Мұқағали Мақатаев өмірбаяны, шығармалары


Пән: Тарихи тұлғалар
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 6 бет
Таңдаулыға:   

МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВ

Мұқағали Мақатаев (1931-1976) - қазақтың әйгілі ақыны.

Туған жері Алматы облысының Нарынқол ауданындағы Шалкөде ауылы. Топырақ бұйырған жері Алматы қаласы. Балалық бал дәурені соғыста қаза болып, анасы Нағиман Мұқағалидың өкшесін баса туған үш ұлды өзі асырап жеткізген. Орта мектепті интернатта жатып бітірген Мұқағали еңбекке ерте араласып, ауылдық кеңестің хатшысы, қызыл отаудың меңгерушісі, комсомол қызметкері, жетіжылдық мектептің мұғалімі болады. Содан Нарынқол аудандық «Советтік шекара» газетіне орналасып, қаламгерлікке ден қояды. Мұнан соң «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің (1962-1963), «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») 1963-1965, «Жұлдыз» (1965-1972) журналдарының редакциясында, Қазақстан Жазушылар одағында (1972-1973) қызмет атқарады.

Мұқағали Алматыдағы қазақ әдебиеті мен өнерінің қаймақтары шоғырланған ортада өткерген аз ғана жылдар ішінде өзіндік дара үнін, суреткерлік қайталанбас дарынын танытып, өнімді еңбектене білді. «Ильич» (1964), «Армысыңдар достар» (1966), «Қарлығашым келдің бе?», «Мавр» (1970), «Аққулар ұйықтағанда» (1973), «Шуағым менің» (1975) атты жыр жинақтарын көзінің тірісінде жариялап үлгерді.

Мұқағали поэзиясының қайнар көзі, шабыт тұғыры туған елі, өскен жері, Отан тағдыры, замана тынысы, замандастарының арман аңсары. Осының бәрін Мұқағали жас дарынға тән қайталанбас шеберлікпен, тәңірдің таңдайынан төгілгендей поэтикалық мінсіз үйлесіммен, әр жүрекпен тіл табысар сыршыл да шыншыл сезіммен, нағыз поэзияға ғана тән бейнелі образдармен бедерлеп, өлмес өнер деңгейінде туындатып отырған. Ол өз шығармалары арқылы қазақ поэзиясын жаңа биіктерге көтеріп, мазмұнын байытты. Мұқағали поэзиясы тек өнер үшін туындаған өнер деңгейіндегі ғана құбылыс емес. Оның өлмес өнері, қанатты поэзиясы қазақ халқының сезімін байытып, кісілігін биіктетіп, парасатын кемелдендіре түсті.

Мұқағали аударма саласында да өзіндік шеберлік шалымымен толымды еңбектер тындыра алды. Ол Дантенің «Құдіретті комедиясының» «Тамұқ» атты бөлімін, Шекспирдің «Сонеттерін», Уолт Уитменнің өлеңдерін қазақ тіліне аударды. Біртуар дара дарын Мұқағали Мақатаевтың қаламынан туған қанатты жырлар халқымен бірге мәңгі жасай бермек.

М. Мақатаев поэзиясындағы көркемдік жүйенің бір парасы өзі өмір сүрген кездегі ауыл, ел тіршілігі, ұлттық мінез, ұлттық психология, табиғат көріністерінің көркем бейнесін жасауға негізделген. Ұлттық сипат кейіпкердің түр-түсімен, киім киісімен, сөйлеген сөзімен анықталмайды. Бұл сырт көрініс, ұлттық мейрам Наурыз мерекесінде қазақы шапан киіп, басқа халық тілдерінде сөйлеген бауыр-туғандарымыздың сұр-сықпыты, міне, осы сияқты. Мәселе ұлттың дамуының әлеуметтік, экономикалық және тарихи ерекшелігіне дүниетанудағы көзқарасына, сезудегі ұлттық психологиясына байланысты. Әрі ұлттық ерекшеліктерді бірыңғай ұнасымдылықтан, жақсы қасиеттерден іздеу де оғаштық. Яғни ол жаман қылық пен қасиеттерде де жатуы әбден мүмкін. Қысқасы, ұлттық сипат тарих көшіне ілесіп дамып, жаңа реңге ие болып отыратын құбылыс.

Ұлттық сана - біріншіден өз халқын, ұлтын сыйлайтын ыстық ықылас пен сергек сезімнен туады. Екіншіден, елінің, халқының ұлттың өткенін, қазіргісін, келешегін толық біліп, тексеріп халық тағдырына, ұлт мәселесіне елдік, мемлекеттік тұрғыдан қарайтын саналы, салихалы ойдан туады. Бұл ретте ұлттық сананың жасаушысы, сақтаушысы, қорғаушысы әрқашан да ұлттық интеллигенция, зерделі авангард топ зиялы қауым, әсіресе ақын-жазушылар. Абайда: “Қыранша қарап Қырымға, мұң мен зарды қолға алып, кектеніп надан зұлымға, шиыршық атып толғататын” Шоқан, Ыбырай, Шәкәрім, Әлихан, Ахмет, Мағжан, Халел, Мыржақып, Жүсіпбек, Мұстафалар сияқты ұлы ойшылдар ғана ұлттық сананың негізін салып, ірге тасын қалайды. [12. 572-576 б] . Бұлар халқының өткеніне қиналған, қазіргісіне қынжылған, келешегінен үміттенген.

Дәл осындай шығармашылығында ұлттық сипаттар басым қазақ ақынының бірі - Мұқағали Мақатаев. Әр кейінгі ұрпақ өз жолын алдыңғы аға буынның жеткен жерінен бастайтындығын ескерсек, Мұқағали да Абай мұрасын құран хадистеріндей құлағына құйып өскен өрен. Абай поэзиясының түп тамыры өмірде, ұлттық негізде, тарихта екендігін жете зерделеген Мұқағали оны игеріп қана қоймай дамытты, жемісті үрдістермен жетілдірді. Сөйтіп дәстүр мен жаңашылдық арақатынасын туғызды. Бұл бұрын да бар, алда да жалғасын табар құбылыс. Жалпы көркем әдебиет, өнер аса сындарлы тәрбиеші. Ата-анадан да, ұстаздан да өткін ұлы тәрбиеші - әдебиет, оның ішінде - поэзия. Тәрбиелік роль атқармаған өнер тұл.

Поэзиялық шығармадағы ой-пікір ақын көзімен көріп білген, өз көңілімен сезінген өмірдегі нақтылы жағдайлардан алған әсерлер түрінде туған идея болып келеді. Жалпы жағдайға қатысты қорытынды-түйін, ақыл-кеңес, насихат болса да, ақынның көңіл күйіне сабақтастырыла айтылады. Яғни поэзиядағы идея шығарманың көркемдік қасиетімен тығыз байланысты болса, ал көркемдіктің, ақындық шеберліктің өзі озық идеялықпен ұштасып жатады. Көркемдік жүйені форма, стиль, тіл шеберлігі, композиция, характер, образ жасау, тартыс мәселелеріне жан-жақты анализ жүргізу деп білеміз.

Ежелгі грек өнерінің табыстарынан, өзіміздің ауыз әдебиетінің тамаша үлгілерінен осы күнге дейін рахат табамыз, осы күнге дейін оған сүйенеміз. Себебі ол таза адамзаттық өнер. Әр дәуірдің өзі жасаған биік тұғырлары бар. Сондай-ақ поэзиядағы көркемдіктің де биігі бар. Ол қайталанбайды. Және оған кім көрінгеннің қолы жете бермейді. ”Абай-позиядағы қазақ ренессанысының құзар шыңы. Абайдың ренессаныстық өредегі ұлылығы сол, ол өзі ғұмыр кешкен қоғамдағы қабынып тұрған қақтығыс-қайшылықтарды қаны сорғалаған қалпында шегіне жеткен шыншылдықпен көрсетіп берді” [13] . Мәселе түйіні - бабаларымыз жасаған сан ғасырлық көркемөнердің, мәдениеттің жақсы жақтарын пайдалана отырып, жаңа жол табуда. Ол жаңа форма ғана емес, ол көркемдік компененттердің мазмұннан ажырамас тұтастығын жасау. Қысқасы өмірдегі құбылыстарды тани, жіті көре білуден басталады. Бұл өмірдің диалектикалық даму заңдылығын ажырата алу деген сөз. Жаңалық табу - өзіңді-өзің ашу, шығармашылыққа өзіндік қырмен, қолтаңбамен келу.

Кез-келген шығарма халыққа түсінікті болуы керек. Сонда ғана ол жұртқа эстетикалық әсер етіп, жаңа рухани тілегін өтейді. Әрине түсініктілік деген сауатсыз адамға шақталған талап, жадағайлық, жеңіл-желпілік деген сөз емес, терең ойды көркемдік шеберлікпен қарапайым етіп көрсету. Дарынды таланттың, үлкен мәдениеттіліктің, табанды еңбектенудің қажет жері осы. Толстойдың ”Қарапайым жазу оп-оңай емес” деуі де сондықтан. Көркемөнерді зерттеушілер өнер туындыларын түсінетін эстетикалық білім қажет екенін айтқан. Шынында, терең поэзиялық туындыларды, опералық, симфониялық шығармаларды, керемет картиналарды түсіну үшін белгілі дәрежеде эстетикалық мәдениет керек. Бұл шығарманың формасын жорта қиындату емес, оқырман мен көрерменнің эстетикалық өрісін көтеру. Сонымен қарапайымдылық жалаң қарадүрсінділік те емес, дәстүрден қашып шатпаққа ұрынған жасандылық та емес. Дана қарапайымдылық, мөлдір айқындық - міне нағыз өнер.

Ақындардың барлығында қазақтың өлең мүмкіндігін мол пайдалану бар. Ол мүмкіншіліктер қазақтың қалыптасқан өлең құрылыстары мен мөлшерінен тыс тумаған, қайта солардың құбылған, құлпырған түрлері дерлік. Осыған қарағанда да қазақтың он бір буынды өлеңіне “сирағын сындырудың”, мұрын шүйіре қараудың қажеті жоқ. Өлең формаларын молайтуға қазақ поэзиясы толып жатқан мүмкіндік береді. Екі буыннан бастап, он бес буынға дейін пайдаланылатын өлең жолдары баршылық. Мысалы он буынмен келетін өлшемді Қасым Аманжолов заңдандырып кетті. Қасымнан бұрын бұл өлшеммен жазғандар болған, бірақ оны Қасым сияқты ешкім етене ендіре алмаған. ”Дариға” атты тамаша өлеңі он буынды қазақ өлең құрылысының төл түрі етіп бекіткен. Сол сықылды Мұқағали Мақатаев та тоғыз буын өлең құрылысын “Ильич” поэмасы арқылы орнықтырып отыр. Бұл жерде тоғыз буынды өлең құрылысының талантты шығарманың қызметінде жаңалықтың бір ғана көрсеткіші ретінде көрініс бергенін айтуға тиіспіз. Өлең құрылысы тілдің заңынан шығып кете алмайды. Поэзияның жолы кең. Ол стандарт емес, оның толып жатқан түрі, үлгісі, бояуы бар. Сондықтан ол бұрынғы үлгі, үрдіс, дәстүрмен жалғаса, сабақтаса жасалады.

Мұқағали поэзиясы - ұлттық сананы сілкіп оятатын қуатты дәру, жан-жүйеңе ізгілік нұрын шашатын энергия көзі. Құт-береке құюшы құндылық. Оны қара өлеңнің қарымы, мол мүмкіндігі арқылы танытып отырады. Қара өлең - Мұқағали үшін - қазына кені. Ананың ақ сүті, әкенің жасындай жарқылдаған жігері, қайрат -күші.

Қалқам!

Мен Лермонтов, Пушкин де емен,

Есенинмін демедім ешкімге мен.

Қазақтың қара өлеңі - құдіретім,

Онда бір сұмдық сыр бар естілмеген.

Бұл шынайы елжандылықтың сөзі, асқақ патриотизм үлгісі, кең- байтақ Ресейге дабысы кетіп, әлемді тамсандырған орыстың поэзия орбитасында күн нұрындай шұғыла шашқан Лермонтов, Пушкин, Есениндердің атақ-даңқын ардақтағанмен, абыройын дара қойғанмен, құлдық ұрып қол қусырмайды, табынып тәңіріне баламайды. Қайта оның есесіне қара өлеңді биік ұстайды, құдіретті рухқа, ұлы ұстазға балайды. Оның түпсіз терең, сұңғыла сыры бар. Ол қарапайымдылығында, бейнелеушілік мүмкіндігінде, шеберлігінің шексіздігінде, даналыққа суғарылғандығында. Қара өлеңнің күйсандығын ойнай білген, сөйлете алған жан ғана даласына тартып туған перзенті болмақ. Бұл әрі ұлттық сананың сырына қанықтырып, сиқырына үңілту. Сондай-ақ көне мұраға деген көзқарас. Қазақ өлеңіне ревизия жасаймыз, өлең өрнегіне өзгешелік ендіреміз, жаңалық ашамыз деп даурыққандарға тойтарыс бере отырып, анайылыққа барудан, тұрпайылыққа ұрынудан сақтандырады. Әр ақынның өлеңі халықтың жүрегіне жол тартатын қара өлеңдей сіңімді, ойға орнықты, өміршең болумен қатар қазақтық қанмен, ұлттық намыспен, ұлыстық нәрлі сөлмен жазылуын нұсқағандай. Өзіндік концептуалды көркемдікті көктен іздемей дәстүрлі жырдың ағысынан табуды көздейді.

Ақынмын деп мен қалай айта аламын,

Халқымның өз айтқанын қайталадым.

Күпі киген қазақтың қара өлеңін,

Шекпен жауып өзіне қайтарамын.

Қазақтың қарапайым қара өлеңі - қас шеберліктің үлгісі. Оның авторы - халық. Ол сан ғасыр жасап, сап алтындай сараланған, сан ұрпақтың елегінен өтіп өңдеуін көрген, сұрыпталған дүние. Ол ақындықтың әліппесі, айтыскерліктің аренасы. Осы қара өлеңнен қанаттанған, халықтық мектептен дәріс алған Мұқағали өзін абыз халқының алдында ақынмын деп айтудан жасқанады, ізеттілік сақтап именеді. Бір қарағанда шындығы да солай. Халықтың тайқазанындағы дүниені, екіншісіне аударып құйып қайнатушы, ас әзірлеуші аспаз ғана.

Мұқағали - ұлт ақыны. Оның өлеңдерінде қазақ қаны атқақтап, қаракөздер жүрегі лүпілдеп соғып тұрады, ұлттық намыс отайлап көрініс береді. Бізге сонысымен құнды, сондайлығымен нәрлі. Ұлылығының - ариадна жібіндей алтын арқауы осында. Танымал талант Марат Қабанбай: ”ұлылар - өз ұлтының микроатом, микроклеткаларынан тұрады” деуінің мықты себебі бар [90. 10 б] . Әрине жазушы мұнда бүтінді бөлшекпен, бөлшекті бөлекше кішірейтіп көрсеткен. Алайда ұлттық белгілер неғұрлым көп болса, соғұрлым сапалана түспек. Бірақ жадағай ұран салған жалаң ұлтшылдықтан сақтану қажет. Жаңағы М. Қабанбай: “Махамбет, Абай, Мұхтар, Мұқағалилар ұлт өкілі ретінде ары қарай өмір сүре береді, олардың шығармаларына ұлтымыздың өлмес коды жазылған, әлем бізді он ғасыр өтсе де сол кодтар арқылы тауып, танып алады“ [сонда] деуі білгір ой қорытындысы. Ұлт ақыны болу - ұлттың тарихына, ұлыстың шежіресіне жазылу. Оның мәңгіліке өлмесі, өшпесі мәлім.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
М.Мақатаев шығармашылығы
Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев
Оңғарсынова Фариза
«20 ғасырдың 60 жылдарынан кейінгі қазақ әдебиеті (1960-2000)» пәні бойынша әдістемелік нұсқау
Мақатаев социализм дәуірінің төл перзенті
Мұқағали поэзиясын мектепте оқыту жолдары
М. Мақатаевтың азаматтық тұлғасын өзінің өлеңдері мен поэмалары арқылы сомдау
О. Жанайдаровтың поэтикалық аудармалары
Мақағали шығармалары мен аудармалары
М.Мақатаев поэзиясындағы отаншылдық рухы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz