М.Қ. ҚОЗЫБАЕВТЫҢ ӨМІР ЖОЛЫ ЖӘНЕ ТАРИХШЫ – ҒАЛЫМДЫҚ ҚЫЗМЕТІ (1985-2002)


Ш. Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты
ӘОЖ Қолжазба құқында
КҮЛДЕБАЕВ ЕСТАЙ
М. Қ. ҚОЗЫБАЕВТЫҢ ӨМІР ЖОЛЫ ЖӘНЕ
ТАРИХШЫ - ҒАЛЫМДЫҚ ҚЫЗМЕТІ (1985-2002)
07. 00. 02 -Отан тарихы
(Қазақстан Республикасының тарихы)
Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін
дайындалған диссертация
Ғылыми жетекшісі:
Тарих ғылымдарының докторы,
академик К. Н. Нұрпейіс
Қазақстан Республикасы
Алматы, 2007
МАЗМҰНЫ
ҚЫСҚАРТУЛАР 3
КІРІСПЕ 4
1 М. ҚОЗЫБАЕВТЫҢ КЕҢЕСТІК ЖӘНЕ
ТӘУЕЛСІЗ КЕЗЕҢДЕРДЕГІ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТІ
- М. Қ. Қозыбаевтың өмір жолы, тарихшы ғалым
ретіндегі қалыптасуы және қоғамдық - саяси қызметі 13
2 М. Қ. ҚОЗЫБАЕВТЫҢ ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ
МӘСЕЛЕЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН ҒЫЛЫМИ ЕҢБЕКТЕРІ
2. 1 М. Қ. Қозыбаев еңбектеріндегі көне заманнан
XX ғасыр басындағы Қазақстан тарихының
кейбір мәселелері 41
2. 2 М. Қ. Қозыбаев еңбектеріндегі XX ғасырдың 20-50
жылдардағы ашаршылық, ұжымдастыру, тәркілеу
және қуғын-сүргін мәселелері 70
2. 3 М. Қ. Қозыбаев еңбектеріндегі Ұлы Отан соғысы және
Желтоқсан дақпырты мен шындығы 83
3 М. Қ. ҚОЗЫБАЕВ ЖӘНЕ ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАН
3. 1 М. Қ. Қозыбаев зерттеулеріндегі тәуелсіздік, ұлт тақырыбы 101
3. 2 М. Қ. Қозыбаев және ұлы тұлғалар 113
ҚОРЫТЫНДЫ 147
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР 150
ҚЫСҚАРТУЛАР
Бұл диссертацияда мынадай қысқартылған сөздер қолданылды:
АКСР - Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы
КСРО - Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы
БК(б) П - Бүкілресейлік Коммунистік (большевиктік) партиясы
ЖЭС - Жаңа экономикалық саясат
ОАК - Орталық Атқару Комитеті
ОК - Орталық Комитет
РК(б) П - Ресей Коммунистік (большевиктік) партиясы
ҒА - Ғылым Академиясы
ҚК(б) П - Қазақстан Коммунистік (большевиктік) партиясы
КСР - Кеңестік Социалистік Респубикасы
ҚР БҒМ БММ - Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым Министрлігінің Біріккен мекемеаралық мұрағаты
ҚР ОММ - Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік Мұрағаты
ҚР ПМ - Қазақстан Республикасы Президент Мұрағаты
МҚК -Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитеті
КІРІСПЕ
Тақырыптың өзектілігі. Тәуелсіздігімізді алған жылдардың ішінде тарихшыларға Қазақстан тарихнамасында күрделі болып келген тақырыптарды ақиқаттық тұрғыдан ашып көрсету, шынайы баға беруге мүмкіндік туды. Академик М. Қ. Қозыбаев “Қазақ халқы босағасы берік, шаңырағы биік мемлекет болған екен, ендеше, оған өзіне лайық тарихы да жазылуы қажет” деуі [1, 114-б. ], Қазақстан тарихшыларына 70 жыл бойы кеңестік жүйе идеологиясында болып бұрмаланған ата тарихымызды қайтадан ой елегінен өткізіп, жаңаша көзқараспен, әдістемемен зерделеу міндетін жүктеді. Қоғамдық татулық пен демократиялық мемлекет құруды мақсат тұтқан және халқымыздың тарихи санасын қалыптастыруға бағытталған шараларды жүзеге асырып жатқан кездерде, қазақ халқының тарихында өзіндік терең із қалдырған қайраткерлердің ғұнырнамасын жасауды қолға алғанымыз абзал.
ХХ ғасыр басында Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мұстафа сияқты қазақ зиялыларының бір шоғыры халық арасынан суырылып шығып, елдің тәуелсіздігі жолында күреске түскені белгілі. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін олардың қатарына С. Сейфуллин, С. Сәдуақасов, Н. Нұрмақов, Т. Рысқұлов сияқты жаңа буын зиялы қауым өкілдері қосылып, еліміздің өркениетті ел болып өрлеуіне, қазақ ұлтының асқақтауына барлық күш-жігерін салып бақты.
Кеңес дәуірінде Қазақстанның мәдениет, ғылым, білім салаларын көтерген, олардың дамуына зерттеулерімен, талантымен үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткерінің, ғалымдардың шоғыры өсіп шықты. Қазақстан ғылымының қалыптасуына және дамуына С. Асфендияров, Ә. Марғұлан, Қ. Сәтбаев, М. Әуезов және т. б. азаматтар белсене кірісіп, өздерінің интеллектісімен, нақты тұжырымдарымен белгілі бола бастады. Алайда 20-50-ші жылдары болған сталиндік қуғын-сүргін қазақ зиялыларының қаймағы болған азаматтарды, көптеген талантты ғалымдар, өнер, мәдениет қайраткерлерін нәубет құрбанына айналдырды. Сөйтіп, алдыңғы қатарлы ұлт зиялыларын қоғам ісіне араластырмай, ұлттық санамызға балта шабуға тырысты.
Негізінде ХХ ғасыр басында үкімет саясатына араласа бастаған қазақ зиялыларының қалыптасуын, олардың өмір жолдарын, қоғам саласына тигізген қызметтерін, ғылыми, шығармашылық еңбектерін саралау, ғұмырламалық жағынан зерделеу мәселелері 80-шы жылдардың соңына дейін тиым салынып, тек 90-шы жылдың басынан өзінің тиісті бағасын алуға мүмкін болды. Бұл күнде Абылайтану, Кенесарытану, Абайтану, Әуезовтану, Әлихантану, Ахметтану, Халелтану, Қаныштану сияқты түрлі қорлар құрылып, олардың жеке басы, халқының алдындағы қызметін зерделеу қолға алынды.
Қоғамдық ғылым салаларындағы ілгері өзгерістер, соны қадамдар жасаған жекелеген қайраткерлер мен жарқын тұлғалардың орын мен қосқан үлесін саралау, олардың еңбектеріне тиісті баға беру маңызды міндеттердің бірі. Халқымыздың тарихына терең зерттеулер жүргізіп, келелі тұжырымдар айтатын тарихшы қауымы. Сондықтан қазақ қоғамына еңбегі сіңген азаматтың ғұмырнамалық тарихын зерттеу, олардың тарихтағы алар орнын айқындау осы тарихшылардың еншісінде.
Қазақстан тарихынын дамуына үлес қосқан, жаңа тарихшы буындарды тәрбиелеуде жетекші ұстаз бола білген ғалымдарымыздың бірі - Манаш Қабашұлы Қозыбаев. Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі С. Қирабаев пен ҚР ҰҒА-ның корр. -мүшесі Ә. Бейсенованың: “Манаш Қозыбаев қазақ ғылымындағы жарқын, биік тұлғалардың бірі еді. Өз кезіндегі қазақтың ұлттық ой-пікірінің дамуына, оның ұлттық мүддеге қызмет етуіне Манаштың қосқан үлесі қомақы. Ол осы еңбегімен еліне кең танылды, халық құрметіне бөленді. Бұған ғалымның 70 жылдығы кезінде көптің көзі жеткенді” [2, 22-б. ], - деп жазуы, ғалымның қоғам мен ғылым саласындағы қызметінің ерен екендігіне еш күмән тудырмайды.
М. Қозыбаевтың қоғам саласына сіңірген еңбектері, ғылыми зерттеулерінің маңызы зор. Тарихшы-ғалымның қоғамдық, ғылыми-ұйымдастыушылық қызметі париялық-өктемдік басқару мен әміршіл-әкімшіл жүйенің гүлденген, шарықтау шегіне жеткен тұспен сәйкес келсе де, тарих ғылымының қалыптасып, дамуына өзіндік үлесін қосты. Қазақстан тарихының киелі ордасы тарих институтын басқарған жылдары тарихшы мамандар “ақтаңдақ” аталып келген мәселелерді зерделеуге жұмылдырды, тарихи сананы қалыптастырудың жолдары айқындалды, институттың кадрлық потенциалы нығайтылды, ғылыми-зерттеу дәрежесі көтерілді.
Академик М. Қ. Қозыбаев тікелей ұйытқысымен тарихи зерттеулер методологиясының мәселесі, жинақталған тарихи білімдерді қайта пайымдау, Қазақстанның саяси-әлеуметтік және экономикалық даму тарихын, жақын, алыс шетелдермен қарым-қатынасына байланысты мәселелер отандық тарих ғылымының өзекті бағыттарына айналды. ХХ ғасыр басындағы ұлт интеллиегнциясының қалыптасу үрдісі, 20-30-шы жылдардағы саяси жағдай, ауылшаруашылығын ұжымдастыру, байларды тәркілеу, қуғын-сүргін, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақ халқының патриоттық істерін зерделеуде зерттеудің концептуалдық тұжырымдамаларын жасады.
Тәуелсіздік алған жылдары көрнекті ғалым өзін ұлттың патриотты ұлы екендігін көрсете білді. Қазақстан Республикасының Ата Заңын, еліміздің ұлттық рәміздерін талқылап қабылдауға қатысып, ғылым саласының дамуына қатысты заңдарды талдауда ұсыныстар мен толымды пікірлер айта білді.
М. Қозыбаевтың 1985-2002 жылдар аралығындағы ғылыми, ұстаздық, мемлекеттік қызметі Қазақстанның саяси-экономикалық, әлеуметтік, мәдени дамуының оқиғаларымен тұтасып жатыр. Ендеше, М. Қ. Қозыбаевты жеке тұлға ретінде зерттеп тану дегеніміз - Қазақстанның көне заманнан бүгінге дейінгі тарихына ғылыми тұрғыдан терең қарастырып баяндау, тұжырымдап баға беру деген сөз. Міне, тарихшы-ғалымның отандық тарих ғылымын дамытуға сіңірген еңбегін, мемлекеттік және қоғамдық қызметін және оның ғылыми шығармашылығына талдау жасау, бағалау тақырыптың маңыздылығы мен өзектілігін көрсетеді.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Манаш Қабашұлы Қозыбаевтың өмір жолы мен қоғамдық қызметін және алғашқы мақалалары турасындағы жарияланымдар XX ғасырдың 50 жылдары, яғни студенттік кезінен-ақ басталды. Оның университет қабырғасындағы өмірі мен тарихшы ретінде қызметке кірісуі мен алғашқы ғылыми еңбектері тұңғыш І. Есқожин, А. Ержанов, Е. Шоланов, Л. Левицкаялардың мақалаларында айтылса [3], ал 60 жылдары ғылым жолындағы еңбектерін бағалаған мақалалар тізбегі мерзімді баспасөз беттерінде жариялана бастады. Бұл ретте ең алдымен М. Қозыбаевтың ең алғашқы редакторлық қадамына және монографиялық “Қазақстан Коммунистік партиясы Ұлы Отан соғысы жылдарында” (1964 ж. ) атты еңбегіне баға берген мақалалар тізбегін жатқызамыз [4] . Мақала авторлар бұл еңбектің аса бай мұрағат материалдарына сүйене жазылғандығын, ғалымның Қазақстан компартиясының халық шаруашылығын соғыс ыңғайына қарай қайта құрудағы және шаруалар мен еңбекшілерді неміс басқыншыларына қарсы күресуге жұмылдырудағы ролін айқындағанына тоқтала келе, еңбектің көпшілік үшін аса маңыздылығын баяндаған.
М. Қозыбаевтың қатысуымен және А. Бәйішевтің редакторлығымен жарық көрген “Плоды великого содружества” деген еңбегі (Алма-Ата, 1968. ) А. Ахметов, Т. Найзағарин, Ф. Петриковец және тағы басқалардың мақалаларында жоғары бағаланып, тарих ғылымындағы құндылығы атап өтілді [5] .
1968 жылы Ұлы Отан соғысына Қазақстан халқының қосқан үлесі турасын С. Н. Покровскийдің басшылығымен тарихшылардың мақалалары топтастырылған “Казахстан в Великой Отечественной войне” атты очерктер жинағы жарық көрді. Бұл очерктің маңыздылығы турасында пікірлерін білдірген А. Игенбаев пен С. Нұрмұхамедовтар Ұлы Отан соғысы кезінде қазақстандықтардың республика экономикасына қатысты қосқан үлесі туралы жазған авторлардың арасында М. Қозыбаевтың да мақаласын аса бағалайды [6] .
М. Қозыбаевтың тарих ғылымындағы жетістіктері мен табыстарын С. Бәкенеев, Ж. Дәненов, Д. Ысқақова, О Сощенколар өз мақалаларында айқын көрсетті [7] . Бұл аталмыш ғалымдар мақалаларында М. Қозыбаевтың тарих ғылымдарының докторы дәрежесін қорғау барысы (1969 ж. ) мен бұл жұмыстың ғылыми маңыздылығына тоқталды.
70-жылдары да Манаш Қабашұлы Қозыбаевтың ғылыми еңбектеріне қатысты пікірлер білдірген мақалалар тізбегі жарияланды. Мәселен, оның “Қазақстан майдан арсеналы” атты монографиялық еңбегінің жарыққа шығуына байланысты одақтық және республикалық мерзімді баспасөз беттерінде бұл еңбектің құндылығын айтқан Т. Мұстафин, Е. Бәйтенов, Б. Сұңқарбеков, О. Сүйіндіков және тағы басқалардың мақалалары жарияланды [8] . Аталмыш авторлар ғалымның бұл еңбегінің Қазақстан тарихы үшін аса қажетті, деректік көзі бай салиқалы еңбек екендігін бір ауыздан мақұлдаған.
Академик М. Қозыбаевтың редакторлығымен Ұлы Отан соғысы жеңісінің 30 жылдығына орай құрастырылып, жарыққа шыққан бірнеше жинақтар жөнінде мерзімді басылым беттеріне Б. Болатов, Е. Никитиндердің сын және библиографиялық пікірлері жарияланып, бұл еңбектердің құндылығын дәлелдеді [9] .
Академик М. Қозыбаевтың өмірі, ғылыми-шығармашылық және қоғамдық қызметі әр жылдарда түрлі энциклопедиялық, академиялық, библиографиялық басылымдарда, естелік-эсселерде талдана келтірілді [10] .
Ғалымның 50, 60 және 70 жылдық мерейтойларына арналған мақалалар тізбегі мерзімді басылым беттеріне жарияланып, М. Қозыбаевты әр қырынан танытты. Мәселен, И. Маляр ғалымның ғылым жолындағы жетістіктеріне, қоғамдық қызметіне тың тұжырымдар жасаса [11], ал ғалымдар М. Х. Асылбеков, М. Құл-Мұхаммед, Х. Маданов, Д. Шаймұханов, О. Сағынаевтар мерейтой иесінің жеткен белестерін, ғылыми табыстарын объективті түрде баяндай отырып, оның ғылыми еңбектерінің мәні мен маңыздылығын жоғары бағалады [12] .
Егемендік алған жылдары М. Қозыбаевтың 90-шы жылдары бірнеше тарих саласының өзекті тақырыптарына арналған монографиялары мен ғылыми мақалалары жарық көрді. Ғалымның “История и современность”, “Ақтаңдақтар ақиқаты”, “Жауды шаптым ту байлап”, “Труд во имя Победы”, “Тарих зердесі” сияқты әр жылдары жазылған ғылыми зерттеулерін топтастырған монографияларының жарық көруі, тарих ғылымы саласының әдістемелік, тарихнамалық, деректанулық еңбектерінің қатарын толықтырды. Академик М. Қ. Қозыбаевтың бұл ғылыми кітаптарын тарих саласына жанашыр оқырман қауым ниетпен қарсы алды. Аталмыш кітаптар туралы түрлі сын-пікірлерде ғалымның еңбегінің тарих саласындағы құндылығы баса көрсетілді. Мәселен, Б. Төлепбаев, Б. Сужиков, Б. Исаев, О. Петрушель, А. Сейдімбек, Ә. Қайырбек және т. б. М. Қозыбаевтың еңбектерінің маңыздылығы мен мазмұнының тереңділігін жоғары бағалап, ғалымның ақтаңдақтар мәселесі туралы пайымдаулары, атамұра, шежірені зерттеуді қолға алу қажеттігін дәлелдеген ұсыныстары, Ата заң, тіл, дін тағдырына, ұлт-азаттық қозғалыс, Желтоқсан оқиғасының шындығын айқындаған таптырмас құнды еңбектер екендігін көрсеткен [13] .
Манаш Қабашұлының өмір жолдарын, тарихшы ретінде қалыптасуын, көрнекті тарихшы ғалымдылығын, ұстаздығын, мемлекеттік қайраткерлігін танытқан ғылыми мақалалар, естеліктер оның 70 жасқа толу мерейтойы қарсаңында мерзімді басылым беттеріне жариялана бастады.
М. Қозыбаевтың өмір жолдарын саралаған көрнекті ғалым К. Нұрпейіс танымдық мақалаларының орны ерекше. Автор М. Қозыбаевтың ғылымға келген бастап жүріп өткен сара жолына тоқталып, ғалымның ұлттық мәдени мұраларды жаңғыртып, оны насихаттауда жүргізген ғылыми қызметіне баға беріп, ұлттық руханиятқа қосқан үлесін, ғылыми ойлары мен идеяларының маңыздылығын айқындаған [14] .
Академик М. Қозыбаевтың ғылыми және шығармашылық қызметін ашып көрсетуде ғалым Ә. Нысанбаевтың тебіреніске толы мақаласын атауымызға болады. Аталмыш ғалым Манаш Қабашұлының ғылым жолындағы жүрген жолдарын, оның тарих саласындағы шығармашылық ізденістерін, тарихи еңбектерінің маңыздылығын талдай отырып, алдағы ғылым жолында үлкен белестерден көріне беруіне ізгі тілек білдірсе [15], ал С. Меңдібай, П. Сүйінкина, С. Жолдасов, С. Әубәкіровтер ғалымның тарих ғылымына келген жолдарын зерделей отырып, оның қыл қаламынан туындаған ғылыми, публицистикалық еңбектерінің жоғарылығын дәлелдейді [16] .
М. Қозыбаевтың 70 жасқа толу мерейтойына орай арналып шығарылған “Отан тарихы” журналында қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде ғалымның өмір жолдары, мемлекеттік, қоғамдық қызметі, ғылыми шығармашылығы турасында қысқаша мақала жарияланды. Бұл арнаулы басылымда М. Қозыбаевтың тарихи сананы қалыптастырудағы, қазақ мемлекеттігінің, Қазақстанның отаршылдық және кеңестік тоталитаризм кезіндегі тарихын жаңа концептуалды түрде пайымдаудағы белсенділігі айтылды. Сонымен қатар, ғалым туралы Ә. Кекілбаев, С. Зиманов, Ә. Қайдар, Ө. Сұлтанғазин, Қ. Ормантаев, Қ. Сағадиев, Т. Шарманов, А. Қошанов, Т. Мансұров, С. Сартаев, К. Нұрпейіс, М. Асылбеков, А. Құсайынов, К. Байпақов, О. Батырбеков, Қ. Ахметов, М. Құл-Мұхаммед, Ж. Ысмағұлов, К. Смайылов, М. Қойгелдиев, Е. Сыдықов, Г. Мендіқұлова, Д. Қабиев және т. б. ғалымдардың ой-пікірлері жарияланды [17] .
Ғалымның қазақ халқының тарихына, тоталитарлық жүйе, ашаршылық пен 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, Кеңес өкіметі тұсындағы тоталитарлық қысым, қуғын-сүргін тарихын зерделеудегі еңбегін, кайраткерлік қызметін бағалаған Л. Гуревич, Ә. Жұмасұлтанов, Т. Шарманов, А. Қошанов, Қ. Алдажұмановтардың мақалалар тізбегі мерзімді басылымдарда жарық көрді [18] .
Академик М. Қ. Қозыбаевтың қазақ тарихын бүгінгі биік талаптар тұрғысынан зерделеп, ұлт рухын көтерген ерен еңбегі, адами тұлғасы, биік парасаты жайлы замандас, әріптес, дос-жарандарын мен шәкірттерінің ой-пікірлері, жылы лебіздері тарихшылар Ә. Пірманов пен А. Қапаеваның құрастыруымен “Академик Манаш Қозыбаев” атты мерейтойлық жинақта топтастырылды [19] . Жинақтың алғысөзінде М. Қозыбаев ақтаңдақтар тарихымен қатар, тұтас “қазақ мәдениетінің тарихын” жазуды алға қойып, қазақ халқының этногенезі, қазақ халқының көршілес шығыс халықтарымен тарихи байланысы, Қазақстандағы мемлекеттердің пайда болу тарихы, патша өкіметінің отарлау саясаты, Ресейдің аз халықтар тағдырына деген көзқарасы, Ресейдегі үш революция, Азамат соғысы кезіндегі саяси-қоғамдық ағым, партиялардың тарихи сырын ашу, қазақ халқының феодалдық-патриархалдық қарым-қатынас, рулық идеология және отарлық режим үстем кезінде қалыптасқан интеллигенцияның тарихы, ислам дінін қазақ сахарасына тарату тарихын зерттегендігі келтірілді.
Мерейтой алдында Манаш Қабашұлының “Жұлдызым менің” атты естелік, ғұмырнамалық еңбегі жарық көрді [20] . Бес бөлімнен тұратын бұл кітапта ғалым балалық шағынан бастап есейген жылдары, ғылым жолынағы қиын да, қызықты бастан өткен жәйттерін, туған-туысқан, дос-жарадары туралы үздік сырлар айтылады. Ғалымның бұл ғұнырнамалық еңбегі өзінің аналитикалық талдау, өмір тағылымына үңілу, тарихи шындықты сап болымысында сақтауымен құнды.
М. Қозыбаевтың өмірден озғанына 40 күн толуына орай “Отан тарихы” журналының арнайы басылымында ғалымның мезгілсіз қайтыс болуына байланысты ел Президенті Н. Ә. Назарбаевтың, преьер-министр И. Тасмағамбетовтың, Сенат төрағасы О. Әбдікәрімов және т. б көңіл айтқан жеделхаттары мен ғалымның ғұлама ғалымдығын, көрнекті қайраткерлігін, елімізге танымал ел ағасы болғандығын тебірене жеткізген Ә. Кекілбаев, С. Зиманов, Ө. Сұлтанғазин, Ө. Шөкеев, З. Қабдолов, Н. Айтқожина, Қ. Сағадиев, К. Салықов, С. Сатыбалдин, М. Қойгелдиев және т. б ғалымдар мен мемлекет қайраткерлерінің толғаныстары жарияланып, Манаш Қабашұлының ұлттық тарихты жаңғыртқан тарихшы-ғалым, көсемсөз шебері, майталман қаламгерлігі, зор парасат иесі болғандығы айтылды [21] .
Ғалымның дүниеден өтуіне орай мемлекет басшысының, қоғам қайраткерлерінің, белгілі ғалымдар мен қаламдас тарихшы ғалымдардың, ғалымның шәкірттерінің отбасына, мерзімді басылым беттеріне жіберілген жеделхаттары, көңіл айтулар мен қоштасулары “Дүниеден өтті тарихтың тарланбозы” деп аталған кітапқа жинақталса, [22], ал 2003 жылы шыққан “Жұлдызы жанған ғұлама” деп аталған естелік кітапта ғалыммен бірге қызмет атқарған әріптестерінің, жақын араласқан дос-жарандарының, ағайын-туыстарының, шәкірттерінің шын жүректен шыққан, ағынан жарылған ой-сезімге толы естелік әңгімелері топтастырылды [23] .
Манаш Қабашұлы Қозыбаевтың 1931-1985 жылдар аралығындағы өмірі, қоғамдық қызметі және ғылыми мұрасы тарихшы З. М. Төленованың кандидаттық диссертациясы мен ғылыми мақалаларына арқау болды. Ғалымның зерттеу жұмысында аталмыш жылдар аралығында шыққан М. Қозыбаевтың ғылыми еңбектері талданып, оған тарихи баға берілді [24] .
Манаш Қабашұлының ғылыми-педагогтік, ұйымдастырушылық, қоғамдық қызметтері мен оның ғылыми еңбектерінің маңыздылығына арналып Алматы, Қостанай, Петропавл қалаларында өткізілген ғылыми-практикалық конференция материалдары жинақ болып шығарылды [25] . Бұл жинақтарға ғалымның тарихи еңбектері мен ұстаздық қасиеттерін жан-жақты сипаттаған А. Қошанов, А. Қапаева, Н. Атығаев, Қ. Зұлқарнышұлы және тағы басқа ғалым-тарихшылардың мақалалары енгізілді.
Академик М. Қозыбаевтың 75 жылдығына орай Семей қаласында шығып тұратын “Евразия орталығы” журналының №2 санын ғалымның өмір жолдары мен ғылыми қызметіне арнаған тарихшы-ғалымдардың зерттеу мақалалары мен естеліктер жариялауға арнады [26] .
Көріп отырғанымыздай, көрнекті ғалым М. Қ. Қозыбаевтың ғылыми-ұйымдастырушылық және шығармашылық қызметіне жасалған шолу одан әрі оның қайраткер ғалым, кәсіпқой маман екендігін, ол қалдырған мұраларға талдау жүргізу қажеттігін қажет етеді.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Диссертацияның басты мақсаты - бұрынан белгілі және ғылыми айналымға алғаш рет енгізіліп отырған мұрағат материалдарын сараптай келе, М. Қ. Қозыбаевтың ғұмырының барлық кезеңдерін қамти отырып, оның қоғамдық-саяси қызметін, ғылыми және кәсіби қызметін, шығармашылық мұрасын тұтастай көрсету. Манаш Қозыбаевтың қоғамдық-саяси қызметіне, шығармашылық мұрасына сүйене отырып, ғалым-тарихшы ретінде қарастыруды мақсат тұттық. Осыған орай мынадай міндеттерді алға қойдық:
- М. Қозыбаевтың өмір жолын тарата отырып, көзқарасының қалыптасуы мен мемлекеттік қайраткер дәрежесіне өсуінің негіздерін саралау;
- М. Қ. Қозыбаевтың тарихшы ғалым ретінде қалыптасуына әсер еткен факторларды анықтау;
- М. Қ. Қозыбаевтың кеңестік кезеңдегі саяси-қоғамдық қызметін айқындап, оның қоғамдағы орнына баға беру;
- Ғалымның тәуелсіздік жылдарында қазақ қоғамға тигізген рөлін ашу;
- Академиктің ғылым саласындағы тигізген қоғамдық қызметінің маңыздылығын көрсету және ғылыми-ұйымдастырушылық ролін анықтау;
- М. Қ. Қозыбаевтың еңбектеріндегі Қазақстан тарихы проблемаларын тарихнамалық тұрғыдан талдап, олардың ғылыми құндылығын, маңыздылығын ашып көрсету;
- Тәуелсіздік, ұлт мәселесіне қатысты жазылған еңбектерін саралау арқылы Республикадағы саяси үрдістерге баға бер; М. Қ. Қозыбаевтың ғылыми еңбектеріне және оның редакторлығымен шыққан сын-пікірлерінің мәнін ашу; Қоғам және мемлекет қайраткері ретіндегі мемлекет тарапынан бағалануын айқындап көрсету.
Зерттеудің деректік негізі. Зерттеу жұмысын жазу барысында Қазақстан Республикасы мұрағаттарының қорларында сақталған құжаттар мен кітапхана қорында сақталған мерзімді баспасөздегі материалдар, ғылыми зерттеулер, М. Қ. Қозыбаевтың 1985-2002 жылдар аралығында шыққан еңбектері кеңінен қолданылды.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz