Қазақ поэзиясындағы көркемдік ізденістер


Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 5 бет
Таңдаулыға:   

ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ КӨРКЕМДІК ІЗДЕНІСТЕР

Бегманова Б. С. - ф. ғ. к., доцент м. а. (Алматы қ-сы, ҚазмемқызПУ)

Поэзия әлемінде қалам тербеген әр ақынға өзінің жүріп өткен өмір жолы, «тар жол, тайғақ кешуі», мұңы, сыры, туған топырағы әсер етеді. Ақынға туған жердің табиғаты, орман су, тоғайлары, үп еткен самалы, жусанды белі, ерке желі, бораны мен құйыны, бәрі-бәрі ақынның көкірек көзінен қағыс қалмайды. Шашасына шаң жұқпаған шынайы талант иелері сөзбен жеткізе алмайтын осындай асыл қасиеттер анасының құрсағынан бойларына дарып туады. Сонау балғын кездегі жіңішке ғана соқпақ бара-бара болашақтағы бірнеше мың ғасырларға ұласатын дара жолға айналады. Жайшылықта көзге көрінбейтін әлдебір құбылысты ақын тылсым бір құпия құдіреттің күшімен алыста отырып-ақ сезінеді. Ол халқы қуанса қуанады, қайғырса қайғырады.

Қазақ халқының бойындағы ұлттық сипат, ұлттық нақыш, ұлттық бояуды 60-70 жылдарғы поэзиядан да кездестіруге болады. Поэзияда әр ақын халықтық сипатты өзіндік стиль ерекшелігімен, ырғақ, ұйқас өрімімен, өзіндік соны соқпағымен жырлады. 60-70 жылдар поэзиясы жайлы белгілі зерттеуші ғалым С. Қирабаев: «Бұл дәуірді лирикалық поэзияның жаңару, сілкіну кезеңі десе де болғандай. Жаңа адам бойындағы тың сапаларды аша отырып, лирика да рухани өсті, пафосын жетілдірді, өлең мәдениетін көтерді» деп баға береді. 60-70 жылдары поэзияда халықтық сипат, ұлттық нақыш, ұлттық қасиетті өзіндік ерекшелігімен жырлай білген ақындардың бірі - Ж. Нәжімеденов. Ақын талантының тереңдігімен қазақ халқының біртуар ұл-қыздары - Құрманғазының, Дәулеткерейдің, Тәттімбеттің, Динаның көңіл толқытар, жаныңды әсем сазға бөлейтін күйлері жыр жолдарында суретті сөзге айналды. Әуезді үнді сөз өнеріне айналдыруы Ж. Нәжімеденовтің ақындық шеберлігі. Халық арасына кеңінен танымал күйшілердің жан тебірентер күйін ақын талдап, таразылап барып, өлең жолдарына айналдырды. Құрманғазының «Қайран шешем» күйіндегі сезім айна-қатесіз күйшінің көңіліндегі ойындай сөз маржанымен суреттеледі. Ж. Нәжімеденов күйшінің көңіліндегі құпия қалтарысын дәл басып, сезім пернесін жыр жолына айналдыруда шеберлік танытады. Ана үшін бала әр уақытта перзент. Құрманғазы күйші де анасының аналық мейіріміне жауап ретінде «Қайран шешем» күйін толғауы да сондықтан. Ал, ақын Жұмекен Нәжімеденов сол күйді өлең жолдарында:

Не көрсеттім мен саған?

Азапты ойдан өзге не?

Көріп едің, анажан,

Мен секілді «кезбеден»

Әр күн сайын басыңа бір уайым тосылды,

Әр түн сайын шашыңа бір уыс ақ қосылды

деп сөз өрнегімен төгеді.

Ақын, анасының баласы үшін әр күн сайын тартатын азабын кейіпкер тілімен «қайран шешем, аяулы анам» деп тебіренте бейнелейді. Жыр жолдарына айналған күйдің, мазмұны қайғы-мұңға толы болғанымен, ақын кейіпкер тілімен анасына дем бере, «Қайғырма, ана, серттемін - бал берсе де айныман» деп жігер бере сөйлетеді. Бұл тек күйші қайғысы ғана емес, сол замандағы барша халықтың мұңы, барша ананың зары. Ақын сол мұң-зарды өлең жолдарына айналдыра жырлауда шеберлік танытады.

Ал «Адай» күйін бейнелеген ақын жырынан қазақтың ұлттық қасиетін тануға болады.

Екі ішек: бірі бостау, қатты бірі,

Бес саусақ беретіндей ат дүбірін.

Күйшінің қатты ішекте қайраты өсіп,

Екінші бостау ішекте ақты мұңы.

Күйші домбыра үнімен көп жылқы дүрмегінің көсіле шапқан шабысын бейнелесе, енді бірде көңіл-күйі босап, мұңға батқан халықтың бейнесін көрсетеді. Бір сәт халықтың қайраты мен мұңы арпалысып жатқандай. Өлең бойынан жігерлі әрекет арпалыс, тартыс-күресті танисыз. Күйші халық мұңын, халық қайратын айтады. Көк ала дүрмек болып аққан ағысты, шаңқылдап ұшқан шағала - құстың үнін, «ең соңғы жармасқаның жұлынғандай» арпалыс - өмірді ақын:

Әйтеуір ала-тарғыл бұл көріністі

Ұқпайсың не шаттанып, не мұңайып

деп бейнелейді.

Бірде шаттықтан, бірде мұңнан тұратын бұл өмірді ақын ала тарғыл деп өте әдемі теңеумен сипаттайды.

Ақын Ж. Нәжімеденов күйшінің басқа да күйлерінен қазақтың кең пейілді дархандығын, ұлттық қадір-қасиетін, ұлттық сипатын танып, оны өлең жолдарында шеберлікпен суреттей білген. Ақынның бұл қасиетін зерттеуші ғалым Қ. Юсупов: «Жұмекен - күйші-ақын. Ол өзінің бұл ерекшелігін шығармашылығында ұтымды пайдаланған. Оның күйшілігі қазақ әдебиетінің бағы болды десек, артық айтқандық болмас. Әдебиетте күй сазының мазмұнын беруге талпынушылық көптен бар, бірақ дәл Жұмекендей әр саздың тамырын сезе жазу сирек кездесетін құбылыс» деп бағалайды. Ж. Нәжімеденовтің күйді өлең сөзімен көңіл-күйін дәл басып айта білуі ерекше қасиет.

Халқымыздың атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық аспаптарымыздың бірі - домбыра.

Ақын М. Мақатаев:

Домбырам, жүрегіммен үндес едің,

Сенімен сырласымдай тілдесемін.

Бабамнан қалған мұрам сен болмасаң,

Өнердің не екенін де білмес едім

деп жырлайды.

Домбыра - қазақтың киелі затының бірі. Домбыра көмейінен төгілген күй адам жанының нәзік қылдарын шертіп, жан-дүниесін қозғайды. Ақынның «мазасыз жүрегімнің өзімісің» деп жырлауы сондықтан. Домбыраның үні ақын жүрегімен үндес болуы да қазақы дара мінезге тән қасиет.

Домбыраның көмейінен төгілген күйді ақын Қ. Мырзалиев былай суреттейді:

О, құдірет, о, ғажап!

Отырмын мен қасында:

Бүкіл өнер бармақтың ілулі тұр басында!

Күйшінің өнер тамған саусағы мен көңіл шуағы бірігіп, одан көңіл толқытар күй төгілуде. Осы қасиетті дәл таныған ақын «О, құдірет, о, ғажап» сөздерімен өлеңнің өн бойын аша түскен. Өлең жолдарына гипербола тәсілін қолдана отырып оның әсерін арттыра түседі. «Үннен шілтер тоқыған» саусақтың құдіреттілігі сол домбыраның шанағынан әуен емес, тыңдаушысына сұлу да, сырбаз аққу ұшқандай әсер береді. Көңіліңнің кірі ашылып, жан-дүниең жасарып, басқаша бір сезімде боласың. Күмбірлеген күймен бірге көкірегіңе әсем бір нұр құйылғандай.

Мүмкін емес тыңдауың елжіремей, балқымай,

Сөзбен жазбай тарихын,

күймен жазған халқым-ай!

Халқының тарихын күйден таныған ақынның өлең өрнегімен өрілген жырлары да күймен бірдей әсер берері анық.

60-70 жылдардағы халықтық сипаттың бір түрін ақын Қ. Мырзалиев поэзиясынан да кездестіруге болады. Қ. Мырзалиевтің ақындық ерекшелігінің бірі - аз сөзбен көп мағына бере алатындығында. Өлең жолдарында кездесетін орынды теңеулері, бейнелеуі, кейіптеуі ақын ойының ұшқырлығын, өзіндік өрнегі мен тапқырлығын танытады.

Атадан балаға жалғасып келе жатқан шопандық кәсіп те ақындар жырында өте шебер суреттеледі. Мінсе көлігі, кисе киімі болған малды «қазақтың малы - ырысы, малы - бағы» деп өскен халық атадан қалған ала таяғын қасиет тұтып, ата-баба жолымен кәсібін жалғастырған. Малдың жағдайымен қыс қыстауға, жаз жайлауға көшу бұрынғыдан жалғасып келе жатқан салт. Қ. Мырзалиев осы салт-дәстүрдің жақсы мен жаман қасиеттерін зерделей келіп:

Бір жаманы - тынымсыз көше берген,

Бір жақсысы - қимаған даланы кең

деп жырлайды.

Сахарадай кең пейілді халықтың кең даланы қимауы да жарасымды. Табиғаттағы бар әсемдік, сұлулық қазақтың бойынан табылғандай. Ақынның «көшіп-қонуды құмнан алған секілді» деп жырлауы сондықтан.

Сонымен қатар, ақын қазақ халқының өр мінезділігін де жыр жолдарында әдемі суреттейді. Қонысына жау шапса да, көрші қонған жақын ағайынмен сөзге келіп қалса да, қуаңшылық болса да халқымыз қанына сіңген әдетпен қоныс ауыстырып отырғаны тарихымыздан белгілі. Ақын қазақ халқының бойындағы осы қасиетті мінезінің тектілігіне балап:

Біздей халық жоқ жолды мол таптаған,

Сонда да бабам тура жол таппаған!

Ақын халықтың басынан қиыншылықты көп өткізсе де бақытқа барар жол таппағанына налиды, бар қиыншылықтарды жан-жүрегімен сезініп, ақынның нәзік жаны да туған халқымен бірге қиналады.

«Малда - бақыт, малда - құт» дейтін шопанның малдың барлық қасиетін жете меңгергендігін ақын Қ. Мырзалиев «Шопан» атты өлеңінде:

Елең етіп,

Адасқан қозыларды

Енесіндей таниды дауысынан

деп жырласа, М. Мақатаев:

Түк көрмеген түлейдей… малды ұра ма?!

Жоғал былай, торсықтай салбырама!

Серке емес, сен өзің де сескенесің,

Сен қылмаған ерлікті мал қыла ма?!

деп қазақ халқының малды кие тұтатын қасиетін ашып көрсетеді. Арқалы ақын көпті көрген көне көз қарт бейнесі арқылы тәрбиелік мәні зор ой тастайды.

Ақын М. Мақатаевтың бір ерекшелігі қазақы малшылық кәсіпкершілікті жыл мезгілдерімен байланыстыра жырлауында. «Жаз болса, жорға мініп жайтақтаған» малшының мінезін жаздың жайлылығымен байланыстыра жырласа, «Күз болса, қойшы жаны жай таппайды» екен. Көктемде барлық жер-дүние жаңарып, тіршілік атаулының бәріне жан бітетін кез. Малшы қауымына бұл мезгіл де өзіндік қасиетімен ерекше.

Сабылып келді міне, сәуір айы,

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Поэзия - жүректің сөзі
Қазіргі қазақ поэзиясындағы ұйқас тәсілдері
60-90 жылдардағы қазақ поэзиясындағы көркемдік ізденістер
ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы қазақ әдебиетіндегі символизм сипаты
Көркем әдебиеттегі «образдылық» пен «көркем образ» мәселелері. әдеби туынды және оның мазмұны мен құрылымы. әдебиеттің көркем шығарманың көркемдеу құралдары мен тілі. өлең сөздің теориясы
Балалар поэзиясының әдеби-көркемдік және тағылымдық-тәрбиелік мақсаттарды ұштастырушы сипаттарын теориялық негіздеу
Шәкәрім поэзиясының негізгі арқауы
Қазіргі қазақ өлеңінің құрылысы: дәстүр және даму үрдістері
И. Оразбаев поэзиясының шеберлік тұғыры
Характер мен жағдайдың байланысы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz