«Әдебиет танытқышты» ХХ ғасыр басындағы әлемдік әдебиеттану ғылымының аясында


Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 51 бет
Таңдаулыға:   

МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ

1 А. БАЙТҰРСЫНОВ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ СӨЗ ӨНЕРІ

1. 1 А. Байұрсыновтың шығармашылық ғұмырнамасы

1. 2 А. Байтұрсынов - әдебиет зерттеушісі

1. 3 Әдебиет - сөз өнері

2 ӘДЕБИЕТ ТАНЫТҚЫШ - ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТТАНУ ҒЫЛЫМЫНДАҒЫ ТҰҢҒЫШ ТЕОРИЯЛЫҚ ЕҢБЕК

2. 1 Шығарма сөз жүйесіндегі стилистикалық айшықтар тілі

2. 2 Қара сөз бен дарынды сөз жүйесінің трактовкасы

ҚОРЫТЫНДЫ

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

КІРІСПЕ

Тақырыптың өзектілігі. ХХ ғасыр басында қазақ әдебиеті, қазақ әдебиеттану ғылымында жаңа бір белес болып табылған А. Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышы» құнды еңбек екендігі жиі айтылып (Ш. Сатпаева, Р. Сыздықова, З. Қабдолов, З. Ахметов, Р. Нұрғали, А. Ісімақова, Ө. Әбдіманов т. б. ғалымдар) келеді. Дегенмен, бұл еңбектің бүтіндей теориялық тұжырымдамасы арнайы зерттеу тақырыбына айналған жоқ. Осы тұрғыда «туған топырағымызда әдебиет теориясының басы болып саналатын» (З. Қабдолов) «Әдебиет танытқышты» (1926) ХХ ғасыр басындағы әлемдік әдебиеттану ғылымындағы басты-басты әдеби-теориялық тұжырымдармен бірлікте талдау да әзір бірізге түсе қойған жоқ. Академик Р. Нұрғали: «Ахмет Байтұрсыновтың ұлы еңбегі «Әдебиет танытқыш» төңірегінде әлі де көп зерттеулер жүргізу керек» [1, 35] - екендігін баса айтады. Осы ретте, әрине бұл жұмыстың өзектілігі де «Әдебиет танытқышты» әлемдік әдебиеттану ғылымының аясында кең көлемді талдауға алғаш түсіп отырғандығымен тікелей байланысты. Еңбектегі әрбір категорияның теориялық деңгейі де, әлемдік әдебиеттану ғылымында лайықты бағасын алған белгілі мамандардың тұжырымдарымен қатар түсіп жатады. Осы негіздерді ескере отырып, «Әдебиет танытқыш» толыққанды теориялық еңбек ретінде арнайы зерттеуді қажет етеді деп санаймыз.

Жұмыстың мақсаты мен міндеттері . Зерттеудің мақсаты мен міндеттері «Әдебиет танытқышты» ХХ ғасыр басындағы әлемдік әдебиеттану ғылымының аясында зерттеу еңбектің теориялық орнын белгілеуден туындап отыр. Осы мақсаттан туындаған міндеттердің жүйесі төмендегідей болып келеді:

- «Әдебиет танытқышты» ХХ ғасыр басындағы әлем әдебиеттану ғылымындағы әдеби-теориялық пайымдармен қатар талдай отырып, ондағы ортақ тұжырымдардың ұқсастықтарын анықтау. Сонымен қатар, еңбектегі теориялық тұжырымдармен бүгінгі әдебиет теориясының да арақатынасын анықтап белгілеу.

- «Әдебиет танытқыштағы» «сөз өнерінің ғылымына» (теориялық поэтика ғылымы) қатысты әдістемелік ұстанымдарды нақты синхрониялық және диахрониялық әдісті басшылыққа ала отырып жүйелеу.

- «Әдебиет танытқыштағы» әдеби категориялар, теориялық тұжырымдар мен терминдер жүйесінің семантикасын анықтау.

- Ахмет Байтұрсынұлының теориялық тұжырымдарына ХХ ғасыр басындағы Роман Якобсон, Борис Эйхенбаум, Виктор Шкловскийлер негізін салған формалистік мектеп ұстанымдарының әсері мен теориялық поэтика мен лингвистикалық поэтиканың ара-жігіне қатысты қағидаларды айқындау және талдау.

Бітіру жұмысының жаңашылдығы . Жұмыста ХХ ғасыр басындағы «Әдебиет танытқышпен» кезеңдес теориялық еңбектер молынан қамтылып, сол кезеңдегі теориялық көзқарастың жүйесі айқындалды. «Әдебиет танытқышта» келтірілген теориялық пікірлер мен тұжырымдар, әдістемелік тұрғыдан алғанда А. Байтұрсынұлы ұстанымына жақын орыс әдебиеттануындағы белгілі әдебиет теоретиктері Б. В. Томашевский, В. М. Жирмунский, Ю. Н. Тынянов, Г. О. Винокур секілді т. б. ғалымдардың негізгі еңбектерімен салыстырылды. Осының нәтижесінде А. Байтұрсынұлы мен аталмыш ғалымдардың теориялық поэтика мен лингвистикалық поэтиканың ара-жігіне қатысты ұстанымдары айқындалып ғылыми айналымға алғаш рет енгізіліп отыр. Сонымен қатар, диссертациялық жұмыстың төмендегідей ғылыми жаңалықтары айқындалды:

- Жұмыс барысында «Әдебиет танытқыштағы» сөз өнерінің теориясына қатысты тұжырымдардың жүйесі жасалынды. Және ол жүйенің «әдеби шығарманың құрылымы», «шығарманың стилистикалық белгілері», «поэтикалық семантика», «поэтикалық фонетика», «көркемдік бірлік», «әдебиеттегі романизация» секілді әлем әдебиеттануындағы қалыптасқан ғылыми-теориялық тұжырымдармен сәйкестіктері анықталды.

- А. Байтұрсынұлының ірі лингвист ғалым екендігі (әдебиеттану мен тілтану әдістерін қатар қолданғандығы) бүгінгі әдебиеттану ғылымындағы психолингвистикалық талдаулардың жетістіктері арқылы дәлелденді.

- Сөз өнерінің компоненттерін анықтауда «Әдебиет танытқыштың» реттік баяндауы басшылыққа алынды. Сол кезеңдегі әлем әдебиеттануындағы теориялық еңбектердің мазмұны да «Әдебиет танытқыштағы» жүйе арқылы зерделеніп, еңбектің кәсіби әдістемелік жетістігі дәлелденді.

- «Әдебиет танытқыштың» сөз өнерінің теориялық аспектісін анықтап берген тұжырымдарының бүгінгі теориялық талап тұрғысынан да шығып отырғандығы нақты мысалдар арқылы дәлелденді.

Бітіру жұмысының ғылыми, теориялық, әдістемелік негіздері . Б. В. Томашевский, В. М. Жирмунский, А. И. Белецкий, Г. О. Винокур, Ю. Н. Тынянов, Р. Якобсон, В. Кайзер, Г. Г. Гадамер, В. Б. Шкловский, М. М. Бахтин, М. О. Әуезов, Р. Уэллек, Қ. Жұмалиев, О. Уоррен, Ю. М. Лотман, З. Қабдолов, З. Ахметов, Цв. Тодоров, М. Л. Гаспаров сынды ғалымдардың еңбектері диссертациялық жұмыстың негізгі дерек көзі бола отырып, басты әдістемелік ұстанымын да айқындап берді.

Сонымен қатар, бітіру жұмысының басты стратегиялық бағытын белгілеу барысы мен нақты талдауларға барған тұстарда бүгінгі теоретик ғалымдардың (Р. Нұрғали, Ш. Елеукенов, Ж. Ысмағұлов, В. Е. Хализев, С. Н. Бройтман, А. Ісімақова В. Шмид, Е. Фарино, Н. Д. Тамарченко, И. В. Силантьев, О. А. Клинг, Д. Каллер, В. И. Тюпа, С. Н. Зенкин т. б. ) еңбектері негізге алынды.

Зерттеудің әдістәсілдері . Жұмыс барысында диахрониялық, синхрониялық, аналитикалық талдау және салыстырмалы типологиялық тәсілдер кеңінен қолданылды.

Зерттеудің нысаны және деректемелік көздері . Жұмыстың негізгі дерек көзі «Әдебиет танытқыш» екенін ескерсек, кітаптың түпнұсқадан кейінгі баспа бетін көрген үлгілерін айта кеткен орынды. 1926 жылы тұңғыш рет жарық көрген «Әдебиет танытқыш», авторы ақталғаннан кейін 1989 жылы М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты тарапынан Ә. Шәріпов пен С. Дәуітовтың құрастыруымен «Ахмет Байтұрсынов шығармалары: Өлеңдер, аудармалар, зерттеулер» атты жинақ бүгінгі қазақ әрпімен басылым көрген жинаққа енген. Алғы сөзін Қазақ ССР Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі Ш. Қ. Сәтбаева жазған.

Екінші рет «Әдебиет танытқыш» 1991 жылы «Ақ жол: Өлеңдер мен тәржімелер, публицистикалық мақалалары» атты жинақта қайта басылды. Құрастырған, алғы сөзін жазып, баспаға әзірлеген академик Р. Нұрғалиев [2] .

2003 жылы «Әдебиет танытқыш» «Алаш» баспасынан «А. Байтұрсынұлы. Бес томдық шығармалар жинағы» деген атпен шыққан жинақтың бірінші томында басылды. Жинақтың «Ахмет Байтұрсынұлы - қоғам қайраткері, ақын, қазақ тілі білімі мен әдебиеттануының реформаторы» деген алғы сөзі мен ғылыми түсінігін әдебиеттанушы А. Ісімақова жазған. Оқу құралы ретінде «Әдебиет танытқыш» 2003 жылы «Атамұра» баспасынан да жарық көрген [] .

Зерттеу жұмысының теориялық және практикалық маңызы . Жұмыстың ғылыми практикалық мәні оның өзектілігімен, ғылыми жаңалығымен тікелей байланысты болып табылады. Оның басты себебі, бүгінгі күнге дейін «Әдебиет танытқыш» комплексті түрде зерттеу нысанына айналмағандығында. Бұл д жұмыс әдебиет теориясы бойынша келешекте жазылар ғылыми жұмыстарға септігін тигізеді деген ойдамыз.

Жұмыстың зерттеу нәтижелерін арнаулы және жоғарғы оқу орындарында оқытылатын - әдебиет теориясы, қазақ әдебиетінің тарихы, қазақ әдеби сынының тарихы, мәдениеттану, жалпы тіл білімі пәндеріне негізгі әрі қосымша материалдар ретінде қолдануға болады. Сонымен қатар, диссертация мазмұнының - әдебиет теориясына байланысты теориялық еңбектер мен талдауларға, әдістемелік оқу құралдарына арналған еңбектерге де тікелей қатысы бар. Еңбектің практикалық мәні ретінде - оның ғылыми мазмұнын әдебиет теориясы мен қазақ әдебиеті тарихынан арнаулы семинарлар мен арнаулы курстар өтуге де пайдалануға болады.

Бітіру жұмысының құрылымы . Жұмыс кіріспеден, екі негізгі тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

1 А. БАЙТҰРСЫНОВ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ СӨЗ ӨНЕРІ

1. 1 А. Байұрсыновтың шығармашылық ғұмырнамасы

19-ғасырдың жарқын жұлдыздары - Шоқан, Абай, Ыбырай салған ағартушылық - демократтық бағытты ілгері жалғастырушы, жаңа буынның төлбасы, дарынды ақын, ірі ғалым, әрі журналист А. Байтұрсынов 1873 жылы 28-қаңтарда бұрынғы Торғай облысы, Жангелдин ауданы, Сарытүбек деген жерде дүниеге келген. Әкесі Байтұрсын Шоқанұлы еліне беделді, намысқор қайрат иесі болған. Өз тұсында әділетсіз ел билеушілердің зорлығына қарсы тұрған. Ел - жұртына қиянат жасаған Торғай оязы Яковлевті соққыға жыққан. Ақыры, іс насырға шауып, Байтұрсын інісі Ақтаспен Сібірге 15 жылға жер аударылады. Бұл оқиға 13 жасар Ахметтің жүрегіне үлкен жара салған.

Ауыл молдасынан хат таныған Ахмет 1886-1891 жылдары Торғай қаласындағы екі сыныптық мектепте, 1891-1895 жылдары Орынбордағы мұғалімдер даярлайтын мектепте оқиды. Одан әрі оқуды жалғастыруға мүмкіндік болмай, өздігінен оқып білімін жетілдіреді. 1895-1909 жылдар арасында Ахмет Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уезіндегі ауылдық, болыстық және екі сыныптық училищеде бала оқытады.

Осы кезде қазақ жерінде орыс шаруаларының көптеп көшіп келуі жергілікті халықтың тілін, мәдениетін, елдігін сақтап қалу мәселесін күн тәртібіне қояды. Тіл құрыса, халық та құриды. Ұлт атымыз өшпесін десек, қазақ әдебиеті мен тілін өркендетуді қолға алу керек деп ойлайды Ахмет. Осы ойын іске асыруға кіріседі.

Осы жолдағы ізденістерін ол 1896 жылы А. Алекторовқа жолығудан бастаған. Алекторов бұл кезде Омбыда отырып, Ақмола, Семей болыстарының оқу жүйесін басқарып тұрған болатын. Онымен Ахмет қазақ даласында бала оқыту жайы туралы кеңеседі. Ахмет орыс оқымыстыларының миссионерлік мақсатын, олардың қазақтарды орысша оқыту арқылы орыстандыру саясатын көздейтінін түсінеді. Осыдан секем алады. Қазақты өнер - білімге жетектеу өзгелердің емес, өзі тектес оқығандардың парызы деп түйеді. Алекторовтан алған екінші әсері - Ахметтің білім мен өнер жолындағы ой - пікірінің кеңейе түсуі еді. Қазақ тарихы мен фольклорынан аса бағалы материал жинап, зерттеген Алекторов Ахметтің көп көмескі түсініктерін айқындап алуына, алдына жаңа мақсаттар қоюына елеулі әсерін тигізеді.

А. Байтұрсынов 1905 жылғы революцияны Қарқаралыда қарсы алады. Қарқаралыда тұрған жылдары оның саяси көзқарасы кеңейе түседі. Оның маңына қазақ зиялылары топтаса бастайды. Осы жылдары оны ел мұңы, халық қамы, әділетсіздік жағдайлар қатты толғандырады. Әсіресе, отаршылдық қыспақта күн кешкен қазақ халқының ауыр тұрмысы ашындыра түседі. Отаршылдық саясатты айыптаған өлеңдер жазады. Жер мәселесін әділетті шешу жөнінде патшаның атына бір топ қазақ оқығандарын ұйымдастырады. Сол үшін айып тағылып, 1907 жылы Қарқаралы түрмесінде біраз отырып шығады. Бұл Ахметтің Қарқаралыдағы екі сыныпты училищенің меңгерушісі болып істеген кезі еді.

Бұдан былай Ахмет халық арасында насихат жұмысын астыртын жүргізеді. Бұл әрекеті полиция тыңшыларына сезіліп қалып, 1909 жылы шілдеде қайта ұсталып, сегіз ай бойы Семей абақтысына қамалады. Азаттық жолындағы көрген азап оны ширықтыра түседі. 1910 жылдың 21 -ақпанында Ахмет Орынбор қаласына жер аударылады.

Ағартушылық жолға түсіп, (қайтсем, халқыма пайдамды тигізем, қалай көзін ашам, ұйқысынан қалай оятам» деген мақсат Ахметті әдебиетке алып келеді. Ол әдебиетті халыққа ықпал етер күш санайды. Осы мақсатпен өлеңдер шығарады, И. А. Крылов мысалдарын аударып, сол үлгіде өзі де мысалдар жазады. Оның 1909 жылы Петербургта «Қырық мысал» деген кітабы, 1911 жылы Орынборда «Маса» деген өлеңдер жинағы басылады. Ахметтің Орынборға келгеннен кейінгі қызметі өте күрделі, әрі өнімді болған. Оның қоғамдық ой - пікірлері 1913 жылы 2-ақпаннан шыға бастаған, өзі ұйымдастырған «Қазақ» газетінде патша үкіметі орындарының құлағына жақпайтын мақалалар да жариялап отырған. Ол үшін талай рет ақшалай айып салынып, Ахмет түрмеге жабылған.

1917 жылы патша тақтан түседі. Ол кезде қазақтың зиялы азаматтарына «Алаш» партиясын ұйымдастырады. «Алаш» партиясының және «Алашорда» үкіметінің негізгі мақсаты - Ресей Федерациясының құрамында Қазақстан автономиясын құру еді. Бірақ 1917 жылдың қарашасында билікке ие болған Кеңес үкіметі оған жол бермеді . Аласапыран кездің шындығын байыптай келе Ахмет Ә. Жангелдин арқылы Кеңес үкіметімен келіссөз жүргізіп, жаңа үкімет жағына шығады. 1920 жылы Қазақстан Кеңестерінің бірінші съезінде Қазақстан үкіметіне мүше және Халық Ағарту комиссары болып сайланады. 1921 жылы Халық ағарту комиссариаты жанындағы Ғылыми - әдеби комиссияның төрағалығына тағайындалады. Ол әуелі Орынбордағы, 1926-28 жылдары Ташкенттегі Қазақ халық ағарту институттарында, кейін Алматыда ашылған Қазақ университетінде сабақ береді.

1925-31 жылдары ішінде Қазақстанды басқарған Ф. И. Голощекин Қазақстан кеңестік өзгерістен тыс қалған деп санап, онда «Кіші Октябрь» төңкерісін жүргізу саясатын жүргізуді ұстанады. Елдегі байлық пен малды тәркілеу жұмысын жүргізеді. Халықты ашаршылыққа ұшыратты. Қазақ зиялыларының көпшілігі оны қолдаған жоқ. Голощекин өзіне қарсылық білдіргендерді «ұлтшыл» деп жариялап, олардың көзін жоюды қолға алады. А. Байтұрсынов қара тізімге ілінген отыз адамның басы болып, 1929 жылы 2-маусымда тұтқынға алынады, жер аударылады. Азапты қуғын - сүргіннен 1934 жылы қазанда ғана оралған ол 1937 жылы 8-қазан күні ұсталып, 8- желтоқсанда атылады.

Ахмет Байтұрсынов өз ұлтының бостандығы мен тәуелсіздігі жолындағы күресте бұқараның жүрегіне қозғау салар, ұйқысынан оятар қаруы - өлең сөз деп түсінеді. Қазақ халқының тағдыры, бүгінгісі мен ертеңгісі Ахмет поэзиясының өзегі болады. Ол өзінің ағартушылық, демократтық, гуманистік идеяларын халқына поэзия тілімен жеткізуді қалады. А. Байтұрсыновтың өлеңдер жинағын «Маса» деп атауы да тегін емес еді. Ол ұйқыда, саясаттан тыс жатқан надан халқын құлағына маса болып ызыңдап оятуды ойлады.

Ызыңдап ұшқан мынау біздің маса,

Сап - сары аяқтары ұзын маса.

. . . Үстінде ұйықтағанның айнала ұшып,

Қаққы жеп қанаттары бұзылғанша,

Ұйқысын аз да болса бөлмес пе екен,

Қоймастан құлағына ызыңдаса?!

Ақын арманы - «адамдық диханшысы» болып халқына қызмет ету.

Адамның диханшысы қырған шықтым,

Көгі жоқ, көгалы жоқ қорға шықтым.

Тұқымын адамдықтың шаштым, ектім,

Көңілін көтеруге құр халықтың.

Бұл үзінді де үлкен мұратты танытады. «Көгі жоқ, көгалы жоқ» сусыз қырда диханшы болу үшін «адамдықтың тұқымын» егу - оңай шаруа емес. Оның үстіне, халқы еріксіз біреуге құл болса . . . Автор осы қиын міндет жолына басын тігеді. Ақын өзі өскен ортаға, қазақ қоғамының қалпына сын көзімен қарап, көңілін жүдеткен, күйіндірген көкейтесті шындықты ашына сынайды. Оның «Қазақ салты», «Қазақ қалпы», «Жиған - терген» өлеңдерінің мазмұны бірін - бірі толықтырады. Ақын ел тарихына көз жібере отырып, өз халқының бүгінгі мүшкіл халын:

Қаз едік қатар ұшып қаңқылдаған,

Сахара көзге қонып салқындаған.

Бір өртке қаудан шыққан душар болып,

Не қалды тәнімізде шарпылмаған, -

деп суреттейді. Елдегі мен жақсымын дегендердің халық үшін еш нәрсе тындырмай, жүргеніне қынжылады. Одан әрі өзін - өзі күйттеген, байлық, мансап үшін ар - абыройын сатқандар, бос белбеу, босаң туған бозбалалар, қайырымсыз байлар, жарқылдаған түймеге мәз болған, өнер - білімін тиісті жеріне жұмсай алмайтын оқығандар сыналады. Қай өлеңінде де Абайдың сатиралық бейнелері елестейді. Бүгінгі «Қазақ қалпын» ақын:

Қалтылдақ қайық мініп еспесі жоқ,

Теңізде жүрміз қалқып кешпесі жоқ,

Жел соқса, құйын соқса, жылжи беру,

Болғандай табан тіреп ешнәрсе жоқ, -

деп суреттейді. Онда басында билігі жоқ елдің күңгірт болашағын үлкен теңізде қазақтың бейқамдығын алтыбақан алауыздығын, «Құдайдың өзі сақтар», «Көппен көрген ұлы той» деп ойсыз жүре берушілікті сынайды. «Бұл күйге бүгін емес, көптен кірдік» тармағына ақын қазақ елінің отарлау тарихын аңғартар үлкен мазмұн ұялатады.

Осы өлеңдердегі бейнелілікке көңіл аударсақ, талай тың теңеулерді көреміз. «Қатар ұшып қаңқылдаған, Сахара сазға қонып салқындаған» - өзінің туған халқы болса, өрт - оның бостандығына тиген патшаның отаршылдығы. Отаршылдық жағдайындағы ел қалтылдақ қайық мініп, теңізде жүрген адам сияқты. Осы жағдайларды халқына түсіндіре отырып, дихан болып адамдықтың ұрығын егеді.

Ақын «Жиған терген» өлеңінде осындай ғаріп күйге түсудің себебін іздестіреді. Өткенге қарасам, хандар халықты басқара алмай, басқаға сатыпты. Бері келген соң, шен, шекпенге сатылыпты. Болыстықты сатып алыпты. Ұлық мақтаса, мәз болыпты. Халықтан алым алыпты деп келеңсіз жайларды көрсетеді. Қабағын түйіп, қаһарын жиып, көкті бұлт торлап тұр. Ел болса, баяғы қалпы, әлі ұйқыда. Дос пен қасты айырмайды. «Түксиген мұртты обыр боп, сорып тұр». Қарғадай қарқылдаған, шешенсінген мырзалардың жолы үлгі емес. Ол жаңа жол табуға шақырады. «Жолдар бар өзге, жоба бар сөзге, жүрекке дөп, ойға жөн» дейді.

Қазағым елім,

Қайқайып белің,

Сынуға тұр таянып.

Талауда малың,

Қамауда жаның,

Аш көзіңді оянып.

Қанған жоқ па әлі ұйқың,

Ұйықтайтын бар не сиқың!

Өлең Абайдың «Сегіз аяқ» үлгісімен жазылған. «Көк бұлт» символдық, «түксиген мұрт» метономиялық бейне.

Емшегін еміп,

Анаға сеніп,

Бала ұйықтайды жастықпен.

Қымызға қанып,

Қызарып жанып,

Бай ұйықтайды мастықпен.

Шалап ішкен кедей мас,

Мына жұрттың бәрі оңбас!

деген сияқты салыстыра сипаттау да өлеңнің көркемдігін көтеріп, мақсатын аша түседі.

«Досыма хат» өлеңінде:

Жарқырап жақсылықтың таңы атпай тұр,

Түнерген төбемізден бұлт арылмай,

деп, отаршылдық қыспақты түнерген бұлтқа теңейді. Одан құтылып еркіндік алуды «жақсылық таңы» деп бейнелейді. Еркіндік идеясын «Бақ» өлеңінде жалғастыра түсіп:

Үміт сүйрей жыраққа,

Жетесің деп мұратқа,

Талықсам да ізденіп.

Қашан жанып шамшырақ,

Сәуле беріп жарқырап,

Болар жырақ төрт тарап?

Қашан маған іздеген,

Келіп жылы жүзбенен,

Болар сеніп бақ құрап?

деп ақын бақ күнінің тезірек келуін аңсайды. Елдің бетке ұстар азаматтарын бірлікке, күреске шақырады.

«Анама хат», «Жауға түскен жан өзі» өлеңдерінде өз басынан кешкен қиын қыстау күндер, қуғын, ел тағдыры, бостандық арманы сөз болады.

Оқ тиіп, он үшімде ой түсіріп,

Бітпеген жүрегімде бар бір жарам . . .

Адамнан туып, адам ісін етпей,

Ұялмай не бетіммен көрге барам?

деген жолдар әкесі Байтұрсынның Сібірге айдалған кезде жүрегінің жаралағанын еске түсіреді. Өлең өзіне жала жабылып, Семей түрмесінде отырған қапас кездің шындығы.

Елін, жерін шен, шекепенге сатқан, ардан безген пәлеқор, кейбір тілмаштар мен болыстарды еске алып:

Қинамайды абақтыға жапқаны,

Қиын емес дарға асқаны, атқаны.

Маған ауыр осылардың бәрінен

Өз аулымның иттері үріп, қапқаны, -

деп өкініш білдіреді.

А. Байтұрсыновтың кек жолынан айнымайтынын, қаншама қиыншылық болса да төтеп беретін күрескерлік болмысы оның өлеңдерінде анық көрінеді. «Н. Қ. ханымға» арналған өлеңінде ол:

Рақатсыз өтсе де өмір жасым,

Бұл жөнімнен құдайым айырмасын.

Ұзақ жолға ниет қып бір шыққан соң,

Жарым жолдан қайтпаспын, қарындасым.

Су да болар бұл жолда, тау да болар,

Жаудың оғы, жайға тор, ау да болар.

Мынау пайда, мынасы зиян демек,

Ол ерліктің ісі емес, сауда болар,

дейді.

Бұл айтылғандар Ахметтің әлеуметтік шындықтың ақыны екенін танытады.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
А.Байтұрсынов – қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салушы туралы
Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» еңбегі ХХ ғасыр басындағы әдебиеттану ғылымының контексінде
Ахмет Байтұрсыновтың ұлы еңбегі «Әдебиет танытқыш»
Әдебиет танытқыштың әлемдік әдебиеттану ғылым контексіндегі көрінісі
Шәкәрім мұрасы
Алаш әдебиеттануын совет кезінде дамытқан ғалым
Қазіргі қазақ әдебиетін оқыту әдістемесімен Ахмет еңбегінің сабақтастығы
Жүсіпбек Аймауытов шығармаларындағы психологизм
Зейнолла Қабдолов және Махамбет тұлғасы
Өлең бунақтарының таңдамалы және талғамалы орындары (А.Байтұрсыновтың "Әдебиет танытқыш" еңбегінің "Өлең ағындары" тарауы негізінде)
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz