Қазақ хандығындағы діни-идеологиялық ахуал


І. ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНДАҒЫ ДІНИ-ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ АХУАЛ
1. 1 Қазақ хандығындағы діни-рухани жіктелушіліктің себептері
Қазақ хандығы XV ғасырдың екінші жартысында, яғни 1465 жылы құрылды. Тарих қойнауына көз жүгіртсек, Керей мен Жәнібектің бірігіп қолдауымен 1456 жылы Шу бойындағы Қозыбас жерінде қазақ хандығының құрылғаны мәлім. Осы кезден бастап 1822 жылғы хандық билікті жою жарлығына дейін қазақ халқы өзіндік мәдени-тарихи болмыстағы дербес мемлекет, этнос ретінде тарих сахнасынан орын алды.
Қазақ хандығының құрылуы, дербес мемлекет ретінде қалыптасуы туралы мәліметтер жазылған Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и-Рашиди» еңбегі бүгінде барлық тарихшылар сілтеме келтіретін қайнаркөздердің бірі. Негізінен бұл еңбек сол кездегі Моғолстан хандығының тарихына арналған. Сонымен қатар бұл кітапта сол кездегі Қазақ хандығы туралы да толымды деректер келтірілгендіктен, бүгінгі таңда да құндылығын жоймаған дүние ретінде бағаланады.
Көшпелі өзбек мемлекетінің ханы Әбілқайырдың үстемдігіне наразы болған Керей мен Жәнібек сұлтандар өздеріне ерген қазақ тайпаларын бастап, Жетісу жеріндегі Шу мен Таласқа қоныс аударды. Ол кездері Жетісу аймағын билеп тұрған Моғолстан ханы Есенбұға (1434-1462-жылдары билік еткен) қоныс аударған қазақтарды Әбілқайырға қарсы пайдалану үшін қарсы алып, мекен берді. Осы оқиға жөнінде тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарих-и-Рашиди» атты еңбегінде былай дейді: «Дешті Қыпшақты Әбілқайыр хан биледі. Ол Жошы әулетінен шыққан сұлтандарға күн көрсетпеді. Нәтижесінде Жәнібек хан мен Керей Моғолстанға көшіп барды. Есенбұға хан оларды құшақ жая қарсы алып, Моғолстанның батыс шегіндегі Шу мен Қозыбас аймақтарын берді. Олар барып орналасқан соң, Әбілқайыр хан дүние салды да, өзбек ұлысының шаңырағы шайқалды. Ірі-ірі шиеленістер басталды. Оның үлкен бөлігі Керей хан, Жәнібек ханға көшіп кетті. Сөйтіп, олардың маңына жиналғандардың саны 200 мыңға жетті. Оларды өзбектер - «қазақтар» деп атады. Қазақ сұлтандары 870 жылдары (1465-1466) билей бастады» [1, 455] дейді.
Алғашында Қазақ хандығының территориясы батыс Жетісу жері, Шу өзені мен Талас өзенінің алабы еді. Ежелден осы алапты мекендеген тайпалар Дешті Қыпшақтан қоныс аударған қазақ тайпаларымен етене араласып кетті. Әбілқайыр хандығындағы аласапыран соғыс салдарынан күйзелген қазақ тайпалары бұл араға келіп ес жинап, етек жауып, экономикалық тұрмысы түзеле бастады. Мұны көрген басқа да көшпенділер Әбілқайыр ханның қол астынан босанып шығып, Қазақ хандығына қеліп қосылып жатты.
Қазақ хандары Керей мен Жәнібектің көшпелі өзбек мемлекетінің билеушісі Әбілқайыр ханнан бөлініп шығуы туралы тарих ғылымында қазіргі кезге дейін әртүрлі көзқарастар тұрғысынан баға беріліп келді.
Қазақ тарихын зерттеуші ғалымдардың пікірінше, қазақ хандығының құрылуы жоғарыда айтып өткеніміздей ұзаққа созылған этно-мәдени, рухани және саяси дамулардың нәтижесінде жүзеге асқан. Осының ішінде әсіресе діни-рухани факторлардың алатын орны жоғары екендігі бүгінгі таңда мәлім болып отыр. Осыған қатысты бірқатар мәліметтер бар. Олардың барлығы да орта ғасырларда жазылған дереккөздерде тайға таңба басқандай анық етіп берілген. Ол қайнаркөздерге біз тәуелсіздік алған жылдардан бастап қана қол жеткізіп отырмыз. Бұл заңды да. Себебі қай ел болмасын, өз егемендігіне қол жеткізгеннен кейін, ең алдымен, тарихын дұрыстап тануға, тарихтағы болып өткен үдерістерге қатысты жаңаша көзқарастар қалыптастыруға тырысады. Осыған сәйкес, 1992-2000 жылдар аралығында орта ғасырлық Қазақстан тарихының мәселелерін жан-жақты көрсететін көптеген деректер қазақ тіліне аударылды және араб, парсы тілдерінен орыс тіліне аударылды. Олардың қатарына Әбілғазының «Түрік шежіресі» еңбегін, Бабырдың «Бабырнамасын», Қ. Жалайырдың «Жылнамалар жинағын», Өтеміс қажының «Шыңғыснамасын», М. Х. Дулатидің «Тарих-и-Рашиди» кітабын жатқызамыз. Жоғарыда айтылған осы деректердің негізінде Қазақ хандығының құрылуының кейбір мәселелері алғаш рет отандық тарихшылардың назарына ілініп, оның құрылуына негіз болған факторлар туралы кеңінен айтыла бастады.
Қазақ хандығының құрылуы белгілі бір дәрежеде тарихи процестердің заңды қорытындысы болғандықтан оның тарихи алғы шарттары болады. Тарихи алғышарттардың өзін іштей жіктейтін болсақ, ол мынадай факторлардан тұрады:
1. Қазақ хандығының құрылуының этникалық алғы шарттары;
2. Қазақ хандығының құрылуының діни-рухани алғы шарттары;
3. Қазақ хандығының құрылуындағы мемлекеттіліктің дамуының әсері;
4. Қазақ хандығының құрылуына тікелей әсер еткен саяси оқиғалар.
Кез-келген мемлекет белгілі бір этностың әлеуметтік территориялық ұйымы және қоғамның ішкі және сыртқы қатынастарын реттейтін басқару жүйесі болғандықтан этнос-мемлекет бір-біріне етене тығыз ұғым болып саналады. Қарапайым тілмен айтсақ мемлекетті этностар туғызады. Ал мемлекеттер этностың дамуына өркендеуіне жағдайлар жасайды. Осы қағиданы қазақ халқы мен қазақ хандығына қолданып көрсек, онда қазақ хандығын дүниеге әкелген қазақ этносы болып шығады. Ал тарихи деректерде қазақ этносы қазақ хандығы құрылғаннан кейін жүзеге асқан деп баяндалады. Әрине деректің авторлары орта ғасырдың адамдары болғандықтан олар тарихи процестің алғышарттарына терең бойламай тек тарихи болмысты немесе обьектіні баяндайды. Этнос-мемлекет принципіне сүйеніп біз қазақ хандығын дүниеге келтірген этникалық процестің дамуы деп түсіндіреміз. Яғни бұл жерде Дешті Қыпшақтағы тайпалар өз дамуының белгілі бір сатысында жаңа мемлекеттік жүйені қажет еткен. Ол қазақ хандығы болған. Міне, қазақ хандығы құрылуының этникалық алғышарты деп аталатын бұл мәселе тағы да қайталап айтамыз терең зерттеуді қажет етеді.
Қазақ хандығы құрылуының келесі бір алғышартына діни-рухани алғышарттар жатады. Кез-келген этнос немесе этносты құраған ру-тайпалар жиынтығы өздерін нақты бір этностың мүшесіміз және басқа этностардан ерекшелендіріп көрсететін нәрсеге олардың ру-тайпалық санадан жоғары тұрған халықтың санасы жатады. Ал халықтық сананың пайда болуына діни фактор мен рухани факторлар жетекші роль атқарады.
Қазақ хандығының қалыптасып, орнығуы үшін оның діни-рухани факторларға басымдылық бергендігі тарихи деректерде жазылған. Алайда бұл тек ондаған жылдың емес, бірнеше ғасырлардың ішінде жүзеге асқан үзақ мерзімді құбылыс болып есептеледі. Себебі діни фактор дегенде, бұл жерде Ислам дінінің маңызы бар екендігі ешқашан жоққа шығарылмайды. Бірақ Ислам дінінің түркілік дәстүрмен үйлескен қалыбы Қожа Ахмет Ясауи жолының осы процесте үлкен үлесі бар екендігін ешкім бағалай бермейді. Бұл тұрғыда оны таныту үшін Алтын Орданың идеологиясындағы Ясауи тариқатының орны мен қызметін байыптап шығуға тура келеді [2] .
13-15 ғасырлардағы Қазақстан аумағында болған діни-рухани дамуларда ислам дінінің Алтын Орда мен Ақ Орда мемлекетінде ресми дінге айналуы шешуші роль атқарды. Бүкіл Дешті Қыпшақтағы тайпалардың толығымен және түпкілікті түрде мұсылманданып, ортақ бір дінге сенуі, Алланы бір Құдай деп тануы, Мұхаммед пайғамбардыХақ пайғамбар деуі, Құранды исламның ортақ қасиетті кітабы деп білуі ру-тайпаларды ортақ діни кеңістікпен қатар ортақ рухани кеңістіке енгізеді. Осылардың нәтижесінде ру-тайпаларда жоғары сана қалыптасады. Алтын Орда мен Ақ Орда мемлекетінде ислам дінінің жалпыхалықтық дін болып жариялануы Өзбек ханның Қожа Ахмет Ясауи жолын қабылдап, соған сәйкес мемлекеттік құрылымды көркейткендігімен тікелей байланысты. Ғалым зерттеуші Зікірия Жандарбектің «Йасауи жолы және қазақ қоғамы» атты кітабында Өзбек ханды ислам дініне ендірген Ясауи жолының шайхтары екендігін келтіреді. Олар Қожа Ахмет Ясауидің ізбасары Зеңгі атаның шәкірттері Ұзын Хасан ата, Садр ата, Бадр ата мен Саййид ата болатын. Садр ата қазақ халқының арасында Баба Түкті Шашты Әзіз деген атпен танымал өте үлкен рухани қайраткер болған. Зікірия Жандарбек тарихшы Өтеміс қажының «Шыңғыс-нама» атты кітабынан сілтеме келтіре отырып, төрт әулиенің кереметпен Өзбек ханды өз жолдарының хақтығына иландырғандығын баяндайды.
«Өзбек хан заманының төрт әулиесіне Алладан, Өзбек ханға барып, оны ислам дініне кіргізіңдер, - деген аян келді. Алланың бұйрығымен олар Өзбек хан ордасының сыртына келіп отырып, өздерінің ғибадаттарын жасай берді. Ол кезде Өзбек хан сарайында сиқыршылар мен дінсіз көріпкелдер мынадай сиқыр көрсететін еді. Олар Өзбек хан мәжілісіне өздерімен бірге бал құйылған ыдыс әкелетін. Оған түтік салса, бал түтік арқылы тостағандарға өзі құйылып, тостағандар кісілердің алдына өзі жылжып баратын. Хан бұларды өзінің шайхтары санап, өзімен қатар отырғызып, оларға үлкен қызмет көрсететін. Бірде мұсылмандар келген күні де, Өзбек хан әдеттегідей мәжіліс өткізді. Күндегідей оның шайхтары өздерімен бірге бал алып келді. Бірақ, бұл күні бал тостағандарға құйылмады, тостағандар өздері жылжып, кісілердің алдына бармады. Өзбек хан себебін сұрады. Сонда, оның қасындағы діндарлары «осы маңға мұсылмандар келген болу керек», - деп жауап берді. Хан қызметшілерге мұсылмандарды тауып келуге бұйырды. Қызметшілер сыртқа шыққанда, орданың сыртында басын төмен салып ғибадатын жасап отырған, киім киісі бөлек төрт кісіні көрді. Қызметшілер: «Сендер кімсіңдер?» - деп сұрады. Олар: - Бізді ханға алып бар, -деді. Оларды ханға апарды. Хан оларды көргенде Алла ханның жүрегіне бір жылылық салды. Хан олардан, «Сендер кімсіңдер?» - деп сұрады. Олар: «Біз мұсылманбыз. Біз Ұлы Жаратушының әмірімен сізді ислам дініне кіргізуге келдік» - деді. Осы кезде хан айналасындағы діндарлар: - Олар нашар адамдар! Сөйлесуге рұқсат бермеңіз. Біз оларды өлтірейік, - деп шулап қоя берді. Сол кезде Өзбек хан : «Мен оларды не үшін өлтіруім керек? Мен патшамын. Сендердің ешқайсысыңда менің жұмысым жоқ. Кімнің діні дұрыс мен сонымен бірге боламын. Егерде олардың діні дұрыс болмаса, неге сендердің балдарың құйылмай қалды? Бәсекелесіңдер! Кім жеңеді мен соған бас иемін», -деді. Екі топ хан алдында сөз жарыстырып көп дауласты. Бірінің сөзіне бірі тоқтамады. Соңында екі тандыр қазып, оларға он арбадан сексеуіл салып, бір тандырға сиқыршылардың бірін, екінші тандырға әулиелердің бірін салып, отқа жағуға шешім қабылдады. Кімнің діні дұрыс болса сол жанбайды. Ертесіне екі тандыр қазып, оған сексеуіл салып, өртеп тандырды барынша қыздырады. Осы кезде әулиелер бір-біріне, «Сіз түсіңіз, сіз түсіңіз», - деп жол беріп, соңында Баба Туклас деген кісі түсетін болды. Ол кісі «Маған сауыт әкеліп беріңдер» - деп, сауыт алдырды. Сауыттың көздерінен түктері шығып тұрды. Сол күйі ол қызған тандыр ішіне кірді. Тандырдың үстіне қойдың бұзылмаған етін қойды. Сиқыршылардың бірі тандырға кірген бойда жанып кетті. Оны көрген Өзбек хан, олардың дінінен бас тартты. Ал, әулие кірген тандырдан зікір айтқан Баба Тукластың үні шығып тұрды. Тандыр үстіне қойған қойдың еті піскен кезде олар тандырдың бетін ашты. Баба Туклас бетіндегі терін сүртіп, «Неге ерте аштыңдар, зікір әлі біткен жоқ еді», - деп, кейіп тандырдан шықты. Үстіндегі сауыт қып-қызыл болып балқып тұрды және ол кісінің үстіндегі бір тал түгі күймеген еді. Мұны көрген Өзбек хан мен өзге халық ислам дініне мойынұсынды [3, 205] .
Бұл мәлімет XIV ғасырда тұтас түркі ұлысының Ислам дінінің сопылық бағытын, оның ішінде Қожа Ахмет Ясауи тариқатын қабылдағандығын айғақтайды. Осының нәтижесінде ұлан-ғайыр аумаққа ие болып табылатын Алтын Орда мемлекетінде биліктегі әділеттілік салтанат құрады. Өзбек хан йасауийа жолының шейхтарының қолдауымен діни-идеологиялық басқару жүйесін орнатады, осы арқылы алып империяға кіретін халықтардың рухани бірлігін қалыптастыруды көздейді. Ол ұшқан құстың қанаты талатын аймақта өмір сүрген сан түрлі ұлттардың діни бірлігі мықты болса, ынтымағы, тұтастығы да оңай ажырамайтындығын түйсінді. Әрі Өзбек хан түркілердің рухани иммунитетін арттырып, көне кезден бері келе жатқан салт-дәстүрі мен мәдениетін жандандыруына, көркейтуіне толықтай жағдай жасады. Сондықтан да әрбір рулар мен тайпалардың басына йасауийа тариқатының шайхтарын тағайындап, халықтың рухани өркендеуіне жол ашты. Бұл азғана уақыттан кейін өз жемісін берді. Себебі йасауийа жолының ғұламалары дін ілімін өте терең меңгерген, кәмілдікке жеткен, ешбір дүние істерімен алаңдамайтын кәміл тұлғалар еді. Олар барлық нәрсені де тек әділдікпен, шыншылдықпен шешуге талпынды. Пайғамбар заманындағы әділетті мемлекет формасын орнықтыруға лайықты үлестерін қосты. Сонымен қатар өздері басшылық еткен халықты да имандылыққа, адамгершілікке баулып, адалдыққа тәрбиеледі. Көшпенді қоғамның бір ерекшелігі отырықшы қоғамдағы азғындық, құмарлық сияқты жаман әдеттер бұл кеңістікке мүлдем жат болып танылды. Соның арқасында сан ғасырға созылған Түркі-Ислам өркениетінің ықпалы әлемге де тарай бастады. Өзбек ханның билігі кезінде Алтын Орда мемлекетінің дәуірлегендігін де осымен байланыстырсақ болады. Алайда Өзбек ханнан кейін ел билегендер йасауийа шайхтарынан билікті тартып алып, өздері абсолюттік билік етуге ұмтылды. Осы кезде нақшбандийа шайхтары ортаға шығып, олар хандардың осы армандарына дем бере бастады. Мұның кесірінен хандардың йасауийа тариқатын ұстанған ғұламалармен аралары алшақтай бастады. Соның бір көрінісі Жәнібек хан мен оның ақылшысы Асан Қайғы арасында орын алған тартыстар. Асан Қайғы шын мәнінде йасауийа жолының көрнекті өкілі, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» мекенді аңсап, соны іздеп өткен әулие. Асан туралы аңыздарда оның халық үшін негізгі қайғырып жүрген мәселелері мынадай:
1. Ел билеген хан Жәнібектің қарадан қатын алған ісіне қайғыру;
2. Құладынға қу ілгізіп, тектіні тексізге жығып берген хан ісіне уайым ету;
3. Орыс отаршылдығының шеңгеліне түсіп, көшіп-қонуға тар бола бастаған қайырсыз қонысты тастап көшу.
Асан Қайғының Әз-Жәнібекке артатын басты «өкпесінің» бірі - ханның қарадан әйел алуы. Асанның пайымынша, бұл жөнсіз істің салдары елдің болашағына зиянын тигізеді. Алдағы күнде ел билейтін текті тұқым жойылып, оның ақыры жұртты бөтен ел билейді. Басшысы тексіз елдің ісі де берекесіз, болашағы да бұлыңғыр. Ал хан тұқымының «тексізденуі» - қарадан қатын алуға байланысты.
Мұндай реніштің туындауы - қазақ даласындағы хандық жүйенің күйреуі мүмкін деген қорқыныштан, үрейден туғаны анық. Шындығында ХІХ ғасырда қазақ даласында хандық жүйе Ресей тарапынан жасалған саяси реформаның нәтижесінде өмір сүруін тоқтатқаны тарихтан белгілі [4, 8] .
Асанның екінші реніші - Асанның жаман ырымға жорыған Әз- Жәнібек ханның құладынға құс патшасы аққуды ілдіруі. Бұл жерде аққу - төре тұқымының, құладын - тексіз билеушінің, сондай-ақ сыртқы жаудың бейнесі. Аққуды құладынға ілдірген хан ісінен елді тексіз кісі билейді, жұрт бодандыққа түседі, ханға қара кісі қару көтеретін заман туады деп қайғырады.
ХҮІІІ ғасырдың соңында қарадан (құл сөзінің синонимі) Сырым батыр Нұралы ханды тақтан түсіріп елден қуады, Есім ханды өлтіреді. Исатай мен Махамбет ханға қарсы көтеріліс жасаған еді.
Қазақ халқының өзге жұрт қарауына көшуі, билікке төре жете алмай қара тұқымы келуі, ханға қара кісінің қарсы шығып, қару көтеруі оқиғалары қазақ тарихында да болған. Елдің азып-тозуы тексіз кісілердің билікке келуі деп түсінеді халық. Заман түзелуі үшін текті тұқым ел басқаруы шарт. Асан «қайғысы» осы мәселелерді көлденең тартады.
Жәнібек ханға айтқан толғаулардың ешқайсысы да бекерге айтылмағандығын одан кейін жүзеге асқан оқиғалар барысынан танып-біле аламыз. Жәнібек ханның тұсында және одан кейін түркілердің төл жолы Ясауи тариқаты мен оның өкілдері қудаланады. Қарадан алған ханымнан туған Бердібек халықты тоздырып, елдің берекесін алып, салт-жоралғыны құрдымға кетіреді. Бердібектің зұлымдығынан кейін халық арасында «Нар мойны Бердібекте кесілді» деген мәтел тараған екен. Бұл жерде «Нар» Ясауи жолын, яғни түркінің жолын, жоралғысын білдіретін болса керек. Ясауи жолынан бас тарту Алтын Орда мемлекетінің күйреп, сан түрлі жіктерге бөлінуіне ықпал етті. Содан кейін түркі даласында құрылған мемлекеттердің барлығында кері кетушілік белең ала бастады. Себебі таққа отырған хандардың барлығы абсолюттік билікті көкседі. Осының салдарынан нақшбандийа тариқатының ортаға шығуы жүзеге асты. Нақшбандийа шайхы Ходжа Ахрар «Шыңғыс ханның «Ясасының» күлін көкке ұшырамын» деп ант берді. Бұл жерде ол «Ясаға» негізделген түркілік мемлекет басқару жүйесін құртуды көздегендігін көреміз. Ол белгілі бір тұрғыдан осы мақсатына қол жеткізді. Осыдан кейін хандар мен билеушілер толықтай иран-парсылық негізге сүйенген мемлекетті шексіз басқару жолына көшті. Бұл олардың өз ұстанымдарын нығайтуға септігін тигізгенімен, Алтын Орда кезіндегі Өзбек ханның «әділеттілік» ұстанымынан толықтай айрылуына жол ашты.
Ал 1429 жылы құрылған Өзбек ұлысы да нақшбандийа тариқатын діни-идеологиялық деңгейге көтеруі оның құрамындағы көптеген ру-тайпалардың наразылығына себеп болды. 1446-57 жылдар аралығында Әбілқайыр ханның жүргізген ішкі саясаты жергілікті ру-тайпа көсемдеріне, сұлтандарға, тіпті ханның айналасындағы туыс сұлтандарға «қысымшылық» болып көрінеді. Ол басқа сұлтандардың, сарай төңірегіндегілердің қызметтерін шектеп, тек өзі ғана билеп-төстеуді қалады. Бұл, әрине, ел билеудің парсылық үлгісіне жататын еді. Бірақ мұның еш заман ұшпаққа жеткізбейтіндігі мәлім. Дешті Қыпшақта толық жеңіске жеткен Әбілқайыр хан Шыңғыс ұрпақтарына сай шексіз билікке ие болады. Жергілікті ру-тайпалар үшін ХҮ ғасырда мұндай жағдай ежелгі дәстүрді, Өзбек хан қалыптастырған қағидаларды бұзу еді. Мысалы, XV ғасыр басында Жетісудағы тайпалар Есен-Бұға ханды қолдаса, оның билігінің күшеюіне байланысты, одан бөлініп, әрбір әмір өз бетінше өз ұлыстарында билік жүргізеді. XV ғасырдын 70-ші жылдарында Едігенің ұрпағы Мұса бидің Мұхаммед Шайбаниға айтқан мынадай сөзі осыны дәлелдейді. Ол «көне замандардан күні бүгінге дейін маңғыт әмірлері көтерген әрбір хан мемлекетте маңғыт әмірлеріне еркіндік берген. Егер Мұхаммед Шайбани хан біздің ежелгі дәстүрімізге мойынсұнса, біз оны хан етеміз, ал егер көнбесе, онда өзі білер», - деген екен. [5, 104] Әбілқайыр хан да 1428 жылы хан болып көтерілгенде Дешті Қыпшақ әмірлерінің көпшілік колдауына ие болады. Ал оның билігінің XV ғасырдың 40-шы жж. күшеюі, соған сай жүргізген ішкі саясаты «ежелгі дәстүрге» қайшы келіп, жергілікті тайпалардың наразылығын туғызады. Наразылықтың бір көрінісіне 1457 жылғы жаз айындағы Әбілкайыр ханның әскер жыю туралы жарлығының толық орындалмауы жатады.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz