Қазақ әдебиетінің прозасы


Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 45 бет
Таңдаулыға:   

Тақырыптың өзектілігі. Қазақ әдебиетінің проза саласы үшін жетпісінші жылдар ерекше кезең болды. Бұл кезеңде туған халқымыз- дың төл тарихын жан-жақты суреттейтін тарихи романдардың саны көбейіп қана қойған жоқ, ол жанрлық тұрғыдан да сала-салаға бөліне бастады, негізінен бұл кезеңде қазақ әдебиетінде тарихи прозаның үлесінің басым болғандығы күмәнсіз.

Әдебиеттану ғылымында алпысыншы жылдардың бас кезінде келіп қосылған талантты жас жазушылардың бір қатары ә дегеннен- ақ тарихи тақырыпқа мойын бұра бастады. Ә. Әлімжанов, І. Есенберлиннен бастау алған үрдіс, Д. Досжанов, Қ. Жұмаділов, М. Мағауин, Ә. Кекілбаевтардың романдарында халық тарихының кеңес идеологиясы насихаттауға тыйым салған тұстарына тереңнен үңіліп, оның қалың қыртысындағы мәңгі өшпес іздерін кейінгі ұрпаққа жеткізуге ұмтылғаны мәлім.

Жетпісінші жылдардағы қазақ прозасының даму тенденциялары арнайы осы кезеңге қатысты сын мақалалалар мен зерттеу еңбектер- де, кандидаттық, докторлық диссертацияларда сөз болып келеді. Р. Бердібайдың Ә. Кекілбаевтың алғашқы прозалық туындылары жөніндегі зерттеулерінде, сондай-ақ Т. Тоқбергеновтың, Б. Майтановтың, Ж. Дәдебаевтың, Ш. Елеукеновтың, Р. Нұрғалиевтың, Т. Медетбековтың ғылыми еңбектері мен мақалаларында зерттеліп келеді. Әсіресе оның «Дала балладалары жинағы» мен «Аңыздың ақыры» романына қатысты ғалымдардың салмақты ойлары бар. Р. Бердібай өзінің «Тарихи роман» монографиясында бұл романға көбірек орын берген. Қысқа да нұсқа жазылған сол жолдарда романның негізгі көркемдік сипаттары сөз болған.

Қазақ романының теориялық мәселелерін сөз еткен ғылыми еңбектердің көпшілігі Р. Бердібайдың аталмыш роман жөніндегі ғылыми тұжырымдарымен түйісіп жатады. Оның сыры роман поэтикасына терең барлау жасалмауында жатыр. Сондықтан да романның жанрлық ерекшелігін айқындау үшін оның поэтикасын зерттеу қажет . «Аңыздың ақыры» романының поэтикасы өте күрделі. Тарихи шындықты аңыз арқылы көрсетудегі жазушы шеберлігі тек дәстүрлі көзқарастар тұрғысынан ғана бағаланып келеді.

Зерттеудің негізгі мақсаты мен міндеттері.

Тақырыптың зерттелу деңгейі . Ә. Кекілбаевтың шығармашылы-

ғы, «Аңыздың ақыры»романы жайлы әдебиеттанушы ғалымдар өз ойларын айтып келеді. Бұл мәселені А. Ісмақова, Т. Есембеков, Ш. Елеукенов, А. Темірболат сынды зерттеушілер өз еңбектерінде жиі ауызға алып жүр.

Қаламгер шығармашылығынан кандидаттық, докторлық диссертациялар да қорғалды. Г. Пірәлиеваның «Ішкі монологтың кейіпкер психологиясын ашудағы көркемдік қызметі», Ж. Дүйсенбаеваның «Ә. Кекілбаев прозасы. Халықтық аңыздар және көркемдік шешім», Н. Исинаның ««Автор» и «Герой»в прозе А. Кекильбаева»атты кандидаттық диссертацияларында қаламгер шығармашылығына қатысты біршама ойлар айтылады. Бірақ ғалымдар Ә. Кекілбаев романдарының ішінде ерекше орын алатын «Аңыздың ақыры»романына арнайы тоқталып, романның көркемдік сапасы, жанрлық табиғаты жөнінде пікір айтқан емес. «Аңыздың ақыры»романын Ш. Айтматов, Г. Бельгер, Ә. Нұрпейісов, Р. Бердібайлар қазақ әдебиетіндегі үлкен құбылысқа балады.

Ә. Кекілбаев - төл әдебиетіміздің көрнекті өкілі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халық жазушысы, әлемдік әдебиетте өзіндік орны бар жазушы. Талантын алғашқы жазған шығармаларында ақ байқатып, оқырманын тәнті еткен қаламгер таңдаған қай тақырыбын болмасын да жоғары биікке көтеріп, көркемдік шешіміне оқырманды иландыра алған шынайы суреткер. Оның әңгімелерінен бастап повесть, романдары да жеңіл желпі оқуға көнбейтін, қадалып, қайталап ой көзімен оқуды тілейтін, иірімдері мол, астарлы ой, күрделі философиялық түйінерден тұратын туындылар екені баршаға аян.

Қаламгер өзінің сөз өнерінде алғашқы қадамын өлең жазудан бастаған еді. Сын, публицистикадағы еңбектерін айтпағанда, оның прозалық туындыларын тақырыптық тұрғыда мынадай шартты үш жікке бөлуге болады:

а) Қазіргі кезең тақырыптары;

ә) Тарихи тақырыптар(Мұның ішіне«Абылай хан»драмасы да кіреді) ;

б) Халықтық аңыздарға негізделген туындылар.

Біз осылардың соңғысына тоқталмақпыз.

Әлем әдебиетінде аңызға ден қоюшылық - оны көркем шығармашылық өнерде пайдалану әуелден бар, жиі байқалып жүрген үрдіс. Тіпті шығыс дастандарында аңызсыз оқиға суреттелінбейді, дамымайды.

Қазақ қаламгерлерінің ішінде С. Сейфуллин, С. Ерубаев, М. Әуезов, Ә. Кекілбаев, О. Бөкеев, С. Сматаев, С. Санбаев тағы басқалары өз шығармашылықтарында аңызды жиі пайдаланған.

Аңызды пайдалануда өндіріп қалам тартып, өзінің көркемдік шешімін әлемге танытқан суреткердің бірегейі - Ә Кекілбаев. Оның «Күй», «Ханша-дария хикаясы», «Бәсеке», «Шыңырау», «Автомобиль» повестері аңыздық желіге құрылғанымен, арғы түбі шын өмірде болған оқиғаларға, ақиқатқа да негізделген.

Әбіштің тарих пен бүгінгі күннің маңызды мәселелерін бірлікте қарап, әлеуметтік ірі идеяларды өзек еткен туындысы-«Күй» повесі. Бұған қаламгер ұзақ дайындық жасаған. Өнер тақырыбына қалам тербеу үшін өзің де өнердің тілін білетін құлағы ашық, көкірегі ояу, саусақтары дірілдемей тәтті де адуынды сезім сырларын толқытып, тасытатын, тыншытып, мамырлататын кептен, киеден жарлы болмауы қажет. Табиғаты қатал, қатыгез болғанымен, жері кенге бай, дауыл қалтыратып, ерні кезерген жусан-изеніне дейін аңыз шертіп, ащы, мұңлы, жігерлі әндерді құйқылжытып, күй шертіп күңірентіп жатқан Маңғыстау өңірінің перзенті Кекілбаев тал бесікте тербеліп жатып-ақ ана уызы, әке саусағынан төгілген балдай күйдің дәмімен балғын, сезімтал, тұтқыр көкірегіне сұсты өмір шырынын жинай бастаған. Халқының тағдыры мен талайын, қасиеті мен қасіретін тал бойына тұндырып тұрған рухани мұралардан әдемі қоңыр даусы бар, көшпелі елдің көне шежірешісі, көкірек күйі сыздаған домбырасында күйді нақышымен ойнайтын Кекілбаевтың алғаны көп, өнерпаздық мүмкіндігі мол, қамтығаны қомақты әкесі зерек адам болыпты.

Жазушының «Күй»повесі отызға жетпей, 28 жасында жазған батырлық, адамгершілік, өнер рухын, құдіретін асқақтата суреттеп, үлкен әлеуметтік мәселелерді көтере білген кесек шығармасы.

«Күй»- философиялық әпсана.

Жазушының «Күй»повесі алғаш рет «Коммунистік еңбек»газетінің 1967 жылғы қараша айындағы 24, 26, 28 сандарында жарияланған. Ал республикалық басылымда алғаш рет «Жұлдыз» журналының 1967 жылғы 12 санында басылған. «Жазушы» баспасынан 1989 жылы шыққан қаламгердің екі томдық таңдамалысында «Күй» повесі 1966 жылы «Жұлдыз» журналында басылды деп қате көрсетілген. 1968 жылы қаламгердің бірнеше повестері «Дала балладалары» деген атпен «Жазушы» баспасынан жарық көрді. Сол тұста С. Әшімбаев, Ж. Дәуренбеков, Д. Ысқақов сияқты сыншы, зерттеушілер қаламгер туындысы хақында өздерінің жылы лебіздерін баспасөз бетінде жазған болатын. Кейінірек повестің орысша басылуына орай, орыс сыншылары да өз бағасын берді. Повесть1969 жылы «Дружба народов» журналында, кейіндеу «Баллады степей»(1982), «Баллады забытых лет»(1979), «Легенды степей»(1982ж) жинақтарында басылды.

Неміс тілінде повесть 1970, 1971, 1982, 1983 жылдары бірнеше рет жарияланған. Неміс тілінде «Таңдамалы» жинақ шығып, оған бір топ совет жазушыларының повестері енген.

Жинақ қазақ жазушысы Әбіш Кекілбаевтың «Ұмытылған жылдар балладасы» («Күй») атты белгілі повесімен ашылған. Оны Тани Цорн аударған.

Неміс сыншысы Герберт Кремпиен жинақтағы туындыларға талдау жасай келіп, Ә. Кекілбаевтың «Күйін», «Осы кітаптың мазмұнын ашып, толықтырып тұрған сүбелі туынды ретінде бағалайды. «Задында, қазақ жазушысы өз тарихына тым тереңдеп бой ұрғанымен, сонымен бірге осы заманғы ең өзекті мәселелерді де, мәселен, Африка халықтары үшін де мән маңызы кем соқпайтын проблемаларды қозғайды. Халықтарды бірлікке бастап, тыныштыққа үндеудегі көркемөнердің атқарар парызын Кекілбаевтың нәзік сырбаздықпен көрсеткенін атап өтпек керек. Ізгілікпен сыйыспайтын жат қылықтарды құрту, аластау талабы түрікмен дутаршысының да, қазақ күйшісінің де бойларынан табылады. Олардың адамгершілікке, ынтымақтастыққа деген аңсары да, парасаттылық көксеген іңкәрлығы да ақпа - төкпе күйлерінде атой салады. Кекілбаев өз балладасына философиялық тереңдік кілтін ашатын негізгі баяндау тәсілі мен стильдік мәнер нақышын да дәл әрі қапысыз таба білген», -(27) деп бағалайды.

Бір ескеретін жай-осы повестің орысша аудармасы мен қазақша түпнұсқасының арасында елеулі айырмашылық бар. Қазақша түпнұсқасы ұзақ, басындағы бірінші тарау, соңындағы тарау түгел сақталған. Ал орысша аудармасында кеңестік саясатқа байланысты туындының кіріспесі мен соңғы тарауы алынып тасталған. Жазушы өнер тақырыбына күй туралы «Аш бөрі», «Қос саңлақ» әңгімелерін де жазған болатын.

Осы тұста жазушының 1963 жылы шыққан «Алтын шуақ» атты тұңғыш өлеңдер жинағында берілген «Әке» атты шағын поэмасындағы күй туралы айтқан мына шумақтар еріксіз назар аудартады.

Көкемнің бармағынан бал саулады,

Осы ауыл талай тыңдап тауыса алмады.

Көп болды сол көкемді көрмегелі,

Күйіне біздің ауыл тамсанғалы.

Соқтырған қыр өкпегін таң самалы,

Мен де іздеп ерке күйді тамсанамын.

Қаңсыған домбырада сездіріпті,

Бал бармақ күйші иесін аңсағанын . . . (28, 48) .

Жазушы әкесі Кекілбай елдегі қариялардың айтуы бойынша, әдемі қоңыр даусы бар, күйді нақышымен ойнайтын кісі болған. Демек, жазушының халық өнеріне етене жақындығы, оны қадірлеп қастерлейтіндігі- өз ұясынан дарыған қасиет.

Повестің «Күй» аталуының үлкен мәні бар. Мұнда суреттелетін барлық оқиғаны күй айтып тұр. Оның күрделі болатыны да сол себептен. Өнер тарихында күймен баяндалатын аңыз-күйлер де көп. Тіпті «Нар идірген» күйінде күй құдіреті адам түгілі айуанды елітіп, байланып қалған 62 тамырды босатып, тас емшекті жібітпей ме? Әрбір күйдің өзіндік тарихы бар екені даусыз.

А. Жұбанов «Ғасырлар пернесі» еңбегінде айтқандай: «Домбыра- көшпелі елдің көне көз шежірешісі, көпті көрген қарияның көкірек күйі.

Халық басынан қандай күй кешсе де, қазақтар оны айна- қатесіз күй тіліне түсіре білген. Аңыз, хикая, тарихи-құрылыстық, әдет-салттық, әскери сюжеттер, табиғат әсемдігін суреттейтін сюжеттер қобыз, домбыра, сыбызғы халық көкірегіне ұялап отырған, сондықтан да күй, қазақтың халықтық өнер дәстүрінде үлкен орынға ие. Қазақ халқы күйдің мәнін терең түсінеді, һәм оны қастерлей біледі». (29, 230) .

Қазақ ән-күй десе, ішкен асын жерге қояды. Күйді де, күйшіні де құрметтеп төбесіне көтереді.

Ә. Кекілбаев өз повесінде күй құдіретінің асқақтығын шеберлікпен жеткізе білді.

Алдымен, аңызға негіз болған тарихи дерек - Абыл күйшінің түрікмендердің қолына түсіп(тұтқын болып), оларды өнері арқылы тәнті етіп, азат болуы.

Екіншіден, «Күй» повесіне негізгі арқау болған-Қақпақтының дөңіне байланысты айтылатын бүкіл Маңғыстау жұртшылығы білетін аңыздар. Осы екеуін қаламгер бір-бірімен байланыстыра, сабақтастыра отырып, көптеген аңыздарды қабығынан аршып, өмірдің шындығына, айтар идеясына қарай бұрып әкелген.

Алдымен, Абыл кім?-деген сауалды анықтап алайық. Жалпы Маңғыстауда екі Абыл болғандығын айтуымыз керек. Бұл жөнінде алғаш зерттеп, ой-пікір айтып, дәлелдеген ғалым- Қ. Сыдиықов («Ақын-жыраулар»еңбегінде) . Бірі-Абыл Тілеуұлы Өтембетов 1777-1864 жылдары өмір сүрген, қазақтың суырып салма ақыны. Ата қонысы- Маңғыстаудағы Бозашы түбегі. Бейіті-Қаратөбе зиратында. Өлеңдері, есімі халыққа танымал.

Екіншісі, күйші-Абыл Тарақұлы, халық мұны аздау біледі. «Оймауыт - Желтау деген жерде( бұрынғы Адай округіне қарасты) Тарақ есімді кісінің тұңғыш баласы Абылай( Абыл ) дүниеге келеді. Аз да болса, әкесінің домбыра ойнауы оны құрметті адамның бірі етті. Шешесі Таразы-өнерлі. Қыз ойнақ, қыз ұзату тойларында жап- жақсы ән де салатын. Оймауыттың бірсыпыра жігіттері Таразыны алғысы да келді. Бірақ ол бесіктегі кезінен Тарақпен атастырылған еді», (30, 233) -дейді А. Жұбанов. Оның өмірбаянына қысқаша тоқталайық: Абыл(Абылай) Тарақұлы 1820-1892 жылдары өмір сүрген. Қазақтың халық күйшісі, композитор. Жасынан ән мен күйді серік етіп, Боғда, Қошқар сынды күйшілерді ұстаз тұтты. Олардың күйлерін үйреніп қоймай, бертін келе өзі де күй шығарып, орындаушылық, күйшілік өнерімен даңқы жер жарады. Күйшілер сайысына түседі. Біздің заманға Абылдың «Абыл», «Ақжелең»(Абыл нұсқасы), «Нарату», «Ақсақ құла», «Әренжанның шалқымасы», «Кеңес»т. б. күйлері жетті. Есбай(Тазбала), Алтынай, Сәулебай, Өскінбай сияқты халық күйші-домбырашылары өздерін Абылдың шәкірті санаған, оның күйшілік өнерін, орындаушылық дәстүрін жалғастырып, біздің заманға жеткізген. Абыл Тарақұлы жөнінде А. Жұбанов «Абыл»очеркін, Ә. Тәжібаев «Абыл»поэмасын, А. Затаевич өзінің «Қазақтың 500 әні мен күйлерінде» жазған. Абыл «Маңғыстау» энциклопедиясына кірген. Белгілі зерттеуші Қ. Сыдиықов «Ақын-жыраулар» еңбегінде де ол туралы қысқаша мәлімет берілген. Абыл атында Маңғыстау халық аспаптар оркестрі, Ақтау қаласында өнер мектебі бар.

«Күй»повесінде «Абыл күйші аруағына ескерткіш»деп авторлық арнау айтылғанымен, Абыл туындыдағы күйшінің прототипі емес. Оған 1997 жылғы 17 тамыздағы өзара пікірлесуімізде айтқан жазушының мына жауабы дәлел болады:

-«Күй» повесіндегі күйші-Абыл Тарақұлы ма?Шын өмірдегі Абылдың өмір тарихы А. Жұбановтың очеркінде басқа, сізде тіпті өзгеше, аңыздан, шындықтан ауытқу себебіңіз неде?

- Мен Абыл жөніндегі аңызды көптеген күйшілерден естідім. Соның бірі- Қали Жантілеуов. Кейбір әдебиет зерттеушілері кезінде І. Жансүгіров қызыққан сюжет екен деп жүр. Мен аңыздың шығуына себеп болған коллизияны аңыздық сипатынан арылтып, осындай оқиғаның өмірде болуы мүмкін бе, болса, ол шын мәнінде қалай болуы мүмкін? Және қазақ тарихының, қазақ-түрікмен қатынастарының қай тұстарындағы оқиғаға байланысты сай келуі мүмкіндігіне пайымдаулар жасадым. Осы ретте Ә. Тәжібаевтың поэмасының сарынын да, болмаса А. Жұбанов айтып отырған өмірбаяндық деректерін де аттап өтіп, осы күйге байланысты өзім кішкене де болса ой қосуға тырыстым.

Менің ойымша, күйді Абылдың шығаруы да мүмкін, шығармауы да мүмкін. Бұл, бәлкім, қазақтың Абылдан бұрынғы күйшілер заманынан қалған сарындар болуы мүмкін. Мұндай жағдайлар көптеген күйшілердің басындабар. Мәселен, Абылға, Есбай, Өскінбайға телінетін көптеген күйлер Жем бойында Есірге телінеді. Олай болса, Құлшарға телінетін күйлер Ақтөбе облысына барсаңыз, Әлім Бәйілше деп басқа кісілерге телініп айтылады. Мұның себебі күйлер жаңағы айтылған күйшілерден ертерек шығып, кейін шыққан күйшілер оны құбылтып тартып, әрбір аймақтарға қалыптасқан тыңдаушылардың құлағына сіңірген.

Осыған байланысты мен де Абылды арғы түбі тарихи негізі бар, қазақ-түрікмен ортасындағы соғыстың тұсында болған, қазақтың шын басында болған ақиқат деген тұжырымға қосылдым да, бірақ оны Абылға біржолата теліген жоқпын. Сондықтан повесте Абыл деген кісінің аты жоқ. Тек Абыл күйшінің аруағына ескерткіш деген арнау ғана. Бұл түпкі негізден алшақтап, өзімнің суреткерлік пайымдауыма жол ашу үшін жасалған әдіс. Сондықтан мен шығарманы жазу үстінде Абылдың өмірбаянына тәуелді болғаным жоқ. Аңыздан ауытқу себебім өте саналы түрде және музыкалық шығарманың өзінен туындайтын фактураларды тереңірек қамту үшін алынған әдіс.

Екіншіден, мен осы күй арқылы қазақ пен түрікмен арасындағы қатынастарды тереңірек, молырақ ашуға тырыстым. Оқиғаның желісі емес, содан туындайтын салдарлар; саяси, тағдырлық, тарихи салдардар және екі халықтың жан дүниесіне үлкен трагикалық әсер қалдырған моральдық салдарлар туралы ойландым.

Бұл күй қазіргі ХХ ғасырдағы жағдайлардан өргізетін біздердегі халықтың бастан кешіп отырған оқиғаларымен сабақтасатын негізгі желілерді табу үшін жасалған амал. Екі халықтың жасаған шапқыншылықтары жөнінде біршама хикаялар бар. Оның бәрін жазып жату мүмкін емес. Бірақ осы күй соның бәрін қамтып, екі халықтың да намысына шаң тигізбейтін, екі халықтың арына тимейтін, бірақ өте көпшіл, өте дос-жар халықтардың өзін жағадан ұстастырып қоятын залымдықтары туралы сыр шертеді. Басты кейіпкерді күйші деп алдым. Абыл дегенім жоқ. Және оның прототипі емес. (Ескерту:бұл жерде де, алда да әңгімелесу кездеріндегі жазушы жауаптарының стилі өзгеріссіз беріледі- Ж. Д. ) .

Енді өмірде болған тарихи оқиғаға жүгінейік: бұл А. Жұбановтың очеркі бойынша берілді. Жұбанов баяндауымен өмірде болған оқиғаның негізі бірдейге жақын.

- Киіз үйдің ішінде әлсірей бастаған отты айнала отырған бір топ түрікмен жаңа ғана өздері оралған жорығын лаулап әңгімелеу үстінде еді. Әсіресе басында ақ сеңсеңі бар, белінде оқшантайлы белбеу, үстінде имек қайтпас болат қылыш асынған жас түрікменнің дауысы өзге жұрттан ерекше шығады . . . Жолбарыс текті бұл жігіт жекпе-жекте жеңілу дегенді білмейді. Ал, оған бақ бүгін өздігінен келіп қонды. Жападан-жалғыз келе жатып ол «жау»түсірді. Ол жауы қарсылық көрсетіп те жарытқан жоқ еді. Бірақ сол жаудың ынжықтығы оның «осы шындығы жоқ, азабы көп» жер үстінде тірі қалуына себеп болды. Батыр жігіттің көңілі тасып, масаттанып кетті . . . Дутарды қолына алып, түрікменнің екпінді, жүрдек күйіне басты.

Қазіргі мезетте достары оның өнеріне таңданып, қошамет көрсетіп отыр. Тек байсалды келген бір түрікмен шалы жұрттан оқшауырақ, көңілсіз бір ойда отыр.

Отырғандардың бірі жас жігіттен қазақ күйін тартуын өтінді. Жігіт қазақ күйін тайпалата жөнелді . . . жас күйші терін сүрте отырып, жолдастарына қазақ күйін жақсы білетінін, жаңа ойнағаны Абыл дегеннің күйі екендігін, оның атақты домбырашы болып есептелетінін баян етті. Сөз аяғын Абылды көріп, күйін өзінен үйренер ме еді?!- деген арманмен бітірді.

Сол кезде қол-аяғы керегеге байланған «тұтқын қазақ» тамағын кенеп, өзін «жеңіп», тұтқынға алғандардан сөз сұрады. Жас түрікменнен басқалары бастарын изеп, рұқсат еткен ишарат білдірді. Тұтқын қолын босатса, жаңағы Абылдың күйін ана түрікменнен де жақсы тартып беретінін айтты. Жас түрікмен мұрынын шүйіріп, керіліп сөйледі: «Сендей сорлыға күйді менен артық ойнау қайдан келсін?! Саған Абылды білу қайда?Ол Қарабұғаздағы туысына кеткеніне үш күн болды деп естідім», -деді. Үндемей отырған түрікмен шал басын көтеріп, оған кекесінді пішінмен қарады: «Сен жігітім, тым аптықпа! Оның күй тарта алмасына, Абылды білмесіне сенің көзің жете ме?Мен білсем, мына адам осал кісі емес», -деді.

Шалдың сөзі жас түрікменнің меселін қайтарғандай болды. Тұтқынның қолын шешіп, алдына дутар қойды. Тұтқын қазақ аздап қолын жазып, дутардың құлағын бұрады. Оның келісті келбеті, бармақтарының майысып, пернеге жүгіруі, ішекті қағысы, тіпті дутардың құлақ күйін түсіруіндегі есту қабілетінің өзі отырғандарды еріксіз тартты, ал жас түрікмен таң тамаша болып, көзін аудармастан, қазаққа қарап қалыпты.

Қазақ күйді жайлап бастады . . .

Жас түрікмен қаншама салқын қалып сақтамақ болғанымен, тұтқын күйдің әр бөлігіне ауысқан шақтарында, ол тіпті дегбірсізденіп кетті. Ал, шал екі күйшіге қарап, бір сөз айтқысы келгендей оқталып отырды. Бір кезде жас дутаршы: «Сіз Абылдың өзі емессіз бе?»-деді.

Тұтқын саспай, маңдайынан терін сүртіп, жас жігітке жымия қарап: «Болсақ болармыз!»- деді.

Уақиға былай болған еді, кеше Абыл бір туысына кетіп бара жатып, түрікменнің бір топ жоқшыларына кезіккен. Неге екені белгісіз, жайбарақат кетіп бара жатқан жолаушыны олар ұры есебінде байлап алған. Оның «Мен ұры емеспін» дегеніне құлақ аспаған.

Енді үйдегілер жапырласып орындарынан тұрды. Қазақ даласымен көршілес түрікмендерге аты түгел жайылған Абыл күйшіні тыңдауға маңайдағы ауылдардағы түрікмендерді шақыруға кісі жіберілді. Абылдың кеше жыртылған киімінің орнына бүтін киім кигізді. Қой сойылып, самауыр қойылды . . . Ауылдың түрі өзгеріп кетті. (31-235-237) .

Ел аузындағы аңыз дерегі бойынша Абыл өмірі осылай болған.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Балалар прозасы
Халық ауыз әдебиеті пәнінен практикалық сабақтың әдістемелік нұсқауы
Проза жанрының қалыптасуы мен дамуы
Ғалымның қазақ ертегілеріне қатысты ұстанған көзқарастарының концепциясын айқындау
Тарихи роман поэтикасы
Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ прозасы
ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ ТАРИХЫ. ПӘННІҢ ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК КЕШЕНІ
Қазақ әдебиетінің тарихы
Балалар әдебиеті - тәрбие құралы
АБАЙ ҚҰНАНБАЕВ (1845—1904) туралы ақпарат
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz