Қазақ тілінің орфографиясы. Жоғары оқу орындарының филология факультеттеріне арналған оқу құрал


Нұргелді Уәлиұлы
Қазақ тілінің орфографиясы
Жоғары оқу орындарының филология факультеттеріне арналған
оқу құрал
АЛҒЫ СӨЗ
Қазіргі жазу-сызуымыз жарты ғасырдан астам уақыт бойы қолданылып келеді және қазақ тілінің жазба түрі осы жазу-сызу арқылы тиісінше қызмет етіп, сан қилы қоғамдық қажеттілікті шама-шарқынша өтеп те жатыр.
Әдетте тіл, мейлі ол ауызша, мейлі жазбаша болсын, өзінің қызметін жүйе түрінде жүзеге асырады. Олай болса қолданып жүрген жазу-сызуымыздың ішкі құрылымы, өзіндік жүйесі болуға тиіс екені даусыз. Тіліміздің жазу жүйесін жетілдіру, жақсарту, реттеп отыру, оны дұрыс қолданудың құралдарын жасау т. б. салада елу жыл ішінде едәуір шаралар жасалды: Негізгі Ережелер түзілді, жазу практикасында байқалған тәжірибелердің жинақталу барысында Ережеге (1957, 1983) толықтырулар мен түзетулер енгізілді.
Тағы бір атап айтатын нәрсе - осы жазу-сызу жүйесін дұрыс қолдануды үйрететін құралдар жасалып, олар бірнеше дүркін жарық көрді:
Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі. Алматы, 1941 (ред. Коллег. С. Аманжолов, І. Кеңесбаев ) ; М. Балақаев . Емле сөздігі. 1948; Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі (1963 ж. редакциясын басқарғандар І. Кеңесбаев, Ғ. Мұсабаев; 1978 ж. Жауапты редакторы М. Балақаев; 1988 ж. Жауапты редактор Р. Сыздықова ) ; Сыздықова Р . Қазақ орфографиясы мен пунктуациясы жайында анықтағыш (1964, 1974) . Анықтағышта алғаш ре қазақ жазу-сызуына жұмсалып жүрген күллі графикалық таңбалардың (нүкте, қос нүкте, көп нүкте, нүктелі үтір, үтір, сызық, сызықша, тырнақша, жақша, бас әріп, кіші әріп, леп белгісі, сұрау белгісі, жол басы т. б. ) қолданылу тәртібі мен орындары, ережелері жинақталып берілді. Міне, мұндай практикалық құралдардың жазу нормаларын тұрақтандыруда, жетілдіруде орын ерекше болды. Жазу жүйесін дұрыс қолдануға үйрететін мұндай құралдармен қатар қазақ жазу-сызуы мен орфографиясының негіздерін қарастырған ( Оралбаева Н. Қазақ графикасы мен орфографиясының негіздері. Алматы, 1968) және жазу тәжірибесінде кездесетін әр түрлі ауытқулар мен қайшылықтарды жинақтай отырып, олардың себебін ашуға, бір ізге салудың жолын іздестірген зерттеулер жарық көрді ( Уәлиев Н, Алдашева А . Қазақ орфографиясындағы қиындықтар. Алматы, «Ғылым», 1988; Мырзабеков С . Қазақ орфографиясының арнаулы курсы бойынша методикалық нұсқаулар. Алматы, «Қазақуниверситеті» 1991) . Сондай-ақ жазу-сызу мәдениетін жетілдіру, сауаттылықты көтеру, емле сөздіктерін дұрыстау, жеке сөздердің жазылуы жөнінде баспасөз бетінде ондаған мақала жарияланды. 1 Әрине, бұл айтылғандардан жазу-сызу жөнге түсіп, емле мінсіз болып кетті деуге болмайды. Бұл салада атқарылатын жұмыстың дені жазу-жүйесін дұрыс пайдаланудың құралдарын жасауға келіп саяды. Ал қазіргі жазуымыз сөз дыбыстарына негізделген біртұтас жүйе түрінде және сол жүйені құрап тұрған элемент, сол элементтердің өзара қатынасы сияқты ішкі құрылымдық деңгейде әлі де болса зерттелмей келеді. Ал мұндай міндетті шешу жазуымыздың фонологиялық транскрипция мен фонетикалық транскрипция жүйесінен қаншалықты айырмасы мен ұқсастығы бар екенін айқындауға мүмкіндік береді. Графикалық лингвистиканың қисыны бойынша жазу жүйесі фонологиялық, фонетикалық транскрипциядан қалайда бөлек болуға тиіс. Осымен байланысты жазуымыздың ішкі түзілімін және фонологиялық негізін (қандай бағытта, қай мектептің іліміне жақын т. б. ), оған ұстанып отырған емле принципінің сайма-сай болуын қарастыру жұмысымыздың негізгі мақсаты болып табылады.
Осындай мақсатты көздей отырып, зерттеу барысында мынадай міндеттерді шешуге тырыстық:
- инвариант фонема мен әліпбидегі (алфавиттегі) әріптердің сандық қатынасын көрсету;
- жазудың фонологиялық негізін анықтау;
- әліпбидегі әріптердің аттарын негіздеу;
- жазудың фонологиялық негізіне сай келетін емле принципін дәлдей түсу;
- жазу нормасында кездесетін қайшылықтар мен ауытқуларды жинақтай отырып, себептерін ашу т. б.
Жұмыстың сонылығы осындай міндеттерді шешуден туындайды. Жоғарыда белгіленген міндеттерді шама-шарқымызша шеше келіп;
- қазіргі әліпбидегі артық графикалық таңбаларды;
- «фонема - әріптің» арасындағы қатынасты көрсете отырып, графемалардың санын;
- жазу жүйеміздің фонологиялық фонетикалық транскрипциялар жүйесімен ұқсастығы және олардан айырмасын;
- қазіргі жазуымыздың латын нұсқалы жазумен фонологиялық сәйкестігін айта келіп, бұл екі жазудан араб нұсқалы жазу мен сингарможазудың (жобаның) түбегейлі фонологиялық өзгешелігін көрсеттік.
Жұмыстың практикалық мәні түптеп келгенде көздеген мақсатымыз бен алдымызға қойған міндеттерді дұрыс шешуге келіп саяды. Осында айтылған кейбір талдаулар мен оның нәтижелері, кейбір нақты ұсыныстар жазудың ішкі түзіліміне жетілдіре түсуде, әліпбидегі әріптерді реттеуді, оқулықтар мен оқу құралдарын (әліппе, емле сөздіктері т. б. ) жазуда пайдаланылуы мүмкін.
Қоғамдық өмірде болып жатқан сан алуан өзгеріс күрделі мәселелерді шешуді күн тәртібіне қойып отыр. Осындай қоғамдық назарда болып, мемлекет көлемінде мән беріліп отырған мәселелердің бірі - республикадағы тілдердің дамуы. Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде өзінің сан алуан қызметін өрістете отырып, өркендей түсуі қажет. Ол үшін жазу мәдениеті де жоғары талап деңгейінде болуға тиіс. Қандай жазуды ұстансақ та, басқа әліпбиге көшсек те, әліпбиді тиімді етудің жолдарын қарастыру, емле принциптерін дәлдеу түсу, жазу жүйесін дұрыс қолданудың құралдарын (жазу ережесі, емле сөздігі, анықтағыш т. б. ) жетілдіру қай кезде де қоғамдық назардан тыс қалмайтын мәселелер. Зерттеу жұмысымыз осындай өзекті мәселелермен сабақтас. Олай болса, тақырыптың актуалдығы да осымен байланысты.
Жұмысымыздың сипатына қарай материалды талдағанда сипаттама және салыстырма әдісті, сонымен қатар әркелкі жазылып жүрген сөздердің негізгі нұсқасын ажырату үшін тиісті жерінде статистика әдісін да қолдандық. Қажетті жерінде ой-пікірімізді тиянқтау үшін жазу теориясына, орфографияның теориялық мәселелеріне байланысты (Шерба Л. В., Зиндер Л. Р., Амирова Т. А., Кузьмина С. М. т. б. ) зерттеулердегі жұртшылық мойындаған тұжырымдарға сүйендік.
Жұмыстың материалы негізінен көркем әдебиет, газет-журнал, сөздіктер мен Анықтағыштан, ішінара микрофон деректерінен (радио-теледидар хабарларынан) жиналды.
Жұмыстың құрылымы көздеген мақсатымызға, алға қойған міндетімізге орай үш тараудан тұрады. Әр тараудың соңында қорытынды беріліп отырады.
І - ТАРАУ
«ДЫБЫС - ФОНЕМА - ГРАФЕМА - ӘРІП - ӘЛІПБИ»
Жазудың адамзат өміріндегі маңызы былай да түсінікті. Оны санамалап, егжей-тегжейлі айтып жатудың өзі артық. Жазу арқылы адамзат қоғамы мәдениетке қол жеткізіп, цивилизацияға қадам басты. Осы күнгі жазулар бірден пайда болған жоқ. Олар дамудың небір жолдары мен сатыларынан өтті. Осының нәтижесінде адамзат тарихында зерттеушілердің айтуынша2 жазудың мынадай типтері мен түрлері пайда болды:
Жазудың тегі
І Семасиографиялық немесе ІІ Фонолографиялық
идеографиялық (тілдің тұрпат
(тілдің мазмұн жағына негізделген) жағына негізделген)
Жазудың түрлері
А. Пиктография (хабардың Б . Силлабографиялық
жалпы мазмұнын бейнелеуге (графикалық таңбаның объектісі -
негізделген) . буын) .
Б. Иероглифика немесе Б. Фонемография (графикалық
логография (сөзге негізделген) таңбаның объектісі - фонема)
Әрине, орыс әліпбиіне негізделген қазіргі қазақ жазуы я болмаса, араб әліпбиіне негізделген бұрынғы жазу (А. Байтұрсынұлының нұсқасы) ; немесе латын әліпбиін негіз еткен 30-40-жылдардағы қазақ жазуы ғылыми тұрғыда дәлелдемей-ақ жай ғана ой жіберіп қарағанның өзінде жазудың фонографиялық типіне, фонемографиялық түріне жататынын байқауға болады. Бірақ бұл топшылау басы ашық ақиқат болғанмен, дәл осы ақиқатқа қатысты шешілмеген түйіндер, жауабын күтіп тұрған сұраулар бар. Мысалы: араб әліпбиіне негізделген қазақ жазуындағы әріптердің саны неге 24, ал латын әліпбиі бойынша 29, орыс әліпбиіне негізделген қазіргі жазуда 42?
Ғылым мен техника, білім мен мәдениет, тіпті жалпы прогресс жазуымен байланысты. Сондықтан жазу-сызу мәселесі қашан, қай кезде, қай елде болмасын, ат төбеліндей зерттеушілердің ғана емес, жалпы жұртшылықтың назарын өзіне аударып отырады. Мысалы, ағылшын жазуының неше ғасырлық тарихы болғанына қарамастан, тіл мамандары жазуды оңтайлы етудің, емлені жеңілдетудің тиімді қолданудың жолдары мен теориялық негіздерін үнемі қарастырып келеді.
«Не случайно в литературе неоднакратно ставился вопрос об исчезновении всякого фонемного основания английской письменности. Не случайно и то, что английское письмо приводится в качестве примета письма, приближающегося к идеографическому.
Осознание этой ситуации лингвистической наукой выражается нередко в призывах к сближению письменного и звукового языков, выдвигаются самые различные проекты преобразования английской орфографии, вплоть до создания нового алфавита»3.
Қазіргі орыс жазуы І Петр заманынан бері бірнеше өңдеуді басынан өткерді. Орыс жазуының зерттеле бастауы В. К. Традиаковский мен М. В. Ломоносов еңбектерімен байланысты. Ал одан беріде орыс жазуының жалпы және жеке мәселелері жөнінде жүздеген зерттеу жазылды4.
«Қазақ халқы өзге түркі халықтары сияқты 4-5 ғасыр бойы араб жазуын пайдаланды. Тек ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап қана қазақ оқығандары, оның ішінде Ыбырай Алтынсарин тәрізді ағартушылар, қазақтың ұлттық жазба әдеби тілін қалыптастыру үшін оның дыбыстық жүйесін дұрыс бере алатын жаңа алфавит қабылдауды не осы жазуды біраз жетілдіруді қоя бастады 5.
Қазақ жазуын жақсарту, оңтайлы ету, тиімді қолдану, әліпбиін өзгерту т. б. мәселелер қазақ қоғамында дүркін-дүркін көтеріліп, үнемі қоғамдық назарда болып отырды. Мұндай пікірлер соңғы жылдарда да (1990 -1993 жж. ) айтыла бастады 6.
Әрине әр автордың өзіндік дәлелі, уәжі бар. Бұл жерде әңгіме олар жөнінде емес. Біздің ойымызша, қандай бағыт ұстансақ та, алдымен теориялық тиянақ керек. Ол үшін қазіргі қолданып жүрген жазуымыздың құрылымын, жүйесін қалай да бір талдау елегінен өткізіп алу аса қажет. Міне, осымен байланысты дыбыс тілі мен жазба тілді, олардың негізгі құрылымдық элементтерін (сөз дыбыстары, фонема, әріп, әліпбиді) өзара байланысты қарай отырып, қазіргі жазуымыздың фонологиялық негізін іздеу жұмысымыздың негізгі мақсаты болып табылады.
І «Дыбыс - фонема - графема …»
Сонымен , негізгі объектіміз жазба тілдің негізгі элементтері (әріп, әліпби) және олардың жұмсалу жүйесі мен ережелері болғандықтан, ең алдымен жұмыс аппараты ретінде жазу деген ұғымның деффенициясын анықтап алуға тура келеді. Соңғы жылдардағы оқулықтардың бірінде «жазу» ұғымына мына тәрізді анықтама беріліп жүр. «Письмо современная наука о языке называет систему знаков, используемую для фиксации звуковой речи» 7 (Головин Б. Н. Введение в языкознание. С. 240) . Осындай анықтамаға сүйенсек, жазу дегеніміз «дыбысталған сөзді арнайы таңбалар жүйесімен хатқа түсіру» немесе ауызша айтылған сөзді жазба тілге транспозициялау болып табылады. Басқаша айтқанда, акустикалық сигналдарды оптикалық сигналға көшіру (Л. Р. Зиндер… бет) . Енді осы айтылған қағидаға сәйкес дыбысталған сөзді (акустикалық сигналды) қазіргі жазуымыз бойынша оптикалық сигналға айналдырып көрейік: [ат], [ у от˚], [ у өт˚′], [ й ет′] т. б. Бірақ жазу тәжірибесінде дәл бұлай жазбай, ат, от, өт, ет деп таңбалайтынымыз неліктен? Ауызша сөздің дыбыстық жамылғысы мен хатқа түскен суреті неге сәйкес емес?
Сырт қарағанда, «жазуда негізгі дыбыстар таңбаланады да, негізгі еместері еленбейтіндей» көрінеді. Әрине, бұлай деу - жазу теориясы тұрғысынан жаңсақ түсінік. Өйткені тілдегі дыбыстарды «негізгі» және «негізгі емес» деп бөлу лингвистикалық тұрғыдан қате пікір болып табылады. Тілдік дыбыстардың «негізгі» және «негізгі емесі», «елеулі», «елеусіздігі» болмайды, тұтынушы үшін бәрінің мәртебесі бірдей. Сондықтан жоғарыдағы сұраудың жауабын басқа тұрғыдан іздестіруге тура келеді. Ол үшін бұл жерде алдымен тілдегі дыбыс дегеннің өзі не нәрсе екенін пайымдап алу қажет. Сөз дыбыстары - «сөйлеу мүшелерінің күрделі артикуляциялық қызметінен пайда болған акустикалық жаңғырық және сол жаңғырықтың құлаққа шалынуы». Тіл дыбыстары - сөздер мен морфемалардың өмір сүру формасы. Сөздің бір-бірімен ұласып жатқан дыбыстар тізбегінен жеке дыбыстар тек фонемалардың өкілі және сол фонеманың сөздегі нақты қолданысы ретінде даралана алады»8. Міне, мұндай пайымдарға қарағанда, сөздегі дыбыс - фонемалардың өкілі (репрезентанты) болып табылады. Ал «фонема - тілдің мағыналық тұлғаларын: морфемаларды, сөздерді құрайтын және оларды бір-бірінен ажыратып тұратын тілдің дыбыстық құрылысындағы әрі қарай бөлшектеуге келмейтін ең кішкене тұлға»9. Енді жоғарыда айтылған мысалдардағы [ат], [ у от˚], [ у өт˚′], [ й ет′] дегендегі [т], [т˚], [т˚′], [т′] дыбыстары <т> фонемасының сөздегі нақты репрезентанттары, басқаша айтқанда манифестанты. Сондықтан да «белгілі бір фонема белгілі бір дыбыстардың класы, дыбыстардың типтері» делінеді. Фонеманың бір қасиетін фонологиядағы «инвариант - вариант» теориясы тереңірек аша түсті. Бұл қисын бойынша, фонема - инвариант, дыбыстар оның сөздегі (речь) репрезентанттары варианттары деп танылады. Әр вариант (экземпляр) инварианттағы мәнді белгілерді сақтай отырып түрленеді, әр экземплярда, мейлі оның саны қанша болса да, әйтеуір инвариантқа тән қасиет сақталады. Ал дыбысталған сөздің акустикалық жамылғысы хатқа түскенде, инвариант-фонеманың варианттары емес, инвариант фонемалардың өзі «әріп» арқылы таңбаланады. Міне, сондықтан да инвариант - фонема <т>-тың [т], [т˚], [т˚′], [т′] вариант-репрезентанттары үшін бір ғана таңба алынады да ат, от, өт, ет болып жазылады.
Жазу теориясымен шұғылданушылардың бірі В. Хаастың «…орфография является более удачной, если она отклоняется от фонетической точной репрезентации речи»10 деуі де сондықтан.
Тілдегі фонемалардың саны мен әліпбидегі әріп саны бірдей болуы шарт. Бірақ мұндай сәйкестік бұрын-соңды ешбір тілдің жазу тәжірибесінде кездеспейді деуге болады. «В принципе число букв алфавита может и соответствовать числу фонем, однако такого положения нет, как будто, ни в одном языке мира»11. Тілдегі фонемалардың саны әліпбидегі әріп санымен сәйкес келмеуі, сондай-ақ тілдің тарихи даму барысында болатын дыбыстық өзгерістерге байланысты бір әріп бірнеше фонеманы, немесе бірнеше әріптердің тіркесі бір фонеманы білдіруі ықтимал.
Дыбыстық тіл мен жазба тілдің ең шағын тұлғалары - фонема мен әріптің арасындағы күрделі қатынас жазу теориясында графема деген жаңа бір ғылыми ұғымның пайда болуына себеп болды. Сонымен, графема деген ұғым дыбыстық тілдің әрі қарай бөлшектенбейтін ең кішкене тұлғасы фонема мен жазба тілдің әрі қарай бөлшектенбейтін ең кішкене тұлғасы әріптің арасындағы қатынастың жиынтығы болып табылады. Басқаша айтқанда, графема дегеніміз таңбаланушы (фонема) мен таңбалаушының (әріптің) бірлігі болып табылады12. Бұл бірлікті былайша көрсетуге болады:
Жоғарыда айтылған инвариант - вариант теориясы тек фонологияда ғана емес, жазу-сызумен де байланысты қарастырыла бастады.
Инвариант-вариант теориясы тұрғысынан ауызша тілдің ең шағын дыбыстық тұлғасы фонема-инвариант, ал оның сөздегі репрезентанттары - тілдің дыбыстар-варианттар болып табылса, жазба тілдің әрі қарай бөлшектеуге келмейтін ең шағын тұлғасы - графема-инвариант, ал оның репрезентант-варианттары әріптер болып табылады. Жазу теориясындағы бұл қағида жазу-сызудың жалпы жүйесін, ішкі құрылымын тереңірек жан-жақты түсінуге негіз болады. Белгілі бір жазуға жалпы баға беру субъективті не болмаса жеке бір фактілердің төңірегінде емес, осындай теориялық негізден шығуға тиіс. Осымен байланысты қазіргі қазақ жазуын фонема-вариант, вариант-дыбыс; графема-инвариант, вариант-әріп тұрғысынан қарастырудың ерекше мәні бар.
Жазу - ауызша тілдің дыбыстық құрылымына табан тіреген жүйе (система) десек, онда сол жүйенің өзіне тән ішкі құрылымы болады. Ал құрылымның өзі тұрақты элементтерден және сол элементтердің өзара қарым-қатынасынан тұрады. Ал жазба тілдің ауызша тілмен өзара байланысты тек сыртқы байланыс емес, мысалы, жазба тіл ауызша тілдің айнаға түскендей көшірмесі болса, бұл сыртқы байланыс қана болар еді. Онда ешбір қиындық та болмас еді, айтыған сөзді сол күйінде бұлжытпастан хатқа түсіруге болады. Ал, шындығында, бұл байланыс - ауызша тілдің де, жазбаша тілдің де ішкі құрылымына, сол құрылымды құрап тұрған элементтердің және олардың өзара ұйымдасқан қарым-қатынасы деңгейінде болатын ішкі құрылымдық байланыс.
Ауызша тілдің дыбыс құрылымындағы мағынаға әсер ететін ең кішкене тұлға-фонема, және осы тұлғаның (единицаның) субстанциясы (материализациялануы), яғни сөз дыбыстары түрінде өмір сүруі; фонемалардың жазба тілде субстанциялануы, яғни таңбалануы (графема), ол таңбалардың билатериалдық сипатта болуы (мазмұны жағынан фонеманы білдіруі, тұрпаты жағынан белгілі бір символ (сурет) түрінде болуы т. б. ауызша тіл мен жазба тілдің байланысын анағұрлым тереңде, атап айтқанда, құрылымдық элементтердің деңгейінде екендігін байқатады.
Қазақ тілі ауызша және жазбаша түрде қызмет етеді. Ал жазбаша тіл болса, әуелде қазақ тілінің дыбыстық құрылымына табан тірей отырып, өзінің жүйесін, құрылымын әрі қарай бекіте түсуге тиіс. Қалай дегенмен де, ауызша тіл тәрізді қазақтың жазба тілінің өзіндік жүйесі бар. Ал бұл жүйенің жақсы (қолдануға оңтайлы, икем, үнемді, бірізді т. б. деген мағынада), я болмаса жаман (қолдануға қиын, икемсіз, бірізділік, үнемділік принцип сақталмаған т. б. деген мағынада) деп бірден баға беруге болмайды. Мұндай тұжырымға келу үшін алдымен, жоғарыда айтылғандай, ауызша тіл мен жазбаша тіл элементтерінің (сөз дыбыстары, фонема, графема, әріп, әліпби) өзара байланысын, қарым-қатынасын ішкі құрылымдық деңгейде қарастыру қажет. Бірақ бұлай қарастырудың өзіндік тәсілдері көп. Біз бұл жерде қазақ жазуының жүйесін «фонема-әріп», басқаша айтқанда, жазба тілде «фонема әріппен таңбаланады» немесе «әріп фонеманы таңбалайды» деген әдеттегі қағидадан басқаша жол ұстандық. Сөйтіп, қазақ жазуының жүйесін «дыбыстарған сөз - фонема - графема - әріп» тұрғысынан қарастыруды мақұл көрдік. Өйткені «фонемадан әріпке» деген қағида бойынша жазудың лингвистикалық мәнін толық ашу мүмкін емес. Бұл қағида бойынша фонеманың өкілі - «әріп» деп танылады. Ал фонема дегеніміздің өзі, бір жағынан, абстракті единица. Олай болса, абстракті единицаны жазбаша қалай таңбалауға болады? Міне, сондықтан жазу жүйесіне талдау жасауда бастау алатын, табан тірейтін негізгі дерегіміз дыбысталған сөз болуға тиіс. Өйткені фонема алдымен сөз дыбыстарында көрінеді. Сөйтіп, абстракті единица сөздегі дыбыс арқылы материалға айналады. Фонема аллофон түрінде белгілі бір дыбыстық құндақта өмір сүреді. Сөз дыбыстары фонемалардың ауызша сөздегі манифистанттары болып табылады. Міне, сондықтан фонема ауызша сөздегі өзінің дыбыстық құндағы арқылы танылады.
Сонымен, дыбысталған сөз сол күйінде бірден хатқа түспейді: алдымен сөздегі дыбыстарды қай фонеманың өкілі (репрезентанты) екенін тани отырып, жазушы акустикалық сигналды оптикалық сигналға көшіреді. Бұл айтылған процесті схема түрінде былай көрсетуге болады.
- Сөз (речь) дыбысталған сөз[с˚′, ү, ұ′, р˚′, ө, т˚′, т˚′, ө, у′]
- Тіл (язык) фонема< сүуреттеу>
- Сөз саптаужазусуреттеу
(речевая деятельность)
Сөйтіп, бұл процестен мынаны байқауға болады: ауызша сөздің ең кішкене единицасы - дыбыс жазба сөздің ең кішкене единицасы - әріп, бір-бірімен тілдің ең кішкене единицасы фонема арқылы байланысып жатады. Осы байланыстар жазуда орфография арқылы реттеліп отырады. Сонда орфография дегеніміз, тар мағынасында, «дыбысталған сөзді (акустикалық сигналды) жазба сөзге (оптикалық сигналға) көшірудің ережесі» болып табылады.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz