ФАРИЗА ОҢҒАРСЫНОВА ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ ЖАЛҒЫЗДЫҚ САРЫНЫ


Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 33 бет
Таңдаулыға:   

ФАРИЗА ОҢҒАРСЫНОВА ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ ЖАЛҒЫЗДЫҚ САРЫНЫ

М А З М Ұ Н Ы

КІРІСПЕ . . . 3

І ТАРАУ

ФАРИЗА ОҢҒАРСЫНОВА ЛИРИКАСЫНДАҒЫ

МІНЕЗ БЕН ТАРТЫС . . . 5

ІІ ТАРАУ

АҚЫН ӨЛЕҢДЕРІНДЕГІ ЛИРИКАЛЫҚ КЕЙІПКЕР ЖӘНЕ ЖАЛҒЫЗДЫҚ

2. 1. Лирикалық кейіпкер және ақындық «мен» . . . 22

2. 2. Лирикалық кейіпкер жалғыздығы және психологизм . . . 27

ҚОРЫТЫНДЫ . . . 41

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ . . . 43

К І Р І С П Е

Қазақ әдебиеті қазіргі таңда поэтикалық жағынан алғанда әлемдік әдебиет жауһарларына қойылатын талаптардың барлығына жауап береді. Әдеби жанрларды игеру, олардың көркемдік әлемін ашу, кейіпкерлерді даралау, психологиялық талдаулар жасау жағынан алғанда әдебиетіміздегі көркемдік көкжиектері жылдан жылға кеңейіп өзінің поэтикалық жағынан жетілгенін айқындап келеді. Поэзиялық туындылар қазіргі таңда ағым-бағыты, стилі, жанрдың сипатын ашуы жағынан ерекше бір көркемдік құбылысқа айналған. Лирикалық туындылардың көркем әдебиет жанрлары ішінде өзіндік маңызды орны бар . Қазіргі біздің зерттеу нысанасы ретінде алып отырғанымыз да лирикалық туындылар және олардың көркемдік ерекшелігі ретінде мінез бен тартыстың өзіндік ерекшелігіне үңілу болып табылады. Лирикалық туындыларды зерттеу жағынан алғанда қазақ әдебиеттану ғылымы ауыз толтырып айтарлық жетістіктерге жетті. ХХ ғасырдағы әдебиеттану ғылымының дамуы көкжиегі лирикалық шығармаларды зерттеуде, оның «су астындағы бөлігін» талқылап тануда, туындылардың тереңіне бойлап көркемдік ерекшелігін ашуда табыстарға жетті.

Теориялық мәселер А. Байтұрсыновтан бастау алып, Қ. Жұмалиев еңбектерінде жалғасып тауып, З. Ахметов, З. Қабдолов, Р. Нұрғали сынды ғалымдардың еңбектерінде тамырына терең бойлай талданды. Жоғарыда аталған ғалымдардың еңбегіне сүйене отырып, біз Ф. Оңғарсынова лирикасындағы мінез бен тартыс, сол негізде танылатын жан жалғыздығы мәселесін талдамақпыз.

Шығармашылықтағы лирикалық қаһарман мінезі мәселесі қазіргі таңда ақындық ұстаным, көркемдік әдіс пен тәсіл тұрғысынан да саралап қарастыратындай дәрежеде.

Жұмыстың басты мақсаты - өткен жиырмасыншы ғасырдың алпысыншы жылдарындағы қазақ лирикасына соны серпін, жаңа леп әкелген буынның қатарындағы Ф. Оңғарсынова тәрізді өзіндік үні мен бітімі бар ақынның шығармашылығына тоқтала отырып, адамның жан әлемінің бедерленуі мен бейнеленуі, жалғыздық күйін кешкен лирикалық кейіпкердің психологиялық ахуалын таныту.

Талдау және сараптамалық, тарихи-салыстырмалы және тарихи-типологиялық әдістер жұмысты жазудағы негізгі тәсілдер болып табылады.

Жұмыс мазмұнында Фариза Оңғарсынова лирикасындағы сезімдер қақтығысы, жан толқынысы мәселелері жүйелі түрде қарастырылады, өлең мазмұнынан көрінетін ішкі әлемнің қалпы, мұң мен қуаныш, қайшылық пен келісім сияқты ұғымдар талданады. Поэзиядағы мінез бен тартыстың лирикалық кейіпкер болмысын танытудағы маңызды ролі теориялық тұжырымдарға сүйене отырып көрсетіледі.

Диплом жұмысы екі тараудан, кіріспе мен қорытындыдан және әдебиеттер тізімінен тұрады.

І ТАРАУ

ФАРИЗА ОҢҒАРСЫНОВА ЛИРИКАСЫНДАҒЫ

МІНЕЗ БЕН ТАРТЫС

Адам баласының эстетикалық мұраттарына қызмет ететін көркемөнердің ішіндегі ең ерекше және өміршең түрге айналған сөз өнері екенін ықылым замандардан бері азуы алты қарыс ойшылдар мен ғалымдар, сөз қасиетіне бойлаған адамдардың барлығы айтып келеді. Сөз өнері адамзат баласын өзге жанды жаратылыстардан айырып тұратын ерекшеліктің бірі де бірегейі. Сөз өнерін «дертпен тең» деп берген ұлы ойышылдан артып оның қадір-қасиетін ешкім де жеткізе алмас. Ал сөз өнерінің бүгінгі біз білетін, біздер танып түсінген айрықша түрлері, адам ойын жеткізудің түрлі формалары бар. Көркемөнер сөз өнерімен қаншалықты бағалы болса, сөз өнері поэзиямен соншалықты құнды [1, 27] .

Сөз өнерінің құдіретті де қасиетті бір саласы - поэзия. Алла түсірген қасиетті кітаптардың да өлең өрнегімен жазылғанын бәріміз де білеміз. Осы тұрғыдан келгенде поэзия қаншалықты дарын мен қарым қабілетті, ғарыштан құйылар нұрлы сәулені тілейтінін түсінеміз.

Поэзия ақынның қоғамдық құбылыстардың барлығын санасында қайтадан қорытып, көркемдік қарым-қабілетпен қайта туындатқан, адамзатқа алуан түрлі әлемнің сырын түсіндіргісі келген жүрек сыры мен жан мұңы [2, 204] . Тақырып трансформацияға ұшыраған өмір шындығының көркем көрінісі. Поэзия сұлулық пен ақиқат, жақсылық пен парасат, жарасым гармонияны мұрат тұтқан бір тұтас рух майданы. Әр ақынның өзінің жүрегінде орын алған санасының қалтарысына қатпарланған танымдық әлемі өлең өнеріне өз өрнегін қалдырады. Ақын жаны - тым нәзік, тым бұзылғыш, өрекпіп тұр, оты басым. Әр ақын өз қоғамының призмасы арқылы дүниеге көз тігеді. Олардың осы ерекшелігін, жалпы ақындық өнердің табиғатын, өзімен замандас шығармашылық иелерінің туындыларын тани отырып ұлы Әл-Фараби бабамыз ақындарды үшке бөлген: бірінші топ - табиғи дарыны, өлеңді жазып, келісті оқуға қабілеті барлар; екінші топ - өлең өнерімен толық таныс, тәсілдерді, қағидаларды, әдеби құралдарды жетік білетіндер; үшінші топ табиғи дарынымен немесе арнайы жаттығумен жазатын ақындар [3, 22] . Дана ойшыл пікірі бүгінгі заман талабына да жауап беруге лайық сараптама. Философтың тұжырымына жүгіне отырып, оның ғасырлардың қойнауынан бастау алып жатқан ойын ескере отырып жаңағы топ-топқа бөлінген ақындар шығармашылығының тереңіне бойлап көрелік.

Көркем әдебиеттің бірде өрлеп, бірде тоқыраған көптеген ғасырлық тарихы бар екенін белгілі ғалымдардың барлығы айтып жүр. Әрбір тарихи дәуірдің өзінің тарихи ерекшелігі болатыны секілді, белгілі бір кезеңде өмір сүрген ақындардың өзінің дәуіріне қоғамына сай өзіндік үні мен лирикалық, поэтикалық сазы болады. Яғни, шығармашылық адам рухының зияткерлік туындылары тақырыптық, танымдық, идеялық жағынан сол заманға сай, сол қоғамдық процестердің талаптарына жауап береді. Сол ерекшеліктері арқылы позияның құдіретті де киелі даусы адамзат санасына өзінің барлық әсем сазын сіңіріп жатады.

Поэзиядағы тартыс пен мінез мәселесі күрделі де, қиын мәселе. Ол жанрдың өзіндік ерекшелігінен туындап, дамып өрбиді. Позиялық шығарманың формалық және жанрлық ерекшелігі аталған жанрдағы оның ішкі иірімдер арқылы жаңаша бір келбетке ие болады.

«Поэзиядағы характер мен тартыстың басты ерекшелігі олардың болуы немесе болмауы туралы заңдылығынан» туындайтыны баршамызға белгілі. Яғни, тартыс пен мінез мәселесі ғалымдардың да басын қатырып, санасын сарсылтқан, ойын онға бөлген теориялық тұрғыдан алғанда аса бір күрделі шетін мәселе. Шығармадағы тартыс пен мінезді қарастыруда прозада қалыптасқан заңдылықтарға сүйенушілер поэзияның теориялық тұрғыдағы айрықша қасиеттерін еске ала қоймады. Соның әсерінен поэзиядағы тартыс пен мінездің кең көлемді көкжиегі ашылмай қасаң түрде ғана айтылып жүрді [4, 128] .

Поэзия ең қарапайым анықтамасында адам сезімдерінің конкретті көрінісі болатынын, сол сезімдердің сан алуан ағымдары мен салаларынан туындап, өзінің формалық ерекшелігімен айқындалатын туындылар екенін бүгінгі әдебиеттану ғылымы ерекше атап көрсетіп жүр.

Бүгінгі лириканы сөз еткенде ертеден келе жатқан, ғұмыры ұзақ бұл жанрдың өміршеңдік сыры, ұрпақтан-ұрпақққа жетіп, дәстүр жалғап келе жатқан негізгі қасиетін, көркемдік критерийлерін көздеуге тиіспіз. Осы биіктен барып көркемдеу құралдарына, образ даму эволюциясына, амал-тәсілдеріне бойлап тартыс пен мінез мәселесіне көшеміз. Әрине, мұның бәрі жанды процесс күйінде көрініс беруге тиіс. Сондықтан да алдымен лириканың негізгі тамырына, табиғи ерекшелігіне назар аударалық [4, 182]

«Лирикада субъект затты өзінің аясына алып қана қоймайды, оны ерітіп, іші-бауырына тартып алады, сөйтіп затпен соқтығысудан туған түйсіктердің бәрінде де өзінің ішкі шыңырауынан сыртқа шығарады» [5, 8] . Лирика мылқау түйсікке тіл бітіріп, образ береді, оларды ыстық тар кеуденің, көркем өнердің әуесіне шығарып, өзгеше өмір береді. Лирика белгілі бір уақыт пен ортаның жемісі. Сол уақытпен ортаның перзентінің көңіл-күйі, жан тебіренісі. Оның бойындағы барша қасиет-қадірді нақтылы мезгіл рухы, дәуір мазмұны айқындамақ. «Лирика дегеніміз - көркем әдебиеттің негізгі саласының, жанрының бірі, басты ерекшелігі адамның көңіл-күйін, сезім дүниесін тікелей бейнелеп көрсетеді» [2, 133], - дейді белгілі ғалым, академик З. Ахметов. Яғни, лирикада ой мен сезім бірлесіп терең қабысады. Оған тартымды қуат-күш дарытатын терең ой мен суарылған, нәрленген жалынды сезім. Өмір, дүние, адам тағдыры туралы үлкен толғаныстан тумаған, жай сезімшілдік лириканы жандандыра алмайды. Лирикаға жан беретін сезімнің отты нәзіктігі. Лириканың басқа жанрлардан, мысалы, кең көлемді шығармалардан бірден-бір ерекшелігі де осында жатыр. Біз драмалық, эпикалық, лирикалық шығармалардың арасындағы өзгешеліктерді ықылым заманнан бері айтып келе жатқан ойшылдар мен ғалымдардың пікірінен білеміз [6, 34] . Олардың арасындағы жанрлық, түрлік, образдық жалпы поэтикалық ерекшелік бұл күнде жеріне жете талданған және өзінің ғылыми-теориялық тұжырымын тапқан. Олардың арасындағы сол айырмашылықтардан туындайтын қасиет олардағы өзіндік тартыс пен мінез мәселесіне келгенде де көрініп, оқшауланып жатады. Прозалық туындылардағы характер мәселесіне байланысты «Әдебиеттану терминдерінің сөздігі» кітабында былай деп көрсетілген: «Характер (әдеби характер) - көркем шығармадағы кейіпкердің мінез-бітімі, ой-сезімі дүниесіне тән психологиялық, моральдық сипат ерекшеліктері. Әдеби характер адамның өмірдегі мінез, қимыл-әрекет, өзгелшеліктерін жинақтап, екшеп, типтік дәрежеге көтеріп сомдап бейнелеу арқылы жасалады» [2, 221] . Яғни шығармадағы мінезді жекелеген қасиет-сипаттардың қосындысы деп санамай, солардың бірлік-тұтастығы, синтезі деп қараған жөн. Прозалық шығармадағы тартыстың да поэзиялық туындыларға қарағанда жолы мен жөні бөлек. Прозада тартыс кейіпкерлердің арасында, образдың даму тенденциялары арқылы өрбиді. Шығарма сюжетінің өріліуіне өзіндік үлесін қосады. Әрине, тартыссыз шығарма болмақ емес. Ал тартыс болған жерде прозада мінездің даралануы да ерекше байқалады. Поэзияда барлық поэтикалық түйін сезімге келіп тіреледі. Сезім шарпысы арқылы лирикалық сюжет өріледі, сезім дамуы арқылы тартыстың да белдеуі білінеді. Отты сезімнің өзегінде қайнап жататын тартыстың баршамызға айқын болмауының да басты мәселесі осы.

Ал драмалық шығармаларға келетін болсақ, атақты ойшыл Аристотельдің айтуы бойынша характер драмалық шығармаларға аса қажетті компоненттердің бірегейі. Яғни, характер толыққанды образдың, сүйекті шығарманың негізгі өзегі, алтын желісі болып қала бермек.

Реалистік қаһарманға тән характерді алдымен қалыптасу, өзгеріп-өрістеуі тұрғысынан алып түсіну, бағалау орынды. Оған қоса оның ішкі диалектикасы болатынын да ескеру қажет. Образ даралануы үшін оның характер дәрежесіне көтерілуі қажет екенін қазіргі таңдағы әдебиет зерттеушілер айтып жүр [7, 77] .

Көркем туындыда характер белгілі бір қоғамдық жағдайда қалыптасады, сол ортаға, өз уақытына сәйкес болады. Бұл қазіргі психология ғылымында да дәлелденген, негізге ие болған тұжырымдар қатарына жатады. [8, 12]

Бұл ұқсастықтар мен өзіндік даралықтарға мән бермес бұрын, қазақ поэзиясының даму эволюциясына көз жүгіртер болсақ сонау ат жалында, атанның қомында күн кешкен бабаларымыз туындатқан поэзияның өрісіне бір көз салмай кетуге мүлде болмайды. Қазақ поэзиясының ауыз әдебиетінің тереңінен нәр алған шығармашылық салалары жыраулар әдебиетінің дәстүрі олардағы ұлттық характердің даралығын айта кеткен шарт. Көшпенді ортада ғұмыр кешіп, сол ортаның табиғатына тарта туған тарпаң мінезін бойына сіңірген жыраудың шығармашылығы да өзінің рухы тәріздес болады.

Қазақ поэзиясы үшін ХХ ғасыр әлемдік әдебиет көркемдік шыңын меңгерумен құнды болды. Лирика жанры дамып өзінің шырқау биігіне шықты деуге де болады.

Лирикадағы мінез мәселесі жанрдың табиғаты тәрізді нәзік және көзге іліне бермейді, яғни ақынның ішкі менімен үндесіп, шығармадағы сезім ауанымен үйлесіп жүре береді. Лирикалық шығармада негізінен алғанда жеке адамның көңіл-күйі, сезімі суреттеледі деген пікір бұл күнде барлық ғалымдарға ортақ тұжырымға айналды. Ақын көбінесе өз жайын, өзінің айналадағы өмірге, әр түрлі құбылыс-жағдайларға көзқарасын сипаттайды. Бірақ ақын өзінің жайын, өз басының мұңын жырласа да қалай да халықтың мұңын, қуаныш-қайғысын сөз етеді. Бұл арада орыстың ұлы сыншысы В. Белинскийдің «ұлы ақын өзі туралы, өзінің жеке басы туралы айтса да, көптің тағдырын, адамзат жайын сөз етеді» деген пікірін айту жеткілікті [5, 122] . Ақын өз атынан сөйлеп отырғанымен онымен «қоса-қабат тіл қататын» яғни ақын оймен қабысып, бірде бұлдырап, бірде айқын танылатын лирикалық кейіпкердің бар екенін айтуымыз керек. Лирикалық кейіпкер, қарапайым тілмен айтсақ, шығармадан көрінетін адамның тұлға бейнесі. Ақынның нәзік сезімдерін жарқырата төгіп, сол сезімнің ақ моншақтарымен, қаралы гүлдерін алма-кезек шашып, асау сезімді сапырып тұратын лирикалық кейіпкердің характерін аңлау, барлау қиынның қиыны. Себебі, онда ақын мен «екінші адамның» арасындағы байланыс тым-тым жақын. Проза мен драмадағы салқынқандылық, яғни, нақты заттық ұғым бұл арада жүрек түкпірінен орын алатындығынан, яғни, тұнықты тереңнен сүзіп алғандай қол жетпесте жататынынан туындайды. «Лирикалық кейіпкердің характері бір өлең-жырда толығымен ашыла қоймайды. Бір шығармада бір қырынан көрінсе, басқа шығармада екінші қырынан көрінеді», -дейді академик Зәки Ахметов [2, 134] . Бұл шығармадағы тақырыптық өзгешеліктің, не болмаса ақынның көздеген, межелеген объектісіне де байланысты болса керек. Бір шығарма табиғат сұлулығын бейнелесе, екінші шығарма ақынның, яғни лирикалық кейіпкердің махаббат сезімін таспалайды. Осылардан келіп шығарма өзегіндегі характер мәселесінің нақтылығы бұлдырап тұрады. Мінез ақынның табиғатымен оның стильдік ерекшелігімен, шығарманың поэтикалық қуатымен үндесіп жатады.

Қазақ поэзиясының оның ішінде алпысыншы жылдар поэзиясының ерекше даму шыңына көтерілгенін айта кеткен орынды. ХХ ғасырдың орта шенінде қазақтың өнері мен мәдениеті, әдебиеті мен ғылымы айрықша дамып өркениетті елдер санатына енгенін тарих дәлелдеп отыр. Бүгінгі таңда сол асыл құндылықтарды игеру жағын ойластыру қажет. Қашанда әдебиеттің бетін айқындап, дәуір талабына үн қатып, оның қоғамдық қажетін өтейтін де жеке дара озған дарын екенін, өнер саңлақтары екенін тегін айтып отырған жоқпыз. Олай болса мінез бен тартысты даралағанда, оның ғылыми сипатына мән берген шақта біздің дара таланттардың шығармаларын негізге алатынымыз орынды болмақ. Жоғарыда аттары аталған талантты ақындарымыздың өзіндік эстетикалық мектебі бар, олардың шығармашылығындағы сан алуан сезім ауандарымен, тартыстарынан туындаған сан қырлы мінез даралығы бар екенін де ұмытпаған ләзім. Әрине, бір заманда туып-өскен, бір қоғамдық процестің қалыбынан шыққан ақындардың арасында замананың үні, заманның талабы туындатқан өзара ұқсастықтары бары рас, алайда ол ұқсастық ақын шығармаларындағы лирикалық кейіпкер мінезі тұрғысынан алғанда мүлде көрінбей де қалады.

Лирикалық кейіпкер арқылы адам жанының тереңі, қасиет-қуаты тереңінен көрініс тапты. Бұл өзі сол кезеңдегі қоғамдық демократияны кеңейтіп, жеке адамға, оның жандүниесі мен рухани ділгірлігіне тереңдей үңілуге шақырған уақыт талабына, қоғамдық сана-сезімнің өрлеуіне тұспа-тұс келген, және сонымен тікелей байланысты да құбылыс болатын [12, 98] .

«Лириканың тапқан бағдар-тірегі - нақ сол ақындық «меннің» жүрегіндегі, жарығын болмыстың бар бояуына риясыз төге бастаған айнымас шамшырақ шындық еді» [9, 98] .

Адам - қайшылығымен, күмәнімен, сенімімен, барша болмыс-бітімімен уақыттың жемісі. Шығарамадағы тұлғаның қалыптасуы ақынның дара қуатына байланысты болса, дара қуат шығармада мінездің даралануымен көрініс береді. Шығармадағы (лирикалық) сезім отын лаулатқан кейіпкердің характері өлеңнің өн бойындағы динамикалық драматизм арқылы көрініс береді. Лирикалық кейіпкердің егілген көз жасы, екпінді дауылы, жүрекжарды қуанышы, мөлдір сезімі шығарма өн бойынан оның өзіне тән характерлік сипатынан өрістетіп шағарады. Осыдан келіп алғанда лирикадағы мінез дегеніміз - лирикалық шығарамадағы ақынның қаламның қарымын көрсететін кейіпкердің ішкі сезімі, толғанысы, динамикалық қозғалысы, лириканың образдық даралығын танытатын шығарманың поэтикалық қуаты болады.

Ақын Ф. Оңғарсынованың «Бозбаланың күнделігі» өлеңдер шоғырына назар аударалық. Бұл өлеңдердің өзіндік ерекшелігіне қарап өлеңдер шоғырын лирикалық поэма деп атап жүргендер де бар [10, 246] . Қалай болғанда шығарманың өн бойындағы сезім желісі адамды баурап лирикалық кейіпкермен бірге оқырман да қуана көтеріліп, егіле босап отырады. Отты сезімнің ұшқынынан бастап, лаулап жануы, бықсып шалқуы, өшуіне дейінгі аралықты толыққанды бейнелеп өткен бұл өлеңдердің өзіндік ерекшелігі де мол. Кейіпкердің жандүниесінің сан құбылуы арқылы сезімнің кардиологиялық жиілігінде көргендей боламыз. «Яғни, қаһарманның жүрек қағысын аңдап отырған оқырман оның көңіл-күйіндегі, мінезіндегі өзгешеліктер мен айырмашылықтарды аңғарып отырады» [11, 191] . Шығарманың лирикалық сюжеті желісімен қаһарманың да мінезі де даралана береді ең соңында өміршең рухпен басын көтеріп, езілген қалыптан ермінезге ауысқан кейіпкердің санасындағы жеңілмес сезім оқырманынды баурап алады.

«Лиркалық кейіпкердің даралығы шығармадағы көңіл-күйді оқырманға бере білуімен өлшенеді», - дейді Хализев [12, 187] . Осы тұрғыдан алып қарағанда Ф. Оңғарсынованың аталған өлеңдеріндегі характер мәселесінің толыққандылығын жалтақтамай айтуға болады. Лирикаға тән нәрсе қоғамның қарапайым адамдарға түсініксіз тұстарын сезім бояуларымен конкретті түрге енгізу. Межелі тақырыптың ашылуы, діттеген идеяның тұтастай орындалуы лириканың характерлік сипатын одан әрі толықтыра түсетіні сөзсіз. Шығармада лирикадағы мінез айқын танылуы үшін, лирикалық кейіпкердің жандүниесі айқын танылуы тиіс. Лирикалық кейіпкердің ішкі әлемі дегеніміз оның, сан қатпар сезімдерін көрсететін өлеңнің өн бойындағы шумақтарда желі тартып жататын қозғалыстан байқалатын көзге көрінбес кеңістік [13, 127] .

«Ұлы таланттың бойында ішкі сыр, субъективтік элементтердің мол болуы - гумантистіктің белгісі. Бұл бағыттан қорықпаңыздар: ол сізді алдамайды, адастырмайды. Ұлы ақынның өзі туралы, өзінің «мен» туралы сөйлей отырып, жалпы адамзат туралы айтады. Өйткені оның табиғатында адамзатқа тәне нәрсенің бәрі де бар. Сондықтан оның қуанышынан, мұң шерінен әркім өз қызығы мен мұңын табады, оның жанына өз жанының сырын ұғады» [5, 178] . Яғни, кейіпкердің мінезінің көрінісі оқырманға әсер етеді. Соның мұңы, соның қуанышы оқырманға дари алады. Лириканың ең басты құдіреті де осында болса керек. Оқырман объективті дүниені ала отырып, субъективті әлемге айналдыра алады.

Қонған екен тағдырдың құсы маған,

Енді қалай төбемнен ұшыра алам.

Бақытым ба, болмаса азабым ба,

Біле алмадым,

Ал, бірақ сұсы жаман,

Елтімеймін дауылсыз таң ғұмырға,

Түк еместей шыңың да, шалғының да,

Жүрек емес, жүрегім антеннадай,

Қабылдайтын әлемнің ән-мұңын да.

Ем іздеуім бекер-ақ бұл болмысым

Қанымда, тағдырымда! [14, 22]

Осы өлеңде Фаризаның бүкіл ақындық болмысы анық көрінеді. Ең алдымен біз бұдан ақындық ғұмырдың ғажап та қиын тіршілігін, оны мойнына алған таланттың азапты тіршілігін көреміз. Тыныш ұйықтап, айды құшса көңілі көтерілетін сезім оған жат. Осының бәрін өз тағдырым деп түсінеді, осыны мойындайды, басқаның бақытына ұқсамайтын өз бақытын мақтан тұтады. Өлеңдегі ой сезіммен өріліп, тұтас суретке айналған. Лирикалық кейіпкердің ішкі сезімі біздің көңілімізді де көбең тартып жөнелуіне бастайды. Жалпы лирикалық шығармада мінез мәселесінің көрінуі прозадағы шығармаларға қарағанда өте көмескі де болып көрінуі де мүмкін. Бұл поэзияның жанрлық табиғатымен де тығыз байланысып жататын өзекті мәселердің бірі екенінағы да қайталап айтамыз.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Фариза оңғарсынова поэмаларындағы идеялық - көркемдік ізденістер
Ф.ОҢҒАРСЫНОВА ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫ
ФАРИЗА ОҢҒАРСЫНОВА ЖӘНЕ ЛИРИКАЛЫҚ МОНОЛОГ
Ақберен Елгезек өлеңдеріндегі жалғыздық ұғымы
Поэма жанрының зерттелуі
Фариза Оңғарсынова мен Эмили Дикенсонның өмірбаяны
Қазақ поэзиясындағы батыр ақын бейнесі
Жанат Әскербекқызы өмірі мен шығармашылығы
Қазақ поэзиясындағы ақ қайыңмен сырласу мотиві
Махамбет Өтемісұлы поэзиясындағы көркем шындық
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz