1980-90-ыншы жылдардағы қазақ әңгiмесi


М А З М Ұ Н Ы
Кiрiспе . . . 2
I тарау. Қазiргi қазақ әңгiмесiндегi әлеуметтiк талдау . . . 4
II тарау. Характер және жаңа көркемдiк iзденiстер… . . . 37
Қорытынды . . . 49
Пайдаланған әдебиеттер көрсеткiшi . . . 52
К I Р I С П Е
Нысанаға алып отырған 1980-90-ыншы жылдардағы қазақ әңгiмесi кешегi кеңестiк дәуiрде жазылып дүниеге келдi. 80-90-ыншы жылдар елiмiздiң тарихында ерекше орын алады. Елде ұлы өзгерiстер жасалатынын, әмiршiл - әкiмшiл жүйе күйрейтiнiн, Кеңес Одағы ыдырап, оның орнына тәуелсiз мемлекеттер орнайтынын ешкiм болжап бiлмесе де, әйтеуiр бiр өзгерiстердiң болатыны сезiлетiн. Бұл ең алдымен қоғамымыздың ең сезiмтал құбылнамасы - әдебиет айналасынан байқалады. Әсiресе, елгезек не жаңалықты барлағыш, оперативтi әңгiме жанрында келешек жаңалықтардың әлдебiр сiлемдерi, нұсқалары сезiледi. Керi кеткен тоталитарлық жүйенiң сетiнеп, құрып бара жатқан белгiлерiнен, солардың әдебиеттен ащы шындық ретiнде бейнеленуiнен көрiндi.
Қазiргi егемендiк жағдайымызда, елiмiз тәуелсiздiгiн алып, жиырма бiрiншi ғасырда қадамымызды нық басып тұрған уақытта, бiз болашақ қадамдарымызды нық, сенiмдiрек басу үшiн, алдымен өткен жолымызды бiлiп алуымыз керек. Ондай танымды 80-90-ыншы жылдардағы әңгiмелер молынан бередi. Бұл тақырыпты зерттеудiң зәрулiгi мiне, осында.
80-90-ыншы жылдардың әңгiмелерi жөнiнде зерттеу, тексеру жұмыстары мүлде жүргiзiлмедi деуге болмайды: шолу мақалалар, сын, зерттеулер кезiнде жарық көрiп тұрды.
Өзiмiзге бiрден-бiр жақын болып келген орыс әдебиетiндегi iргелi ғылыми зерттеу еңбектерiн шолсақ, бiз қарастырып отырған кезеңдегi әңгiме жанры туралы жазылған еңбектер, ой-пiкiрлер, мақала әжептәуiр. Сондықтан да, 80-90-ыншы жылдардағы әңгiмелердi арнайы дипломдық жұмысымызға арқау - өзек етіп алып отырмыз.
Әсiресе, бiз қарастырмақшы болып отырған кезеңдегi қазақ әңгiмесiндегi әлеуметтiк талдау мен кейiпкер характерi арнайы зерттеуге қаншалықты зәру екендiгiн айтып жатудың қажетi шамалы. Сонымен, зерттеу нысанасы - қазiргi қазақ прозасының шағын түрi - әңгiмедегi әлеуметтiк талдау мен характер мәселелерi.
80-90-ыншы жылдардағы қазақ әңгiмесiнiң есеюi мен дамуын, көркемдiк - реалистiк бағытын тану үшiн, осы кезең аралығындағы қазақ әңгiмесiнiң деңгей, дәрежесiн белгiлейтiн Оралхан Бөкей, Дулат Исабеков, Тынымбай Нұрмағамбетов, Марал Ысқақбаев туындылары қарастырылды.
Әңгiме жанры мен оның әдебиеттегi көрiнiсiне қазақ әдебиет зерттеушiлерi көптеген жеке проблемалық мақалалардан бастап, монографиялық зерттеу еңбектерiн арнады.
Ал, ендi жеке монографиялық зерттеулер, диссертациялардан Б. Наурызбаевтың «Бейiмбет Майлиннiң эпикалық жанрдың шағын түрлерi» (1963) деген тақырыптағы кандидаттық диссертациясы мен «Бейiмбет Майлин творчествосының шеберлiгi» (1973) туралы докторлық диссертациясы. Б. Майлиннен кейiнгi әңгiме шеберi Ғ. Мүсiрепов шығармаларына арналған Х. Әдiбаевтiң докторлық диссертациясынан кейiн «Талант, талғам, тағдыр» (1971) атты кiтап болып шықты. З. Қабдоловтың әңгiме жанрына арналған диссертациясы, кейiн «Жанр сыры» (1964) атты еңбегiнде 40-50-iншi жылдардағы қазақ әңгiмелерiн қамтиды. Байтанаевтың 1974 жылы қорғаған диссертациясы да туған әдебиетiмiздiң қайнар көзi - фольклор мен әңгiменiң ара-қатынасын зерттеуге арналған.
60 - 70-iншi жылдардағы қазақ әңгiмелерi мен повестерi туралы С. Шарабасов диссертация жазды. Ол өз еңбегiнде шағын жанрдың дәстүр мен жаңашылдығын психологиялық анализдiң ерекшелiктерi арқылы аша отырып, әңгiменiң тiл ерекшелiгiне тоқталады.
Қазақ әңгiмесi мен повестерiнiң стилi, оның романтикалық, реалистiк тенденциясын А. Құлұмбетова зерттеу еңбегiнде талдап, саралаған.
«Қазiргi қазақ әңгiмесi» атты зерттеу еңбегiнде Р. Рүстембекова әңгiме жанрының даму тенденциясын, оның уақыт талабына жауабын Одақ көлемi мен әрi әлемдiк әдебиетпен салыстыра қарастырған.
Бүгiнгi сыншыларымыздың осы мәселеге соқпай кеткенi кемде-кем. Мысалға, С. Әшiмбаев, Г. Пірәлиева, Ә. Бөпежанова, Б. Майтанов, М. Серiкқалиев, Қ. Ергөбек, Б. Ыбрайымов, Г. Елеукенова, Е. Аманшаев, Т. Жұртбаев, Б. Кәрiбаева т. б.
Диплом жұмысы кiрiспе, қорытынды және екi тараудан тұрады. Соңында пайдаланылған әдебиеттер тiзiмінен тұрады.
I ТАРАУ
ҚАЗIРГI ҚАЗАҚ ӘҢГIМЕЛЕРIНДЕГI ӘЛЕУМЕТТIК ТАЛДАУ
Жиырмасыншы ғасырдың сексенiншi-тоқсаныншы жылдары бұрынғы Кеңес Одағында және Республикамызда орасан зор әлеуметтiк-саяси өзгерiстерге толы болды. Әкiмшiл-әмiршiл тоталитарлық жүйе дағдарысқа ұшырай бастады. Ақыр аяғында, Кеңес Одағы ыдырап, тоқсаныншы жылдардың бас кезiнде қазақ елi тәуелсiздiк алып, әлемдiк егемендi елдер қатарына қосылды. Ғасырлар бойғы арманына жеткен елiмiздiң еңсесi көтерiлiп, тарихи ой-өрiсi жаңарып, бар жаны түлеп, санасы еркiндiк биiктерiне көтерiле бастады.
Әлеуметтiк-саяси өзгерiстер аяқ астынан пайда бола қоймайтыны белгiлi. Сан жылдар бойы бұрынғы Кеңес Одағында таптық тартыс идеясы дәрiптелiп, Сталин культi салдарынан заңсыздық етек алып, ел тоталитарлық заманды бастан кештi. 1956 жылы бұдан кейiнгi «жылмық» кезеңде демократияның алғашқы нышандары көктей бастады. Ел өмiрiне соны өзгерiстердi енгiзуге әдебиет үлкен үлес қосты.
Әрқашан да халықтың жүрегiмен бiрге соғатын әдебиет өмiрдегi жаңалықтар туралы ой толғап, жаңа көркем бейнелер туғызды. Әрине, бұл iсте прозаның ұшқыр жанры әңгiме белсене атсалысты.
Осы әдеби қозғалыстың алдынғы қатарында шығармагерлiк қызметiн алпысыншы жылдары бастаған бiр топ жазушылар: Оралхан Бөкей, Дулат Исабеков, Марал Ысқақбаев, Тынымбай Нұрмағамбетов т. б. жемiстi еңбек еттi.
Алпысыншы жылдары қазақ әдебиетi дамудың жаңа жолын iздестiруге кiрiстi. Мұхтар Әуезовтiң «Өскен өркен» (1966), Тахауи Ахтановтың «Боран» (1963), Зейiн Шашкиннiң «Темiртау» (1960), «Доктор Дарханов» (1962), Сәкен Жүнiсовтiң «Жапандағы жалғыз үй» (1965) романдары қазақ прозасына жаңа серпiн, соны леп әкелдi. Алпысыншы жылдардағы әдеби процесс, жетпiсiншi-сексенiншi жылдары онан әрi жалғасын тауып, бет әлпетiн айқындай түстi.
Әңгiме - қазақ әдебиетiндегi қалыптасқан, өзiнiң дәстүрi, шыққан биiгi бар жанр.
Прозаға алғаш сүрлеу түскен кезеңнiң өзiнде М. Әуезов, Б. Майлин, Ғ. Мүсiреповтер бастамасын бастаған қазақ әңгiмелерiнiң орны бөлек. «Қаралы сұлу» мен «Қорғансыздың күнiн», «Құрымбайдың жiгiтшiлiгi» мен «Айт күндерiн», «Қос шалқар» мен «Талпақ танаулары» - алғашқы қазақ әңгiмелерi едi деп атаумен бiрге қазақ әңгiмесiнiң iнжу-маржандары деп ауыз толтырып айта аламыз.
Көркемдiктiң нағыз шыңы iспеттi бұл әңгiмелер қазақтың үлкендi-кiшiлi көлемдi прозасының барлығын жаңа творчестволық iзденiстерге бастады.
Қазақ прозасындағы әңгiме жанрының өзi бүгiнде сан жағынан да, сапа жағынан да кемелдене, толыса түстi. Әсiресе, 70-iншi жылдардағы өмiр талабына сәйкес туған әңгiмелерден соны iздер мен тың iзденiстер байқалады. Ең әуелi олар тiлдiк-стильдiк жағынан нақтылыққа батыл ойыса бастады. Ендiгi бiр анық байқалатын нәрсе - 70-iншi жылдардағы әңгiмелерден әлеуметтiк-философиялық тереңдiк пен психологиялық талдаудың басым көрiнiс беруi деймiз.
Түптеп келгенде, бұл ерекшелiктер - қазақ совет әдебиетiндегi әңгiме жанрының майталман шеберлерi Б. Майлин, Ғ. Мүсiрепов, М. Әуезов сынды аға буын жазушыларымыздың тағылымды дәстүрлерiн ыждаhаттылықпен жалғастырып келе жатқан игi iзденiстерi, сәттi қадамдары деу керек.
Әсiресе, жедел жанр - әңгiме эпостық қуаттылықпен, елдегi жаңалықтарды жiтi бақылап, оларды көркемдiк кестесiне түсiре бастады. Алайда, өмiр тереңiне, қайшылықтарына бойлау, олардың ерекшелiктерiн дәл басып бейнелеу оңайға соққан жоқ. Өйткенi, көркем шығарма, оның iшiнде әңгiме жанры да өмiр шындығын қалай болса солай, талғамсыз тiзбектей бермейдi, қоғамдық-әлеуметтiк орта шындығына сай, жинақтап, жинақтағанды характер арқылы сомдайды. Характер жоқ жерде тарихи орта, әлеуметтiк жағдай шындығы көрiнбейдi.
Адам характерiне сайып келгенде, екi жақты процесс ықпал етедi: бiрiншiсi - кейiпкер әлемiнде, ой-сезiм дүниесiнде сол кейiпкер өмiр сүрiп отырған заманның әлеуметтiк проблемалары, екiншiсi - ар-инабаттылық, құлықтық проблемалары.
1980 жылдардың орта кезiнен басталған қайта құру, жариялылық, демократия процестерi ел өмiрiне зор жаңалықтар енгiздi. Өктем саясат, небiр шырқыраған шындықты айтуға тыйым салды. Ұлттық болмыс, ұлттық әдет-ғұрып, небiр қадiр-қасиеттер аса қуатты идеологияның жариялап отырған ұран-принциптерiне сай келмесе, аяқ асты етiлдi. Бүкiл идеологияға, адамзаттың ақыл-ой, санасына, еркiндiгiне қатаң бақылау орнатылды.
Рухани игiлiктер, оның iшiнде әдебиет - өмiрдiң өнердегi көрiнiсi. Кеңестiк тоталитарлық режим адам өмiрiндегi барлық саланы, оның iшiнде әдебиеттi де өзiнiң идеологиялық қатаң қыспағына алды.
Өмiрдiң шынайы келбетiне терең үңiлу, ащы да болса шындықты айтудың қиындығы күнделiктi идеологияның қалыптасқан қағидасына айналды. Осының нәтижесiнде әдебиеттiң барлық жанрлары, әсiресе әңгiме өз мәнiнде құлашын кең жая алмады.
Ең бастысы, дәл осы кезеңде кеңестiк аймақта ұлы өзгерiстердiң, жаңалықтардың ауылы алыс болғанымен, «Социализм идеялогиясының мiнсiздiгiне, сол кезеңдегi қағидаларға сәйкес жер бетiндегi ең өмiршең, ең әдiл, кәмiл шамшырақ екендiгiне күдiк туа бастады» (1) (Бердiбай Р., 118-б) .
Және бiр айта кететiн басты жайт - осынау ақиқатты сезiну барша қаламгерлер санасында үлкен серпiлiс туғызды. Өркендеген, дамыған бүгiнгi қазақ әдебиетiне жаңа бiр серпiннiң, жаңа толқынның, көркемдiк, сапалық iзденiстердiң ене бастауы да сол 60-ыншы «жылмық» кезеңiнен бастау алып, 80-90-ыншы жылдары арнасын кеңiткен екен.
Санада туған серпiлiс, барша адамзат баласына ортақ проблемаларды алға тартты, барлық қаламгерлердiң алдында: «Адам мен қоғам, қоғамдағы әлеуметтiк жағдай. Оның адамға әсерi» - деген сұрақтар тұрды. Бұндай ауқымдық проблемалар бұрын да бар-тын, алайда оларға жауап iздеуге деген жаңаша талпыныс дәл осы кезеңде ерекше байқалады.
Жеке бастың (тұлғаның) рухани адамгершiлiк әлемi, оның әлеуметтiк жағдайы, философиялық - құлықтық, әлеуметтiк проблемалары - мiне, атан түйеге жүк боларлық осынау аса ауқымды мәселелерге жауап беру, iзденiс сапарына шығу қазақ әңгiмесiнiң тақырыптық идеялық ерекшелiгiн құрайды.
Қалай болғанда да, уақыт, замана талабы, қанша тосқауыл қойғанымен, қазақ қаламгерлерi шындықты қорғалап айта алмаса да, тұспалдап жеткiзген екен, ал, бұның өзi, тұтастай алғанда ұлтымыздың қоғамдық сана, ақыл-ойының кемелденуiне, бiршама биiк деңгейге жетуiне ықпал еткенi ақиқат. Сонда да 80-iншi жылдардың орта шенiнде басталып, бүгiндерi жаңа даму жолына түсуiмiзге әсер еткен жаңаша ойлау, қайта құру процесстерiн бiршама тездеткен, оның қанат жайып, өрiстеуiне, тарихи қажеттiлiкке айналуына ат салысқан өз туындыларымен үлес қосқан қазақ қаламгерлерiнiң денi осы 80-90-ыншы жылдар үлесiне тиедi.
Бiз сөз еткелi отырған қазақ әңгiмелерi осы проблемалардың пiсуi жеткен кезеңге сексенiншi-тоқсаныншы жылдарда әкiмшiл-әмiршiл жүйенiң күйреуi қарсаңында тұспа-тұс келдi. «Жылмықтың» аяғы тоқырауға ұласты. Бұл шындық қалайда әдебиетке сәулесiн түсiруi тиiс едi, солай болды да. Әсiресе, басқа прозалық жанрларға қарағанда, оперативтi жанр - әңгiмеде айқын көрiндi. Оған көрнектi жазушыларымыз Оралхан Бөкей, Дулат Исабеков, Марал Ысқақбаев, Тынымбай Нұрмағамбетовтердiң шағын жанрда жазған туындылары куә.
80-90-ыншы жылдардағы қазақ әңгiмесiндегi адам және қоғам мәселесiн сөз еткенде, назарға ұстайтын нысана - әлеуметтiк талдау проблемасы.
Академик С. С. Қирабаев: «Дәуiрдiң әлеуметтiк қайшылықтарын көре бiлу, iрi характерлер ашу, поэтикалық жаңа формалар туғызу жөнiндегi iзденiстер де жас таланттардың қолынан келедi. Олар еңбектегi құрбыларымен бiрге бүгiнгi тiршiлiктiң романтикасын жақсы сезiнедi, болашаққа, оның қиялын өсiрiп қызықтыратын ертеңгi күнге көрегендiкпен қарай алады» (5) (Қирабаев С., 28) дей келiп, төмендегiдей тұжырым жасайды: «Бүгiнгi бiздiң замандасымыз қандай адам, оны қоршаған ортаның шындығы қандай, осы екеуiнiң ара-қатынасы қандай принципке құрылған, адам өз өмiрiнiң қызығын, тiршiлiгiнiң мақсатын неде деп түсiнедi, ненi армандайды, не нәрсе оны ренжiтедi? Бүгiнгi күннiң әдебиетi күн тәртiбiне қойып отырған басты мәселелердің бiрi - осы» (5) (Сонда, 29) .
Әлеуметтiк талдау жазушының өзi алып отырған объектiсiне, нысанасына, қоғамдық нақты шындыққа, өмiрге көзқарасынан, дүниетанымынан және туындысындағы әр алуан кейiпкерлердiң әлеуметтiк-психологиялық, рухани-адамгершiлiк мәселелерiн қандай сипатта шеше алатындығынан аңғарылады. Шығарманың қуаты мен әлсiздiгi, iрiлiгi мен ұсақтығы, өмiршеңдiгi мен өткiншiлiгi ең алдымен, сол туындының сүйегiнен - әлеуметтiк талдау парасатынан басталып, көркемдiк құралдар (тiл, образ, сюжет, композиция т. б. ) арқылы не үйлесiм, не сәйкессiздiк тауып жатады. Жазушының әлеуметтiк талдау қабiлетiнiң тереңдiгi, парасаты және талант, қуаты өзара тығыз байланыста болады. Бiрiнсiз бiрi тұл және бiрiнiң орнына бiрi жүре алмайды. Бұлар әлеуметтiк - көркемдiк ойлап түйсiнудiң тұтас тұлғасы.
Шығармадағы әлеуметтiк талдауды жазушының көзқарасы мен дүниетанымының басты көрсеткiшi дейтiнiмiз де осыдан. Соңғы он-он бес жыл көлемiнде әлеуметтiк талдау төл әдебиетiмiзде барынша күрделене түсiп, көбiнесе моральдық-этикалық, адамгершiлiк-азаматтық парыз сияқты әр түрлi қырларынан бой көрсете бастады. Осы тұрғыдан жазушылар - Оралхан Бөкейдiң «Қасқыр ұлыған түнде», «Алтыбақан», «Бура», «Апамның астауы», Тынымбай Нұрмағамбетовтiң «Жәрдемшi», «Атақоныс», Дулат Исабековтiң «Социализм зәулiмi», «Талахан - 186», «Ескерткiш», Марал Ысқақбаевтың «Күмбез», «Қияндағы қыстау» атты 60-70-80 жылдарда шыққан әңгiмелерiн атап айтар едiк.
Социалистiк реализм әлеуметтiк талдауды тек партиялық, таптық тұрғыдан ғана қарастырды. Бiз әлеуметтiк талдауды кейiпкердiң өмiр сүрiп отырған жағдайына қарап қарастырамыз. Бұл айтқандарымызда әлеуметтiк таптар, топтар, бай мен кедейлер жоқ деген мағынада түсiнбеу керек, әлеуметтiк қайшылықтар әр қоғамдық құрылыста әртүрлi дәрежеде бола бередi, не асып шиленiседi, не шешiмiн тауып үйлеседi. Бiз нақтылы кейiпкердiң әлеуметтiк жағдайына қарай қарастырамыз. Бiрақ, әлеуметтiк талдау жалаң қаралмауы тиiс, ол алдымен психологиялық талдаумен ұштасуы тиiс. Психологиялық талдау мен әлеуметтiк талдау бiр-бiрiмен тығыз байланысты. Шығарманың әлеуметтiк салмағын анықтау арқылы кейiпкер характерiн, психологиясын танып бiлемiз. Шығарма шырайын, авторлық идеяны айқындау үшiн әлеуметтiк астарға үңiлемiз. әлеуметтiк талдау символ, көркемдiк деталь, астарлау, психологиялық параллелизм арқылы шешiледi.
Әлеуметтiк шындықты жазу - ол заманның рухани тынысын жеткiзу, әлеуметтiк проблемаларды көркемдiк тұрғыдан зерттеу, қоғам өмiрiнiң басты буындарына анализ - синтез жасау, үлкендi -кiшiлi қаракеттерiмiзге баға беру, кесiм айту - жетiстiктердi көрсете отырып, кесiрлi кемшiлiктiң себептерiн ашу, болашаққа бағыт-бағдар сiлтеу, қысқасы уақыттың типтiк шындығының диалектикасын реалистiк тұрғыдан келiп жазу деген сөз. Жазушының интеллектуалдық ой-өрiсi, дәрежесi - оның өзiндiк тереңдiгiнiң кепiлдемесi. Сондықтан да нағыз көркем шығарма суреткердiң өмiрге, адамдарға берер бағасы, айтар сыны, солар туралы көкейкестi ойының көрiнiсi. Жазушы жекелеген адамдар тағдырын зерттеп, суреттеп отырып, бүкiл әлеуметтiк өмiрдiң күнгейi мен көлеңкесiне, даму барысына, жалпы моральдық болмысына философиялық ой-мұнарасынан әлеуметтiк талдау жасауға тиiс.
Оқиға тұтастығы мен шымырлығы, қысқасы, сюжет жинақылығы және әлеуметтiк талдау К. Паустовскийдiң пiкiрiнше:
«Нағыз күштi, ерекше құдiреттi проза одан басы артық, айтпауға болатын кездейсоқ жайдың бәрi алынып тасталған да, тек қана жазбауға болмайтын әлеуметтiк негiзi бар драмалық шындықтар ғана қалған проза. Шынайы реализм дегенiмiздiң өзi осы» (Паустовский)
Әлеуметтiк шындықты көркемдiк шындыққа айналдыруда жазушыға ең қажеттi фактордың бiрi - суреткерлiк.
Ол кен мағынасында осынау күрделi болмыстағы барша құбылыстарды көркем тiлмен қозғалыс, даму үстiндегi жанды суреттер арқылы көрсету, образды суреттермен елестету.
* * *
Өз кезiнiң өзектi шындығын қандай қаламгер болсын кесек-кесек толыққанды образдармен елестетiп көрсетедi.
Өз шығармаларында уақытқа үн қосумен бiрге жаңа уақыттың аяқ алысын тұңғыш аңғарған жазушылардың бiрi - Оралхан Бөкей. Ол iс-әрекетi, мiнез -құлқы өзгеше кейiпкерлердiң бейнесiн сомдауға талпынды.
Жазушы өмiр шындығының нағыз қайшылықтарын бар толық мәнiнде бейнелеуге тырысты. Ащы шындықты айта бiлу, әлеуметтiк өмiрдiң көлеңкелi жақтарын әшкерлеу, тазаруға, жаңарып-жаңғыруға шақыру сексенiншi-тоқсаныншы жылдардың әдеби процесiнде жетекшi бағытқа айналса, Оралхан Бөкей сол бағытты ту етiп ұстады.
Әлеуметтiк өмiрдегi әртүрлi оқиғаларға үн қосып, онда да асығып-аптықпай, әлiптiң артын бағып, әбден пiсуi жетiп, тиiстi бағасын алған соң барып, болған жағдайларды жазуға отыратын қаламгерлердей емес, Оралхан Бөкей бүгiнгi таңда қылаң берiп келе жатқан құбылыстарға назар аударып, өзi көтеретiн мәселенi тереңнен қозғап, түп-тамырын қопара көрсетуге ұмтылды. Сол үшiн жазылуы ұзақ уақытқа созылмайтын, ұшқыр жедел жанрға жүгiндi.
«Қасқыр ұлыған түнде» (3) (О. Бөкеев, 303) әңгiмесiнде ол заманымыздың көкейкестi, өзек жарды мәселелерiн алға тартады. Шығарманың айтары көп. Ең бастысы - «Қазiргi замандас қандай адам, ол нелiктен қиындыққа душар болды, жолында кесекөлденең тұрған кiм?» - деген шешiмiн бiрде тауып, бiрде таппай жататын мәнi зор сұрақтарға нақтылы жауап қайтарады. Әңгiме оқыс басталады. Кейiпкер мадқапыда қиын жағдайға ұшырайды.
Нұрлан атты журналист редактордың тапсырмасымен Қазақстанның шығысында «Новостройка» деген қала типiнде салынған мәдени-тұрмыстық жағынан бүкiл республикаға үлгi iспеттi село туралы тамаша мақала жазбақ болып, сапарға шығып, жолшыбай Арай есiмдi жас студент қызбен танысады. Қаладан келе жатқан студент қыз қия шеттегi ауылынан бес шақырым жерде автобустан түсiп, қысқы борасынға қарамай тау қойнауындағы үйiне жаяу тартады. Ақыры ұйытқыған боранмен алысып, қасқырға жем болады.
Мiне, осы оқиғаның астарына үңiле отырып, жазушы оқыс сауал қояды: қиын-қыстау жағдайда адам, адам қалпында қала ала ма? Адамгершiлiк қасиетiн сақтай ала ма? Осы сұрақтар толқытқан жазушы әңгiмесiн қала мен ауыл өмiрiн салыстыра отырып, оқиға желiсiн кейiпкердiң өз аузынан баяндайды.
Ә дегенде, жолаушылар - журналист жiгiт пен студент қыз және үлгiлi дейтiн ауданның басшылары суреттеледi. Жанама мiнездеу, шендестiру тәсiлiнде әр қайсысының портретi берiледi:
«Киiмiм жұқа едi. Жалаң қабат пальто, құлағы жоқ ескiлеу, жасанды терiден iстелген қара портфелiмнен өзге iлiп алар еш нәрсе жоқ. Әрi iрге теуiп, үйлi-баранды болмаған адамның шаруасының қиюы келушi ме едi, тәйiрi, айына бiр рет үй ауыстырып, басы қатып жүрген жас журналистiң бiрi ғанамын» - деп, жазушы кейiпкерiнiң әлеуметтiк жағдайымен таныстырады. Содан кейiн оның жан-дүниесiне үңiледi.
Жазушы диалогты ситуацияға қарай құрады. Мысалы, Алтайдың аязды қысында, суық автобуста тоңып отырған екi жас жолаушының диалогы мынандай:
« . . . Менiң осындай мүшкiл халiмдi сездi ме, қыз:
- Пима киiп шықпаған екенсiз, - дедi.
- . . .
- Қайда барасың?
- «Өркен» ауылына». (3) (О. Бөкеев, 306)
Осылай кете бередi. Бұл жерде диалогтың келте-келте сөйлемдермен берiлуi, бiрiншiден, тоңып, берекелерi қашып отырған адамдар үшiн нанымды болса, екiншiден, әңгiмешiлердiң бiрi журналист - келте сұрақтар қойып, интервью алып үйренген - болғандығына да байланысты. Осы жағдайдан бiрте-бiрте психологиялық сурет өрбидi. Журналист жiгiт, жас студент қыз Арай . . . Солардың арасындағы кездейсоқтық, мөлдiр таза сезiм. Жастарға тән ұшқыр қиял, жүрек жалыны мен ой толғанысы әңгiменi оқыған сайын баурайды. Жазушы сапарлас осы екi жастың жан-дүниесiндегi өзгерiстердi, өмiрге деген көзқарастарын, ой-пiкiрлерiн жол үстiндегi әңгiме, диалогтары арқылы ашып көрсетедi.
«- . . . Ауылға тура автобус қатынамайтын болған соң, ары өткен, берi өткен қаламен екi ортадағы кез-келген көлiкке мiнiп, жолдан түсiп қалып, тау қойнауындағы үйге жаяу тартамыз . . .
- Бiлесiз бе, аға, бiздiң ауылда клуб та, киноқондырғы мен кiтапхана да жоқ . . . Бiрақ сiздер мұндай жетiм ауылды менсiнбей, тура түзу де жайлы тас жолмен үлгiлi селоға тартасыздар, тек сондай тамашаны ғана көрiп, жазасыздар». (3) (сонда, 313)
Оралхан Бөкей осы арқылы өмiр қайшылықтарын ашады.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz