Қылмыстық құқықтағы кінәнің түсінігі және маңызы


МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ . . . 4

1 ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚҰҚЫҚТАҒЫ КІНӘНІҢ ТҮСІНІГІ ЖӘНЕ МАҢЫЗЫ . . . 6

1. 1 Кінәнің түсінігі . . . 6

1. 2 Кінәнің нысандары . . . 12

1. 3 Кінә концепциясын сынға алу . . . 15

1. 4 Кінәнің күрделі нысаны және кінәсіз зиян келтіру . . . 20

2 КІНӘНІҢ ҚАСАҚАНА НЫСАНЫ . . . 28

2. 1 Қасақаналықтың түсінігі және түрлері . . . 28

2. 2 Жанама қасақаналықты қылмыстық менмендіктен ажырату . . . 35

3 ҚЫЛМЫСТЫҚ АБАЙСЫЗДЫҚ . . . 39

3. 1 Қылмысты менмендік және немқұрайдылық . . . 39

3. 2 Абайсыз қылмыстардың техникасы . . . 47

ҚОРЫТЫНДЫ . . . 51

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ҚАЙНАР КӨЗДЕР ТІЗІМІ . . . 55

КІРІСПЕ

Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген қағида бойынша, қылмыстық жауаптылыққа қылмыс жасаған тұлғаның кінәсі бар болғанда ғана жол беріледі. Әрбір айыпталушы тұлғаның кінәлілігі, заңмен көрсетілген тәртіпте дәлелденбегенше дейін, ол кінәсіз болып саналады. Қазіргі қолданыстағы қылмыстық заңнамаға сәйкес кінә - бұл қылмыстың қажетті әрі маңызды белгісі, оның психологиялық мазмұны. 1997 жылғы Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінде, “адам соларға қатысты өз кінәсі анықталған қоғамдық қауіпті әрекеті (іс-әрекет немесе әрекетсіздігі) және пайда болған қоғамдық қауіпті зардаптар үшін ғана қылмыстық жауапқа тартылуға тиіс” деп айтылған. Бұл ережелер, біздің заңнамаға “ойы”, ”қауіпті жағдайы”, “наным-сенім”, абайсызда зиян келтіргендігі үшін жауапкершілік секілді объективті айып арту жат нәрсе екенін дәлелдейді.

Әрбір қылмыста азамат өзінің сыртқы әлемге, қоғамға, жеке тұлғаға деген қатынасын білдіреді. Қылмыстың психологиялық мазмұны да осымен көрініс табады.

Дипломдық зерттеудің осы тақырыбын таңдап алудың бір себебі - бұл қылмыстық іс-жүргізудегі ақиқат (шыңдық) туралы сұрақ болып отыр. Бір жағынан ойлап қарасақ, бұл мәселе бойынша пікір - талас жүргізу үшін түпкі тамыр жоқ секілді. Фактілердің дұрыс екенін анықтау - істің дұрыс шешілуінің алғашқы шарты болып келеді, кем дегенде - айыптау үкімінің дұрыс тағайындалуын алайық. Тәжірибеге анализ жүргізу барысында, біз дәл осы шарттың орындалмауы соттың қателіктер жіберуіне себепкер болатынын көреміз. Егер іс бойынша фактілер және қылмыс жасаған тұлға, яғни қылмыстың объективтік жағы мен субъектіні барлық болған мән-жайларға дұрыс анализ жүргізу барысында анықтауға болса, бұл жағдайда қылмыстың субъективтік жағы ең ауыр және түсініксіз болып қала береді.

Көптеген жылдар бойы заңгерлер кінә дегеніміз не деген сұраққа пікір - талас жүргізуде: бұл моральдық категория ма әлде әлеуметтік пе, жеке тұлғалық па әлде заңды ма? Оны жан-жақты қарастыра отырып, ғалымдар ол жөнінде қылмыстық жауапкершіліктің негізі ретінде, сондай-ақ ниет және мақсатпен қатар қылмыстың субъективті жағын құрастырушы белгілерінің бірі ретінде сөз қозғайды. Кінә нысаны ретіндегі қылмыстық құқық теориясының мұндай түсінігі, онда маңызды орындарының біріне ие.

Кінә нысаны, объектілері бойынша ұқсас қылмыстарды бір- бірінен айыруға мүмкіндік береді, соңдай-ақ жазаны жекешелендіруге әсерін тигізеді және әрекеттің қоғамға қауіптілік дәрежесімен бірге қылмыстардың заңды саралануының критериі болып табылады (мысалы, аса ауырға тек қана қасақана жасалған қылмыстар жатады) . Кінә нысаны, бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеу үшін түзеу мекемесінің түрін тағайындауға, сонымен қатар жазаны өтеуден мерзімнен бұрын шартты түрде босатуға да әсерін тигізеді. Кінәнің қасақана түрі қылмыс рецидивін тануға да әсер етеді.

Қылмыстық құқықта субъективті жақтың, сонымен бірге, кінә мәселесіне ерекше назар аударылады, себебі кінәлі жауаптылық қағидасынан кішігірім ауытқудың өзі заңдылықтың бұзылуына, сондай-ак жауапкершілік, оның көлеміне қатысты сұрақтың әділетсіз шешімін табуына әкеп соқтыруы мүмкін. Өткен ғасырдың өзінде Г. С. Фельдштейн: “Кінәлілікті зерттеу мен оның үлкен немесе кішігірім тереңдігі, қылмыстық құқықтың өлшеуіші болып табылады” деген [1, 2 б. ] .

Кінә мәселелеріне қылмыстық құқықта әрдайым назар бөліп отырған, олардың көпшілігі монографиялық және оқу әдебиеттерінде, соның ішінде Кригер Г. А., Нерсесян В. А., Рарог А. И., Утевский Б. С., Козаченко И. Я., Никифоров Б. С., Нуртаев Р. Т., Сергеева Т. А. және т. б. заңгер- ғалымдардың еңбектерінде жан- жақты көрініс тапқан. Алайда, осы күнге дейін осы сұрақтардың кейбіреулері қиындық туғызады, сол себептен олар әртүрлі шешіледі. Кінәнің әртүрлі аспектілеріне әртүрлі көзқарас, соттық қателіктерінің анағұрлым көп санына себепкер болады (20%-дан 50%-ға

дейін) . [2, 101 б. ]

Бұл жұмыстың маңыздылығы казіргі кезде болып жатқан қазақстандық заңнаманың жүйесін өзгерту кезінде, кінәнің нысанын (түрін) дұрыс анықтау мәселесі, және онымен байланысты жазалаудың мәні мен көлемі өте маңызды болып табылатындығынан көрінеді.

“Кінә” сөзіне тоғышар қандай ой салады және сотталушы тұлға оған қандай ой салады, ал құқыққолданушы тұлға мен ғалымдар оған қандай ой салады?

Бұл жұмыста кінәнің түсінігі, мазмұны және әлеуметтік мәні, сондай-ақ кінә нысандары қарастырылады, кінәнің екі нысаны туралы мәселе қозғалады. Соңында кінә сөзінің өзіне түсінік беру мысалдары және бұл сөздің астарында не жатқандығы келтіріледі, сондай-ақ европалық елдерде кінә түсінігі мен нысандарына қатысты тәжірибелер де келтіріледі.

Дипломдық жұмыс үш бөлімнен, тоғыз параграфтан, кіріспеден, қорытындыдан және пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.

1 ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚҰҚЫҚТАҒЫ КІНӘНІҢ ТҮСІНІГІ ЖӘНЕ МАҢЫЗЫ

1. 1 Кінәнің түсінігі

Кінә, жалпы таным бойынша, қылмыстың субъективтік жағына жатады, бірақ осы категориялардың қылмыстық - құқықтық әдебиеттердегі ара қатынасы - ұзақ уақыт бойы дау туғызатын пән болып табылады. Қылмыстың субъективті жағының түсінігі мен кінә түсінігі сәйкес келе ме, әлде бұл түсініктер ұқсас емес пе ? Бұл сұраққа екі әртүрлі жауап бар. Кейбір авторлар, ”кінәнің өзі қылмыстың субъективті жағын білдіреді (құрады), бұл түсініктер өздерінің мазмұны бойынша сәйкес келеді” деп тұжырымдайды [3, 15 б. ] .

Ал кейбір авторлар: “Қылмыстың субъективтік жағы деген түсінік анағұрлым кең көлемді болғандықтан, ол кінә мазмұнымен шектеліп қалмайды, яғни субъективтік жақ кінәмен қатар басқа да психикалық сәттерден (ниет, мақсат, эмоция) тұрады” деп есептейді. Мұндай көзқарас оқу әдебиеттерінде де көрініс тапқан. [4, 182 б. ] Бұл сұраққа жауапты және пікір-таластың мазмұны жайлы анағұрлым толық көріністі, тек қана кінәнің және оның компоненттерін ашқаннан кейін ғана алуға болады.

Кінә әлеуметтік категория болып табылады, себебі онда қылмыс жасаған тұлғаның маңызды әлеуметтік құндылықтарға деген қатынасы көрініс табады.

Теориялық тұрғыда кінәні, әрбіреуі осы түсініктің белгілі бір қырын сипаттайтын бірнеше аспектілерде қарастыру қажет:

  1. Психологиялық аспект: кінәнің мәнін аша отырып, заңгерлер интеллектуалды және еріктік (сезіну, салдарды алдын-ала болжау, ниет) секілді қасақаналықтың және абайсыздықтың психологиялық түсініктерін қолданады.
  2. Қылмыстық- құқықтық аспект: қасақаналық пен абайсыздықтың түсініктері тек қылмыстарға қатысты пайдаланылады деген мән-жайды ерекше бөліп көрсетеді. Бір жағынан алып қарасақ, қасақаналық пен абайсыздықтың түсініктері адамның кез-келген мінез- қылығымен байланысты. Алайда, қылмыс деп танылатын қоғамға қауіпті әрекетті жасау кезінде ғана бұл категориялар қылмыстық- құқықтық маңызға ие болады.
  3. Пәндік аспект қылмыстық-құқықтық аспектімен тығыз байланысты. Бұл аспект, кінә абстрактылы түсінік ретінде көрініс таппайды, ол нақты әрекеттің жасалуымен байланысты болуға тиіс дегенді білдіреді. Тұлға жалпы алғанда кінәлі емес, тек нақты бір қылмыс (мысалы, адам өлтіруде немесе зорлауда) жасағандығы үшін кінәлі деп танылады.

Кінәні тек осындай пәндік аспектіде қарастыру ғана, ой мен наным-сенім, сондай-ақ объективті түрде қылмыспен байланысты, бірақ кінәсіз жасалған әрекеттер үшін заңсыз үкім шығару тәуекелін азайтады.

Кінәнің әлеуметтік аспектісі тұлға қылмыс жасай отырып, Конституция негізінде Қазақстан Республикасында бар және қылмыстық заңмен қорғалатын маңызды әлеуметтік саяси құндылықтарға қол сұғатындығын білдіреді.

Қылмысты қасақана жасай отырып, тұлға бұл құндылықтарға қол сұғып отырғандығын және оның нәтижесінде болатын зардаптарын (салдарын) біледі, және олардың болуын тілейді немесе саналы түрде оған жол береді. Тұлғаның мемлекет үшін қауіпті әрекетке деген мұндай психикалық қатынасы, қоғам және мемлекет тарапынан моральдық саяси кінәлауға ие.

Қылмысты абайсызда жасаған кезде тұлға, өзінің іс-әрекетіне жеңілтектік немесе жеткіліксіз сақтық және ұқыпсыздық танытқандығынан және нәтижесінде қылмыстық құқықтық қорғау объектісі зардап шегетіндіктен, кінәлі болып саналады. Сонымен қатар бұл моральдық кінәлауға ие болады.

Әлеуметтік кінәлаудың құқықтық нысаны болып соттың үкімі танылады. Бұл үкімде Қазақстан Республикасының атынан қоғамға қауіпті жасалған әрекет қылмыс деп, ал тұлға - оны жасағандығы үшін кінәлі деп танылады және тиісті жаза түрі мен мөлшері тағайындалатындығы бізге белгілі.

Жоғарыда көрсетілген барлық аспектілерді ескере отырып, кінәға келесідей анықтама беруге болады: «Кінә - Қазақстан Республикасы атынан сотпен айып тағылатын, кінәлі тұлғаның іс-әрекетінде кері әлеуметтік сипат орын алатын, қасақаналық және абайсыздық нысаны түрінде көрініс тапқан, жасалатын қоғамға қауіпті әрекетке және оның қоғамға қауіпті салдарына деген тұлғаның психикалық қатынасы».

Алайда заң әдебиеттерінде кінә түсінігіне әлеуметтік аспектіні қосу қажет емес деген пікір де айтылған болатын [5, 403 б ] . Мұндай пікірмен біз келісе алмаймыз, себебі кінә - бұл қоғамның маңызды құндылықтарына қатысты тұлғаның кері әлеуметтік немесе жеткіліксіз дәрежедегі әлеуметтік нұсқамасы көрініс табатын, осы тұлғамен жасалатын қоғамға қауіпті әрекетке деген қасақаналық немесе абайсыздық нысанындағы психикалық қатынасы. Кінә түсінігіне басқаша анықтама беру мүмкін емес деп ойлаймыз.

Қылмыстық құқық ғылымында кінә туралы ұғымның дамуы біржақты болған емес. Әртүрлі кезеңде түрлі көзқарастар айтылған болатын. 50-ші жылдарда заң әдебиеттерінде кінәнің екі теориясы қалыптасты: «психологиялық» және «бағалаушы».

Кінәнің психологиялық теориясын қолдайтын жақтастарының көзқарастарының мәні кінә, заңгерлердің сана-сезімінен тыс, объективті түрде болатындығында. Оны танып білуге болады. Қылмыс жасаушы тұлғаның сана-сезімімен еркі, бір бірімен белгілі бір байланыста болады. Бұл кінәні неге қатысты қасақаналық және абайсыздық ретінде анықтауға болатындығымен байланысты.

Кінәнің бағалаушы теориясы тұлғаның жасайтын әрекетіне және салдарына деген психикалық қатынасын нақты емес, қылмыспен, сондай-ақ қылмыскердің жеке тұлғасымен байланысты, сотпен берілетін барлық объективті және субъективті мән-жайлардың бағасы ретінде қарастырады. Кінәнің бағалаушы теориясы негізсіз жазалауға негіздеме болар еді, себебі ол кінәні соттың жеке тұлғаның іс-әрекетіне, мінез-құлқына берген бағасы ретінде түсінуге септігін тигізеді.

Кінә түсінігін одан әрі зерттеу, кінәнің белгісі ретінде соттың бағалаушы қызметін ғана емес сонымен қатар кінәлі тұлғаның әрекетін, жеке тұлғасын және басқа да сәттерді сипаттайтын белгілерді де жоққа шығаруға себеп болды.

Кінәнің анықтамасында, субъектінің психикалық қатынасының пәніне-әрекет және оның салдары-нұсқау жолымен, оның әрекетпен, қылмыспен үзіліссіз байланысы көрініс табады. Кінәнің анықтамасына мұндай тұрғыдан қарау, субъектінің әрекетке және оның салдарына (қасақаналық немесе абайсызыдық нысанында) деген қатынасы көрініс табатын, кінәнің нысанын логикалық тұрғыда қамтамасыз етті. Алайда кінә нысанының дифференциациясына деген мұндай нақты көзқарас, аралас нысанын жоққа шығармайды. Бұл нысанда қасақаналық пен абайсыздық белгілерінің байланыстығы көрініс табады.

Кінәнің анықтамасында, оның әлеуметтік мәні қылмыстық құқыққа қарсы әрекетінде көрініс алған, жеке тұлғамен қоғам мүддесіне субъектінің кері қатынасы орын алады. Қылмыстық құқықтық норманы қолдана отырып, құқық қорғау органдары, субъектінің адам мен қоғам мүддесіне бұл кері қатынасын анықтамайды. Бұл қарым-қатынас қылмыстық құқықтық нормада заң шығарушының өзімен өзгертіледі.

Кінәнің психологиялық мазмұны, оны сипаттайтын негізгі категориялардың ішінен орталық басты орынға ие.

Нақты қылмыста көрініс тапқан психикалық қатынастың құрамдас элементтері бұл сана-сезім және ерік. Сана сезім мен еріктің арақатынасының өзгеруі, кінә нысанын құрайды. Кінәнің мазмұны интеллект, ерік және олардың арақатынасының жиынтығымен қамтамасыз етіледі.

Тұлға қылмысты жасай отырып, өзінің сана-сезімімен қылмыстың объектісін, жасалатын әрекеттің (әрекетсіздіктің) сипатын қамтиды, материалды қылмыстарда оның салдарын алдын-ала болжап біледі (немесе болжап білу мүмкіндігіне ие болады) . Егер заң шығарушы қылмыс белгілерінің санына, мысалы, орынды, уақытты, жағдайды қосса, онда осы қосымша белгілерді танып білу, кінәнің интеллектуалды элементінің мазмұнын құрайды. Заң шығарушы белгілі бір қылмыс үшін жеңілдететін немесе ауырлататын мән-жайларды ескере отырып қылмыстық жауапкершілікті жеңілдетсе немесе ауырлатса онда бұл қылмысты жасау кезінде бұл мән-жайлар кінәлі тұлғаның сана сезімін қамтуы қажет. Субъектінің интеллектуалды қатынасы әртүрлі мән-жайларға қатысты бірдей болмауы мүмкін. Белгілі бір мән-жайлар нақты түрде саналы болса, басқалары болжам түрде болуы мүмкін, біреулері адамның сана-сезімінде дұрыс бірдей көрініс тапса, ал басқалары белгілі бір дәрежеде қате көрініс табуы мүмкін.

Көп жағдайларда тұлға нақты бір мағлұматты алдын-ала білу (болжап білу) мүмкіндігіне ие болады, бірақ оларды оның сана сезімі қабылдамайды. Бұл жағдайдағы жүзеге асырылмаған мүмкіндік, субъектінің объективті мағлұматтарға ие болғандығын және оған осы мағлұматтарды қабылдауына ешқандай кедергі болмағандығын дәлелдейді. Мұнда тұлғаның белгілі бір мән-жайларды ұғына алмауы - ол да тұлғаның жеке дара ерекшеліктеріне байланысты болатын, оның нақты бір психикалық қатынасы.

Субъектінің еріктік қатынасының пәні болып интеллектуалды қатынастың пәнін құрайтын фактілі мән-жайлар табылады.

Ерік - сана сезімнің тәжірибелік жағы, оның қызметі адамның тәжірибелік қызметін реттеуден тұрады. Мінез-құлықты еріктік тұрғыда реттеу белгілі бір мақсатқа жетуге жан-жақты күш салудың немесе белсенділікті тежеудің саналы түрдегі бағыты. Ерік - адамның өзінің қызметін өзі детерминациялауда және өзі реттеуде көрініс табатын қабілеті¹. Өзінің ерік-жігеріне байланысты, адам өзінің мінез-құлығын қадағалайды, өзінің іс-әрекетін басқарады, өзінің мінез-құлығын құқықтық талаптарға бағындырады. Еріктік акт мақсатты, оған жету әдіс-тәсілдерді жоспарлау, оны жасауға бағытталған іс-әрекеттерді жоспарлауды білдіреді.

Қылмыстық заңнамада кінәлі психикалық қатынастың еріктік белгілерін, қылмыстың ниетінде, қылмыстың салдарын саналы түрде жол беруде, олардың алдын-алуға байланысты есеп жүргізуде көрсету көрініс алған. Кез- келген жағдайларда еріктік қатынас өзінің пәнімен салдарға ие болады, ал кінәнің әртүрлі нысандары; нақты салдарға қатысты, әртүрлі еріктік қатынастарымен сипатталады.

Тұлғаның іс-әрекеті немесе әрекетсіздігі ерікті түрде болуы керек, олар оның мақсатқа жету әдіс-тәсілі болып табылады. Кейбір жағдайларда қылмысты жасаудың себебі болып, субъектінің танытқан әлсіз ерікті ұмтылысы болып табылады. Мысалы, дәрігер сасқалақтап қалып, ауру адамға дұрыс көмек көрсете алмайды, оның қандай ауруға шалдыққанын анықтай алмайды және нәтижесінде сырқаттанған адам қайтыс болады. Мұндай жағдайлар қылмыстық жауапкершілікке әкеліп соқтыруы мүмкін. Әрине, егер субъект, одан талап етілген еріктік ұмтылысты (күшін) таныту мүмкіндігіне ие болса ғана.

Ал еріктік акт болмаған жағдайларда (ұйықтап қалу, ұмытып кету, жоғалтып алу), адам, өзінің мүмкіндіктерін қауіпті зардаптардың (салдардың) алдын-алу мақсатында пайдаланбағаны үшін жауап береді. Бұл сонымен қатар, тұлғаның жеке адамның, қоғамның мүддесіне деген қатынасын сипаттайды, сондықтан нақты мүмкіндіктердің белгілерін анықтау, еріктің болған әлде болмағандығын анықтау үшін маңызы бар.

Адам психикасының эмоционалды (сезімдік) құрамдас бөлігі - адамның әрбір мінез-қылығының, соның ішінде қылмысының да міндетті элементі. Заң шығарушы эмоцияны кінә нысандарының анықтамаларына қоспайды, алайда, олар кінәні құрайтын психикалық қатынастың мазмұнына енеді.

Эмоциялар (аффект, сезім) кенеттен пайда болған мән-жайлардан туындаған реакция ретінде, жүйке-психикалық тонустың өзгеруі нәтижесіндегі эмоционалдық жағдай ретінде, белгілі бір объектіге оң жақты немесе кері эмоционалдық қатынастардың таңдалымы ретінде көрініс табады. Эмоциялар - бұл құбылыс пен жағдайлардың өмірлік мәнін тікелей басынан кешіру нысанындағы психикалық көрініс.

Қылмыстық мінез-кылықта эмоциялар ниет рөлін (өшпенділік, қорқыныш, қатыгездік және т. б. ) ; интеллектуалды және еріктік процесстер жүретін көрініс рөлін; қылмысқа итермелейтін, субъекті үшін маңызды өмірлік жағдайлардың кеңеттен аяқасты өзгеруімен байланысты, қатты және қысқа мерзімді эмоционалдық жағдай - аффектінің рөлін ойнайды.

Әрбір қылмыстың өзіне тән ерекшеліктері, психологиялық механизмі бар. Мұнда интеллектуалды, еріктік және эмоционалды құрамдас бөліктері әртүрлі роль ойнайды. Қылмыстың психологиялық механизмін, адамның кез-келген қылмыстары секілді, келесідей сызба түрінде көрсетуге болады.

Адамның мұқтаждығы - бұл кез-келген іс-әрекеттің бастапқы кезеңі. Бірдемеге мұқтаж болу (тамаққа, жылуға, әңгімелесуге, алкогольге, есірткі заттарға және т. б. ) бір нәрсеге деген қызығушылықты, соңдай-ақ оны қанағаттандыра алатын затты сезініп білу, іс-әрекеттің ниеті мен мақсатын туғызтады. Субъект белгілі бір ниетті басшылыққа ала отырып, өзінің мұқтаждығын қанағаттандыру үшін, белгілі бір мақсатқа жетуге тырысады. [6, 39 б. ]

Әдетте тұлға, мүмкін болатын мінез-кылықтың бірнеше нұсқасына ие болады және олардың біреуін таңдау, ниеттердің талас- тартысымен ұштасады. Ал мұндай процесс барысында, субъект нақты бір іс - әрекет жасау шешімін қабылдайды. Келесі кезекте ол бұл і с-әрекетті жасауды жоспарлайды, мақсатқа жету әдіс-тәсілдерін таңдап алады және ойындағысын жүзеге асырады. Тұлға әр кезде бұл сызба бойынша әрекет етпейді. Психологиялық механизм анағұрлым күрделі немесе анағұрлым жай болуы мүмкін.

Кінә нысандарының (қасақаналық және абайсыздық) заңды түсініктемесінде ниет, мақсат және эмоциялар туралы ештеңе айтылмайды. Алайда, бұл көрсетілген құрамдас бөліктері кінә мазмұнына енбейтінін білдірмейді. Олар адамның кез- келген мінез-қылығына тән. Қылмысты жасаумен байланысты, кінәлі тұлғаның психикалық іс- әрекетін сипаттай отырып, кінә, мақсат және эмоциялар, қасақаналық және абайсыздық арқылы қылмыстың субъективтік жағына жатады. Бұл құрамдас бөліктерді жекелеу (ерекшелеу), оларды кінә шегінен тыс шығару және субъективті жақтың дербес өзіндік белгілеріне жатқызу, оларды елемеушілікке әкеп соқтырады. Мұның өзі кінә нысанын, оның әлеуметтік мазмұнын, қылмыскердің жеке тұлғалық ерекшеліктерін анықтауды қиындатады [7, 181 б. ] . Ниетті, мақсатты және эмоцияны анықтау, кінәнің дәрежесін анықтауға мүмкіндік береді.

Кінә дәрежесінің түсінігі заңда көрсетілмеген, алайда, қылмыстық құқықта оған біржақты түсінік берілмесе де жеткілікті түрде назар аударылады. Кінәнің дәрежесі - бұл кінәнің нысандарының және мазмұнының жиынтығымен анықталатын, кінәнің әлеуметтік мәнінің сандық сипаттамасы. Кінә дәрежесі, тұлғаның жасаған қылмысында көрініс тапқан, жеке тұлғаның және қоғамның мүддесіне деген кері қатынасының дәрежесімен анықталады [8, 17 б. ] .

Нақты тұлғаның белгілі бір қылмысты жасаудағы кінә дәрежесі - кінәлі тұлғаның құнды бағдарын бұрмалау шараларының тікелей көрінісі [9, 102 б. ] . Белгілі бір қылмысты жасаудағы нақты бір тұлғаның кінәсінің дәрежесі - бұл тұлғаның жеке адам мен қоғамның мүддесіне деген кері қатынасының сандық көрінісі, сондай - ақ кінәлі тұлғаның құнды бағдарын бұрмалау көрсеткіші екенін ескеретін болсақ, оны анықтау, тұлғаның бұрмалаудың әртүрлі шараларын, оның жауапкершілігінің шегін анықтайтындығын көреміз. Кінәнің бар - жоғын және дәрежесін анықтау, кінәлі тұлғаның жауапкершілігі және жазаланушылығы туралы сұрақтың объективті шешілуін қамтамасыз етеді.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Кінәнің түсінігі
Кінә дәрежесі
Қылмыс жасаудың нысаны - әрекет
Қазақстан Республикасы қылмыстық құқығы бойыншакінә түсінігі
Қазақстан Республикасы қылмыстық құқығы бойынша кінә түсінігі
Кінә нысандары
Қылмыс кұрамының белгілеріне мынадай
Кінәнің екі нысанымен жасалатын қылмыс
Қылмыстың түсінігі және белгілері
Кінәнің нысандары бойынша қылмысты саралау
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz