Aғылшын және қазақ тілдеріндегі фразеологиялық теңеулердің ұлттық мәдени сипаты


Пән: Тілтану, Филология
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 33 бет
Таңдаулыға:   

ӘОЖ 81’367:81’23:[811. 111+811. 512. 112 Қолжазба құқығында

АҒАБЕКОВА БАЛЖАН НҰРТАЗАҚЫЗЫ

Aғылшын және қазақ тілдеріндегі фразеологиялық теңеулердің ұлттық мәдени сипаты

10. 02. 20 - салыстырмалы-тарихи, типологиялық және

салғастырмалы тіл білімі

Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның

авторефераты

Қазақстан Республикасы

Алматы, 2010

Жұмыс Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің роман-герман тілдері және аударма кафедрасында орындалды.

Ғылыми жетекші: филология ғылымдарының кандидаты,

профессор М. Т. Сабитова

Ресми оппоненттер: филология ғылымдарының докторы,

профессор Қ. Т. Рысалды

филология ғылымдарының кандидаты,

доцент Б. С. Жұмагулова

Жетекші ұйым: аль-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық

университеті

Диссертация сағат Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті жанындағы 10. 02. 20 - салыстырмалы-тарихи, типологиялық және салғастырмалы тіл білімі мамандығы бойынша филология ғылымдарының докторы (кандидаты) ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д14. 14. 01 Диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады (050022, Алматы қаласы, Мұратбаев көшесі, 200) .

Диссертациямен Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің ғылыми кітапханасында танысуға болады.

Автореферат жылы таратылды.

Диссертациялық кеңестің

ғылыми хатшысы филология

ғылымдарының докторы, доцент Д. Д. Шайбакова

Кіріспе

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Соңғы жылдары тіл білімінде қазақ тілін генетикалық және типологиялық жағынан туыстығы жоқ тілдермен салыстыра-салғастыра зерттеу мәселесі кеңінен өріс алып келеді.

ХХ ғасырдың соңғы жылдары дами бастаған тіл білімінің антропологиялық парадигмаға көшу үрдісі "адам-тіл-мәдениет" және "адам-тіл-ойлау" үштігіне сүйенетін гуманитарлық зерттеулердің жаңа бағыттарына жол ашты. Бұған дейінгі салыстырмалы-салғастырмалы түрде жүргізілген зерттеу жұмыстары құрылымдық-мағыналық бағытта ғана қарастырылып келсе, бүгінгі таңда антропоцентристік бағыттағы уақыт көшінде әртүрлі тілдерді салыстыра-салғастыра зерттеу ерекше қызығушылық танытуда. Тілді, тілдік бірліктерді адами факторлармен, адами құндылықтармен бірлікте қарастыру қазіргі тіл білімінің алға тартып отырған басты бағыттарының бірі. Бүгінгі күні адами факторларға ерекше мән беріп, тіл иесінің тілдік бірліктерді дұрыс, ұтымды қолдану, мән-мағыналарын терең түсіну мәселесі ғылыми еңбектерде жиі көтерілуде. Осындай зерттеу жұмыстарында ұлттық құндылықтарға қатысты мәдени деректерге көп көңіл бөлініп, тіл тек тұлғалық (формалық) жағынан ғана емес, сонымен қатар ол мағыналық, ұғымдық, мәдени-концептілік тұрғыдан жиі қарастырылып, талданатын болды. Тілді ұлттың тарихымен, мәдениетімен, рухани қазынасымен, яғни дүниетанымымен тығыз қарым-қатынаста, бірлікте алып қарастырылған жағдайда ғана ұлттық тілдің табиғатын шынайы танып білуге жол ашылады.

Ұлт мәдениетінің қай түрінде болмасын, онда сол ұлттың бүкіл таным болмысы мен тұрмыс-тіршілік суреті сақталған. Белгілі бір ұлттың тарихынан, мәдениетінен, таным болмысынан, тұрмыс-тіршілігінен хабардар ететін тілдік бірліктерге ең алдымен тілдегі фразеологизмдер, мақал-мәтелдер, нақыл сөздер жатады, себебі бұл тілдік бірліктер белгілі бір ұлттың өзге ұлттардан менталдық айырмашылығын көрсететін, салт-дәстүр ерекшеліктерін білдіретін ұлттық өмір көріністерінің айнасы болып табылады.

Біздің елімізде қазақ тілі мен орыс тілін салғастыра зерттеуге арналған еңбектер құрылымы әр түрлі тілдерді салыстыра-салғастыра зерттеудің үлгісі болды. Қазіргі Қазақстан тіл білімінде енді-енді ғана бой көтеріп, кейінгі жылдары ғана тұсауы кесілген саланың бірі-қазақ және герман тілдерінің фразеологизмдерін кешенді түрде тіл біліміндегі жаңа бағыттардың ұстанымдарына сүйене отырып зерттеу. Түркі-герман, оның ішінде, қазақ және ағылшын тілдерін салыстыра-салғастыра зерттеу кейінгі уақытта ғана қолға алына бастағандықтан, әлі де болса шешімін таппаған талай мәселелер, міндеттер баршылық. Осындай тың, қиын, өзекті мәселелердің бірі-қазақ және ағылшын тілдеріндегі фразеологиялық теңеулердің кешенді түрде лингвомәдени және лингвокогнитивтік тұрғыдан салғастыра зерттелуі.

Зерттеу жұмысының өзектілігі. Қандай да бір тіл болмасын оның фразеологиялық қоры ұлт мәдениетін, менталитетін, ұлттың психологиясын барынша қамтиды. Қазақ және ағылшын тілдерінің фразеологиялық теңеулерін жүйелеп, салыстырмалы-салғастырмалы талдау жүргізіп, баяндау арқылы осы ерекшеліктерді анықтауға деген қызығушылық тудырады. Діні, мәдениеті, тарихы, әлеуметтік және саяси даму жолдары бөлек ағылшын және қазақ халықтары тілдеріндегі фразеологиялық теңеулерді салыстыра-салғастыра зерттеу арқылы олардың бойындағы ұлттық-мәдени ерекшеліктерін айқындау, ортақ айшықтарын табу, теңеулердің жасалуына негіз болған уәждерді ашып көрсету, мағына қалыптасу жолдарындағы ерекшеліктерін анықтау осы жұмыстың өзектілігін айқындайды. Екі тілдегі фразеологиялық теңеулерге салыстырмалы-салғастырмалы талдау қандай да бір мәдениеттану зерттеулер сияқты тарихпен, дәстүрмен, салғастырылып отырған лингвомәдени қауымдастықтардың өмір салтының ерекшелігімен танысуды тереңдету, сонымен қатар мәдениетаралық қарым-қатынас барысында әр ұлттың ерекшелігін, менталитетін, олардың бір-бірін түсінушілік, ізгіниеттілік пен толеранттылыққа болжау мүмкіндігі де зерттеудің өзектілігін айқындай түседі. Зерттеуде қазақ және ағылшын тілдеріндегі фразеологиялық теңеулер лингвомәдени және лингвокогнитивтік тұрғыдан алғаш рет қарастырылуы да осы жұмыстың өзектілігіне жатады.

Зерттеу нысаны. Ағылшын және қазақ тілдік қорындағы ішкі формаларында ұлттық-мәдени ерекшеліктері сақталған фразеологиялық теңеулер.

Зерттеу пәні. Туыстығы жоқ ағылшын және қазақ тілдеріндегі фразеологиялық теңеулерді лингвомәдениеттану және лингвокогнитивтік тұрғыларынан салыстыра-салғастыра талдап зерттеу.

Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Мәдениет пен тілді өзара біртұтас бірлікте қарастыра және ұлттық мәдени деректерге сүйене отырып, туыс емес ағылшын және қазақ тілдеріндегі фразеологиялық теңеулерге әр түрлі мәдениет негізінде салыстыра-салғастыра лингвомәдени және лингвокогнитивтік сараптама жасау арқылы олардың мағына қалыптасуы мен концептілік құрылымындағы ұқсастықтары мен айырмашылықтарын анықтау. Осы мақсатқа жету үшін төмендегідей міндеттерді жүзеге асыру көзделеді:

• тіл мен этнос мәдениетінің сабақтастығы негізінде қалыптасқан лингвомәдениеттанудың теориялық негіздері мен әдіснамалық ұстанымдарын сипаттау;

• когнитивті лингвистиканың, лингвомәдениеттанудың "концепт" ұғымының құрылымын (ойсурет, схема, фрейм, сценарий, логикалық-ұғымдық) ұлттық мәдени реңктегі фразеологиялық теңеулерді салыстыра-салғастыра талдап, олардың ұқсастықтары мен айырмашылықтарын айқындау;

• екі тілдің фразеологиялық теңеулеріндегі теңеу бейнесі негізін құрайтын компоненттерді тауып, оларға лингвомәдени тұрғыдан сараптама жасау;

• ағылшын және қазақ тілдеріндегі фразеологиялық теңеулердің уәждемелік жігін ашу арқылы екі халық мәдениетінің, ұлттық сананың ұқсастықтары мен ерекшеліктерін көрсету;

• ағылшын және қазақ тілдеріндегі фразеологиялық теңеулерді когнитивті лингвистиканың ұстанымдарына сүйене отырып талдап, оларды "жағымды" және "жағымсыз" концептілерге бөліп қарау. "Жағымды", "жағымсыз" оппозициялық концептілердің аймағын анықтап, екі халықтың дүниетанымында маңызды орын алатын микроконцептілерге салыстырмалы-салғастырмалы лингвомәдени сараптама негізінде олардың ішкі ұлттық мәдени маңызын ашу.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Зерттеудің нәтижесінде мынадай мәселелер ғылыми жаңалық ретінде шешімін тапты:

• Құрылымы әр түрлі ағылшын және қазақ тілдеріндегі фразеологиялық теңеулер алғаш рет когнитивтік және лингвомәдениеттану тұрғысынан салыстыра-салғастыра қаралды;

• "Адам" макроконцептісіне жататын фразеологиялық теңеулер "жағымды"-"жағымсыз" оппозициялық микроконцептілерге бөлініп қарастырылып, олардың мағына қалыптасуындағы ерекшеліктері анықталды;

• ағылшын және қазақ тілдеріндегі фразеологиялық теңеулер уәжі, этимологиясы, ішкі формасына сүйене отырып кешенді түрде зерттелді;

• алғаш рет ағылшын және қазақ халықтарының ұлттық дүниетанымының фразеологиялық теңеулерде көрініс тапқан басты танымдық концептілер аймағы, олардың фразеологиялық теңеулердегі көрініс-мазмұны айқындалып, лингвомәдени қырлары сарапталды.

• ағылшын және қазақ тілдеріндегі фразеологиялық теңеулер бойындағы мәденитанымдық сипат тұңғыш рет когнитивтік әдіс-тәсілдермен анықталды. Олардың мән-мағынасына концептуалдық талдау жасалып, мағыналық құрылымы айқындалды.

• екі тілдегі фразеологиялық теңеулердің тілдік көлемі айқындалып, тақырыптық жағынан жүйеленіп, ретке келтірілді.

Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар.

• Фразеологиялық теңеулерде ұлттық тілдік бейне таным категориясымен тығыз байланыста болғандықтан, ол таным, сана, ойлау категорияларымен байланыста қарастырылуы керек. Шындық болмыс ойлау арқылы жүзеге асады, ал тіл оның бейнелеу құралдарының бірі.

• Ағылшын және қазақ тілдеріндегі фразеологиялық теңеулердің пайда болу көздері әр халықтың тарихымен, заттық және рухани мәдениетімен, өмір-тіршілігімен тығыз байланысты болғандықтан, олардың мағынасының лингвомәдени және когнитивтік тұрғыдан талдау арқылы тарихи-этимологиялық көздерін ашуға болады. Тіл мен мәдениет өзара тығыз байланыстағы бірін-бірі толықтырар біртұтас жүйе.

• Фразеологиялық теңеулерде әлемнің тілдік бейнесі антропоцентристік ұстаным негізінде құралады. Адам қоршаған ортаны өзі арқылы, өзіне таныс заттар мен құбылыстар арқылы ғана бағалап, танып біледі. Фразеологиялық теңеулер әр тілде өзіндік ұлттық нақышпен бейнеленіп, ұлттық дүниетаным ерекшеліктерін көрсетеді.

• Әр ұлттың концептілер жүйесін дүниетаным құндылықтары құрайды. Әр тілдегі фразеологиялық теңеулердің мағына қалыптасу ерекшеліктері оларды концептілік жағынан топтастыруға мүмкіндік береді.

• Фразеологиялық теңеулердегі жеке көріністер тек сол тілге ғана тән ерекшеліктермен сипатталып, ұлттық нақышпен бейнеленеді. Олардың лингвомәдени сипатын ашу ұлттық дүниетанымның сыры мен ерекшеліктерін танып білуге септігін тигізеді. Құрамындағы ұлттық-мәдени компоненттер фразеологиялық теңеулердің ұлттық-мәдени сипатын ашады.

• Ағылшын және қазақ тілдеріндегі фразеологиялық теңеулер уәжділігі әр түрлі деңгейде көрініс табады. Фразеологиялық теңеулер екі тілдің де лексика-фразеологиялық қорының мәнді, мағыналы және жүйелі қабатын құрай отырып, ұлт болмысының құндылықтары мен ерекшеліктерін жан-жақты сипаттайды.

Зерттеудің теориялық маңызы. Салыстырмалы-салғастырмалы лингвомәдени сараптама өзгенікін біліп, өзіңдікін дұрыс бағалап, тереңіне бойлауға жол ашады. Кейінгі кезде тіл білімінің шектес теориялық ғылымдар тоғысуындағы пайда болған бағыттарына орай, фразеологиялық теңеулерді лингвомәдениеттану және когнитивтік тұрғыдан сипаттау оны этностық дүниетанымның ажырамас бөлігі мен көрінісі ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Зерттеудің нәтижелері мен пайымдаулары тіл теориясындағы салыстырмалы-салғастырмалы лингвомәдениеттану және когнитивтік лингвистика теорияларын нақтылай түсуге, мәселелерін айқындауға өз деңгейіне сәйкес үлесін қосады. Сонымен қатар қазақ және герман тілдерінің салыстырмалы-салғастырмалы фразеологиясының тіл білімінің бір саласы ретінде қалыптасуына септігін тигізеді.

Зерттеудің практикалық құндылығы. Зерттеудің барысында қол жеткен нәтижелер мен тұжырымдарды этнос тарихын, этникалық дүниетанымды тіл арқылы тануға арналған лингвомәдениеттану, когнитивтік лингвистика, лингвоелтану, этнолингвистика, мәдениетаралық қарым-қатынас теориясы, салыстырмалы фразеология бойынша арнайы курстарда, семинарларда теориялық және практикалық материал ретінде пайдалануға болады. Зерттеуде талдау жасалған тілдік деректерді әр түрлі түсіндірме және тақырыптық екі тілді сөздіктер құрастыруда, ағылшын тілін практикалық тұрғыдан оқытуда қосымша материал ретінде қолдануға болады.

Зерттеудің методологиялық және теориялық негіздері. Жұмыстың ғылыми теориялық негізі ретінде жалпы тіл біліміндегі, салыстырмалы-салғастырмалы тіл ғылымындағы, лингвомәдениеттану мен когнитивтік лингвистика мәселелеріне арналған, сондай-ақ қазақ, орыс, неміс, ағылшын тілдеріндегі фразеологиялық теңеулер зерттелген ғылыми еңбектерге жүгіндік. Тіл мен мәдениет арақатынасы мәселелерін зерттеу барысында В. фон Гумбольдт, Ф. де Сосюр, Л. Вайсгербер, А. А. Потебня, И. Н. Телия, В. А. Маслова, Ю. С. Степанов, А. Толстой т. б. және қазақстандық ғалымдар Ә. Т. Қайдар, Р. Сыздық, Е. Жанұзақов, Ж. Манкеева, Г. Н. Смагулова, А. И. Ислам, К. К. Дүйсекова, Г. И. Исина т. б. ғалымдардың ғылыми еңбектері басшылыққа алынып, тілдің ұлттық мәдениет көрсеткіші екендігі теориялық тұрғыдан негізделеді.

Тіл білімінің салыстырмалы-салғастырмалы фразеология саласы бойынша ғылыми тұжырымдар жасап, дәлелдеп, негізін қалаған А. Д. Райхштейн, М. М. Копыленко, Э. М. Солодухо, З. Қ. Ахметжанова, С. Е. Исабеков, Д. Добровольский, М. Т. Сабитова т. б. зерттеулеріндегі негізгі тұжырымдарды бағдар етіп, екі тілдің фразеологиялық теңеулерінің жасалуында, мағына қалыптасуында және концептілік құралымындағы ұқсастықтары мен айырмашылық дәрежелері анықталады.

Фразеологиялық теңеулерді әр тілде арнайы зерттеген Т. Қоңыров, Г. Исина, Г. Қарбозова, В. Огольцев, Е. Ройзензон, Э. Бабаев, Р. Глазырин, М. Черемисина, З. Божеева т. б. ғалымдардың еңбектері жұмыстың теориялық негіздерінің бірі етіп алынды.

Зерттеудің әдістері. Диссертациялық жұмыста алға қойылған мақсат пен міндеттерге байланысты сипаттамалық-синхрондық, салыстырмалы-диахрондық, лингвомәдени және когнитивтік мағыналық талдау, әдістері пайдаланылды.

Зерттеудің дереккөздері. Зерттеу материалы мен зерттеудің дерек- көздері ретінде жалпы іріктеу негізінде жинақталған қазақ және ағылшын тілдеріндегі фразеологиялық теңеулер пайдаланылды. Зерттеу жұмысымызға 8 томдық "Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі" (1974-1986) , "Қазақ тілінің сөздігі" (1999), "Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі" (І. Кеңесбаев, 1977), "Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі" (1966), "Бір мың әсерлі де бейнелі орам" (Ә. Қайдар, 2003), "Қазақ тілінің тұрақты теңеулері сөздігі" (Т. Қоңыров, 1990), "Лингвострановедческий словарь. Великобритания" (Л. Колесников и др. 1978), "Словарь живых идиом американского английского языка" (М. Карпова, 2004), "Англо-русский фразеологический словарь" (А. Кунин, 1984), "Новый большой англо-русский словарь" (в 3-х томах. Под. общ. ред. Ю. Апресяна, 2000), "Русско-английский фразеологический словарь "(Д. Квеселевич, 2000), Oxford Compact English Dictionary over 145000 words, phrases and definitions edited by Catherine Jeans. - Oxford University press 2000, "A Dictionary of English Idioms" (B. Herderson, 1954), "The Penguin Dictionary of English Idioms" (Daphne M. и др., 2001), Ammer C. The American Heritage dictionary of idioms. Houghton Mifflin Company. Boston. New York, 1997, Ayto J. Dictionary of World Origins London, Bloomsbury Publishing Dictionary, 1999. т. б. сөздіктер мен жинақтардан қазақ және ағылшын тілдерінен 1750 (900-қазақ тілінде, 850-ағылшын тілінде) фразеологиялық теңеулер жинақталып, талдауға түсті.

Зерттеу жұмысының жариялануы мен мақұлдануы. Зерттеу жұмысының негізгі тұжырымдары мен нәтижелері «Мемлекеттік тілдің дамуындағы жаңа үрдістер» атты Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясында (Шымкент, 2007), «Мировые цивилизации и Казахстан» атты Халықаралық ғылыми конференциясында (Алматы, 2007), Қазақ тіл білімі мен түркітану мәселелері» атты Халықаралық ғылыми-теориялық конференциясында (Алматы, 2007), «Қазақстан әлем өркениеті қарым-қатынасының тоғысы» атты ғылыми конференциясында (Алматы, 2007) баяндама жасалып, жарияланды. Зерттеудің мазмұны мен бағыттары Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің Роман-герман тілдері және аударма кафедрасы отырыстарында (2007, 2008, 2009 жж. ), аталмыш университеттің аударма факультетінің жанындағы жас мамандар мен ізденушілерге арналған «Салғастырмалы фразеология» атты ғылыми-теориялық семинарда (2008 ж. ) және университеттің Талқылау кеңесі (Проблемный совет) мәжілісінің отырысында (2009 ж. ) қаралып талқыланды.

Зерттеу жұмысының құрылымы. Диссертациялық жұмыс кіріспеден, екі бөлімнен, әр бөлімнің зерттеу қорытындысы ретінде берілген тұжырымнан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және екі тілде берілген қосымшадан тұрады.

Негізгі бөлім

Зерттеу жұмысының «Зерттеудің теориялық және методологиялық алғышарттары» деп аталатын бірінші бөлімінде герман және қазақ тілдерінің салғастырмалы фразеологиясының қалыптасуы, салыстырмалы-салғастырмалы фразеология саласын зерттеудегі жаңа бағыттар, тіл және мәдениет сияқты жалпы теориялық мәселелер қарастырылады.

Тіл біліміндегі салыстырмалы-салғастырмалы әдісті қолдану арқылы әртүрлі туыстас және туыстас емес тілдердің фонетикалық, лексикалық, грамматикалық, фразеологиялық т. б. жүйелерін салыстырып, салғастырып зерттеуге болады. Бұл әдістің түп төркіні ХІХ ғасырдың басынан бастап туыстас тілдер семьясы мен тобы, олардың туыстық қатынасы мен дәрежесін зерттеуге арналған салыстырмалы-тарихи әдісте жатыр. Салыстырмалы-тарихи әдіс туыстас тілдердің деректерін салыстыра тарихи тұрғыдан зерттеп, ондағы лексикалық және грамматикалық құбылыстардың шығу тегі, өзгеруі мен дамуын және түп тегінің бірлігін анықтау үшін қолданылған.

Кейіннен осы атақты әдістің нәтижелері мен деректерін есепке ала отырып, тіл білімінің жаңа принциптері айқындалды, бұрынғы деректер жаңа мәліметтермен толықтырылды. ХХ ғасырда салыстырмалы әдіс арқылы туыстас емес тілдерді де салғастыра зерттеуге болады және зерттеу керек деген пікір кең өріс алды. Бұл әдістің соңғы жылдары кең тарағандығы соншалық, тіпті осыған байланысты тіл білімінің жаңа тараулары, зерттеудің жаңа бағыттары пайда болды: салыстырмалы-салғастырмалы фонетика, салыстырмалы-салғастырмалы лексикология, салыстырмалы-салғастырмалы грамматика, салыстырмалы-салғастырмалы фразеология тілдің тағы сол сияқты басқа салалары өз алдына дербес пән ретінде қаралып, талай ғылыми еңбектердің негізгі нысандары болды.

Тіл білімінің басқа салалары сияқты фразеология да бүгінгі таңда терезесі тең, дербес пәнге айналып отыр. Фразеология саласын тіл білімінің жеке саласы ретінде қалыптастыруда, оның нысандарын, тілдегі орны мен табиғатын зерттеу әдістерін анықтауда, маңызды теориялық тұжырымдар жасауда көптеген отандық және шетелдік ғалым-фразеологтардың еңбектері ерекше орын алады. Н. И. Амосова, А. В. Кунин, И. И. Чернышева, В. Флейшер (W. Fleischer), М. М. Копыленко, І. Кеңесбаев, А. Т. Қайдар, А. Д. Райхштейн, С. Е. Исабеков, С. К. Сатенова, З. Қ. Ахметжанова, Д. Добровольский, М. Сабитова, К. К. Дүйсекова т. б. атақты ғалымдардың жалпы және салғастырмалы фразеология мәселелеріне арнап жазған құнды-құнды еңбектері жарық көрді.

Бүгінгі таңда адамзат тарихының шексіз өрлеп, кемелденген заманында, мәдениет пен өнер, саясат пен тіл салаларында халықаралық қатынастың дамып, жанданған уақытында салыстырмалы-салғастырмалы тіл білімі өзекті де көкейкесті мәселелердің бірі болып отыр. Тілдерді салыстыра -салғастыра зерттеу әр тілдің өрнек бояуын, ұлттық ерекшелігін, қайталанбас қасиетін танып білуге жол ашады. Осындай зерттеулер мәдениетаралық қатынастың төрінен орын алып, халықтардың бір-бірімен түсінісу барысын жүзеге асыруға кеңінен ат салысады.

Еліміз егемендік алып, әлемдік өркениет биігіне ұмтылып отырған заманда, жоғары дамыған Еуропа елдерімен саяси, экономикалық, мәдениаралық қарым-қатынастың дамып отырған уақытында - қазақ тілін Еуропаның беделді тілдерінің бірі ағылшын тілімен салғастыра зерттеу - баға жетпес құнды дүние.

Соңғы 10-15 жыл ішінде қазақ тілі фразеологиясын герман (неміс, ағылшын) тілдері фразеологиясымен салғастыра зерттеуге арналған бірталай жұмыстар жарық көрді (Карбозова Г., Арғынғазина Ш., Оспанова Ф., Молдасанова А., Қапышева Г., Атаханова Р., Мықтыбаева Т. және т. б. ) .

Бірі түркі, бірі герман тілдері тобына жататын қазақ және ағылшын, қазақ және неміс тілдерінің тілдік, ұлттық мәдени ерекшеліктерін түрлі тілдік бірліктер, фразеологизмдер, мақал-мәтелдер бойынан тауып, олардың бір-біріне ұқсастық немесе бір-бірінен айырмашылық дәрежесін анықтауға, ұлттық нақышты тереңірек түсінуге талпынған ғылыми еңбектер баршылық, дегенмен шешімін таппаған мәселелер де жоқ емес. Осындай негізгі мәселелердің біріне қазақ және герман тілдеріндегі фразеологизмдерді қазіргі тіл білімінің жаңа бағыттары мен ұстанымдары негізінде салыстыра-салғастыра зерттеу жатады.

Тіл бірліктерін «этнос (адам) - тіл - мәдениет» үштігіне сүйеніп зерттеу үрдісі тіл білімінің этнолингвистика, тіл арқылы ел тану, лингвомәдениеттану, когнитивтік лингвистика сияқты жаңа бағыттарына жол ашты. Аталған бағыттардың негізінде адамның тілі мен мәдениетінің өзара байланысы мәселесі жатыр. Тіл мен халықтың, оның мәдениетінің арасындағы тікелей байланыс халықтың рухынан, тілінен көрініс табады. Олай болса, тілді зерттегенде оны сол халықтың рухани байлығымен, мәдениетімен байланыстыра зерттеу қажет.

Отандық ғалымдар М. М. Копыленко, Ә. Қайдар, Е. П. Жанпейісов этнолингвистиканың теориялық мәселелерін қарастырып, мақсат мүддесін, зерттеу нысанын, әдіс-тәсілдерін айқындап берді. «Бай тіл қазынасын этнос болмысы тұрғысынан толық меңгеріп, оның бейне бір тұңғиық теңіздей терең мағына-мазмұнына бойлап еніп, оны игеріп танып-білу жүйелей түсіп жан-жақты зерттеу этнолингвистиканың мақсаты» деп түсініктеме береді Ә. Қайдар өзінің «Қазақ тілінің өзекті мәселелері» атты еңбегінде [4] .

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Ағылшын және қазақ тілдеріндегі жануар атаулары бар фразеологиялық бірліктер (салғастырмалы талдау)
Фразеологиялық бірліктердің топтастырылуы
Афаризмдер мен фразеологзмді аудару
Фразеологиялық символ мен таңбаны зерттей отырып, ағылшын және қазақ фразеологизмдеріндегі «жақсылық-жамандық» компоненттерінің қолданылу ерекшеліктерін анықтау
Ағылшын тіліндегі фразеологиялық бірліктердің детективті жанрда қолдануы
Aғылшын және қазақ тілдерінің лексико - семантикалық фрaзеологизмдерін салыстырмалы талдау
Тілдік санадағы мәдениет ұғымы
Этникалық менталитеттің көрінісіндегі ағылшын, орыс, қазақ парамеяларындағы фитонимдер
Оқу жүйесінде пәндерді кіріктіре оқытудың мәселелері
Ағылшын және орыс тілдердің сөз тіркестерін аудару мәселесі
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz