Фразеологиялық тіркестерді аударуда кездесетін проблемалар “М.Б.Әләвидің «چشمهایش» романы бойынша”


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ
ШЫҒЫСТАНУ ФАКУЛЬТЕТІ
ИРАНТАНУ ЖӘНЕ ИНДОЛОГИЯ КАФЕДРАСЫ
ДИПЛОМ ЖҰМЫСЫ
Тақырыбы: Фразеологиялық тіркестерді аударуда кездесетін проблемалар “М. Б. Әләвидің « چشمهایش » романы бойынша”
Орындаған: 5 курс студенті
Заурбекова С. М.
Мамандығы «аударма ісі»
Ғылыми жетекші : аға оқытушы
Жумадилова Ғ. Т.
Сын -пікір жазған : Ф. ғ. к доцент
Әуесбаева П. Т
Абылай хан атындағы ҚазХҚ және ӘТУ
Қорғауға жіберілді:
Кафедра меңгерушісі, ф. ғ. д.,
профессор Күмісбаев Ө. К.
« » 2007ж.
Алматы 2007ж
Мазмұны
Кіріспе . . . 3-6
1 Жаңа парсы прозасының қалыптасу кезеңі . . . 7-12
2 Б. Әләвидың өмірі мен әдеби ортасы . . . 13-17
2. 1 Б. Әләвидің шығармалары . . . 18-20
3 « چشمهایش » романының мазмұны мен мәні . . . 21-36
3. 1 Романда кездесетін фразеологиялық тіркестер және олардың мағынасы . . . 37-54
Қорытынды . . . 55-56
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі . . . 57-58
Кіріспе
Бір халықтың әдебиетін жұртқа танытқан дәнекер, рухани көпір - аударма екені белгілі. Аудармашылық - бейнеті мол, үлкен шеберлікті талап ететін қасиетті өнер. Аударма өнерінің өз қиындықтары бар. Мәселен, парсы халқының поэзиясы - көркемдік жағынан аса биікке көтерілген, тұспалды, жұмбаққа толы, поэтикалық нақыш өрнектерге айрықша бай мұра болып танылады. Сол себепті парсы шайырларының сопылық діни түсініктен нәр алатын тылсым сырлы поэтикалық тілін арнаулы дайындықсыз ұғңыну оңайға соқпайды, ал осындай туындыларды екінші бір тілге аудару біраз қиындықтар туғызады. Оның үстіне шығыс ақындарының ойды жеткізу тәсілі европалық әріптестеріне мүлдем ұқсамайды (1-10) .
Қай халық болмасын басқа халықтардың әдебиетімен, мәдениетімен қарым қатынаста болып, бір-біріне ықпал әсерін тигізу арқылы байып, алға басып отыратыны белгілі. Бір халық екінші бір халықты аудармалар арқылы таниды. Дәлел ретінде айтар болсақ, аббасидтер тұсында арабтар ислам дінін таратып қоймай, өздерінің қол астындағы және көршілес елдерден: үнді, парсы, грек және т. б. халықтардың мәдениетін жатсынбай, қажетінше бойына сіңіре білгені көпшілікке мәлім. Мәселен, араб әдебиетінің жәдігері ретінде күллі әлемге мәшһүр «Мың бір түн» топтамасында үнді, парсы, түркі ертегілерін молынан кездестіруіміз де сондықтан болса керек. Солардың бірі - үнді топырағында дүниеге келген «Калила мен Димна», «Тотынама» парсылардың төл туындысындай болуы жәйдан-жәй емес. Сан ғасырлық тарихы бар қазақ әдебиетінің өн бойынан да әлем әдебиетімен байланыстарды байқаймыз. Сондықтан төл әдебиетімізді тереңдеп, түстеп танимыз десек, әлем әдебиетінен бөліп-жарып қарау мүмкін емес. Ал әдеби байланыстар хақында сөз етсек, қазақ әдебиетіне парсы әдебиетінің тигізген әсеріне тоқталмай кету мүмкін емес (14-8) .
Аударма арқылы біз әлем әдебиетінің тамаша үлгілерімен таныса аламыз. Аударма тілі басқа әртүрлі елдердің рухани әлемін бір-біріне жақындата түсетін пәрменді құрал екені баршамызға аян. Аударма тарихының қазақ топырағында пайда болып, қалыптасуының ұзақ тарихы бар екендігі зерттеу еңбектерден мәлім. Қазақ аудармасының тарихы мен теориялық мәселелерін сөз еткен біршама ғылыми еңбектер мен кітаптар бар. 1957 жылы «Көркем аударманың кейбір мәселелері» деген топтама жинақ жарық көрді. Осы кітаптағы Мұхтар Әуезовтың «Көркем аударманың кейбір теориялық мәселелері» деген мақаласында осы саладағы күрделі мәселелер сараланды.
Қазақ аудармасының тарихын тереңдей бойлап, зерттеген ғалым С. Талжанов. оның «Көркем аударма туралы» (1962ж), «Аударма және қазақ әдебиетінің мәселелері» (1975ж) атты кітаптары дерек материалы өте бай, құнды тұжырымдары бар еңбек болып саналады. Соңғы кітаптан қазақ халқының көрші елдермен әдеби қарым-қатынасы, соның ішінде парсы әдебиетімен байланысы, соғдиан (иран) тілінен келген префикстер мен жұрнақтар, парсы тілінен аударылған кейбір жекелеген шығармалар жайлы оқи аламыз.
Жазушы әрі аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты Әбен Сатыбалдиевтың 1965 жылы жарық көрген «Рухани қазына» атты кітабы әдебиет тарихындағы көркем аударманың қыры мен сырын, тарихын өзек етеді. Бұл кітап 1987 жылы екінші мәрте жарық көрді.
Кейінгі жылдары осы өзіміз сөз етіп отырған аударма саласында біраз ғылыми жұмыстар жасалынған, солардың ішінде: Ә. Дербісәлиев, Ө. Күмісбаев, Р. Бердібаевтардың еңбектерін айтуға болады.
Сонымен Европа, орыс әдебиетінің классиктерінің қазақ тіліне, қазақ әдебиеті үлгілерінің орыс тіліне тәржімалану барысы зерттеушілердің әр уақытта назарында болып, талданып, ұнамды - ұнамсыз жақтары айтылып отырған. Осының негізінде көркем аударманың принциптері де сөз болады. Дегенмен, бұл айтылғандар қазақ аудармасы тарихында түбегейлі зерттелді деген ұғымды бермейді. Аударма мәселесі тілші ғалымдардың да назарына ілігіп келеді. Айман Алдашеваның «Аударматану: лингвистикалық және лингвомәдени мәселелер» атты кітабында (1998ж) 1950-90 жылдар аралығында орыс тілінен қазақ тіліне тәржімаланған қоғамдық-саяси, ғылыми әдебиеттің, көркем прозаларының тілі сөз болады. Зерттеуші дәл байқағандай: «Аударманың практикасы аударманың теориясынан анағұрлым ілгері кетті, әдебиет пен ғылымның қандай да бір салаларына қатысты тәржіма нұсқалар мыңдап саналғанымен, нақ осы шығарымпаздық қызметі теориялық жағынан кешенді түрде тұжырымдау едәуір кешендеп қалып қойды». (14-13)
Ғалым С. Талжанов аударма туралы ойын былайша сабақтайды: «Біздің ойымызша аударма екі түрлі салаға бөлінеді, оның біріншісі - бір халықтан екінші халыққа ауысқан мезгіліне, сол елдің ұғымына сәйкес аударылады. Бір халықта айтылған ой өңделіп, өз елінің ұғымына бейімделіп, түп нұсқаның ұзын-ұрғасы беріледі. Ауыс-түйістің алғашқы сатысы осылай басталады, бұл аударманың ауыз-екі тарау түрі. Екіншісі, бір елде айтылған пікір сол қалпында жетеді, ой ырғағы жоғалмайды. Алдыңғы әдіс ауызша таралады, ал кейінгі әдіс кешеуілдеп туған әдіс, бұл жазба әдебиетте орын тепкен».
Аудармада кездесетін алуан түрлі әдістер бар, олар: еркін аударма, сөзбесөз аударма және балама аударма. Еркін аударма - түпнұсқаның тілін жетік білмеуден, немесе сол түпнұсқаның түсінікті болудан гөрі өзіне тиімділігін, оңайлығын көбірек көздеуден туады. Сөзбесөз аударма көбінесе түпнұсқаның тілін түсінгендерде болады, соның әуеніне еріп, құл болудан шығады. Балама аударма осылардың ішіндегі ең қиын түрі. Мұны екі тілді бірдей білумен қатар, сол алдында тұрған түпнұсқаның түпкі ойын сарқа түсінетіндер, дыбыс ырғағын, тіл әдемілігін, автордың сөз қолдану мәнерін зерттеп жете ұғынатындар жасайды.
Аударма - өнері кез келген басқа ұлт тілінің ана тілге аударылған мәтін сөз жоқ өз тілінің тіл байлығын, сөздің нәзік иірімін, әр түрлі мағынасын, қатпарын таңдап, қолдануды қажет етеді. Аудармашы ана тілінің байлығын игере отырып, оның сұлулық қасиетін тереңнен танып тіл мәдениетінің озық үлгілерін (сөздің сырын, мәнін, сырлы толқынысын ой тербетіп, жан тебірентер әлемін сезіне білуі) меңгеруі шарт.
1 Жаңа парсы прозасының қалыптасу дәуірі
Суреткер белгілі бір қоғамда өмір сүреді, белгілі бір қоғамдық ұжымның мүддесіне ортақтасады, сондықтан бірінші Б. Әләвидің өмірбаянына, оның жазған шығармаларына және әдеби ортасына тоқталмас бұрын жалпы сол дәуірдегі парсы прозасының жай - күйіне, қалыптасу дәуіріне тоқтала кеткенді жөн көріп отырмыз.
Иранда 1906 жылы Мұзаффар ад-Дин шахтың елде конституция қабылдауға қол қоюы, сол кезеңдегі елдің әртүрлі қоғамдық, экономикалық және мәдени жағдайлардың әсерінен туындаған саяси-қоғамдық қозғалыстардың жемісі еді. Иран қоғамының осы дәуірде жаңа технология мен ғылым - білімге деген сұранысы және талпынысы, Иран азаматтарының алыс - жақын шет елдерге (әсіресе батысқа) барып, сол елдердің ғылыми - техникалық, саяси, экономикалық, мәдени өміріндегі жетістіктерімен танысуы, елдегі алдыңғы қатарлы ойды дамытуға үлкен септігі тиген баспасөз құралдарының кең етек алуы, сонымен қатар белгілі батыс ақын - жазушыларының еңбектерінің парсы тіліне аударылуы, жаңа үлгіде дәріс беретін мектеп - медресе, оқу ордаларының ашыла бастауы - міне осының бәрі Иран халқының оянып, өз құқықтарын қорғап, шахтың шексіз билігіне қарсы шығуына алып келді. Осы ояну дәуіріндегі парсы әдебиетінің, әсіресе проза жанрының өзгеру барысы бүкіл парсы әдебиетінің тарихында болмаған, жаңаша бір жағдай болатын. Әрине бұл өзгерістер сол дәуірде елде болып жатқан саяси, қоғамдық, мәдени өзгерістермен тығыз байланыста болатын. Халық аздап болса да азаттыққа қол жеткізіп, өз құқықтарын біле бастады және ғылым мен білім де осы кезеңде жалпы халықтық сипатқа ие болып, олар өздері қалайтын мемлекет құру мүмкіншілігіне де қол жеткізді. Дәл осы уақыттан бастап қоғам мен халыққа деген адамдардың қарым қатынасы жаңа бағытта дами бастаса, әдебиет те өзгеріп ол халықтың қиын жағдайының жыршысы ретінде таныла бастады.
ХІХ ғасыр әдебиеті жалпы сарай шеңберіне шығуға алғашқы қадамдар жасаса, ал ХХ ғасырдың бірінші онжылдығында әдебиет жалпы қоғамдық мағынаға ие болды. Әдебиет енді ұлттың азаттығы мен бостандығы, қоғамдық, саяси-әлеуметтік бетбұрыс мәселелеріне арналды. Парсы әдебиетіндегі осы бір ауқымды бетбұрыс елде басталған ұлт-азаттық қозғалыстар мен заңды және демократиялық мемлекет құруға, елден шетелдік отаршыларды қуу және халықтың өмір сүру деңгейін көтеру секілді мәселелердің бастамашысы болды. Конституциялық қозғалыс дәуірінде елде әртүрлі прогрессивті ағымдар пайда болып, әдебиет онда басты қызметтердің бірін атқарды. Алайда осы жылдарда Иранда кітап шығару ісі оңай шаруа болмаса да, парсы әдебиетшілері халық арасында революциялық ойлар тарату үшін сол кезеңде жаңадан аты шыға бастаған басылымдарды пайдаланды. Бұл жылдары Ирандағы жалпы басылымдар саны екі жүзге дейін жететін. Олар: «Насим-е шемаль», «Кашкуль», «Сур-эсрофиль» және т. б. газет-журналдар болатын.
Революция кезеңінің белгілі ақын - жазушылары «Сур-эсрофиль», «Әзірбайжан» секілді журналдар төңірегіне жиналып, халыққа бостандық, теңдік және бауырластық сияқты үндеулер тастап отырды. Революция демократиялық ойларды халық бұқарасы арасында жаюды талап еткендіктен, әдебиетте әдіс пен түр жаңартуға деген сұраныс пайда болды. Осыдан бастап ақын - жазушылар халыққа жақын қарапайым тілде жазуға әрекет ете бастады. Сатира бұрынғы әдебиетте тек жеке бас қамына арнап жазылса, енді ол халық мүддесіне орай, терең саяси - әлеуметтік мағынада жазыла бастады.
ХХ ғасыр басындағы парсы әдебиетін кейбіреулер «жаңарушы - тәджәдод» - деп те атайды. Тегеран университетінің оқытушысы, Иранның ұлы ақыны және парсы әдебиет зерттеуші Мұхаммед Тағи Бахар осы кезең туралы былайша ой қозғайды: «Жаңару және революция кезеңі - ол оның атының өзі айтып тұрғандай, әдебиет пен ойдың жаңаруын көрсетеді. Поэзия мен прозада елеулі өзгерістер болып жатыр, поэтикалық әдіс жаңарып, саяси және отан сүйгіштік шығармалар қарапайым да терең сезіммен жазылуда. Әртүрлі ақындар-жазушылар мен алуан түрлі әдістер пайда болумен қатар ескі дәстүрлі әдістер де пайдаланылуда». (15-75)
Ояну немесе конституциялық қозғалыс дәуіріндегі парсы әдебиетінің даму барысын төмендегідей сипаттауға болады:
- Әдебиет жалпы халықтық мәнге ие болып, баспасөз беттерінде оның конституциялық қозғалыс кезеңінің жыршысы ретінде танылуы.
- Ояну дәуірінде парсы ақын-жазушыларының дүниетанымы кеңейіп, олар шығармаларын қоғамдағы шынайы оқиғалар мен заман дамуына байланысты жетілдіріп отырды.
- Әдебиетке қарапайым халықтың күнделікті қолданып жүрген ауыз-екі тілінің енуі, жалпы халықтық сөз тіркестері мен қанатты сөздер, мақал-мәтелдер тіпті әуендер де енді. Алғашқыда олардың шығармаларында кейбір европалық анайы сөздер де еніп кетіп отырған.
- Конституциялық қозғалыс дәуірінің әдебиетінде мән - мағына ғана өзгеріп қоймай сонымен қатар жаңа формалар мен жанрлар да пайда болды. Осы кезең әдебиетінде негізгі тақырыптар азаттық пен бостандық, заңсыз әрекеттерге қарсы шығу, отан сүйгіштік, жаңа технология мен ғылым мен білімге деген құштарлық болса, реалистік бағыттағы роман, новелла, ақ өлең және т. б. формалар мен жанрлар пайда болды.
Осы жоғарыда келтірілген ерекшеліктер парсы әдебиетінің ояну дәуіріндегі жалпы халықтық әдебиет болып, Иран халқының оянып, санасының өсіп - жетілуіне әсер еткен негізгі себептер болып табылады.
Революциядан кейінгі жылдары парсы ақын - жазушыларының шығармаларында пессемистік бағыт етек алады. Бұл кезеңдерде елде ағылшындар мен билік етуші жүйені жақтаған газет - журналдар көбейсе, керісінше оларға қарсы германофилдік бағыттағы баспалар да пайда бола бастады. Олар елде қолдау таппай, негізінен шет елдерде топтасты. Солардың бірі Берлинде ірі топ құрып, онда өздерінің әдеби, қоғамдық - саяси журналды «Кавені» таратады. 1916-1922 жылдар аралығында шыққан бұл журналдың беделді мүшелерінің қатарына парсы жаңа прозасының негізін салушы, белгілі жазушы Сейд Мұхаммед Али Жамал-заде де болған. Осы германофилдік бағыттың әсерін кейбір Тегеран ақын - жазушыларының шығармаларынан да байқауға болады.
20-30 жылдары парсы ақын - жазушыларының бұрынғыдай ешбір әдеби ұйымы болмайды. Олар негізінен баспасөз құралдары төңірегінде топтасып, сол басылымдарда өз шығармаларын жариялап отырады. Сол дәуірде жарияланып тұрған тарихи - әдеби журнал «Данешкаденің» парсы әдебиетін дамытуға сіңірген еңбегі орасан зор. Бұл журналдың негізін қалаушы ақын, әдеби зерттеуші М. Баһор болатын. Журналда атақты парсы ақын - жазушыларының шығармалары мен әдеби - тарихи сын зерттеулері және мақалалары жарияланып, қазіргі парсы әдебиетінің даму жолдары қатаң талқыланып отырды. Өкінішке орай бұл журнал тек 1918 - 1919 жылдары ғана жарияланған. Парсы әдебиетінде тағы бір зор қызмет атқарған басылым, 1920 жылы ақын әрі филолог В. Дастгири негізін салған «Армағон» журналы еді. Сонымен бірге иран әдеби ортасында «Иран әдеби қоғамы ( انجمن ادبی ایران ) » да елеулі орын алды. Бұл қоғам І-дүниежүзілік соғыстан кейін құрылып, оның құрамына М. Баһор, Х. Яғмаи, С. Нафиси, Р. Ясеми және т. б. белгілі әдебиетшілер кірді. Алғашқыда бұл әдеби қоғам «Данешкаде» журналымен байланыс ұстаса, кейін ол жабылған соң, «Армағон» журналымен қарым-қатынас жасады. 1930 жылдың екінші жартысында Ирандағы саяси жағдайлардың ушығуымен, бұл қоғам өз қызметінің аясын тарылтуға мәжбүр болды. Кейін қоғам өз атын өзгертіп «Данышпан Низами қоғамы ( انجمن حکیم نیظامی ) » болып аталды. Бұл қоғам мүшелері В. Дастгиридің үйінде бас қосып, сонда өз мәжілістерін өткізіп отырды. Бұл қоғамның негізгі зерттеу обьектісі классикалық әдебиет болатын.
Ирандағы конституциялық қозғалыстан кейінгі алғашқы жылдарда әлі де жаңа мағынадағы, жаңа түрдегі романдар шыға қоймаған болатын. Содан кейінгі жылдардан бастап біртоп жазушылар ғана Ираннның тарихына байланысты тарихи тұлғаларға назар аудара отырып, олардың өмірлеріне қатысты тарихи романдар жаза бастады. Бұл романдарда негізінен Ираннның өткен дәуірлердегі атағына, даңқына көп көңіл бөлінді. Алғашқы тарихи романды 1909 жылы Мырза Мұхаммед Бағер Хосрави «Шамс вә Тоғра» (Шамс пен Тоғра) деген атпен жариялады. Осы романда манғолдар дәуірендегі жапа шеккен қаралы елдің келбеті сипатталған. Санатизаде Кермани 1921 жылы «Дамгустаран» (Қақпаншылар) романын және осыдан кейін аздаған уақыт бұрын Шейх Мұса Кәбудар Аханги «Ешқ вә салтанат» (Махаббат пен билік) және «Фатуһат-е Куруш-е кәбир» (Ұлы Кир патшаның иеліктері) шығармаларын 1919 жылы жарыққа шығарған болатын. Санатизаденің осы саладағы тағы бір еңбегі ол сасанидтер дәуіріндегі тарихи оқиғаларға арнап жазылған «Дастан-е Мани нәқаш» (Мани суретші туралы дастан) 1927 жылы жарияланды. Осы секілді Хейдар Әли Камалидің «Музалем-е туркан хатун» (1929ж), Рокнзаде Адамииат «Дәлиран-е тангестан» (1932ж), Рахимзаде Сафави «Надыр шах» (1932ж), Шин Парту «Пәһләван-е зенд» (1934ж) өздерінің тарихи дастандарын жариялайды. Осы тарихи романдардың жазылып, бірте-бірте даму барысында қоғамдық романдардың дүниеге келуіне жол ашты. Олар өздерінің мәні мен мағынасы, формасы жағынан жаңа прозаға жақындау еді.
Халық және қоғамдық өмірді суреттеген қоғамдық романдар, бірінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі алғашқы жылдары, шамамен Жамалзаденің «Иеки буд иеки нәбуд» жаңа формадағы парсы прозасымен қатарлас пайда болды. Алғашқы қоғамдық роман «Теһран-е маһуф» шығармасын 1926 жылы жазушы Мұртаза Мушфах Каземи жарыққа шығарды. Осыдан бастап аталған шығарманың әсерімен Реза шах дәуірінің күйреген күйін суреттеген бірқатар романдар дүниеге келді. Сол дәуірдің ең танымал қоғамдық романдарының қатарына Аббас Халилидің «Рузгар-е сиаһ», «Ентеқам вә асрар-е шәб», Шейх Дәуләт Абадидің «Шәһр-е наз», Санатизаде Керманидің «Мәжмә-е диванеган» және т. б. қоғамдық романдар жатады.
Бұл романдар негізінен екі басты тақырыпты қамтыған, олар:
- Ирандағы әйелдердің мәселелері мен олардың басындағы бақытсыз жағдайлар.
- Биліктегі сауатсыздық пен жаңа мәдени-қоғамдық саты жұмысшылардың қараңғылығы.
Бұл қоғамдық романдардың дамуына әсер еткен маңызды факторлар, олар тарихи романдар мен шетелдік әдебиеттің парсы тіліне аударыла бастауы болатын.
Осы кезеңде көптеген батыс жазушыларының шығармалары, әсіресе француз әдебиетің шығармалары көптеп парсы әдебиетіне аударылды. Олар Ломартин, Александр Дюма, Лорд Байрон, Анатоль Франс, Виктор Гюго секілді жазушылардың шығармалары болатын.
Жаңа парсы прозасына шетелдік әдебиет туындыларының әсер етуімен қатар сол шетелдерде оқып, білім алып келген азаматтардың да қоғамдық, мәдени өмірге ықпалы болды. Олар парсы прозасына тікелей әсер ете отырып, жаңа формалар мен мағыналар әкелді. Міне солардың қатарына Садық Хедоят, Бөзөрг Әләви, Садық Чубәк және т. б. озық ойлы жазушыларды жатқызуға болады. Осы жазушылардың әрқайсысы жаңа парсы прозасына өздерінше ықпал етіп, жаңалықтар енгізді деп айтуға болады. (30-48)
2 Саид Мужтаба Бөзөрг Әләвидің өмірі мен әдеби ортасы.
Әдебиет өнердің бір түрі десек, онда ол сөз өнері. Ал сол сөз өнері туралы сөз қозғап, сол өнерді жасаушы шебер жөнінде айтпай кетуге болмайды. Сол шебер кім, оның қоғамдық тұрпаты, тұлғасы, табиғаты қандай деген сауалдарды жауапсыз қалдыруға болмайды. Суреткер бітімін, талант табиғатын байыптағанда өнер иесіне тән жекелеген ерекшеліктерге назар аудара тұрып, оның жеке өз басының дара қасиетін, оның рухани жан дүниесін, әлеуметтік кейпі мен моральдық кескінін, дүние танымы мен қоғамдық қызметін, білімі мен мәдениетін ескермеуге тіпті де болмайды. Негізінде жазушының сипатын оның азаматтық рухынан, қоғамдық бітімінен бастаған дұрыс болар деп ойлаймыз.
Сонымен Саид Мужтаба Бөзөрг Әләви 1904 жылдың 2 ақпанында (х. ш. -1282ж) Иранның астанасы Теһран қаласында дүниеге келген. Оның әкесі Қажы Сеид Әбулхасан және атасы Қажы Сеид Мұхаммед Сәраф Иранның алғашқы ұлттық мәжілісінің депутаттары болған, ал шешесі болса Иран конституциялық қозғалысының берік негізін қалаушылардың бірі аятолла Табатабаидің тікелей немересі болған. Әкесі Сеид Әбулхасан Әләви және шешесі Хадиша Қанар ас-Садат дәстүрлік бағытты ұстанған және конституциялық қозғалысты жақтаған отбасы болған. Олардың жанұясында үш ұл, үш қыз, яғни алты перзент болған. Ал Мужтаба Бөзөрг Әләви болса олардың үшінші перзенті болып табылады. Мужтабаның әкесі конституциялық қозғалыстың алғашқы кезеңінде шетелдік отаршылармен, яғни Иранның байлығына көз тіккен Англия мен Ресейге қарсы шыққан Иран демократиялық партиясының мүшесі болған. Ол негізінен немістермен сауда-саттық мәміле, келісімдер жасап күнелткен және де бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде олар отбасымен Германияға қоныс аударады.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz