Абайдың түпнұсқада келтірген метафорасының орыс, ағылшын тілдеріндегі баламаларын талдап, аудармашылар шеберлігін, шығармашылық даралығы мен көркемдік-эстетикалық танымының берілуін, көрінуін зерттеу


Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 53 бет
Таңдаулыға:   

КІРІСПЕ

Зерттеу тақырыбының өзектілігі.

Қазақстан Республикасының тәуелсіз мемлекет ретінде халықаралық қарым-қатынастар жүйесінің жаңа деңгейіне ауысуымен, жаһандану үдерісінің бүкіл әлемді қамтыған ауқымына орай аударманың біздің өмірімізде алар орны алдағы кезеңде айрықша арта түсетіндігімен байланысты.

Көркем аударма - аударматанудағы ең бір күрделі де жауапты сала. Көркем аудармада шығармашылық белгі-сипаттарының лингвистикалық және мәдениеттанушылық қырлары аударманың өзге түрлеріне қарағанда айрықша бедерленіп көрінеді. Көркем аударманың теориясы мен практикасы күрделі және көп қырлы мәселелерді қамтиды. Әдеби шығарманың құрылым жүйесі, образдылығы, мазмұны, стилі, тілі секілді поэтикалық құбылыстармен бірге оның эстетикалық, лингвопоэтикалық, сондай-ақ психологиялық және семиотикалық табиғатын түзететін көркемдік құбылыстарды пайымдау әдеби аударманың табиғатын таразылаудағы басты міндеттер қатарына жатады. Оның үстіне аударма шығармада оның авторы мен аудармашының шығармашылық шеберлігі мен даралығы қатар көрініс табады әрі түпнұсқа тілі мен аударма тілінің заңдылықтары қатар қызмет атқарады. Осының бірі аударма мәселелерін зерттеудің саласы да, арнасы да алуан түрлі екендігін көрсетеді. Осы іргелі әрі күрделі және ғылыми, мәдени-әлеуметтік маңызы жоғары мәселелер қатарында Абай өлеңдерінің орыс, ағылшын тілдеріне аударылу жайын қарастырудың зәрулігі ерекше дараланады.

Тарихи тәжірибе көркем аударманың бір-біріне кереғар екі ұстанымның аралығынан табылатынын көрсетеді: аударма сөзбе-сөз дәл шығуы, бірақ көркемдік тұрғыдан толыққанды шығуы, алайда, түпнұсқадан қашықтап кеткен еркін баян болуы да мүмкін. Аудармада ақынның көркемдік әлемінің ұлттық сипатын, оның ақындық танымы мен көзқарасын, шығармашылық тұрғысын жеткізу аударма өнерінің басты шарты болып есептеледі. Бұл орайда аудармашының түпнұсқадағы ой мен сезімге негіз болған өмір құбылыстарын терең тануының, ақын шығармасының тууына арқау болған шындық сырын жете білуінің, оларды сараптай отырып, көркем туындының мағыналық және құрылымдық, эстетикалық табиғатын толық игеруінің маңызы жоғары. Сонымен қатар түпнұсқа жүйесінде көрініс тапқан мінез даралығын, образ ерекшелігін, өзге тілде тікелей де, балама да аудармасы жоқ, ұлттық сипаттағы тіл құралдарының жүйесін, олардың түпнұсқа мен аударма тіліндегі маңызы мен мазмұнын, көркемдік қызметін зерттеп, зерделеу де аударма сапасын, оның көркемдік деңгейін арттыратын шарттардың қатарына жатады. Абай - нағыз ұлттық ақын. Ақынның көптеген өлеңдеріндегі тіршілік-болмыс белгілерінің барлығы да - тек қазақ өмірі шындығынан алынған және тек қазақтың нағыз ұлттық ақынының ғана түйсініп сезінетін, суреттеп елестете алатын жәйттері. Оның өлеңдеріндегі метафора әлеуметтік-этикалық, философиялық, эстетикалық, педагогикалық терең толғамдар мен тұжырымдар, қағидалар белгілі көзқарас, дүниетаным деңгейіне негізделеді. Ақынның дүниетанымы, көзқарасы, ақындық тұрғысы осы толғамдар, тұжырымдар мен қағидалар негізінде ашылады. Ақын шығармаларын түпнұсқа арнасында талдап, танығанда, аударма бойынша бағалағанда бұл секілді терең толғамдар мен тұжырымдар жүйесі әдебиет маманының, аударматанушының, аудармашының еңбегінің басты өзегі ретінде ашылуы үлкен қызмет атқарады. Абайдың ақындық даналығы мен даралығын танудың басты жолы да осы бағыттан басталады. Метафора - Абай өлеңдерінің ажырамас бір бөлшегі болғандықтан, олардың орыс, ағылшын тілдеріне аударылуын салыстырып, зерттеу, зерделеу әрі олардың үш тілдегі көркемдік-эстетикалық әсеріне сипаттама беру жоғары маңызға ие құбылыс. Абай өлеңдеріндегі метафораны орыс, ағылшын тіліне аудару жайын байыптай отырып, ақынның көркемдік әлемінің ұлттық сипатының, ақындық танымы мен көзқарасының, шығармашылық тұрғысының аудармалардағы табиғатын салыстыра зерттеудің маңызы осында.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері.

Зерттеу еңбектің негізгі мақсаты - ақынның түпнұсқада келтірген метафорасының орыс, ағылшын тілдеріндегі баламаларын талдап, аудармашылар шеберлігін, шығармашылық даралығы мен көркемдік-эстетикалық танымының берілуін, көрінуін зерттеу. Аталған мақсатқа жету үшін келесідей міндеттер қойылды:

  • Көркем аударма саласындағы поэзия аудармасының аударылу ерекшеліктерін анықтау;
  • Бейнелілік және көркемдік құрал метафораның қандай құбылыс екенін, оның жасалу механизмі қандай, адам ойлауы мен тілінде қандай қызмет атқаратындығын сараптау;
  • Орыс, ағылшын тіліндегі аудармаларда ақынның лирикалық және эпикалық суреттеу тәсілінің көркемдік-эстетикалық қызметінің сақталу деңгейі мен оны жеткізудің шығармашылық тәсілдерін, амалдары мен құралдарын оның түпнұсқаға сәйкестігі тұрғысынан сараптау;
  • Ақын метафорасының аудармадағы жетістіктер мен кемшіліктерін жүйелеу әрі жинақтау.

Зерттеудің нысаны

Бұл зерттеудің нысаны болып Абай өлеңдеріндегі метафора және оны орыс, ағылшын тіліне аударылу үлгілері болып табылады. Абай өлеңдеріндегі метафора тек авторлық-индивидуалдық метафора ғана емес, олар барша қазақ халқының ұлттық ерекшелігін, сөз байлығын көрсететін ерекше қасиеті бар құбылыс. Ақын өлеңдеріндегі метафора тек көркемдік, бейнелілік қасиет қана беріп қоймай, өлеңдердің әсерлігін, маңыздылы мен өзектілігін арттыра түседі.

Зерттеудің теориялық негізі

Абай шығармаларының басқа тілдерге аударылу мәселесі өзекті тақырыптардың бірі. Мұхтар Әуезов қалап берген қазақ аударматануы негізінде Абай шығармаларындағы көркемдік құралдар және оларды аудару тақырыбы Н. Сағындықова, З. Ахметов, Р. Сыздықова, Ж. Дәдебаев, Қ. Нұрмаханов, Қ. Жұмалиев сияқты ғалымдардың зерттеу еңбектеріне арқау болды. Абай шығармаларының орыс тіліне аударылуы мәселесіне қатысты С. Құспановтың және ақынның лирикасының орыс тіліндегі аудармалары негізінде жазылған Г. Қамбарбекова диссертацияларын атап кетсек болады. Рабиға Сыздықтың «Абайдың сөз өрнегі» атты монографиясын, Айқын Нұрқатовтың «Абайдың ақындық дәстүрі», Зәки Ахметовтың «Өлең сөздің теориясы», «Абайдың ақындық әлемі», Мұхтар Әуезовтың «Абай Құнанбаев», Қажым Жұмалиевтың «Қазақ әдебиеті тарихы мәселелері және Абай поэзиясының тілі» сияқты еңбектер зерттеудің теориялық негізі болып табылады.

Зерттеу жұмысының әдістері.

Зерттеу жұмысы барысында сипаттама, саралау тәрізді жалпы ғылыми әдістермен қатар концептілік талдау, компонеттік-семантикалық, лексика-семантикалық, құрылымдық-грамматикалық талдау әдістері қолданылды.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы.

Қазақ әдебиеттануында алғаш рет Абай өлеңдеріндегі метафораның орыс және ағылшын тілдеріндегі берілу жолдары мен оның аудармадағы көркемдік деңгейі анықталды. Ақын метафорасының көркемдік-эстетикалық қызметінің аудармада сақталу сапасы мен оны жеткізудің шығармашылық жолдары, амалдары мен құралдары сарапталды. Ақын өлеңдерінің мазмұны мен пішіні арасындағы келісім мен бірліктің аудармадағы көріну ерекшеліктеріне сипаттама берілді. Орыс және ағылшын тілдеріндегі аудармалардың салыстырмалы талдануы нәтижесінде аударудағы жетістіктер мен кемшіліктер жүйеленді әрі жинақталды.

Зерттеу жұмысының теориялық және практикалық маңызы.

Зерттеу нәтижелері, онда тұжырымдалған ғылыми ойлар мен пікірлер абайтану саласында, Абай шығармаларының орыс, ағылшын және т. б. тілдерге аударылу мәселелері туралы еңбектерде, сондай-ақ көркем аударманың теориясы мен практикасы туралы зерттеу жұмыстарын жүргізуде пайдалы бола алады.

Зерттеу жұмысының құрылымы.

Зерттеу жұмысы кіріспе, негізгі бөлім, қорытынды, пайдаланған әдебиеттер тізімінен және қосымшадан тұрады.

I ТАРАУ

МЕТАФОРА - ҰЛТТЫҚ ЕРЕКШЕЛІК КӨРІНІСІ

  1. Метафора және олардың аударылу ерекшеліктері

Тіл мен ойлау бір-бірімен тығыз байланысты. Ойлау тіл арқылы жүзеге асады, ойлауға тіл арқылы ғана талдау жасалады. Тіл - ойлауды, сананы қалыптастыратын, оны материалдандырып, жарыққа шығаратын, адамның ойлау дүниесінің жетістіктерін сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу құралы.

Тіл мен ойлаудың және болмыстың арасындағы күрделі қарым-қатынасты көрсететін метафора - тіліміздегі ерекше көп қырлы танымдық құбылыстарының бірі. Ол тілдің пайда болу, қалыптасуымен бірге өмір сүріп келеді. Метафора генетикалық және типологиялық құрылымы жағынан әр түрлі тілдердің бәрінде кездеседі.

Метафора - грек тілінің сөзі, «ауысу» деген мағынаны білдіретін термин, бұл термин Ежегі Грек, Рим ғалымдарының зерттеу еңбектерінен белгілі. «Белгілерінің ұқсастығына қарай бір заттың не құбылыстың басқа бір заттың не құбылыстың атауымен аталуының негізінде сөз мағынасының ауысуы метафора деп аталады» [1, 158б. ] . Метафора екі сөз мағынасының өзара қарым-қатынасын көрсетеді. «Метафоралы сөз саптауда таныс емес зат пен құбылыс міндетті түрде жақсы таныс нәрсемен салыстырылады» [2, 18б. ] . Сөз мағынасының ауысуы зат, құбылыстардың тұлға, түс, қимыл ұқсастығының негізінде болады. Метафора ұқсастық негізінде жасалған сөздің ауыспалы мағынасы ғана емес, ол - тілде өзімен бірге күрделі ойды ала жүретін құбылыс. Бұл құбылыс сонау ерте кезден, ертедегі грек ойшылдары Аристотель, Зенодот, Цицерон және үнді білімпаздары Анандавардхан, Бхатта Наяки заманынан бері белгілі.

Тіл табиғаты, сөз мағынасы - күрделі құбылыс. Тілде сөз метафораларымен түрленіп, өңделіп отырады. Ойлау - сыртқы дүниені мида бейнелеудің ең жоғарғы формасы. Ойдың басты формасы - ұғым. Ұғым - заттар мен құбылыстар туралы ой. Ұғымдар арқылы адам танымының ұзақ процесінің нәтижесі қорытылады. Ұғымда заттардың өзіндік қасиеті ғана көрінбейді, олардың бір-бірімен байланыстары мен қарым-қатынастары бейнеленіп отырады. Сондықтан метафораның жасалу механизмін зерттеуді адам ой-санасын, ойлау мен ми қызметін зерттеудің қуатты құралына айналдыруға болады.

Метафораны түсіну - белгілі бір шамада ойша оның жасалу жолын бақылау деген сөз, ал бұл бір-біріне сыйымсыз мағыналарды жеңіп түсінуге ақыл-ой күшін және мағыналық үйлесімділіктің қалыптасуын қажет етеді. Метафора құбылысы, ең алдымен, адам ойлауының нәтижесі. Метафора тек ауыспалы мағына ғана емес ол өз бойына көптеген қасиеттер мен қызметтерді сыйғыза білген күрделі үдеріс. Метафора тек сөздердің ауысуы ғана емес, ойдың бір-бірімен қарым-қатынасының нәтижесі. Метафоралық мағынаны қолданғанда сөйлеуші әр түрлі заттар туралы екі ойға сүйенеді. Жаңадан алынатын психологиялық объект пайда болғанда, тілде оларды атайтын дайын сөз болмағандықтан, адам метафораны, яғни тілдегі бар сөздерді (белгілі бір ұқсастыққа негізделген) қолдануға мәжбүр болады. Метафораны байырғы және жаңа мағынаның қосындысынан туған сөз мағынасы деуге де болады. Алайда, метафораның табиғи болмысы бір уақытта екі мағынаның бір сөзде қатар өмір сүруіне икемделген.

Метафораға лингвистикалық, әдебиеттану терминдері сөздіктерінде берілген түсініктемелерге көңіл бөлсек, «Тіл білімі сөздігінде»: «Метафора - (грек metaphora - ауыстыру) троптың бір түрі, ұқсастық, сәйкестік және т. б. негізінде сөздер мен сөз орамдарының ауыспалы мағынада қолданылуы», - деген түсініктеме беріледі, ал метафоралану былайша түсіндіріледі: «Метафоралану - ауыспалы мағынаның пайда болуы мен оның экспрессивті қасиеттерінің күшеюі нәтижесінде сөздің мағыналық аймағының кеңеюі» [3, 220б. ]

Метафора (грек metaphora - ауыстыру) троп немесе сөйлеу механизмі. Метафора - сөздің басқа мағынада қолданылуы. Риторика және лексикологияда метафора номинациялық құрал ретінде қарастырылады [4, 124б. ] . «Лингвистикалық түсіндірме сөздікте» метафораға осылайша түсінік берілсе, «Әдебиеттену терминдер сөздігінде» мынадай түсініктеме беріледі: «Метафора, ауыстыру (грек сөзі - ауыстырып қою), екі нәрсені, құбылысты салыстыру және жанастырып, жақындату негізінде астралы тың мағына беретін бейнелі сөз немесе тіркесі. Мысалы, Абай өлеңдерінде кездесетін жастықтың оты, жүректің көзі, дүние есігі, өмірдің өрі деген метафора үлгілерін атауға болады» [5, 227б. ] .

«Метафора» термині тіл білімінде екі түрлі мағынада: нәтиже және үдеріс ретінде қолданылады. Метафора үдеріс ретінде екі мағынада қолданылуы мүмкін: жаңа ұғымдарды білдіретін және қалыптастыратын концептуалдық үдеріс және тілді өзгертетін, дамытатын үдеріс ретінде сипатталуы мүмкін.

Метафора тыңдаушыға әсер ету тәсіліне байланысты эпифора мен диафораға бөлінеді. Эпифораның басты қызметі экспрессивтілік болса, диафора үшін суггестивті (интуицияға бағышталған) қызмет негізі болып табылады. Эпифоралық метафора сөздің кәдімгі мағынасынан шығады; ол осы сөзді салыстыру негізінде неғұрлым ұқсас обьектілерге жатқызады. Мұнда семантикалық қозғалыс нақтыдан белгісізге қарай жүреді. Метафорамен байланысты семантикалық қозғалыстың қосымша түрі - диафора. Мұнда жаңа мағына қарапайым салыстыру нәтижесінде пайда болады. Эпифоралық және диафоралық элементтердің қосылуынан жасалған метафоралар үйлесіп, бірін-бірі толықтырып отырады.

Метафора зат, құбылыс, оның белгілерінің ассоциациялануы арқылы жасалады. «Ассоциация» латын сөзі, «байланыс» деген мағынаны береді. «Ес процесінің негізі болып табылатын байланыстарды психологияда ассоциация деп атайды» [4, 128б. ] . Сөз мағынасының метафоралануында ассоциациялар үлкен рөл алады. Ассоциация заңдарын ғылымға бірінші рет енгізген ежелгі грек ойшылы - Аристотель. Метафоралану үдерісінде көбінесе ұқсастық ассоциация заңы мен қарама-қарсы ассоциация заңы негіз болады. Метафораға екі жақтылық тән. Күдік құрты, дала ұлы, тағдыр жазуы, ғасыр перзенті сияқты метафоралық қолданыстардан оның осы қасиетін анық аңғаруға болады.

Метафоралардың бойында сан алуан қасиет бар: бейнелілік, экспрессивтік, баға берушілік, түсіндермелік, болжағыштық, танымдық, атауыштық, репрезентативтік сияқты қасиеттердің (контексте қолданылу мақсатына байланысты) барлығын аңғаруға болады.

Тілдегі сөздер жиынтығы - сол халықтың басынан өткізген бүкіл тұрмыс-тіршілігін, таным-түсінігін, тарихын айнытпай дәл бейнелейтін таусылмас бай қазына. Қазақ халқының басынан кешкен көне тарихын, ақыл-ойын, шаруашылығын, мәдениетін, психологиясын, сезімі мен эмоциясын тілді, оның бай лексикасын зерттеу арқылы білуге болады. Метафора тілдің тарихымен, сөздің туу тарихымен тікелей байланысты. Өмірде, қоғамда, тұрмыс-тіршілікте, ғылым мен мәдениетте дамумен байланысты болып отырған өзгерістер тілде жаппай метафоралардың дүниеге келуіне түрткі болып отырады. Метафора үдеріс ретінде тілдік құралдарда тарихи даму кезінде тілдік ұжыммен жинақталған ұлттық-мәдени байлықтарды таңбалап бейнелейді. Метафора белгілі бір халықтың тұрмыс-тіршілігінің, тарихының, таным-ойының, дүние түйсінуінің, салт-санасының тілдік көрсеткіші болып табылады. Мысалы, көңіл пернесі, өмір бәйгесі, көңіл садағасы, халықтың бойтұмары, ел тұтқалары, ел ағасы, өмір базары, асылдың сынығы, көненің көзі, мерекенің беташары, тіршіліктің керуені, тағдырдың жазуы сияқты тілдік метафоралардан ұлттық ойлау ерекшеліктерінің, дүние танымының ұлттық өзгешеліктерінің жарқын мысалдарын, сөз мағынасының ұлттық бояуын көруге болады.

Ертедегі ата-бабаларымыздың өмір сүру салтын көз алдымызға әкелетін ақ сүйек, қара халық, ақ бата, көңілің ағарсын, ақ мол болсын, ит көйлек, қозы жасы, ата жолы, сүт ақысы, ақ өлім сияқты сөз тіркестері метафоралық ойлаудан туған.

Метафора тіл білімі мен әдебиеттану теориясына ортақ болғанымен, өзіндік жасалу және қолдану ерекшеліктерімен жеке-жеке бөлінеді. Қазақ тіл білімінде метафора тілдегі қолдану сипатына қарай:

  • Тілдік метафора;
  • Тұрақты метафора;
  • Жеке қолданыстағы метафора деген түрлерге бөлінеді.

Ал әдебиет теориясында көркемдік (троптық) қызметіне қарай:

  • Күрделі метафора;
  • Ұлғайған метафора;
  • Поэтикалық метафора түрлеріне ажыратылып талданады.

Әр ғалым метафора түрлерін өзінше саралайды, мәселен, Б. Хасанов қазақ метафораларын екіге бөледі: «Метафораның екі түрі бар деуге болады: бірі - белгілі бір шешеннің сөз саптауынан пайда болған индивидуалдық метафора, екіншісі - халықтық сипат алған дәстүрлі метафоралар. Бірақ бұл екеуінің ара-жігі жоқ, өйткені жеке авторлар жасаған метафоралар көбіне халықтық дәстүрлі метафоралардың ізімен жасалады және олардың көпшілікке кең тарауы мүмкін» [2, 138б. ] . Ғалым метафораның дәстүрлі түріне мынадай анықтама береді: «Дәстүрлі метафора жақсы таныс нәрселер мен құбылыстарды салыстыру арқылы пайда болады, сондықтан да олар халыққа түсінікті, белгілі болады». Автор мынадай мысалдар келтіреді:

Бала-бал, хат сызып, қара тану, көлденең сөз, қысыр сөз (І. Жансүгіров) ; көңіл кірі, таптың аты, талаптың тұлпары (Абай) т. б. олардың күнделікті өмірде жұмсалуына байланысты бейнелік қасиеті солғындап, тұрақты сөз айшығы ретінде қолданылатындығын айтады. «Дәстүрлі метафоралар сол тілде сөйлейтін халықтың тіршілігі мен тұрмыс күйіне, өмір сүрген ортасына, дүние танымына тікелей байланысты болады» [2, 138б. ] . Автор дәстүрлі метафораның фразеологизмдерге, мақал-мәтелдерге, қанатты сөздерге желі болатындығын атап көрсетеді.

«Ал индивидуалдық метафора - өмірдің кейбір жайларына бірілген субьективтік баға, өзіндік тұжырым, бұл метафорының авторы болады . . . Индивидуалдық метафора өзінің айырмашылықтарымен қатар дәстүрлі метафоралардың ерекшеліктерін түгел қамтиды. Бұл оның салыстыру обьектілерін жалпақ қамтитын, диапазонының кеңдігін көрсетеді» [2, 145б. ] .

Ғалым Абай, Сәкен, Ілияс сынды біртуар ақындарымыздың төл метафораларын мағыналық және бейнелік ерекшеліктеріне байланысты талдайды. Мысалы, «жүрек - теңіз, қызық - асыл тас», «ақыл - ар-ұяттың күзетшісі», «талаптың мініп тұлпарын» сияқты терең ойлы, бейнелі Абай метафорасы Абайдың дүниені, болмысты тану, оны білдіру ерекшеліктерін көрсететіндігін айтады.

Көрнекті тілші К. Аханов метафораларды жалпы халықтық тілдегі метафоралар, жеке ақын-жазушылардың тіліндегі метафоралар деп екіге бөледі [1, 158б. ] . Жалпы қазақ тілі оқулықтарын шолып қарастыру барысында тілші-ғалымдардың біразы метафораларды поэтикалық метафора, лексикалық метафора деп бөлсе, енді біразы дәстүрлі (халықтық тілдегі), жеке қолданыстағы метафоралар деп екіге бөледі, ал кейбір ғалымдар тілдік метафора, тұрақты метафора, индивидуалдық метафора деп үшке бөлетіндігі байқалды. Көрнекті әдебиет зерттеушісі Қ. Жұмалиев қазақ әдебиетіндегі метафораларды құрылысына қарай бес түрге бөледі:

1) метафораның жай түрі;

2) жалғаулар арқылы жасалатын метафора;

3) көмекші етістік арқылы жасалынатын метафора;

4) күрделі метафора немесе метафораның ұлғайған түрі;

5) метафораның «бейне бір», «тең» деген сөздердің көмегімен жасалатын түрі [6, 216б. ] .

Ғалым метафораның жай түрі жалғаусыз, жұрнақсыз бір нәрсені екінші нәрсеге балау арқылы жасалады, - дейді. Метафораның екінші түрі «-мын», «-cын», «-пын», «-сын» - жіктік жалғаулары арқылы жасалады. Тәуелдік жалғаулары арқылы жасалынантын метафоралар да кездеседі. Ғалым метафораның үшінші түрі , көмекші етістіктердің (еді, едім, едің, екен, ең, ем, м, н) көмегімен жасалатындығын, бір-біріне баланып тұрған сөз, сөйлемнің метафоралық мәнін толықтыруда ерекше орын алатындығын және ауыз әдебиетінде де, жазба әдебиетінде де көп кездесетіндігін айтады. Қ. Жұмалиев төртінші түріне метафораның ұлғайған түрін жатқызып , оны екіге бөледі:

  • Бір нәрсені бірнеше нәрсеге баламастан бұрын оның артықшылық, ерекше қасиеттерін троптың басқа түрлері, көбіне эпитеттің көмегі арқылы суреттеп, көзге елестетіп, балау арқылы жасалады.
  • Ұлғайған метафораның екінші түрінде бір нәрсе бірнеше нәрсеге суреттеліп, баланады. Метафораныңбесінші түрі«бейне бір», «бейне» (тең) деген сөздер арқылы жасалады, теңеуге жақын, бірақ теңеуден гөрі метафораға жақындығын мазмұнынан көруге болады [6, 218б. ] .

Орыс зеттеушілері арасынан соңғы кезде ғалым В. Телияның метафора мәселесіне байланысты көзқарастары ерекше назар аударарлық пікірлермен құнды. В. Телия метафоризация үдерісі мен оның нәтижесін көрсету мақсатымен метафораны бес типке бөледі:

Идентификалық (идентифизирующая) немесе индикативтік метафора дескриптивті мағына типін туғызады. Аталатын және метафоралық мағынаның этимологиялық ішкі қалыбына айналатын бейненің ұқсастығы метафораның бұл түріне тән өзіндік ерекшелігі болып табылады. Сондықтан мұндай метафора пайда болу үшін қарапайым салыстыру жеткілікті. Метафораның бұл типі тікелей сезім мүшелерімен қабылданатын болмысты атау саласында қызмет етеді, идиомалардың жасалуына негіз болады. В. Телия идентикативті метафораның мағынасы жаңа обьектінің пайда болуына әкелетін семантикалық синтездің өнімі емес, бірақ бар болмыс заттарының қасиеттерін бейнелейтіндігін, метафоралық номинацияның бұл типіне Аристотель «атаудың ауысуы» деп атаған үдеріс атауы сәйкес келетіндігін айтады. Ғалым мұндай метафораға мысал ретінде - пастушья сумка, львинный зев, горячая точка, хлеб - соль сияқты мысалдарды келтіреді.

В. Н. Телия метафораның екінші типіне концептуалдық метафораны жатқызады. Оның ойынша, концептуалдық метафора абстракілі мағынаны қалыптастырады. Бұл метафораның қалыптасуы да идентификалық метафоралардың қалыптасу заңдылығына ұқсас. Бірақ концептуалдық метафора жаңа «идеалды» нысан жасайды, сонымен бірге номинативті жабдықтарға (инвентарь) атау беріп, бос кеңістікті (лакун) толтырады [7] .

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Шекспирдің «Гамлет» трагедиясы қазақ тілінде
Аударма дәл аударма
Аударматану және Қ.Нұрмаханов шығармашылығы
Абай өлеңдері мен қара сөздерінің өзге тілдердегі тәржімасы
Ж.Аймауытовтың аудармашылық шеберлігі
Ш.Айтматовтың «Жәмилә» повесінің қазақ, орыс, ағылшын тілдеріне аударылуы
Әдеби мәтінді қазақ тілінен ағылшын тіліне аударудың мәселелері
Орыс әдеби тілінің негізін салу Пушкиннің үлесіне тиді
АБАЙДЫҢ ӨЛЕҢ - СӨЗДІҢ ПАТШАСЫ, СӨЗ САРАСЫ ӨЛЕҢІН АУДАРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Көркем аударманың маңызы мен рөлі
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz