Ресей және Кеңес мемлекетінің тарихы


Пән: Жалпы тарих
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 155 бет
Таңдаулыға:   

ТҮРКІСТАН-2014

КІРІСПЕ

1991 жылы көптеген обьективтік және субьективтік себептерге байланысты бүкіл әлемде коммунистік тәртіп орнатқысы келген алып империя Кеңес Одағы ыдырады, ал оның кеңістігінде жаңа еуразиялық тәуелсіз мемлекеттер пайда болды. Олар көп уақыттан кейін ғана өздерінің мемлекеттерін қайта жандандырып , дүние жүзілік қауымдастықтың заңды мүшелеріне айналып, тәуелсіздік жолына түсті.

Қазіргі ТМД кеңістігіндегі мемлекеттер мен халықтар жаңа ғана аяқталған XX ғасырда тарихтың әртүрлі тәлкегіне түсіп, талай қиыншылықтарды басынан кешірді. Ресей және Кеңестік империялар кезінде осы еуразиялық территорияда тұрып жатқан халықтардың тарихы бұрмаланып жазылып жүрді және империялық одан кейін коммунистік идеологияға міндетті түрде бағындырылды . Бұл жағынан бір кезде Индияның басшысы болған Джавахарлал Нерудың «Жаулап алынған халықтардың тарихын, жаулап алушылар жазады» деген ащы шындықтан шыққан сөздерімен толық келісуге болады. Өткен ғасырда шыққан Ресей мемлекеті мен Кеңес Одағының тарихына қатысты зерттеулер Еуразия кеңістігіндегі көптеген территориялардың, олардың халықтарының тарихын жоғарыда айтып кеткен бағытта ғана көрсетті. Соның нәтижесінде XX ғасырдың тарихнамасында империялық концепциялар қалыптасты.

Оқу құралында Ресей империясы мен Кеңес Одағы тарихы беріледі. Әрине, осы еңбекті жазуда бұрынғы шыққан деректер мен ғылыми еңбектер кеңінен пайдаланылды. Соған қарамастан XX ғасырдың тарихи кезеңдері қазіргі уақыттағы обьективтік көзқарасқа байланысты жазылды.

I-ТАРАУ. XX ҒАСЫРДЫҢ БАСЫНДАҒЫ PЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫ

І. Территориясы, әлеуметтік ұлттық және саяси құрылымы

XX ғасырдың басында Ресей империясы өзінің территориясы жағынан дүние жүзіндегі ең үлкен мемлекетке айналды. Орыстардың тарихи жерлерінен басқа империя құрамында ерекше статустары бар Польша мен Финляндияны есептемегенде Балтық жағалауы, Украина, Белоруссия, Кавказ, Орта Азия мен Қазақстан, Сібір және Қиыр Шығыс аймақтары болды. Жалпы империя территориясы 22 млн. астам шаршы километрге жетті. Шаруашылық жағынан Ресейдің көптеген жерлері әр деңгейде дамыды, оның ішінде Мәскеу, Петербург, Оңтүстік Ресей, Польша, Украина, Орал сияқты өнеркәсіпті ірі аймақтардың рөлі ерекше болды, ал көптеген ұлттық территорияларының дамуы өте баяу жүрді. XIX ғасырдың аяғындағы өнеркәсіпте жүргізілген модернизация Ресейде капиталистік коғамға тән халқының буржуазия және пролетариатқа бөлініп қалыптасуына әкеліп соқты. Саны жағынан аз болса да ресей буржуазиясы елдің экономикасында басқарушы күшке айналды. Бірақ революция арқылы билікке келген Батыс буржуазиясымен салыстырғанда оның саяси өмірдегі рөлі онша биік болмады. Бұған самодержавиялық-помещиктік мемлекет құрылымы да әсер етті. Аталған кезеңде ресей буржуазиясы әлі саяси бағыттарын айқындай қойған жоқ. Соған байланысты олар бір жағынан самодержавияны қолдаса, екінші жағынан кейбір саяси-экономикалық өзгерістерді жақтады.

XIX ғасырдың соңғы ширегінде қалыптасқан ресей пролетариаты әлеуметтік даму жағынан Еуропа жұмысшыларынан әлдеқайда қиын жағдайда болды. Мысалы оның жалақысы 20-37 рубль болса, бір күндік жұмыс мерзімі 11-14 сағатқа созылды. Саяси бостандығы жоқ ресей жұмысшыларында тіпті 1906 жылға дейін кәсіподақ ұйымдары да қалыптаспады. Ал кейбір саяси партиялар осы кездегі жұмысшылар қозғалысын өздерінің мүдделері үшін пайдалануға тырысты. Солардың ішінде социал-демократиялық бағыттағы солшыл партияларды алдымен атауға болады. Жалпы айтқанда осы кезеңде жұмысшылар қозғалысы патшалық Ресейде белгілі ұйымдасқан күшке айналды.

Модернизация помещиктер мен шаруалардың да өмірлеріне көптеген өзгерістер әкелді. Дворяндардың қолында көптеген жерлер сақталды. Сондықтан олардың селомен деревнядағы ықпалы өте зор болды. Бірақ осы дворяндардың буржуазиямен қарым-қатынастары әртүрлі салада дами түскені айқын байқала бастады.

Ресей қоғамындағы ең консервативтік көзқараста тұрған элементтердің бірі шаруалар болды. Олар қоғамның 80% құрады. Бірақ Столыпиннің аграрлық реформасына дейін шаруалар өздеріне бөлінген жерлерге толық ие бола алмады. Көптеген кедей батрактарда жер мүлдем болған жоқ. Капиталистік эволюцияға байланысты шаруалардың әлеуметтік құрамы да өзгерді. Мысалы, шаруалардың 3% селолық буржуазияға айналды. Оларды кулактар деп атады, 15% ауқаттылардың қатарына қосылды. Ал қалғандары село мен қаладағы жалданушы күшке айналды. Бірақ ауқаттылар мен кедейлерді біріктіретін мәселелер болды. Мысалы: олар ірі жер иеленуші-помещиктерге қарсы күресті бірге жүргізді және ғасыр басында шаруалар қозғалысы Ресейдің орталық және ұлттық аймақтарында өрши түсті. Сонымен қатар самодержавиенің қоныстанушылық саясатына байланысты Түркістанда, Сібірде т. б. жерлерде жер мәселесі күрделене түсті.

Осы кезде Ресей қоғамында интеллигенцияның рөлі ерекшеленді. Ғасыр басында интеллигенция саны 800 мыңнан асты. Оның ішінде білім және денсаулық саласында 30%, оған ғалымдарды, актерлерді, әдебиетшілер мен музыканттарды қосуға болады. Екінші топқа 44% өнеркәсіпте, қаржы мекемелерінде, транспорт және ауыл шаруашылығында істейтін шенеуніктерді атаймыз. Сонымен қатар 200 мыңнан астам адам мемлекеттік аппарат, армия, земстволар мен қалалық думаларда қызмет атқарды. Ең жоғарғы жалақы алатын, ықпалы да мол адамдарды цензлік интеллигенция деп атаған. Бұлардың қатарына лауазымы биік шенеуніктерді жатқызған. Мемлекеттің саяси өмірінде интеллигенция өкілдері белсенділік көрсетіп, көптеген ұйымдардың, тіпті, партиялардың ұйымдастырушылары немесе басшылары болған. Империяда деревня, село, ауылдармен қатар көптеген қала тұрғындары да болды. Бірақ ресми түрде бұл топқа көбінесе сауда-өнеркәсіп мекемелерінде істейтіндерді, құрметті азаматтарды, гильдия көпестерін, мещандарды, қолөнершілерді және жұмысшыларды жатқызатын. Сонымен қатар мемлекетте казачествоның да рөлі ерекше болды. Мысалы аталмыш кезеңде 11 казак әскері айқындалды. Осылардың көбісі көптеген жағдайларда әсіресе ұлттық аймақтарда үстемдік жүргізуде патша үкіметінің сенімді тірегі болды.

Ресейде христиан дінін, әсіресе, православие шіркеуін самодсржавие жоғарғы деңгейде ұстады. Өйткені қай заманнан бері патша үкіметі православие шіркеуінен қолдау тауып отырды. Мысалы, ғасыр басында шіркеудің қолында 2 млн десятина жер, көптеген монастырлар, үйлер, ауруханалар, интернаттар, баспаханалар болған. Бірақ ислам, иудаизм, буддизм діндеріне мұндай кеңшілік көрсетілмеді. Өйткені самодержавиенің стратегиялық мақсаты бұратана халықтарды. христиан дініне шоқындыру болды. Осы кезде мешіттер, синагоголар салуға әкімшілік жағынан көптеген кедергілер жасалды. Мысалы Петербургтегі мұсылмандар мешіті әртүрлі кедергілерге байланысты 20 жылдан астам уақыт салынды.

XX ғасырдың басында Ресей империясының халқы 130 млн асып, 200-ге жақын ұлт өкілдерін құраған, оның ішінде славян халықтары великоростар (орыстар), малоростар (украин), белорустар, поляктар, сербтер, болгарлар, чехтар т. б. болды. Великоростар 54, 4 млн, малоростар 22 млн, белорустар 5, 9 млн санына жетті. Осы үш ұлт өкілдерінің жалпы саны 83, 3 млн болды. Бірақ Ресей империясындағы ұлы державалық саясатқа байланысты украиндар мен белорустар «орыстар» деп ресми аталатын болды. Саны жағынан екінші орында түркі тілдес халықтар болды. Оның ішіде: қазақтар, татарлар, әзірбайжандар, өзбектер, түркмендер, қырғыздар, башқұрттар, якуттар т. б. ұлттар болды. Олардың жалпы саны 25 млн астам болды. Сонымен қатар мемлекетте 4 млн еврейлер, 1 млн астам немістер, молдавандар, армяндар, латыштар, эстондықтар, мордвалар тұрды. Осы кезде славян және түркі тілдес халықтардың табиғи өсімі жоғары деңгейде болса, кейбір солтүстік халықтарының оның ішінде: ханты, манси, камчадалдардың, гиляктардың, юкагирлардың саны азая бастады.

Әрине, империяда басты рөлді орыс халқы атқарды. Өйткені бұл халықты «империялық халық» ретінде самодержавие толық қолдап отырды. Бір кезде жаулап алынған Полша, Кавказ, Қазақстан мен Орта Азияда, Еділ бойында, Сібір мен Қиыр Шығыста орыс халқының өкілдері қоныстанып алды. Сөйтіп, патша үкіметі ұлттық аймақтарда «орыс форпостарын» жайғастырды. Түркістанды, Сібірді, Қиыр Шығысты игеруге орыстар мен қатар украин, белорус және тағы басқа халықтардың өкілдері қатысты. Олар осы аймақтардың шаруашылығын дамытуда, өнеркәсібін қалыптастыруда белгілі рөл атқарды. Кейбір кеңшіліктері бар Польша мен Финляндия болмаса басқа ұлттық аймақтарда, әсіресе Кавказда, Орта Азия мен Қазақстанда, Еділ бойында патша үкіметі үлы державалық, шовинистік саясатын жүргізді. Сондықтан ғасыр басында Украина, Әзірбайжан, Татарстан, Қазақстан және Орта Азия сияқты ірі аймақтарда ұлттық автономияны немесе мәдени автономияны қолдайтын ұлтшыл саяси ұйымдардың негізі қалана бастады. Мемлекеттегі басқару жүйесі. ХХғ. басында Ресей самодержавиелік монархия ретінде қала берді. 1894 жылдан Ресейді Романовтар әулетінен II Николай (1894-1917) биледі. Сондықтан Ресейдегі феодализмнің, ең негізгі сарқыншағы помещиктік жер иеленумен қатар патша үкіметі де өзінің қызметін атқарды. XIX ғасырдың ІІ-жартысында жүргізілген буржуазиялық реформалар мемлекеттік үкімет билігін қозғаған жоқ. Сондықтан XX ғасырдың бас кезінде Ресей тежеусіз монархия болып қала берді. Император бүкіл үкімет билігін заң шығару, атқарушы сот органдарын өз қолына ұстады. Патша өзіне берілген бюрократияға сүйене отырып көп ұлтты алпауыт мемлекетгі емін-еркін биледі. Миллиондаған адамдардың тағдырына өз бетімен қожалық етті.

Әрине императорды «халықпен жақындастыратын» кейбір органдар болды. Соның бірі деп 1810 жылы құрылған Мемлекеттік кеңесті айтуға болады. Бұл орган заң шығару жағынан патшаға әртүрлі ұсыныстар беріп, оларды талқылап, императордың бекітуіне жіберіп отырды. Сонымен қатар ХҮІІІ ғасырдан бері қызмет етіп келе жатқан Сенаттың рөлін атап кеткен жөн. Сенат жұмысының басты бағыттары сот жұмысын бақылау және қадағалау, әртүрлі заңдарға түсініктеме берумен шектелді.

Атқарушы билікті министрліктер жүргізді. Олардың ішінде ең беделділері: ішкі істер, әскери, қаржы, сыртқы істер жұмыстарын атқаратын ведомстволар болды. Барлық министрліктерді біріктіретін Министрлер Комитеті әр салада қызмет атқарды. Ресейдегі дәстүр негізінде өзінің жұмысы бойынша министрлер, генерал-губернаторлар патша алдында есеп беріп отырды. Сөйтіп, тежеусіз монархиялық тәртіп бұрынғыша сақталып келді. Ресей сияқты империяны басқаруда орасан зор шенеуніктер аппараты қалыптасты. Ғасыр басында мемлекетте 430 мыңнан астам шенеуніктер қызмет атқарды. Мемлекет басқару органдарында дворян өкілдері көпшілік орынға ие болды. Мысалы, Мемлекеттік кеңестің-56%, министрлердің-59%, сенаторлардың-48%, губернаторлардың-70% астамы помещиктер болды. Ұлттық аймақтарды басқаруда патша үкіметі жергілікті ұлт өкілдеріне сенімсіздікпен қарады. Сондықтан генерал-губернатор, облыс губернаторлары, уезд бастықтары қызметін орыс немесе басқа славян халықтарының өкілдері атқарды. Ал жергілікті ұлт өкілдері қызметі жағынан селолық, ауылдық, болыстық деңгейде ғана жұмыс жүргізді.

Жергілікті жерлерді басқаруда XIX ғасырдың ІІ-жартысында заңдастырылып құрылған земстволардың рөлін атап кеткен жөн. Олар: денсаулық сақтау, білім беру, құрылыс және т. б. жұмыстармен шұғылданып, көптеген жерлердің дамуына үлес қосты. Бірақ патшалық бюрократиялық аппарат земстволарға сайланған органдар болса да өздерінің үстемдігін жүргізгісі келді.

II. Экономикадағы жағдай

Өнеркәсіп салаларындағы өзгерістер. ХІХ ғасырдың 90жж. өнеркәсіптің дамуына байланысты Ресей ХХ ғасырдың басында аграрлық мемлекеттен аграрлық-индустриялдық мемлекетке айналды. Мысалы: өнеркәсіп өнімдерін шығарудан Ресей дүние жүзіндегі ірі бес мемлекеттің қатарына қосылды. XIX ғасырдың аяғы XX ғасырдың басында дүние жүзілік капитализм монополиялық кезеңге көшті. Соның ішінде Ресей экономикасы да жүрді. Бірақ өнеркәсіптің өрлеуінен кейін Ресейде 1900-1903 жж. экономикалық дағдарыс басталды және бұл дағдарыс дүние жүзілік дағдарыспен ұштасып кетті. Соның салдарынан Ресейде 1900-1903 жж. шойын қорыту 15%, рельс прокаты 32%, паровоз шығару 25%-ке азайды. Дағдарыс, әсіресе, ұсақ және орта кәсіпорындарға ауыр тиіп, олардың 3 мыңнан астамы жабылды. Ал өнеркәсіптің көптеген салаларында жұмысшылар саны азайып, жалақысы кеміді. Мұндай жағдайда Ресей өнеркәсібінде монополияландыру жедел дами бастады. Бұрын құрылған картельдермен қатар монополиялардың көп тараған түрі синдикаттар, яғни тауарларды бірлесіп өткізу үшін құрылған капиталистердің одақтары құрыла бастады. Олардың ішінде «Продамет», «Продуголь», «Продвагон», «Трубопродажа», «Кабель-мазут» сияқтылары қалыптасты. Жалпы алғанда ғасырдың бас кезінде елде 30-дан астам ірі монополистік бірлестіктер пайда болды.

Еуропада 1904 жылдан өнеркәсіпте өрлеу басталса, Ресейде 1904-1908 жж. экономикада депрессия (тоқырау) процессі кең етек алды. Тоқыраудың пайда болуына 1904-1905 жж. орыс-жапон соғысы, 1905-1907 жж. революция т. б. оқиғалар әсер етті. Соған қарамастан ғасыр бойында жүргізілген модернизация процессі (дәстүрлі аграрлық қоғамнан индустриялдық қоғамға көшу) өзінің нәтижелерін бере бастады. 1909-1913 жж. өнеркәсіптегі күрделі өрлеудің басталғанын көрсетеді. Бұл процесстің дамуына 1906-1910 жж. аграрлық реформа, әскери заказдардың көбеюі, шетел инвестициясымен қатар өнеркәсіпте отандық капиталдың үлес салмағының өсуі ықпал етті. Осы кезде «Проволока», «Электропровод» сияқты жаңа синдикаттар, монополиялардың жоғарғы түрлері, трестер мен концерндер құрыла бастады. Өнеркәсіпті толыкқанды қаржыландыру арқылы Ресей белгілі жетістіктерге жетті. Мысалы, халықаралық рынокқа шығарылған өнімдер екі есе көбейтілді. Кейбір өнеркәсіп салаларының дамуы бойынша алғы шепке шықты. 1913 жылы Ресей мұнай өндіру жағынан дүние жүзінде екінші орынға, машина жасау саласында төртінші орынға, көмір, темір рудасын шығарудан бесінші орынға шықты. Сонымен қатар электр энергиясын өндіруден, жан басына тауарлар шығарудан Ресей көптеген дамыған мемлекеттерден қалып қойды. Соған қарамастан XX ғасырдың басында Ресей өнеркәсібін таразыға салсақ мұнда индустрияландырудың белгілері анық байқалады. Бірақ бұл процесс кейінгі саяси оқиғаларға байланысты үзіліп қалып, Кеңес дәуірінде оны «социалистік индустриялизация»-деп жалғастырды.

Ауыл шаруашылығындағы үрдістер. XX ғасырдың басындағы Ресей экономикасындағы ауыл шаруашылығының дамуында көптеген қайшылықтарды байқаймыз. Онда көсемі В. И. Лениннің айтуы бойынша: « . . . ең артта қалған жер иелігі, ең арттағы деревня және ең алдыңғы қатарлы өнеркәсіп пен қаржы капитализмі»-деп көрсетуімен келісуге болады. Өнеркәсіптің дамуына қарамастан Ресей аграрлық мемлекет болып қала берді. Барлық халықтың 77% ауыл шаруашылығында жұмыс істеді.

Осы кезеңде ауыл шаруашылығындағы кейбір жетістіктерді атап кеткен жөн. Мысалы, жер егістікке көп жыртыла бастады. Егіннің шығымдылығы біршама артып, астықтың жалпы түсімі өсті. Егер 1901-1905 жж. аралығында мемлекетте жыл сайын 3, 5млрд пұт берсе, 1910-1913 жж. арасында 5 млрд пұт астық берілді. Сөйтіп, Ресейдің астығы дүние жүзілік экспорттың 25% құрады. Көптеген басқа дақылдар: картоп, қант қызылшасы, күнбағыс, мақта бұрынғыдан әлдеқайда көп өндірілетін болды. Ауыл шаруашылығында, әсіресе, помещиктердің, кұлақтардың жерлерінде әртүрлі машиналар қолданыла бастады. Сөйтіп, бұл сала нарық қатынастарына кеңінен тартылып тауарлы бола бастады. Ауыл шаруашылығы жалпы алғанда капиталистік жолға түсті. Бірақ осы жолмен даму баяу әрі қарқынсыз жүріп жатты. Осы жағдайдың басты себептері де болды. Ресейдегі жердің көпшілігі помещиктердің қолында еді. Орта есеппен әрбір помещиктің имениесінде 2336 десятина, ал әрбір шаруа шаруашылығында 7 десятинаға жуық жері болды. Жер жетпегендіктен кедейлер байлардың жерлерін арендаға алуға мәжбүр болды. Ол үшін табыстарының бір бөлігін помещиктерге берді. Помещиктер ескі крепостниктік тәсілдерін-жұмыспен өтеуді, жарма жалшылықты және т. б. бұрынғысынша қолдана берді. Осыған байланысты күйзеліске түскен шаруалар помещиктер мен кулактардың құлдығына түссе, кейбіреулер өз шаруашылығын тастап қаладағы завод, фабрикаларға кетіп жатты.

Жерде жаңаша шаруашылық жүргізу көбінесе банктер, монополиялар және кейбір буржуазиялық әулеттер (Юсупов, Морозов, Рябушинский т. б. ) сатып алған имениелерде орын алды. Көптеген мұндай шаруашылықтар жаңа тәсілдерді, машиналарды пайдаланып капиталистік жолмен дамыды. Әрине, осы шаруашылықтарда алатын өнім жоғары болды.

Шаруалардың жалпы санының 15% құрайтын кулактардың шаруашылықтары тауарлы өндіріс жолына түсті. Сөйтіп, село мен деревняда капиталистік қарым-қатынастар дамып, осының өзі шаруалардың бірнеше топқа бөлінуіне әкеп соқты.

Ауыл шаруашылығында капиталистік қарым-қатынастардың дамуы осы саланың аз да болса алға жылжуына әсер етті. Бұл процесс, әсіресе, 1906-1910 жж. реформадан кейін тезірек дамып, белгілі нәтижелерге жеткізді. Соның дәлелі: 1900-1913 жж. ауыл шаруашылық өнімдерінің жалпы көлемі үш есеге өсті. Осыған қарамастан ауыл шаруашылығындағы проблемалар күрделене түсіп, өз шешімін таба алмады.

Қаржы және сауда саясаты. Ресей экономикасын дамытуда қаржы жүйесінің рөлі ерекше болды. Бұл жағынан эмиссиялық және кредиттік саясат жүргізген мемлекеттік банкты атаған жөн. Бұл мекеме банктік монополияларға қолдау жасап, өнеркәсіп және сауда ұйымдарына кредит бөліп отырды. Дворян және Шаруа банктері ауыл шаруашылығындағы капиталистік қатынастарын дамытуға үлестерін қосты. Сонымен қатар өнеркәсіп монополияларын қолдап, капиталды шоғырландыруға үлес қосқан ірі акционерлік банктерде болды. Атап айтсақ «Орыс-Азия», «Халықаралық - коммерциялық», «Ресейлік сыртқы сауда», «Азов-Дон» және т. б. Осылардың негізінде дворяндармен, мемлекеттік бюрократиямен байланысты қаржы олигархиясы қалыптасты.

Монополиялық капитализмнің дамуы ішкі және сыртқы саудаға да көп әсер етті. Өнеркәсіп және ауыл шаруашылық өнімдерін сатуда коммерциялық банктер өздерінің белсенділігін көрсетті. Сонымен қатар ет, нан, астық, ағаш сататын биржаларды атауға болады. Мәскеу, Петербург т. б. қалаларда «Верхние торговые ряды», «Петровский пассаж», «Большой Гостиный двор», «Новый пассаж» сияқты ірі әмбебап дүкендер ашылса, Ресейдің көптеген аймақтарында сауданы дамытуда жәрменкелердің рөлі ерекше болды. Бірақ ішкі сауданы дамытуға инфрақұрлымының болмағаны көп әсер етті.

Сыртқы сауданың дамуы осы кезде керекті деңгейге жете алмады. Көбінесе сауда қарым-қатынастары Германия, Англия және Франциямен байланысты болды. Ресей көбінесе шетелге әр-түрлі шикізат және ауыл шаруашылығы өнімдерін шығарды. Ресей экспортында сатылатын астықтың үлесі ерекше болды. Бірақ көптеген себептерге байланысты Ресейдің экспорты мен импорты дүние жүзілік тауар айналымының 4% ғана құрады.

XX ғасыр басында Ресей экономикасының дамуында ұлттық аймақтардың үлесі зор болды. Атап айтсақ: Украина мен Белоруссияда металлургия, көмір өндіру, машина жасау, ағаш өңдеу салалары дамыса, ауыл шаруашылықтарында: бидай, арпа, қант қызылшасын өсіру жақсы жолға қойылды. Армения, Грузия және . Әзірбайжанда жеңіл өнеркәсіптің салалары, Солтүстік Кавказда, Бакуде мұнай өндіру жұмыстары белгілі дәрежеде дамыды. Орта Азия мен Қазақстанда бірқатар өндіріс ошақтары пайда болды. Осы кезде Ташкентке дейін темір жол магистралы салынды. Бұл жол аталған аймақтардың дамып, Ресей рыногына бейімделуіне көп әсер етті. Орта Азия мен Қазақстанның ауыл шаруашылық өнімдері Ресейдің көптеген жәрменкелерінде сатылатын болды. Сонымен қатар аталған аймақтарда стратегиялық маңызы бар мақта өсіру саласы кең түрде дами бастады. Ташкент, Түркістан, Шымкент қалаларында мақта өңдеу заводтары пайда болды.

Ресей экономикасының XX ғасырдың басындағы жағдайына тоқталсақ индустрияландыру және монополияландыру процесстері айқын байқалады. Патша үкіметі өнеркәсіпті дамытуға оның жаңа салаларының пайда болуына көптеген шаралар қолданып, протекционистік саясат жүргізді. Бүкілресейлік рыноктың қалыптасуына жағдай жасады. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылық салаларында, транспортты дамытуда, қаржы және сауда саясатында бірқатар жетістіктерге жеткен Ресей империясы осы кезеңде орташа дамыған капиталистік мемлекетке айналды.

III. XX ғасыр басындағы саяси-әлеуметтік дағдарыс

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
XVII-XVIII ҒАСЫРДАҒЫ ЖОҢҒАР МЕМЛЕКЕТІ
Қазақстан Республикасының мемлекет және құқық тарихы пәні бойынша дәрістер
Қазақ елінің даму тарихы
Қазақстан тарихы пәнінен қысқашалекция жинағы
Қазақ-орыс байланыстарының алғашқы кезеңі
Әбілқайыр ханның өмір жолы
Қазақстан тарихы курсынан дәрістер
Қазақстан Республикасының мемлекет және құқық тарихы курсының пәні, әдістері
Ежелігі Қазақстан тарихы туралы зерттеу
«Қазақстан тарихы» бітіруші курс «тарих» мамандығы студенттеріне арналған оқу құралы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz