Мәдениет ұғымы және оның мәні


Лекция № 1. Тақырыбы: Мәдениет ұғымы және оның мәні.
1. Мәдениет -күрделі қоғамдық рухани құбылыс.
2. Мәдени ұғымдарға түсініктеме.
3. Мәдениеттану пәнінің басқа пәндермен арақатынасы. «Мәдениет дегеніміз не?»- деген сұраққа жауап беру үшін, бұл сөздің этимологиясына, яғни осы бір күрделі ұғымды білдіретін сөздің шығуына тоқталуды жөн көрдік. Қазақ тілінде бұл термин арабтың «маданият»- қала, қалалық деген сөзінен енген. Бұл орта ғасырлардағы мұсылман мәдениетінің өркендеу кезеңінде қалыптасқан түсінікпен байланысты. Мәдениетке берілген көптеген анықтамаларды альтернативтік деп атауға болады. Бұл жерде алдымен көзге түсетіні- мәдениет пен табиғатты, «культура» мен «натураны» қарсы қоюшылық.
Көне заманда «культура» деген ұғым «жерді өңдеу» деген мағына берген. Кейінірек, дәлірек айтқанда Цицеронның еңбектерінде (б. д. д. 45 ж. ) бұл сөздің мағынасы тереңдеп, «жанды жетілдіру» деген ұғымды білдірді. Уақыт өткен сайын еуропалық тілдерде мәдениет сөзі «білім беру», «даму», «қабілеттілік», «құрметтеу» сияқты мағыналарға ие бола бастады. Қазіргі заманғы сөздіктерде мәдениетке төмендегідей анықтамалар берілген:
а) мәдениет- белгілі бір халықтың қол жеткен табыстары мен шығармашылығының жиынтығы;
ә) мәдениет- адамзат қауымының белгілі бір тарихи кеңістіктегі қызметі мен өзіндік ерекшеліктері;
б) мәдениет - адамдық әрекеттің белгілі бір саласының жетілу деңгейі;
в) агромәдениет (дәнді өсімдіктер мәдениеті, цитрустық мәдениет және т. б. ) .
Ал осы ұғымардың ішінде мәдениеттану пәніне алғашқы екі ұғымның тікелей қатысты екендігін аңғаруға болады. Мәдениет ұғымы тарихи қалыптасудың ұзақ даму жолынан өтті. Мәдениет ұғымын алғашқы рет ғылыми тұрғыдан анықтауға тырысқандар философтар болды. Бірақ, өкінішке орай, ХҮІІІ ғасырға, яғни Ағартушылық кезеңіне дейін, басты құндылық - «адам мен оның ақыл ойы» деген қағида жүзеге асқанға дейін «мәдениет» сөзі белгілі бір мойындалған термин ретінде қолданылмады, бар болғаны жаңа ұғымдардың синонимі ретінде ғана пайданылды. Жоғарыда атап көрсеткенііздей, бұл терминнің алғашқы мағынасы жер-анамен, оны өңдеп-баптаумен тығыз байланысты болды. «Мәдениет» ұғымы жерді жырту, бау-бақшаны өңдеу, яғни өсімдіктер және жануарлар дүниесімен, дәлірек айтқанда, егіншілік пен ауыл шаруашылығымен тығыз байланысты қарастырылды. Оған қоса бізге үйреншікті болып кеткен «мәдениет» ұғымының тәрбие мен біліммен байланыстылығының тамыры да сонау көне заманда жатыр. Білімсіз және тәрбиесіз адам еш уақытта бола алмайтыны ақиқат, ендеше білім мен тәрбие барлық халықтар мәдениетінің қайнар бұлағы болып табылады. Сонымен бірге мәдениет сөзі «құрмет тұту, сыйлау, құрметтеу, табынушылық» деген мағыналарға да ие. Осылардың ішіндегі ең бастысы- діни табынушылық. Көне замандағы адамдар әр уақытта да құдайлар берік қоршауында болды, олардың санасынан құдайлар берік орын алды. Үйде де, түзде де құдайлар адамдармен бірге болды, оларды жебеп, қорғап отырды. Құдайлар қалаларда тұрды, қала заңдары мен қала азаматтарын бәле-жаладан қорғады. Міне, сондықтан да болар белгілі эллинист Макс Поленс полистік патриотизмді ерекше дәріптейді.
Полис дегеніміз-шағын ғана халқы бар қала, ал қала тұрғындары сол қаланың азаматтары болып саналады. Олар өз қаласының заңына бағынды, қаланы сыртқы жаулардан қорғады, қажетті азаматтық міндеттері мен борыштарын мүлтіксіз орындап отырды. Мұндай қалаларда мәдениет әрі тәрбие беруді, әрі діни табынушылықты, әрі жер өңдеуді де білдірген. Дәл осындай үйлесімділік көне полистере қала азаматтарының азамат болып қалыптасуына ерекше ықпал жасады. Гректер бұл процестер «пайдейя» (бала) деген ұғым арқылы берген. Бұл термин тәрбиелеу, оқыту деген ұғыммен қатар, кең мағынада білім беру, білімділік, ағартушылық, мәдениет деген мағыналарға да ие болған. Бұл жағдайда тәрбие мен білімнің жәй ғана байланыстары жайындағы идеяны аңғаруға болады.
Өкінішке орай, қоғамның даму барысында, әсіресе эллинизм дәуірінде, көне полистердің өз тәуелсіздіктерін жоғалтуына байланысты грек «пайдейясының» идеалдары бұзыла бастады. Христиандық сана негізінде дамыған ортағасырлық мәдениет пұтқа табынушылықты жоққа шығара отырып, көне мәдениеттің негізгі табыстарын сол қалпында сақтай білді. Ортағасырлық мәдениет политеизмге- монотеизмге, натурализмге- руханилықты, гедонизмге- (сүйсініп рахаттану табынушылығы) аскеттік идеалды, дүниені бақылау және логика арқылы тануға- Библияға сүйенген және оны шіркеудің қайраткерлері арқылы түсіндірілетін- кітаби білімді қарама-қарсы қойды. Көне заманның адамы өзіне сену қасиетін мәңгілік кеңестік дүниесінен, оның ішінде ең бірінші кезекте табиғаттан алды.
Жаңа заманда мәдениеттің көптеген теориялары өмірге келді. Жаңа заман философиясында көне заман мен ортағасырлар мәдениетін нақты түсіну және оған шындық тұрғысынан баға беру қайта қаралып, жаңа мазмұнға ие болды. Мәдениет философиясы тұрғысынан алып қарастырғанда, ең озық идеялар осы дәуірдің философиясында кеңінен насихатталды. Сонымен қатар бұл категориялар жалпы философиялық сипатқа ие болды. Олар ХҮІІІ ғасырдың ағартушыларына тарихи процесс идеяларын дамытуға және тарихи дамудың мақсаты, қозғаушы күштері және мағынасы жөніндегі сұрақтарды белгілеуге мүмкіндік берді.
Ортағасырлар мен қайта өрлеу дәуірінен бастап зерттеле бастаған көне заманның тарихи, философиялық, ғылыми және көркем әдебиетінен басқа, олардың назарынан археологиялық ескерткіштер, халық мәдениетінің шығармалары, саяхатшылардың дүние жүзінің әр елдері жөніндегі суреттемелері, түрлі тілдер жайындағы мәліметтер тыс қалған жоқ. Осыншама бай фактілерді есепке ала отырып, Ағартушылық дәуірінде Адамзат мәдениетін тұтастай қабылдауға талпыныс жасалынды.
№2. Тақырып. Мәдениеттің құрылымы, түрлері және атқаратын қызметтері.
1. Мәдениеттің құрылымы : материалдық және рухани мәдениет.
2. Мәдениеттің түрлері: өнер, дін, мораль, ғылым, құќық, саясат
3. Мәдениеттің атқаратын қызметтері .
Мәдениеттің өзекті бөлігі өнер. Таңбалы тастағы кескіндермен тағы адамдардың ырым-белгілерінен бастап, Рафаэль мен Микеланджелоның мәңгілік туындыларпымен жалғасқан, халықтың шығармашылық рухынан туған талай сұлу дүниелерсіз, өнер әлемінсіз, қандай мәдениеттің болсын рухын сезіне алмаймыз. Шынында да, өнер мәдениеттің алтын қазынасы, адамның ұлылығын білдіретін ғажап көріністердің бірі-оның әсемдікке, сұлулыққа ұмтылуы. Кез-келген ұлттық мәдениеттің негізі мен ділін, ондағы адамгершілік қасиеттер мен дүниетанымды ұғыну үшін мәдениеттің тағы бір түп-тамыры дінге жүгіну қажет. Тарихи жадыға тиесілі адамзат тарихының өн бойына көз жүгіртер болсақ, онда діндарлықтың адамзат тарихын басынан аяғына дейін толық қамтып жатқандығын көреміз. Діннің халықтар өміріндегі алатын орнының күштілігі соншалықты діндердің негізін түсінбей жатып, сол діндерді ұстанатын халықтардың мәдениеті туралы толық көзқарас қалыптастыру мүмкін емес. Дінге анықтама беру оңай емес. Біздің ойымызша, діннің анықтауыш қызметі оның әлеуметтілікті қалыптастыруында, яғни адамдар қарым-қатынасын реттеуде болса керек. Өйткені тіпті «религия», сөзінің этимологиялық бастапқы мәнінің өзі де «біріктіру», «байланыстыру», «қатынасты қалыптастыру» дегенді білдіреді. Дін - адамдардың бірлестігін және ұйымдастығын қалыптастырушы идеологиялық механизм. Мәдениеттегі діннің рөлін әрбір мәдениеттің жүйе құрастырушы факторы деп анықтауға болады.
Ғылымның бет алды дамуы, шектелмеген техникалық әрекет мәдениетке үлкен нұқсан келтіруі мүмкін. Тек жоғары деңгейде мәдениеті бар өркениет ғылым мен техниканың дамуындағы теріс салдарларды бейтараптандыра алады.
Мәдениеттің ішкі мәні қоғамдағы өмір сүріп жатқан адамдардың өзіндік санасында, парасаттылық сезімдерінде, рухани ізденістерінде айқындалады. Қоғам - әлемнің бір бөлігі, белгілі бір мақсаттарды іске асыру жолында әрекет етіп жатқан субьекттілердің (тұлғалардың, топтардың, этностардың, мемлекттердің) байланыс нысандары. Ал мәдениет осы тұрғыдағы қоғамның белгілі бір қасиеті, көрінісі, сипаты мазмұнында қолданылады. Мәдениеттің қоғамдағы атқаратын қызметтері:
1. Адамды қалыптастыру қызметі. Бұл- мәдениеттің қоғамдағы басқа қызметтерін бойына жинақтайтын және оның негізгі мазмұнымен тікелей байланысты нышан. Адам мәдениетті, ал мәдениет адамды қалыптастырады.
2. Жалғастық, мәдени мұрагерлік қызметі. Мәдениеттің бұл қызметі бір ұрпақтан екінші ұрпаққа берілетін бүкіл адамдық өмір тәсілдерінің өзіндік ерекшеліктеріне қатысты. Шын мәнісінде қоғамда ұрпақтар жалғастығы мәдени мұраларды игеру, қабылдау және оны шығармашылықпен дамыту арқылы жүзеге асады.
3. Танымдық қызметі. Мәдениеттің қоғамдағы бұл қызметінің сан алуан қырлары бар. Мұнда назар аударатын нәрсе- мәдениет пен білімнің арақатынасы. Адамдардың білімі, әрине мәдениеттің негізгі құрамдас бөлігіне жатады. Осы сипатта қоғамда ерекше зиялы қауым мүшелері мәдениетті сақтау және дамыту існде үлкен қызмет атқарады. Егер біз өнер арқылы әсемдікке ұмтылсақ, моральдық таным арқылы жамандық пен жақсылықты айырамыз.
4. Реттеу қызметі. Адамның дүниеде өмір сүру тәсілі ретінде түсіндірілетін мәдениетті басқару мүмкін емес. Алайда мәдениетке сыртқы ықпал жасау мүмкіндігін жоққа шығара алмаймыз. Мәдениет «жабулы қазан» емес. Мәдениетегі реттеушілік әрекеттерінің өзіндік ерекшеліктері бар. Мәдени ұғымдарда нормативтік, ережелік талаптар басымырақ. Мысалы, «мәдениетті адам» дегенде оның адамдық жан-жақты белгілерін бойына толығырақ, тереңірек дамытқандығын көрсетеді. Ол - білімі ғылым деңгейіне, киімі сол кезде көп тараған сәнге, мінез-құлқы осы қоғамның адамгершілік талаптарына сай адам.
5. Коммуникативтік, қарым-қатынастық қызмет. Бұл мәдениеттің қоғамдағы негізгі қызметтерінің бірі. Адамдардың қарым-қатынасы, мәдениеттер сұқбаттасуы- әлеуметтік шындықтың басым көрінісі. Адам ерекше бір өрісте- қарым-қатынас өрісінде болады. Мәдени құндылықтарды оларды жасаушылар және тұтынушуылар арасындағы қарым-қатынас ретінде алуға болады. Мәдениеттің қоғамда атқаратын басқа да қызметтері жеткілікті. Зерттеушілер оның аксиологиялық, футурологиялық, герменевтикалық, т. б. түрлерін атайды.
№3. Тақырып. Мәдениет - адамзат әлемінің айнасы.
1. Мәдениет және тіл.
2. Тарихи - әлеуметтік және мәдени байланыстар жүйесіндегі адам.
3. Мәдениет және білімділік.
4. Мәдениет және қарым-қатынас этикеті.
Қазіргі адамзат баласы мыңдаған халықтардың жүздеген мемлекеттеріне біріккен миллиардтаған саны, әр тілде сөйлейтін бар жұртшылық. Олардың бәріне ортақ не болуы мүмкін? Олардың бәріне ортақ нәрсе - мәдениет, адам баласының саналы іс-әрекетінің жемісі ретіндегі мәдениет.
Мәдениет-адам әлемі. Мәдениет көріністерінде адамдық парасат, ақыл-ой, ізгілік пен әдемілік заттандырылып, игіліктер дүниесі құралған. Сонымен бірге мәдениет адамды тұлға деңгейіне көтеретін негізгі құрал.
Әл-Фараби айтқандай, адам - «хайуани мадани», яғни, мәдениетті жан. Адам- табиғат туындысы және ол үшін табиғи орта мәңгілік қажеттілік болып қалады. Мәдениет адамнан табиғатты бөліп алады деген пікір қанша рет айтылса да, адамның табиғи шығармашылықтың ең жоғары үлгісі екендігіне күмән жоқ. И. Гердердің тілімен айтқанда, адам - табиғаттың бірінші азаттық алған пендесі. Мәдениет адам мен табиғатты бөзліп тұрған «қытай қорғаны» емес, керісінше, олардың арасындағы нәзік үндестік және рухани қыл көпір. Осы үндестікті одан әрі жетілдіру - адаматтың алдындағы келелі міндет. Адам және мәдениет мәселесін тереңдете түсетін тағы бір жайт адамның қабілеттілігіне, жан-жақтылығына, шексіздігіне байланысты. Американ ғалымы К. Поппер айтқандай, адам бірдей үш дүниеге: физикалық, ментальдық (психикалық) және идеалдылыққа жатады. Сонда мәдениет осылардың қайсысымен көбірек анықталады деген заңды сұрақ туады. Егер біз мәдениетті тек материалдық және рухани бліктерге бөлудің қарадүрсін шеңберінен шыға алсақ, онда мәдениеттің өзінің ішкі мағынасында идеалды екендігіне көзіміз жетеді. Себебі, адамды қоршаған заттар, дүние - бұл мәдениеттің сыртқы көрінісі ғана, оның мәні - руханилықты адам әрекетінің нәтижесінде заттандыруда жатыр. Мәдениеттің ішкі мәні қоғамдағы өмір сүріп жатқан адамдардың өзіндік санасында, парасаттылық сезімдерінде, рухани ізденістерінде айқындалады. Негізгі комммуникация (байланыс) құралы тіл болғандықтан, тілге, ауызекі сөзге негізделген салт-дәстүрлер, мифтер, әдет-ғұрыптар немесе, жалпылама айтсақ фольклор кеңінен дамыды және ұрпақтар мирасқорлығының негізі де сол болып табылды. Тіл - байланыс құралы ретінде адамның тікелей қатынасуын қажет ететін болғандықтан да адамдар ұжымы өзара ұйымшыл. бөлінбес бірлікте болды. Жазу-сызудың пайда болуы адамзатты естілетін дыбыстық акустикалық кеңістіктен көзге көрінетін виуалды көрнекі кеңістікке итермеледі. Ұрпақтан ұрпаққа ұласқан ақыл-өсиет, даналық -ой, көпжылдық тәжірибе нәтижесі ендігі жерде тікелей ауызекі айтылмай, жазылған және көзбен көріп оқылатын мәтіндерге айналды. Мәтінді түсіну үшін дәлме-дәл, сөзбе-сөз оқу шегінен шығу керек: мәтін авторының көзқарасына және оның дүниетанымына, автордан тыс адамдардың «дауысына», яғни қоршаған әлеуметтік орта көзқарасына қанық болу керек әрі осы мәтін соған жолданған-ау дейтіндей мүмкін адресаты да көз алдыңа елестете білу қажет. Мәтінді түсіну үшін оның басқа мәтіндермен және мәдени контекстімен қатынасын білу қажет. Мәдениеттің шынайы мәні оның өзінде емес, оның басқа мәдениеттермен белсенді қарым-қатынасында, сұқбатында. Сондықтан да ол үнемі «шекаралық жағдайда» өмір сүреді, яғни өзінің басқалармен шекараластығында, бірлесе қоян-қолтық араласуында өз шындығын, өз мәнін табады. Сұқбат адамның, мәдениеттің «өзіндік» шекарасынан шығу қажеттілігін қамтамасызө етеді, өйткені адам да, мәдениет те өзіне-өзі тепе-тең емес, өзімен-өзі шектелген дүние. Адамның да, мәдениеттің де болу мүмкіншілігі тек «шекаралық жағдайда» жүзеге асады. Адамның басқа адаммен, мәдениеттің басқа мәдениетпен сұқбаты, қарым-қатынасы негізінде ғана бұл әлемдегі бар құндылықтар дүниеге келді. Адам санасы оның әлеуметтік болмысының жемісі ретінде адамның бір-бірімен қарым-қатынас жасауының нәтижесінде қалыптасты. Адамдық-қарым-қатынас оны басқа қоршаған табиғи ортадан бөліп-жарып, өзгешелеп алды. Тіпті физиологиялық тұрғыдан осы мәселеге көз тастайтын болсақ, онда да сананың сұқбаттық табиғатына куә боламыз. Сұқбат адамдардың бір-бірімен пікір алысуымен шектелмейді, ол дегеніміз адамдардың қатынасы. Тіпті бір ауыз сөз айтылмаса да, ешбір мағлұмат алынбаса да сұқбаттың болу мүмкіншілігі бар, өйткені сұқбат - ішкі, көрер-көрінбес әрекеттің бір-біріне бағышталғандығы. Сұқбат шын мәнінде гуманизмді, адамсүйгіштікті уағыздайды, солай дейтін себебіміз сұқбаттың мақсаты адамдар арасында үйлесімділікке қол жеткізу, түрлі мәдениеттер, ділдер, діндердің ортақ кездесу орнын көрсете білу. Қазіргі көппарадигмалық, сұқбаттық рухани жағдай кеңістігінде бастауыш мәдени императивтер болып төмендегілер аталады: еріктілік, төзімділік, өзара түсіністік. Қоғамның рухани өмірінің алға даму шыңы бүгінде тарихи өткен мұрадан болсын, қазіргі мәдени шығармашылықтан болсын жалпыадамзаттық мән-мағына ізденіске бастайды. Ол үшін сұқбатты тек арнайы сұқбат әлемі деп қана емес, кең түрде - адамның әлемге деген, өзіне деген, замандас халықтардың тарихы мен мәдениетіне деген құндылықты қарым-қатынас деп қарастыру керек.
№4-Тақырып . Индустриальды өркениет және ХХ ғасырдағы мәдениет мәселелері.
1. Жаңа замандағы мәдениет теориясы
2. XX ғасырдағы мәдениеттану мектептері.
ХХ ғасырға келетін болсақ, бұл кезеңде мәдениеттану философиядан тысқары тұратын, бірақ онымен мәдениет философиясы арқылы байланысқан жеке ғылым саласы ретінде қалыптаса бастады. Бұрынан қалыптасқан үйлесімділіктің рационалдық негіздерін іздеуден бас тартылды, ал мұның өзі мәдени дәстүрлерді ой елегінен өткізіп қайта қарау болып табылатын сана-сезімнің философиялық ізденістерін тығырыққа тіреді. ХХ ғасырда өткен кезеңдердегі қол жеткен дәстүрлі жетістіктердің негізінде бірнеше мәдениеттану мектептері қалыптасты. Олар:
а) Қоғамдық тарихи мектеп;
б) натуралистік мекеп;
в) социологиялық мектеп;
г) рәміздік мектеп;
А) Қоғамдық -тарихи мектеп.
Бұл мектептің қалыптасуының тамыры тереңде жатыр, өйткені оның классикалық дәстүрлері Кант, Гегель мен Гумбольдт сияқты ұлы философтардың шығармашылығымен тығыз байланысты болды. Қоғамдық-тарихи мектептің қалыптасуына тарихшылар мен философтар ерекше атсалысты, бірақ олардың қатарында діни адамдардың да болғандығын атап көрсетуіміз керек. Бұл ағымның негізгі қайраткерлері. Батыс Еуропада Шпенглер мен Тойнби, ал Ресейде - Н. Я. Данилевский болды. Освальд Шпенглер -әрі философ, әрі тарихшы. Өз заманында дүниені дүр сілкіндірген «Закат Европы» деген еңбектің авторы. Бұл еңбегінде ол тарихты түрлі мәдениеттердің алмасуы деп қарастырады. Мәдениет саласында жалпы азаматтық мирасқорлықтың болуын Шпенглер жоққа шығарды. Ол мәдениетті тарихи тұрғыдан 8 түрге бөледі. Олар: египеттік, үнділік, вавилондық, қытайлық, антикалық, исламдық, батыс еуропалық және орталық Америкадағы майя мәдениеті. Ол жаңа туындап қалыпатасып келе жатқан мәдениет қатарына орыс-сібір мәдениетін жатқызады. Әрбір мәдениеттің өмір сүру ұзақтығын жобамен бір мың жыл деп белгілейді. Олардың арасында өзара тең, мәнді байланыс болуы мүмкін емес деп есептейді. Оның пікірінше, өмір сүруін тоқтатуға бет алған кез-келген мәдениет дамудан «тоқырауға», творчестволық шырқаудан «құлдырауға», жаннан «интеллектіге», батырлық іс-әрекеттен «утилитарлық қызметке» айналады.
Арнольд Джозеф Тойнби ағылшынның тарихшысы, социологі, 12 томдық «Исследования истории» деп алатын көлемді еңбектің авторы. Алғашқы кезде Тойнби Шпенглердің ықпалымен өркениет шеңберіндегі адамзат дамуын ғылыми ой елегінен өткізуге тырысып, «өркениет» терминін «мәдениет» ұғымына синоним есебінде қарастырды. Өркениетті бар болғаны 8 түрге бөлген О. Шпенглерге қарағанда, Тойнби өз заманының терең ғылыи зерттеулеріне сүйене отырып алғашқыда 20-дан 30-ға дейін атап, ал кейінен өз дамуында белгілі бір дәрежеге жетіп, мәдениеттің тұрақталған 13 түріне тоқталды. Тойнби тарихтың қозғаушы күштерінің қатарына ұлы тұлғалар мен творчество адамдарын да жатқызды.
Б) Натуралистік мектеп. Бұл мектептің басты ерекшелігі - мәдениеттің биологиялық сипатын әсірелеп көрсету. Бұл бағытты жақтаушылар: негізінен, дәрігерлер, психологтар және биологтар. Мәдениеттану ғылымы саласында натуралистік мектептен кеңінен танымал болған «әлеуметтік дарвинизм» қабысады. Натуралистік мектептің қалыптасуына биологиядан басқа ХХ ғасырда пайда болған екі ғылым саласы: фрейдизм мен этология ерекше роль атқарды.
Зигмунд Фрейд - австриялық невропатолог , психиатр және психолог, психикалық талдау мен фрейдизмнің негізін салушы. Ғылымдағы бұл бағыт мәдени құбылыстарды, творчестволық процестерді түсіндіруде, тіпті бүкіл қоғамның дамуын анықтап көрсетуде де психологиялық концепцияларды қолдануды қажет деп тапты. Фрейд пен оның ізбасарлары мәдениет- «жеке адам психикасының қоғамдық экрандағы көрінісі» деп қарастырды. Фрейдтің ойынша, мәдениет, біріншіден, адамзат баласының ғасырлар бойы жинақтаған білімі мен өмірлік тәжірибесін қамтиды.
В) Социологиялық мектеп. Бұл мектептің мәдениеттану саласындағы ғылыми зерттеулері - қоғамның өзіне, оның құрылымы мен әлеуметтік институттарына бағытталған. Әрине өзіне тән бағыт-бағдары болғанымен социологиялық мектеп басқа мектептерден «қытай қорғаны» арқылы бөлініп тұр, ешбір байланысы жоқ десек қателескен болар едік. Шын мәнінде, әр мектеп өкілдерінің концепциялары көп жағдайда бір-бірімен үндес, сабақтас келеді. Социологиялық мектептің көрнекті өкілдерінің бірі- Томас Стернз Элиот ол американ ақыны, модерндік бағыттың сыншысы, «Заметки к определению культуры» деген еңбектің авторы. «Мәдениет дегеніміз, - деп жазды Элиот, белгілі бір жерді мекендейтін халықтың тұрмыс-тіршілігі». Социологиылық мектептің тағы бір көрнекті өкілі әрі экономист, әрі социолог, «Социология истории и культуры» деген еңбектің авторы, неміс ғалымы - Альфред Вебер. Ол тарихты бір-бірімен тығыз байланысты, бірақ өз заңдарымен дербес дамитын үш процеске бөлудің тамаша теориясын ұсынды. Олар. әлеуметтік процесс, өркениеттік поцесс және мәдени процесс.
Г) Рәміздік мектеп - жаппай ақпарат құралдарының қарқынды дамуының нәтижесінде кейінен қалыптасқан мектеп болды да, ХХ ғасырда қалыптасқан мектептердің арасында үлкен беделге ие болды. Олай болса, кейбір философтар мен социологтардың, қазіргі замандағы ғылыми-техникалық революцияның орнын «ақпараттық революция» жасады деген пікірлері дұрысқа шыққан сияқты.
Рәміздік мектептің көптеген өкілдерінің ішіндегі ең көрнектілері, осы мектептің «атасы» болып саналатын ұлы ғалымдар - Э. Кассирер мен К. Леви-Строс.
№5. Тақырып . Архаикалық мәдениет .
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz