Педагогика тарихы пәнінің мақсат-міндеттері, әдіснамасы, тарихи-педагогикалық зерттеу әдістері


Педагогика тарихы пәнінің мақсат-міндеттері, әдіснамасы, тарихи-педагогикалық зерттеу әдістері
Педагогика тарихы - тәрбие, білім беру және оқыту практикасының пайда болып, дамуы және әр тарихи дәуірдегі педагогикалық ой-пікірлер мен теорияларды жүйелеп зерделеу үрдісінде қалыптасқан қоғамдық ғылымдар арасында өз орнын тапқан ғылым. Педагогика тарихы ғылым ретінде тарих және педагогика ғылымдары бірлігінде, кейін келе философия салалары - әлеуметтану, мәдениеттану және этнография пәндерімен кіріктіре байланысу негізінде ауқымын кеңейтіп дамуда. Ал, Қазақстан педагогика тарихы болса дүние жүзілік тарихи-педагогикалық үрдіспен өзара органикалық байланыста және оның құрамдас бір бөлігі болып, өзінің даму жолында ерте кезден осы күнге дейінгі аралықта әр тарихи кезеңіндегі мектеп пен педагогикалық ойларды талдап, тәрбие мен білім беру мәселесінің дамуын зерделейтін педагогика ғылымдарының бір саласы болып саналады.
Педагогика тарихы пәні - әр тарихи дәуірдегі, әлеуметтік- экономикалық жағдайлар, тарихи-педагогикалық идеялар мен ойларды, жас ұрпақты тәрбиелеу мен білім берудегі мектеп тарихының генезисін, өзара ықпалын, кемшіліктері мен жетістіктерін, оқушыларды дамыту үрдісіндегі мақсатты ұйымдастырылған қисынды шаралар мен шарттар, белгілері мен заңдылықтарын талдау негізінде жүйелеп, болашақ мұғалімдердің педагогикалық дүниетанымдары мен шығармашылық ойлау қабілеттерін қалыптастырады.
Курстың мақсаты - жас ұрпақтарға тәрбие мен білім берудегі дүниежүзіндегі педагогикалық ойлар мен практиканың пайда болып, тарихи қалыптасуы мен дамуынан ақпараттар жинақтап және болашақ мұғалімдердің педагогика тарихының негізгі категорияларынан: тәрбие, білім беру, оқыту, ағарту, білім беру жүйесі, мектеп, педагогикалық ой-пікірлер, педагогикалық көзқарастар, педагогикалық теория, этнопедагогика, халықтық тәрбие т. б. ұғым-түсініктерін қалыптастырып, олардың тарихи-педагогикалық мұраларға деген ынталы қызығушылықтарын арттырып, жалпы адамзаттық рухани құндылықтарды, ұлттық тәлім-тәрбиенің мазмұндық жүйесін игеріп, одан әрі жетілдіруде педагогикалық дүниетанымын және педагогикалық ойлау бейімділіктерін дамытады.
Педагогика тарихы курсының дүниежүзілік және ұлттық педагогикалық мұралармен таныстырудағы басты міндеттері :
- бүкіл дүниежүзілік тарихи-педагогикалық үрдістің қозғаушы күштері мен даму белгілерін, факторлары мен алғы шарттарын, оның бірлігі мен жан-жақты байланысын, сонымен бірге, бастау көзі мен зерделеу әдіс-тәсілдерін және өткен өмірдегі құнды педагогикалық ой-пікірлер мен бағыттарын сұрыптап түсініктерін қалыптастыру;
- әртүрлі тілдегі және өзіндік мәдениеті бар халықтардың әр тарихи дәуірлердегі білімдерінің мән-жайы, мүмкіндіктері мен ауқымы, оны іс-жүзіне асырудың жолдары мен құралдары, дәрежесі мен жағдайы, педагогикалық білімнің өзгешеліктері мен мазмұндық ерекшеліктерін айқындап, тәрбие мен оқыту мәселелерін шешудің шаралары жайлы студенттердің ұғым түсініктерін тереңдетіп, одан әрі толықтыруға объективті жағдайлар жасау;
- білім берудің мақсат-міндеттерін белгілеу мен оны ұйымдастырудың әр жақты амалдары мен тәсілдерін саналы іскерлікпен пайдалана білуге және оларды нақты педагогикалық дәстүрлермен ұштастырып, “адам-қоғам-табиғат” жүйелік байланысын тану және адамгершілік, эстетикалық т. б. әр салалы тәрбие үрдістерімен ұштастыра білу, студенттердің жүйелі тарихи-педагогикалық білімдері мен әдістемелік іскерліктерін тәрбиелеуге мүмкіндік туғызу.
Ғылым әр уақытта жаңа фактілермен толықтырылып отырғандықтан ғана дамиды. Олардың жинақталып қалған кездерінде ғылыми-зерттеу әдістері арқылы талданғанда және теориялық ұстанымдарға негізделіп зерделенгенде ғылымда оны әдіснама деп атайды.
Философиялық энциклопедиялық сөздікте әдіснама - бұл “теориялық және практикалық іс-әрекеттерді құру мен ұйымдастырудың ұстанымдар мен құрылымдар жүйесі” деген анықтама беріледі.
Қазіргі ғылыми әдебиеттерді талдағаннан түсінгеніміздей, әдіснама деген ұғым, бұл ғылыми-танымдық іс-әрекеттерді құрудың ұстанымдары, формалары мен амалдары туралы ілім.
Ғылым әдіснамасы жалпы ғылыми-зерттеу компоненттеріне сипаттама беріп, оның нысаны, талдау пәні, зерттеу құралдары мен мақсат-міндеттерін анықтау үрдісінде зерттеушінің біртіндеп жүйелікпен жүргізетін іс-әрекеттерін көз алдына елестетіп, ұстаған зерттеу бағыт-бағдарының сапалық нәтижелеріне жетуге жағдай туғызатын нақты жол.
Жоғарыда келтірілген анықтамалардан шығатын тұжырым, педагогика ғылымының әдіснамасы педагогикалық таным мен шындықты, яғни тұтас педагогикалық үдерісті дамыту немесе өзгерту туралы теориялық қағидалар мен тарихи-педагогикалық жүйелердің жиынтық байланыстарын қарастырады.
Әдіснамалық білімдер құрылымын Э. Г. Юдин төрт деңгейге: философиялық, жалпы ғылыми, нақты ғылыми, технологиялық деп бөледі. Біріншісі, философиялық әдіснаманың деңгейлік мазмұны таным ұстанымы мен ғылымның категориялық аппаратын құраса, сонымен бірге философиялық білім жүйесі әдіснамалық қызметтерін атқарады. Екінші деңгейде жалпы ғылыми-әдіснама теориялық тұжырымдаманы құрып, көптеген ғылыми пәндерге бағыт-бағдар береді. Үшінші деңгей - нақты ғылыми әдіснама, бұл арнайы ғылыми пәннің әдістерін айқындап, зерттеудің ұстанымдары мен ұйымдастыру жолдарын белгілейді. Төртінші деңгей - технологиялық әдіснама, зерттеудің әдістемесі мен техникасын құрайды. Мысалы, тәжірибелік-эксперимент материалдарын жинақтау, оларды алғашқы талдау, қорытындылау, ұсыныстар беру, т. б. жатады. Сонымен, әдіснаманың барлық деңгейлері бір-бірін толықтырып тұратын жүйені құрастырады.
Ал, педагогика тарихы мәселесіне байланысты алғанда жалпы білімдер әдіснамасы (педагогика) жеке білімге (педагогика тарихы) қатысты әдіснамалық бағдар ұсынады. Жалпы қағидалар (теория, ұстанымдар) жеке қағидаларды түсіндіріп, бағалап, олардың бағыт-бағдарын, жолдарын айқындап береді (Ж. Әбділдин, Б. Гершунский, Н. Никандров) . Нақтылай келгенде, нақты-ғылыми әдіснама ретінде оның заңдары, заңдылықтар мен ұстанымдары педагогика тарихына, оның ішіндегі қазақ педагогика тарихына әдіснамалық негіз болады.
Әдіснамалық белгілеріне қарай педагогика тарихы әдіснамалық деңгейі бойынша жеке ғылымилық тұрғысынан педагогика ғылымы дейміз; пәндік мазмұны жағынан педагогика тарихы білімдерін жинақтаса, педагогикалық пәндер жүйесінде педагогика тарихы (пәні, оның міндеттері, ерекшеліктері) сипатына қарай танымдық құралдар мен практикалық әдіс-тәсілдерін, қазақ педагогика тарихының ұғымдық құрылымын анықтаумен қатар басқа ғылымдардың (этнология, этнопсихология, фольклор, мәдениет теориялары, т. б. ) жетістіктерін, амалдарын зерттеу жұмыстарында пайдаланады.
Педагогика тарихының әдіснамалық негізі философиялық диалектика, ол ғылыми әдіснама ретінде жеке тұлға және таным теорияларының қалыптасып дамуына негіз болып, шындықты бейнелеудің басты жолдарын анықтайды. Яғни, жеке тұлғаның жан-жақты қалыптасуында, оған сан-салалы әлеуметтік байланыстар жиынтығының ықпалды әсер етуінен, бір жағынан, әрбір адам қоғамдық қарым-қатынастардың жемісі болса, екінші жағынан, қоғамдық дамытуда өзіндік үлес қосатын жеке тұлға болып қалыптасады.
Қоғамның тарихи әлеуметтік-мәдени дамуында жеке тұлғаның жан-жақты қалыптастырудағы басты философиялық қағидалар бар. Олар: бүкіл адамзат қоғамының даму тарихында, ғылыми-зерттеу жұмыстары дәлелдегендей, адам және оны тәрбиелеудің мәселелері өзектілігімен (Л. С. Выготский, А. Н. Леонтьев, Д. В. Эльконин, С. Жақыпов, т. б. ) анықталады: философиялық, тарихи, әлеуметтік, психологиялық және педагогикалық ғылыми зерттеулерді ретроспективті талдау жасау нәтижесінде, адамның тұлғалық құрылымында ерекше орын алатын басты қасиет: адамның өзін-өзі тануы, айналасындағы адамдармен қарым-қатынасы және олармен рухани-адамгершілікті байланыстар (Ж. Әбділдин, В. Г. Афанасьев, Г. С. Батышев, Ә. Нысанбаев т. б. ) жасайды: әрбір тарихи әлеуметтік-мәдени орта жағдайында адамның мораль тұрғысынан қалыптасуына өзі өмір сүріп отырған қоғамның және әлеуметтік ортаның, шағын ортаның (отбасы, мектеп, жора-жолдастары, т. б. ) тәрбиелік ықпалы (Б. Т. Ананьев, В. Н. Мясищев, Б. Ф. Ломов, М. Мұқанов, т. б. ) зор.
Сонымен ғылымның әдіснамасы - бұл қағидалар, қорытындылар, ұстанымдар, танымдық әдістер арқылы әр жақты жағдайлар тоғысында шындықты бейнелеу ақиқатын зерделеп түсіндіретін ілім. Ал, педагогика тарихы әдіснамасы әр тарихи дәуірдегі педагогикалық білім мен тәрбиені, ойлар мен идеяларды талдап жүйелеу, оларды ұғындыру технологиясы (тұжырымдар жасау) арқылы педагогикалық үрдіске өзгерістер енгізу немесе жетілдіру мақсатында пайдаланатын педагогика ғылымының бір саласы.
Педагогика тарихы әдіснамасы төмендегідей жүйелі құрылымнан тұрады:
- тарихи-педагогикалық білім құрылымы мен қызметтері жайлы ілім;
- педагогикалық идеялар, ой-пікірлер, іс-тәжірибелер, үлгілер, негізгі педагогикалық қағидалар (идея, теория, тұжырымдама, болжамдар) ;
- тарихи-педагогикалық білім мен тәрбиені өңдеп жетілдіру арқылы педагогикалық үрдіске ендіру туралы ілім.
Осындай үлгіні (модель) психологиялық, педагогикалық ғылымдарда және олардың салалары мен басқа ғылымдардың байланысында қолданылуымен қатар тарихи-педагогикалық, психологиялық және педагогикалық ғылыми-зерттеу жұмыстары да жалпы ғылыми ұстанымдарға негізделіп жүргізіледі. Ғылыми зерттеу ұстанымдары мен оларға қойылатын талаптар әдіснамалық білімде ерекше орын алады. Өйткені, олар тарихи-педагогикалық білімді, теория мен практиканы біріктіріп білім беру мекемелеріне ғылыми негізделген бағдар береді.
Қандай бір ғылыми жұмыстары болмасын, олардың тіректі ұстанымдар қатарына жататын ең басты, негізгі әдіснамалық ұстаным - жүйелік амал. Сондықтан жүйелік амалы жалпы ғылыми-әдіснамалық зерттеудің бір құралы ретінде оқу-тәрбие үрдісінің және бір-бірімен байланысты құбылыстарды жүйелі зерттеуге өзіндік сапалылығымен сипатталатын ғылыми амал. Жүйелік амалдың мәні төменде көрсетілген қағидаларда айқындалып, жүйелі объектілердің сапасын және оны жетілдіру жолдарын анықтауға көмектеседі. Олар:
- сыртқы ортаға байланысты жүйенің тұтастығы және оны ортамен бірлікте зерттеу. Мысалы, білім берудің мәселесін жүйелік амалы арқылы зерттегенде, бұл тақырыпты еліміздегі әлеуметтік және экономикалық даму үрдісімен және қоғамның сұранысына орай ұштастыра зерттейміз;
- тұтас педагогикалық үрдісті бөлшектеп элементтерге бөлу, өйткені, элементтердің сапалық қасиеттері белгілі бір жүйеге жатуына байланысты. Ал, жүйенің сапалық қасиеті, оның элементтерінің өзара байланысындағы нәтижелері кейде бір-бірімен ұштаспай жатуы мүмкін;
- барлық жүйенің элементтері бір-бірімен өзара байланыста болғанымен, олардың ішінен ең басты анықтаушы жүйе құрушы элементін іріктеп алу керек;
- элементтердің жиынтығы объект жүйесінің құрылымы мен ұйымдастыру технологиясы жайлы түсініктер аламыз;
- жүйе элементтерінің бір-бірімен байланыстарын арнайы реттеу және олардың өзгерістерін басқару (мақсат қою, құралдарды таңдау, бақылау және түзету, қорытындысын талдау) қажет.
Жалпы ғылыми ұстанымдардың бірі - зерттеудің тұжырымдамалық бірлік ұстанымы дейміз. Зерттеуші оған ғылыми тұжырымдамасын жасап немесе басқа зерттеушінің тұжырымдамалық идеясына негіздеп, ізденіс жүргізер алдында оны қорғау, зерттеу барысында алдына қойған мақсат, міндеттерін ғылыми болжамын анықтап, ғылыми ізденісін жүргізсе, нақты ғылыми жетістерге жетуге болады. Ол үшін алғашқы ғылыми болжамын тексеріп, дамытып, қажет болса іздену жұмысына түзетулер енгізіп, тұжырымдамасын жетілдіреді. Әлеуметтік-педагогикалық үрдістердің ішкі және сыртқы факторларының қызметтері мен дамуы, олардың элементтері мен қарым-қатынастары жүйелік тұрғыдан зерттелуі тиіс.
Жоғарыда аталған әдіснамалық ұстанымдарының ішіндегі зерттеу амалдарының ең бастысы - ақиқаттылық ұстаным , зерттеу объектісі жайлы шындықты бейнелеу, оның әрбір құбылысына ықпал жасаған, дамытқан факторларды, шарттарды есепке алып зерттегенде, зерттеу құралдары мен тәсілдерді дұрыс қолданып, жиналған фактілерді бағалай білу, қорытындысын шығаруда ақиқатты ұғым-түсініктер жасауға мүмкіндіктер туғызады.
Әрине, ақиқатты тану ұстанымы зерттеу жұмысының алғашқы болжамын, қисынын және оның қорытындысына дәлелді талап қоятын болғандықтан фактілерді іріктеп жүйелеуде, оларды талдаудан жасалған қорытындысын ғылыми айналымға түсетін болғандықтан ақиқат шындық тұрғысынан қарастырылуы тиіс.
Ғылыми ізденістердің объектісін баламалық ұстаным тұрғысынан қарастырғанда және оған дәлелді талап қойғанымызда тарихи-педагогикалық материалдарды немесе педагогикалық үрдісті талдағанда, күрделі педагогикалық мәселелердің шешімін табуда әртүрлі көзқарастар айтылады. Ондай көзқарастардың бірі дұрыс болуы мүмкін немесе оған қарама-қарсы пікірлер айтылып жатады. Бұл жағдайда баламалықтың мәні туындаған мәселенің шешімін іздестіргенде және объектінің жұмысын ұтымды ұйымдастырғанда алға қойған мақсаттың нәтижелі орындалып, соның негізінде нақты жетістіктерге жеткен көлемін анықтауда көмегін тигізеді.
Бұл қарастырылған ұстанымға жақын әдіснамалық ұстаным - мәндік талдау ұстанымы . Әрбір қарастырылатын құбылыстардың жалпылығы, ерекшелілігі және жалқылығын анықтап, объектінің ішкі құрылымына, атқаратын қызметі мен өсу-өрбу заңдылықтарына, шарттары мен даму факторларына талдау жүргізіліп, олардың мақсатты түрде өзгерістерге түсу мүмкіндіктері де зерделенеді. Бұл ұстаным зерттеу қисынын қарапайым қағазға түсіруден бастап, жан-жақты ұғындыруға, одан педагогикалық құбылыс пен үрдістің болжамды түрде дамуына дейінгі кезеңді қарастырады. Сондықтан педагогикалық жүйені тұтас алғанда, оның зерттелетін элементтерінің дамуын, үздіксіз өзгеріске түсіп тұратындығын есепке алу, оған қойылатын талаптың бірі деп санаймыз. Себебі, көптеген элементтердің қызметі жүйенің даму үрдісінде өзгеріске ұшырасса, кейбір элементтері қарама-қайшы күйге түсуі мүмкін.
Тарихи-педагогикалық және психологиялық-педагогикалық зерттеулерде генетикалық ұстанымды ескеру керектігін тәжірибе көрсетуде. Бұл ұстанымның мәні - педагогикалық фактілер мен құбылыстарды зерттегенде, олардың пайда болуын, одан кейінгі дамуын, әрбір саяси-экономикалық жағдайларда білім беру үрдісінің бір деңгейден келесі деңгейге ауысуы (сапалы жағынан) жан-жақты қарастырылады.
Келесі бір ұстаным - қисындылық және тарихи бірлік ұстанымы , ол әрбір зерттеу жұмыстарында объектінің тарихын (генетикалық аспект) және теориясын (құрылымы, қызметі, объектінің қазіргі жағдайы) және оның даму болашағын бірлікте зерттейді. Ғылыми жұмыста тарихи талдаудың қажеттілігі, оның объект құрылымы мен қызметін талдаудан белгілі-бір ғылыми тұжырымдама жасау үшін қажет. Ал, теориялық талдау объектінің генезисін (пайда болуы, қалыптасуы) қарастырмай ақиқатқа жету мүмкін емес. Сондықтан тарихи-педагогикалық және ғылыми-теориялық зерттеулердің бір-бірінен айырмашылығы зерттеушінің ғылыми болжамына байланысты болмақ. Қарастырып отырған ұстанымнан шығатын талап, зерттеудің сабақтастығы, жинақталған тәжірибе, дәстүр, ғылыми жетістіктер, бұрынғы зерттеу объектілерінің генезисін тарихи-педагогикалық тұрғыдан талдаудан шығады.
Білім беру жүйесіне тұтастық амал тұрғысынан қарап, тұтастық ұстанымына негізделген ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізгенде педагогикалық үрдістің кей жақтарын, элементтерін, қарым-қатынастарын бөлшектеп қарастырғанда өте сақтықпен қарау қажет екендігін практика көрсетуде. Өйткені, педагогика тарихын және білім беру жүйесін тұтастық амал тұрғысынан зерттегенде ерекше назар аудару керек. Себебі, тұтас педагогикалық үрдісті, оның кейбір жақтарын, элементтерін, қарым-қатынастарын бөліп алып арнайы зерттегендегі алған нәтижені, әр уақытта тұтас үрдісті ұйымдастырып жүргізу барысымен және қорытынды нәтижесімен салыстырылып отырылады.
Оқушылар бір-бірімен рухани-адамгершілік қарым-қатынастарда болып, бір-біріне өзара ықпалдар жасағанымен әлеуметтік ортаның жеке тұлғаларды қалыптастырудағы ықпалы үстемдік алады. Оқушының дүниетанымын, бағыт-бағдарын, қажеттілігін, ынта-ықыласын, мұратын, талпыныс-тілегін қалыптастырады.
Тарихи және психологиялық-педагогикалық үрдістегі өзара байланысты синергетика -қазіргі бірлікті іс-әрекет теориясы зерттейді. Бұл теория тұтас жүйенің тұрақты болмай, өзгерісте болатындығын ескеріп, тұтастықтын ішінен нақты жағдайларда жоспарланған басты бір нұсқасын алып, болжамдалған нұсқамен байланыстыру синергетикалық үрдістің мағынасын ашады.
Педагогикалық жүйенің бір-бірімен байланысты құзыреттіліктерін: білім мен тәрбие мақсаты, оның тарихи аспектісі, педагогикалық үрдістің субъектісі, педагогикалық идеялар мен ой-пікірлер, білім мазмұндары (жалпы, базалық және кәсіби мәдениет), материалдық базасы, т. б. бірлігін және құрылымдық-функциялық қызметтерін тұтастық амал арқылы зерделенеді.
Іс-әрекет амалы тарихи-педагогикалық және психологиялық-педагогикалық зерттеулерде нақты ғылыми-әдіснамалық ұстаным ретінде танылады. Педагогикалық үдерісті қайта құру немесе өзгерістер енгізудің алғашқы формасы - еңбек. Адамның материалдық және рухани байлықтарды жасаудағы іс-әрекеттері еңбек барысында атқарылып, айналасын қоршаған дүниені шығармашылықпен өзгеріске түсіреді. Табиғатты өзгерту арқылы адам өзін де өзгертіп, өзін дамыту субъектісіне айналады. Белгілі психолог А. Н. Леонтьевтің айтқанындай: “Адамзат мәдениетінің жетістіктерін игеруде, - деп жазады ол, - әр жаңа ұрпақ алдыңғы ұрпақтың тәжірибесін, қызметін, іс-әрекетін атқару арқылы, оның жетістіктерін одан әрі жетілдіреді”, - деген. Сондықтан, оқушыларды өмірге және жан-жақты іс-әрекеттерге дайындауда, олардың мүмкіндіктерін ескеріп, өз өмір тіршіліктеріне қажетті істерге тартып, әлеуметтік және адамгершілік тұрғыдан өмірін ұйымдастыру қажет.
Ал, мәдениеттану амалы - оқушының жеке тұлғасын зерттеп, құндылық бағдарын қалыптастыруда аксиологиялық құндылық іліміне сүйеніп, нақты ғылыми әдіснама ретінде таным мен педагогикалық іс-әрекеттерді қайта құру немесе өзгерістер енгізуге бағыт-бағдар алады. Мәдениет амалы жеке тұлғаның мәдениетпен объективтік байланысы негізінде, оның мінез-құлқына құндылықтар жүйесін тәрбиелейді. Өйткені, адам мәдениет арқылы дамығандықтан сол мәдениетке жаңа элементтер енгізуге үлес қосады. Сол себептен, адам мәдениет құндылықтар жүйесін игеріп өзін-өзі дамытса, екінші жағынан, оның шығармашылықты жеке тұлға болып дамуына жағдай туады.
Этнопедагогикалық амалдың мәні - этностың біріне жататын оқушы тұлғасы әлеуметтік-мәдени ортада өмір сүреді және білім мен тәрбиені алады. Халықтың ұлттық салт-дәстүріне, оның мәдениетіне, діліне, ұлтық-этникалық психологиясына, әдет-дағдыларына сүйеніп, педагогикалық үрдістің жобасын жасап, жоспарлап ұйымдастырады. Әртүрлі білім мекемелерінің ортақ мақсаты - оқушы-жастарды ұлттық мәдениетке ынта-ықыласын арттырып, өзін-өзі тәрбиелеуге жағдай туғызады. Ал, педагог бұл ортаны жан-жақты зерттеп, оқушылардың адамгершілік қарым-қатынастарда болуға септігін тигізіп, балаларды тәрбиелеуде ата-аналардың тәрбиелік мүмкіндіктерін нәтижелі пайдаланады.
Ғылыми зерттеу ізденісінің қисынына сай зерттеу әдістерін анықтауда, олардың тарихи, теориялық және практикалық әдістер кешендерінен тұрғандықтан және білім үрдісі қиын да, көп функциялы болғандықтан көптеген зерттеу әдістерін орын-орнымен қолданылады. Тарихи және педагогикалық мәселелердің аспектілері мен параметрлерін жан-жақты нақты түрде анықтап аламыз.
Ғылыми-зерттеу әдістерін үш топқа: тарихи-теориялық зерттеу әдісі; педагогикалық ойлар мен идеялар және тарихи-педагогикалық тәжірибелерді зерттеу әдісі; математикалық және статистикалық әдістер деп бөлеміз.
§2. Еуразия даласындағы алғашқы қауымда тәрбиенің пайда болуы
Жер бетінде алғашқы адамдардың қалай, қай жерде, қай заманда пайда болғаны жайлы көлемді ғылыми пікірталас жалғасып келеді. Алғашқы адамдардың пайда болу төңірегінде көптеген монографиялар, ғылыми-зерттеу еңбектер жазылғанмен белгілі ой-тұжырымға келген жоқ. Әсіресе, ХІХ-ХХ ғасырларда ғылым ретінде кең тарай бастаған палеонтология ғылымы аталған мәселе төңірегінде ауқымды ғылыми ізденістер жасалды.
Палеонтология ғылымның дамуына молекулярлық биология мен археологиялық ғылымдардың қалыптасып ғылыми зерттеулер жасауы, бұл ғылым саласының деңгейін көтеріп, жер шары халықтарының мәдени мұраларының эволюциялық даму жолдарын анықтауға септігін тигізуде.
Жалпы палеонтология оқулықтары бүгінгі күндері адам баласының құрлықтағы пайда болуы осыдан 1 миллион 600 мың жыл бұрын шамасында шыққан деген түсінік береді. Кейбір деректерде адамның жер бетінде пайда болуы 9 миллион жылдарға тең деген болжам айтылады. Олай болса, мектеп оқулықтарында Ч. Дарвиннің дәлелдегендей, адам маймылдан эволюциялық жолмен бөлініп шықты деген тұжырым қалыптасқан. Болашақта ғылымдағы бұл жақтары анықтала жатар.
Белгілі археолог Кемел Ақышевтың басшылығымен шәкірттерінің зерттеу нәтижелері көрсеткендей, Ұлы даламыздың төсінде палеолит дәуірі кезеңіндегі Алматы облысындағы Қарғалы және Шығыс Қазақстан облысындағы Тарбағатай елді мекендерінде алғашқы адамдардың тұрмыс-тіршіліктері жайлы жатақтары табылған.
Еуразия даласында жақын арада табылған ең ежелгі алғашқы адам тұрақтаған мекен анықталды. Қазба жұмыстары дәлелдегендей қазақстандық белгілі археолог В. Волошин ашқан жаңалық адамзат тарихы жөніндегі бірқатар теориялардың қайта қаралуына мүмкіндік туғызады. Аты аталған археологтың басқаруындағы экспедиция соңғы 30 жылдың ішінде Сарыарқа өңірінен палеолит кезеңінен 20-дан астам адам қоныстарын ашқан.
Ежелгі адамдардың қоныстарында еңбек құралдарымен қатар, осы заманғы жылқының арғы тегі - гиппарионның тістері табылды. Соңғы деректер бойынша Еуразия даласында жабайы жылқыны қолға үйреткен тайпаның, Нұра-Есіл аумағынан табылуы әлем палеонтологтарының назарын аударып отыр.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz