Әбділда Тәжібаев туралы


ӘБДІЛДА ТӘЖІБАЕВ
(1909-1998)
Әбділда Тәжібаев - осы заманғы қазақ поэзиясының аса көрнекті шебері, ірі драматург және белгілі әдебиет зерттеушісі. Әдебиеттегі алғашқы қадамын өткен ғасырдың 20-жылдарының соңына ала өлең жазудан бастаған ол қазақ сөз өнерінің озық дәстүрлерімен дүниежүзілік әдебиеттің үздік жетістіктерінен үйрене отырып, 30-жылдардың орта шенінде-ақ айтулы ақын, республикада әдебиет ісін ұйымдастырушы қайраткерге айналды. Ә. Тәжібаев - поэзияда лирика мен поэма жанрын қатар алып жүрген ақын. Оның қаламынан туған 30-дан астам поэма мен өте көп сандағы өлеңдері сыршылдық, ойшылдығымен, шыншылдық, оттылығымен ерекшеленеді. Ә. Тәжібаев поэзиясын басқа бірде-бір ақынның туындыларымен шатастыру мүмкін емес. Оның поэзиясы - тың ізденістің, жоғары мәдениеттің, кәнігі шебердің поэзиясы.
1909 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Атақты ақын Нартай келіп, Әбділданың анасы Айманкүлмен айтысқа түскен. "Сыр елі-жыр елі" атанған Сырда туып-өскен Әбділдаға іргелі ақындардың жыр додасы да өзіндік әсерін тигізсе керек.
Әбділда Тәжібаев "Күй атасы", "Ақын", "Портреттер" аталатын дастандар жазумен бірге, лирикалық поэмалардың қазақ әдебиетінде озық үлгілерін қалыптастыруға да үлкен үлес қосты. Әдебиетті зерттеумен де айналысты. Балалар тақырыбына да қалам тартты.
Ә. Тәжібаев атақты драматург те. Драмалық шығармалар жазуды 30-жылдардың соңына ала бастап, әдебиеттің бұл күрделі жанрында айтулы туындылар берді. Әдебиеттану саласында да жемісті еңбек етіп, Ә. Тәжібаев талантты ғалым екенін танытты. Оның, әсіресе, поэзия мен драматургия саласындағы зерттеулері терең ғылымилығымен, талдауларының нәзіктігімен тәнті етеді.
Ә. Тәжібаев ұзақ шығармашылық ғұмырында тынымсыз ізденіп, үздіксіз еңбектеніп, тұтас бір дәуір шындығын жан-жақты, жоғары көркемдікпен бейнелеген өте мол мұра қалдырды.
Өмірбаяны. Әбділда Тәжібаев 1909 жылы Ақмешітте (казіргі Қызылорда қаласында) дүниеге келеді. Әкесі Тәжібай 1915 жылы қайтыс болады да, шешесі Айманкүл күнкөріс жағдайына байланысты алты жасар Әбділданы қала сыртындағы Қараөзек деген жерде тұратын төркініне алып кетеді. Содан болашақ ақын он үш жасына дейін шешесі Айманкүл мен нағашы атасы Далдабайдың тәрбиесінде өседі. Жас Әбділданың өлеңге, әдебиетке деген құштарлығын оятқан да өз анасы мен нағашы атасы болады. Айманкүл араб, парсы тілдерін жақсы білетін сауатты, көзі ашық, көңілі сара кісі екен, Әбділдаға өзі хат танытып, әдебиет үлгілерін оқытып үйретеді. Кейін белгілі халық ақыны болып, өлеңдер жинағы да жарық көрген Айманкүл, ол кезде әкесі Далдабай қарттың өтінішімен ауыл адамдарына Шығыстың қиссалары мен қазақтың неше алуан жыр-дастандарын оқып беріп отырған. Соларды қыбыр етпей, құмарта, үнсіз тыңдаушыларының бірі - Әбділда болған. Кейінірек үйлеріне келген қонақтары мен ауыл адамдарына, кішігірім жиын-топта әлгі қисса, дастандарды атасының айтуымен Әбділда оқып беретін болған. Оның үстіне бұл ауылға, әсіресе осы нағашы атасының үйіне Сыр елінің атақты ақын-жыршылары жиі келіп тұрған. Бір жолы Әбділда ауылдарына келген атақты ақын әрі әнші Нартай Бегежановпен Айманкүлдің ұзақ айтысын тыңдап, шешесінің айтқыштық, ақындығына қуанып, тапқыр сөздерін есінде ұстап қалған. Анасы жастай дүниеден қайтқан күйеуін байырғы қазақ салтымен жыл бойы жоқтағаны, шешесінің өзі шығарған ұзақ жоқтау поэмасын дауыстап жатқа айтқанын төсекте жатып тыңдап, мұңды-шерлі әуеніне іштей үн қосатын болған.
Жаңа бір түсіп, шам сөнді,
Ашыла түсіп, гүл солды, -
деген, ол кезде мағынасын өзі жете түсінбеген жолдарын да есінде сақтап қалған.
Ал ақылды, мейірбан нағашы атасы 1919 жылдың қысында сүзектен қайтыс болғанша Әбділданы қасынан тастамай, қайда барса да бірге алып жүрген. Әбділда атасына көмектесіп, ау жайысып, тарысын суғарысқан. Той-томалаққа да бірге барып, атасының жанында төрде отырып, үлкендерден қазақтың ескілікті қызық әңгімелеріне қаныққан. Неше түрлі аңыз, ертегілерді көп білетін атасы да тыңдауға құмар жиеніне айтып беруден жалықпайды екен. Ақын кейін өзінің "Еске алу" деген шағын поэмасында отбасының жетім-жесірлік қайғылы тағдырын, беті-жүзін түстеп тани алмай да қалған әкесі туралы жүректе шер боп қалған аңсары жайында:
Есімде жоқ шын суреті,
Әкем менің қандай кісі.
Тек елестей бұлдырайды
Әлдекімнің көлеңкесі, -
десе, өмірге де, еңбекке де, өнерге де бейімдеп тәрбиелеген аяулы нағашы атасы туралы "Сыр жырлары" топтамасында жер ортасы жасқа келген ақын:
Кейде түске кіреді,
Дәл өңімдей баяғым.
Тай қып мініп жүремін,
Нағашы атам таяғын.
Жүгіремін жағалап,
Сырдың жайпақ жағасын.
Кәрі көзбен сығалап,
Қарар маған нағашым.
Бірде қуып жүремін
Шіркей мен шыбынын.
Айдап бірде жүремін
Нағашымның шығырын . . .
Босайды екен көңілің
Туған жерге келгенде:
Көрініп тұр жып-жылы
Көп тырнаған шеңгел де.
Кейде түске кіреді
Дәл өңімдей баяғым.
Тай қып мініп жүремін
Нағашы атама таяғын, -
деп еске алады. Ол таңғажайып шығыс поэзиясынан да, туған халқының бай да көркем ауыз әдебиеті мұраларынан да таусылмас әсер, ләззат алып өседі. Жалпы, тумысынан дарынды, зерек те сергек Әбділданың ауылда алған әсері бай да құнарлы болған. Оны ақын шығармашылығынан байқау қиын емес.
Жоғарыда аталған поэмасының кейіпкері қаладағы оқу орнына аттанғаны туралы:
Қар да құйды жапалақтап,
Тоқтамастан бастым алға.
Тұңғыш ізім бақыт қуған
Тұңғыш жауған түсті қарға, -
дейді. Бұл Әбділданың өзі туралы айтылған сөз еді. ПІынында да, ол 1922 жылы Қызылорда қаласында жаңадан ашылған жетім балаларға арналған интернатқа қабылданып, сауаттылығының арқасында бірден интернат жанындағы бастауыш мектептің 3-сыныбынан бастап оқып кетеді. Әбділданың алғашқы өлеңдері осы интернаттың қабырға газетінде жарияланады. Одан кейін Шымкенттегі жеті жылдық мектепте, 1929-1932 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогика институтында оқиды, 1953-1956 жылдары Мәскеудегі жоғары әдебиет курсын бітіреді Еңбек жолын "Еңбекші қазақ" (қазіргі "Егемен Қазақстан") газетінде алдымен пошта тасушы (1926), содан кейін корректор болып істеген (1927-1928) ол небары 4-5 жылда "Лениншіл жас" (қазіргі "Жас алаш") газеті редакторының орынбасары (1932-1934) дәрежесіне дейін көтеріледі. Әбділданың "Жұмысшының гудогі" өлеңі 1926 жылы "Жұмысшы" газетінде басылады. Бұл - оның баспа бетін көрген тұңғыш туындысы. Әрі қарай өлеңдері "Жұмысшы" және "Еңбекші қазақ" газеттерінде шығып тұрады. Жиырма бес жастағы Әбділда 1934 жылы Қазақстан Жазушылар Одағының хатшылығына, ал 1939 жылы оның төрағалығына сайланады.
30-жылдары ақын көп оқу, тынымсыз іздену үстінде өндіре де жазады, шығармаларының көркемдік сапасы жағынан да айтарлықтай биікке көтеріледі. "Жаңа ұрпақ" (1935), "Лирикалар" (1936) деп аталған жинақтары бірінен соң бірі жарық көреді. Белгілі "Оркестр", "Абыл", "Толағай" сынды романтикалық поэмалары мен М. Әуезовпен бірігіп жазған "Ақ қайың" деп аталатын тұңғыш пьесасы да сол жылдардың жемісі. Қазақ әдебиетінің сол кездегі маңдай алды таланттарының біріне айналған Әбділданы дарын сырын танығыш көреген М. Әуезов: "Қазақ поэзиясына әсерлі, сапалы көркем бір ағым кіргізіп келе жатқан ақын" деп (1939) бағалайды.
Ә. Тәжібаев 1945-1948 жылдары Қазақ ҚСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының Жамбыл бөлімін басқарады. "Қазақ әдебиеіті" газетінің бас редакторы болады. 1963 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты және Қазақ ҚСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының мүшесі болын сайланады. Филология ғылымының докторы Ә. Тәжібаев жазушылығына қоса біраз жылдар М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми-зерттеу жұмыстарымен шұғылданып, өмірінің соңғы жылдарын бірыңғай шығармашылыққа арнайды. Қарт ақын Ахмет Байтұрсынұлы бастаған арыстарымыздың ақталғанын көріп, тоталитарлық жүйенің сеңі бұзылғанын сезініп, 1998 жылы 90-ға қараған шағында дүние салды.
“ - ӘБДІЛДА! - ДЕДІМ АЙҚАЙЛАП, ӘБДІЛДА! - ДЕДІ ЖАҢҒЫРЫҚ . . . ”
Шымкент жақта жеті жылдықты бітіріп, туған топырағы - астана Ақмешітке қайта оралған кезінен-ақ Әбділда бала жұрт назарына ілікті. Өйткені, ол Қаңлы Жүсіп, Кете Жүсіп, Шораяқтың Омары, Дұрыстың Сейілі сынды Сыр сүлейлері жырларын жатқа айтатын. “Төрт дәруіш”, “Қамыр заман хикаясы” сияқты зәру кітаптар Әбділданың қолынан түспейтін. Өлең болып таң атырып, өлең болып күн батыратын балаң бозбаланың өз қатарынан оза шауып, дарабоз дарынды ағаларының жанынан ертерек табылуына жүрегін жылытқан сол жырлар мен қисса-хикаялардың әсері көбірек тисе керек.
“Еңбекші қазақтың” корректоры Әбділда да алдыңғы толқын ағаларынан қалыспайтын. Кешегі “Елім-айлап” еңсе түсірген жұртының жайлауын жайнатып, қыстауын көркейтуге келгенде алдына жан салмайтын оның маңдайынан сипаушылар көп болды. Бір ағасы “Ал, кеттік!” десе, бұл жүгіре жөнелетін. Ұлы Ленин, ұлы Октябрь деп көзін ашқан ол ұстаздары сияқты жүрер жолының түбі тұйыққа тірелетінін білген жоқ, әрине. Сол тұйық жолда бұл талай соғылған. Бұл да талайды соққан. Сол Әбділда соққысына ұшырағандардың бірі Мағжан еді. Оған түрткі болған Мағжанның “Еңбекші қазақта” жарық көрген “Тоқсанның тобы” атты өлеңі еді. “Бұл оның советтік қазақ халқына ағынан жарыла шынын айтқаны, өз кінәсін мойындағаны еді. Бірақ біз оған сенбедік. Сол кездегі он сегіздегі бала, мен, “Еңбекші қазақ” газетінің редакторы Ғаббас Тоғжановтың тапсыруы бойынша “Тоқсанның жырын тоқсанның өз ұлы жырлайды” деген өлеңмен жауап жаздым. “Еңбекші қазақ” газетінде ол да басылып шықты. Бұл менің де, мені тәрбиелеп сөйлеткен ағаларымның да тарих алдындағы кешірілмейтін күнәсі еді” деп жазды кейін Әбділда.
Әбділда және былай деп жазды: “Біз бүгін ертеңгі күнімізге қарап, жарық болашағымызды көрсек, кешегі күнімізге қарап, өткен жолдарымыздың қияметтей ауырлықтарын да көреміз. Культ дәуірінен басталған қанды қырғын, шегінен асқан заңсыздық қазақ халқы мен оның интеллигенциясын қоса қиратқан сұмдық соққы еді. Біз бүгін әділдік орнаған заманда өшкеніміз қайта жанып, өлгендеріміз қайта тірілген қуанышты күндерді басымыздан кешіре бастадық. Солардың бірі поэзиямызға алтын қазынасын көтеріп қайта оралған Мағжан Жұмабаев және оның ескірмес, өлмес жырлары”.
Тағы бірде былай деп те жазыпты: “Өзі жиырманың ішіне жаңа кірген жас Мағжан махаббаттың бұлбұлындай сайрады. Орыс поэзиясының ең дүлдүл ақындарымен, сонау Блоктың өзімен үндесе білген ол:
“Сұлу әйел идеал,
Сұлу әйел бір қиял!” - дегенді қазақ ақындарының ішінде бірінші боп айтты. Сөйтіп, ол біздің поэзиямызда махаббат тақырыбын тіпті биік шарықтатып, аспандатып әкетті”.
Осындайда Мұхтар Әуезовтің осыдан тура 80 жыл бұрын жасаған көріпкелдігі еріксіз еске түседі: “Бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз Мағжанның сөзі. Одан басқамыздың бәріміздікі күмәнді, өте сенімсіз деп білемін” деп жазған-ды ол. Күмәнді, сенімсіз сөздерді қойдай тоғытатынымызды қайдан білген десеңізші! Білген. Білетіні: үкімет пен партияның социалистік реализм дейтін әдеби асарында жағымды кейіпкерге жағымсыз кейіпкердің аузын ұрғызбаған, “Партия - жыр-әнім, партия - ұраным!” деп зікір салмаған кім бар еді? Күмәнді, сенімсіз сөздерге кейін өзі де барған Мұхаңның. Абайды Абай ету үшін заманның ыңғайына есіп, ақылман әкесі Құнанбайды “құрбандыққа” шалған. Бірақ ол бәрі бір қуғыннан көзін ашқан жоқ. Дұрысы: көз аштырғанымыз жоқ. “Абай советтік заманның ақыны емес”, “Абай - қара халықты қанаған байдың баласы”, “Абай - ұлтшыл, діншіл, құдайшыл ақын” десіп, жоғары жаққа арыз домалатқандардан қазір ешкім қалмаған да шығар.
Домалақ арыздармен Әбділданы да домалатып жататынбыз. Сондай доңғалақсыз домалақ арыздардың бірі “Москва. Кремль. КПСС Орталық комитетіне” деп жол тартар еді. Аты жоқ затсыз қазақтың Әбділдаға орталықтан ор қазбақ болған орысшасын ана тілімізге жолма-жол, сөзбе-сөз аударар болсақ, былай боп шығар еді: “Жамбыл деген дүниеде ақын жоқ. Ол - блеф, оны ойлап шығарып жүрген айлакер Әбділда Тәжібаев. Біз Әбділда Тәжібаевты әшкерелей отырып, оған қатал жаза берілуін сұраймыз”.
Арада көп уақыт өтпей әлгі Мәскеуге домалап барған домалақ арыз Алматыға домалап кері қайтар еді. “Жамбылды қолдан жасаған” Әбділда өзіміздің Орталық комитет бюросына шақырылар еді. Жалғыз шақырылмайды, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин бастаған біраз мықтылармен қоса шақырылады. Арсыздың арызы оқылады.
- Бұл арыз Москвадан оралып келді, - деп ресми сөзді екінші хатшы Журин бастайды. - Көтеріп отырған мәселені өздеріңіз біліп отырсыздар, өте шатақ, өте ойландырарлық мәселе. Орталық партия комитеті өз пікірін айтпастан бұрын сіздермен кеңесуді дұрыс көрді. Бәріңіз де мәдениеттің, әдебиеттің білгір адамысыздар және Жамбылды да жақсы білесіздер. Сондықтан сіздердің сөздеріңізді тыңдағымыз келді. Енді кезектесіп өздеріңіз айтыңыздар.
Екінші хатшы сөйдеді екен деп елпілдеп, екпіндей қоятын ешкім көрінер емес. Бірі ырғатылып, бірі қозғалақтап, Әбділдаға қарасады. “Бізді қайтесің, Жамбылдың басы-қасында болған өзің айтсайшы!” дейтіндей. Әбділда болса, “Сөйлемейтін, үндемейтін болсаңдар неге келдіңдер?” дегендей жан-жағына барлап қарайды. Сол ұзақтау үнсіздікті “Жарайды, мен сөйлейін” деп орнынан тұра берген Сәбит аға бұзып үлгірер еді.
- Мен бұл арызды кім жазғанын білемін, - деп Сәбең бюро мәжілісін басқарып отырған Журинге қарайды.
- Иә, иә . . . - деп Журин бұған қарайды. Отырғандар “Е, бұл кім болды екен?” - деп бір-біріне қарасады. Бәрі де қызыққа кенелуге асық.
- Ол маған оқып берген соң, осы арызды Мәскеуге жіберейін бе, жібермейін бе деп ақыл сұрады. Мен өз еркің білсін дедім ол жолдасқа. Жібер деп кесіп айтуға Жамбылды қимадым, жіберме деуге арыз иесінің көңіліне қарадым, - деп Сәбең тоқ етерін айтқан.
Бюроға шақырылғандар “Міне, қызық қайда жатыр” дегендей аздап күлісіп алған.
- Сіздер бекер күлесіздер, - деп Сәбең күлгендерге қарап қабағын шытынатқан. - Жамбыл бар. Жамбыл белгілі Жетісу жырауларының бірі, оны өтірік деу барып тұрған ақылсыздық. Сонымен қатар ойланыңыздаршы, халықтың қай ақыны партия мектебін бітіріп шығыпты, Жамбыл да солардың бірі емес пе? Ол қалай партияны, көсемдерді жырлайтын саяси жыршыға айнала қалады? Мені әңгіменің бұл жағы да қатты толғандырды. Арыз жазған жас ақынның көңіліне қарадым деген себебім осы. Ал мен жүз пайыз Жамбыл жағындамын. “Алтын тәтем” дейтінмін, айта берем солай “Алтын тәтем” деп . . .
Ағынан жарыла ашық-шашық сөйлеген Сәбеңнен кейін Журин тағы кім сөйлейді дегендей болған, бірақ суырылып ешкім шыға қоймаған. Мұхтар сол мығым отырған қалпында қалды. Күлмек түгіл жымиған да жоқ Сәбит сөзіне. “Бұл не масқара?!” дегендей демін ішіне тарта жан-жағына қаранған. Өйтетіні: ұлы жырау тоқсанға келгенде “Жасы кәрі, жаны жас, аспандай шыққан әні жас Жәкем, сен әрі әкеңнің әкесіндей, әрі шөберенің құрдасындайсың, әрі болашақ ұрпақ тұрғысындайсың. Ғасырларды көктей өткен даналық тірлік осы да” деп құттықтау жолдаған Әуезов қой бұл! Сол сөзі сөз. Аспан аударылып, жер төңкерілсе де ол сөзін қайтып алмақ емес. Соны айтамын деп және әуре болғысы жоқ. “Оңбайтын бала өнбейтін дауды даулайды”. Білетіні осы. Тағы бір білетіні: “Іштен шыққан жау жаман. ”
Жырау Жамбылдың үкімет шешімімен әдеби хатшысы болған Ғали да қара түнек. Кімді жазғырарын білмей даң. Жамбылға жала жапқан жас ақынды ма, әлде жас ақынның көңіліне қараған сақалды Сәбит ағасын ба? Түсініп болар емес. Жамбыл:
- Шөлге шыққан бұтадай
Бойың қысқа мыртиған.
Қара шолақ бұқадай,
Суға тойып тыңқиған, - деп әзілдеуші еді өзін. Бұл да есе жібергісі келмей:
- Атаныпсың ежелден
Екейдегі қиқар шал, - дейтін. Кейін Жамбыл атасы о дүниелік болғанда:
- Ортада көрінбейсің бүгін өзің,
Сөйлеп тұр, бірақ сенің сырлы сөзің, - деп елден бұрын өлеңдеткені есінде. Бұл ғана ма екен, басқалары да сөйткен. Е, Жамбылды жырына жалау етпеген кім бар?!. .
Үнсіздікті Әбділда бұзды.
- Ұлы жырау, ұлы ақын Жамбылдың хат танитын көзіне, жазатын қолына айналғаным рас. Бұл тек революциядан кейін ғана қолымыз жеткен табысымыз, сауатсыз кәрі мен сауатты жас буынның жарастығы еді. Мұндай ұрпақтар гармониясы бізде бұрын болған емес. Революция мені оқытып Жамбылға берді, ал Жамбыл маған жаздырып отырып, өзінің көл-көсір жырын революцияға арнады. Осы да блеф бола ма?. . - деп дауылдата, жауындата сөйлеген Тәжібаев тым ашулы еді, Журин:
- Түсінікті. Сабыр етіңіз. Болды. Рахмет, - деп жаймашуақ бола қалды.
Бюроға шақырылғандар осылай тарасқан. Сәбит ағасымен сыртқа иін тіресе шыққан Әбділда “Ағасы-ау, бәрі өзіңізден екен ғой!” дегісі келген. Дей алмады. Дей алмайтыны: мұндай-мұндайлар Сәбеңе жараса береді. Сен сөйтіп едің деп мұнымен жаға жыртысқан әзірге ешкім жоқ. Оның үстіне өзін қанатының астына алып, қатарға қосқан осы Сәбит ағасы. Сонау отыз бірдің қысында жиырманың үстіне жаңа шыққан жас ақынды бас ақындай көріп, “Әбділда!” деп хат жазғанын қалай ұмытады. “Сен Қызылордада екенсің ғой, мен Семей жағында шығар деп жүргем” деп басталатын ол хат. “Ғабитпен менің полемикамды оқыған шығарсың. Ғабит жолдас орынсыз жерге әулиелік жасады. Мені қаралағанымен қоймай, Қызылжардың секциясын менің жігім ғып көрсетті. Былтыр шет жағасын көрген сықылды ең, партияның көркем әдебиеттегі ұранын орындауға талпынып істеген істі баяғы сасық жікке жыққысы келгеніне мен өзім қатты ренжідім. Сен маған бұл туралы көмектестік пікіріңді жазуға тиістісің” деген сөздермен жалғасқан хат аяғын Сәбең былай аяқтапты: “Саған тапсыратын нәрсе: егер Қызылордада азын-аулақ күн болсаң, сонда ҚазААП бөлімшесін оформить етіңдер. Сөйтіп, мүшелерінің тізімін жасап, правление құрып, өлкелік басқармаға бекітуге жіберіңдер”.
Әбділда үшін қарапайым Сәбеңнің, бауырмал Сәбеңнің, кең етек, кең жайлау Сәбеңнің, сені кем көрмей, тең көретін Сәбеңнің жөні бөлек. “Ал, кел!”, “Ал, же!” дейтің Сәбең: “Аузыңды аш, асатып жіберейін!” деуді де ұмытпас еді. Әрине, бұған Мұхтар да аға, Ғабит те аға, бірақ, бірде тату болса, бірде қату бола қалатын ағалары арасында жүріп бәріне бірдей болу Әбділда үшін қиынның қиыны-ақ еді.
- Біз ортамызға Әуезов келген соң айырылыса бастадық, - дер еді Сәбең Әбділдаға. - Сен маған тура әуезовшілге айналғандай көріндің. Оған шық жуытпасқа тырыстың. Мен сені сол қылықтарың үшін жауапты орындарда айқайлап тұрып сынадым. Тәжібаев Әуезовтің рупорына айналды дедім. Осындай қызу үстінде жарықтық “Абай” атты романға да тілім тиіп кетті . . .
Әбділда ағаларын алаламайды, оған бәрі бірдей, бәрі де ұлы, бәрі де дана. Шыны да солай ғой. Әбділда әуезовшіл болса, Әуезов те әбділдашыл, інісінің жазғандарын жадынан шығармайды. Жылт еткені болса жүрегін жайып: “Е, міне, осылай болса керек!” деп құшағына алады. “Біз де қазақпыз” атты драмасын үйіне кеп оқып бергеннен соң да солай еткен. Жұбайы Валентина Николаевнаға дауыстап: “Валя, саған да құйдым, кел, үшеуміз ішейік. Мына Әбділда өте қызық, өте күшті шығарма бітіріпті, сол үшін алайық!” деуі де содан-ды.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz