Ғабит мүсірепов қазақ солдаты роман


2
ҒАБИТ МҮСІРЕПОВ
ҚАЗАҚ СОЛДАТЫ
РОМАН
БІРІНШІ БӨЛІМ
-
Әуелі келісіп алайық:
сіз еш нәрсені жасырмаңыз,
мен еш нәрсе қоспайын.
-
Жоқ, сіз еш нәрсе қоспаңыз,
мен еш нәрсені жасырмайын . . .
Уәдеміз осы болды . . .
Зытып келем, зытып келем. Артыма қарай-қарай зытып. Зытып келе жатқаным- қашып
келемін, артыма қарай беретінім- қорқып келемін.
Шаңқан шілденің аяқ кезі болар деймін . . . Пісіп қалған ақ сілеуселер баяу теңселіп, үкідей
бұлғаңдап, кейде жұмсақ қана тізе сипайды да, кейде инесін қадап алады. Сипағанда
талғамай сипаса, инесін қадарда екі сирақтағы жара мен жарықты тауып алып қадайды.
Күннің көзі жер бетінде шаншыла қадалып, көлеңкең тәлтиіп, бауырыңа кіpiп барады. Бар
ыстық менің қойныма тығылғандай айдай, шоқпыт қомшаның екі қолтығы қыж-қыж
қайқайды.
Елегізер жел де жоқ, елең етер үн де жоқ, айналаң қапа тым-тырыс, тыныштық. Желді
күнгі толқындай жүйткіп дамылсыз құлпырған көкала сағым ғана ойнайды. Жердің
жарығы мен көде түптерінде бұғып отырып, қызыл сирақтары сырт-сырт етіп, қоңыр
шегірткелер ғана ысқырып ән салады. Намаз оқып тұрған молдаға ұқсап, әр жерде
қазықтай қадалған бірен-саран семіз қарасұр суырлар көрінеді.
Қашуымның да, қорқуымның да балаға лайық себептері бар. Бір табын сиырды айдалаға
тастап, қалаға қашып бара жатсаңыз, екі көзіңіз алақандай болатын сияқты. Бала да
болсам бақташымын ғой, сиырларым менен құтылған соң әр сайдың бойын өрлей салған
аз ғана егінге шүйгіп барады.
Мен қазір ондамын. «Әліпті таяқ деп білмейсің» Деп, ауылдың балалары мазақтай беретін
еді, жазғытұрым қолыма сиыршының таяғы түсті.
Енді естияр азамат болдың . . . Мына таяқты қолыңа ал осы ауылдың сиырын енді сен
бағасың!-деп ағам Айдынғали таяғын маған ұстатты да, өзі аяқ-еңбек іздеп қалаға кетті.
Содан бері мен үш рет қызыл бұрышта болған жиналысқа да қатынастым. Еңбекші
ретінде шақырылам ба, белсенді ретінде шақырылам ба, әлде осы екеуінің мағынасы
біреу-ақ па, ол кезде оны айыра алатын шама менде жоқ еді.
Бұл ауылдың, жиі отыратын жағы «колхоз боламыз» деп, сирегірек, шалқая отыратын
жағы «болмаймыз» деп, күн ара көрісетін кез. Ол керістерден не түсінгенім өзіме де шала-
бұлдыр, әйтеуір жиналыс болған түннің ертеңіне пілдей боп шөгіп жатқан үлкен пештің
қуысынан табылатын едім. Ала болғандықтан «Алтай» дей салған өзіміздің кәрі төбет
мені сол жерден тауып алады да, қыңсылап жүріп, еріксіз оятып үйге алып қайтады. Үйге
жеткенше біресе алдымды, біресе артымды орап, далақтаумен болады. Кейде «естияр
азаматым-ау, жұрт жиналған жерде ұйықтап қала ма екен!» деп, ұрысқандай да мінез
көрсетеді.
Сол «естияр азаматыңыз» бүгін міне, алды-артына жалтақтай қарап, Гурьевке қарай
қашып келе жатыр. Ойында сиыршының таяғын әліптің, таяғына айырбастау да бар . . .
Одан аржағы қараңғы, бірақ бар жақсылық қала жақтан келетінін біліп қалған сияқты.
Дәл бүгін қаша жөнелгенімнің тағы бір себебі бар: жазғытұрым, маған ауылдың бір табын
сиырын тапсырғанда, арғымақ қаракөк атпен жосылтып келіп, «басқарма» маған мына бір
сөзді мірдің оғындай қадап айтып еді:
-
Бір торпақ жоғалса, он жыл сарайға қамаймын! - деген.
«Әр ауылдың өз Адырақпайы бар» деген секілді, біздің ауылдың ендігі «Адырақпайы»
осы қарамұрт басқарма еді. Астынан қаракөк арғымағы түспесе, қолынан ырғай сапты
дырау қамшысы түскен емес. Жуан-жуан ту құйрықтан жасап жапсырғандай едірейген
қара мұрты сол бір жылдарда бүйідей түксиіп, кәр төгіп кетіп еді. Шынында қарамұрт әлі
басқарма да емес. «Бай жоқ - баранчук қайдан болсын!» дегендей, колхоз әлі құрылған
жоқ, қарамұрт қайдан басқарма болсын! Колхоз бола қалғанда, оның басқарма болу түгіл,
оп-оңай алына қоюы да екіталай. Бірақ ол аласапыранда әлдеқайда барып қайтты да,
дырау қамшыны екі бүктеп ұстап, батыс жақты нұсқап тұрып:
-
Өзім барып қайттым! Бәрі дұрыс екен! Бердім ризалығымды! Бүгіннен бастап
«Қайрақты» деген ауыл жоқ дүниеде! «Қайрақты» деген колхоз боласыңдар!-деді.
Кешкіғұрым сасық жер үйден төгіле шығып, төбеде тұрған жұрттың не жауап
қайтарғанын тыңдаған да жоқ. Арғымағын көсілте аяңдатып, үйіне қарай тартты.
-
Өзім барып қайттым деп, ортадан сайлап жібергендей-ақ оттауын қарашы!
-
Жетпей тұрған жеріміз осының ризалығы болғаны ғой, сірә! - деп, еркектер ызадан
жарылғалы тұрса:
-
Осының-ақ қожалығы бітпеді-ау! - деп, әйелдер бұрқырап жүр.
Дегенмен қарамұрт өлермен адам. Қайдағы қиынға сынадай қыстырылып, ауыл атынан
араласып, ылғи көзге түсіп жүреді. Кейбіреулер сеніп қалады, кейбіреулер ығысы қалады,
сонымен ол біздің ауылдың «Адырақпайы» болып болды. Жаңағы сапарынан кейін, әлде
шыны, әлде мазағы, әйелдер оны «басқарма» деп кетті. Менің жасымдағы балалар тілді ең
алдымен шешесінен үйренеді ғой, балалар да басқарма деп кеттік.
Біздің ауылда да не көп, бәлен Ғали, түген Ғалилар көп. Менің атым Қайырғали болса,
ағамның аты, анау-мынау емес тұп-тура Айдынғали болады. Қарамұрттың, шын аты
Ашығалы екен келе-келе мұртына аруақ қонып, қарамұрт атанып кетіпті. Басқарма»
атанғалы келе жатыр. Басқарма маңайын көрмесе де, осы атпен дүниеден де өтеді-ау
деймін.
«Басқарма» атанғалы Адырақпайдың бар ызғары сыртына теуіп, мұрты едірейіп, көзі
алара түсіп, қабағы қыртыстанып бет дегеніңіз тұтас түксиіп кетті. Мен үшін көз жетер
көкжиектен бергі жерде бұдан күшті құдірет те жоқ еді.
Енді артымнан сол құдірет қаракөк атқа мініп алып, көсілтіп қуып келе жатқан
сияқтанады. Жұтып қоярдай ежірейген ала көзі, егін ортасында шүйгіп жүрген сиырларды
көрмесе де, қалбақтап қашып бара жатқан мені көріп қалғанында дау жоқ . . . Алтынмен араласа, іркес-тіркес біткен торы ала тістері әкем мен шешемнің арғы-бергісін қазбалаған
сөздерді бұршақтай төгіп келеді. Құлағыма қаракөктің жер солқылдатқан дүбірімен бірге
«Он жыл сарайға қамаймын!» деген қарамұрттың қаһары да естілгендей болады.
Кейде мен соған ішімнен риза да болып қалатын кездерім болатын еді. Сиыр бағып жүріп
жиырмаға келгенше, сарайда отырып жиырмаға келгенім тынышырақ көрінетін.
Қарамұрттың қамайтын жері өзінің сарайы болса ол бір бала біткеннің арман ететін
сарайы, іші-тысы бірдей сыланған, қапшық-қапшық ұн дегеніңіз, қарын-қарын май
дегеніңіз, сүрленген қазы-қарта, жал-жая дегеніңіз иін тіресіп тұрады. Оның қасында өз
үйім дегенің әшейін, бірдеме.
Он жыл сонда отырып шықсам, жасым жиырмаға келеді, мөлдір қара көзді Ақботаға сөз
айтуға да жарап қаламын. Бірақ Ақбота жиырмаға менен бұрын жетіп қалып, мен сарайда
отырғанда ұзатылып кетіп жүрсе қайтем деген ой тағы қинайды. Рас, Ақбота менен үш
жас кіші. Бірақ «қызы құрғырға сенім бар ма!» дегендей, зырылдап жүріп тез өсіп кетіп,
жиырмаға менен бұрын жетіп жүрсе, мені күтіп отырар ма үйінде! Жетіп қалатыны да,
жетіп қалса- кетіп қалатыны да даусыз сияқтана береді.
Сондықтан болу керек, әттең, дүние-ай, сол сарайға Ақбота екеуміз бірге қамалар ма едік,
деп ойлаймын. Ұятырақ болса да айта кетейін, селтиген ғана бұрымы бар, лақтай секіріп
жүретін, мөлдір қара көзді, аппақ болғандықтан Ақбота атанып кеткен бала қызды мен
жанымдай жақсы көретін едім.
Мені Ақбота да теріс көрмейтін сияқтанатын. Кейде бір жақ ұртымнан шымшып алады,
кейде темірдей тиетін қос жұдырықпен кеудемнен түйіп жібереді, кейде мұрнын шүйіріп,
тілін көрсетеді де жалт беріп үйіне кіріп кетеді. Балалық шақта мұның бәрі де достық
белгісіндей көрінеді. Ақботада жас ботаның ерке сипаты мен жас лақтың ойнақы
мінездері бар. Бұл екеуі қыр баласының ең жақсы көретін серіктері.
Мен тезірек жиырмаға жетіп, Ақботаны айттыруға кісі жіберсем-ау деген де арманым бар.
Оған жіберетін кісілерім де әзір . . . «Қызыл бұрыштың» бастығы Ажығали мұндай жұмысқа
таптырмайтын адам. Осы өңірдің ескілі-жаңалы құда түсерінің бәрі соның қолынан өтеді.
Қара елтірі бөркімен екі тізесін оңды-солды сабалап отырып, құда болмасты құда қылып,
қосылмасты қосып шығарады. Екінші бір сенерім - кооператив бастығы. Ол енді,
Лұқман әкімдей данышпан адам . . . Кәрі мен жас қосылып жатса, мұны ол адам баласының,
әр кезде жастыққа, жаңара беруге ұмтылатын ұлы тілегіне апарып тірейді. Жас жігіт
мосқалырақ әйелмен қосылса, оны ол адам баласының естиярлыққа ұмтылуына апарып
тірейді. Екі жастың теңін тауып қосылуы - ол үшін «Мың бір түн» ертегісіндей
шұбатылған бір хикаяға айналады.
Соған байланыстырып, өз басынан өткен бозбалалық әңгімелерін айтып кеткенде, талай
таңға жетерлік мол қордың барлығы сезіледі. Ол бірталай ғасыр өмір сүріп, талмай,
шаршамай ғашық бола берген үйлене берген адам сияқты. Оның әңгімелері бұл маңайда
талай айтылған, жұрт құлағын мезі қылған әңгімелер болса да, тыңдаушы жұрт біріне-бірі
қарап, жымиып қойып, тағы да тыңдай береді. Мал далада бағында, басқа көсіп аз, ескі
мінездерге кешірімі көп жұрт тыңдай береді.
Осы екеуі тірі тұрғанда бұл өңірдегі құда түсер, қыз айттыру сияқты жұмыстар сенімді
қолда. Көңілің кеткен жерің болса, бұл екі қол бүріп түседі. Бұл екеуіне мен де сенулімін.
Сондықтан біреуінің екі күрең қасқа сиыры мен екі күрең қасқа торпағына, енді бірінің
тарғыл ала сиыры мен қоңыр сиырына ерекше құрметпен қараймын. Кешке қарай
табынымды ауылға айдап әкелгенде, бұл екі үйдің сиырларын қораларына да кіргізе
кетем . . . Менің алдымда тұрған ең қиын бел - тезірек жылжып жиырмаға жету. Кейде мең бір күні ұйықтап қалып, таңертең жиырмадағы жігіт болып тұра келсем деп те арман
етемін! Бұл ойым өрлей-өрлей барып, қиын бір қамалға барып тіреледі бір күні Ақбота
жиырмадағы қыз болып тұра келсе қайтем. Онда аузымның аппақ болғаны емес пе!
Маңдайымнан тер бұрқ ете түседі. Қайдағы жаман ой қайдан келе қалып едің, күні бойы
қынжылам, Ақботаның ойына түсе көрме деп тілеймін.
Ақботадан мен үш жас үлкенмін. Жасы үлкендік істеп, бір-екі рет төмпештеп алғаным да
бар. Артынан екеуміз бірге жыладық. Ол жылап үйіне кетті, мен жазадан қорқып ауылдан
қашып кеттім. Ертеңіне қайта татуластық.
-
Ендігәрі тиемісің, маған, тиемісің, ә? - деп, Ақбота құлағымнан ұстап алып, үйді
бір айналдырды да, қоя берді. Сонымен татулық қайта орнады.
Осыған қарағанда, Ақбота менен гөрі айлалырақ, тегі жиырмаға да менен бұрын жетер-ау
деп, қатты қауіптенетін едім. Қалайда, ержету жайы еркек баладан гөрі қыз балаға
оңайырақ көрінетін еді. Ол кезде «он сегізге толсаң азаматсың» дегенді естіген емеспін.
Киіз кітаптан құлаққа сіңген нақыл - шыр етіп жерге түскеннен бастап жиырмаға толсаң,
жігіт болғаның дейтін. Сондықтан жиырма жасқа Ақботадан бұрын жетейін деп қалаға
қашып кеттім . . . Өмір жолы қалай бұраңдар, қайда апарар, ол жағы қараңғы бастауын
қалаға қарай бастадым . . .
Бұл айтқаным қалжың ғой әшейін, қалаға қашқан себебім тіпті ол емес. Барлық балалық
шағым лақтырған доптай домалап, көз ілестірмей өте шықты да, барлық кедей баласының
маңдайы тірелетін бұдырға соғып бір-ақ тоқтады. Доп бір-екі ыршып көтерілді де, енді
қайтып секіре алған жоқ . . . Менің ес білгенім де, маңдайым келіп неге тірелгенін
ұғынғаным да өткен жазғытұры алдыма ауылдың барлық сиырын салып беріп:
-
Бір тайынша жоғалса, он жыл сарайға қамаймын!- дегенді естіген күнім еді. Сол
күнді әлі ұмыта алған жоқпын, тегі ұмыта алмасам керек. Өйткені, ол жақсы ма, жаман ба,
өмірге бірінші кездескен күнім сияқты. Әдейі әр түрліден жиналғандай, тілерсегі
майысқан әр түсті арық сиырлар, ағашқа өрмелеген жүнді құртқа ұқсап, өзен бойын өрлей,
шұбай жөнелді. Қасымда дымқос жерге айқын түскен таңертеңгі ұп-ұзын көлеңкем тұр.
Көлеңкем де аумай өзіме ұқсап, өмірмен менің алғашқы кездесуіме таңдана қарайтын
сияқты. Оның үстінде де менің шоқпытым, оның басында да жалба тымақ. Әкемнен
қалған ескі шапан көлеңкеме де ұзынырақ сияқты. Оның, қолында да қисық таяқ. Бірақ
көлеңке бойы менен анағұрлым сұңғақ, сондықтан сұлуырақ, сұлу болмағанмен
ажарлырақ көрінеді.
Әкемнен қалған шапанды киіп, ағамнан қалған таяқты қолыма алып өзенге қарай
беттегенде, мен де өзіме өзім үлкейген адамдай көрініп кеттім. Балалық шақта үлкендерге
ұқсау деген о да бір кеудеңе паңдық беретін нәрсе. Әттең, тап осындай дандайсып бара
жатқан кезіме қаракөк ат пен қарамұрт кездесе кетті де, жоғарыда келтірілген «он
жылдың» жайын айтты . . . Айтқанда анау-мынау емес, өмір бойы есінде жүрсін дегендей
қадағалап-шегелеп тұрып айтты. Сол-ақ мұң екен бар паңдығым сағымдай сейіліп, көздің
жасы алқымға келіп тығылды. Кесім еститін күнәм қайсы? Еңбекке жұмсарда жақсылық
емес, жамандық жағын баса ескерту керек пе екен? Ол жағын мен білмеймін. Бірақ өксіп
жәбірленгенімді білем.
«Жаман дос - көлеңке» деп әлдекім дұрыс айтқан ғой деймін. Мен өксіп шылап келе
жатсам, көлеңкем өзімді мазақтап, жеңімен көзін сүртеді. Мүмкін, мен де соны істеген
болармын . . .
Содан бергі бірнеше ай жап-жақсы өтіп еді. -
Айдашымның орнын Қайрошым басты. Әлі-ақ қатарға қосылармыз! - деп, апам да
әркезде қуанып, мақтанып қояды. Мен де мұрнымды бір тартып, бұл мақтауды
отырғанымды сездіріп қоямын.
Бағып жүрген сиырларым күнде кешке аман-есен ауылға келеді. Есебінен сиырлар да
жаңылмайды, мен де жаңылмаймын: тарғыл аласы он жеті, қызыл шұбары он үш, қарасы
тоғыз, құбақаны бесеу деген секілді, түр-түрімен реттеліп қойылған . . .
Бірақ «бақташы байымайды» деп бекер айтты деймісің, бүгін бір бәле келіп сап ете түсті:
қарамұрттың қасқа торпағы жоғалып кетті. Ұры алды ма, бөрі алды ма білмеймін әйтеуір
жоқ болды. Сиырларымды түрі мен түсіне бөліп те санаймын, жалпы есебімен де
санаймын, біреуі еді. Жетпегенде қызыл көз бәленің, торпағы жетпейді. Бұл бәле мен
таяғымды домбыра қылып, ыңылдап отырған да кездесті ме. Ақботаны «айттыруға кісі
жіберіп» жатқанда кездесті ме, әйтеуір келістіріп кетті. Бұған дейін қарамұрт айтқан «он
жыл» әшейін бір жәбір көрінсе, енді келіп мойныма асылып тұрғандай сезіле бастады.
Басқа күні емес дәл бүгін қашып келе жатқанымның себебі осы болуы да мүмкін . . .
Мүмкін менің алдымда сағым теңізіндей құлпырып, алыстан қол бұлғап жаңа өмір жатқан
шығар. Мүмкін шарасы шайқалмаған ескі ауылдың ескі өміріне қанағат етпеген бала ойы
осындай бір себепті бұрыннан іздеп жүрген шығар . . . О да мүмкін, бұ да мүмкін . . .
Әйтеуір, қалаға қарай сызып келемін. Бақташыдан құтылған сиырлардың біразы егінге
кіріп, біразы шабынға қарай аңдап барады. Қолға түсе қалсам, мұның арты да жақсы бола
қояр ма екен деген ой келеді. «Бақташы байы-майдыны» сонда көретін болам да . . .
Жайық өзенінің жар қабағына шығып артыма қарасам, біраз сиыр биік егінде жүзіп жүр
екен. Жоқ, мұным жасамайды, егінді бастырмауым керек деп ойладым. Кейін қарай қайта
жүгіріп келіп, егінде жүрген сиырларды өзенге қарай беттетіп жібердім де қалаға қарай
қайта салдым.
Қалыңдығы тоқымдай, жамау үстіне жамау жапсырған шапанымды иықтан сыпырып
қолыма алып, бұ да әкеңнен қалған, «галифе» шалбардың аяғыма орала берген балақтарын
ортан белінен бір жұлып тастап ем, шабысым да үдеп сала берді. Шапаныммен жүргенде
«жүні түспеген қоңыр торпақ» деп балалар мазақтай беретін еді, енді сірә қарны қампиған
қырықпа қара серкешке ұқсап қалдым ғой деймін. Жайықты өрлей, әр бұтаны тасаланып,
алыстан ыңыранғаны естіліп жатқан Каспийге қарай құлап келемін. Теңіз құшағына тез
кіруге асыққан Ақ Жайық төтелеу жерден жол салам деп жарын талай сабалапты да,
шалқайып кейін бұрылыпты. Бұраңдаған Жайықпен бірге бұраңдап, қалбаңдап мен де
келем, қалбалаңдап қасымнан қалмай көлеңкем де келеді.
Еңкейе бастаған ыстық күн құлақ шекеңді тесердей қадалады. Жүрегім қабырғамды тесіп
жіберердей дүрсілдейді. Кейде өзімнің өжеттігім мен тәуекеліме масаттанып та қоям.
Таныс дүниеден жат дүниеге, таныс ауылдан таныс емес қалаға қашу үшін де едәуір ерлік
керек сияқтанады. Кейде алдымдағы қаланың, жат өмірінен қауіптеніп те қоямын. Кім
біледі, кімге кездесем, не іздеп келдім деймін?
-
Мынау мұнда кетіп бара жатыр! Қашқын мұнда, мұнда! - деп қиқуласқан сары
маса да азан-қазан болып бұлттай төніп төбемде ойнап келеді. Қашып кеткенімді ауыл
білмей қалған соң, қуғынға бұлар аттанғандай, ойбайға басып, булықтырып, буып келеді.
Күн ұясына қона берген кезде екі көздің орнында сығырайған ғана екі сызық қалғанын
сездім . Анда-санда арқама үймелеген сары масаны қағып қалсам, арқам егіздің жон
терісіндей, жатпар-қатпар болып қалыңдап алыпты
Кешкі күн жалқау сырғып, теңіз толқынын алау-жалау өрттей жалтылдатып, ұясына құлап
барады. Қаракөк Каспийдің бір сарынмен ғана дем алған ауыр ыңыранысы естіле бастады.
Күн де батты, теңіз үстіне қорғасындай басқан ауыр бір қара тұман да көтерілді. Қара
тұманның ауырлығынан теңіз беті қайысып, темен түсіп кеткендей сезіледі.
Қара тұманның әр жерінен жалғыз-жалғыз жарқыраған жұлдыздар көрінеді. Тұман
арқылы көрінгендіктен қызғылт тартқан кішкене жұлдыздар түнде жарқырайтын
қасқырдың көзін есіме салды. Мен қасқыр дегенді күндіз де көрген емеспін, түнде де
көрген емеспін. Бірақ жаңағы бір ой сап ете түсті де, айналамның бәрі қасқыр сияқтанып,
үрей антұрған кіре бастады. Күндіз әр бұтаны тасалана қашсам, енді бұта біткеннен
ойқастап келем.
Шошынып ұшқан жапалақ жарқ ете түсті. Қанаттарының әрі көгілдірлеу, әрі қызғылттау
жарқ етіп қалғаны есіме әлдеқайдан жын-шайтанды әкеп түсірді.
-
Оған молда өлгелі есіз далада жын-шайтан өріп жүретін болыпты ғой . . .
-
Түн болса-ақ молданың моласының басына жиналып алып ән салады екен . . .
-
Басқарма бір күні атының мықтылығынан-ақ құтылып кетіпті!-деп, үрейлене
сөйлеп отырғандарын ауылдың кемпірлерінен талай естігем.
Мен ол моланың қай жерде екенін де білмеймін. Әйтеуір, осы кең даланың бір жерінде
болар деп жорамалдап келем. Олай болса, кездесіп қалуым да оп-оңай ғой . . . Әлдене бұлаң
қаққандай болды. Даланы тастай беріп, өзенге қарай ағып келдім де биік жардан қарғып,
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz