Қазақ отбасындағы мектеп жасына дейінгі балалардың қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті
Психология және әлеуметтік педагогика кафедрасы
БІТІРУ ЖҰМЫСЫ
Қазақ отбасындағы мектеп жасына дейінгі балалардың қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру
050503 - психология және шет тілі мамандығы бойынша
Орындаған:
ППФ, Психология және шет тілі
мамандығы күндізгі оқу
бөлімінің 4-курс студенті
Ералиева Ұлзат
Ғылыми жетекшілер:
психол. ғыл. кандитаты,
профессор Асылханова М. А.
оқытушы Мокешова Қ. М.
Психология және әлеуметтік
педагогика кафедрасының
меңгерушісі, психология
ғылымдарының докторы,
профессор Каримова Р. Б.
Алматы, 2008 жыл
Мазмұны
Кіріспе . . . 3-6
І тарау. Баладағы қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырудың психологиялық негіздері
1. 1 . Отбасындағы мектеп жасына дейінгі баланың қарым-қатынас ерекшеліктері . . . 7-19
1. 2 Қарым-қатынас мәдениетінің этнопсихологиялық ерекшеліктері . . . 20-28
1. 3. Отбасындағы мектепке дейінгі баланың қарым-қатынасының
қалыптасуы . . . 28-32
Бірінші тарау бойынша ой қорытынды . . . 33-35
ІІ тарау. Қазақ отбасындағы мектеп жасына дейінгі балалардың қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруды эксперименттік зерттеу
2. 1. Қала мен ауылдық жердегі отбасы қарым-қатынас мәдениетінің салыстырмалы талдауы . . .
2. 2. Әдістемелердің сипаттамасы . . .
2. 3. Бақылау эксперимент және зерттеу жұмысының нәтижелерін талдау . . .
Қорытынды . . . 54-55
Әдебиеттер тізімі . . . 56-57
Қосымшалар . . . 58-65
Кіріспе
Зерттеудің өзектілігі: Қазіргі кездегі елдегі экономикалық -әлеуметтік жағдайлардың қиындығы, жұмыссыздық, материалды, рухани қажеттіліктердің тапшылығы, осының бәрі отбасындағы ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты күрделендіріп отыр. Сондықтан да балаларды тәрбиелеу мен оқыту қазіргі таңдағы ең өзекті мәселелердің бірі болып табылуда. Мектеп жасына дейінгі бес-жеті жас аралығы-баланың жеке тұлға болып қалыптаса бастайтын, оның барлық таным үрдістерінің қарқынды дамып, мінез-құлық нормаларын игеретін кезең болғандықтан, отбасының жалпы психологиялық жағдайы бала психологиясына міндетті түрде өзінің әсерін тигізбей қоймайды.
Мектеп жасына дейінгі тәрбие туралы мәселені ең алғаш қарастырғандардың бірі - чех ғалымы ЯН Амос Коменский болды (1592-1670) . Ол туғаннан 6 жасқа дейінгі балалар тәрбиесін арнайы қоғамдық мекемелерге емес, отбасына - «аналар мектебіне» жүктеді. Я. А. Коменский аналар мектебінде балалардың дене, адамгершілік, ақыл-ой дамулары жүзеге асады дей келе, сол кездің өзіне баланың сөйлеуінің, тілінің дұрыс шығуы анаға байланысты деп, аналарға үш жастан бастап балаға дауытарды дұрыс, таза айтуды үйрету керектігін айтты. Отбасындағы бұл тәрбие шаралары ойын түрінде жүзеге асуы керек деген де Я. А. Коменский болатын. /1/
Ал, біздің қазақ халқының бала тәрбиесіне деген көзқарасы қандай болды? Келешек ұрпақ тәрбиесіне үлкен мән беріп, балаларды ата-баба дәстүрінде тәрбиелеуде маңсат тұтқан қазақ отбасылары баласын мәдениеттілікке, зерділілікке баулып, халқының мәдениеті мен әдет-ғұрпын тәрбиенің бұлжымас құралы ретінде ұстаған. Бұл ретте ауылындағы отбасы тәрбиесі, мектепке дейінгі тәрбие туралы ең алғаш еңбек жазған Н. Құлжанова (1887-1939) болды.
Н. Құлжанованың тәлім-тәрбиелік пікірлері медицина ғылымымен сабақтасады. Бұл жәйт автордың «Бала күтімі - баланың өміріне күн сәулесі мен таза ауадай аса қажет», «Баланың аурулары» т. б. мақалаларынан жақсы байқалады. Автор тәрбиені бала жөргегімен бастауды ұсына келіп, өзі түйіндеген тұжырымның негізі етіп: «Тәні саудың - жаны сау» деген халық даналығын алады.
Н. Құлжанова мектепке дейінгі тәрбие мазмұнының, мақсатын баяндай келіп, баланың қимыл-қозғалысына, сезім мүшелеріне, сөйлеуін жетілдіру жолдарына тоқталады. Ол сондай-ақ балалардың қарым-қатынас ерекшелігіне де ерекше көңіл бөледі. «Балаға сусындай керегінің бірі - сөйлеу», баланың сөйлеуге, білуге құмарлығын «мазамды алма!» - деп оның бетін қайтару екендігін айта келе, автор баланың ойлауының - оның танып-білу құмарлығымен ұштасып жатқандығын ескертеді. /2/
Қай қоғамда болса да тәрбие мәселесі ең басты міндеттердің бірі ретінде қарастырылып келген. Қазан төңкерісінен кейінгі кезеңде мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеу - жалпыға бірдей білім берудің бір белгісі ретінде қарады.
Кеңес жылдарындағы мектепке дейінгі педагогика мәселесі Е. А. Аркин /3/, А. П. Усова /4/ т. б. ғалымдардың зерттеулерінің нәтижесінде қордаланды.
Республика көлемінде мектепке дейінгі тәрбие жұмысын ұйымдастыру мәселесіне А. К. Меңжанова /6/, М. С. Сәтімбекова, Ә. С. Әмірова, Ф. Н. Жұмабекова /7/, ал балалардың даму ерекшеліктеріне Қ. Т. Шериазданова /8/, Г. М. Қасымова /9/, Ұ. И. Ауталипова /10/ т. б. ғылыми жұмыстар арналды.
Дегенмен де, қазіргі кезде қазақ отбасындағы ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты оның өзіндік ерекшеліктерін қарастырған еңбектің жоқтың қасы. Сондықтан біз, зерттеу жұмысымыздың тақырыбын:
«Қазақ отбасындағы мектеп жасына дейінгі балалардың қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру» деп белгіледік.
Зерттеу нысанасы: бес - жеті жас аралығындағы балалар мен ата-аналардың отбасындағы қарым-қатынас әрекеті,
Зерттеу пәні: отбасы мен балабақшаның бірлескен жұмысы бойынша мектеп жасына дейінгі балаларда қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру үрдісі.
Зерттеудің мақсаты: қазақ отбасындағы 5-7 жас аралығындағы баланың қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру.
Зерттеудің ғылыми болжамы: егер отбасындағы ата-аналардың, балабақша тәрбиешілерінің озық тәжірибелерін саралап, осы уақытқа дейінгі орын алып келе жатқан кемшіліктердің себебін ашып, отбасы мен мектепке дейінгі тәрбие мекемелерінің сабақтастығын ұлттық негіздегі әдістемелік нұсқаулар арқылы байланыстырса, отбасындағы баланың қарым-қатынас мәдениетін дамытудың мүмкіндігі артады.
Зерттеу міндеттері:
- Қазақ отбасындағы жаңа қоғамның талабына сай қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырудың әдіснамалық-теориялық негіздерін қарастыру;
- Балабақша және отбасындағы баланың қарым-қатынас мәдениетін барынша дұрыс қалыптастыруға мүмкіндік беретін білім беру мен тәрбие жұмыстарының мазмұны, әдістеріне талдау жасай отырып тиімді іс-тәжірибелерді жүйелеу;
- Қазақ отбасындағы мектеп жасына дейінгі баланың қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыратын құрылымдық үлгі жасау.
Зерттеудің әдіснамалық негіздері : Л. С. Выготскийдің мәдени-тарихи тұжырымдамасы, Э. Берннің талдау тұжырымдамасы, Пиаженің когнитивті даму тұжырымдамасы, М. И. Лисинаның қарым-қатынас генезисі тұжырымдамасы, Эриксонның дамудың эпигенетикалық тұжырымдамасы.
Зерттеу әдістері: зерттеу жұмысында анықтаушы және дамытушы эксперименті және а) Г. Т. Хоментаускастың «Отбасының суреті» әдістемесі, ә) А. Я. Варга мен В. В. Столиннің ата-аналардың балаға деген қарым-қатынасын анықтайтын тест - сауалнама әдістемелері қолданылады. Зерттеу жұмысында қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруға бағытталған арнайы ұйымдастырылған ойын - жаттығулар, түрлі жүйедегі психокоррекциялы әдістемелер, ата-аналарға семинарлар арқылы қалыптастыру көрсетілді.
Зерттеудің теориялық және практикалық мәнділігі: қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайдағы қазақ отбасы мен балабақшаның бірлескен жұмысының тиімділігі теориялық тұрғыда негізделініп және отбасы мен баланың қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ата-аналар мен тәрбиешілерге арналған әдістемелік нұсқаулар ұсынылды. Зерттеу жұмысының нәтижелерін жоғарғы және арнайы педагогикалық оқу орындарының мектеп және балабақшаның оқу-тәрбие үрдісінде, ата-аналарға пайдалануға болады.
Зерттеу базасы: эксперименттік жұмыс Ал. обл. Іле ауд. №1 балабақшаларда жүргізілді. Зерттеуге қала мен ауылдық жерден 5-7 жас аралығындағы 25 бала, 25 ата-ана қатысты.
І тарау. Баладағы қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырудың психологиялық негіздері
1. 1 . Отбасындағы мектеп жасына дейінгі баланың қарым-қатынас ерекшеліктері.
Өмірде өзгермейтін ештеңе жоқ. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеніне байланысты Елбасының «2030 жылғы жолдауындағы» (1997) /11/, мақсаттар мен мұраттар мүлтіксіз жүзеге асырылса, ұрпақ тәрбиесіндегі істерде де үлкен бетбұрыстар болары сөзсіз. Ұрпақ қамы ертеңгі ел қамы. Ертеңгі күні ХХІ ғ. өмір сүріп еңбек ететін жастарды тәрбиелеуде қазақ халқының ғасырлар бойы жинақтап уақыт талабымен өткен бай қазынасын отбасы тәрбиесінде қолдану - кезек күттірмейтін мәселе.
Отбасындағы бала тәрбиесі жөнінде XVII-XVIII ғасырларда өмір сүрген батыстың, орыстың педагог ғалымдары жақсы ой-пікірлер айтқан болатын. Мысалы Я. А. Коменский «Ағайынды чехтарды» тәрбиелеудегі халықтық дәстүрдің жақсы нәтижелеріне сүйене отырып, баланы жастайынан жақсы мінез-құлыққа тәрбиелеудің жолдарын көрсетіп берді.
Ал Швейцарияның кеменгер педагогі И. Г. Песталоцци тәрбиені ана тілінде оқытатын халықтық мектептердің бай тәжірибесіне негіздей отырып жүргізуді мақұлдады. Ол адамның ақыл-ойының қалыптасуы, дұрыс дамуы ұлт тіліндегі оқудың мазмұны мен оқыту әдісін дұрыс ұйымдастыруға байланысты деп ерекше атап көрсетті. /12/. И. Г. Песталоцци: «Бала тәрбиесі, оның дүниеге келген күнінен басталуы керек. Баланың дүниені түсінуі отбасында басталып, мектепте әрі қарай жалғастырылуы шарт» - деген қағиданы ұсынды.
Француздың ұлы ағартушысы Ж. Ж. Руссо да бала тәрбиесінің көзі еңбекте, сондықтан баланы жан-жақты жетілген азамат етіп тәрбиелеуді отбасында еңбекке үйретуден бастау керек деп қарады.
Әйгілі орыс педагогы К. Д. Ушинский бала тәрбиесіне тоқтала келе, мектеп жасына дейінгі бала тәрбиесінің негізгі ортасы - отбасы. Бала отбасында қарапйым білім, іскерлік, дағдыларды меңгеріп, ата-анасынан тәртіп ережелерін үйренеді деді. /12/
Жалпы қазақ отбасы тәрбиесіне, ұрпағының жан-жақты болып өсуіне айрықша мән берген халық. Баланы қайратты, қайырымды, ақылды, өнерлі, әділ адам етіп тәрбиелеу - әр уақытта қазақ отбасындағы басты мәселенің бірі болған.
Ол жердегі ата-ана мен баланың кісілік қарым-қатынасы, эмоционалды сезімдері - олардың жаны мен қанының табиғи бірлігі негізіндегі жақындық арқылы орындалған.
Өмірге шыр етіп жаңа келген нәрестеге ананың адал махаббаты мен кіршіксіз көңілі таза ауадай қажет. Себебі, сәби өмірге мүлде дәрменсіз күйде келеді. Нәрестенің өмірге келіп, кіндігінің кесіліп, жөргекке оралуынан бастап дені сау, ақылды да тәлімді бала етіп өсіру мақсатындағы ата-ананың өмірі таусылып бітпейтіндей қарбаласы басталады. Жеке тұлға өсіп жетілуіне ықпал ететін отбасының тәрбиесіне психологиялық-педагогикалық зерттеулерде ерекше көңіл бөлініп, «отбасы» ұғымына көптеген анықтамалар берілген. Мәселен: Р. Н. Нұрғалиевтің 1996 жылы жарық көрген философиялық сөздігінде; «Отбасы-әлеуметтік қауымдастықтың түрі, ерлі-зайыпты одаққа және туысқандық байланыстарға, яғни ері мен әйелінің, ата-аналарымен балаларының, аға-інілерімен апа-қарындастарының бірге туып, ортақ шаруашылық жүргізуі, туысқандарының арасындағы сан алуан қарым-қатынастарға негізделген жанұя тұрмысы» деп айтылса /14/, Ж. Қоянбаевтың педагогикалық еңбегінде: «Отбасы - ол бірге тұратын некеге негізделген немесе қандас туыстар (әке, ана, бала . . . ) тобы» деп анықтама берілген /15/.
Соңғы кездерді орысша «семья» ұғымының қазақша аудармасы «отбасы», «жанұя», «үйелмен» деп қалдырып жүргенін кездестіруге болады. Соңғы жылдары адамның жан дүниесімен сырласып, оның психологиясын зерттеуде психолог-педагог мамандар адамдар арасындағы қарым-қатынасқа айрықша назар салып отыр. Осы бағыттағы құнды зерттеудің негізін ресей ғалымы М. И. Лисина салды (1917) /17/. Ғалым психологияда мектеп жасына дейінгі баланың ересектермен қарым-қатынасын зерттеуде жаңа жол ашты. М. И. Лисина зерттеулеріндегі негізгі әдістердің бірі- отбасында тәрбиеленуші және түрлі типтегі балалар мекемелеріндегі отбасынан тыс тәрбиеленіп жатқан балаларды салыстыра зерттеу. Балалар үйінде тәрбиеленушілер өмір сүруге қажетті барлық қажеттіліктермен (қалыпты тамақтану, киім, ойыншық, дәрігерлік бақылау, білім т. б. ) қамтамасыз етілгенімен, дара бағыттағы үлкендердің эмоционалды-жағымды қарым-қатынасының тапшылығы олардың психологиялық дамуын баяулатады. М. И. Лисина еңбектері көрсеткендей, мұндай қарым-қатынастың «қосылуы» баланың психикалық дамуының түрлі аспектілеріне: олардың танымдық белсенділіктеріне, тілінің дамуына, заттық әрекет игеруіне игі әсерін тигізеді.
Ерте балалық шақ пен мектепке дейінгі кезеңде (А. В. Запорожец, М. И. Лисина тұжырымдамаларына сәйкес) өзіндік-сапалы формаларымен ерекшеленеді. Баланың ересектермен қарым-қатынасын осы іс-әрекеттің бірнеше формаларының ауысуы ретінде қарастыруға болады. Қарым-қатынастың алғашқы формасы-жағдайға байланысты жеке тұлғалық (ЖБЖТ), келесі- жағдайға байланысты- іскерлік (ЖБІ), үшіншісі - жағдайдан тыс-танымдық (ЖТТ), ең соңғысы- жағдайдан тыс жеке тұлғалық (ЖТЖТ) /19/.
Л. С. Выготскийдің көрсетуінше, баланың жоғарғы мінез-құлық формаларының социогенезі, ол - баланың мәдени дамуының тарихы. «Әлеуметтік» сөзінің мәні, бұл жағдайда, аса кең ұғымда, мәдениеттіліктің бәрі- әлеуметті дегенді көрсетеді. Мәдениеттің өзі адамның әлеуметтік өмірімен іс-әрекетінің өнімі, сондықтан мәдениетілік даму мәселесі бірден бізді әлеуметтік даму жағдайына енгізеді /20/.
Мәдени дамудың мәні- адамның тек қана өзінің мінез-құлқын ғана игеру үрдісімен шектелмейді, оны игерудің алғы - шарты жеке тұлғаның қалыптасуы. Сондықтан да, баланың қайсыбір қызметінің қалыптасуы да, оның тұтастай жеке тұлғасының дамуына тәуелді. Мектепке дейінгі кезең баланың өзіндік тұлғасы мен өмірлік көзқарастары қалыптастыру үстінде болды. Б. Г. Ананьевтің көрсетуінше: «Адамның мінез-құлқы, адамды қоршаған табиғатты заттыландыратын, оның әлеуметтік іс-әрекеті түрлерінің күрделі кешені ғана емес, қарым-қатынас, адамдармен түрлі әлеуметтік құрылымдардағы практикалық әрекеттесу түрінде де көрінеді» /21, 22/. Оның ойынша, адам - негізгі әлеуметтік іс-әрекеттер - еңбек, қарым-қатынас және танымның субъектісі. Осы үшеуінің бірлігінде ғана жеке тұлғаның қалыптасуы ойдағыдай іске асырылады.
А. В. Запорожецтің басшылығымен жүргізілген көптеген зерттеулердің (З. М. Истомина, Д. Б. Эльконин т. б. ) нәтижелерін тұжырымдай келіп А. Н. Леонтьев мектепке дейінгі кезең - жеке тұлға қалыптасуының алғашқы сатысы, мінез-құлықтың жеке тұлғалық механизмдерінің кезеңі - деп атап көрсетеді. Оның айтуынша бұл кезеңде мотивтердің бір-біріне өзара бағынушылық жүйесі қалыптасады. Баланың жеке тұлғасының қалыптасуында қарым-қатынастың үш түрін бөліп қарастыруға болады: өзіне деген қатынасы, басқаларға және заттық әлемге деген қарым-қатынасы /18, 19/.
Адам психикасын зерттеудегі тарихи тұрғыдан қарастыра келіп, А. Н. Леоньев, өзінің осы еңбегінде Л. С. Выготскийдің кез-келген сыртқы әсердің (біздің жағдайымызда қарым-қатынасқа түсуші - ересек адам) адамға тікелей емес жанама әсер ететінің, яғни алдымен ол интерпсихикалық (адам аралық), кейінен соң ғана ол интропсихикалық (адамішілік) айналады деген көзқарасты мақұлдайды) Сонымен бірге, осы мәселе туралы С. Л. Рубинштейіннің де осы тұрғыда айтқан ойын келтіреді, «Психология - психика мен іс-әрекетті емес, психиканы іс-әрекетте қарастырады»/25/.
С. Л. Выготскийді қазақ тілінде тұңғыш «сөйлеткендер» Алдамұратов Ә., Рақымбеков Қ. Т. б. оның теориясындағы қарым-қатынас мәселелерінде « . . . тарихы тәжірибелерді тыныс-тіршілік шындығын өзгелердің сөзінен, тәлім- тәрбие өнегесінен жаңаламай үйренуі» деп көрсетеді /26/.
Отбасындағы ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас мәселесін В. С. Мухина мен Л. А. Венгер де психологиялық тұрғыдан терең зерттеді (1986) . Олар отбасында дұрыс ұйымдастырылған қарым-қатынас пен тәрбие үрдісі нәтижесінде мектеп жасына дейінгі бала өздігінен дербес түрлі әрекеттер (киім кию, жуыну, тамақтану т. б. ) орындағандарымен, ата-ана тарапынан көрсетілген эмоционалды қарым-қатынасты әлі де болса аса қажет етеді деп тұжырымдайды.
Психолог В. С. Мухинаның айтуынша адамдар арасындағы қарым-қатынастар барысында балада әр түрлі тәртіп формалары қалыптасады екен. Бұл жердегі бала үшін ең бастысы - ата-ана тарапынан ұйымдастырылған жағымды қатынас. Ата-ана сенімі мен махаббаты балада оптимизм, жақсы, үлгілі болуға деген тілекті қалыптастырады. Бала әр уақытта өзіне жасалған эмоционалды қолдауды қажет етеді /27/.
Ал Л. А. Венгер бұл бойынша өз пайымдауын айтады. Баланың психикалық дамуына отбасының әсерін көрсете келе, ол жердегі тәрбиелік ықпалдардың дүрыс ұйымдастырылмауы, қарым-қатынасқа қанағаттанбау, ұжымды өз орнын дұрыс сезінбеу, отбасындағы кикілжің жағдайлар, осылардың бәрі бала тәртібінде қиындықтар тудырады деп қорытындылайды /28/.
Ресейлік ғалым Б. Лихачев отбасы баланың жеке басына екі жақты әсер етеді дей келе, былайша топтайды: 1-ден, отбасының материалды жағдайын сипаттайтын өзіндік өмір сүру дәстүрі арқылы яғни, отбасы мүшелерінің материалдық және рухани қажеттіліктері мен әлеуметтік құндылықтары арқылы; 2-ден әлеуметтік және белгілі бір мақсатқа бағытталған әсер арқылы. Бұл көбінесе отбасындағы негізгі көзқараспен тәрбие үрдісі қоғамныі тәрнбиелік мақсатына, идеологиялық, адамгершілік және эстетикалық талаптарына қаншалықты сәйкес болуына байланысты жүзеге асырылады /29/.
Бүкіл өмірін ауылдық мектеп ісіне арнаған ұстаз, теоретик және рпактик В. А. Сухомлинский баланың жан-жақты дамуына ортаның тигізер әсерін көрсетуге тырысты. Жеке тұлға бойындағы мейірім, кішіпейілділік, бауырмалдық сияқты адамгершілік сапалар шынайы, адал қарым-қатынастағы адамдар ортасында ғана пайда болады деді. Автордың ойынша, ондай ортаны бірін-бірі жоғарғы сезіммен жақсы көріп, қадірлейтін ата-ана ғана жасайды /31/.
Адам бласының дүниеде өмір кешкен тарихына қарасақ бұрынғы адамдармен бүгінгі адамның тіршілік ету арасында көп айырмашылықтың бар екені белгілі. Тас пен таяқтан басқа құралы жоқ аңның аз-ақ алдында жүрген алғашқы адамның ісімен осы күнгі әуе кемелерімен аспанға ұшып жүрген адамның ісінің арасы бөлек екені белгілі. Қазіргі кездегі жер - жерлерде орналасқан компьютерлі құралдар - үлкен өнер, білім арқасында шыққан жетістіктер. Аталған заман ағымының жарысынан, заман көшінің қатарынан қалмай өмір сүру үшін бүгінгі жас ұрпаққа көп - өнер білім керек. Осыған байланысты адам аралық қарым-қатынастар да күрделене түсуде.
Соңғы кездері тіршілікке керек білімге баланы жастан даярлау керек деген пікір күшейді. Отбасы тәрбиесінің адам өміріндегі маңызын бізге дейінгі, көптеген ұлы ағартушылар зерттеп, ол туралы құнды пікірлер айтқан.
Кемеңгер ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби (870 - 950) ғылыми ой толғаныстарына толы трактаттарында оның педагогикалық-психологиялық ой-пікірлері баяндалған. Тәрбие мен білім, педагогика мен психология Фарабидің ғылыми - философиялық мұрасының ажырамас бөлегі болып табылады. Сол кездің өзінде әл-Фараби, әлемнің негізгі тұтқасы - адам, оның парасаты, ақыл-ойы ойдағыдай дамыса, ол дұрыс өсіп- өркендей алады деген. Жаман мінез-құлық бұл рухани дерт, жақсы мінез-құлық пен ақыл-ой - адамның басты қадір қасиеті және ол қалыпты іс-әрекет үстінде қалыптасады - деген тұжырымды да шығыстың ұлы ойшыл ғалымы айтқан. Ол өзінің шешендік өнер жайындағы еңбегінде әңгіме айтатын адамның бет әлпетінің кейпі, денесінің тұрқы сол адамның қылығы болып табылады дей келе, адамдар арасындағы қарым-қатынас психологиясына үлкен зейін қойды/33/.
Қазақ халқының ұлы ақыны А. Құнанбаев та (1845-1904ж. ж. ) отбасындағы бала тәрбиесінде оның жас және психологиялық ерекшелігін ескере отыру керектігін түсіндіре талап етеді. Абай баланың ең бірінші, әрі ең негізгі тәрбиелеушісі - ата-анасы болуы тиіс дей келе, бала алдымен ата-ана, екіншісі ұстазы, үшінші құрбыларына қарап өседі дейді.
Абай психология ғылымының өмірлік мәнін терең аңғарған, оның ғылыми жағының қажеттілігін түсінген ғұлама. Адамдардың тұрмыстағы, отбасындағы, қарым-қатынастардағы үйлесімін армандаған ақын жас ұрпақтың психологиялық ерекшеліктеріне айрықша зейін қойып, тәрбие арқылы олардың бойына жақсы қасиеттер дарытуға болатындығына шексіз сенді.
Абай сана-сезімді тәрбиелеудегі қоғамдық ортаның ролін материалистік көзқараспен түсіндіре білді. Адамның жақсы-жаман болуы генетикалық негізге байланысты, ақ сүйек тұқымынан шыққандар ақылды, батыр, алғыр болады деген нәсілдік, идеалистік көзқарасқа қарама-қарсы. Абай адам мінезінің қалыптасуы тәрбиеге байланысты екенін дәлелдейді. Өзінің отыз жетінші сөзінде: «Мен, егер заң қуатын кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» - дейді /34/.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz