Мектеп оқушыларының танымдық қызығушылығын қалыптастыру


Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
Қ. А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті
«Қорғауға жіберілді»
кафедра меңгерушісі
п. ғ. д., профессор Торыбаева Ж. З.
ДИПЛОМДЫҚ ЖҰМЫС
Тақырыбы: Мектеп оқушыларының танымдық қызығушылығын қалыптастыру
5В010300 - «Педагогика және психология » мамандығы
Орындаған Сарыбай Ақерке
Ғылыми жетекшісі,
п. ғ. д., профессор Мұсабекова Г. Т.
Түркістан - 2015
Мазмұны
Кіріспе . . . . . . . . . … . . . 3
1 Мектеп оқушыларының танымдық қызығушылығын қалыптастырудың теориялық негіздері . . . 6
1. 1 Танымдық қызығушылықты қалыптастырудың педагогика тарихында зерттелу жайы . . . 6
1. 2 Мектеп оқушыларының танымдық қызығушылығын қалыптастыру ерекшеліктері . . . 17
2 Мектеп оқушыларының танымдық қызығушылығын қалыптастыру әдістемесі . . . 29
2. 1 Мектеп оқушыларының танымдық қызығушылығын қалыптастырудың мүмкіндіктері . . . 29
2. 2 Мектеп оқушыларының танымдық қызығушылығын қалыптастырудың жолдары, әдістері . . . 34
Қорытынды . . . 57
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі . . . 59
Кіріспе
Зерттеудің көкейкестілігі . Еліміз егемендік алып, тәуелсіз мемлекет ретінде дүниежүзілік қауымдастыққа танылып, жаңа демократиялық қоғамның дүниеге келуі Қазақстанда педагогика ғылымының жаңа бағытта сипат алуына кең жол ашып берді. Елбасымыз Н. Назарбаевтың «Қазақстан-2030» бағдарламасында [1], Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында [2], Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында [3] республиканың әлемдік білім кеңістігіне енуін ескере отырып, білім берудің мазмұны мен оқытудың барлық әдістемелік жүйесін қайта қарау қажеттілігін атап, білім берудің жаңа моделін құрудың, сынақтан өткізу мен енгізудің міндеттері атап көрсетілген.
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесі саясаты мен мақсатының бірі - жан-жақты, білімді, шығармашылық қабілетті, танымдық қызығушылығы жоғары жеке тұлғаны қалыптастыру. Дарынды, білімді жастар ғана егемендігіміздің ертеңін баянды етіп, қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қоса алады.
Қазақстан Республикасы мен Білім және ғылым министірлігінің оқушылар білімі мен тәрбиесі сапасын көтеруге, олардың еліміздің өткендегі тарихына, мәдени мұрасына танымдық қызығушылығын қалыптастыруға байланысты қойып отырған міндеттерін жүзеге асыруды көздейді.
Педагогика ғылымында қызығушылықпен оқыту проблемасы да бүгінгі күннің жаңалығы деуге болмайды. Бұл проблема да көптеген ғалымдардың
(Я. А. Коменский, К. Д. Ушинский, Н. Ф. Бунаков, т. б. ) назарын өзіне аударған.
Қазіргі зерттеулерде (Б. Г. Ананьев, Л. И. Божович, С. Л. Рубинштеййн, Н. Г. Морозова, Р. Г. Лемберг, Г. И. Щукина т. б. ) танымдық қызығушылық проблемасына жан-жақты талдау берілген.
Қызығушылық, қызығушылықты қалыптастыру проблемасы қазақстандық ғалымдардың бірқатар зетттеулерінде, мәселен, Н. Д. Хмельдің[4], Г. К. Байдельдинованың[5] (жоғарғы сынып оқушыларының әр жақты қызығушылығын қалыптастыру), Б. Т. Нәбиеваның[6] ( сабақ және сабақтан тыс жұмыстардың өзара байланысы арқылы оқушылардың пәнге танымдық қызығушылығын қалыптастыру. С. Жолдасбекованың[7] (бастауыш сынып оқушыларының пәнге танымдық қызығушылығын қалыптастыру), Н. В. Черкасованың[8] (орта буын оқушыларының классикалық музыкаға қызығушылығын қалыптастыру), Ж. М. Ақпарованың[9] (мектеп жасына дейінгі балалардың қазақ халық музыкалық шығармашылығына қызығушылығын қалыптастыру), М. А. Оразалиеваның[10] (бастауыш сынып оқушыларының қазақ халық аспаптық музыкасына қызығушылығын қалыптастыру. )
Білім беру мен оқыту теориясының әдіснамалық негізі таным теориясы және бала тұлғасын жан-жақты және үйлесімді қалыптастыру туралы ілімі болып табылады. Мектеп жасындағы балалардың танымдық қызығушылығын қалыптастыруды арнайы ұйымдастыру оқу үдерісін жетілдірудің негізгі шарты болып саналады.
Еліміздің психология және педагогика саласындағы ғалымдардың, мамандардың назарын аударып отырған мәселелердің бірі - мектеп жасындағы балалардың танымдық қызығушылығын қалыптастыру болып отыр.
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасында білім берудің мемлекеттік стандартына сәйкес мектептегі оқыту мен тәрбиелеу маңызы түбегейлі өзгеріп, бірінші кезекке бұрынғыдай баланы пәндік білім, білік және дағдылардың белгілі бір жиынтығымен қаруландыру емес, баланың танымдық қызығушылығын дұрыс және тиімді ұйымдастыру негізінде жеке бас тұлғасын қалыптастыру мақсаты алға қойылып отыр. Білім беру және оқыту теориясының балаларды оқыту мәселесіндегі талаптарының бірі танымдық қызығушылық пен саналылық. Бұл талаптың орындалуы мектеп жасындағы балалардың оқу материалын түсінуге, өткенді жаңамен байланыстыруға, негізгісі мен қосымшасын анықтауға, алған білімдерін тәжірибеде пайдалануға, өз пікірлерінде оларға сүйенуге ұмтылысынан көрінеді. Білімді саналы меңгеру өз бетімен жаңа білім алуға мүмкіндік беретін ақыл-ой еңбегінің өзіндік тәсілдерін игермейінше іске аспайды.
Мектеп оқушыларының белсенді танымдық қызығушылығының көздейтін мүддесі - білімнің қоғамдық мәнін ұғыну, қоғамға қызмет ету қарқынын үдету негізінде дамыту. Белсенділіктің ең жоғарғы көрінісі балалардың алған білімдерін өмірде, тәжірибеде нәтижелі пайдалана білуі болып табылады.
Танымдық қызығушылық - баланың оқуға, білімге, ғылымға деген ынта-ықыласы мен құштарлығының ерекше көрінісі. Қызығушылық баланың әрекеті және пәнімен қосылғандағы дәрежесін анықтайды. Қызығушылықтың ең жоғарғы көрінісі: баланың алған тәрбиесін, білімдерін өмірде, тәжірибеде нәтижелі пайдалана білуінде.
Қызығушылыққа байланысты әлеуметтік-педагогикалық көзқарас ежелгі дәуірден бастау алады. Оның көрнекті өкілдеріне ежелгі грек ойшылдары Сократ, Платон, Аристотель жатады. Олар белсенді және өз бетімен білім алуының маңыздылығын, жетістіктері мен өзін-өзі тәрбиелеудің маңызды екендігін негіздеген. Олардың пікірінше, өзіндік іс-әрекет нәтижесінде балада қанағаттану, қуаныш сезімі оянып, білімді игеруге белсенділігі артады. Бұл пікірлер көптеген ғасырлар бойы педагогтердің талдау нысанасы болды.
Мұндай психологиялық-педагогикалық көзқарасты Ы. Алтынсаринның, К. Ушинскийдің еңбектерінде көре аламыз. Ы. Алтынсарин оқыту арқылы өз бетінше білім көтеруге жол бастауда, ой-әрекетін жаттықтыруда мұғалімнің, тәрбиешінің оқу-тәрбие жүйесіндегі рөліне айрықша орын берді. Ы. Алтынсаринның пікірінше, педагогтердің жұмысындағы ең шешуші нәрсе: мұғалімнің, тәрбиешінің ең жақсы оқыту, тәрбиелеу әдістерін таба білуінде [11] .
К. Ушинский танымдық қызығушылық мәселесіне мән беріп, «өз бетінше жұмыс - оқытуды жетістікке жеткізудің бірден-бір жолы» деп есептеді.
Ол педагогтың жұмысын ескере отырып, баланың қызығушылығын дамыту мақсатында ұйымдастырылған дербес бақылау мен тәжірибе өткізу. көрнекіліктер дайындау сияқты жұмыстардың маңыздылығына тоқталды. К. Ушинский педагогикалық ғылымда алғаш рет балалардың өзіндік жұмысына философиялық және психологиялық-педагогикалық талдау жасайды.
Қоғам дамуының жаңа кезеңінде қоғамның барлық саласында күрделі өзгерістер жүрді. Қоғамның оқу-ағарту, білім беру саласындағы өзгерістер жеке тұлғаны қалыптастыруға, оқу үдерісінде тиімді әдіс-тәсілдерді іздестіруге, баланың шығармашылық, рухани, дене мүмкіндіктерін дамытуға, адамгершілік пен салауатты өмір салтын берік ұстануға бағытталады.
Қазіргі кезеңде баланың танымдық қызығушылығын дамытудың тиімді жолдарының бірі - баланың өзіндік жұмысы. Т. Сабыров, М. Құдайқұлов, А. Әбілқасымованың жастардың өздігінен білім алу әрекеті жайлы, С. Ұзақбаева, Б. Мұқанова, А. Ильясова, О. Сыздықов, т. б. оқыту мәселесін жетілдіру жөнінде жазған т. б.
Қазіргі кезде оқу-тәрбие үдерісінде балалардың танымдық қызығушылығын дамыту мен жетілдіру жолдары бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып отыр, сондықтан да диплом жұмысымыздың тақырыбын «Мектеп оқушыларының танымдық қызығушылығын қалыптастыру» деп алуымызға себеп болды.
Зерттеу жұмысының мақсаты: оқушылардың танымдық қызығушылығын қалыптастыруды теориялық тұрғыда негіздеп, оның әдістемесін жасау.
Зерттеу нысаны: мектептегі оқу-тәрбие үдерісі.
Зерттеу пәні : мектеп оқушыларының танымдық қызығушылығын қалыптастыру
Зерттеу міндеттері:
- «қызығушылық», «танымдық қызығушылық» ұғымдарының өзара байланысын көрсету;
- оқушылардың танымдық қызығушылығын қалыптастырудың педагогикалық-психологиялық мәселелерін қарастыру;
- оқушылардың танымдық қызығушылығын қалыптастыру ерекшеліктерін айқындау;
- оқушылардың танымдық қызығушылығын қалыптастырудың мүмкіндіктерін көрсету;
- оқушылардың танымдық қызығушылығын қалыптастырудың жолдарын, әдістерін анықтау.
Зерттеу әдістері: ғылыми - педагогикалық еңбектерді және іс-тәжірибелерді талдау, жинақтау, әңгімелесу, бақылау, анкета т. б.
Зерттеу көздері: тақырыпқа орай философиялық, педагогикалық, психологиялық, әдістемелік әдебиеттер, Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңы, Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, Қазақстан Республикасында бастауыш білім берудің мемлекеттік стандарты т. б. .
Диплом жұмысының құрылымы . Жұмыс кіріспеден, 2 бөлімнен, қорытынды және әдебиеттер тізімінен тұрады.
1 Оқушылардың танымдық қызығушылығын қалыптастырудың теориялық негіздері
1. 1 Танымдық қызығушылықты қалыптастырудың педагогика тарихында зертелу жайы
Танымдық қызығушылық оқу-тәрбие үдерісінің барлық саласында көрініс табады. Қазіргі тәрбиелеп оқытудың ең көкейкесті проблемалары танымдық қызығушылық мәселелерін қарастырады. Оқу үдерісін белсендендіру жолдары оқушылардың қызығушылығын дамытуды ұсынады, оқытудың белсенді әдістері танымдық қызығушылықты дамытуды көздейді, сабақтың қай түрі болсын қызығушылықпен уәжделеуге (мотивация) бағытталады. Білімді демократияландыру мен ізгілендіру оқушы қызығушылығын негізгі орынға қояды.
Қызығушылық - дүниедегі заттар мен құбылыстарды белсенділікпен танып білуге бағытталған адамның жеке ерекшеліктерінің бір көрінісі. Қызығушылық кезінде адам бір нәрсеге қызығып соған зейін аударады. Өзін тартып, құмарттыратын нәрсенің бәрі қызығушылықтың объектісі болып табылады.
Оқушы өмірінде қызығушылықтың әр түрі (эстетикалық, көркемдік, музыкалық, т. б. ) бой көрініс табады. өскелең ұрпақ үшін танымдық қызығушылықтың маңызы өте жоғары. нақтырақ айтсақ, қызығушылықтың маңызы өте жоғары. нақтырақ айтсақ, қызығушылықтың қай түрінде болмасын (эстетикалық, музыкалық, т. б. ) танымдық компонент бар. Әйтсе де танымдық пен қызығушылықтың ерекше түрі - оқуға, ғылымға, білімді жинақтауға қызығушылық. Ол адамның әр нәрсеге әуестенуінен байқалады. Болмыстың қандай да бір саласын терең меңгеру үшін оған танымдық қызығушылықты көрсету қажет.
Танымдық қызығушылық - дүниені, ғылым жаңылықтарын, қоғамда болып жатқан өзгерістерді танып - білуге деген қызығушылық.
Танымдық қызығушылық категориясы бірқатар психологиялық-педагогикалық еңбектерде қарастырылған (Н. К. Крупская[12], С. Т. Шацкий[13], Л. И. Божович[14], А. Н. Леонтьев[15], С. Л. Рубинштейн[16] және т. б. ) . Мәселен, қызығушылықты қалыптастыруда Н. К. Крупская қоршаған ортаны және балаға жақсы танымал деректер мен құбылыстарды, білімді меңгеруде зерделі көзқарасқа тәрбиелейтін мақсатты сананы тірек ету қажеттігіне тоқталады.
С. Т. Шацкий қызығушылықтың психологиялық негізіне белсенді іс-әректке деген қажеттілікті жатқызды. Бұл қажеттіліктен көзқарастар, ой-пікірлер, дағды, іс-әректтер, қызығушылық туындайды. Балаларды баурап алатын құбылыстар ақыл - ойға, эмоцияға, күш - қуатқа нәр береді, ал бұл болса олардың іс- әрекетінде көрініс табады. С. Т. Шацкийдің қызығушылықты іс-әрекетке тәуелді етіп көрсеуі қызығушылық теориясына қосқан елеулі үлесінің бірі болды, алайда іс - әрекеттің рөлін және баланың оқу барысындағы өзіндік тәжірибесін әсірелеп көрсету күнделікті меңгерілетін білімнің рөлін жете бағалаушылыққа әкеледі
Баланың жалпы даму мен ойлау әрекетінің сапасын жақсартып, дамытуда қызығушылықтың маңызын Л. С. Выготскиий[17] де ашып көрсетеді. Ол баланың ойлау қабілетін белсендендіретін және оған қажетті бағдар беретін, қажеттілігі мен қызығушылығын оятатын қозғаушы себептерге (мотив) тоқталады. Ғалымның пайымдауынша, бала қабілетінің дамуы оның алға тез жылжуымен шектелмейді, ол оның жас мүмкіндігіне сәйкес келетін іс - әрект түрлерін терең меңгере алуына, білім қорына және алған әсерлеріне байланысты балады. Баланы қоршаған ортағының бәрі қызықтырады, ол бойындағы бар мүмкіндікті пайдалана отырып, қолынан келетін іс - әрекет түрлеріне белсене араласады, өзінің әрі қарай дамуына жол ашады. Сөйтіп, қоршаған орта және іс - әркет түрлерімен белсенділікпен жан - жақты танысу тек қана дамыған қызығушылықтың негізінде ғана мүмкін болады
Егер психологтар мен педагогтардың пікіріне сүйенсек, қызығушылық баланың ой - өрісінің кеңейіп, тәжірибесінің молаюына әсер етеді, білімнің жетіліп, ақылының толысуына мүмкіндік туғызады.
Бірқатар Қазақстан ғалымдары (Ж. Аймауытов[18], М. Дулатов[19], Х. Досмұхамедов[20], М. Жұмабаев[21], А. Байтұрсынов[22] қызығушылық жеке тұлғаның талғамдық бағыттылығын көрсетеді деп түсіндірген және оны теориялық тұрғыда қарастырған.
Бағыттылық адамның өзіндік ерекшелігі, яғни оның іс - әрекеті себеп - салдарының, қажеттілігінің, сұранысының, қызығушылығының, талпынысының, сенімнің жиынтығы ретінде көрініс береді.
Психология ғылымында қызығушылық жеке тұлға көзқарасына және оның таңдаған бағытына бастау болатындай қажеттіліктің бір формасы ретінде айқындалады.
Мәселен, Ресей педагогы В. Н. Мясищев[23] қызығушылық пен қажеттілікті теңестіре қарастырады, ал психологтар С. Л. Рубинштейн, А. Г. Ковалев[24], Б. М. Теплов[25], В. П. Тугаринов[26], А. Г. Здравомыслов[27] т. б. болса, олардың арасында айырмашылақ бар дегенді айтады және қызығушылық жоғары деңгейге көтерілгенде ғана қажеттілік бола алады деп есептейді.
Қызығушылық пен қажеттілік арасындағы өзара байланыс - өте күрделі мәселе. Қажеттілік пен қызығушылық арасында белгілі бір байланыс бар, әйтсе де бұған қарап оларды теңестіре қарастыруға болмайды.
С. Л. Рубинштейннің пайымдауынша, қызығушылықты қажеттілікпен теңестіру орынсыз. Қызығушылық - ойдың бағыттылығы, қажеттілік - тілек, құштарлық, әуестік. Қажеттілік адамда белгілі бір затты меңгеруге деген ықыласты туындатса, қызығушылық - онымен тереңірек танысуға ұмтылдырады. Қажеттілік өтелген соң жоғалып кетеді, ал қызығушылықтың қанағаттандырылуы оның ары қарай жетілуі мен тереңдеуіне түрткі болады.
Ал, Б. М. Теплов болса, қажеттілікті іс-әрекеттің мотиві ретінде қарастыруға қарсы болды. Оның пікірінше, қажеттілік адам өміріндегі негізгі қозғаушы күш болғанымен, адамның іс-әрекетінің мотиві емес. Қоғамдық өмірде қажеттілік негізінде адамның сезімі, нақты айтсақ, қоғамдық сезімі дамиды, дүниеге көзқарасы қалыптасады. Адамның сезімі, қызығушылығы, сенім-көзқарасы көздеген игі - тілегінің бастауы бола отырып, оның іс - әрекетінің мотивтері ретінде көрінеді.
Қажеттілік және қызығушылық проблемасы А. Г. Ковалевтің жұмыстарынан кең орын алған. Ол қажеттіліктің физиологиялық табиғатына талдау жасады; әлеуметтік қажеттілікті арнайы түрге бөле отырып, олардың жаңа классификациясын ұсынды, қызығушылықты қажеттілік пен түсінуге қарсы болды. Оның пікірінше: «қажеттілік» және «қызығушылық» түсініктерін теңестіру дұрыс емес, өйткені қажеттілік пен қызығушылықтың сәйкес келмейтіндігін күнделікті тіршіліктегі фактілерден кездестіреміз, дегенмен олардың арасында өзара әректтестікті орнату керек, өйткені « . . . қалыптасып келе жатқан танымдық немесе эстетикалық қызығушылық адамның өмірлік қажеттілігіне айналуы мүмкін». Мәселен, театрға деген қызығушылық - спектакльді құр жібермеуді әдетке айналдыру, тіпті сахна ісімен айналысуға дейін итермелеуі мүмкін.
А. Г. Здравомыслов қажеттілік пен қызығушылықты субъекті іс - әрекетінің ішкі қозғаушы күші ретінде қарастыра отырып, олардың арасындағы айырмашылықты атап көрсетті.
Қажеттілік қызығушылыққа қарағанда кең мағынаға ие. Ол күнделікті тыныс-тіршіліктегі іс-әрекеттің түрткісі болып табылды. Ал қызығушылық болса жеке адамның әлеуметтік өмірінен орын алады.
Т. С. Сабыров құндылық көзқарас теориясы тұрғысынан қажеттілік пен қызығушылық байланысына өз пікірін былайша білдіреді: «Қажеттілікті құндылық деп қабылдауға болмайды. Қажеттілік адамға бір нәрсе жетіспеген кезде пайда болады"[28] .
Қызығушылық қажеттілік негізінде туындайды да, қажеттілікті қанағаттандыратын затқа немесе құбылысқа бағытталады. Негізінен қызығушылық түсінігі қоғамдық және рухани қажеттілік саласында қолданылады», автордың пікірінен тәрбиенің міндетіне қызығушылықты дамыту жатады деген түсінікті пайымдау қиын емес.
Жоғарыда айтылғанның бәрі қызығушылық пен қажеттілік арасында байланыстың барлығын, қажеттіліктің адам өміріндегі рөлінің жоғары екендігін айғақтайды. Психологтардың тілімен айтқанда, қажеттілік дегеніміз - адамның өмірі мен даму жағдайында белгілі бір нәрсені қажетсіну. Қажеттілік барлық тірі организімдердің өмірлік іс - әрекетінің түрткісі болып табылады.
Қажеттілік адам бойында белсенділік сезімін оятады. Ол адамның өмірлік іс - әрекетінің бастапқы қозғаушы күші бола отырып, белгілі дәрежеде адамның күйініш - сүйінішіне, ойлауына және ерік - жігеріне әсер етеді. Қанағаттандырудың түрі мен тәсіліне қарай, қажеттіліктің орындалу немесе орындалмауына байланысты адамдар мазасыздану немесе тыныштану, рахаттану немесе азап шегу сезімдеріне тап болады.
Қажеттілік - адамның ойлау әрекетін оятатын негізгі күш болып табылады. Адам өз қажеттігін қанағаттандыра отырып, тірі организм ретінде дамуға, өмір сүруге мүмеіндік алады, ұрпағын жалғастырады, еңбек етеді, қарым - қатынас жасайды, сонымен қатар қоғамның дамуына үлес қосады.
Қоғам өміріндегі іс - әрекет барысында, осы қажеттілік негізінде, адамның ынта - жігері (сезімі, қызығушылығы, сенімі), талпынысы және т. б. адами қасиеттері дамиды.
Қызығушылық мәселесі қазақ ойшылдары мен философтарының да, ағартушы-педагогтарының да (Әбунасыр Ибн Мұхаммед әл -Фараби[29], Әбуғали Ибн - Сина[30] және т. б. ) назарынан тыс қалмаған. Олар айналаны танып-білудегі қызығушылықтың роліне, әсіресе балаларды тәрбиелеуде олардың білімге қызығушылығына үлкен мән берген, бала бойында қызығушылықты қалыптастырудың әдіс - жолдарын қарастырған. әл-Фараби өзінің трактаттарында баланың ішкі сезімдеріне әсер ете отырып, мұғалімнің оқыту процесінде қызығушылық пен ынта тудыра білуі жөнінде өнегелі пікірлер айтады. Оның пайымдауынша, «рухани негізі түзу болса, оның тілегі, қалауы дұрыс болады. Оқу үйрену нәтижесінде шәкірттің ниеті әсер етеді, көңіл қалауы болмақ». Ибн-Синаның « . . . егер бала ұжымда тәрбиеленсе, онда ол жалықпайды, сабаққа ынтасы мен қызығушылығы пайда болып, басқалардан қалып қоймауға талпынады», - деген тәрбие туралы пікірлерінің де құндылығы жоғары.
Абайдың[31] қара сөзінің де қызығушылықты қалыптастырудағы ғибраты зор. Ол: «ғылым-білімді әуел бастан бала өзі іздеп таппайды. Басында зорлық, яки алдау мен үйір қылу керек, үйрене келе өзі іздегендей болғанша» дейді. Ғұлама ойшыл адамның адамдығы (тәрбиелігі), ақылы мен ғылымы (алған білімі) туа біткен денсаулығына, психологиялық жан дүниесінің дұрыстығына тәуелді дегенді айтады және оқуға баулудың педагогикалық жолын ұсынады.
Абайдың «зорлық» пен «алдау» деген сөздерін тікелей түсінудің қажеті жоқ, олар балаларды оқу-білімге ынталандырудың, қызықтырудың тәсілдерін меңзейді. Ақын « . . . бала білім-ғылымды махаббатпен көксейтін болса, сонда ғана аты адам болады», - деп ой тұжырымдайды.
Балалардың өнер-білімге деген талабы мен қызығушылығын оятып, тәрбиелеген жағдайда ғана олар жеміс бере алады деген пікірді ұлы ағартушы Ы. Алтынсариннің пайымдауынша, балаларды мектепке, сабаққа, кейіннен ғылымға өз бетімен құмарландыратын сабақ балаларға ана тілінде қарапайым, қызықты ұғындырылып, әңгімелер мен ертегілер, мысалдар мен өлеңдер орынды пайдаланылса, олардың білім алуға қызығушылығы арта түседі. Мысалы, «Кел, балалар оқылық!» өлееңі балаларды оқуға, білім алуға қызықтыру үлгісі ретінде жазылған.
Қызығушылықты дамытуда өнер-білім рөлінің әрқашан жоғары екендігі туралы кезінде Ж. Аймауытов, А. Байтұрсынов, М. Жұмабаев та айтып өткен. Егер А. Байтұрсынов «балаларды қинамай, оңай оқыту керек, қиналмай оқыса, оқуға балалар қызықпақшы», - деп жазса, Ж. Аймауытов «оқытуда қызығусыз үлкен нәтижеге жетпейміз. Бойдағы ынтаны (қызығуды) қоздырып кейбір нәрсеге ынтаны қолдан жасап еріксіз шақырамыз» - деп, оқушылардың ынтасын оятып, қызығушылығын қозғау керектігіне баса назар аударды.
Мектеп оқушыларының ойлау дәрежесі мен дербес іс-әрекеттегі белсенділігінің қалыптасуына жан-жақты жағдай жасап, мектепте берілетін ғылыми білім сапасын жаңа заман талаптарына сай іріктеу мен меңгерту міндеттері олардың оқу-танымдық іс-әрекетін қалыптастыруға тікелей байланысты. Осы күнге дейін, негізінен эмпирикалық деңгейде қалып келген дәстүрлі оқыту жүйесі мен заман талаптары арасында пайда болған диалектикалық қарама-қайшылық мектепке дейінгі мекемеде оқытудың жаңа сапалық деңгейін қажет етуде. Баланы даяр білімді қабылдаушы объект емес, білімді өз бетімен ізденуші субъект ретіне қарау мақсатында оқыту жүйесін лайықтаудың қажеттігі артуда. Осыған орай мектепте берілетін білім мазмұнын жаңарту, оқытуды белсендірудің жаңа әдістемелік жүйесін жасау, ең алдымен, әрбір баланың жан-жақты жетілуіне, ойлау белсенділігі мен ізденімпаздығының қалыптасуына, нәтижесінде шығармашыл жеке тұлғасының ақыл ойын қалыптасуына қызмет етуі тиіс.
Білім беру жүйесі қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуының жетекші рөлін атқарады, сондай-ақ оны әрі қарай айқындай түседі. Ал білімнің қалыптасып дамуының жалпы шарттары философияның негізгі мәселесі - рухтың материяға, сананың болмысқа қатынасы тұрғысынан зерттелетін ілім - «таным теориясы» деп аталады.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz