Шекара өңіріндегі қазақтардың қоғамдық жағдайы


Шекара өңіріндегі қазақтардың қоғамдық жағдайы
Шекара өңіріндегі қазақтар дегеніміз - Қытай Чиң патшалыгының өзі белгілеген шекара қарауыл обаларының төңірегінде (шекараның ішкі және сыртындағы) тұратын қазақ қауымдары болып табылады. Осы өңірде өмір сүрген қазақ қауымының өзіндік аумақтық және қоғамдық ерекшеліктері болды. Олар бір ғасыр бойы шығыстағы ежелгі атамекеніне оралуға бағыт алған көші-қон қозғалыс процесінде болды; екіншіден, олар Қытай Чиң патшалығымен тығыз қарым-қатынаста болды; үшіншіден, олар қытайдағы халықтармен (қытай, ұйгыр және басқа ұлттармен) кең көлемде экономикалық сауда жасады; төртіншіден, олар Қытай Чиң патшалығының, патшалық Ресейдің және қоқан феодалдарының қос қабат алым-салық кыспағына ұшырады; бесіншіден, оларда қазақтын дәстүрлі қоғамдық құрылымдары XIX гасырдың 60-жылдарына дейін сақталды. Демек, шекара өңіріндегі қазақтарда жалпы қазақтарға ортақ қасиеттермен қатар, өзіндік жергілікті аумақтық қоғамдық айырмашылықтар да сақталды.
Жоғарыда пайымдағанымыздай, шекара өңірінде тұратын қазақтар мен Чиң патшалығының шекара қорғаныс әскерлері арасында қоныс жерге таласу күресі бейбіт түрде болса да жалғасып отырды. Қазақтардың шекарадан ары асып баруы, Чиң патшалығы әскерлерінің оларды кері қайтаруға тырысып бағуы, қуғындаулары, іс жүзінде ондағы қазақтардың қоғамдық тұрақтылығы мен әлеуметтік даму процесін шектеген факторлар болды.
XIX ғасырдың жиырмасыншы жылдары, Қазақстанның оңтүстігіндегі Қоқан феодалдары қазақ даласына ендей кіріп, Жетісу жеріне дейін келіп, ондағы қазақтарға үстемдік етіп, алым-салық жүгін ауырлата түседі. Бұл жәйт Жетісу жерінің қоғамдық-саяси жағдайын ауырлатты. Чиң патшалығының шонжары Ди Бо 1827 жылы қаңтардың 27 күні патша ордасына жолдаған мәлімдемесінде: "Қазақ гүңінің айтуынша, биыл күзгі жиын-теріннен кейін, Қоқан бегі адам ертіп келіп Пішпектен қорған салдырған. Ол қазақтарға хат жазып, оларға сол жерге барып мал бағуын тапсырған. Бірақ Абыла гүң өз қоластындағыларды ол жаққа жібермей қойыпты", - деп жазады. Сол кездегі қоқандықтардың қазақтардан зорлықпен алым-салық жинау әрекеті жөнінде Чиң патшалығының Іле генералына жіберген жарлығында: "Генерал қазақтарға мынаны түсіндіруі керек. Қазақтардың мал бағьш жүрген жерлері - Тәңір патшасының иелігіндегі шекара өңірлер. Олар әр жылы салық үшін беретін бірнеше он бас жылқыны бұрынғыдай тапсырып тұрулары керек Қоқандықтар олардан алым-салық алмақ болса, оларға беру-бермеу еркі қазақтардың өзінде. Бұл қарауылдың сыртындағы іс, оны Тәңір патшасы мүлде қузастырмайды. Егер қазақтар қоқандықтардың зорлық-зомбылығына ұшырап, олардан құтылу үшін қарауыл маңындағы жерлерге келсе, олардың барлығын кері қайтарып жіберу керек. Оларды қарауылдан ілгері өткізуге болмайды. Сол жерлердегі генералдар қазақтарды еппен жөнге салулары қажет. Шекара қақтығысын болдырмау бәрінен маңызды шаруа"- деген принципін жариялаған.
Қоқан феодалдары Жетісу қазақтарына әскери күш жұмсау арқылы алым-салық жинады. Сондай-ақ олар Чиң патшалығының шекара қорғаныс әскерлеріне адам жіберіп, қарауыл маңындағы қазақтарды кері қуып жіберуді талап етеді. Өздерінің қазақтарға жиырма мың әскер аттандырып салық жинайтындығын да мәлімдеді. Бұл хабарды естіген Чиң патшалығы ордасы: "Қоқандықтардың қара ниеті қабынған екен Ежелден бері сыртқы бұратаналарды жанамалай баурап басқару саясатын қолданып келген едік. Қоқандықтар әспенсіп бас кесетін қылмыс жасап отыр. Бірақ олардың жерін алғанмен шұрайлы емес, елін алғанмен соғысқа жарамайды. Патша ойланып-толғана келе, қазақтардың бізге ел болғанына талай жыл болыпты. Олардың тарту-таралғысын алғанымызбен, олардың қарауылдан өтуіне жол қоймадық. Егер олар (қоқандықтарды айтып отыр-Н. М. ) және де елші жіберсе, олардың жазған хатында немесе сөйлеген сөз әлпетінде такаппарлық байқалатын болса, оларға дереу мына жарлықты айтыңдар: Қазақтардың бізге ел болғанына көп жыл болды. Олар Іле маңында көшіп-қонып мал бағып жүр. Ол жерлер әсілінде Тәңір патшасының жері еді, ұлы мәртебелі патша ол жерлерді жарылқап қазақтарға беріп, оның орайына алым-салыққа жылқы алып отыр. Қоқандықтар мен қазақтардың талас-тартыстары өз іштеріңде, қарауылдың сыртында болып жатқан істер. Ал қазақтар арасында сендерге алым-салыққа жылқы бергісі келетіндер болса, оларды біз шектемейміз. Бірақ сендердің көпіріп сөйлеп, қоқан-лоқы көрсетіп қазақтарды қорқытамын деп бүлік тудыруларыңа мүлде болмайды. Егер қазақтар қоқандықтардың озбырлықтарынан ықтап қарауылдың ішкі жағына өтіп келуді немесе Тәңір патшалығынан көмек алуды мақсат етсе, онда олардың мұнысы орынсыздық болады. Сондықтан олардың келгендерінің барлығын жолдан тосқауылдап кері қайтарып отыру керек. Генералдар бұл жарлықты оларға ұқтырумен бірге, шекара қорғанысын күшейте түсулері керек. Мұндай жағдайда әсте жеңілтектікпен қарауылдың сыртына шығып соғысуға болмайды. Бұратаналардың өзара қақтығысулары үнемі болып тұратын жәйіт. Оған Тәңір патшалығы ежелден араласқан емес"- деп, Қоқан-Қазақ мәселесінде өздерінің бейтарап тұратындығын жариялады.
Қоқан феодалдары Жетісу өлкесіндегі қазақтарға әскери күш керсету арқылы халықтың шама-шарқынан тыс алман-салық жиып, елді аяусыз қанады. И. Ф. Бабков өз еңбегінде "Қоқандықтардың ұлы жүз қазақтарына болған ыкпалдары мына жақтардан байқалады. Бұрын кошпенді шаруалардан алым-салық, зекет жинап алғаннан кейін, олардың әскерлері әдетте оз елінің жеріне қайтып кетуші еді. Бірақ 40-жылдардан бастап, Қоқан хандығының қорғаныс әскерлері сыртқы Іле аудандарына салған қорғаныс бекеттерінде қыстайтын болды", - деп жазған. Қоқандықтардың Ұлы жүз руларын қатты қанағандығы жөніндегі деректерді, халық ауыз әдебиетінен де кездестіруге болады. Мысалы, Жанкісі Өтемес жыраудың қоқан ханына айтқан арызында:
“Келі түбім деп алады,
Үшір зекет деп алады,
Қошақ зекет деп алады.
Айтайын десең ұрады,
Ұрмақ түгіл қырады.
Амал-айла табалмай
Қарайды да тұрады.
Алдына салып айдайды,
Ашулансаң байлайды.
Накимі жоқ қазаққа
Тендік жоқ деп ойлайды.
Ел ішінде ажарлы
Қыз, қатынды қоймайды.
Жақсыларды сөгеді,
Ат үстінен тебеді.
Жүрексініп отырмын,
Айтар сөзім көп еді",
- деген сөздері, тарихи шындықты дәл бейнелеген. Демек, Іле өзеннің шығысындағы шекара өңіріндегі ұлы жүз қазақтары Қоқан феодалдарының шексіз қанауын да ұшырады.
Патшалық Ресей отаршылдары 1822, 1824-жылдары қазақтың хандық жүйесін жойып, қазақ даласына өздерінің отаршылық басқару жүйесін тықпалап орната бастады. 1846 жылы патшалық Ресейдің отарлаушы күштері Балқаш көлінің оңтүстігіндегі Қаратал өзені өңіріне дейін ірге жайып келіп, ол жерге қамал салып, әскер ұстап, төңірегіндегі қазақтарға өздеріне салық тапсыруды бұйырады. Оған сол өңірдегі елдің бастығы Абылай қарсылық көрсетеді. Сондай-ақ ол орыс отаршылдарына Чиң патшалығының көмегімен қарсы шықпақшы болып, Чиң патшалығы ордасынан көмекке қару-жарақ сұрады. Бірақ Чиң патшалығы: "Бұл рулар (қазақтарды айтып отыр-Н. М. ) өз шекарасына бақандай берік қорған болып тұрулары керек"-деп оларға әскери көмек беруден бас тартады. Қараталға келген орыс отаршылдары ендігі жерде сыртқы Іле ауданына қарай бағындыру экспедициясын жасақтауды жоспарлады. Олар Іле өңіріндегі қазақтар арасында қоқандықтардың болуы - бағындыру әрекетімізге сөзсіз кесе-көлденең болады деп қарайды да, "Оларға қарата жедел шара қолдану арқылы қоқандықтарды Іледен қуып шығуымыз, Ұлы жүз қырғыздарын (қазақтарын) тәртіпке салып, оларды Ресей үкіметіне бой ұсынатын етуіміз керек. Дәл осы мақсат бойынша, біздің әскерлерге тез арада сыртқы Іле ауданын иелікке алу қажет болды", - деген, Бабков өзінің еңбегінде. Көрнекті тарихшы, профессор Мәмбет Қойгелдиев: "Ресей үкіметі Жетісу облысы жерін жедел қарқынмен отарлауға кіріскенде негізінен екі стратегиялық мақсатты көздеді. Ол, біріншіден, Жетісу жерін қоқан әскерлерінен тазартып, оның орнына басқа бекіністер мен гарнизондар құру арқылы Ресейдің солтүстік шығысындағы шекарасын анықтап, қытай экспедициясына шектеу қою еді. Екіншіден, үкімет орындары 40-жылдардың ортасында Жетісу халқының Кеңесары Қасымов қозғалысына көрсеткен үлкен қолдауын және басқа Ресейлік экспедицияға қарсы наразылықты ескере отырып, мұнда терең тамыр жайып, орыс үстемдігін қамтамасыз ету болды", - деп атап көрсетеді. Патшалық Ресей отаршылдары 1850 жылдары Ұлы жүз жеріндегі қоқан бекіністеріне шабуыл жасап, оларды Жетісу жерінен тез ығыстырды. 1864 жылы қоқандықтарды Шымкенттен қуып шығып, қазақ жерін қоқандықтардан тазартты. Сонымен қазақ даласы толығымен патшалык Ресей билігіне өтті.
XIX ғасырдың 60-жылдарына дейін, шекара өңіріндегі қазақтар, қытайлықтар, ресейліктер және қоқандықтардың үш жақты қыспағына ұшырап, оларға қабат-қабат алман-салық тапсырып ауыр езгіге ұшырады.
Шекара өңіріндегі қазақтардың қоғамдық-әлеуметтік шаруашылығы негізінен дәстүрлі көшпенді мал шаруашылығы экономикасы болды. Қоғамдық шаруашылықтың дамуын қоғамдық өндіріс күштің даму деңгейі көрсетеді. Ұлттық шаруашылықтың өркендеуі мен өшкіндеуі - құлдырауы, қоғамдық өндіріс күшінің даму деңгейімен тікелей байланысты болуымен қатар, белгілі бір дәуірдегі қоғамдық-саяси жағдайдың тұрақтылығымен де қатысты болады. Осындай қарапайым заңдылық бойынша мәселеге талдау жасайтын болсақ, біз зерттеп отырған дәуірдегі шекара өңіріндегі қазақтардың қоғамдық шаруашылығының жалпы бет-бейнесін көз алдымызға келтіруге болады.
Шекара өңіріндегі қазақтардың қоғамдық экономикасы XIX ғасырдың басына дейін біршама даму үрдісінде болды деуге болады. Қазақтардың негізгі әлеуметтік өндірісі малшаруашылық өндірісі болып табылады. Мал басының көбеюі дәстүрлі мал бағу тәсілі жағдайында, көбінесе жайылым жердің шұрайлы кең-мол болуына байланысты болып келеді. ХҮІІІ ғасырдың орта шенінде жоңғар хандығының жойылуы мен ойрат халқының ойсырай азаюы салдарынан, қазақтардың шығыстағы кең-байтақ жері қаңғырап бос қалған-ды. Сонымен онда көшіп барған қазақ малшылары ұлан-қайыр тамаша жайылымға ие болды. Сондықтан да олардың төрт түлік малы біршама тез қарқынмен өсті.
Қазақ мал шаруашылығының дамуына байланысты, оларда айырбас сауда жасау кәсібі қарқын алды. Шекара өңіріндегі қазақтар шығыстағы қытай және ұйғырлармен кең көлемде айырбас сауда жасау істерін дамытып, өздерінің тұрмыстарына қажетті тоқыма бұйымдарды, шәй және ыдыс-аяқ, жіп-су бұйымдарға деген қажетін өтеп, экономикалық хал ахуалын біршама жақсаруына қол жеткізгендігі байқалды. Жоғарыда келтіргеніміздей, қазақ саудагерлерінің Ресей тауарларын да Қытайға апарып саудалауы, олардың кәсіптік бизнес деңгейіне көтерілгендігін аңғартса. Қытайдан кесте тоқитын жібек жіптерді көптеп сатып алуларына қарағанда, қазақ қолөнері - кестешілік кәсібінің дамығандығын аңғартады. Ол кезде қазақтың зергерлік өнерінің ойдағыдай дамып, қазақтар киген киімдеріне қола, күміс сынды металдарды өңдеп қолданатын болғандығы жөнінде нақтылы жазба деректерді келтіруге болады. Сол кезде ел аралап, жер шалған қытай қаламгері Шүн Үян өзінің еңбегінде: "Қазіргі қазақтардың патшасының аты Абылай. Еліндегі халық оны "Абылай би" деп атайды. Олардың жері кең байтақ дала, халқы көп, малдары мол. Байларында он мыңдаған жылқы, сиырлар бар, қойларында есеп жоқ. Байлары киімдеріне қола, күмістен әшекей тағады. Олардың киген киімдері де көрікті - әсем болады", - деп сипаттауынан, Абылай хан тұсында шекара өңіріндегі қазақтардың қоғамдық-экономикалық өмірінің жалпы дамыған бейнесін көруге болады.
Шекара өңіріндегі қазақтардың қоғамдық шаруашылығы мен әлеуметтік-экономикалық ахуалы XIX ғасырдың басынан бастап қайта құлдырауға бет алғандығы байқалады. Оның басты себебі қазақ қоғамының тыныштығы бұзылуынан болған. Батыс солтүстіктен келген орыс отаршылдары қазақ даласының шығыс өңірлерін отарлай бастады; оңтүстіктен қоқан феодалдары Жетісу жеріне өктемдік жүргізіп, ондағы халықты сүліктей сорды: шығыстағы Қытай Чиң патшалығы құлдырап, қазақтармен сауда жасауға дәрменсіз болды. Оған қоса шекара өңіріндегі қазақтардың дамылсыз көшіп қонумен болуы да халыктың тіршілік берекесін кетірді. Сонымен қазақтардың мал шаруашылығы барған сайын құлдырай берді. Сол кездегі Қытай Чиң патшалығының орда деректерінде: "Қазақ руларының барлығыда өздеріне меншікті мал бағатын өңірлері бар. Олар Тәңір патшасының шекарасының ішкі жағына кірмеулері керек еді. Бірак қазақтардың тұрмыстары өте нашарлап, тіршілік машақаты желкелеп алды, оның үстіне әр жылы қар жауып мұз қатқан соң олар Ертістегі және Жардағы (Үржардағы-Н. М) қарауылдарды ішкері жылжытып әкеліп, қазақтарға сол жерлерге келіп мал бағуға рұқсат берілді. Мұның өзі оларға жасалған қамқорлық сді", - деп жазылған. Осы деректен-ақ, шекара өңіріндегі қазақтардың хал-жайының қаншалықты нашарлағандығын байқауға болады.
Шекара өңіріндігі қазақтардың тұрмысының қатты темендеуінін басты себебі, олардың қос-қабат қанауға ұшырауынан болды, яғни олар Қытай мен Ресейге немесе қытайлықтар мен қоқандықтарға қостап салық тапсыруы олардың тұрмыстарын қатты күйзелтті.
XIX ғасырдың орта шенінде, шекара өңіріндегі қазақтар өздерінің дәстүрлі мал шаруашылығымен қосымша аңшылық кәсіптерімен шұғылданды және саудамен айналысты. Ұлы ғалым Шоқан Уәлиханов Шығыс Түркістанға жасаған сапарының күнделігінде: "(1856 жылы қазанның 10 күні) Тацудың етегінде үй ішінің керек жарағына мал айырбастау үшін албан руынан келген қазақтардың көштері (бұл жерде керуен қомыс деген мағынада жазылған екен - Н. М. ) пайда болды. Малдарының белгілі санын (он малдан екі бас малын) қазынаға өткізіп, калған малдарын матадан тоқылған өздеріне лайықты әр қилы Қашқар маталарына айырбас жасайды", - деп жазған. Бұдан Жетісу жсріндегі қазақтардын Құлжаға барып сауда жасайтындығын білуге болады. Бірақ ол кезде 1850-1890 жылдармен салыстырғанда халықтың саяси-әлеуметтік жағдайының күрделенуіне байланысты сауда-саттық деңгейінің әлсірей түскендігін байқауға болады.
Шығыстағы атамекендеріне қарай жылжып көшіп, Қытай шекара өңірлерінде айналсоқтап мал баққан қазақтар, үздіксіз көшіп-қонумен болғандықтан, әсіресе табиғи және әлеуметтік қысылтаяң кезеңдерге тап болған жылдары, олардың малшаруашылық өндірісінің төмендеуіне байланысты жалпы әлеуметтік-экономикалық жағдайы өте төмен күйІде болды.
Нәбижан Мұқаметханұлы
“Қытайдағы қазақтардың қоғамдық тарихы (1860-1920) ”
Қазақтың кейбір руларының шығысқа жылжуы
Қазақ ұлтын құраған байырғы ру-тайпалардың көбі Моңғол үстіртінде және оның оңтүстік батыс өңірлерінде, Алтай және Тәңір (Тянь шань тауы) тауларының баурайларында дүниеге келген және сонда өсіп-өнген. Алайда тарихи себептердің салдарынан олар ілгерінді-кейінді шығыстан батысқа қарай ығысып отырған. Сол ығысудың соңғысы жоңғарлар күшейген дәуірде болды. Бірақ жоңғарлар қазақтарды өз жұртынан бүкілдей ығыстырып жібере алған жоқ, қазақтарды өздеріне толық бағындырып билеген де емес. Сондықтан жоңғарлар мен қазақтар арасындағы жер мен елдің билік таласы Жоңғар хандығы жойылғанға дейін жалғасып келді. Жоңғар хандығын бір жолата жойып жіберген Қытайдың Чиң патшалығы бұл жағдайдан толық хабардар еді. Сондықтан олар жоңғар хандығын жойған соң, қазақтардың жер проблемасын шығаратындығын алдын-ала межелей білген-ді. 1756 жылы шілде айында, Чиң патшалығы қазақ ханы Абылайға жолдаған хатында: "Қазақтардың өз шекараларын сақтауларын, шекарадан асып барып шабуыл жасауға болмайтындығын ескертеді. 1757 жылы тамыз айында, Чиң патшалығы ордасы өзінің алдыңғы шептегі генералдарына: " . . . Қазақтарға күш көрсетудің қажеті жоқ. Олар сауда жасауды айтатын болса, оларға әскери штабымызда саудагерлер жоқ, ол үшін сауда жасайтын орынды белгілеп, уақытқа келісіп, саудагерлерді сонда әкеліп сауда жасайық, - деп айтыңдар. Егер Абылай ойраттар жеріне еніп келіп мал бағуды талап ететін болса, онда оған олардың шекарадан асып келулеріне болмайды деңдер", - деген нұсқау берген. Чиң патшалығы өздерінің жер туралы ұстанған бұл принципін Абылай ханға сан мәрте қайталап айтқаны мәлім. Бірақ Абылай хан оған келіспеді. Өйткені, Абылай хан кезінде жоңғарлар басып алған, одан Чиң патшалығының карамағына өткен Тянь шань тауының батыс солтүстігіндегі Іле, Тарбағатай және Алтай аймақтары қазақтың атамекені, ол жерлерге қазақтар қайта оралуы керек деген танымда болды. Сондай-ақ Абылай хан билік басына келісімен, қазақтың ұлттык мемлекеттік кеңістігін қалыптастыруды өзінің ең жоғары саяси мақсаты қатарында қарастырған болатын. Сондықтан ол әрине, Чиң патшалығының жоңғарлардың аяқ басқан жерлері маған қарасты болады дегеніне келісе қоймайды. Бірақ ол өзінің бұл мақсаттарын қарулы күш арқылы емес, ақыл мен әдіске сүйене отырып, іске асыруды жөн санаған.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz