Қазақстан тарихы пәнінен дәрістер жинағы


11 лекцияның тақырыбы: ХІХ ғасырдың екінші жартысында Қазақстандық отарлық қанаудың күшеюі.
Жоспары:
- Отарлық басқарудың жаңа заңдарын қабылдау
- Щербина экспедициясының құрылуы және оның қызметі.
- Қазақстандағы өндіріс орындарының пайда бола бастауы.
Лекцияның мақсаты: Отарлық әкімшілік биліктің күшеюін қарастырып оның салдарын анықтау және патшалықтың Қазақстанда өндіріс орындарының дамуындағы мақсаттары мен міндеттерін айқындау. Сабақтың соңында осы сұрақтардың жауабын алуымыз керек.
Лекция мәтіні: Енді І мәселе бойынша әкімшілік-аумақтық реформалар жүзеге асырылғаннан кейін патша өкіметі 1886 жылы 2 маусымда «Түркістан өлкесін басқару туралы Ереже», ал 1891 жылы 25 наурызда «Ақмола, Семей, Жетісу, Орал, Торғай облыстарын басқару туралы Ереже» қабылдады. Бұлар енді уақытша ережелер емес, нақты заң ретінде енгізілді. Жаңадан қабылданған ережелерге сәйкес Қазақ жерінде екі генерал-губернаторлық құрылды: 1. Түркістан генерал-губернаторлығы, орталығы Ташкент болды. Ал оның құрамына Ферғана, Самарқанд және Сырдария облыстары кірді. Облыстар уезге бөлініп, бұрынғы әкімшілік бөлініс жүйесі сақталды. 2. Далалық генерал-губернаторлығы, орталығы Омбыда орналасты. Оның құрамына Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Жетісу (1897ж. Түркістан өлкесіне берілді) облыстары енді. 1890 жылы ақпанда «Закаспий облысын басқару ережесі» құабылданды. Бұл ереже бойынша Закаспий облысына Маңғыстау, Красноводск, Ашхабад, Теджен, Мерв уездері кірді.
1886, 1891 жылдардағы ереже бойынша генерал-губернаторлардың билігі бұрынғысынан да күшейе бастады. Облыс орталықтары Верный, Орал, Омбы, Семейде полицейлік басқармалар құрылды. Ақмола, Көкшетау, Зайсан, Павлодар, Өскемен, Жаркент, Капал, Лепсі, Қостанай сияқты уездік қалаларда полицейлік приставтар енгізілді. Әр шаңырақ салығының мөлшері 4 сомға көтеріліп, салық пен міндеткерліктердің жалпы көлемі 10 сомға жетті. Бүкіл қазақ жері Ресей империясының мемлекеттік меншігі болып жарияланды. Сот және құқықтық жүйе де Ресей заңдары негізінде жұмыс істеді. Сот жүйесінің төменгі буыны «халық соты» (билер соты) өз қызметтерінен айырыла бастады.
Бұрынғыша генерал-губернатордың билігі сақталып, біршама күшейтілді, ол іс жүзінде дара билеушіге айналды. Облыстардың билігі әскери губернаторларға берілді. Жоғары шенеуніктік биліктің осылай құрылуы 20 жыл бойы өзін ақтап, әсіресе жергілікті жерлерде өлкені отарлауды жеңілдеткен едәуір сындарлы басқару жүйесін бекіте түсті. Түркістан генерал-губернаторлығының барлық облыстары арасынан екі облыстың - Сырдария және Жетісу облыстарының Қазақстанға тікелей қатынасы болды. Өткен уақыт ішінде уездерге бөлу принципі сақталып қалды, саны жағынан және олардың шекараларын тарихи-географиялық жағынан межелеуде елеулі өзгерістер болды: Сырдария облысы -5 уезд, оның ішінде Әулие ата уезі - 7800 шақырым, Перовск уезі - 105725, Қазалы уезі - 59550, Шымкент уезі - 91025, Ташкент уезі - 32100 шаршы шақырым, 2 учаскесімен Әмудария бөлімі: Шурухан - 50 500, Шымбай - 32 800 шаршы шақырым болып бөлінді.
Халық саны 800 230 адам, жер көлемі 353 430 шаршы шақырым болатын көршілес Жетісу облысы 6 уезден: Верный, Қапал, Лепсі, Пішпек, Пржевальский және Жаркент уездерінен тұрды. Пржевальский уезі облыстың ең таулы бөлігін - Тянь-Шань сілемдерін алып жатты. Верный, Жаркент және Пішпек уездері де сонда орналасты. Облыстың солтүстік шектері Семей облысымен жанасып, Тарбағатай және Ақшат (Ақшатау) жоталарымен аяқталады.
Ақмола облысы (бас басқармасы орналасқан орны Омбы қаласы) бес уезден: Омбы - көлемі 41048, 9 шаршы шақырым, Петропавл - 60953, 6, Көкшетау - 63688, 7, Атбасар - 114549, 5, Ақмола - 198960, 4; Торғай облысы (облыс орталығы Орынбор қаласында) төрт: Ақтөбе-94500 шаршы шақырым, Николаевск (кейіннен Қостанай) - 938381, Ырғыз - 127360, Торғай - 147500; Семей облысы бес: Семей - 64786, 9 шаршы шақырым, Зайсан - 49751, 8, Қарқаралы - 182430, 6, Павлодар - 403788, 2, Өскемен - 41487, 7; Орал облысы 4: Орал, Калмыков, Гурьев және Темір уездерінен тұрды. 1891 жылғы ереже уезд бастықтарының әкімшілік міндеттерін едәуір кеңейтті.
ІІ мәселеміз Щербина экспедициясының құрылуы және оның қызметі.
ХХ ғасырдың басы Ресей империясында әлеуметтік қайшылықтардың шиеленісуімен, Қазақстанда отарлық саясаттың күшеюімен ерекшеленеді. Отарлық саясат, әсіресе аграрлық салада пәрменді жүргізілді. Өйткені аграрлық мәселе қоныстандыру саясатына тығыз байланысты еді. Қазақ өлкесі бірнеше қоныстандыру аудандарына бөлінді. : Торғай-Орал, Семей, сырдария, Жетісу. Патша өкіметі “Қоныс аудару қорын” құру үшін қазақ өлкесіндегі “артық” жерлерді анықтайтын қоныстандыру басқармаларын құрды. Қоныстандыру басқармалары әрбір қазақ отбасы 15 десятина жер үлесін алуға құқылы деген ереже енгізіп, ал қалған жердің барлығы Мемлекеттік меншік министрлігі басқаратын қоғамдық жер қорына берілетін болды. Мұндай тәртіптер қазқ халқының дәстүрлі мал шаруашылығының күйреуіне әкеп соқтырды. Агроном А. Кауфманның есебі бойынша, мал шаруашылығының қалыпты өмір сүруі үшін, әрбір көшпелі шаруашылыққа, мысалы, Сырдария ауданында 145 десятина жер, ал Жетісуда 110 десятина жер қажет еді.
“Қоныс аудару қорына” қазақтардың жайылым, суат, мал айдау жолдарын, қыстақтарын тартып ала бастады. Сонымен бірге, Қазақ өлкесінде Орынбор, Орал, Сібір, Жетісу казак әскерлері де орналасқан болатын. ХХ ғасырдың басында қазақтардың саны 1 миллион он бір мың адамға жетті және олар 15, 6 миллион гектар ең құнарлы деген жерлерге иелік етті.
Ресей үкіметі қоныс аударушылар үшін “артық” жерлерді анықтау мақсатында арнайы экспедициялар ұйымдастырды. Ф. Щербина экспедициясының алдына қойған мақсаты - ХІХ ғасырдың 90-жылдарынан бастап Ресей үкіметінің қоныстандыру саясатының нысанына айналған қазақ өлкесінің “артық” жерлерін анықтап, қазақ шаруашылығындағы үй-үйді қора басымен есепке тіркеп, жайлау, қыстау, егіндік-шабындық жерлердің көлемін анықтау, қазақтың жер-суын, орман-тоғайын, шөл даласын есепке алу еді. Щербина 1896 жылы іске кірісіп, 5 жыл ішінде Көкшетаудан бастап Ақмола, Семей облыстары мен Ақтөбе, Қостанай уездерін зерттеп шыққан. Щербина есебі отарлау жұмысына зор қызметін тигізе отырып, оның нормасымен зерттеліп шыққан 12 уездегі 100 мыңдай қазаққа 17 миллион десятина қалдырылып, 18 миллион десятинадан астам ауысқан жер “артық жер” ретінде переселен орнатуға кесіліп алыну шарасы нақты дәлелмен көрсетіледі.
Ф. А. Щербина пікірі бойынша, бұл норманың көлемі шамамен 187 десятина жер болып белгіленді. Экспедиция оны мынандай әдіс арқылы шығарды. Біріншіден, қазақтың орта деген үй шаруашылығының өмір сүруіне жеткілікті мал басы саны анықталып (ол жылқы малына шаққанда 24 бас деп алынды), екіншіден, бір бас малды жыл бойы ұстау үшін қажет жайылым көлемі шығарылды (десятина түрінде) . Осы екі көрсеткіштің көбейтіндісі жер нормасын берді.
Экспедиция зерттеуіне іліккен жоғарыда аталған облыстардың 8 уезіндегі қазақтардың иелігіндегі жер көлемі 45 889 000 десятина болған. Щербина есебі бойынша, бұл жердің 23 297 000 десятинасы (51%) қазақтарға қалып, ал қалған 22 592 000 десятинасы (49 %) артық жер есебінде переселен мекемесі қарамағына көшуге тиіс.
Егіншілік министрлігі бұл ұсынысты қарап, 1901 жылғы 5-наурыздағы № 11 жарлығы бойынша қазақтардың жерге мұқтажын “толық өтеу” мақсатында, оларға қалатын жер көлемін 29 121 00 десятинаға (63 %) көтеріп, орта есеппен әр қожалыққа 230 десятинадан жер үлесін белгілейді.
Алайда бұл цифрлар үкіметті қанағаттандырмады. Қазақтың жер пайдалану нормаларын, оларды кеміту жағына қарай қайта қарау туралы және жаңа экспедициялық зерттеу қажеттігі туралы мәселе қойылды. Егіншілік және Мемлекеттік мүлік министрлігі егеншілік депртаментінің директоры Н. А. Крюков қазақтарды жерге орналастыру туралы мәселе жөніндегі кеңесте Дала өлкесіндегі зерттеулердің қандайына болсын, жалпы земство статистиктеріне қарсы шықты, мұнысын “көшпелі тұрмыс жойылуға тиіс және барлық көшпелілер жер иеліктерінің белгілі бір шекарасына ығыстырылуға тиіс”, өйткені “көшпелі тұрмыс, басқаша айтқанда, ешнәрсеге қысым жасамайтын кезбелік” деп дәлелдейді. Ақмола, Семей облыстарында, Торғай-Орал қоныс-аудару ауданында, жекеленген уездерде бірнеше экспедиция ұйымдастырылды. Бұл эксредиция материалдарында Ф. В. Щербина экспедицияларының жер нормалары асыра көрсетілген, көшпелі қазақтарға үлкен кеңістіктің керегі жоқ, өйткені олар жер-жерде отырықшылық пен егіншілікке көшіп жатыр деген тұжырым жасалды. Қорыта келгенде, егер Ф. А. Щербина экспедициясының деректері бойынша қазақ шаруашылықтары үшін аймаққа және басқа жағдайларға қарай жер пайдаланудың ең төмен нормасы 110-209 десятина болса, 1904-1908 жылдардағы қайта ұйымдастырылған экспедицияның деректері бойынша олар тиісінше 70-125 десятина және 119-219 десятина болды. Сөйтіп, 36-40 %-дан 36-57 %-ға дейін төмендетілді. Бірнеше жыл бойы Қазақстанның бүкіл аумағы бес қоныс аудару округіне Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Жетісу, сырдария округтеріне бөлінді. Ауданды меңгеруші басқарды, ал ішінара генерал-губернатор арқылы жергілікті әкімшілікке, ал көп дәрежеде егіншілік және мемлекеттік меншік министрлігінің ⅛ жерге орналастыру және егіншілік басқармасына бағынды.
Төңкерістен кейін Щербина нормасын қайта пішіп, қайта артық жер табуға, тәртіпке үйлестіріп, нұсқау беріліп, 1907-1911 жылдар аралығында шығысқа Кузнецов, батысқа переселен мекемесінің санағы шықты. Переселен төрелері санағында, 1 үйге 12 қарадан артық мал керек емес деп шешті.
Ақтөбе, Өскемен сияқты бұрын 18 қараға (Щербина санағымен) кескен жерге ие болып отырған қазақтар 18-ді Кузнецов 12-ге түсірген соң, қолындағы жерінің ⅛-ін кузнецовқа береді. 1906 жылы “артық жер” таусылған Көкшетауды Кузнецов 1907 жылы қайта санап, бұрынғы норманы қайта пішіп 1 774 409 десятина, бір миллион 774 мың 500 десятина артық жер тауып алды. Бұған 100 мыңнан аса мұжықты орналастырды. Осы соңғы санақтар тек малдың санын кемітпеді, басқа жақтардан да қазақтарды алдап ұтты. Бұрын Щербина жайлаулық төмен жерлерді қыстаулықтан 3-есе артық кессе, соңғы санақ 3 есені жойды. Мөлшерді 15-26% кем пішті.
Патшалық Ресейдің ішкі губернияларындағы халқының бір бөлігін империяның шеткері аймақтарына, оның ішінде Қазақстанға әкеліп орналастыруы бұл елдің ішкі, сыртқы саясатымен тығыз байланысты болды.
Қоныс аудару қозғалысының түпкі мақсаты әскери отарлаудан кейін қазақ жерін экономикалық, саяси, мәдени және этникалық тұрғыдан қайта жаулау, сол арқылы қазақ даласын Ресей империясы аумағының табиғи жалғасына айналдыру. Мұнан қазақ жерін отарлаудың басқа да мақсаттары, олардың ішінде империяның геосаяси міндеттері, сыртқы шекарасын бекіту, халықты біркелкі орналастыру мәселелері туындайды.
Патша өкіметінің қазақ жеріне қоныс аударуының негізгі себептерінің бірі өлкені мәңгі бодан ел ретінде ұстап тұруға, жергілікті тұрғындардың этникалық бірегейлігін жойып, оларды орыстандыруға, қазақ жерін шикізат көзі ретінде пайдалануға тырысушылығы.
Орыс мұжықтарының қазақ даласын отарлауын үш кезеңге бөлу қажет: бірінші кезең (1868-1890 жылдар) - славяндардың ресми рұхсатсыз қазақ жеріне көшіп келе бастауы; екінші кезең (1891-1905 жылдар) - қоныс аударушылықтың заңи және құқықтық негізінің қалануы және бұл процестің үкімет тарапынан қолдау табуы; үшінші кезең (1906-1917 жылдар) - қоныстандырудың кең көлемде және жедел қарқынмен жүргізілуі, оның отарлаушылық сипат алуы, келімсектердің экономикалық, саяси үстемдігінің қамтамасыз етілуі.
Алғашқы кезеңде қазақ жерін отарлау екі бағытта жүрді, бір толқыны солтүстік өңір арқылы, екінші толқыны оңтүстік Оралдан Жайық өзені және оның сағалары бойында жасалады. Дегенмен патша өкіметі солтүстік бағытқа көбірек көніл аударғаны, тиісінше Қазақстанның осы бөлігінің отарлауға ертерек ұшырады.
Өлкені отарлаудың жалпы мақсаты бір болғанымен, оның жеке бөліктерін отарлау сол жердің географиялық, стратегиялық жағдайына, халқының тығыздығына, жол қатынасына, жергілікті тұрғындардың отаршыларға қарсылығына секілді факторларға байланысты болды.
Көшпелілер шаруашылығының қажетінен “артық” жер табу мақсатында “Далалық Ереженің” 120-бабына сай “артық” жерлер туралы ескертуді талдай келіп, отарлық саясаттың үш бағытта болды деп есептейміз. Олар: 1) орыс шаруаларын қазақ жеріне қоныс аударуға жол ашатын “ерекше ережелерді” қабылдау; 2) қазақ даласына басы “артық жерлерді” анықтау мақсатында статистикалық экспедициялар ұйымдастыру және қазақтардың көшпенді шаруашылықтары үшін жер “нормасын” “ғылыми” негіздеу; 3) қоныстандыру қорын құру.
Патша үкіметінің пікірі бойынша бұл шаралардың жүзеге асырылуы жергілікті тұрғындарға еш зиян келтірмеді, тек қана бос жатқан өңірлерді шаруашылық айналымға қосу қажеттілігі, егіншілік географиясының кеңеюі деген тұжырымдар жасалды.
Орал, Торғай, Жетісу, Сырдария, Ақмола облысына қоныс аударғандардың саны, бұл процестің барысы, динамикасы, жаңа жерлерді ізедстіру жұмыстары, олардың егіншілікке жарамдылығын анықтау секілді мәселелерге көп көңіл аударылды. Алайда қазақтардың пайдалануындағы барлығы 45 млн. десятинадан астам сулы, нулы жерді тартып аларда қазақ, өзбек т. б. мұсылман халықтары арасында жер мәселесі заңмен реттелмейді, сондықтан да олардың мекендеп отырған жерге құқы жоқ деуінен отарлық саясатты анық көруге болады. .
Иммигранттарды орналастыру патша өкіметі саясатының мына принциптерін басшылыққа ала отырып іске асыру көзеледі: 1) казактардың тұрғылықты мекендерін өлкенің экономикалық дамуы тұрғысынан емес, оның халқын бағынышта ұстау мүддесі бойынша орналастыру; 2) казак станицалары қоныс аударған орыс мұжықтарының жерлерімен қосылып, отырықшы мекендердің түгелдей бір жүйе құруын қамтамасыз еті; 3) орыс, украин, белорус шаруаларының этникалық бірлігін сақтау, олардың жергілікті тұрғындарға сіңісіп, шашырап кетпеуін көздеу, 4) орыс мұжықтарын қазақтар арасына шоғырландыра орналастыру.
Қазақ жерінің “мемлекет меншігі” дегенге сүйене отырып, қоныс аудару қорына қаншалықты жер алынса да, оның “заңды” екендігін негіздеп отырды. Сонымен бірге қазақтардың мүддесін қорғауға үкіметтің тиісті шаралар қолданып отырғандығы айтылып, қазақ жерін тонаушылық жоққа шығарылады.
Қоныс аудару қозғалысының зардаптары, жерінен айырылып, шөлді-шөлейтті өңірлерге қоныс аударуға мәжбүр болған қазақтардың қайыршылануы, дәстүрлі қазақ шаруашылығының терең дағдарысқа ұшырауы болып табылады. Қазақстандағы аграрлық-отарлық мәселе этникалық сипатта емес, таптық құбылыс деп табылды, қазақтардың қанаушылыққа ұшырауына қарамастан қоныс аудару қозғалысы патша өкіметінің игілікті ықпалы ретінде қаралды.
Шөлді-шөлейтті аудандарға ығыстырылған қазақтардың отырықшылық өмір салтына көшіп, егіншілікпен айналысуының мүмкін еместігі алға тартылды; отырықшылықты қоғамдық дамуға мүмкіндік беретін бірден-бір өмір салты ретінде есептеу көшпелілердің мүддесін мүлдем теріске шығарады делінеді. Көшпелілерді жаппай отырықшылыққа көшіру идеясы қоныс аудару қорына “артық” жер табуды көздегенін, оның нәтижесінде өлкені басқару да, оны отарлау және мемлекеттік-әкімшілік тәсілдер, әлеуметтік-экономикалық тетіктер арқылы игеру жеңілдейтіндігін алдын ала жоспарлап отырды. .
Халықты жер-суынан айыру, оның этникалық бірегейлігіне қарсы шаралардың жүзеге асырылуы отарлаудың ең ауыр формасына жатады.
Бөтен жұртшылықтың лек-легімен келіп орналасуының салдарынан қазақ еліндегі демографиялық ахуалдың күрделенуі, жергілікті тұрғындардың өмір сүру кеңістігінің тарылып, дәстүрлі қоғамының тоқырауға ұшырауы, бұл процестердің қазақ халқының рухани өміріне, тілі мен дініне әсері осы уақытта да көрініс тауып отыр.
Отарлау саясатының салдарлары ретінде мына жағдайларды айтуға болады:
- қазақ даласының неғұрлым құнарлы жерлері, су көздері қазақтардың
шаруашылығынан алынып, көшіп келген орыс шаруалары, көпестері мен дворяндарына берілді;
- дәстүрлі қазақ шаруашылығының ерекшеліктерінен туындайтын мұң-
мұқтаждарының ескерілмеуі нәтижесінде көші-қон жүйесі бұзылды, мал шаруашылығы дағдарысқа ұшырады;
- қазақ ауылдарының ата-мекендерінен бір емес, бірнеше рет қоныс
аударулары, ондағы құрылыстардың жойылуы, суландыру жүйелерін орыс мұжықтарының иеленуі, ақырында қазақтардың шөлді-шөлейтті өңірлерді ғана паналауын жергілікті халықтың апатты жағдайға ұшырауына әкелді;
- қазақтар орташыл әкімшіліктің қолдауына сүйенген орыс мұжықтары
мен шенеуніктерінің қуғындауы мен зорлық-зомбылығы жағдайында өмір сүрді; бейбіт ауылдар казак-орыстардың, патша өкіметінің «жазалдаушы отрядтарының» шапқын-шылықтарын бастан кешіріп отырды. Жер үшін күрескен қазақтар аяусыз жазаланып, Сібірге айдалды;
- күнкөріс көзінен айрылған қазақтардың көпшілігі қайыршыланып, орыс тұрақтарына барып жалшы болуға мәжбүр болды
3. Қазақстандағы өндіріс орындарының пайда бола бастауы .
ХІХ ғасырдың ІІ жартысынан бастап Қазақ жеріне Ресей капиталы белсенді түрде ене бастады. Оның негізгі мақсаты аймақтағы пайдалы қазба байлықтың мол қоры мен ауыл шаруашылық шикізаттарының арзан көзіне ие болуы еді. Ресей капиталы үшін бұл аймақ өте тиімді әрі қолайлы рыноққа айналды: жер қойнауының байлығы, жердің арзандығы, жергілікті халықтан жалға немесе арзан бағаға сатып алу, арзан жұмыс күші т. б. Мысалы, патша әкімшілігі орыс өнеркәсіп иелеріне Жезқазғандағы мыс кенішін бар болғаны 100 сомға, Саран көмір кенішін 114 сомға сатқан, Тау-кен өнеркәсібі негізінен Ақмола, Семей облыстарында, Баянауыл, Қарқаралы, Ақмола уездерінде және Алтай аймағында дами бастады. Мұнда мыс, күміс, қорғасын, көмір және алтын өндіретін кеніштер шоғырланды.
Мыс қорыту, күміс қорғасын кен орындарының негізгі бөлігі орыстың ірі өнеркәсіп иесі С. Поповтың меншігінде болды. Зауыттар өте ескі техникамен жабдықталды, негізінен қол еңбегін пайдаланды. Оның ішінде әйелдер мен балалар еңбегін пайдалану да кең тарады. Оған қоса меншік иесі С. Попов өзінің 20 жылдық жеңілдік уақыты бітпей тұрып зауыттарын жауып тастады да, жаныан жаңадан ашты. Сөйтіп, ол тағы 20 жылға жеңілдік алды. 1852 жылы орыс көпесі Ушаков Екатеринбургте өнеркәсіп компаниясын құрды. Оған Зотов, Рязанов, Севастьянов сияқты өнеркәсіп иелері кірді. Сол жылы олар 86 сомға Далабай Тоқтамысовтан Ақмола уезіндегі мыс кен орнын, ал 1856 жылы Игілік Өтеповтан 250 сомға Қарағанды көмір кен орнын сатып алған . Осы кен орындарының негізінде 1863 жылы компания Спасск мыс зауытын салды . Онда орта есеппен жылына 250 сомға бағаланатын 30 мың пұт мыс балқытылған. Спасск зауыты мыс балқыту бойынша Ресейдің жекеменшік зауыттары арасында Нижнетагил зауытынан кейін екінші орын алды. Оның өнімдері Екатеринбург пен Петербургтегі акша сарайларына, сондай-ақ Нижегород жәрмеңкесіне апарылып отырған.
1884 жылы С. Попов «Күміс өндіру серіктігін», 1885 жылы «Далалық тас көмір» қоғамын құрады. Жұмысшыларының саны 300 ден 500 дейін жеткен ірі деген кәсіпорындарға: Спасск мыс зауыты, Успенск кеніші, Қарағанды көмір кенші. Екібастұс және Риддер кәсіпорындары кірді . Орыс кәсіпкерлерінің қаражаты жетіспеген жағдайда, үкімет шетел капиталын да тарта бастады. 1904 жылы шетел кәсіпкерлері Спасск- Воскресенск, Успен мыс кен орындарын, Спасск мыс қорыту зауытын , Қарағанды таскөмір шахтасын арендаға алған. Бұл кәсіпорындардың қомақты бөлігі ағылшын-француз кәсіпкерлеріне тиісті еді. Ал қатардағы акционерлер Америка, Германия, Швеция, Австралия және басқа елдердің қаржыгерлері болды. 1906 жылы Лондонда «Атбасар мыс кеніштері» акционерлік қоғамы құрылған. 1907ж. Ағылшындар Жезқазған мыс кен орнын да жалға алады. Сол сияқты Риддер мен Екібастұз кәсіпорындары да шетелдік капитал негізінде жұмыс істеді.
Маңызды өнеркәсіптің бірі тұз өнеркәсібі болды. Тұз өнеркәсіптерінің орталықтары Елтон, Басқұншақ, Елек, Коряков кәсіпшіліктері болды. Тек Басқұншақ кәсіпорны ғана 1880 жылы 2 миллион 800 мың пұт тұз өндірген.
Бұл кезеңде экономикада балық кәсіпшілік маңызды болды. ХІХғ. Аяғында Каспийде 150-ден астам балық өндіретін кәсіпорын жұмыс істеген. Сонымен бірге балық өңдеу зауыттары ашыла бастады. Тұрақты балық аулау кәсіпшілігі Орал, Іле, Шу, Сырдария өзендерінде, Арал теңізі мен Балқаш, Зайсан көлдерінде жүргізілді.
ХІХ ғасырдың соңында Қазақстанда ауылшаруашылық шикізатын өңдейтін шағын кәсіпорындар жұмыс істеді. Ондай кәсіпорындарға Орынбор, Орал, Петропавл, Семей, Ақмола сияқты т. б. қалалалардағы ұн тартатын, май шайқайтын, сабын жасайтын, тоң май шығаратын, тері өңдейтін, мал соятын орындар жатты. Олар алғашында шикі кірпіштен немесе ағаштан жасалынған кішігірім үйлерде жұмыс істеді.
1882 жылы Шымкентте сантонин зауыты іске қосылды. Бұл өндіріс орнының өнімін Англия, Америка, Германия, Үндістан мен Жапония сияқты елдерге экспортқа шығарып отырған. Шымкент пен Түркістанда мақта тазалайтын зауыттар, Верныйда екі темекі кәсіпорны жұмыс істеді.
Сол тарихи кезеңде көлік, пошта, қатынасы да дами бастады. 1880 жылдан бастап Ертіс, Балқаш, Іледе тұрақты кеме қатынасын жолға қою әрекеті жасалды. 1874-1876 жылдары Орынбор теміржолы салынды . Самара-Орынбор жолы Торғай, Орынбор облыстарын Ресейдің орталық аудандарымен байланыстырды. Теміржол жүйесінде Транссібір магистралінің де маңызы зор болды.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz