Біртұтас Түркістан идеясы: теориялық негіздері және іске асырылу жағдайлары


Біртұтас Түркістан идеясы: теориялық негіздері және іске асырылу жағдайлары
КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Зерттеу жұмысында түрік халықтарының бірлігі мен Тұтас Түркістан идеясының қалыптасуы мен дамуы, Түркістанның тәуелсіздігі жолындағы күрес, Тәуелсіз Түркістан мемлекеттілігі идеясының іске асырылу жағдайлары мен кезеңдері, түрік эмигранттарының Түркістанның азаттығы жолындағы күресі қарастырылады.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі негізінен бір-бірімен тығыз байланысты екі фактордан туады: оның біріншісі - Түркістанның және түрік халықтарының сонау орта ғасырлардың өзінде-ақ Еуразия құрлығындағы тарихи үдерістерде елеулі рөл атқаруы болса, екіншісі Түркістанның әуелі Ресей империясының, одан кейін Кеңес Одағының құрамында тәуелділік жағдайда болуына байланысты түріктер тарихының толық зерттелмеуі немесе бұрмалануы деп айтуға болады. Батыс Түркістанды жаулап алуымен Ресей империясы өзінің Еуразия құрлығындағы позицияларын елеулі түрде нығайтты, сондықтан Түркістаннан айырылу оның экономикалық дамуына ғана емес, геосаяси мақсаттарына да ауыр соққы болар еді. Сондықтан Ресей патшалық үкіметі Түркістаннан айырылып қалмауға барлық күшін салды. Сол кезден бастап Ресей империясындағы түрік халықтарының азаттық күресі басталды. Ресей империясының қоластындағы Түркістан жері Кеңес Одағы кезінде бірнеше жеке кеңестік республикаларға жіктелді, алайда олар түріктердің тәуелсіз мемлекеті болған жоқ, сондықтан тәуелсіздік жолындағы күрес жалғаса берді. ХХ ғасырда бұл күрес өзіндік идеологиясы мен теоретиктері, бағдарламалары мен жетекшілері бар саяси күреске айналды. Бұл күрес әлемдік тарихтағы ұлт-азаттық қозғалысы деп аталған ірі тарихи үдерістің қатарынан өз орнын алуға тиісті.
Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін нарықтық экономика мен либералдық демокоратияға өту кезеңінде тұрған Қазақстан үшін ғасырлар бойы жалғыз ғана тәуелсіз түрік мемлекеті болып келген Түркиямен қарым-қатынас жасау айрықша маңызды болды. Түрік елдерінің әртүрлі саладағы ынтымақтастығының айрықша маңыздылығын Президент Н. Ә. Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» деген еңбегінде былайша атап өткен болатын: «Тарихтың алға қойып отырған өктем талабы әрбір түрік еліне әртүрлі салада саяси, экономикалық, мәдени және гуманитарлық тәсілдермен бірігу проблемасын шешудің бәріне бірдей тең институттық тетіктерін жаппай-тұрмай іздестіруді міндеттейді» [1, 121-б. ] . Осылайша қазақ халқы өзінің әуелі Ресей империясының, одан кейін Кеңес Одағының құрамында болған кезеңдерде жоғалтып алуға сәл ғана қалған түріктік тегін қайта тауып, болашақ даму бағдарын анықтауға мүмкіндік алған еді.
Кеңес Одағы ыдырап, егемен Қазақстанның даму кезеңі басталғанда империялық сана бұғауынан арылып, оның орнына ұлттық сана қалыптастыру міндеті пайда болды. Тарихи сананы жаңарту сияқты маңызды міндетті іске асыруда Қазақстанда тәуелсіздік кезеңінде бірқатар қадамдар жасалды. ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы жаппай қуғын-сүргіннің алпыс жылдығына орай 1997 жылдың «Қоғамдық келісім және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы» болып жариялануы, келесі 1998 жылдың «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы» деп аталуы және 2004 жылдан бастап «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша шетел мұрағаттарынан қазақ тарихы мен мәдениетінің деректерін іздеу, жинақтау, аударып, басып шығару нәтижесінде ұлттық сананы қалыптастыруда шешуші қадамдар жасалды. Ал бұл міндетті орындаудың бірден-бір жолы тоталитарлық сананың негізін құраған «кеңес халқы», «кеңес мәдениеті», «социалистік ұлттардың жақындасуы және бірігіп кетуі» деген қияли түсініктерге қарсы тұра алатын идея табу болса, ол идеяның өзегі сонау ХІХ ғасырдан бастау алатын түрік халықтарының бірлігі және азаттығы идеясы болып шыққаны заңды құбылыс.
Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуы, саяси либералдық модернизация үдерісі қазақ тарихының кеңестік кезеңде идеологиялық және саяси мақсаттарға сәйкес бұрмаланған аспектілерін қайта қарауды талап етеді. Соның ішінде түрік халықтарының бірлігі арманын пір тұтып, кеңес өкіметінің таптық идеяларын қабылдаудан саналы түрде бас тартып, шетелге кеткен түркістандық қайраткерлердің эмиграциядағы саяси қызметі, жалпы кеңестік Шығыстың ұлт тәуелсіздігі жолындағы күресінің әлемдік аренаға шығуы туралы мәселенің кеңестік тарих ғылымында зерттелуі біржақты болғаны белгілі. Атап айтқанда, тарих ғылымында кеңестік Орталық Азия халықтарының Түркістаннның тәуелсіздігі, түрік бірілігі, түрік тарихының ортақтығы туралы идеяны көтерген зиялы қауымы өкілдерінің жағымсыз бейнесі қалыптастырылды. Олардың еңбектері мен идеялары ұмыт болды немесе зерттеуге қасақана жол берілмеді. Бұл мәселеге арналған еңбектер тек қана сынау, айыптау сипатында болды. Себебі олар Түркістанның азаттығы жолындағы күресте ұран болған, оған бағыт-бағдар берген идеяларды негіздеп, ұлт-азаттық қозғалысының пәрменділігін күшейтті. Сондықтан Түркістан ұлт-азаттық қозғалысында түрік халықтарының бірлігі идеясының қандай рөл атқарғандығын зерттеу Қазақстан тарихының аса өзекті мәселелері қатарына жатады.
Мәселенің ғылыми зерттелу деңгейі. Қарастырылып отырған тақырыпқа тарихнамалық талдау кең ауқымда шетелдік, кеңестік және қазақстандық ғалымдардың зерттеулерінің негізінде жасалды.
Шетелдік тарихнама. Шетелдік Шығыс тарих ғылымында түрік халықтарының бірлігі және Түркістан тарихының мәселелері неғұрлым белсенді әрі шынайы зерттелген жері Түркия болды. Түркия Ресейдегі большевиктер идеясын қабылдамай, шетелге кетуге мәжбүр болған түрік зиялыларының екінші отанына айналған еді. Түркияда түрік эмигранттары ғылыммен айналысты, университеттерде сабақ берді, кейбірі саясатпен де айналысуға мүмкіндік алды. Түркияда түрік бірлігі жолында күрескен көптеген зиялылардың, соның ішінде Мұстафа Шоқайдың да еңбектері басылып шықты, соған орай онда осы мәселені зерттеушілер де жеткілікті екені белгілі. Түркиядағы түрік эмиграциясының келесі толқыны екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қалыптасты, олардың да ғылым мен білім, өнер саласы мен қоғамдық өмірде өзіндік орындары бар. Түркия зертеушілерінің ішінде бірінші кезекте Таһир Шағатай мен Саадат Шағатайдың Түркістан тарихы және Мұстафа Шоқай туралы еңбектері аса маңызды. Х. Н. Оркунның кітабын Түрікшілдік идеясының тарихы кешенді түрде зерттелген еңбек ретінде қарау қажет [2] . Әнуар пашаның өмірі мен қызметін, Түркістандағы азаттық қозғалысына қатысуын зерттеген А. Бадемжи, Ш. С. Айдемир, И. Үлкінің еңбектері бар. М. Өздагдың еңбегінде большевиктер үкімет басына келгеннен кейінгі Түркістандағы азаттық қозғалысына түрік халықтарының бірлігі идеясын қолдайтын түрік зиялыларының көмегі сипатталған [3] . М. Сарай өзінің Османлы мемлекті мен Түркістан хандықтары арасындағы өзара қарым-қатынастарды зерттеуге арналған монографиясында Түркістандағы Ресей империясының отарлық езгісіне талдау жасаған [4] .
Түркістанның азаттығы және түрік халықтарының бірлігі мәселесі - Кеңес Одағы ыдыраған соң тәуелсіз мемлекетін құрған бұрынғы Түркістан жеріндегі тағдыры мен тарихы ортақ мемлекеттер зерттеушілерінің де айрықша назарын аударып отырған тақырып. Осы орайда Өзбекстан тарихшылары Р. Шамсутдинов, Х. Д. Садықов, Б. А. Кошанов, А. М. Худайкулов, С. Азамхужаевтың еңбектерін айрықша атап өту қажет. Тәуелсіз Әзірбайжанда түрік бірлігін негіздеген және насихаттаған, тұраншылдық идеясының жаршысы болған «Каспий» газетін шығарушылардың бірі А. Гусейнзаденің өмірі мен қызметі, әзірбайжан халқының ұлт-азаттық күресінің көшбасшысы болған «Муссават» партиясының қызметі жаңа тұрғыдан зерттеле бастады.
Батыс ғалымдарының зерттеулерінде Түркістанның Ресей отары ретіндегі саяси, экономикалық және мәдени даму мәселелері қарастырылған. П. Мюленнің монографиясында кеңестік Шығыс халықтарының екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі азаттық қозғалысы жан-жақты зерттелген. Алайда бұл автор кезінде Түркістан Ұлттық Комитетінің басшылық қызметінде және Түркістан легионының құрамында болған түркістандықтармен сұхбаттасқандықтан және солардың жеке материалдарын пайдаланғандықтан, кітапта эмиграциядағы кейбір түрік қайраткерлерінің рөлі субъективті түрде көрсетілген. [5] . Түрік халықтарының азаттық қозғалысы, Мұстафа Шоқайдың эмиграциядағы күрес жолы және оның идеяларын кейінгі ұрпақтардың жалғастыруы мәселелерін зерттеуде Германия азаматы болған тегі қазақ Хасан Оралтай еңбектерінің айтарлықтай маңызы бар.
Я. Ландау түрік халықтарының бірлігі идеясын пантүрікшілдік деп сипаттай келе, бұл идеяның өзіндік дербестігі мен нақты негіздері бола тұрса да, ол ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Ресей империясында айрықша күшейген панславяндық ағымға қарсылық ретінде қалыптасты деген пікір айтады [62] . М. Буттино патша режимінің дағдарысқа ұшырап, кеңес билігінің түпкілікті орныққан кезеңі аралығындағы Түркістан өлкесінің тарихына объективті талдау жасаған. Зерттеуші Түркістанның тұтастығы мен түрік халықтарының бірлігі үшін күрескен Мұстафа Шоқай мен Тұрар Рысқұлов сынды тұлғалардың Тұтас Түркістан идеясын көтергені үшін Мәскеу шовинистері тарапынан қатал қуғын-сүргінге ұшырағандарын ашып көрсеткен [6] . Д. Кашнер түріктердің бірлігі идеясын «түрік ұлтшылдығы» деп атап, оның шығу негіздерін және даму кезеңдерін зерттеді [6] . Ресей империясындағы шығыс халықтарының тарихын зерттеген С. Зенковски де түрік халықтарының азаттық қозғалысының идеялық негіздерін пантүрікшілдік деп атайды [8] .
Ағылшын тілді ғылыми әдебиетте ең көп орын алған - 1924 жылғы Түркістандағы шекара межелеу және жеке-жеке кеңестік республикалардың құрылуы мәселесі. Г. Парк және Г. Уилер Түркістандағы межелеу саясатын 1924 жылдан ертерек неге бастамады деген сұраққа жан-жақты жауап берген. Түркістандағы оппозицияны кеңес өкіметі пантүрікшілдік және панисламшылдық пиғылдағы халық жаулары деп айыптағанын атап көрсетеді. Батыс зерттеушілері кеңес өкіметінің межелеу саясаты ұлттардың қалыптасуы туралы жаңсақ түсінікке негізделді деген пікір айтады. У. Фримен межелеу ұлттық мүдделерге негізделген жоқ, өйткені ол кезде Орталық Азияда (У. Фрименнің «Орталық Азия» деп отырған жері - біздің зерттеу объектіміз болып отырған Түркістан) толық мағынадағы ұлттар қалыптасқан жоқ деп атап көрсетіп, кеңестік «социалистік ұлт» түсінігінің негізсіздігін дәлелдеген. Қазіргі Ресейдің О. Н. Сенюткина, С. Червонная, И. Л. Фадеева және басқа зерттеушілері көбінесе Ресей Федерациясы құрамындағы түрік халықтарының азаттық қозғалысындағы түрікшілдік, тұраншылдық идеяларының даму тарихына назар аударады. Ресей Федерациясы құрамындағы Татарстан Республикасында түрікшілдік, түрік халықтарының бірлігі идеясы ғылыми негізде объективтік түрде зерттелуде. Мәселен, Р. Мухаммединовтің «Түрікшілдіктің шығуы және эволюциясы» атты монографиясында Осман және Ресей империяларындағы, Түркия Республикасындағы, Кеңес Одағы мен қазіргі ТМД елдеріндегі түрік халықтарының саяси ойы мен идеологиясының ХІХ ғ. 70-жылдарынан бастап қазіргі кезеңге дейін даму тарихы талданған. М. З. Закиевтің «Түріктер мен татарлардың шығу тегі» деп аталған зерттеуінің бірінші бөлімінде «түрік» этнонимінің дыбыстық нұсқалары мен семантикасы, ғылыми әдебиетте аса көп айтылмайтын түрік тілдес тайпалар мен халықтардың этникалық тегі сипатталған.
Кеңестік тарихнама. Кеңестік тарихнаманың қалыптасу кезеңінде, ХХ ғасырдың 20-30-жылдарында, Ресей мен ұлттық шет аймақтардың қарым-қатынасын зерттеуде Н. С. Покровский негіздеген күшпен, зорлықпен отарлау концепциясы қалыптасты. Зерттеушілер осы концепцияның негізінде Түркістанның Ресей империясының құрамында болған кездегі даму тарихын біршама объективті түрде зерттеді, патша өкіметінің отарлық саясатын ашық сипаттады, өйткені бұл кеңес тарих ғылымының негізі болған таптық тұрғыдан қарау қағидасына сәйкес келетін еді. Осындай еңбектердің қатарына Г. И. Сафаровтың «Отарлық революция (Түркістанның тәжірибесі) » атты еңбегін жатқызуға болады.
Кеңес зерттеушілері 40-жылдарда Түркістанды Ресейдің зорлықпен отарлағаны туралы идеядан бас тартты, оның орнына орталықтың ұсынысымен Мәскеу тарихшылары негіздеген «неғұрлым кіші зұлымдық» идеясы, Ресейдің Шығыс халықтарының тарихында прогрестік рөл атқарғаны, Түркістанды және басқа ұлттық аймақтардың Ресейге өз еріктерімен «қосылғаны» туралы тезистер келді. Кеңестік орталық биліктің талап етуімен СОКП Орта Азия бюросы 1934 жылы 23-мамырда қаулы шығарып, онда Орта Азия тарихынынан Ресейдің отаршылдық саясаты туралы концепцияны алып тастау туралы нұсқау берді. 40-50-жылдарда осы бағытқа сәйкес келмеген еңбектердің таралуына тыйым салынды, авторларының көпшілігі жазалауға ұшырады. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін «қырғи-қабақ соғыстың» күшейіп тұрған кезеңінде «батыстың буржуазиялық насихатына» дем бермес үшін шет аймақтар халықтарының Ресейге өз еркімен қосылғаны және бұл «қосылу» прогрестік рөл атқарғаны туралы идея айрықша басым айтылды. Өйткені Ресейге және Кеңес Одағына қатысты «басып алу», «жаулап алу» деген түсініктер мүлде қолданылмауға тиісті болды. Патша өқкіметінің отарлық саясаты көмескілендірілді, ал шет аймақтар халықтарының ұлт-азаттық қозғалысы феодалдық-монархиялық сипаттағы бас көтеру деп бағаланды. Ал 60-70-жылдарда орталықта және Орталық Азиядағы кеңестік республикаларда Ресейдің Шығысты жаулап, отарлап алуының жағымды жақтары, прогрестік сипаты болды деп дәлелдеген еңбектер көптеп шықты.
Түркістанда большевиктер билігінің орнауы туралы мәселе кеңестік тарихнамада аса бұрмаланған тақырыптардың бірі болды. 50-60-жылдардағы кеңестік зерттеулер ресми көзқарасқа сай Түркістан халқының барлық топтары большевиктерді қуана қарсы алып, өз жерінде кеңес өкіметін орнатуға белсене қатысты деген идеяны дәлелдеуге тырысты. Кеңестік зерттеушілер басмашылар қозғалысын большевиктер өкіметінің орнауына қарсылықтың бір формасы ретінде емес, бай-шонжарлардың өз билігінен айырылмау үшін жүргізген таптық күресі ретінде сипаттады.
1924 жылғы жеке кеңестік республикалардың құрылу тарихына арналған еңбектерде большевиктер үкіметінің Түркістанды бөлшектеу саясатын жергілікті халықтың мақсат-мүдделеріне сәйкес жүргізілген шаралар деп бағалады. Бүкіл кеңестік авторлардың бұл мәселеге қатысты ортақ пікірі - кеңес өкіметі жергілікті халықтың ұлттық мүдделерін ескеріп, әрбір ұлттың орналасқан территориясының шегін анықтап берді деген идея. Осыған орай бұл мәселе кеңестік тарихнаманың ұлт туралы түсінігіне де қатысты болып шығады. Көптеген еңбектерде Түркістандағы межелеу шарасы бұл жердегі жеке ұлттардың мүддесінен шығып, олардың алдағы уақытта «социалистік ұлт» болып қалыптасуына жағдай жасады деген түсінік негізделді, бұл түсінік кеңестік гуманитарлық ғылымдардың негізі болған марксизмнің ұлт туралы қағидаларының өзіне де сәйкес келмей қалды.
Қазақстандық тарихнама. Қазақстанда түрікшілдік, Біртұтас Түркістан идеяларын, түрік халықтарының азаттық күресін неғұрлым объективті түрде зерттеу егемендік алғаннан кейін ғана басталды. Әрине, осы айтылғандар кеңестік кезеңде Түркістанның Ресей отары болған кезіндегі тарихы, Түркістан автономиясы мен Алашорда тарихы мүлде зерттелмеді деген түсінік тудырмауға тиісті. Біз негізінен жеке, дербес қазақстандық тарихнамаға өткен ғасырдың 90-жылдарынан бергі шыққан еңбектерді енгізіп отырмыз, өйткені біздің аса белгілі және дарынды ғалымдарымыздың кеңестік кезеңде шыққан, жинақталған нақты да бай материалдары бар еңбектерінде олардың өзіндік, дербес ойлары кеңестік идеологияның ауқымынан шығуға мүмкіндік таппай, көмескі түрде көрсетілді. Мұның өзі сол еңбектерді тұтастай алып «кеңестік» деген айдар тағып, оңды-солды сынауға негіз болуға тиісті емес, сондықтан тарихнамалық талдау тәуелсіз Қазақстан тарихшыларының еңбектерін қамтуға тиісті деп ойлаймыз. Қазақстандық тарихнаманы зерттеліп отырған тақырыптың нақты аспектілері бойынша қарастыруды жөн көрдік.
Тұтас Түркістан идеясын алғашқы көтергендердің бірі, белгілі ғалым М. Қ. Қойгелдиев «Түрік елі», «Түркістан» ұғымдарының мән-мазмұнын талдаған және Мұстафа Шоқайдың Түркістанның азаттығы жолындағы күресінің тарихын зерделеген [9] . Түрік халықтарының ортақ тарихы, ежелгі түрік тайпалары, Ресей түріктерінің өз мемлекетін құру идеясы мен оның орындалуына кедергі келтірген жағдайлар Т. О. Омарбековтің еңбектерінде зерттелген [10] .
Азия елдеріндегі түрік эмигранттары туралы зерттеулер қатары баршылық болғанымен, Еуропадағы эмигранттардың саяси қызметі жан-жақты зерттелген жоқ. ХХ ғасырдың 20-жылдарында шетелге эмиграцияға кеткен түрік зиялыларының өмірі мен қызметі туралы сындарлы зерттеулер соңғы жылдарда шыға бастады. Қазақстанда бұл тақырып саяси эмигранттардың ішіндегі ірі тұлға М. Шоқайдың есімімен байланысты. Осы тақырыптағы алғашқы іргелі монографиялық зерттеулердің бірі Л. Есмағамбетовтың еңбегінде Шоқайдың саяси көзқарасының қалыптасуы оның Түркістанның тәуелсіздігі жолында күресу мақсатымен байланыстыра талдаған [11] . Шетелдердегі түрік эмиграциясы, Еуропа елдерінің Түркістанға қатысты саясаты, екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы Түркістан мәселесі және «Үлкен Түркістан» идеясы туралы Г. К. Көкебаеваның шетел мұрағаттарының материалдарына негізделген зерттеулерін атауға болады [12] .
О. М. Қоңыратбаев белгілі қазақ саяси қайраткері Т. Рысқұловтың Түркістан автономиялық республикасындағы атқарған қызметін кешенді түрде зерттеді [13] . Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы және автономияның құрылуының саяси аспектілері Х. М. Тұрсынның еңбегінде, түрікшілдік идеясының қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысындағы орны мен рөлі С. Шілдебайдың еңбегінде көрсетілген.
Қазақстандық тарихнамадағы зерттелініп отыран мәселеге қатысты зерттеулердің айрықша үлкен тобын Алаш қозғалысы және Алашорда тарихына арналған еңбектер құрайды. Алаш қозғалысына және Алашордаға жаңа көзқарасты қалыптастырған ғалымдар К. Н. Нұрпейісов пен М. Қ. Қойгелдиев болды [14, 15] . Сонымен қатар Түркістан легионы тарихына арналған А. Кәкен және Түркістанның әртүрлі кезеңдердегі тарихының негізгі аспектілерін зерттеген М. Ж. Абдиров, Н. Д. Нұртазина, Х. М. Тұрсын, Р. Х. Сариева, А. Ауанасова, т. б. еңбектерін атауға болады. Тарихнамалық шолудан көріп отырғанымыздай, түрік халықтарының бірлігі идеясын және оның әртүрлі
нұсқалары мен үлгілерін кешенді түрде зерттеген еңбектер отандық тарихнамада әзірге кездеспейді.
Диссертациялық жұмыстың зерттеу нысаны - « Тұтас Түркістан» идеясының теориялық негіздерінің қалыптасуы, дамуы және оны іске асыру жолындағы күрес.
Зерттеу жұмысының пәні түрік халықтарының бірлігі идеясының негізінде тәуелсіз Түркістан мемлекетін құру жобалары және оның іске асырылуын зерттеу болып табылады.
Зерттеудің мерзімдік шегі ХХ ғасырдың бірінші жартысын қамтиды. Түрік халықтарының бірлігі идеясының Түркістанға кең таралуы және шетелдердегі эмигранттар арасында оның теориялық негіздерінің жасалуы ХХ ғасырдың алғашқы он жылдығында іске асса, тәуелсіз Түркістан идеясының дамуы және практикасы негізінен кеңестік түрік халықтарының тарихында екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғанға дейін неғұрлым белсенді түрде насихатталды. Зерттеудің территориялық ауқымы тақырыбына орай тарихи Түркістан жерін қамтуға тиісті. Біздің зерттеу жұмысымызда нақты түрде алғанда тұтас Түркістан мәселесі өткен замандарда әуелі Ресей империясының, одан кейін Кеңес Одағының құрамына кірген Батыс Түркістанға қатысты қарастырылады.
Зерттеу жұмысының мақсатына түрік халықтары бірлігін негіздеген идеялардың түрікшілдіктен бастап Біртұтас Түркістан идеясына дейінгі эволюциясын және оның іске асырылу тәжірибесінің негізгі үлгілері мен нұсқаларын кешенді түрде зерттеу жатады.
Алдымызға қойылған мақсатқа сәйкес зерттеу жұмысының алдына төмендегідей міндеттер қойылды:
- түрік халықтарының бірлігі идеясы олардың ортақ тарихы мен ортақ тағдырынан туатындығын көрсету;
- түрікшілдік және тұраншылдық деп аталған екі идеялық ағымның айырмашылықтары мен өзара байланысын ашып, осы екі тарихи түсініктің мазмұнын нақтылау;
- «пантүрікшілдік» және «пантұраншылдық» атауларының ғылыми түсінік емес, Ресей империясының түрік халықтарының бірлігін жоюға бағытталған идеологиялық сипаттағы түсініктер екенін дәлелдеу;
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz