Маңғыстау өлкесі туризмінің дамуына ықпал ететін табиғи туристік-рекреациялық ресурстар


1 МАҢҒЫСТАУ ӨЛКЕСі ТУРИЗМІНІҢ ДАМУЫНА ЫҚПАЛ ЕТЕТІН ТАБИҒИ ТУРИСТІК-РЕКРЕАЦИЯЛЫҚ РЕСУРСТАР
- Жер бедерінің әркелкі табиғи экзотикалық танымдылық ерекшеліктері
Каспий мен Арал, Жем мен Бегдашы аралығын алып жатқан байтақ дала бір-біріне ұқсамайтын шөл далаға тән қандай да көрініс болатын болса, оларды көпсінбестен айқара ашылған құшағына рет-ретімен сыйғызып, табиғатқа тән өсімдікпен орналастырылған ұлан-ғайыр кеңістік Маңғыстау жері болып табылады.
Маңғыстауды 1950ж. далалық байқаудан өткізген жайылымдық-мелиоративтік трестің мәліметіне қарағанда түбектегі жер бедерінің алуан түрлілігі айқын байқалады. Осы экспедиция байқау жүргізген 6 млн. 245 мың га жерден егіншіліктің үлесі 0, 01%, жайылымдық 75, 1%, құмдық жер 5, 5%, сор 10, 2%, аңғар, жар, егістік алқап 6, 4%, тақырлар 0, 6%, сулы жерлер 1, 3%, басқалай пайдасыз, қолайсыз жерлер 0, 89% болып келеді.
Маңғыстау облысына қарасты жер өзінің рельефтік ерекшеліктеріне қарай бірнеше аймақтарға бөлінеді.
Бозащы түбегі . Бұған Бозащы жарты аралы түгелімен кіреді. Бұл жарты аралдың орта жоны бір қалыпты қоңырлы, құмды, бұйратты жазықтық болады да, теңізге қарай ойысқан етегі сортаң, сор мен ащылы сораңды кебіртең, кейбір жері қайраңды тегістік болып келеді. Жарты аралдың шығысты теңіз деңгейінен 26 м төмен жатқан Қайдақ сорымен көмкеріле келіп, оңтүстігінде теңіз деңгейінен 24 м төмен жатқан Қаракешу, содан батысқа қарай 19 м белгідегі Қошақ сорымен жалғасады. Ал терістік батысы мен терістігі теңіз деңгейінен 19-27м төмен жатқан Каспий теңізімен қоршалған.
Орталық таулы Маңғыстау . Бұған батыс және шығыс Қаратау жоталары мен оңтүстік және солтүстік Ақтау тізбектері кіреді. Бұл өңір өзінің жер бедері жағынан тектоника-эрозиялық және аридті-денудациялық (судан, желден, мұздан беті тегістеліп кеткен) аласа таулар тіркесіне жатады. Бұл ауданның жер бедері сан алуан биік шоқылар, таулар, жоталар, адырлар мен аңғарлар, бөктерлер, жекелеген төрткілдер, эрозиялық өңірлер және су ағатын сайлардан құрылады. Таулы Маңғыстау ұзындығы 117 км, ені 10-15 км-ге созылған батыс және шығыс Қаратаумен оған жарыса жатқан оңтүстік және солтүстік Ақтаулардан тұрады. Орташа биіктігі 300-400м, биіктігі 532-556 м-ге жететін Отман, Бесқошы Қаратаудың ең биік тау-шоқыларының санатына жатады.
Қаратау сілемдері тек Шығыс Қаратаумен бітпейді, ол одан әрі жалғасып Бесоқты тауы, Қарашық, Қарамая, Кендірлі сілемдерімен ұштасып жалпы ұзындығы 300 км-ге дейін созылады. Сол сияқты солтүстік және оңтүстік Ақтауларда батыс басын Таушық, Дәніспан маңынан бастап тұмсығын Үстірт шыңына тіреп, терістік беті Күйекжол арқылы Түзбайыр тауына жетіп жығылса, екінші беті Алаешкі, Жабайұшқан таулары арқылы жалғаса Бекет ата шыңына үңіле Үкінің ойынан таусылады. Солтүстік Ақтаудың орташа биіктігі 300-327 м болады. Тау жоталары терістікке қарай қоңырлық баурай, ірілі-уақты сала болып Бозащы жазығына жалғасып кетеді.
Ал оңтүстік Ақтау солтүстік Ақтауларға қарағанда аласалау болып келеді де оңт. және оңт. батысқа қарай аласарып, бірте-бірте оңтүстік Маңғыстау жазығына жалғасады.
Батыс аймақ Түпқараған түбегі. Түбек солтүстік және батыс беті Каспий теңізімен қоршала келіп үстіңгі беті бір тегіс жазықтық бола биіктігі 140-200 м теңізге үңілген жағалық шыңдар сілемін құрайды. Шың жағалауында солтүстіктен оңтүстікке қарай әр түрлі ұзындықта орналасқан және бірнеше бұтақтарға тарамдалған ірілі-уақты сулы, сусыз алқаптар, тұйық сайлар кездеседі. Түпқараған түбегінің оңтүстік беті солтүстігіне қарағанда аласалау: 200 м-ден 70 м-ге дейін, кей жерлері 30 м-ге дейін аласарып сай-салалары адырлы алқаптарға айналады. Бұлардың ішіндегі ең ірілері Саура, Түлкілі, Сақа Құдық, Қарлыбас алқапты-аңғарлары Түпқараған дөңінен басталып теңізге барып тіреледі. Алқаптың аяқталар жерлерінде азды-көпті су көздері бар, оларды шаруашылықтар пайдаланады.
Оңтүстік батыс адырлы аймақ. Таулы Маңғыстаудың оңтүстік бетіндегі Ақтаулар оңтүстік-батысқа қарай аласара түседі де бірқатар жері тегістікке ұштаса көпшілік жері жыра, сай, әр түрлі салалармен жинақтала келіп, сусыз үлкен аңғар-алқап құрайды. Батыс жағының ені 5-6 км-дей болып Шақырған, Сартаған, Қарақыздан басталған алқап Құйылысқа келіп жинақталып, одан әрі оңтүстікке қарай Ұзынбас сайымен ұштаса Байқасқа тауының астымен Қарақия ойпатына құлайды.
Қарақия сорын Қарақия тауы қоршап жатыр. Сордың батысы Боржақты адыры арқылы исан түбегіне жалғасып одан әрі құмды мүйіс арқылы теңізге сұғына бітеді. Сордың жалпы көлемі 27000 га. Қарақия ойпаты теңіз деңгейінен 132 м төменде жатыр. Қарақия сорының теңіз беті бір тегіс 0, 03 м-лік белгідегі қоңырлық болып келеді де арасында табиғи деңгейі төмен, ұзындығы 20 км-ге жуық ағысты алқаптар кездеседі. Оның теңіз деңгейімен салыстырғанда кей жері 8, орта жері 20, ал теңіз жағасына жақындаған сайын 28 м-ге дейін төмендейтін жерлері кездеседі.
Шығыс құмдық аймақ. Шығыс құмдық аймақ жер бедері мен өсімдік құрамына сәйкес жоғарыда айтылған 4 ауданға қарағанда өз ерекшеліктерімен көзге түсіп оқшауланады. Шығыс құмдық ауданға кіретін Мырзайыр, Басқұдық, Итқара құмы, Тышқан құм, Сеңгір құм, Бостан құм, Сенек, Аққұдық, Қарынжарық құмдары бірі жақын, бірі алыс әр түрлі биіктегі шың таулармен қоршалған. Құмдық аудандардың тау сілемдері қойнауына орналасқан аралық сор, одан ары құмға ауысып бұталы болып келуі өзіндік микроклиматтың ерекшеліктерімен Маңғыстаудың шаруамен айналысатын тұрғындары үшін ең қолайлы қыстақ орындар болып есептелінеді. Шығыс құмдық ауданның жалпы жер көлемі 220 мың га-ға жуық.
Оңтүстік Маңғыстау жазығы. Оңтүстік Маңғыстау жазығы терістігін Өзен, Жетібай бастап оңтүстікке қарай бірте-бірте аласарып, оңтүстік-батыс беті Каспий теңізін жағалай бегдашыға тірелсе, оңтүстік-шығысы Тайғыр, Көкімбай дөңі арқылы Сақсорқа, Қарынжарық құмдарын жағалай Шағала сорға барып тіреледі. Жалпы көлемі бүкіл Маңғыстау жерінің жетіден біріне жуығын алып жатқан бұл тегістік өзінің жер бедері, топырақ және климаттық ерекшеліктерімен өз алдына бөлек, бір аймақ болып есептеледі. Оңтүстік Маңғыстау жазығының ең бірінші ерекшелігі мұнда су көздері өте тапшы, бар суының өзі ащы болып келеді. Топырағы оңтүстікке жүрген сайын ащы-карбонатты қопыраңқы, бос көпіршік атып қабыршақтанып жатады. Жаңбырға қар сулары топыраққа тез сіңіп кетеді, сондықтан бұл жазықтықта сай-сала, су ағар жыра өте сирек кездеседі. Керісінше ойдым-ойдым қазаншұңқырлар, ортасы сор (Қауынды, Жазыгүрлі) немесе әр түрлі формадағы жан-жағы төрткіл қыраттарымен көмкерілген терең шұқыр, астау ойлар, шөпті-шөпсіз төбелер, бір-біріне тіркесе қатар түзеген төрткіл белес-белес қаражалдар, адырлар болып келіп, шыңға жақындағанда топырағы қатайып, қабыршақ тас араласып, соған сәйкес жер бедері, өсімдіктер дүниесі өзгере бастайды.
Оңтүстік Маңғыстау жазығының негізгі өсімдігі татыр, түбі бос ұзын сабақты боз жусан, ол да көлдеу-көлдеуде ғана кездеседі. Сонымен қатар қатқылдық-тегістікке ауысар тұста күйреуік, бұйрығын, бұталардан қаттықара өседі. Оңтүстік Маңғыстау жазығы жерінің сортаңдығы мен шөбінің ащылығына байланысты тек қана күз, қыс айларында болмаса наурыз айы туысымен мал ұстауға қолайсыз.
Үстірт жоны немесе Оңтүстік Үстірт. Үстірт жонын Маңғыстаудың Қаройынан Күйкеннің тұмсығынан басталатын Ақшабас, Қаратүйе, Кертті, Аққуыс, Жосалы, Қараған-Босаға, Көкесем, Кендірлі, Елшібек, Сүйірше сияқты жағалай ұшпа шыңдар мен жарқабақты таулар бөліп тұрады. Солтүстіктегі Бейнеу мен Ақжігіттен шыға басталып, оңтүстіктегі түрікмен жеріне сұғына кіріп, Қырықсегіз теппеден аяқталатын, ал батысы Қараған-Босағадан шығып, қарақалпақтың қасқа жолына тірелетін ұлан-ғайыр дала Үстірт жоны болып табылады. Оңтүстігінде Қожантай, Ботақан, Алтынтапқан, Түзелбай, Жаңбыршы құдықтарының үстімен Қара елді мекеніне қарай тартылған шекарада
Қарақалпақ пен Маңғыстау малшылары жылма-жыл көктем шыға кездесіп жатады.
Үстірт жонына Қаратүлей, Есенқазақ, Елтеже, Шылпық, Ақсексеуіл, Белсексеуілдің түлейлері орналасқан. Түлейдің өзі және оны маңайлаған жердің топырағы бос, сортаң тартып, соған сәйкес шөбі де бұталы күйректеу келеді. Оңтүстік-шығыс Үстіртке қарай шөп, жусан азайып көбіне бұйрығын, сиректеу күйреуікпен алмасады. Одан әрі солтүстік-шығысқа қаптаған қара баялыш, ойдым-ойдым жусан, бұйрығынды құба жондар жалғасып кетеді. Үстірт жонының құқайлы жері негізінен Көкесем құдығынан басталып Сарықамыс бағытына қарай созылып жатқан Мұзбел жотасынан терістікке қарай, сондай-ақ ең жақын деген Сыпыра шың ернегінен бастап Үстіртке қарай есептегенде 50-70 км-ге дейінгі Қарнау деп аталатын жердің жайылысы құнарлы болып келеді. Үстірт жонын негізінен көктемнен бастап қоңыр күзге дейін пайдаланады.
Оңтүстік Үстірт жоны мен солтүстік Үстірт жонын Сам және Матай құмдары бөліп жатыр. Сам және Матай құмдарының терістігінен басталатын солтүстік Үстірт жоны батысында Қарақұм, Жем ойпаты мен терістігінде Шалқар, шығысында Борсықтың құмы мен Арал теңізіне тіреледі.
Геологиялық құрылымы және пайдалы қазындылары. Маңғыстау жер қыртысының құрылымы негізінен пермь, триас, юра, бор дәуірі шөгінділерінің нәтижесінде пайда болған әр түрлі жыныстардан тұрады. Маңғыстау жерін Каспий теңізінің жартылай қоршап жатуы және оның деңгейінің бірде жоғарылап, бірде төмендеуі маңайында орналасқан аймақтардың ауа-райына немесе өсімдіктер дүниесіне ғана емес, геологиялық құрылымына да айтарлықтай әсер еткені даусыз. Түбектің кез келген бұрышынан мұнай мен газдың атқылауында бір кездегі осы аймақты қымтай құшағына алып, кейін тартылып қалған Тетис мұхиты мен оның қазіргі замандағы көзі Каспийдің атқарар орны орасан зор. Сондықтан да мамандардың дәлелдегеніндей қазіргі Маңғыстаудың жер қыртысындағы көрер көзге сайрап жатқан геологиялық түзілімдердің көпшілігі бұл аймақтың түгелімен су астында жатқан көне дәуірімен тұтас келеді.
Палеозой дәуірінің соңы мен мезозой дәуірінің бас шамасындағы пермь, триас кезеңдерінен (бұдан бұрын 190 млн. жыл шамасы) қалған құм, тас, саз, сланец, көк сұр әк тастар қазіргі Қаратау баурайларынан жиі кездеседі. Батыс және шығыс Қаратау мен оның сілемдері сол пермь және триас кезеңінің шөгінділерінен түзілген ежелгі жыныстары болып табылады.
Юра (бұдан 140-150 млн. жылдар бұрын шамасы) кезеңінің қалдықтары құм, саз карбонатты жыныстар күйінде түбектің өне бойынан түгел табылады.
Маңғыстаудағы юра қабаты шамамен 1300 м-ге дейін жетеді. Жетібай, Өзен кен орындарында бұл қабаттан қазірде мұнай алынып отыр.
Маңғыстауда ең көп кездесетін тау жыныстарының бірі бор (бұдан 115-120 млн. жыл шамасы бұрын) кезеңінің қалдықтары.
Солтүстік пен оңтүстік Ақтау және олардың арасындағы ірілі-уақты алқаптар негізінен бор дәуірінің шөгінділері құм, тастан ақмергель бор, әктас, саз тастардан тұрады. Бор дәуірінен қалған, жел мен судың және күннің әсерінен адам таңқаларлық әр түрлі бейнедегі қотыр тастарды жиі кездестіруге болады.
Кайнозой дәуірінің палеоген (30-65 млн. жыл шамасы бұрын) кезеңінің жұрнақтары түбектің кез келген пұшпағында кездеседі. Палеогеннің аяқ кезеңі олигоцен тұсында (бұдан 30-40 млн. жыл шамасы бұрын) теңіз қайтадан тасып, қазіргі Маңғыстау түп-түгел су астында жатады. Бірақ теңіз қайтадан қайтып, тау жоталары пайда болып, қара жер көріне бастайды.
Неоген тұсы (20-30 млн. жыл шамасы бұрын) кезінде Каспий оқтын-оқтын тасып, Оңтүстік Маңғыстау жоталарын қайта-қайта су басып, қазіргі ұлутастар қабатын құраған.
Геологиялық жас дәуір бас-аяғы ең соңғы бір млн. жыл ауқымымен шектелетін ширектік кезеңнің қалдықтары да бұл түбекте өте мол. Каспий жағалығы, Қарақия ойпаты мен Бозашы түбегі сол ширектік кезең шөгінділерінен тұрады. Жоғарыдағы көріністерге қарағанда Маңғыстауда алғашқы құрғақ жер триас дәуірінің аяқ кезеңінде, бұдан 190-200 млн. жылдар шамасында қазіргі Қаратау қыраты жатқан тұстан пайда болған.
Қалған өңір көп уақытқа дейін су астында жатқан; Қаратаудан кейін орталық Маңғыстау мен орталық Үстірт судан босаған; Бозашы түбегі тіптен беріде құрғаққа айналған деген қорытынды шығарылуда.
Сан ғасырлар бойы табиғаттың осыншама таңқаларлық мол өзгерістер Маңғыстау жер қойнауын қабат-қабат қазынаға толтыра берген.
Маңғыстау даласын мұқият зерттеген көрнекті географ, бұрынғы Одақтық дәрежедегі ҒА-ның корр. -мүшесі Б. А. Феодоровичтің пайымдауынша ежелгі өзендер Палео-Амудария, Палео-Еділ, Палео-Кура, Оңтүстік Каспий ойпатына құйғанда, теңізге орасан көп тұнба ағызып әкеліп отырған. Әр түрлі қалыңдықта қордалана жинақталған тұнбалар, шөгінділер кейін мұнайлы алқаптарға айналған. Белгілі палеогеограф, геология-минералогия ғылымдарының докторы Н. И. Марковскийдің пікірінше, Жетібай және Өзен кендері ежелгі Өзеннің сағасының орнынан табылып отыр. Ол айтылып отырған өзен шамасы осыдан екі мың жыл бұрын Каспийге құйып жатқан көне Яксарт (Амудария) болса керек («Природа» журналы, № 2, 1976, 107-б) . Маңғыстауда мұнаймен бірге табиғи газдың да қоры өте көп мөлшерде аталады. Сондай-ақ бұл өлкенің төменгі және жоғарғы юра қабатынан тас көмір табылды. Ал бор дәуірінің
шөгінділері қабаттарында фосфорит кені көп кездеседі. Н. И. Андрусов олигоцен қалдықтары қабатынан марганец кен көзін ашты. Қаратаудағы пермь, триас қабаттарының бірнеше жерінен мыс, темір кендері табылды. Темір кендері сол сияқты юра және төмендегі бор қабаттарында ұшырасады.
Маңғыстау мен Үстірттегі плиоцен қалдықтары қабаттарынан аса құнды құрылыс материалдары ұлутас кен орындары көптеп ашылуда. Өлкеде бұлардан басқа силикат, құм, кобальт, қорғасын, калий, магний, ас тұздары, кесек, күкірт, ақ бор кендері бар.
- Табиғи жағдайы мен су қорлары
Маңғыстаудың ауа райы континентальды. Жазы ыстық, қысы суық, жыл маусымдары бір-біріне кенет ауысады, күннің көзі көп түседі, жауын-шашыны өте аз, ауа ылғалдылығы болымсыз, күн радиациясы жоғары және желі тұрақты күшті болады. Түбекті үш жағынан қоршап тұрған Каспий теңізінің жақындығы, теңіз жағалық азғана жерін қоспағанда, ауа райы жөнді әсер ете қоймайды. Температураның жылдық абсолюттік минимумы 26-30шамасы, ал максимумы - 34-35. Ауа температурасының жылдық амплитудасы 70-75. Жылдық температура 4300-4600 жылылыққа жетеді, жерден ұшатын ылғал жылына 1500 мм-ге дейін барады.
Көп жылдық (55 жылға дейін) мәліметтер бойынша жасалған ауаның орташа жылдық температурасы (С) Форт-Шевченкода - 11, 2, Тұшыбекте - 10, 4, Қарақияда - 12, 2, Аққұдықта - 14, 4, Самда - 8, 5 болады. Ал жауын-шашынның жылдық жиынтығы тиісінше аталған жерлерде 214, 247, 175, 155, 179 мм болып келеді. Жыл бойына күшті дауылды күндер саны (секундына 15 м) Самда - 17, Бейнеуде - 25, Форт-Шевченкода, Ералыда - 37 мөлшерін көрсетеді.
Жалпы аймақ бойынша ауаның температурасы 0 градустан төмен болса қыс, ал 0-дан 15-қа дейінгіні көктем және күз, 15-тан жоғарыны жаз деп айтуға болады. Осы ретпен есептегенде әр маусымның ұзақтығы төмендегідей болады.
а) Көктем - наурыз, сәуір - 16 күн.
ә) Жаз - мамыр, маусым, шілде, тамыз, қыркүйек - 153 күн.
б) Күз - қазан, қараша - 61 күн.
в) Қыс - желтоқсан, қаңтар, ақпан - 90 күн.
Көп жылғы байқаудың нәтижесінде аязсыз күндердің саны 273 күнге, 5С-тан жоғары күндер саны 232 күнге жуықтайды. Ал жылдық ылғалдың маусым бойына түсуі төмендегіше болып келеді.
а) Көктем - 61 күн - 25 мм.
ә) Жаз - 153 күн - 57 мм.
б) Күз - 61 күн - 20 мм.
в) Қыс - 90 күн - 30 мм.
Барлығы: - 132 мм.
Облыстың көлемін агрометеорологиялық үш аймаққа бөлуге болады.
1. Құрғақ ыссы шөл аймақ - Бейнеу әкімшілік ауданын алып жатыр. Бұл арада 10 градустан жоғары температураның жалпы мөлшері 3500, жауын-шашын мөлшері 80-100 мм төңірегінде ауытқып, өзгеріп отырады.
Көктемгі суық, орта есеппен сәуірдің екінші онкүндігінде бітеді де, күзгі суық қазанның бірінші онкүндігінде түседі. Ал жылы кезең орта есеппен 180 күнге созылады. Қар әдетте желтоқсанның үшінші онкүндігінде жата бастайды. Қардың тұрақты жатуы орта есеппен 60-70 күнге созылады.
2. Теңіз жағалық құрғақ және ыстық шөл аймағы Маңғыстау және Қарақия әкімшілік аудандарының жағалық бөліктерін алып жатыр.
10 градустан жоғары жылы температураның жалпы мөлшері 3600-3850. Жауын-шашын мөлшері 80-85 мм шамасы. Қардың қалыңдығы орта есеппен 5 см-ден аспайды.
3. Өте ыссы құрғақ шөл аймақтың алып жатқан жері - Үстірт жоны мен Маңғыстау таулары, негізінен Маңғыстау мен Қарақия әкімшілігі аудандарының оңтүстік-шығыс жақтары.
10 градустан жоғары жылы температураның жалпы мөлшері 3800-4300. Жылдық жауын-шашын мөлшері 90-160 мм.
Қардың жату ұзақтығы солтүстік-шығысында 60-70 күнге, оңтүстік - батысында 30-40 күнге созылады.
Маңғыстаудың ауа-райы (ауытқу жылдарын айтпағанда) жайылымдарда малды жыл бойы ұстауға қолайлы келеді.
Мал шаруашылығына байланысты барлық шараларды жүргізу мерзімдері әрбір нақты жағдайда, ауа-райына орай белгіленеді.
Су қорлары. Маңғыстаудың қай түпкіріне барсаң да малдың тұяғы, малшының табаны тимеген жер де кем. Сол шаруагердің бар болмысының бұлтартпас куәсіндей сәлекей күнгейді, болмашы ықтасынды сағалаған ескінің көзі, не заманғы қара жұрттар алдыңнан шығады. Олардың бәрі бірдей тұрақты орын емес, шаруаның маусымды қонысты пайдаланған уақытша аялдамасы.
Қара жұрт маңында құдық та жоқ. Бірақ сол төңіректе тақыр мен тастақтың, қоңырдаң мен күптің, болмағанда ескі шырлаудың жосағы табылады. Егер көктемде ұқыпты қолмен көмілген қар суы шырлауы азғана шаруаны ыссы түскенше ілдалдалайды. Маңғыстау шаруагерінің осылайша суды айрықша қастерлеп жаңбыр мен қар суларының жиналатын орнын есепке алып, оларға айрықша ат беріп айдар тағуы да осыдан. Құсымның тұраны, Қызыл тұран, Көктастың тұраны, Қаншым
тұран немесе су тұратын тақырлардың аты да атадан балаға мұра болып Айранның тақыры, Құсқонбастың тақыры, Ұланақтың тақыры, Елейдің тақыры, Бәйменнің тақыры дейтін орындар бар. Ал жан-жағы тасты жарқабақ, табаны қатқыл тұйықтағы Қазан шұқыр «күп» деп аталып, оның сулары 1950-60 жылдарға дейін кәдеге асты. Маңғыстау жерінде Шаңырақкүп, Қоңыркүп, Шайтанкүп, Саураның күбі сияқты талай заман ел игілігіне жараған атақты күптер көптеп саналады.
Бұл өлкенің саяси, экономикалық тіршілігінің негізі болған құдықтардың тарихы сонау орта ғасырлардан бермен қарай белгілі бола бастады. Бірақ олар азды-көпті сонау ежелгі дәуірдің өзінде де болғанға ұқсайды. Сондай-ақ жер бетіне жақын құм етектеріндегі ыза, тау аңғарларындағы қайраңнан шығатын еспе, қоңырлықтағы орталық ---су көздерін өлке тұрғындары кезінде жақсы пайдаланған. Өнімділігі төмен тек қана қора басына есеп жасалған қол суларын үй орнындай етіп қазып, түбі құмсақ құламалы болса жүзген, жыңғыл, сексеуіл сияқты бұталармен сыпыра қазандық жасап, іргесін шегендеп қауіпсіз халге келтірген апан құдықтар да болған.
Шымды, тепсенді қатқылдықтар арқылы жаңбырдан кейінгі жүретін қоңырдаң суларын мал шаруашылығына, ал әр түрлі ағыстар мен құйылыстардың сағасын бөгеп, егіншілік мақсаттарға пайдаланған. Құдықтың тереңдігі 4-5 құлаштан асқасын-ақ қол суы емес терең шыңырау құдықтар санатына қосылатын. Шыңыраулар қырық құлаш, тіпті одан да терең болады, «жүз адым» деп аталуы да сол тереңдікті бейнелейді.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz