«Математика» оқу пәнінің базалық мазмұны


Пән: Математика, Геометрия
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 22 бет
Таңдаулыға:   

III. «Математика» оқу пәнінің базалық мазмұны

3. 1 Оқытудың екі циклының әрқайсысына арналған базалық масзмұнының тарауларына сипаттама

Оқытудың бірінші циклы бойынша (1- 2 сыныптар) «Математика» оқу пәнінің базалық білім мазмұны тарауларына сипаттама

Сандар және өрнектер.

Оқытудың бірінші циклы екі концентр сандарын от 0-ден 100-ге дейінгі және 1000-ға дейінгі сандар аймағын қарастыруды көздейді. Бірінші сыныпта бір таңбалы сандар, толық ондықтар және 100 саны қарастырылады, ондықтармен және бірліктермен санау оқытылып-үйретіледі. Осы тараудың алдында дайындық кезеңі қарастырылады, онда «Жалпы ұғымдар» тарауы - объектілер, олардың белгілері мен қатынастары қарастырылады. Сан заттарды және құбылыстарды санаудың, шаманы өлшеудің және амал орындаудың нәтижесі ретінде қарастырылады.

Екінші сыныпта жүздіктермен, ондықтармен және бірліктермен санау оқытылады. Балалар екі таңбалы, үш таңбалы сандарды шығарып алумен, олардың атауымен, ретімен, оқылуымен, жазылуымен және салыстырумен танысады. Екі және үш таңбалы сандарды разрядтық қосылғыштарға жіктеуге үйренеді. Бірліктер класының жүздіктер, ондықтар және бірліктер разрядтарымен танысу жүзеге асырылады. Жүз және мың сандарын шығарып алу қарастырылады. «Разряд» және «класс» терминдері оқытудың бірінші циклында негізілмейді.

Оқытудың аталмыш сатысында сандарды қосу және азайту амалдары қарастырылады.

Бірінші сыныпта арифметикалық амалдардың - «қосу», «азайту» - қосуға кері амал ұғымдары енгізіледі. Қосуды тексеру. Азайтуды тексеру. Қосудың ауыстырымдылық қасиеті бірінші сыныпта, терімділік - екінші сыныпта оқытылып-үйретіледі. Бірінші сыныпта 10 көлеміндегі бір таңбалы сандарды қосудың кестелік жағдайлары және азайтудың сәйкес жағдайлары оқытылады, толық ондықтарды қосу және азайту, нөл мен 1-ге амалдар қолдану. Екінші сыныпта ондықтан аттайтын жағдайлардағы бір таңбалы сандарды қосудың кестелік жағдайлары және азайтудың сәйкес жағдайлары, 11-ден 20-ға дейінгі сандардың құрамы оқытылады. Толық жүздіктерді қосу және азайту.

Екінші сыныпта екі және үш таңбалы сандарды қосу мен азайтудың разрядтан аттамайтын және разрядтан аттайтын ауызша жағдайлары енгізіледі. Екі және үш таңбалы сандарды қосу мен азайтудың алгоритмі (жазбаша тәсілдері) оқытылады. Балалар тиімді есептеу тәсілдерімен (қосудың ауыстырымдылық және терімділік қасиеттері негізінде) танысады. 100 көлеміндегі амалдарға және кестелік жағдайларға келтірілген үш таңбалы сандарды қосу мен азайтудың ауызша тәсілдері қарастырылады. Қосу мен азайтудың әлдеқайда қиын ауызша және жазбаша тәсілдері келесі сыныпта оқытылады. Алайда есептеу тәсілдері жөніндегі білімді 1000-ға дейінгі сандар аймағында балалар өз бетімен қолданулары мүмкін.

Бірінші сыныпта бағдарлама тек санды өрнектер қарастыруды көздейді. Оқушылар санды өрнектерді құрастырады, оқиды, жазады, мәнін табады. Екінші сыныпта санды өрнектермен қатар әріпті өрнектер де оқытылады. Санды және әріпті (әріптің берілген мәніне сәйкес) өрнектердің мәнін табу қарастырылған. Балалар амалдардың орындалу ретін белгілеу үшін жақшаларды қолданумен танысады, жақшалы және жақшасыз екі немесе одан да артық амалмен берілген өрнектердегі амалдардың орындалу рет тәртібін оқып-үйренеді.

Бірінші сыныпта «есеп» ұғымы және оны шешу процесі енгізіледі. Жай есептің: арифметикалық қосу және азайту амалдарының мән-мағынасын ашуға, «артық», «кем»» қатынастарымен байланысты бірнеше түрлері қарастырылады. Оқытудың бірінші циклында есепті шығарудың арифметикалық тәсілі басым болады. Практикалық және графикалық, аралас тәсілдері қолданылуы мүмкін. Екінші сыныпта қосу мен азайту амалдарының және тура және жанама түрде тұжырымдалған «артық», «кем» қатынастарының мән-мағынасын ашуға, айырмалық салыстыруға, амалдардың белгісіз компоненттерін (белгісіз қосылғыштар, азайғыш, азайтқыш) табуға арналған бір амалмен шығарылатын есептерді шығарумен байланысты жұмыстар жалғастырылады. Екінші сыныпта балалар «берілгенге кері есептер» ұғымымен танысады. Өзара кері есептерді шығарады және құрастырады. Екі амалмен шығарылатын есептер және есепті әр түрлі арифметикалық тәсілмен шығару енгізіледі.

Оқытудың бірінші сатысында ұзындық, масса, уақыт, сыйымдылық сиқты шамалар, ұзындықтың (сантиметр, дециметр, метр), массаның (килограмм), сыйымдылықтың (литр), уақыттың (сағат, минут, секунд, тәулік, апта, ай, жыл, ғасыр, мүшел) өлшем бірліктері оқытылады. Оқушылар шамаларды өлшеуге үйренеді, ұзындықтың, массаның, уақыттың өлшем бірліктері арақатынасын меңгереді. Есептерді шығару мен тапсырмаларды орындау барысында шаманың мәнін салыстыру және қосу мен азайту жүзеге асырылады.

Шамалар және оларға арифметикалық амалдар қолдану сандар және оларға амалдар қолданумен қатар оқытылып-үйретіледі. Бұл ондық санау жүйесін игеруге және шамалардың өлшем бірліктері арасындағы қатынасты игеруге негіз болады.

Теңдеулер және теңсіздіктер.

Бірінші сыныпта балалар «>», «<», «=» таңбаларымен, «теңдік», «теңсіздік» терминдерімен танысады. 1-2-сыныптарда қарапайым теңсіздіктерді құрады және оқиды. Екінші сыныпта алғаш рет «теңдеу» ұғымы енгізіледі және теңдеуді шешудің әр түрлі: «сынап көру», қосу мен азайту амалдарының өзара кері екендігіне және тура теңдіктің қасиетіне сүйеніп шешу тәсілдері қарастырылады.

Геометриялық фигуралар. Геометриялық шамаларды өлшеу.

Оқытудың осы деңгейінде нүкте; сәуле; кесінді; түзу, қисық, сынық сызықтар (тұйықталған, тұйықталмаған) сияқты фигуралар оқытылады. Тік, сүйір және доғал бұрыштар, көпбұрыштар және олардың түрлері; көпбұрыштың төбелері, қабырғалары және бұрыштары. Бірінші сыныпта оқушылар заттар мен кесінділерді өлшейді, берілген өлшемі бойынша кесінділер сызады, жазықтықта көпбұрыш салады.

Екінші сыныпта тік төртбұрыш (шаршы) және оның қасиеттері оқытылып-үйретіледі. Тор көзі бар қағазда тік төртбұрышты (шаршыны) салу орындалады. Оқушылар сынық сызықтың ұзындығын және көпбұрыштың периметрін табады.

Ықтималдықтар теориясы мен математикалық статистиканың элементтері.

Бірінші сыныпта оқушылар кестенің элементтері: қатарлар мен бағандарды ажыратуға үйренеді. Екінші сыныптың соңына қарай ақпаратты кестелерде көрсету тәсілдері туралы түсінік кеңейтіледі. Кестеде берілген ақпаратты оқу мен жазуға, түрлі схемаларды (есептер, өрнектер, «артық», «кем» қатынастарының графтары және т. б. ) оқуға жаттықтыру қажет. Практикалық тәсілмен (ретсіз және жүйелі іріктеу) шығаруға болатын комбинаторикалық есептердің қарапайым түрлері ұсынылады. Балалар заттармен, олардың модельдерімен әрекеттер жасауы және нұсқаларды бояулары мүмкін.

Оқытудың екінші циклы (3-4 сыныптар) бойынша «Математика» оқу пәнінің базалық мазмұнының тарауларына сипаттама

Сандар мен өрнектер.

Үшінші сыныпта қарастырылатын сандар аймағы кеңейтілмейді. Үшінші сыныпта үш таңбалы сандарды қосу мен азайтуды (әлдеқайда қиын ауызша және жазбаша тәсілдерді) оқыту аяқталады және есептеу біліктері мен дағдыларын бекіту жүзеге асырылады. 1000 көлеміндегі сандарға қосу, азайту, көбейту, бөлу амалдарын қолдану оқытылады. 4-сыныпта балалар «разряд» және «класс» ұғымдарымен және терминдерімен танысады. Көп таңбалы сандарды жазудағы орнына қарай цифрдың мәні көп таңбалы сандарды оқи, жаза, салыстыра, сандарды разрядтық қосылғыштарға жіктей алу біліктерін қалыптастыруға негіз болады. Оқытудың екінші циклында барлық натурал сандар мен нөл санын оқыту жүзеге асырылады. 1 000 000 көлеміндегі нумерациялық материалдарды игеру міндетті болып табылады. 4-сыныптың соңына қарай оқушылардың теріс емес бүтін сандар нумерациясы жайлы түсінігі болуы тиіс.

4-сыныпта оқушылар 1 көлеміндегі көп таңбалы сандарға арифметикалық амалдар қолдануды оқып-үйренеді, теріс емес бүтін сандарды қосуға, азайтуға, көбейтуге және бөлуге үйренеді. Арифметикалық амалдардың қасиеттері ауызша және жазбаша есептеу тәсілдерін енгізудің теориялық негізі болып табылады.

Үшінші сыныпта көбейту және бөлу амалдарын оқыту басталады. Көбейту және бөлу амалдарының мән-мағынасы ашылады, көбейту және бөлу амалдарының компоненттері мен нәтижелерінің атаулары енгізіледі. Оқушылар бір таңбалы сандардың көбейту кестесін құрады және дағды деңгейіне дейін көбейту кестесін және бөлудің сәйкес жағдайларын игереді. Көбейту мен бөлуді орындау барысында 0 мен 1-дің қасиетін қолдану, көбейтудің ауыстырымдылық, терімділік және үлестірімділік қасиеттері есептеу тәсілдерін енгізуде негіз болып табылады. Үшінші сыныпта оқушылар мың көлеміндегі сандарға ауызша кестелік және оған келтірілген жағдайлардағы төрт арифметикалық амалды орындауға, көбейту мен бөлудің дұрыс орындалғандығын тексеруге үйренеді. 4-сыныпта сандарды қосу мен азайту тәсілдерін оқыту жалғасады. Бұл - 100 және 1000 көлеміндегі амалдарға, кестелік жағдайларға келтірілген көп таңбалы сандарды қосу мен азайтудың ауызша тәсілдері. Көп таңбалы сандарды қосу мен азайтудың жазбаша тәсілдерін оқыту барысында 3-сыныпта оқытып-үйретілген 1000 көлеміндегі белгілі есептеу тәсілдері үлкен сандар аймағына көшіріледі. Тиімді есептеу тәсілдері жөнінде түсінік беріледі. Көбейту мен бөлудің ауызша және жазбаша тәсілдері қарастырылатын сандар аймағының кеңейтілумен байланысты. Сандарды көбейту мен бөлудің төмендегідей тәсілдері енгізіледі: сандарды 10-ға, 100-ге, 1000-ға көбейту және бөлу; көп таңбалы сандарды бір таңбалы санға көбейту мен бөлудің алгоритмі (жазбаша тәсілдер) ; нөлмен аяқталатын сандарға амалдар қолдану; көп таңбалы сандарды екі таңбалы санға көбейту және бөлу; көп таңбалы сандарды үш таңбалы санға көбейту және бөлу.

Оқытудың екінші циклында оқушылар әр түрлі жай және құрама есептерді шығаруға жаттығады. Бір және екі амалмен шығарылатын есептерді салыстыру және түрлендірумен байланысты жұмыс жүргізіледі. 3-сыныпта қатынастармен байланысты (тура және жанама түрде тұжырымдалған) бір амалмен шығарылатын есептерді салыстыру және түрлендіру жүзеге асырылады, өзара кері есептердің үштігі құрастырылады.

3-сыныптағы жай есептің жаңа түрі шамалар арасындағы тәуелділікке (баға, сан, құн; бір заттың массасы, заттың саны, барлық заттың массасы және т. б. ) негізделген есептер болып табылады. 4-сыныпта жай есептің жаңа түрі жылдамдық, уақыт, қашықтық сияқты шамалар арасындағы тәуелділікке негізделген бір амалмен шығарылатын есептер болып табылады. Олардың арасындағы тәуелділік оқытылып-үйретіледі, «жақындау жылдамдығы» және «алыстау жылдамдығы» ұғымдарымен таныстырылады. Осы мақсатпен кері есептер құрастыру, есептерді салыстыру және түрлендіру қарастырылады.

4-сыныпта бір бағыттағы және қарама-қарсы бағыттағы қозғалысқа берілген 2-3 амалмен шығарылатын есептер оқытылады. Қозғалысқа берілген, біріге жұмыс жасауға арналған, пропорционал бөлуге берілген есептер әр түрлі тәсілмен шығарылады.

Есепті әр түрлі тәсілмен шығару, берілген есепке кері есептер құрастыру және шығару сияқты есеппен жүргізілетін түрлі іс-әрекет барысында барлық арифметикалық амалдар арқылы шығарылатын 3-4 амалды есептердің әр түрлерін шығаруға машықтандырылады.

Оқытудың екінші циклында негізгі шамалармен таныстыру жалғастырылады. 3 және 4-сыныптарда қарастырылған сандар аймағына сәйкес жаңа өлшем бірліктері оқытылады. Шамаларды оқытып-үйрету геометриялық материалдарды енгізумен тығыз байланысты. Ұзындықтың өлшем бірліктерін оқытуда кесіндінің ұзындығын өлшеу, сынық сызықтың ұзындығын, көпбұрыштардың периметрін есептеп табу жүзеге асырылады.

«Жылдамдық», «еңбек өнімділігі», «баға» және т. б. жаңадан енгізілетін ұғымдар болып табылады. Шамалар арасындағы тәуелділік (бір қалыпты түзу сызықты қозғалыстағы жылдамдық, уақыт және қашықтық; заттың бағасы, саны, құны; жұмыс, еңбек өнімділігі және жұмыс уақыты арасындағы) есептерді шешу барысында меңгеріледі. Егер 1-2-сыныптарда шамаларды қосу және азайту орындалған болса, осы сатыда шаманы санға көбейту және бөлу қосылады. Есептерді шешу барысында шамалардың мәндерімен арифметикалық амалдар орындалады.

Шамалардың бірліктерін түрлендіру шамалардың мәні бойынша үлесін табу және үлесі бойынша шаманың мәнін табумен байланыстырылады. Осы мақсатпен санның (шаманың) үлесін табу және үлесі бойынша санды (шаманы) табумен байланысты есептер шығару ұсынылады.

Есептерді шешу тәсілдерінің ішіндегі арифсетикалық тәсіл басым болады, схемалық модельдеу қолданылады. Схема берілген деректер мен ізделінді арасындағы байланыстар мен қатынастарды модельдейді. Есептер мен өрнектерді схемалық модельдеу есеп және оны шешу процесі, құрылымы әр түрлі өрнектер жөніндегі білімді жалпылауға көмектеседі. Екінші циклдағы оқыту есептің шешуін амалдар бойынша, түсіндіре отырып, амалдар бойынша, сұрақтардың, өрнектердің көмегімен жазудың әр түрлі тәсілдерін қолдануды көздейді.

Есеп пен өрнектің модельдері есеп және оны шешу тәсілдері, құрылымы әртүрлі өрнектер туралы білімді жалпылауға көмектеседі. Амалдардың белгілі бір орындалу реті жөніндегі алгоритм туралы білім ауызша және жазбаша қосу, азайту, көбейту және бөлу алгоритмін құрастыруға тірек білім болады.

Оқушылар өрнектерді оқу мен жазуда математикалық терминологияны қолданады, құрылымы әртүрлі санды және әріпті өрнектерді таниды. Бағдарламада құрылымы әлдеқайда күрделірек санды және әріпті (бір айнымалысы бар) өрнектерді құру, оқу, жазу, олардың мәндерін табу көзделеді. Жақшалы және жақшасыз барлық арифметикалық амалдар орындау көзделген өрнектердегі амалдардың орындалу ретін анықтауға арналған тапсырмалар жүйелі түрде беріледі. Оқушылар 2-3 амалмен (4 және одан да артық амалмен болуы мүмкін) орындалатын санды және әріпті өрнектерді құрастырады, оқиды және жазады, олардың мәндерін табады.

«Теңдеулер мен теңсіздіктер» мазмұндық желісі. Жаңа ұғымдар мен терминдер енгізілмейді, санды теңдіктер мен теңсіздіктер, теңдеулер туралы білім кеңейтіледі. Оқушылар құрылымы әр түрлі санды теңдіктерді және теңсіздіктерді, теңдеулерді оқу мен жазуда математикалық терминологияны қолданады.

3-4-сыныптарда қарапайым теңдеулерге келтіру негізінде тура теңдіктің қасиетіне және өзара кері амалдарға сүйену туралы білімді қолдана отырып, құрылымы күрделірек теңдеулерді құрастыру мен шешу енгізіледі.

4-сыныпта теңдеу құру арқылы бір-екі амалмен шығарылатын есептермен таныстыру жүзеге асырылады.

Геометриялық фигуралар. Геометриялық шамаларды өлшеу. Геометрия элементтері оқу жылы бойына оқытылып-үйретіледі. Геометриялық фигураларды тану, белгілеу, бейнелеу, салумен байланысты жұмыстар жүйелі түрде жүргізіледі. Бұрыштың градустық өлшемі туралы түсінік, бұрыштардың шамаларын өлшей алу және оларды транспортирдің көмегімен салуға сәйкес біліктер қалыптастырылады. Жазық фигуралардан шеңбер, дөңгелек оқытылып-үйретіледі. Геометриялық фигуралардың нүктелер жиынынан тұратындығы жөнінде түсінік беріледі.

Көбейту мен бөлу амалдарын білу геометриялық шамаларды және оларды табу тәсілдерін енгізуге мүмкіндік береді: аудан; ауданның бірліктері; тік төртбұрыштың (шаршының) ауданын есептеу; тік бұрышты параллелепипедтің (текшенің) көлемі, көлемнің бірліктері. 3-сыныпта шамалардың бірліктерін (дм 2 , м 2 , см 2 ) және олардың арақатынасын енгізу және бекіту қажет. 4-сыныпта ауданның бірліктерін: км 2 мм 2 ар, га, және көлемнің бірліктерін: мм 3 , см 3 , дм 3 , м 3 , олардың арақатынасын енгізу және бекіту қажет. Тік төрбұрыштардан құрастырылған фигураның ауданын және тік бұрышты параллелепипедтерден (текшелерден) құрастырылған фигураның көлемін табуға арналған тапсырмалар ұсынылуы мүмкін.

3-сыныпта көпбұрыштың периметрін таба алу білігі бекітіледі, палетканың көмегімен көпбұрыштың ауданын есептеп табу білігі қалыптастырылады. 3-сыныпта көлемді заттар туралы түсінік қалыптастырылады, текшенің көлемін табу оқытылып-үйретіледі. 4-сыныпта көлемді заттармен таныстырылады, тік бұрышты параллелепипед және оның көлемін табу оқытылып-үйретіледі.

4-сыныпта кесіндіні қақ бөлу, параллель және перпендикуляр түзулер жүргізу, үшбұрыш салу, циркульдің көмегімен шеңбер (дөңгелек) салу сияқты қарапайым геометриялық салулармен таныстыру жүзеге асырылады.

Ықтималдықтар теориясы мен математикалық статистиканың элементтері қызықты тапсырмалар мен шығармашылық жаттығуларды орындау барысында қарастырылады. Комбинаториялық есептерді шығару барысында комбинаториялық кестелер, графтар, мүмкіндік «діңгегі» қолданылады. Қосынды мен көбейтіндінің ережелері қолданылуы мүмкін. Кестеде берілген ақпаратты оқу мен жазуға, түрлі схемаларды (есептер, өрнектер, «артық/есе артық», «кем/есе кем» қатынастарының графтары және т. б. ) оқуға жаттықтыру қажет. Қарапайым оқиғалардың ықтималдығы практикалық тәсіл (эксперимент) арқылы тағайындалуы мүмкін. Құрылымы күрделі арифметикалық лабиринттер осы тараудың материалдарын есептеу дағдыларына машықтандырумен байланыстырылады. Балалар алғаш кестелер мен диаграммалардағы статистикалық ақпараттарды көрсетіп беру мәселелерімен кездеседі.

3. 2 Сағаттары көрсетілген базалық білім мазмұнының сыныпаралық бөлінуі

1-сыныптың базалық мазмұны.

(аптасына 4 сағат, барлығы - 128 сағат)

Жалпы ұғымдар (12 сағ. )

Объектілер, олардың белгілері. қатынастар (12 сағ. )

Заттар және олардың қасиеттері (белгілері) : түсі, пішіні, өлшемі, материалы, мәні. Объектілерді өлшемі мен пішініне қарай салыстыру.

Белгілі бір қасиеттері бойынша объектілерді топтан бөліп алу; объектілерді салыстыру, белгілі бір қасиеттері бойынша объектілерді топтарға бөлу. Объектілердің топтарын біріктіру. Тік төртбұрыш, дөңгелек, шаршы тәріздес заттардың мысалдары.

Объектілердің орналасуы (оң жақта, сол жақта, төменде, жоғарыда, т. б. ) .

Қозғалыс бағыттары (солдан оңға қарай, оңнан солға қарай, жоғарыдан төменге қарай, төменнен жоғарыға қарай) .

Әрекеттердің реті (алдымен, содан соң, ерте, кеш) . Объектілердің екі тобын біріктіру. «Артық», «кем», «сонша».

Сандар және өрнектер ( 86 сағ . )

Сандар (36 сағ. )

Заттарды санаудың нәтижесі ретіндегі натурал сан.

Цифр - сан жазуда қолданылатын таңба. Есептік және реттік санау. Нөл. Бір таңбалы сандардың атауы, реті, оқылуы және жазылуы. Сандардың құрамы. Сандарды салыстыру.

10 саны. Ондықты шығарып алу. Ондықтармен санау. Ондықтардың атауы, реті, оқылуы, жазылуы және оларды салыстыру.

Қосу және азайту (24 сағ. )

Объектілерді жиынға біріктіру. Жиыннан ішкі жиынды бөліп алу. Сан амал орындаудың нәтижесі ретінде.

10 көлеміндегі сандарды қосу және азайту (амалдардың мән-мағынасы, атаулары, «+», «-» таңбалары) . Қосылғыштар мен қосынды. Азайғыш, азайтқыш және айырма. Қосындының және айырманың мәні. Қосу мен азайтудың өзара байланысы. Қосудың ауыстырымдылық қасиеті. Қосу мен азайту орындаудағы нөл мен бірдің қасиеті.

Қосу мен азайтудың тәсілдері. Бір таңбалы сандарды қосудың кестелік және азайтудың сәйкес жағдайлары. Толық ондықтарды қосу және азайту.

Есептер (14 сағ. )

«Есеп» ұғымы, оның құрамды бөліктері. Қосу мен азайту амалдарының мән-мағынасын; «артық», «кем» ұғымдарының мән-мағынасын ашуға арналған бір амалмен шығарылатын есептер.

Шамалар және оларды өлшеу (12 сағ) .

Сан шаманы өлшеудің нәтижесі ретінде. Шамалар (ұзындық, уақыт) туралы түсінік. Заттарды ұзындығына қарай салыстыру. Шартты өлшеуіштің көмегімен ұзындықты өлшеу.

Ұзындықты және уақытты өлшеу. Сантиметр. Сағат. Дециметр және оның сантиметрмен арақатынасы.

Теңдеулер мен теңсіздіктер (4 сағ. )

Санды теңдіктер, санды теңсіздіктер. Салыстыру таңбалары: «=», «>»; «<». Қосындыны мен айырманы құру, оқу, жазу және олардың мәндерін табу.

Геометриялық фигуралар. Геометриялық шамаларды өлшеу (10 сағ. )

Кеңістікті және жазықтықты бағдарлау: «үстінде», «астында», «жоғарыда», «төменде», «арасында», «сол жақта», «оң жақта», «ортасында» және т. б.

Нүкте. Түзу, қисық, сынық (тұйықталмаған, тұйықталған) сызықтар. Кесінді. Сәуле. Бұрыш. Көпбұрыштар: үшбұрыш, төртбұрыш, тік төртбұрыш, шаршы, бесбұрыш, алтыбұрыш. Дөңгелек. Қарапайым геометриялық фигуралардың модельдері. Бөліктерден фигура құрастыру және фигураны бөліктерге бөлу.

Берілген өлшемі бойынша кесінді сызу. Кесіндінің ұзындығын арттыру және кеміту. Кесінділердің ұзындықтарын қосу мен азайту.

Ықтималдықтар теориясы мен математикалық статистиканың элементтері (6 сағ. )

Кесте. Қатарлар мен бағандар.

Қарапайым комбинаторикалық есептер және олардың қарапайым шешу тәсілдері.

Қорытынды қайталау (10 сағ. )

Бір таңбалы сандар. Толық ондықтар. Сандарды оқу, жазу және салыстыру. Ұзындық және уақыт аралығы. Сандар және біртекті шамаларды (ұзындық пен уақыт) қосу және азайту. Есептер. Геометриялық фигуралар.

2-сыныптың базалық мазмұны

(аптасына 4 сағат, барлығы - 128 сағат)

Тірек білімді белсендіру (4сағ. )

0-ден 10-ға дейінгі сандар, толық ондықтар. 10 көлеміндегі сандардың құрамы. 10 көлеміндегі сандарды, толық ондықтарды қосу және азайту. Геометриялық фигурлар. Есеп. Теңдіктер мен теңсіздіктер

Сандар және өрнектер (90 сағ. )

1-ден 1000-ға дейінгі сандар (22 сағ. )

Ондықтармен және бірліктермен санау. Жүздіктер, ондықтар және бірліктермен санау. Екі, үш таңбалы сандарды шығарып алу, атау, реті, оқу, жазу және салыстыру. Екі және үш таңбалы сандарды разрядтық қосылғыштардың қосындысына жіктеу. Жүздіктер, ондықтар мен бірліктер разряды, олардың сандардың жазылуындағы орны. Жүз және мың саны.

Сандарды қосу және азайту (66 с ағ . )

Қосу. Қосуды тексеру. Азайту - қосуға кері амал. Азайтуды тексеру. Қосудың терімділік қасиеті.

Бір таңбалы сандардың разрядтан аттайтын кестелік жағдайлары және азайтудың сәйкес жағдайлары. 11-20 сандарының құрамы.

Санды және әріпті өрнектер. Өрнектерді құру, оқу және жазу. Санды және әріпті өрнектердің мәні.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
2 – сынып математика пәні мазмұн ерекшеліктері
Математика оқу пәнінің базалық білім мазмұны тарауларына сипаттама
Жиынтық бағалау рәсімдері
Бастауыш сыныпта информатика пәнінің оқыту ерекшелігі
Шағын жинақталған мектептердегі мәселелерді шешу
Жаратылыстану-математикалық бағытта бейіндік оқытудың әдістемелік ерекшеліктері
2 – сынып математика пәні мазмұнының ерекшеліктері туралы
Жаратылыстану-математика бағытындағы информатикадан жүргізілетін қолданбалы курстар
Информатиканы продуктивті оқыту әдістері
Мектепте информатика пәнін оқытудың әдістемелік жүйесінің ерекшеліктері
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz