Дәстүрлі қазақ этнографиясы оқу- әдістемелік құралы


Пән: Мәдениеттану
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 240 бет
Таңдаулыға:   

Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігі

С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті

Ж. О. Артықбаев, Ә. Ә. Сабданбекова,

Ә. Қ. Елемесов, Е. Н. Дауенов

ДӘСТҮРЛІ ҚАЗАҚ ЭТНОГРАФИЯСЫ

Оқу- әдістемелік құралы

тарих, мәдениеттану, археология және этнология мамандықтарының студенттері үшін

1 Бөлім

Павлодар

УДК 39(574) (075. 8)

ББК 63. 5(5Каз) я73

Д 21

С. Торайғыров атындағы ПМУ -дің этнология, мәдениеттану және археология кафедрасының отырысының шешімімен баспаға ұсынылды

Рецензенттер:

т. ғ. к., А. М. Сыздықова, т. ғ. к., доцент А. Ж. Ерманов

Жауапты редакторы:

т. ғ. д., проф. Ж. О. Артықбаев

Д 21 Артықбаев Ж. О., Сабданбекова Ә. Ә., Елемесов Ә. Қ.,

Дауенов Е. Н.

Дәстүрлі қазақ этнографиясы: оқу-әдістемелік құралы. -Павлодар: «Кереку», 2008. - Б. 1. - 345 б.

«Дәстүрлі қазақ этнографиясы» деп аталатын бұл оқу-әдістемелік құралына қазақ халқының атадан балаға ғасырдан ғасырға мұра болып жеткен өшпес асыл қазынасы: рухани және материалдық мәдениеті, шаруашылығы, әлеуметтік өмір тіршілігінің сан түрлі салалары және әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері енгізілген.

Кітап сіздерді қазақ халқының этносаяси тарихы, дәстүрлі қазақ қоғамының рухани және материалдық мәдениеті, шаруашылығы, әлеуметтік өмір тіршілігінің сан түрлі салалары, діни наным-сенімдері, ауыз әдебиеті мен дәстүрлі ән-күй өнері туралы, жалпы қазақ этнографиясына қатысты көптеген ғылыми-танымдық деректермен таныстырады.

Бұл кітап этнограф, тарихшы мамандарға, студент қауымына және осы тақырыпқа қызығушылық білдіруші барлық көпшілік оқырман қауымға арналған.

УДК 39 (574) (075. 8)

ББК . 63. 5 (5 Каз) я 73

© Артықбаев Ж. О., Сабданбекова Ә. Ә.,

Ә. Қ. Елемесов, Е. Н. Дауенов, 2008

© С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, 2008

Кіріспе

Адам баласы пайда болғаннан бері әр ұрпақ өздері ойлап тапқан және уақыт өте қалыптасқан материалдық мәдениет пен рухани мәдениеттегі жетістіктерін мұра ретінде қалдырып отырды. Бұлай болмаған жағдайда, біз бүгінгі қоғамды көз алдымызда мүлдем басқаша елестетер едік. Адамзаттың қай заманда болмасын алдына қойған ең басты мұрат - мақсаттырының бірі дәстүрді сақтау, ұлттық құндылықтарды қадірлеу болғандығына ешкімнің де таласы жоқ. Бұл үрдіс тек бір ғана халыққа, ұлтқа тән ғана емес, сонымен қатар жер бетіндегі адам баласының бәріне тән. Біздің қазақ халқы да атадан балаға сан ғасырлардан қалыптасып жеткен асыл қазынасын келешек ұрпақ мақтан тұтып айтып, сақтап жеткізетіндей өшпес мұралар қалдырды. Дәстүр қазақ елінің өмір тіршілігі, мәдениетінің түрлі салаларында көрініс тапқан. Осы баспаға ұсынып отырған біздің «Дәстүрлі қазақ этнографиясы» деп аталатын бұл ғылыми-танымдық оқу-әдістемелік құралы қазіргі қазақ этнографиясына қатысты қордаланып қалған түйткіл мәселелерді шешуде өз үлесін қосады деп үміттенеміз. «Дәстүрлі қазақ этнографиясы» деп аталатын бұл оқу-әдістемелік құралы сегіз тараудан тұрады.

Бірінші тарау «Этногенез және этникалық тарих» деп аталады, мұнда қазақ халқының қадым замандардан бастау алатын қазақ халқын жеке ұлт болып қалыптасу үрдістерінен бастап, қазіргі тәуелсіз Қазақстан кезеңіндегі халқымыздың этникалық тарихын қамтыған.

Ал, «Шаруашылық және мәдениет» деп аталатын екінші тарауда қазақ халқының атадан-балаға мұра болып жеткен шаруашылық пен кәсіп түрлері, оларға қатысты еңбек құралдары туралы деректер жинақталған.

Кітаптың «Материалдық мәдениет» деп аталатын келесі тарауында қазақ халқының төл баспанасы киіз үйдің тарихынан бастап, оның түрлері, киіз үйге сән берер үй жиһаздарының түрлері, қазақтың жас, жыныс ерекшеліктеріне қарай киім түрлері жан-жақты сипатталған. Сонымен қатар қазақтың дарқан дастарқанынан қашанда табылған ет, сүт т. б өнімдерінен жасалған дастарқан мәзірлеріне ерекше тоқтылынады.

«Рухани мәдениет» деп аталатын төртінші тараудың ерекшелігі мұнда рухани мәдениет үлгілерінен ішіндегі басты құндылық шежіре және оның ұрпақтан-ұрпаққа жету үрдісі, сонымен қатар қазақтың шаруашылыққа, балаға, отбасына т. б. қатысты тұрмыс-салт жырларымен қатар әншілік, күйшілік өнер мазмұнға енген.

«Әлеуметтік құрылым» тарауында қазақ социумының ерекше құрылымдық қасиеті, ішкі қарым-қатынасы, қазақтардың құрамында бірге өмір сүріп жатқан төре, қожа сияқты субэтникалық топтарға басты назар аударылған. Олардың шығу тегі, қазақ қоғамында алатын орны барынша сипатталған.

«Әдет-ғұрып, салт-сана» деп аталатын алтыншы тарауында қазақтың тәлім-тәрбие, үлгі-өнегеге қатысты отбасы, исламға, имандылыққа байланысты және қаза болғанда жасалатын әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері, сонымен бірге шаруашылық кәсіпке қатысты әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер жинақталған. Астрологиялық немесе космологиялық халықтық болжау дәстүрлеріне қатысты дәстүрлі шаруашылық мәдениетіндегі кеңістік және уақыт санаты, ай мен маусым аттарының қалыптасу ерекшеліктері, қазақтардың аспан әлемі туралы түсініктері, табиғат құбылыстары және аспан денелеріне байланысты ауа райын болжау түрлері т. б. маусымдық, күнтізбелік әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерге жеке-жеке тоқталып, бұл тараудың маңызын арттыра түсті десек те болады.

Келесі тарау «Отбасы және неке, туықандық қатынастар» деп аталып, мұнда қазақ қоғамындағы, арасындағы неке мен отбасының түрлері, туыстық атауын терминмен белгілеу (өз жұрты, қайын жұрты), туысқандық қатынастардың жас шамасына қарай және жынысына қарай дифференцияциясы сияқты т. б. мәселелердің түп-төркіні баяндалады. Тарауының соңыңда адамның өз жұрты, әйелдің қайын жұрты, ер адамның қайын жұрты деп аталатын сызба кесте берілген. «Дәстүрлі қазақ этнографиясының» соңғы тарауы «Қазіргі этникалық даму және этнографиялық зерттеу әдістері» деп аталып, оған қомақты орын берілген. Тарау авторы қазіргі Қазақстандағы этникалық процестердің ерекшелігі және этносаяси процестердің ішкі саяси жағдайға ықпалына тоқталып және соған қатысты терминдерге анықтамалар берген. Сонымен қатар ұлттық сана да басты назардан қалмаған. Қорытынды ретінде берілген этнографиялық зерттеу әдіс- тәсілдеріне барынша кең сипаттама беріліп, зерттеушінің басты мақсатын барынша айқындап берген.

«Дәстүрлі қазақ этнографиясы» қазақ тілінде қазақ этнографиясы мен мәдениетінің барлық саласын қамтып отырған тұңғыш құрастырылған оқу-әдістемелік құралы болғандықтан, онда кем-кетіктердің де ұшырасуы ғажап емес.

Сондықтан осы оқу-әдістемелік құралы бойынша өздеріңіздің ой-пікір, сын-ескертпелеріңізге алдын-ала рахмет айтамыз.

1 Этногенез және этникалық тарих

1. 1 Көне заман тарихы

Тас дәуірі. Антропогенез, этникалық мәселелер және мәдениет. Ұлан байтақ қазақ даласындағы адамзат тіршілігі біздің жыл санауымыздан 1 млн. жылдай бұрын, яғни кейінгі палеолит дәуірінен бастау алады. Осы кезеңде қазақ жеріне адамдар қоныстана бастады. Кейінгі палеолите тұрғын-жай ретінде адамдар әлі де үңгірлерді пайдалана берді, сонымен қатар жасанды тұрғын-жайлар - жер үстіндегі кепелер мен жертөлелерді де сала бастады.

Жоғарғы палеолит мәдениетіне, сондай-ақ, адамдардың алғашқы қабірлері де жатады, бұл сол заманда тән және жан туралы түсініктердің пайда болуы туралы мәлімет береді. Табиғат пен адам - адамдардың ертеректегі діни түсініктерінде бірге жүрді және бұл сенімнің барлық түрлерінде - тотемизм, фетишизм, анимизм, магияда да көрініс тапты. Тілдің дамуы адамның шаруашылық қызметінің дамуымен қатар жүрді.

Мезолит (грекшеден «мезос» - орта) климаттағы өзгерістермен белгілі, бұл бәрінен бұрын мұздықтардың кейін шегінуімен байланысты. Бұл кезде қазіргіге жақын флора мен фаунаның құрамы қалыптаса бастады. Сондай - ақ, бұл уақытта «мамонттық» фауналық кешеннің жойылып кетуіне байланысты өмір сүру қажетін қамтамасыз етудің жаңа тәсілдерін іздестіру жүріп жатты. Кейбір аймақтарда егіншілік пен мал шаруашылығының элементтері, басқаларда балықшылық пен терімші-аңшылық шаруашылықтары пайда болды. Мезолите садақ пен жебелер кеңінен қолданылды, еңбек құралдарын даярлау техникасында өзгерістер болды.

Ұжымдық еңбек пен өндіріс құрал-жабдықтарына ортақ меншік үстем болған алғашқы қауымдық қоғам неолит дәуірінде жаңа құрылымға ие болды. Тайпалардың өз атауы, территориясы, диалектісі және басқа да ерекшеліктері пайда болды. Неолитте адамзат алғашқы жасанды материал- қыш-ыдыстарды (керамиканы) даярлауды үйренді. Неолит барлық жағынан революциялық дәуір болып табылады. Бұл кезде шаруашылықтың өнімді формалары: егіншілік пен малшылық пайда болды. Неолит дәуірінде бүкіл Қазақстанның территориясын аңшылық өмір салтынан жылқышылыққа, ежелгі металлургия мен егіншілікке өте бастаған кішігірім жауынгер тайпалар тығыз қоныстанды.

Энеолит дәуірінде Қазақстан территориясында жылқыны қолға үйрету және топтап бағу жүзеге асқан, бұл Солтүстік Қазақстан территориясындағы археологиялық қазбалардан белгілі (Ботай мәдениеті) . Ботайлықтар-Еуразия өніріндегі алғашқы жылқы өсірушілер. Жайық - Ертіс арасындағы энеолиттік қоныстардан орасан көп жылқы сүйектері табылды.

Этникалық мәселелер туралы айтсақ сол замандарда Қазақстан үнді-еуропалық және орал-алтай қауымдастықтарының шығу аймағы болуы мүмкін. Еуразияның көптеген халықтары сол этникалық негізден шыққан.

Алғашқы жылқы өсірушілер жылқыға табыну дәстүрін және көшпелі тұрмыстың негізін қалайтын бірқатар элементтерді қалыптастырды. Олар қазақтар үшін қасиетті «алаш» («алаша») кешенді ұғымынан көрініс тапты. Ал, үндіеуропа халықтарында алғашқы ала жылқыдан (алаша ат) мифологиялық қанатты аттың образы-«алаша» (пегас) бастау алады, ежелгі үндіеуропалық халықтардың көне сөздіктерінде пеку (пеки) сөзі-«жылқы», «жеке адамның қозғалмалы мүлкі, байлығы», «малы» және т. б. білдіреді. Ежелгі «алаша аттан» - славянша -«лошадь» шығады. Көптеген себептерге байланысты сонау замандарда-ақ Ұлы даланың тайпалары Батыс Еуропа мен Оңтүстіктің Азия өлкелеріне қоныс аударып, онда мемлекеттер мен қазіргі өркениеттердің негізін қалай бастады.

Халық арасындағы этногониялық аңыздарда қазақ мемлекеті, этностың және үш жүздің пайда болуы Алаша ханның атымен байланысты.

Аңыз бойынша қазақтың алғашқы ханы Қызыл Арслан ханның баласы - Алаша хан болған. Ханның баласы ала болып туған, сондықтан әкесі оны және шешесін далаға апарып тастауға бұйырады. Алаша бала далада аты әйгілі Майқы биді кездестіреді. Майқы би туғаннан ақсақ болған, өзінің екі аяқты арбасымен жүреді екен, арбасына адамдарды жеккен. Ол осы екі аяқты арбасымен алапес баланы еліне апарып, үлкен той жасайды.

Біраз уақыттан кейін ол алапес балаға 100 жігітті ертіп өзінің Үйсін деген баласын басшылыққа қойып, оларды Сарыарқаға бағыттайды. Олар Ұлытау, Қышытау, Қаракенгір, Сарыкенгір, Айдахарлы сияқты аймақтар. Майқы би Алашаның хан болатындығын білген. “Хан әділ, ал оның халқы шыдамды және мықты болуы керек, сонда ғана олар қара жерде кеме жүргізеді” деп дана би айтқан.

Осылай қазақ халқының қалыптасуына алғышарттар жасалды. Бұл оқиғалар туралы Қызыл Арсланға белгілі болды. Ол өзінің ұлын қайтару мақсатында Майқы, Қотан, Қондыгер, Қобан ақсақалдарға елші жіберіп, ұлын қайтаруды талап етеді. Үйсін бастаған жігіттерді шақыруға 100 адаммен Қотанның ұлы Болат аттанды. Алашты қайтару орнына олар даланың еркіндігіне қызығып, Сарыарқада қалуға келіседі. Қызыл Арслан хан шақырып қоймаған соң, ақсақалдар Сарыарқаға үшінші жүздікті жібереді, оның басында Қоғамның ұлы Алшын болады және олармен бірге 13 қадірлі ақсақалдарды аттандырды. Қазақтарды мынадай мақал бар: егер халық саны 313- ке жетсе онда оларға ешкім қарсы тұра алмайды.

Үш жүз жігіт алапес баланы алашаға отырғызып Ұлытау шыңына көтеріп, оны хан деп жариялады. Содан бері Үйсін басқарған жүздік Ұлы жүз деп аталды. Ұлы жүздің сенімді қорғаныс болатындығына және әскермен қамтамасыз ететіндігіне қалғандары өзара келісті. Екінші жүздік - Орта жүз деп аталды. Жаугершілік соғыс кезінде олар хан жанында болып, оны қорғауға міндетті болды. Ал Алшынмен бірге келгендер - Кіші жүз деп аталды. Соғыс кезінде олар өз қамдарын ойламай, жанын аямай жауға, бірінші болып шабуыл жасауы қажет.

Бұл аңыз көптеген жылдар бойы өмір сүрді. Өйткені “алаш” ежелден келе жатқан ұғым және сол сияқты үш жүз бұрыннан қалыптасқан тәртіп. Геродот скифтердің генеалогиялық аңыздарына арналған жазбаларында олардың үшке бөлінген тегін көрсетті. Үштік ұйым ғұн, түрік, қыпшақ ұлыстарында кездеседі, ал оның ең классикалық нұсқасы қазақ қоғамында сақталды. Этносаяси ұйымның үштік түрі және туысқандық сипаты қазақ қоғамының татулығының, ынтымағының кепілі болды.

Тас дәуірінде дүниені эстетикалық тұрғыдан түсіну-өнер дами бастады. Қазақстанды мекендеген кейінгі палеолит тайпаларының көркемдік танымының дәлелі ретінде негізінен тау шатқалдарындағы қашап салынған суреттер (петроглифтер- гравюралар) қызмет атқарады, олардың негізгі сюжеттері жүндес мүйізтұмсық, бұқа- тур, бизонның суреттері. Гравюрамен қатар Қазақстан жерінде тастағы бейнелердің бояулы үлгілері де табылады. Бұл Бектау ата тауларында, Баянауылда Қоңыр әулие үңгірінде, Жасыбай көлінің жағасында, Ертістің бір саласы Бұқтырма шатқалында күн бейнелі адамдар мен өрнектер түрінде т. б. кездеседі.

Қола дәуірі. Этносаяси тарихы. Қола дәуіріндегі Қазақстанның тұрғындары қандай да бір монғолоидтық элементтердің қоспасынсыз протоеуропалық (көне еуропалық) нәсілдегі ортақ антропологиялық типте болып келеді. «Біздің материалдарымызға жүгінсек, көнееуропалық нәсілдің андрондық компоненті Қазақстанның жергілікті тұрғындарының арасында елеулі болды. Сондықтан да ол Қазақстанның этникалық тарихында ұзақ уақыт бойы жергілікті тайпалардың нәсілдік-гендік үрдісіндегі аса маңызды негізгі қызметін атқарды» деп жазды белгілі антрополог О. Смағұлов. Қола дәуірі халқының этникалық тарихы жайында қызықты мәліметтер «Авеста» деген атауға ие болған зороастризмнің /яғни зәрдүш дінінің/ қасиетті жазбасында айтылған. Көптеген ғасырлар бойы абыздар арий, тур тайпаларының тұрақтарында зәрдүш ілімінің қасиетті мәтіндерін жаттап, ұрпақтан-ұрпаққа ауызша жеткізіп отырған. Солтүстік Қара теңіз жағалауларынан Алтай мен Шығыс Түркістанға дейінгі, Орал тауларынан Парсы (Иран) таулы қыратына дейінгі орасан зор кең далада мал (сиыр, түйе, қой, жылқылар) баққан бұл тайпалар Еуразия өркениетінің негізін салды. Арийлердің арғы отаны деп кітапта Арианам Вайджа-арийлер кеңістігі, яғни, Еділден (Ранха) шығысқа қарай созылып жатқан азиялық ұлы дала аталады. Датья мен Ардви (Сырдария мен Әмудария) терең өзендерімен суарылып жатқан Арианам - Вайджа жері тек арийлердікі ғана болмаған. Мұнда арийлердің дұшпандары турлар да мекендеген. Арийлердің басқа да қас дұшпандары - хьона (қиян) тайпаларының да Ариана Вайджаға қатысы бар. Қазақтың кең даласында бірдей ежелгі құдайларға - құдайлар пантеонына табынатын, бір жерде туған, сол жерді отан деп аңсаған арий, тур, хьоналардың тайпааралық соғыстарының қым-қиғаш тарихы өрледі. Бірақ бұл үзік-үзік мәліметтер күрделі этнотарихи үрдістердің бейнесін толық ашып бере алмайды. Ұлан-ғайыр дала кеңістігінде, этностардың нығаюымен және гомогенденуімен жалғас, малшы тайпалардың аңшылар қауымдарын ассимиляциялауы жүріп жатты. Осы тарихи кезеңде әскери және шаруашылық қажеттілігі бойынша күрделі тайпалалық одақтар қалыптасты.

Б. з. б. ІІ м. ж. тұрғындардың өсуі мен өндірістің дамуы арқасында шамадан тыс тығыздылыққа әкеліп соқтырған бірқатар қарама-қайшылықтар пайда болды. Бұл қола дәуірінің тайпаларын оңтүстік пен батысқа, Иран, Үндістан және Еуропаға қоныс аударуға мәжбүр етті. Сол революциялық өзгерістер кезеңінде, дала пайғамбары Заратуштра (Зәрдүш) ілімі пайда болса керек. Орталық Азияның малшы тайпалары алғашқы әлемдік дінге бастама жасады. Бірақ Зәрдүш ілімін турлар (туран) қабылданған жоқ. Оның көсемдері Африсияб пен Арджаспа арийлерден Зәрдүштен бас тартуды ұсынды. Осы қарама - қайшылық арийлердің жер аударуының басты шартының бірі болды. Арийлердің қоныс аударуы көп сатыдан өтті, сондықтан Оңтүстік Азияда және Еуропада арийлік және түрлі жергілікті этномәдени дәстүрлердің синтезі қалыптасты.

Алайда арийліктер жаңа жерлерге келген соң, ұзақ уақыт бойы дәстүрлі әлеуметтік құрылымның, отбасылық және құқықтық қатынастардың, рухани мәдениеттің, діннің ерекшеліктерін сақтап, осы аймақтардың әрі қарайғы тарихына шешуші әсер етті және Орта Азияның, Иранның, Үндістанның және т. б. ұлы өркениеттерінің пайда болуында үлкен рөл атқарды. Далада қалып қалған тайпалар кейінірек өзіндік шартты түрде скиф-сақ мәдениеті аталатын үлгі жасады.

Қола дәуірінде қоныстар кішігірім өзендердің, көлдердің жағалауларына орналасты. Бұл шаруашылық мүдделеріне байланысты болды, мал үшін қаулап өскен шөпті жер, егіншілік үшін ыңғайлы қара топырақ қажет болды. Қоныстар әдетте 10 - 20 тұрғын-жайлардан-көлемі 300 шаршы метрге жететіндей жартылай жертөлелерден тұрды. Олар ортақ қорғаныс орларымен және бөрене қоршаумен қоршалған болды. Тұрғын жайдың төбесін бірнеше тіреулермен тірелген екі жақты шатыр жауып тұрады. Құрылыс кезінде адамдар ағашты пайдаланған, ал ол болмаған жерлерде үйді тастан салған. Қоныстарға таяу ру қорымдары орналасты. Қабір іргелері ретінде тас плиталардан құрастырылған жәшіктер қолданылады. Олардың айналасына қырынан және жерге қазылып қойылған тас плиталардан қоршаулар жасалады. Мұндай қабір зираттар қазақ арасында «мықтың үйі» деп аталған. «Семей, әсіресе, Зайсанда, Жетісу облысында, Верный уезінде, қорғандар көбінесе «мық» немесе «муг» әлде «мықтың үйі» деп аталады" деп атап көрсетті белгілі өлкетанушы-тарихшы И. А. Кастанье ХХ ғасырдың басында. Қазақ қариялары «мық» деген Қазақстан территориясын мекендеген және қола дәуіріндегі қорғандарды тұрғызған ежелгі халықтың атауы деп есептейді.

Б. з. б. ІІ мыңжылдықта халықтың өсімі мен өндірістің дамуы кейбір қайшылықтардың қалыптасуына, яғни халықтың тығыздығына әкеп соқты. Жердің мүмкіндігі мен кәсіп арасында алшақтық пайда болды, оның негізінде халық тығыздығы көбейді, көшу мен қозғалыс үрдісі басталды. Тайпалар оңтүстік және шығысқа көшті. Турлар мен хьондарға күресте арий тайпаларының бір бөлігі Иран, Үндістан, Еуропаға көшіп кетті. Мүмкін б. з. б. ІҮ - ІІІ мыңжылдықтарда да мұндай көші-қон үрдістер орын алған болар. Себебі кейбір тарихи деректер сол заманда үндіеуропалық тайпалардың батысқа жылжығанын көрсетеді. Олардың алдында Ұлы даладан оңтүстікке қарай шумер, хет, гиксос тайпалары жылжуы әбден мүмкін. Азиялық мал шаруашылығымен айналысатын халықтар алғашқы дүниежүзі дініне бастау беріп, жер жүзіне сонымен үлкен әсер етті. Осылайша, адамзаттың өркениеті басталды. Тарих өзінің бастауын ойлау мен салыстырудан, алғашқы малшылардың дүниетанымынан алады. Енді осыған дәлел ретінде Таурат аңызынан мысал келтірейік:

Қабыл мен Әбіл:

1) Әзіреті Адам мен Хауа кездескен. Арғы әжеміз Хауа жыл сайын бір ұл, бір қыздан туа берген;

2) Хауаның бірінші ұлын Қабыл деп атаған. Қабыл егінші болып, жер баптады. Екінші туған ұлын Әбіл деп атайды. Әбіл бақташы болып қой баққан;

3) Күндердің-күні Қабыл жерден өнген өнімді Тәңірі құдайға сый деп алып келеді;

4) Әбіл болса өзінің баққан қойынан, оның өнімінен сый ұсынады;

5) Құдай тағала болса, Әбілдің сыйын қабылдап, Қабылдың сыйын қайтарып жіберіпті. Қабыл қатты ренжиді;

6) Сонда Құдай тағала Қабылға: «Неге өнің түтігіп кетті, неге ренжіп тұрсың?»;

7) Егер де жақсы іс жасап тұрсаң неге басыңды көтермейсің? Ал егер жақсы іс жасамасаң, босағаңда күнә жатыр; ол сені өзіне шақырады, бірақ сен одан биік болуың керек;

8) Қабыл мен Әбіл далада жалғыз қалғанда Қабыл Әбілді өлтіреді;

9) Құдай тағала Қабылдан сұрайды: «Ағаң Әбіл қайда? Ол: «Білмеймін, мен оның күзетшісімін бе? ». - деп жауап берді;

10) Сонда Құдай тағала: «Сен не істедің? Ағаңның қанының үні маған жерден естіледі»;

11) Сен өміріңнің соңына дейін жерден лағынет аласың;

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
«Этнология» пәнінен дәрістер
Мектеп оқушыларының ұлттық ойындарды игеруі және оқу-тәрбие процесіндегі орны
Қазақстанда өлкетану тарихының дамуы
Ұлттық салт-дәстүрлер – ұрпақ тәрбиесінің пәрменді құралы
Мұражайдың шығу тарихы
Қазақ отбасының тарбие ережелері
Тарих методологиясы, деректану жəне тарихнама
Ыбырай Алтынсариннің ғылыми және әдеби қызметі
Шоқан - ағартушы
Қазiргi кезеңде материалдық мәдениет және тұрмыс ескерткiштерiн сақтау және насихаттау
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz