Аударма негіздері (әдістемелік көмекші құралы)


Пән: Тілтану, Филология
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 48 бет
Таңдаулыға:   

Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым Министрлігі

Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті

Жетесова Ж. А.

Аударма негіздері

Ақтөбе 2008

Жетесова Жанар Алмасқызы

Аударма негіздері (әдістемелік көмекші құралы)

Әдістемелік көмекші құралда аударма негіздері, атап айтқанда көркем аударма барысында қолданылатын тәсілдер, аударманың грамматикалық, лексикалық және стилистикалық ерекшеліктері қарастырылған. Бұл құрал «Аударма ісі» мамандығы бойынша білім алушы жоғарғы курс студенттеріне арналған. Әдістемелік көмекші құралда аударма негіздеріне қатысты дәрістер берілген.

Пікір жазғандар:

Аязбаева А. М.

Филология ғылымдарының кандидаты

(Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті )

Нұртазина К. Б.

«Филология және аударма ісі»кафедрасының аға оқытушысы (С. Бәйішов атындағы Ақтөбе университеті)

Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің «Аударма ісі» кафедрасының кеңесінде мақұлданып, баспаға ұсынылған.

Алғы сөз

Берілген әдістемелік көмекші құрал ағылшын тілін оқып-үйренуші жоғары оқу орындарының жоғарғы курс студенттеріне арналған. Әдістемелік көмекші құралдың мақсаты - студенттерді аударма негіздерімен, аударма тапсырмаларын шешуде қолданылатын әдіс - тәсілдермен таныстыру. Мұнда аударма барысында қолданылатын грамматикалық, лексикалық және стилистикалық тәсілдердің өзіндік ерекшеліктері мен қолданылу аясы қарастырылған. Әдістемелік көмекші құрал Т. А. Казакованың «Аударманың практикалық негіздері» атты оқу құралын негізге ала отырып құрастырылған. Берілген әдістемелік көмекші құралдың болашақ аудармашыларға аударманың теориялық негіздерінен білімін кеңейтуде, алдағы тәжірибелік жұмыстарында жинақтаған білімдерін іс жүзінде қолдануда көп көмек болады деген сенімдемін.

Бірінші бөлім.

Аударма бірліктері мен стратегиялары

1 тарау. Аударма тәсілдері

Кіріспе

Швейцар А. Д. : «Аударма - адамдар әртүрлі тілдерде өз ойларын білдіруінде қарым - қатынастың тілдік қызметін атқаратын көмекші құрал. Сондықтан, аударманы тіларалық коммуникация әрекеті деп атау өте дұрыс» деп аудармаға орынды анықтама берген. Аударманың бір түрі - көркем аударма. Көркем аударма деп көркем шығармаларды аударуды атайды. Көркем шығарманы аудару күрделі де, көп уақыт талап ететін шығармашылық және танымдық жұмыс.

Аударма - белгілі бір тілде берілген хабарды аударма тіліндегі ақпаратқа қайта құру. Сөзбе сөз аударуға болмайды, өйткені әртүрлі тілдердің грамматикалық құрылымында, сөздік қорында, мәдениетінде айырмашылықтар болады. Салыстырмалы грамматикалар мен қос тілді сөздіктер қолданыста бар болғанымен, әртүрлі халықтар мәдениетінің салыстырмалы анықтамалары жоқ. Аудармашы бастапқы және аударма тілдерінің мәдениетін тең деңгейде білуі тиіс деп айтылғанымен, аудармашылардың көпшілігі мәтінді мәдени - салыстырмалы деңгейде ғана аударады. Жалпы мәдени құндылықтарға немесе салыстырмалы құндылықтарға негізделген мәтіндердің көпшілігі аударуға тұрарлық. Оларды аударуда аудармашы тек аударма барысында қиындық тудыратын негізгі хабардың стилистикалық, эмоционалдық не бағалау құрамдарына ғана емес, сонымен бірге жалпы және әмбебап түсініктерге зейін салады. Қиындықтар аударылмайтын элементтерден бастап толықтай мәтінге дейін кездеседі. Ағылшын тілінен қазақ тіліне ресми хатты аудару барысында ағылшын тілінің Dear Sir қаратпа сөзінің анайы түрі қазақ тіліне Қымбатты мырза деп аударылады. Дегенмен оның аудармасын Құрметті мырза деп аудару қазақ тілінің мәдени және ресми тіліне сай болар еді. Қазақ тіліндегі Аса қадірменді Шредер мырза деген қаратпа сөздің анайы түрін ағылшын тіліне аударсақ, Deeply respected Mr. Schroeder болады. Дегенмен бұл аударма ағылшын тілінің ресми тіліне сай еместігінен, аударма басқаша жасалады: Dear Sir немесе Dear Mr. Schroeder. Осындай аударма барысындағы қиындықтар аудармашының коммуникативті - делдалдық қызметі, грамматикалық анықтамалар, қос тілді сөздіктер мен әртүрлі елдердің мәдениетін қамтитын оқулықтардың көмегімен шешіледі. Аудармашының коммуникативтік жағынан аудармасының табысты болуы көп жағдайда аудармашының аударма тәсілін, аударманың бірліктері мен стратегияларын дұрыс таңдауына байланысты болады.

Аударма жасау барысында аудармашы алдымен аударманың тәсілін, яғни аударма мәтініне сәйкес ақпарат тізбегінің көлемін анықтап алады. Тізбекті таңдауда біріншіден мәтіннің аударма мәдениетіне сай толық немесе ішінара түрде берілуі анықталады. Осы кезде коммуникативтік тапсырмаға сәйкестендіріліп толық не қысқартылған аударма таңдалады. Қысқартылған аударманы мәтіннің барлық түрлеріне - қарапайым іскерлік хаттан романға дейін қолдануға болады. Қысқартылған аударманы қолданудың нәтижесіне мынадай мәтіндер: тезистер, конспектілер, рефераттар, аннотациялар, дайджесттер, қосымшалар, т. б. жатады. Мұндай мәтіндердің көлемі лексико - семантикалық, синтаксистік және стилистикалық бейнесі әрдайым аудармашының мақсатқа жетуі үшін таңдаған тәсіліне байланысты болады. Шын мәнінде, қысқартылған аударма екі түрлі негізгі тәсілдердің бірінің -таңдамалы аударма немесе функционалдық аударманың көмегімен орындалады.

Таңдамалы аударма қысқартылған аударманың тәсілі ретінде аудармашылардың пікірінше, бастапқы мәтін бірліктерінің ең қажеттісін таңдау мен олардың толық аудармасынан тұрады. Ал бастапқы мәтіннің қалған барлық құрамды бөліктері осындай тәсілде екінші орынға қойылады не тіпті аударылмайды. Мұндай тәсіл ресми хаттарды, газет материалдарын, ғылыми мақалалар және хабарламаларды, баяндамаларды тезистік - рефераттық түрде мазмұндауда жиі қолданылады. Осындай аударманың дұрыстығы аударма барысында бастапқы ақпараттың белгілі бір маңызды бөлігін жоғалтпас үшін керекті бірліктерді таңдау дәлдігіне сай негізделеді.

Функционалдық аударма бастапқы мәтінді өзге тілге аударудағы қысқартылған аударманың тәсілі ретінде бастапқы мәтін бірліктерінің функционалдық қайта құрылуының негізінде аударма мәтінін құрамды бөліктерге бөлуге байланысты жасалады. Функционалдық қайта құру бастапқы мәтінді қысқарту мақсатында қолданылатын лексико - семантикалық, грамматикалық және стилистикалық өзгерістерге негізделеді. Үлкен шығарманы қысқартып, әдеби мазмұндауда функционалдық аударма қолданылады.

Ал қысқартылған аудармадан толық аударманың ерекшелігі - бастапқы мәтіннің ақпарат тізбегінің барлық құрамды бөліктерінің аударма тілінде толықтай берілуі болып табылады. Толық аударманы сөзбе сөз, семантикалық немесе коммуникативті аударма тәсілдерімен жасауға болады.

Сөзбе сөз аударма бастапқы мәтінді аударма тілінің бірліктерімен сөзбе сөз жеткізуге негізделеді. Шын мәнінде, сөзбе сөз аударма салыстырмалы түрде коммуникативтік мақсатта аз қолданылады және әдетте тек ғылыми салада ғана кездеседі. Бастапқы мәтінді аударудағы басқа тәсілдерден лингвистикалық тұрғыдан талдап, түпнұсқаның синтаксистік құрылымы туралы ақпарат беретін сөзбе сөз аударма маңызды. Сөзбе сөз аударма аударылмайтын сөз тізбектері немесе тұрақты сөз тіркестерінің бірліктеріне түсіндірме жазуда қолданылады.

Семантикалық аударма - аударма тілінің бірліктерімен бастапқы мәтін элементтерінің контекстік мағынасын толықтай беруге негізделеді. Семантикалық аударма үрдісі екі стратегияның: аударма тілі қабылдаған ойды жеткізуге бағытталған стратегиялар және ойды жеткізудің бастапқы түрінің ерекшеліктерін сақтауға бағытталған стратегиялардың өзара әрекеттестігін білдіреді. Бірінші стратегия бастапқы мәтіннің стандартты синтаксистік құрылымдарын, пунктуация, бір үлгідегі метафоралар, сөйлем көлемі, шылаулар, морфологиялық құрылымдар, кең тараған жалпы мәдени және ғылыми терминдер сияқты лексико - грамматикалық элементтерін аударуда қолданылады. Екінші стратегия стандартты емес лексика, авторлық құрылымдар, стилистикалық тәсілдерді, ерекше лексиканы аударуда қолданылады. Мұндай жағдайда семантикалық аударма әдеттегіден гөрі бастапқы белгінің ерекшелігін бетке ұстайды және аудармада оның ерекшеліктерінің көпшілігін, тіпті сөзбе сөз аудармасын да сақтайды.

Семантикалық аударма негізінен жоғары әлеуметтік - мәдени маңызға ие мәтіндерді: маңызды тарихи деректер, үздік әдеби шығармаларды, құнды эпос үзінділері, т. б. аударған шақта қолданылады. Мұндай аударма тәсілі бәрінен бұрын мамандардың аз тобына арналған академиялық басылымдар үшін немесе жеке дара түпнұсқасы бар құжаттарды аудару үшін қолданылады. Сонымен бірге бұл аударма тәсілі техникалық нұсқаулар түрлерін, ғылыми басылымдарды, құқықтық құжаттарды аудару үшін қажет.

Коммуникативтік тәсіл бастапқы ақпаратты қабылдаушыға нақты түрде жеткізуді мақсат етеді. Мұндай аудармада бастапқы мәтіннің тілдік құрамы ғана емес, сонымен бірге оның мазмұны мен эмоционалды - эстетикалық маңыздылығы басты орында болады. Сонымен бірге коммуникативтік аударманың функционалдық аудармадан ерекшелігі: ондағы бастапқы ақпаратты еш қысқартуға болмайтындығында. Көркем аудармадағы қолданылатын тәсілге міне осы коммуникативтік тәсіл жатады. Бұл тәсіл көркем шығармаларды аударуда ғана емес, сондай-ақ публицистиканы, ғылыми - теориялық және ғылыми мәтіндерді аударуда да қолданысқа ие болады.

Өлеңдерді аудару - коммуникативтік аударманың айрықша нұсқасы. Өйткені, өлеңдер жәй семантикалық немесе сөзбе сөз аударуға келмейді. Тіпті, өлеңдік мәтінді проза түрінде аудару үшін де лексико - семантикалық және грамматикалық құрамдарын білу аздық етеді. м Сонымен бірге мұндай аудармада өлеңдік мәтіннің фонетикалық және ритмдік құрамды бөліктері назардан тыс қалып, өлең - өлең сипатынан айрылады.

Аударма тәсілдерінің бірін таңдағанда аудармашы аудармашылық үрдісте таза күйінде қандай да бір аударма тәсілінің жеке дара қолданылмайтынын естен шығармауы тиіс. Күрделі мәтіндерді аударуда бірнеше тәсіл түрлері қолданылғанымен, олардың ішіндегі біреуі басымдылық танытып, соған сәйкес аударма мәтінін талдау және аударма бірліктерін анықтау жолдары көрсетіледі.

2 тарау. Аударма бірліктері және мәтінді сөйлем мүшелеріне талдау

Аудармашының басты біліктілігі - оның бастапқы мәтінді әртүрлі тәсілдер арқылы сөйлем мүшелеріне талдай білуі.

Жас аудармашылардың көп таралған қатесіне сөзбе сөз аударма жасауы, яғни бастапқы мәтінді біркелкі сөйлем мүшелеріне немесе айтылымдарды бөлек сөздерге талдауы, оларға аударма тілінде баламалар іздеп, сол арқылы аударма мәтінін құруы жатады. Бұл қатенің мәні - аудармаға жататын сөз бірліктерінің орнына аудармашы тілдік бірліктерді қоюында және әртүрлі тілдегі сөз бірліктерінің тілдік құрамы үйлеспей қалуы да мүмкін екендігін елемеуі. Аударманың бірліктерін нақты анықтау - аударманың дұрыс болуының басты шарттарының бірі. «Аударма бірліктері» ұғымының мәні мен мағынасы туралы ғалымдардың пікірлері әр қилы. Осы салада зерттеу жұмыстарын жүргізген Л. С. Бархударов және В. Н. Комиссаровтың берген анықтамасы мынадай: «Аударманың бірліктері деп біз бастапқы мәтіндегі бірліктердің аударма мәтінінде ұқсастықтарын таба алатындай, бірақ құрамды бөліктері жеке дара аударма мәтінінде ерекшеленетін бірліктерді атаймыз».

Аударма бірліктерінің негізіне тек қана сөз емес, сонымен қатар тіл бірліктері де: фонемадан бастап фразадан тыс бірліктерге дейін кіреді. Аудармаға жататын бастапқы бірлікті дұрыс анықтаудағы басты шарт - сол не одан басқа бастапқы бірліктің мәтіндік қызметін анықтау болып табылады. Сөзбе сөз аударманың бұрыстығы осындай тілдік бірліктердің мәтіндік қызметін дұрыс анықтамағандықпен байланысты: ауызша немесе жазбаша түрдегі сөздік жағдаятқа түскен сөз тілдік бірлік ретінде негізгі мәтіндегі өзге сөздермен жүйелі әрекеттерімен байланысты болады, яғни мәтінге, жағдаятқа шартты түрде тәуелді болады. Бұл тәуелділіктер, жоғарыда айтылғандай, жүйелі кейіпте болады және минимумнан (көршілес сөзден) максимумға (тұтастай мәтін немесе тіпті мәтіннен тыс байланысқа) дейін контекстік басшылықты құрайды.

Сөздің контекстік тәуелділік феномені мәтіннің сөздік құрамының кеңістіктік, уақыттық және себеп-салдарлық кейіпін анықтайды, және де әртүрлі тілдерде бұл тәуелділіктердің берілуі әрқилы болады. Шын мәнінде, аудармашы бөлек сөздермен бірге бастапқы мәтінге сәйкес сөз аралық жүйелі тәуелділікпен кезігеді. Жаңа бастаушы аудармашының жіберетін қатесінің бірі - жеке тәуелділіктер және тұтас тәуелділік жүйесін анықтап бағалай алмауы.

Мәселен, «Ол Алматыда тұрады» деген хабарлама тілдік құрамы жағынан ағылшын тіліндегі «She lives in Almaty» фразасымен сәйкес келсе, ал «Ол «Астория» қонақ үйінде тұрады» деген хабарлама «She is staying at the Astoria» деген лексико-грамматикалық жинаққа өзгереді. Екінші мысалдағы қазақ тілінен ағылшын тіліне сөзбе сөз аударма жасау негізінен хабарламаны бұрмалайды, өйткені бұл жағдайда аударманың бірлігін жекелеген сөздер деңгейінде емес, тұтас сөз тіркесі деңгейдегі кеңістіктік, уақыттық, себеп-салдарлық нақты тәуелділіктерге негізделген сөз тіркестері деңгейінде анықтау қажет болады. Қазақ тілінде «тұрады» сөзі «жергілікті орында тұру» не «қонақ үйде тұру» сынды сөз тіркестерінің құрамына кіргенімен, яғни кеңістіктік, уақыттық жағынан кең қолданысқа ие болса, ағылшын тілінде бұл хабарламалар әртүрлі тілдік бірліктерді талап етеді. Бірінші жағдайдағы мәтін уақытты нақтылауды қажет етпейтін кеңістіктік тәуелділікке негізделген «белгілі бір жергілікті орында тұрақты тұру» сөз тіркесін білдіріп, ағылшын тіліндегі «to live» сөзіне сай болады.

Нақты уақыттық тәуелділіктің болмауы аудармада «to live» жәй уақыттық түрмен қанағаттандырса, екінші мысалдағы мәтін «арнайы мекемеде тұру» нақты кеңістіктік тәуелділік және «уақытша тұру» нақты уақыттық тәуелділікті тудырып, ағылшын тілінде өзгеше сөзді қолдану мен уақыттық түрді нақтылауды талап етеді. Жас аудармашының жіберетін қателерінің бірі - бастапқы тәуелділіктерді дұрыс бағалай алмауының нәтижесінде «She lives in the Astoria» деп аударып, шынайы мәнін өзгертіп, «Ол әрдайым Асторияда тұрады» деп аудару арқылы жағдаятқа сай аударма жасай алмауы.

Егерде бастапқы мәтінді бағалаудағы басты контекстік тәуелділіктердің түрлерін қарастыратын болсақ, онда олардың қатарына ең алдымен не? қайда? қашан? қалай? сұрақтарына жауаптарды жатқызу керек. Тәуелділіктердің басқа тобы қалай айтылды? (тема) және не айтылды? (рема) деген сұрақтарға жауаптардан тұрады.

Белгілердің бірізділігіне сәйкес аударма жасау - осы тәуелділіктердің тобын бағалауда жіберілетін қате. Мұндай жағдайларда үйлесімділікті дұрыс құрудың өзі жеткіліксіз болады, өйткені аудармаға жататын бірлік жоғары деңгейдегі синтаксистік құрылым - ағылшын және қазақ тілінде әдетте қызметі, тәсілдері сәйкес келе бермейтін, маңызды сөйлем мүшелеріне талдау аспектісіндегі сөйлем болуы қажет.

Мәселен, ағылшын тіліндегі «A few students of our university were reported to take part in the competition» сөйлемін аудару теморематикалық тәуелділіктерді есепке алуды талап етеді: «A few students of our university» сөз тіркесі ағылшын тілінде рема болып табылады, яғни не айтылды? деген сұраққа жауап береді. Ағылшын тілінде реманың сөйлемнің басқы жағында тұруы сынды құрастырулар орынды болса, қазақ тілінде ремалық тәуелділіктер сөйлемнің екі бөлігінде де орналасуы мүмкін. Осы сияқты айырмашылықтарды ескере отырып бастапқы сөйлемнің құрамдас бөліктерінің бірізділігін өзгерту арқылы осы сөйлемді былай: «Хабарлама бойынша, сайысқа біздің университеттің бірнеше студенттері қатысыпты» аудару керек.

Аударманың бірліктерін анықтаудағы қиын жағдайлар максималды түрдегі контекстік тәуелділіктермен тығыз байланысты, яғни өзінше тілдік тәуелділіктердің белгілік қызметі сөйлемнен тыс, кейде тіпті толық мәтіннен де тыс жағдайда анықталады.

Сөйлемге мәтіндегі дербес бірлікті құрау міндетті де емес: ол тілдік сипаттамалары жөнінен белгілі бір шамада біртұтастыққа тәуелді күрделірек фразадан тыс бірліктерге жатуы мүмкін, және бұл тәуелділік түрлі тілде әртүрлі тілдік шешімдерді талап етеді. Льюис Кэроллдың «Айна артында» шығармасында басты кейіпкер Алиса әртүрлі фантастикалық, таңғажайып тіршілік иелерімен кездесіп, оларды өзіне таныс жәндіктердің есімдерімен салыстырады:

“And then there’s the butterfly, ” Alice went on …

“Crawling at your feet, ” said the Gnat (Alice drew her feet back in some alarm), “you may observe a Bread-and-butter-fly. Its wings are thin slices of bread-and-butter, its body is a crust, and its head is a lump of sugar. ”

“And what does it live on?”

“Weak tea with cream in it. ”

A new difficulty came into Alice’s head. “Supposing it couldn’t find any?” she suggested.

“Then it could die, of course. ”

“But that must happen very often, ” Alice remarked thoughtfully.

“It always happens, said the Gnat. ”

Студенттің аудармасы бойынша мәтін мынадай сипатта болады:

«Тағы, бізде көбелек бар», деп Алиса әңгімесін әрі жалғастырды.

«Аяғыңның астында», деді Маса (Алиса қорқыныштан сәл кейін шегінді), «сен Бутербродты бақылай аласың. Оның қанаты май жағылған бутербродтан жасалса, денесі тәтті наннан, ал басы бір шағым қанттан жасалынған. »

«Ал ол немен қоректенеді?»

«Кілегей қосылған сұйық шәймен».

Алисаның басына жаңа қиындық түсті. «Ал егерде ол оны таба алмаса ше?» деп ойлана қалды.

«Онда ол, әрине, өліп қалады».

«Олай болса, мұндай жағдай жиі кездесуі керек қой», деп Алиса ойындағын айтты.

«Бұлай әрдайым болып тұрады», деді Маса.

Бұл аудармада жеке дара лексико-грамматикалық қате жіберушіліктен бөлек, мәтіндегі маңызды нәрсе тысқары қалған. Мұнда бастапқы мәтінге тән ирония, сөздерді ауыстыру және сөйлемнен күрделі, дербес мәтін бірліктері болып табылатын эпизодтар жоқ. Эпизод тәуелділіктерін есепке ала отырып, орыс тіліне аудармада Н. Демурова бастапқы мәтінді айтарлықтай өзгертеді:

«Міне, мәселен, бізде көбелек бар», деді Алиса.

«Ә-иә, - деп Маса сөзін созды. - Ана бір бұтаға қарашы. Бұтағында кім отырғанын білесің бе? Бао-көбелек! Ол тұтастай ағаштан жасалынған, ал оның мұртшалары жас бұтақтың өркендері сияқты жасыл және нәзік!»

«Ал ол не жейді?» - деп, Алиса қызыға сұрады.

«Жоңқалар мен үгінділер», - деп, Маса жауап берді.

Н. Демурованың айтуынша, «Кэроллдың кестесі мұнда біршама жұрнақ пен жалғаудың әсерінен күрделенеді. «Жабыстыру» сол бір қағида бойынша жүреді. Баобаб пен көбелек сөздерін қосудың нәтижесінде баокөбелек шығады. Н. Демурова аударма барысында бастапқы мәтінді қарапайым тілдік бірліктермен бергеннен гөрі құрамы күрделісіне ауыстырып, сөздерді ауыстыру арқылы өзгерту қажеттігін де атап көрсетеді.

Мәтіннен тыс тәуелділіктер аудармашыдан кең түрде жалпы мәдени, арнайы білімдерді білуін талап етеді. Оларсыз адекватты аударма жасау мүмкін емес. Кейбір жағдайларда бұл тәуелділіктер тобы аударма мәтінінде транслитерация, калькалау немесе аудармашы түсіндірмесінің қолданылуын алдын ала айқындайды. Әсіресе бастапқы мәтіндегі мәдениеттің ерекшеліктерімен байланысты аударма аса маңыздылыққа ие.

Сонымен, бастапқы мәтіннің аударма бірліктерін анықтап, сөйлем мүшелеріне талдауда, біз оларды мәтіннің ішіне енетін сөздердің мазмұндық және құрылымдық - функционалдық қасиеттерін анықтайтын тәуелділіктер жүйесі бойынша анықтаймыз.

3 тарау. Аударма барысындағы қайта құру түрлері

Бастапқы мәтінді сөйлем мүшелеріне талдау және аударма бірліктерін анықтау үрдісінде аудармаға жататын мәтіндік бірліктердің екі түрі ерекшеленеді: контекстке стандартты түрде тәуелді бірліктер және стандартты түрде тәуелсіз бірліктер. Стандартты түрде тәуелді бірліктерді аудару екі тілдің типологиялық ерекшеліктерін ескеретін лексико - грамматикалық сәйкестік деңгейінде жақсы іске асады. Бұл бірліктер әрбір жәй мәтінді құрайды және аударма негізін анықтайды. Осылайша, осы үлгідегі бірліктер бастапқы мәтінді қайта жасап, стандартқа сәйкес кейіпте болады және тіларалық сәйкестіктерге апарады.

Стандартты түрде тәуелсіз бірліктер ерекше аударма технологиясын талап етеді, бірліктердің құрылымы мен атқаратын қызметтері екі тілде өзгеше болады және әлеуметтік - мәдени дәстүрлерге бастапқы мәтін авторының, аударма мәтінін қабылдаушы мен аудармашының жеке тәжірибелеріне де байланысты өзгеше болады. Осындай бірліктерді аударуда арнайы өзгеріс тәсілдерін қолдану қажет, осыған орай тілдік, мәдени және психологиялық факторлардың үндесуін қадағалап отыру керек.

Тілдік фактор аудармашының бастапқы мәтіннің белгілі бір элементтерін өзгерту түрін қолдануымен анықталады: транслитерация, калькалау, модификация, алмастыру, аудармашы түсіндірмесі және т. б.

Мәдени фактор аударма элементінің ақпараттық бірізділігінің көлемін бастапқы мәтін негізіндегі әлеуметтік - мәдени дәстүрге сәйкес анықтаумен анықталады.

Психологиялық фактор бастапқы элементтің ақпараттық бірізділігінің көлемін жеке тәжірибе және бастапқы мәтін авторының немесе аударма мәтінін қабылдаушының тәжірибесі туралы болжамдар негізінде анықтайды.

Тілдік көзқарас бойынша, стандартқа сәйкес үйлестіктерге келмейтін бастапқы мәтіннің осындай бірліктерін аудару үшін аудармашы негізгі үш тәсілді: лексикалық, грамматикалық және стилистикалық түрлерін қолдана алады.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Аударма түрлері. Мәтінді аудару барысында аударма түрлерін
Ауызша аударма тарихы
Аударма түрлеріне жалпы түсінік және қалыптасу кезеңдері
Аударма кезіндегі сөз құрылымын өзгерту
АУДАРМАНЫҢ ТҮРЛЕРІН ЖІКТЕУ
Көркем аударма түсінігі
Тіл қатынас жүйесі және аударма түрлері
ҰЛТТЫҚ МЕКТЕПТЕРДЕ ҚАЗАҚ ТІЛІН ЕКІНШІ ТІЛ РЕТІНДЕ ОҚЫТУДЫҢ ӘДІСТЕМЕСІ МЕН ӘДІСТЕРІ
Ағылшын тілі сабағында жоғары сынып оқушыларының аудармашылық құзіреттілігін дамыту ерекшеліктері
Аударманың түрлері
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz