жеке өмір, жеке құпия, отбасы құпиясы түсініктеріне анықтама беруге ұмтылыстар жасалды. Қылмыстық кодекстің 147 және 211-баптарын қылмыстар жиынтығында саралау мәселелері қарастырылды. Аталған мәселер тәжірибе жүзінде заң шығару процесінде жүргізілген теориялық зерттеулер ретінде көмектесе алады. Ал қылмыстық құқық бұзушылықтарды жиынтықта саралау мәселесі қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізетін органдарға теориялық білім ретінде көмегін тигізе алады.
Осы уақытқа дейін жеке өмірге қолсұғылмаушылық және дербес деректерді қорғау мәселесін зерттеген ғалымдар: Г.Б. Романовский, М.В. Баглай, В. Новиков, А.Е. Жатқанбаева, Ф.А. Абаев, Ю.А. Лоскутов, Б.Н. Кадников, И.Л.Петрухин, И.С. Садикова, С.В. Баринов.
Дипломдық жұмысты жазу барысында жоғарыда аталған ғалымдардың ғылыми еңбектері және периодикалық баспа материалдарында жарық көрген мақалалары пайдаланылды.
Дипломдық жұмыс кіріпеден, екі бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен, қосымшадан тұрады.

I Дербес деректердің қорғау тарихы және құқықтық негіздері
1.1 Дербес деректерді қорғаудың тарихи алғышарттары және халықаралық-құқықтық негіздері
Дербес деректерді қорғау жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығының құрамдас бөлігі болып табылады. Жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығы мына элементтерден тұрады: адамның жеке өмірі туралы ақпаратты оның келісімінсіз жинау, сақтау, пайдалану және таратуға тыйым салу; өзі туралы ақпаратты бақылау; ар-намысы мен атын қорғау құқығы; дербес деректерді қорғау құқығы; тұрғын үйге қолсұғылмаушылық құқығы; дәрігер құпиясы; бала асырап алу құпиясы; наным-сенім құпиясы және тағы да басқа кәсіптік құпиялар. Ал өз кезегінде жеке өмірге қол сұғылмаушылық құқығы адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына жатады. Дербес деректерді қорғаудың тарихи алғышарттарының жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығының пайда болуы мен қалыптасуына байланысты болғандықтан, жеке өмірге қол сұғылмаушылық құқығының пайда болу тарихына тоқталып өткенді жөн көрдік. Жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығы құрамдас бөлігі болып табылатын қазіргі заманғы құқықтар мен бостандықтар концепциясы ұзақ тарихи дамудан өткені жалпыға белгілі.
Қазіргі заманғы зерттеушілер жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығының заңнамалық актілермен тек XX ғ. ортасында бекітілгенін дұрыс атап өтті. Бірақ жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығының өзіне қоғамдық қатынастар кешенін біріктіретін көп қырлы және терең ұғым екенін ұмытпаған жөн. Алғашқы жеке өмірдің мемлекетпен, қоғамдық өмірмен байланысы туралы ойлар ежелгі заман философы, ғалымы Аристотельдің еңбектерінде кездеседі. Ол да Платон секілді мемлекетті оны құрайтын элементтерінің бірлігі тұрғысынан қарастырды. Алайда, Аристотельдің пікірінше, Платонмен ұсынылған балалар мен әйелдер қауымында байқалатын шамадан тыс бірігуге ұмтылу мемлекетің құлдырауы мен жойылуына алып келеді. Сонымен Аристотельмен мемлекеттің жеке өмірдің неке-отбасылық қатынастар, балаларды тәрбиелеу ісі, тұрғын үйдің және жеке меншіктің қолсұғылмаушылығы салаларына араласпау қажеттілігін негіздеу жөнінде алғашқы қадамдар жасалды. Аристотель өз еңбектерінде мемлекеттік биліктің әке мен баланың, ер мен әйелдің және бай мен жалшының арасындағы қарым-қатынастарға ықпал ету саласын кезеңімен алып тастап отырды.
Әрине антикалық кезеңде қалыптасқан жеке өмір туралы ойлар қазіргі заман ойларынан көп айырмашылықтары бар. Байырғы заманның мол тәжірибесі жеке өмірге қол сұқпау және оның негізін құрметтеу сияқты құндылықтардың қазіргі замандағы әртүрлі құқықтың жүйелерінде қалыптасуы мен дамуын дұрыс түсінуге өз септігін тигізеді. Сонымен адамның жеке өміріне қолсұғылмаушылық құқығы антикалық кезеңнен қалыптаса бастады. Сол кезеңде адам мен мемлекет арасындағы қарым-қатынас түрлері мен негізгі ойлары және мемлекеттің жеке өмірге араласпаудың негізгі көрсеткіштері анықталды.
Жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығы XVIII ғ. қалыптасқан дәстүрлі құқықтар қатарына жатпайды. Мысалы, XVIII ғ. классикалық конституциялар ішіндегі АҚШ конституциясынан жеке өмірдің қолсұғушылықтардан қорғалуын көре алмаймыз, тек конституцияға енгізілген түзетулер мен құқық туралы Билльде жеке өмірдің кейбір жақтарын құқық шеңберінен тыс араласудан қорғау мәселелері көрініс тапқан. Тек осыдан жиырма жыл бұрын АҚШ Жоғарғы соты Конституция нормаларын талдау арқылы жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығын фундаментальді конституциялық құқық деп мойындады. Жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығының пайда болу және даму тарихы - бұл қоғамның құқықтық санасының құқықтық нормалардың мазмұнына әсер етуінің айқын көрінісі болып табылады. Сөз болып отқан жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығы туралы теориялық білімдер әртүрлі мемлекеттерде XIX ғ. мен XX ғ. тоғысында қалыптаса бастады. Бірақ сол уақытта бұл құқық конситуциялық құқықтың емес жеке мүліктік емес құқықтар, яғни азаматтық құқықпен қорғалатын объектілер қатарында болды. Бұл алдыңғы қатарлы құқықтанушылардың қоғамда орын алып жатқан өзгерістерге деген реакциясы еді. Мысалы, урбандалу, жеке тұлға атын коммерциялық мақсаттарға пайдалану, жеке өмірді бақылауды жеңілдеткен телеграф, телефон, тез суретке түсіріп алу құралдарының пайда болуы.
Дербес деректер институты құқықтық тұрғыдан алғанда жаңа институт болып табылады. Оның пайда болуы мен дамуы адам мен азаматтың конситуциялық құқықтары мен бостандықтары, соның ішінде, жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығымен тығыз байланысты. Жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқықтық категория ретінде АҚШ-та өз бастауын алады. Ағылшын тілінде жеке өмір сүрудің барлық жақтары privacy терминімен белгіленеді, бұл терминнің орыс тілінде баламасы жоқ. 1890 жылы алғаш рет атақты америкалық заңгерлер Самюэль Уоррен мен Луис Брандейс privacy түсінігінің мәнін анықтауға тырысты. Олар privacy түсінігінің мәнін the right to be alone - тыныш қалдыру құқығы және өз-өзімен болу деп анықтады. Олардың Гарвард құқықтық журналында жарық көрген Құпиялыққа құқық деген мақаласында құпиялылықтың кәсіптің жаңа түрлері мен кәсіппен айналысудың жаңа тәсілдерінің пайда болуынан қауіпке ұшырап отқанын, сондықтан арнай құпиялылыққа құқық құру қажетілігін негіздеп көрсетті. Себебі дамып жатқан өркениетті заманда өмір сүрудің қиындығы мен ауыртпалықтары, тұлғаны қоғамнан оқшаулануға итермелейді. Құпиялылық және өз-өзімен болу тұлға үшін маңызды нәрселердің бірі болып бара жатыр. Бірақ заманауи кәсіпкерлік және жаңа техникалық құралдарды қолдану арқылы тұлғаның жеке өміріне қолсұғушылықтан келген зиян оған физикалық күш көрсету арқылы келтірілген зияннан да ауыр деп атап өтті. Осы екі ғалымның айтқан пайымдауларының объективтілігі мен әділдігіне ғылыми техникалық прогресс біздің көзімізді жеткізіп отыр.
Америкалық соттардың қызметі жеке өмір сүру құқығының қалыптасуы мен дамуында маңызды рөл атқарды. Мысалы, 1965 жылы Griswold vs Connecticut ісінде АҚШ Жоғарғы Сотының судьясы Дуглас АҚШ Конституциясына енгізілген алғашқы бес түзетулерінен жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығын атап көрсетіп, осы түзетулердің жеке өміре қолсұғылмаушылықтың түрлі аспектілерін қорғайтынын мойындады. Оның мына бір айтқан сөзі көпшілікке белгілі: Біздің ісіміз жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығымен болып отыр, ал ол өз кезегінде құқық туралы Билльдан да жоғары тұрады.
АҚШ-та бастауын алған жеке өмірге қолсұғылмаушылық концепциясы қазіргі уақыттағы адамның құқықтары мен босиандықтары жүйесіне үлкен әсерін тигізді. Жеке өмірге қолсұғылмаушылық халықаралық деңгейде алғаш рет 1948 жылғы Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында кепілдендірілді, 12-бапта: Әр адам жеке және отбасылық өміріне өзгелердің өз бетінше араласуынан, озбырлық жасап баспанасына, хат жазысып-алысу құпиясына қол сұғуынан, ар-намысы мен абырой беделіне нұқсан келтіруінен қорғалуға құқығы бар делінген.
Кейіннен зерттеліп жатқан құқық 1966 жылғы Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіде халықаралық-құқықтық регламенттеуге ие болды, бұл құжаттың 17-бабында: 1. Әрбір адам жеке және отбасылық өмiрiне өзгелердiң өз бетінше, немесе заңсыз араласуынан, өз бетінше немесе заңсыз озбырлық жасап, баспанасына, хат жазысып-алысу құпиясына қол сұғылуынан, ар-намысы мен абырой-беделiне нұқсан келтiрiлуiнен қорғалуы тиiс. 2. Әрбір адамның осындай озбырлық пен қол сұғушылықтан заңмен қорғалуына құқығы бар делінген.
Адамның жеке өмірінің кез келген қол сұғудан қорғалуы туралы құқығы халықаралық соттардың шешімінде, соның ішінде, адам құқықтары жөніндегі Еуропалық Соттың прецеденттерінен көрініс тапқан. Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық Соттың көзқарасы бойынша жеке өмір түсінігі құрамына мыналар кіреді:
- адамның аты;
-адамның суреті(бейнесі);
-адамның беделі;
-тұрғын үйдің қолсұғылмаушылығы;
-хат-хабар алмасу құпиясы;
-кәсіптік және іскерлік сипаттағы қызметі, сондай-ақ кәсіптік қызметпен айналысуға шектеулер;
-қауіпсіздік қызметімен немесе мемлекеттік органдармен құрастырылатын құжаттама;
-дербес деректерді жинау және өңдеу.
Осыған байланысты аталмыш халықаралық құжатқа қол қойған мүше-мемлекеттер Пактпен расталатын адам құқықтарын нәсіл, жыныс, тіл, дін, саяси және өзге де пікірлер, ұлттық немесе әлеуметтік шығу тегі, сонымен қатар, мүліктік жағдай сипаттары бойынша кемсітушіліктерге жол бермей, өз шекараларының шегінде сыйлап, қамтамасыз етуге міндетті.
Жоғарыда аталған халықаралық - құқықтық құжаттардың қабылдануы жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқықғы, соның ішінде, дербес деректерді қорғау туралы Еуропа мемлекеттерінде ұлттық заңнамалары қалыптаса бастады. 1977 жылы Германияда Дербес деректерді қорғау туралы Конституциялық акт қабылданды, Ұлыбританияда 1998 жылдың шілдесінен бастап Ақпаратты қорғау туралы заң жұмыс істейді, Швецияда 1973 жылы қабылданған Ақпаратты қорғау туралы заңы, Венгрияда 1992 жылы қабылданған Дербес деректер туралы және қоғамдық мүддені құрайтын деректерді жариялау туралы заңы, Испанияда 1999 жылы Дербес деректерді қорғау туралы заңы қабылданды.
Бұрынырақ ұқсас қағидаттар 1950 жылғы Адам құқықтары және негізгі бостандықтарын қорғау туралы Еуропа конвенциясы секілді халықаралық-құқықтық құжатта декларацияланды, аталмыш құжаттың 8-бабында әркім өзінің жеке және отбасылық өмірін, өзінің тұрғын-үйі мен корреспонденциясын сыйлауға қатысты құқыққа ие делінген.
Осылайша, Еуропа Кеңесі конвенциялық органдарының шешімдеріне сәйкес мемлекет жеке және отбасылық өмірге араласпаудан бөлек, мақсаты - аталмыш құқықты заңнамалық қорғау, оны кедергісіз жүзеге асыруға қатысты жағдайларды тудыратын құқықтық кепілдемелерді бекіту, жеке өмірге заңсыз араласып, аталмыш құқықты бұзған мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғаларға жауапкершілік тағайындау туралы оң әрекеттерді жасауға міндетті.
Осыған байланысты Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық Сот Адам құқықтары және негізгі бостандықтарын қорғау туралы Еуропалық конвенцияның 8-бабының мақсаты адамды мемлекеттік органдардың негізсіз араласуынан қорғайды. Оның мемлекетті мұндай араласудан алшақ болуға міндеттеп қана қоймай, жеке және отбасылық өмірді шынайы сыйлау оң міндеттемелерден де тұра алатындығын айқындауында. Олардың адамдардың өз араларындағы қарым-қатынастарына да байланысты жеке өмірді сыйлауды қамтамасыз етуге бағытталған шаралардың қабылдануын алдын ала қарастыра алатындығында.
Жеке өмірге қол сұғылмаушылыққа қатысты құқық бұдан айқынырақ 1969 жылғы Адам құқықтары жөніндегі Американдық конвенцияда бекітілген, оның 11-бабында: Әркім өз намысын сыйлатуға және өз абыройын мойындатуға құқылы. Ешкім өзінің жеке өміріне, отбасының өміріне жосықсыз және қорлаушы араласудың, тұрғын-жайына қол сұғылмаушылықтың бұзылуының немесе оның намысы мен абыройына заңсыз шабуылдаудың нысаны бола алмайды.
Осылайша, В.П. Жеребкиннің пікірі бойынша, Американдық конвенция құжатқа қол қойған мемлекеттердің азаматтарына өз құқықтары мен заңдық қызығушылықтарын тиімді қорғай алады. Осылайша, Конвенцияның 33-бабына сәйкес, егер азамат оның құқығы бұзылды деп есептесе, Адам құқықтары жөніндегі Америка аралық сотқа шағымдана алады. Сот арызды қарастырады, оны негізделген деп таныған жағдайда, жәбірленген тараптың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қайта қалпына келтіру жайында қаулы шығарады. Дәл осы жерде жәбірленуші тарапқа өтемақы төлем беру жайында қаулы шығарылуы мүмкін.
Адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау туралы Еуропа конвенциясында бекітілген қағидалары Еуропа Кеңесінің Жеке тұлғалардың дербес деректерін автоматты түрде өңдеу кезінде қорғау құқығы туралы 28 қаңтар 1981 жылы қабылданған Страсбург конвенциясының (108 Конвенция) арнайы нормаларында өз дамуын алды. Бұл Конвенцияда жеке тұлғалардың дербес деректерін автоматты түрде өңдеу кезінде, мемлекеттер арасында дербес деректерді трансшекаралық берген кезде жеке тұлғаның негізгі құқықтары мен бостандықтарын қорғау басты мақсат болып табылатыны туралы айтылған.
Қарастырылып жатқан құқық 1994 жылғы Адам құқықтарының Араб хартиясында да бекітілген, оның 17-бабында: Жеке өмірге қол сұғуға болмайды, қол сұғылмаушылықтың бұзылуы қылмыстық іс деп танылады. Жеке өмір өзіне отбасылық өмірге араласпау, тұрғын үйге қол сұқпау, хат алмасуы мен жеке байланыс орнатудың өзге де түрлерінің құпиялылығын қамтиды.
Осылайша, Адам құқықтары және негізгі бостандықтары жөніндегі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Конвенциясында 1995 жылы Адам құқықтары және негізгі бостандықтары жөніндегі Еуропалық Конвенцияның негізгі идеясы қабылданды. Жекелей алғанда, ТМД Конвенциясының 9-бабы: Әрбір адам өзінің жеке және отбасылық өмірін сыйлатуға, өзінің тұрғын-жайына қол сұғылмаушылық пен хат алмасудың құпиялылығына құқылы деп бекітеді. Халықаралық құжаттардан алынған жоғарыдағы үзінділерден дербес деректерді ғана емес, бәрінен бұрын жеке өмірге қол сұғылмауын қорғау туралы сөз болып отырғаны көрінеді.
Кешірек қабылданған халықаралық және еуропалық құжаттарда дербес деректер термині барынша жиі қолданылады, дербес деректер деп, жеке тұлғаға қатысты сәйкестендіретін немесе сәйкестендіре алатын кез келген ақпаратты түсінуге болады. Алайда, одан әрі мәтін бойынша дербес деректер туралы ғана сөз болып отырмағанын, жеке өмірге қол сұғылмау құқығын қорғау туралы және жинақтау тыйым салынған немесе барынша шектелген ерекше санаттағы мәліметтер туралы болып отырғаны айқындала түседі. Мұндай деректерге мыналар жатады:
-нәсілдік немесе этникалық шығу тегі;
-саяси көзқарасы;
-діни нанымы;
-философиялық көзқарасы;
-денсаулығы немесе сексуалдық ұстанымы;
-соттылығы.
Жалпы қағида мұндай дербес деректерді өңдеуге тыйым салынатынын алдыға тартады, алайда мыналар бұл қағидаларға кірмейді:
-мұндай деректерді өңдеуге адамның шынайы келісімі болса;
-мұндай деректердің қолжетімділігін адамның өзі жасаса;
-медициналық диагноз қою, емдеу, медициналық қызмет көрсету мақсатында талап етілетін өңдеу;
-мемлекеттік органдардың еңбек туралы заңнама саласындағы бақылау функцияларына қажетті өңдеу.
Қорытындылай келе, жеке өмірді қорғаудың халықаралық-құқықтық регламенттелуі әлемнің көптеген мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына тікелей ықпал етті. Нәтижесінде жеке өмірге қол сұқпаушылыққа қатысты құқық, өзге де адам құқықтары секілді, адам құқықтары және бостандықтарын қорғау саласындағы халықаралық стандарт бола отырып, тек қана халықаралық-құқықтық емес, сонымен қатар ішкі мемлекеттік реттеудің нысаны болып табылады. Түрлі мемлекеттердің ішкі мемлекеттік заңнамаларындағы адам құқықтары және бостандықтары жөніндегі нормалар бірінші кезекте конституциялық деңгейде бекітілді.

1.2 Қазақстан Республикасының дербес деректер туралы заңнамасының қалыптасуы және бүгінгі күнгі жағдайы
Жеке тұлғаның дербес деректерімен байланысты құқықтық қатынастарды реттейтін Қазақстан Республикасының заңнамасының пайда болуының өзіндік алғышарттары бар. Дербес деректерді құқықтық қорғаудың пайда болуы мен дамуын дұрыс түсіну үшін Қазақстанда жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығының пайда болу тарихына көз жүгірткен жөн. Себебі жеке тұлғаның дербес деректерін қорғау жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығының құрамдас бөлігі болып табылатынын жоғарыда атап өткен болатынбыз. В.В. Мамоновтың айтуы бойынша, қазақ елінің басынан өткен тарихи оқиғаларға байланысты адам құқықтарының концепциясының қалыптасуы мен дамуының мәнін анықтайтын үш кезеңнен тұрады: қазақ жерін де мемлекеттілік қалыптасқан уақыттан бастап 1917 жылғы революцияларға дейін, кеңестік кезең (1917-1990жж.), Қазақстан Республикасы мемлекеттік тәуелсіздік алғаннан бастап қазіргі күнге дейін.
Жеке өмірдің құқықтық қорғаудың тарихи алғышарттарын қарастырған уақытта жоғарыда айтылған адам құқықтарының концепциясының қалыптасу кезеңділігін назарда ұстаған дұрыс. Себебі жеке өмірге қолсұғушылыққа жауапкершілік белгілейтін қылмыстық заңнаманың дамуы Қазақстан халқының әлеуметтік-құқықтық дамуымен тығыз байланысты.
Революцияға дейінгі кезеңде Қазақстан аумағында феодалдық қоғамда қалыптасқан қылмыстық-құқықтық нормалар әрекет етті. Бірақ сол уақытта жеке өмірді қорғайтын нормалар болған жоқ. Оның себебін сол қоғамда өмір сүрген адамдардың құқықтық санасының деңгейімен түсіндірсе болады. Сондықтан біз жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығының құқықтық, соның ішінде, қылмыстық қорғалуын Қазақстанның Ресей империясына қосыла бастаған уақыттан қарастыруды бастаймыз. Сол уақытта Қазақстан аумағында әрекет еткен Ресей империясының қылмыстық заңдары мыналар болды: 1845 жылғы түзеу және қылмыстық жазалар туралы Жинақ (ары қарай 1845 жылғы Жинақ), 1864 жылғы біріктіруші соттармен тағайындалатын жазалар Жарғысы ( ары қарай 1864 жылғы Жарғы) және 1903 жылғы Қылмыстық жинақ.
1845 жылғы Жинақтың 1104-бабы бойынша почтаның лауазымды қызметкерлеріне белгілі бір тұлғаға почтамен жіберілген хат-хабарды ұстап алып, ашып қарағаны үшін жауаптылық белгіленген. Ал осы Жинақтың 2111-бабына сәйкес кімде-кім адамды қазаға ұшырату, қарақшылық, тонау, ұрлау ниетінсіз, бірақ еш ескертпестен адамның ар-намысына тию немесе мазасын алу үшін тұрғын үйге онда тұратын адамның еркінен тыс заңсыз басып кіргені үшін 3 айға дейін қамаққа алу жазасы тағайындалған. Тұлғаның жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығын қорғайтын қылмыстық-құқықтық нормалар 1864 жылғы Жарғыда да кездеседі. Аталған Жарғының 137-бабында бөтен адамның хатын ашып оқу арқылы адамның ар-намысына қатысты белгілі болған құпия мәліметтерді ар-намысына тию ниетімен жария еткені үшін 15 тәулікке дейін қамаққа алу немесе 50 рубльге дейін айыппұл салу жазалары қарастырылған. Осы аталған 137-бап адамның жеке өміріне заңсыз араласудан қорғауға бағытталған. Жоғарыда аталған құжаттармен қатар 1903 жылғы Қылмыстық жинақтың 531-бабында адамның жеке өміріне немесе отбасысына қатысты құпия мәліметтерді бұқаралық газет беттерінде және көпшілік алдында сөз сөйлеу арқылы масқаралап жариялағаны үшін түрмеге қамау түріндегі жаза көзделген. Қылмыстық жинақтың 511-бабы бойынша тұрғын үйде онда тұратын адамның еркінен тыс түнгі уақытта құпия түрде және өз бетімен қасақана жүру және тұрғын үйді босатудан бас тартқаны үшін жауаптылық қарастырылған. Сонымен, революцияға дейінгі кезеңде Қазақстан жерінде әрекет еткен Ресей қылмыстық заңнамасы хат-хабар жазысу, алмасу, пошта хабарлары құпиясын заңсыз бұзу және тұрғын үйге қолсұғылмаушылықты бұзуды өз алдына бөлек қылмыстық-құқықтық қорғаудың объектісі ретінде қарастырды.
Кейіннен демократиялық қазақ мемлекетін құру идеясын ұстанушылар Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов Алаш Орда Бағдарламасында жоғарыда аталған тұрғын үйге қолсұғылмаушылық және хат-хабар алмасу, пошта хабарлары құпиясын қорғау туралы нормалар көрініс тапқан. Алаш Орда Бағдарламасы Қазақстан аумағындағы жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығын қамтамасыз етуге бағытталған нормаларды біріктірген алғашқы конституциялық жобалардың бірі болды.
1922 жылы РКФСР-дің бірінші Қылмыстық кодексі қабылданғаннан кейін осы уақытта дейін ҚазАКСР аумағында әрекет еткен қылмыстық жазаның түрі мен мөлшерін белгілейтін барлық нормалардың заңды күші жойылды. Бірақ 1922,1926 жылғы Қылмыстық кодекстердің мазмұнында адамның жеке өміріне қарсы қылмыстар туралы нормалар болмады. Зерттеліп отқан жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығы сол кезде қылмыстық заңның қорғауында болған жоқ. Тек кейбір құжаттарда жеке өмірді қорғау нормалары көрініс тапты. Мысалы, 1929 жылы 15 ақпанда КСРО-ның ХКК-нің қаулысымен бекітілген пошта, телеграф, телефон және радиобайланыс Жарғысында хат-хабар алмасу құпиясы қорғалған.
1957 жылы 11 ақпанда КСРО-ның 1936 жылғы Конституциясына енгізілген өзгертулер мен толықтырулар нәтижесінде сот құрылымы, сотта іс жүргізу туралы заңнамасы және негізгі азаматтық, қылмыстық заңнамаларды шығару КСРО-ның құзыретінде болды, ал қылмыстық кодекстерді әрбір кеңес республикасының жоғарғы билігіне қабылдауға рұқсат берілді. Аталған норманың нәтижесі ретінде Қазақ ССР-нің 1959 жылы қабылданып, 1960 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енген алғашқы Қылмыстық кодексі болды. Бұл қылмыстық кодекстің IV бөлімі Азаматтардың саяси, еңбек және өзге де құқықтарына қарсы қылмыстар 121 және 122-баптарында адамның жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығы қорғалған. Тұрғын үйдің қолсұғылмаушылығы деп аталатын 121-бабында тұрғын үйге заңсыз басып кіру: а) адам өзінің қызмет бабын пайдаланса; ә) адамдар тобымен жасалса; б) түнгі уақытта; в) заңсыз тінтумен ұласса; г) тұрғын үйден заңсыз шығарса, онда бұл әрекеттер үшін қылмыстық жауаптылық белгіленген. Баптың санкциясы бойынша жазаның екі түрі тағайындалады: бір жылға дейін түзеу жұмыстары немесе 100 рубльге дейін айыппұл. Хат-хабар алмасу, телефонмен сөйлесу, телеграф хабарлары құпиясын бұзу деп аталатын 122-бапта өз қызмет бабын пайдаланып, адамдар тобымен хат-хабар жазысу, телефонмен сөйлесу, телеграф хабарларын бұзса және жеке тұлға пайдакүнемдік мақсатта бұзса және ол ауыр зардаптарға алып келсе, онда бұл әрекеттер үшін қылмыстық жауаптылық белгіленген. Осы 122-баптың 1-бөлігінің санкциясы бойынша бір жылға дейін түзеу жұмыстары немесе 100 рубльге дейін айыппұл немесе қызметінен шеттету жазалары тағайындалады. 2-бөлігінің санкциясы бойынша екі жылға дейін түзеу жұмыстары немесе 200 рубльге дейін айыппұл, қоғамдық масқаралау жазаларымен жазаланған.
1959 жылғы 22 шілдедегі ҚазКСР-нің Қылмыстық кодексінде заң шығарушы жеке өмірге қолсұғылмаушылық түсінігіне анықтама бермегеніне назар аудару қажет. Кейбір ғалымдар мұны сол кезде мемлекетте қалыптасқан саяси жағдай мен идеологияның әсері деп түсіндіреді. Сол кезде жүргізілген саясаттың арқасында азаматтарда жеке өмір деген түсінік болмады, жеке өмірге деген құқық шектелді, себебі адам өмірінің барлық саласы мемлекеттің бақылауында болды.
1978 жылы 20 сәуірде қабылданған Қаз ССР-нің Конституциясы 52-бабында былай делінген: Қаз ССР азаматтарына жеке тұлға өміріне қолсұқпауға кепілдік беріледі. Ешкім де заңсыз қамаққа алынбайды, тек сот шешімі немесе прокурор санкциясы негізінде ғана. 53-бабы бойынша: Қаз ССР азаматтарына тұрғын үйдің қолсұғылмаушылығына кепілдік беріледі. Ешкімнің де онда тұрып жатқан адамдардың еркінен тыс тұрғын үйге заңсыз кіруге құқығы жоқ. 54-бабы бойынша: Азаматтардың жеке өмірі, хат-хабар алмасу, телефонмен сөйлесу және телеграф хабарлары құпиялары заңмен қорғалады.
Қазақстан жерінде адам құқықтары концепциясының қалыптасуының алғашқы екі кезеңінде де жеке өмірге қолсұғылмаушлық құқығы заң жүзінде қорғалып, сол кезеңдердегі құқықтық құжаттарда көрініс тапқан. Бірақ екі кезеңде де тек тұрғын үйге қолсұғылмаушылық және хат-хабар алмасу, телефонмен сөйлесу және телеграф хабарлары құпиялары ғана қорғалған. Мұны қазақ мемлекеттігі қалыптасқаннан бастап 1917 жылы орын алған революцияларға дейінгі кезеңде Ресей империясының заңнамасының ықпалымен және жүргізген отарлау саясатымен, кеңестік кезеңде (1917-1990жж.) КСРО-ның тоталитарлық саяси режим орнатуымен және ұстанған идеологиясының ықпалы ретінде түсіндіруге болады. Жалпы алғанда, бұл екі кезеңде адам мен азаматтардың жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығын қорғаудың алғашқы бастамалары жасалып, аталған құқық заң жүзінде кепілдендіріліп қорғалған.
Соңғы үшінші кезеңге келетін болсақ, Қазақстан Республикасы тәуелсіз мемлекет болған кезден бастап бүгінгі күнге дейінгі жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығы қорғалуын және Қазақстан Республикасының дербес деректер туралы заңнамасының қалыптасуын қарастырамыз. Әрине, алдымен ҚР-сы аумағында ең жоғарғы күшке ие Конституцияны қарастырудан бастаймыз. Тәуелсіз Қазақстанның 1993 жыл 28 қаңтарда қабылданған алғашқы Конституциясы кейіннен 1995жылы 30 тамызда қабылданған Конституциядағы жеке өмірге қолсұғылмаушылық туралы нормалар бірін-бірі қайталайды. Сондықтан қазіргі күні заңды күшке ие 1995 жылы 30 тамызда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясының 18-бабының 1-тармағында әркімнің жеке өміріне қол сұғылмауына, өзінің және отбасының құпиясы болуына, ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар деп айтылған. Ал осы баптың 2-тармағында әркім өзінің жеке салымдары мен жинаған қаражатының, жазысқан хаттарының, телефон арқылы сөйлескен сөздерінің, почта, телеграф арқылы және басқа жолдармен алысқан хабарларының құпиялылығы сақталуына құқығы бар. Бұл құқықты шектеуге заңда тікелей белгіленген реттер мен тәртіп бойынша ғана жол беріледі деп көрсетілген. Жеке өмірге қол сұқпаушылық құқығы мемлекет тарапынан жеке өмірге еркін араласудың кез келген нысанына тыйым салады және мемлекеттің, үшінші тараптың араласуынан қорғауды кепілдендіреді. Аталған норманың Конституцияда көрініс табуы қоғамның құқықтық санасының оянуына, көп жылдар бойы айтылмай келген жеке өмірге қолсұғылмаушылыққа адамдардың құқығы бар екендігін және ол демократиялық мемлекеттің негізі екенін түсінуге өз септігін тигізді. Бертін келе, 2005 жылы 28 қарашада Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіні ратификациялау туралы заң қабылданып, 2006 жылы 24 сәуірден бастап күшіне енді және ҚР-ның Конституциясының 4-бабы 3-тармағы бойынша республика бекіткен халықаралық шарттардың республика заңдарынан басымдығы болады және халықаралық шарт бойынша оны қолдану үшін заң шығару талап етілетін жағдайдан басқа реттерде, тікелей қолданылады. Ол заңның 17-бабында: әрбір адам жеке және отбасылық өмiрiне өзгелердiң өз бетінше, немесе заңсыз араласуынан, өз бетінше немесе заңсыз озбырлық жасап, баспанасына, хат жазысып-алысу құпиясына қол сұғылуынан, ар-намысы мен абырой-беделiне нұқсан келтiрiлуiнен қорғалуы тиiс. Әрбір адамның осындай озбырлық пен қол сұғушылықтан заңмен қорғалуына құқығы бар. Осы халықаралық шартты ратификациялау арқылы ҚР-ның жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығын қорғау заңнамасы қалыптасу жолында тағы бір қадам жасалды.
Конституция нормалары өзге де құқық салаларының нормаларында дәлел таппаса, ол тек жай ғана декларация болып қалатыны бәрімізге белгілі. Сондықтан біз ары қарай конституциялық жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығының әрекет етуші ұлттық заңнама жүйесі нормаларымен қамтамасыз етілгеніне талдау жасаймыз. Қылмыстылықпен күрестің құқықтық құралы ретінде және азаматтардың жеке өмірге қолсұғылмаушлық құқығын шектейтін ҚР-ның 1994 жылы 15 қыркүйекте қабылданған Жедел-іздестіру қызметі туралы заңы болып табылады. Жедел-iздестiру қызметiн жүргiзу кезiнде заңның 15-бабына сәйкес адамның және азаматтың жеке өміріне қол сұғылмауын, өзінің және отбасының құпиясын, ар-намысы мен қадір-қасиетін қозғайтын және жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу процесінде белгілі болған мәліметтерді, заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, азаматтардың келісімінсіз жариялауға тыйым салынады. Бұл жерде адамның жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығын заңмен көзделген реттерде ғана шектеуге болатыны туралы айтылып отыр. Ал осы сөз болып отқан құқықтың қылмыстық-құқықтық қорғалуы тәуелсіз Қазақстанның 1997 жылы 16 шілдеде қабылданған Қылмыстық кодексте көрініс тапты. ҚК-тің Жеке өмiрге қол сұғылмаушылықты бұзу деп аталатын 142-бабының 1-бөлігі бойынша адамның жеке өмiрi туралы оның жеке немесе отбасы құпиясын құрайтын мәлiметтердi оның келiсiмiнсiз заңсыз жинағаны үшін қылмыстық жауаптылық қарастырылған. Бұл баптың санкциясы бойынша аталған қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін төрт жүзден жеті жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не жүз жиырмадан жүз сексен сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бiр жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына жазаланады.
ҚР-ның ҚПК-інде де жеке өмірге қолсұғылмаушылық мәселесі реттелген. Тек бұл жерде қылмыстық процестің қағидаттары ретінде көрсетілген. Яғни, ҚПК-тің 16-бабына сай азаматтардың жеке өмірі, жеке және отбасылық құпия заңның қорғауында болады. Әркімнің жеке салымдар мен жинақтардың, жазысқан хаттардың, телефон арқылы сөйлескен сөздердің, пошта, телеграф арқылы және өзге де хабарлардың құпиясына құқығы бар. Қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді жүзеге асыру кезінде әркімге жеке (жеке және отбасылық) өміріне қолсұғылмаушылық құқығы қамтамасыз етіледі. Бұл құқықты шектеуге заңда тікелей белгіленген жағдайларда және тәртіппен ғана жол беріледі. Заңда көзделген жағдайлардан басқа, ешкім адамның келісімінсіз оның жеке өмірі туралы ақпарат жинауға, сақтауға, пайдалануға және таратуға құқылы емес. Адамның жеке өмірі туралы осы Кодексте көзделген тәртіппен алынған ақпаратты қылмыстық процесс міндеттерін орындаудан басқаға пайдалануға болмайды. ҚПК-тің 13-бабына сәйкес жеке өмір туралы мәліметтерді, сол сияқты адам құпия сақтау қажет деп санайтын жеке сипаттағы мәліметтерді осы Кодексте көзделмеген мақсаттар үшін жинауға, пайдалануға және таратуға жол берілмейді.
Адамның жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығы әкімшілік заңнамамен де қорғалады. ҚР-ның 2001 жылы 30 қаңтарда қабылданған Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде де жеке өмірге қолсұғылмаушылық әкімшілік заңнаманың қағидасы ретінде аталады. Мысалы, ӘҚБтК-тің 18-бабына сәйкес жеке өмiр, жеке бастың және отбасының құпиясы заңның қорғауында болады. Әркiмнiң жеке салымдар мен жинақ ақша, хат жазысу, телефонмен сөйлесу, поштамен, телеграф арқылы және өзге хабарламалар алысу құпиясына құқығы бар. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзу барысында осы құқықтарды шектеуге тек заңмен тiкелей белгiленген жағдайларда және тәртiппен жол берiледi.
Жеке өмірге қолсұғылмаушылық табиғи құқығын қорғау азаматтық және азаматтық іс жүргізу заңнамаларында өз дамуын алды. ҚР-ның АК-тің 115-бабының 3-тармағында жеке мүліктік емес игіліктер мен құқықтарға: жеке адамның өмірі, денсаулығы, қадір-қасиеті,абырой, игі атақ, іскерлік бедел,жеке өмірге қол сұқпаушылық, жеке құпия мен отбасы құпиясы, есім алу құқығы, автор болу құқығы, шығармаға қол сұқпау құқығы және басқа материалдық емес игіліктер мен құқықтар жатады.
Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасында жеке өмірге қолсұғылмаушылық қағида ретінде аталып өткен. ҚР-ның 2015 жылы 31 қазанда қабылданған Азаматтық процестік кодексінің 10-бабына сәйкес жеке өмір, жеке және отбасылық құпия заңның қорғауында болады. Әркімнің жеке салымдары мен жинақтарының, жазысқан хаттарының, телефон арқылы сөйлескен сөздерінің, пошта, телеграф арқылы және өзге де хабарларының құпиялылығына құқығы бар. Азаматтық процесс барысында осы құқықты шектеуге заңда тікелей белгіленген жағдайларда және тәртіппен ғана жол беріледі.
Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында адамның, яғни қызметкердің жеке деректерін қорғауға алған. ҚР-ның 2007 жылы 15 мамырда қабылданған Еңбек кодексінде 5-тарау Қызметкердің жеке деректерін қорғау деп аталған. ЕК-нің 64-бабына сәйкес қызметкердің жеке деректері - еңбек қатынастары туындаған, жалғасқан және тоқтатылған кезде қажет болатын қызметкер туралы ақпарат. Қызметкердің жеке деректерін өңдеу - қызметкердің жеке деректерін алу, сақтау, беру. ЕК-нің 65-бабында қызметкердің жеке деректерін өңдеуге қойылатын талаптар туралы жазылған. ЕК-нің 66-бабында қызметкердің жеке деректерін сақтау мәселесі қарастырылған. Ол бойынша жұмыс беруші ұйымдағы қызметкердің жеке деректерін сақтау тәртібін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды сақтай отырып белгілейді. Қызметкердің жеке деректерін сақтау тәртібін белгілейтін жұмыс берушінің актілерімен қызметкер таныстырылуға тиіс. ЕК-нің 67-бабына сәйкес қызметкердің жеке деректерін беру кезінде жұмыс беруші қандай талаптарды сақтауға тиіс екендігі туралы айтылған. Қызметкердің жеке деректері берілген адамдар бұл деректер қандай мақсат үшін хабарланса, сол мақсатта ғана пайдалануға тиіс және Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, оны үшінші тарапқа беруге құқылы емес. ҚР-ның Еңбек кодексінде қызметкердің жеке деректерін қорғау мәселесі қарастырылды. Заң шығарушымен қызметкердің жеке деректері, жеке деректерді өңдеу түсініктеріне анықтама берілді. Жұмыс берушінің қызметкердің жеке деректерін өңдеген кезде қандай талаптарды сақтауы тиіс, қызметкердің жеке деректерін сақтау, беру және қызметкердің өзінің жеке деректерін қорғау кезіндегі құқықтары туралы жазылды. Бұл ҚР-ның дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасының қалыптасу жолында алғашқы қадам болды.
ҚР-ның 2007 жылы 11 қаңтарда қабылданған Ақпараттандыру туралы заңында заң шығарушы алғаш рет дербес деректер түсінігіне анықтама берді. Осы Заңның 1-бабының 17-тармағына сәйкес дербес деректер (дербес сипаттағы электрондық ақпараттық ресурстар) - жеке тұлға өміріндегі фактілер, оқиғалар, мән-жайлар туралы мәліметтер және оның жеке басын сәйкестендіруге мүмкіндік беретін деректер. Осы Заңның 13-бабында жеке тұлғалар туралы дербес деректерден тұратын электрондық ақпараттық ресурстардың жай-күйі реттелген. Ол бойынша жеке тұлғалар туралы дербес деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстар құпиялы электрондық ақпараттық ресурстар санатына жатады, оларды алу, өңдеу және пайдалану жинақталу мақсатымен шектеледі.
Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, Ресей Федерациясының заңнамасында дербес деректер деген түсінік 1990-жылдардың ортасында пайда болды. Ресей Федерациясының 1995 жылы 20 ақпанда қабылданған Ақпарат туралы, ақпараттандыру және ақпаратты қорғау туралы Федеральды заңына сәйкес (қазіргі уақытта күші жойылған) дербес деректер құпия санаттағы ақпараттар қатарына жатқызылды және жеке тұлғаның келісімінсіз жеке өмірі туралы мәліметтерді құрайтын жеке немесе отбасы құпиясы, сондай-ақ хат алмасу, телефонмен сөйлесу, телеграф және өзге де хабарлар құпиясын жинауға, сақтауға, пайдалануға және таратуға тыйым салынды. Тек сот шешімі негізінде рұқсат берілді.
ҚР-ның 2009 жылы 18 қыркүйегінде қабылданған Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексінде жеке тұлғаның бұл ретте пациенттердің дербес деректерімен жұмыс істеудің құқықтық жағдайы реттелген. Осы Кодекстің Жеке тұлғалар (пациенттер) туралы ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз ету деп аталатын 28-бабына сәйкес денсаулық сақтаудың жеке тұлғалар (пациенттер) туралы персоналдық деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстары алынуы, өңделуі мен пайдаланылуы оларды жинау мақсатымен шектелетін құпия электрондық ақпараттық ресурстар санатына жатады.
Жоғарыда аталған әр құқық саласындағы жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығын, оның ішінде дербес деректерді қорғауды құқықтық реттейтін нормативтік құқықтық актілер адам және азаматтың негізгі құқықтары мен бостандықтары саласында дербес деректерді қорғау кезінде туындайтын құқықтық қатынастарды реттейтін арнайы заңның қабылдануына алғышарт болды. ҚР-ның Парламенті 2013 жылдың 21 мамырында Дербес деректер және оларды қорғау туралы заңын қабылдады. Бұл заңның жобасын ұсынған ІІМ-нің ресми түсіндіруі бойынша, заңның мақсаты - азаматтардың дербес деректерін жинау мен өңдеу кезінде оның құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету. Заңда адам мен азаматтың дербес деректерін өңдеген кезде оның құқықтары мен бостандықтарын, оың ішінде жеке қміріне, жеке және отбасылық құпиясына қолсұғылмаушылық құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету үшін құқықтық негіз жасау ұсынылып, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттік органдардың және басқа да мекемелердің осы салада жұмыс істеуінің негізері анықталған. Дербес деректерді ұстап отырғанның оны қорғау шараларын қамтамасыз етудегі міндеттері, құқықтары және жеке тұлғаның өзінің дербес деректеріне қол жеткізуі бекітіледі. Заң дербес деректерді жинауды, жүйелендіруді, жинақтауды, сақтауды, жаңартуды, ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақстан Республикасындағы қылмыстық процесс: жалпы бөлім
АДАМ ҚҰҚЫҒЫ. Адам құқығы білім саласы ретінде
ЖЕКЕ ӨМІРГЕ ҚОЛ СҰҚПАУШЫЛЫҚТЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ НЕГІЗДЕРІ
Қылмыстық процестің субъектілері
ҚЫЛМЫСТЫҚ ПРОЦЕСС ҚАҒИДАТТАРЫ ЖОСПАР
Шетелдердің қылмыстық заңнамасы бойынша қылмыс құрамының құқықтық сипаттамасы
Қылмыстық процесте қорғау құқығын қамтамасыз ету қағидаты
Республика Президентін сайлау
Қазақстан Республикасының тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы заңнамасы
Интеллектуалдық меншікті халықаралық қорғау
Пәндер