Қ. АМАНЖОЛОВ ШЫҒАРМАСЫНДАҒЫ МӘТІНДІК АЙЫРЫМДАР


Қ. АМАНЖОЛОВ ШЫҒАРМАСЫНДАҒЫ МӘТІНДІК АЙЫРЫМДАР
Әбдіқалық К. С. - ф. ғ. к., доцент м. а. (Алматы қ-сы, ҚазмемқызПУ)
Қасым Аманжолов поэзиясының ішінде, әсіресе, «Ақын өлімі туралы аңыз» атты шығармасы әр басылымда әр түрлі беріліп, өзгертілген мәтіндік айырымдарымен ерекше назар аудартады. Ақынның «ҚазМем Көркем әдебиет» баспасында жарық көрген 1956 жылғы «Шығармаларының толық жинағы» мен 1960 жылғы « Дауылды жылдар дәптері» атты өлеңдер мен поэмалар жинағы, 1985 жылғы «Мектеп» баспасында жарық көрген «Өлеңдер» жинағы мен 2001 жылғы «ТОО «Тенгри» баспасынан шыққан «Екі томдық шығармалар жинағы», 2003 жылғы «Атамұра» баспасынан жарық көрген «Дариға, сол қыз» атты өлең-жырлары мен 2006 жылғы «Раритет» баспасынан жарық көрген «Дариға, сол қыз» атты өлеңдер мен поэмалар жинағында басылған осы шығарманың мәтінін оқып, өзара салыстырып шыққанда, тұтастай өлең шумақтарының қысқартылуы, қоспалар, өлең жолдарының өзгертіліп, сөздер мен сөз тіркестерінің түзетіліп берілуі түсініксіздік тудырды. Сөйтіп, тұрақты мәтінді іздеуде Қ. Аманжоловтың көзі тірісінде жарық көрген, яғни өлеңнің алғашқы нұсқасы «Социалистік Қазақстан» газетіндегі /1944, 23 май, №102/ мәтінді түпнұсқа деп алып, текстологиялық талдау жүргіздік.
Өлеңнің осы жеті нұсқасын өзара топтастырғанда, 1956 жылғы жинақтағы өлең мен 1960, 1985 жылғы жинақтарда басылған өлең мәтіні бірдей болып шықты. Тек 1960 жылғы жинақта өлеңнің «Ер күрсініп алды демін» (94-бет) деген жолы түсіп қалса, 1985 жылғы жинақта осы өлең жолы өзінен кейінгі өлең жолымен орны ауыстырылып берілген (154-бет) . Сондай-ақ 1985 жылғы жинақта «Поэма 1956 жылғы 3 томдықтың бірінші томынан алынды» (153-бет) деген мәлімет беріледі. Осы үш жинақтың ішінен 1956 жылғы жинақты алып, оны 2003 жылғы және 2006 жылғы жинақтардағы нұсқалармен қатар алып салыстыра талдауды жөн көрдік.
«Социалистік Қазақстан» /1944, 23 май, №102/ газетінде жарияланған алғашқы нұсқасында тақырып «Абдолла. Поэмадан үзінді (Майданда ерікпен қаза тапқан ақын Абдолла Жұмағалиев туралы) » деп берілді (4-бет) . Мұнда шығарманың үзіндісі бес бөліктен, 176 өлең жолынан тұрады. Шығарманың мәтіндік айырымдарын қарастыруда кейінгі он төрт бөліктен тұратын нұсқасының /2006/ реті бойынша әр бөлікке жеке тоқталамыз.
Бірінші бөліктегі өлеңнің «Темір гүрзі қақтап отқа» деген екінші жолындағы «гүрзі» /1944/ сөзі 1956, 2001, 2006 жылғы жинақтарда «болат» сөзімен ауыстырылған. 2003 жылғы жинақта «гүрзі» деп алғашқы түпнұсқа қалпында берілген. Өлеңнің «Қалын жаудың ортасында» /1944/ деген алтыншы жолы кейінгі барлық жинақтарда «Қырғын соғыс ортасында» деп беріліп, алғашқы нұсқа редакцияланған. Негізінен «қырғын» сөзі өлеңнің тоғызыншы жолында да кездеседі. Бір сөздің қатар қайталануынан гөрі түпнұсқадағы өлең жолының өз қалпында қалғаны орынды сияқты. Өлеңнің «Көкірегінің кекті зілін» /1944/ деген жетінші жолындағы «көкірегінің» сөзі 1956 жылғы жинақта «жүрді ұлан» (458-бет) деп, 2003 жылғы жинақта «жүрегінің» деп өзгертілген. 2006 жылғы жинақта «көкірегінің» деп түпнұсқа негізінде берілген. Демек, дұрысы да осы сөз. Барлық жинақта кездесетін өлеңнің «Қоса түйіп қорғасынға» деген сегізінші жолы 2003 жылғы жинақта алынып қалса, ал өлеңнің 9, 10, 11, 12-жолдары, яғни,
Қанды қырғын қапылыста
Айырылып бар жолдасынан
Жараланған жолбарыстай,
Өрт жанарлы бір жас ұлан, -
деген бір шумағы 1956 жылғы жинақта орынсыз қысқартылған.
Екінші бөлік бойынша өлеңнің «Келе жатты гіл әумесер» / 1944/ деген бесінші жолындағы «гіл әумесер» сөздері кейінгі барлық жинақтарда «сұм жендеттер» деп, өлеңнің «Суын алып қашты өзендер» /1944/ деген сегізінші жолы кейінгі барлық жинақтарда «Буырқанып тасты өзендер» деп беріліп, түпнүсқа өзгертілген. Әсіресе, осы бөліктің 9, 10, 12 жолдары, яғни, тұтастай өлеңнің бір шумағы өзгеріске ұшыраған. Мәселен, 1944 жылғы нұсқада:
Жел қанатын жайып қарсы
Сабалайды жауды бетке.
Сол аймақтың әрбір тасы
Ұшқандай ед құс боп көкке, -
деп берілсе, кейінгі жинақтарда:
Ашулы жел ащы даусы
Тұндырғандай жау құлағын.
Сол аймақтың әрбір тасы
Күйретердей жау қамалын . . . -
деп берілген. 2003 жылғы жинақта осы шумақтың алдыңғы екі жолы кездеспейді, ал төртінші жолы «Ұшқандай ед құс боп көкке» (203-бет) деп алғашқы түпнұсқа қалпында берілген. Дұрысы да осы алғашқы нұсқа. Өйткені, басқа нұсқаларда өлең жолының соңына көп нүкте қойылып, ой аяқсыз қалдырылған. Яғни, «Сол аймақтың әрбір тасы жау қамалын күйретердей» дегенде, әрі қарай «не істеді?» деген сауал көлденеңдейді. Ал алғашқы нұсқадағы «Шаштан сүйреп махаббатты», «Жиіркеніп жиырылды жер», «Сауын алып қашты өзеңдер» деген өлең жолдарына ілесе суреттелген бұл шумақтағы картина өте жанды да түсінікті. Жалпы, өлеңді өңдеуде текстологиялық принцип бойынша терушіден кеткен қателерді, яғни, емле қателері, байқаусызда қалдырылып кеткен сөздер мен сөз тіркестерін, қосымшаларды түзетуге болады, ал тұтастай өлең жолдарын өзгерту автор еркіне қол сұғу екені белгілі.
Үшінші бөліктегі өлеңнің «Тың тыңдаған адамға ұсап» , «Ақырын ғана тартып сырнай» /1944/ деген жолдарындағы «ұсап» сөзі «ұсап /1956/, «ұқсап» /2003, 2006/ деп, «ақырын» сөзі кейінгі нұсқаларда «жайлап» деп түзетілген. Алдыңғы сөз терушіден кеткен қате болса, соңғысының екеуі де бір мағыналас сөздер, қайсысын қолданса да өлеңнің идеясына нұқсан келмейді.
Төртінші бөлікке келсек, ескерте кететін бір жайт, он алты өлең жолынан тұратын бұл бөлік 1944 жылғы нұсқада басқа жерінде, яғни, бесінші бөліктегі он екі өлең жолынан кейін берілген. 1944 жылғы нұсқадағы «Сатыр-сұтыр, сайтан оты» деген өлең жолы кейінгі нұсқаларда «Жаланған от сатыр-сұтыр» деп, «Қанды жалын қара түнде» /1944/ деген өлең жолындағы «жалын» сөзі кейінгі нұсқаларда «ізін» деп берілген. Дұрысы - алғашқы нұсқа. Өйткені осы өлең жолдарынан кейін берілген «Сол бір оттан ыршып бір шоқ» деген өлең жолына «жалын» сөзі ұғынықты болмақ. «Ұрлық отын жағып отыр» (1944) деген өлең жолындағы «ұрлық» сөзі кейінгі нұсқаларда «зұлымдық» деп, 2003 жылғы нұсқада «ұрлық» деп алғашқы нұсқа қалпында берілген, «Түскен ұры терезеңнен» / 1944/ деген өлең жолындағы «ұры» сөзі кейінгі нұсқаларда «дұшпан» деп берілген. Өзгертілген сөз түсініктірек. Бірақ «ұрлық отын жағып отырған» әрі есіктен емес, терезеден түсіп тұрған жауды «ұрыға» балауы да қисынсыз емес. Оның үстіне шығарманың өн бойында «дұшпан» әсіресе «жау» сөзі өте көп қолданылған.
Бесінші бөліктегі «Құдірет күші жер жаһанның» /1944/ деген өлең жолы 1956 жылғы жинақта «Қасиет күші Ұлы Отанның» деп өзгертілген. Басқа нұсқаларда алғашқы нұсқадағыдай берілген. «Еңкейе түс өз жалауым» / 1944/ деген өлең жолы кейінгі жинақтарда «Бар арманым, асқар тауым» деп берілген. «Еңкейе түс» деген сөзден сақтанып, әдейі түзеткені байқалып тұр. Алайда соғыс уақытында өзгертілмей берілген бұл сөздерді қолдануға неге бас тартамыз? Ақын идеясын түсіну үшін осы шумақтың мәтінін толық келтірсек, 1944 жылғы нұсқада былай беріледі:
Еңкейе түс өз жалауым,
Көтеріл ел намыс туы!
Деп, жас ұлан бақты жауын,
Жарқ-жұрқ етіп жан ашуы.
«Жас» сөзі кейінгі жинақтарда «ер» деп, «жарқ-жұрқ етіп» деген сөз тіркесі 1956 жылғы жинақта «болып серік» деп берілген. Сонымен, алғашқы нұсқа соғыс картинасын жасаудағы ақынның өз ерекшелігін танытып тұрғандай. Яғни, жау бағытын бақылап тұрған жас ұланға «әзірге соғысты тоқтата тұрайық, бірақ жігеріміз мұқалмасын» дегенді айтқызғанға ұқсайды.
«Ел күрсініп алды демін» /1944/ деген өлең жолы 2006 жылғы нұсқада түсіп қалған. «Қызғыш болып қызғанышы» /1944/ деген өлең жолындағы «қызғыш болып» деген сөз тіркесі 1956 жылғы нұсқада «қинады жан» /1985 жылғы нұсқада: «қайнады жан» / деп берілген.
Алтыншы бөліктегі «Зілзәлә боп жер мен аспан» /1944/ деген өлең жолындағы «зілзәлә боп» сөз тіркесі 1956 жылғы жинақта «тұтасқандай» деп өзгертілген. «Қан, күл, боран, қара тастар» /1944/ деген өлең жолы кейінгі жинақтарда. «Қан кілкіте қара тастан» деп, «Мәңгі жарын, көл жағасын» /1944/ деген өлең жолындағы «жарын» сөзі кейінгі жинақтарда «мекен» деп берілген. Ал 2003 жылғы жинақтағы:
Түсіргендей көктің миын
Зіркілдеді зеңбіректер.
Естігендей дозақ күйін
Көрден ытқып шықты өліктер (203-бет), -
деген өлең шумағы алғашқы /1944/ нұсқа мен кейінгі жинақтардың ешқайсысында кездеспейді. Сонда бұл өлең жолдары мәтінге қосылған қоспалар болды.
Жетінші бөліктегі «Жеті қабат жер өзегін» /1944/ деген өлең жолындағы «жеті қабат» сөз тіркесі 1956 жылғы жинақта «сілкіндіре» деп берілген. 1944 жылғы нұсқадағы:
Анасындай алып төсін,
Қорғады жер батыр ұлын, -
деген өлең жолдары кейінгі жинақтарда:
Қорғады жер батыр ұлын,
Жаралы ана жиып есін, -
деп беріледі.
Сегізінші бөліктегі өлеңнің алдыңғы сегіз жолы 1956 жылғы жинақта кездеспейді. Демек, өлең бұл жинақта қысқартылған. 1944 жылғы нұсқадағы өлеңнің «О, қор болған қайран өнер!» деген сегізінші жолы 2003 жылғы жинақта «Қайран өнер , қайран ақыл!» деп, 2006 жылғы жинақта «Қайран өмір , қайран ақыл!» деп беріген. Өлеңнің «Деді де ол жалын шарпып» /1944/ деген тоғызыншы жолы 2006 жылғы жинақта «Лақтырылған бір шумақ от» деп /1956 жылғы жинақта да осылай/ берілсе, 2003 жылғы жинақта алғашқы нұсқа қалпында берілген. Дұрысы да осы түпнұсқа. Өйткені осы өлең жолдарын толықтыра түсетін 1944 жылғы нұсқадағы:
Қара темір қайта балқып,
Болды талқан қалды үйіліп.
Адам ғой ол туысы артық
Ажалды да соқты үйіріп, -
деген өлең шумағы кейінгі жинақтардың ешқайсысында кездеспейді.
Тоғызыншы бөліктегі өлеңнің алдыңғы төрт жолы ғана газеттік нұсқада бар. Ықшамдалған бұл нұсқада шығарманың оныншы, он бірінші, он екінші бөліктері кездеспейді. «Ызалы жау жіберді өрт» / 1944/ деген өлең жолындағы «ызалы» сөзі кейінгі нұсқаларда «ыза боп» деп берілген. 2006 жылғы жинақтағы:
Айтып жұмбақ өлеңдерін,
Аңыз болып бір сұлу жар,
Желпіп жалын желектерін,
Келе жатты От сұлулар! -
деген өлең шумағы 1956 жылғы мен 2003 жылғы нұсқаларда берілмеген. Бұл шумақ 2006 жылғы жинақтың он екінші бөлігінде тағы да қайталанады. 2003 жылғы нұсқада бұл шумақ тек он екінші бөлігінде беріледі, ал 1956 жылғы нұсқаның екі бөлігінде де кездеспейді.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz