Қазақстан Республикасында мереке күндері


Пән: Мәдениеттану
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 33 бет
Таңдаулыға:   

3. Қазақстан Республикасында мереке күндеріне дайындық пен оларды өткізу тұжырымдамасы

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі 2001 ж.

Тұжырымдаманың паспорты

Атауы. Қазақстан Республикасында мереке күндерiне дайындық пен оларды өткiзудiң тұжырымдамасы

Әзiрлеуге негiздеме. Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгi Басшысының 2001 жылғы 13 қаңтардағы N 20-5/1 тапсырмасы
Yйлестiрушiсi. Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгi
Негiзгi әзiрлеушiлер. Президент Әкiмшiлiгiнiң Қоғамдық-саяси, Мемлекеттiк-құқық, Ұйымдастыру-бақылау бөлiмдерi, Қауiпсiздiк Кеңесiнiң Талдау орталығы, Мемлекеттiк хатшының Хатшылығы, Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келiсiм министрлiгi, облыстардың, Астана, Алматы қалалары әкiмдерiнiң аппараттары
Iске асыру мерзiмi. 2001-2005 жж.
Қаржыландыру көздерi. Республикалық және жергiлiктi бюджет қаржысы, демеушi ұйымдардың ресурстары

1. Кiрiспе

Мерекелер халықтың рухани-мәдени топтасуын, өскелең ұрпақтың қоғамдануын, рухани және адамгершiлiк-имандылық құндылықтарды өрiстету мен ұластыруды қамтамасыз ететiн ұлттың идеялық топтасуының қуатты факторы екенін, қазiргi болмысты және мемлекеттiң стратегиялық даму басымдықтарын ескере отырып, жалпымемлекеттiк мерекелерге дайындық пен оларды өткiзудiң күллi жүйесiн тұжырымдамалық деңгейде қайта қараған жөн.

2. Тұжырымдаманың мақсаты мен мiндеттерi

Осы Тұжырымдаманы әзiрлеу мен iске асырудың мақсаты республиканың қазiргi заманғы болмысын, күллi қоғам мен жеке алғанда әрбiр азамат үшiн мән-маңызы бар құндылықтарды бейнелейтiн әрi әлемдiк қоғамдастыққа мәдени кiрiгудi қамтамасыз ететiн мереке күндерiне дайындық пен оларды өткiзудiң бiрыңғай жүйесiн құру болып табылады.

Тұжырымдамаға қойылған мақсатқа сәйкес мынадай түбiрлi мiндеттердi шешу көзделедi:

Қазақстан Республикасында мереке күндерiне дайындық пен оларды өткiзудiң бiрыңғай қағидаттарын әзiрлеу;

мереке күндерiнiң мазмұны мен өткiзу нысанын оңтайландыру;
қазiргi заманғы РК-технологиялары негiзiнде мерекелердi ақпараттық-насихаттық қамтамасыз етудiң нысандары мен әдiстерiн әзiрлеу;

мерекелердi материалдық-техникалық және қаржылай-бюджеттiк қамтамасыз ету схемасын айқындау.

3. Мереке күндерiне дайындық пен оларды өткiзудiң
негiзгi қағидаттары

Әлемдiк практика көрсетіп отырғандай, ұлттық мереке мәртебесi мынадай өлшемдерге сәйкес келедi:

ұлтына және дiнiне қарамастан, қоғамның барлық мүшелерi қолдайтын құндылықтар мен бағдарларға ерекше мән беретiн жалпыұлттық сипаты;

осы этномәдени бiрлiкте қалыптасқан мерекенiң тарихи себептiлiгi;
осы мерекенiң пайда болуын және ресми салтанатты мәжiлiстердiң тиiстi өрiсiн айқындаған уақиғаның жалпыұлттық ауқымы;
мемлекеттiң тарихи дамуының шынайы ерекшелiгiн көрсетуi;
мерекелерге жалпыұлттық сипат беру үшiн халықтың барлық әлеуметтiк, этникалық, конфессиялық және басқа да топтарының мүдделерiн ескеруi;

ұлттық мереке мәртебесiнiң заңды ресiмделуi.

Әлем елдерiнiң көпшiлiгiнде ұлттық мерекелердiң мынадай функциялар атқаратыны белгiлi:

жалпыұлттық сананы, жалпыұлттық мұраттар жүйесi мен ұлттың өмiр сүру салтын қалыптастыруға, сондай-ақ қоғамның жалпыадамзаттық, либералдық-демократиялық құндылықтар негiзiнде топтасуына жәрдемдеседi;

қоғамның өзiндiк мәдени бiрлiк ретiнде бiрiздендiрiлу процесiне мүмкiндiк туғызады;

қоғамның әлемдiк мәдени кеңiстiкке кiрiгуiне мүмкiндiк жасайды.

Қазақстанның тарихи даму кезеңiнiң ерекшелiгiн ескере отырып, мерекелер мынадай принциптерге сай келуге тиiс:

азақстанның мемлекеттiлiгiн нығайтуға;

қоғамның топтасуына, iшкi саяси тұрақтылықты, азаматтық татулық пен ұлтаралық келiсiмдi қамтамасыз етуге;

қоғамның демократиялануына және ымырашылдығына;

қоғамда қолайлы әлеуметтiк-психологиялық жағдай туғызуға, әлеуметтiк серiктестiк қарым-қатынастарын қалыптастыруға;

әлемдiк қоғамдастықта Қазақстанның оң бет-бейнесiн нығайтуға, оның әлемдiк экономикалық кеңiстiкке кiрiгуiне;

қоғамды "Қазақстан-2030" Стратегиясының мiндеттерiн орындауға жұмылдыру.

"Ұлттық" терминiнiң мағынасы мерекенiң қоғам үшiн ерекшелiгiн бейнелеп қана қоймайды, ол қоғамдық даму мұқтаждары мен құндылықтарына сай келедi және қоғамды осы дамудың мiндеттерiн iске асыруға жұмылдыруға ықпал етедi деп тұжырымдауға болады.

Мереке (мереке күнi) ұлттық мерекеден өзгеше, жоғарыда аталған өлшемдердiң кейбiрiне ғана сай келiп, жекелеген функцияларды ғана атқара алады. Оның тарихи дамудың нақты кезеңi үшiн өзектi, мазмұны қоғам өмiрiнiң өткiнші, неғұрлым субъективтi жақтарымен байланысты қосымша өзiндiк белгiлерi мен ерекшелiктерi болуы мүмкiн.

Атаулы күн белгiленген өлшемдер мен функциялардың көбiне сәйкес келе отырып, қоғамның мүшелерiнiң басым көпшiлiгi үшiн өзектi болады. Бiрақ мереке мәнiнiң ерекшелiгiне қарай не мерекеге тән белгiлерi жоққа тән, не өзi қалыптасу және даму процесiн бастан кешу үстiндегi және де ықтималында ғана мерекеге айналар атаулы күн сөзсiз мереке болып танылмайды. Сонымен, атаулы күн мереке мәртебесiне (белгiлерiне) жалаң сәйкес келгенiмен объективтi себептермен осы деңгейдiң мазмұндық әлеуетiне ие емес.
Кәсiби мереке де жекелеген өлшемдерге сәйкес келiп, жоғарыда аталған кейбiр функцияларды кәсiптiң сипаты мен ерекшелiгi арқылы айқындалатын неғұрлым шағын әлеуметтiк топта ғана атқара алады. Бұл мерекелердi дайындау мен өткiзу осы Тұжырымдаманың талаптары ескерiле отырып жүзеге асырылады.
Бейресми (дiни) мереке осы Тұжырымдаманың өлшемдерi мен мiндеттерiне толық жауап бермеуi мүмкiн, бiрақ ол оларға қайшы келмеуге тиiс.

Барлық аталған мерекелер санаттары жоғарыда көрсетілген принциптерге сай болуға тиiс.

Осы орайда мерекелердiң жаңа құрылымын олардың сатылылығы мен типологиясын мынадай басым бағыттар шеңберiнде айқындаған жөн:

жүйелі сипатты:

Мерекелердiң идеологиялық мазмұнын жаңарту (толығырақ "Қазақстан Республикасында мереке күндерiн дайындау мен өткiзу стратегиясы" атты 4-бөлiмдi қараңыз) ;

ұйымдық сипатты:

әрбiр мереке салтанатын iске асыру жөнiндегi шаралар республикалық, аймақтық және жеке-азаматтық деңгейде өтуге тиiс. Оларды өткiзу мереке күнi өтетiн салтанатты мәжiлiстермен шектелмейдi. Мереке қарсаңындағы жұмыс күндерi мереке алдындағы күндер болып табылады және мереке алдындағы соңғы күннiң жұмыс уақыты бiр сағатқа қысқарады деп белгiленсiн. Бұл күнi кәсiпорындар мен мекемелерде мерекенiң тақырыбына сәйкес ресми iс-шаралар мен салтанатты мәжiлiстер өткiзудi, сыйақылармен, бағалы сыйлықтармен марапаттауды, алғыс жариялауды практикаға енгiзу қажет. Мереке қарсаңында жәрмеңкелер өткiзудi; табысы төмен және әлеуметтiк қорғансыз топтар үшiн медициналық қызмет көрсету, қоғамдық көлiкте жүру жөнiнде жеңiлдiктердi; шығармашылық ұжымдардың, дәрiгерлердiң, заңгерлердiң алыс және қатынас қиын аудандарға баруын көздеген жөн;
барлық мектепке дейiнгi, орта, жоғары бiлiм беру мекемелерiнде, тәрбие беру мекемелерiнде Қазақстан Республикасының алдағы мерекесiнiң тарихына, мазмұнына және идеологиясына арнап мереке қарсаңындағы күндерi дәрiс өткiзу;
iс-шараларды өткiзiлетiн мерзiмдерi бойынша бiр-бiрiмен қабаттаспайтындай етiп, кезең-кезеңмен өткiзу қажет. Аймақтық iс-шаралар жалпы республикалық iс-шараларды тұтастай қайталамай, оларды толықтыра түсiп, мазмұнын жергiлiктi деңгейде ашуға тиiс;
олардың артық саясатшылдығынан, қасаңдығынан, әсiре ресмилiгi мен даңғазалығынан көрiнiс табатын мерекелердi өткiзу нысандарының идеяшылдығын, оларды неғұрлым демократияландыру, адамдарға жуықтату жағына қарай азайту қажет;

мерекелердiң нышандары мен эмблемаларын жоғары көркемдiк деңгейде ғылым және өнер қайраткерлерi iшiнен сарапшыларды тарта отырып, жасау қажет, авторлар және дизайнерлер мен суретшiлер ұжымдары жұмыстарына республикалық деңгейде логотиптердi мiндеттi түрде бекiте отырып, конкурстық таңдаулар өткiзу;

iс-шаралардың халықтың белгiлi бiр әлеуметтiк жiктерiне айқын бағытталуы олардың тиiмдiлiгiнiң аса маңызды шарты болып табылады. Мерекелiк салтанатта денi басым, өздерi үшiн (соғыс және еңбек ардагерлерi, балалар, әйелдер және т. б. ) осы мереке мейлiнше маңызды әлеуметтiк топты айқындау және оған бiрқатар iс-шараларды атаулы түрде арнау қажет;

негiзгi назарды практикалық iстерге аудару (халықтың табысы төмен топтарына атаулы материалдық қолдау көрсету; нақты әлеуметтiк мәселелердi шешуге бағытталған бұқаралық шаралар және т. б. ) ;

мерекелердi дайындау мен өткiзу процесiне халықтың жаппай тартылуын қамтамасыз ету;

мерекелердi коммерциялық тұрғыда тиiмдi немесе, ең болмағанда, өзiн-өзi өтейтiн мерекелерге айналдыру мүмкiндiгiн қарастыру. Мысалы, туристер тарту есебiнен.

Тұжырымдаманың тиiмдiлiгiн арттыру мақсатында оны екi бағытта: осы Тұжырымдаманың iске асырылуын мемлекеттiк саясаттың басқа бағыттарымен үйлестiруге және байланыстыруға мүмкiндiк беретiн ұйымдық бағытта; өзгермелi қоғамдық-саяси жағдайларға сәйкес дер кезiнде Тұжырымдамаға түзету енгiзiп отыруға мүмкiндiк беретiн ақпараттық-талдау бағытында жүзеге асырған жөн.

4. Қазақстан Республикасында мереке күндерiне
дайындық пен оларды өткiзудiң стратегиясы

ЖАҢА ЖЫЛ

"Қазақстан Республикасындағы мереке күндерi туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995 жылғы 18 қазандағы N 2534 Жарлығымен 1 және 2 қаңтар мереке күндерi болып жарияланған.
Жаңа жыл григориан жыл санауды қабылдаған мемлекеттерде дәстүрлi аталып өтiледi. Ресейде бұл мерекені I Петр 1700 жылы Жаңа жылды тойлауды "басқа еуропа халықтарымен келiсiмге" келтiру мақсатында енгiздi. Соңғы ғасырда мереке зайырлы сипатқа ие болды.
КСРО пайда болғаннан кейiн мемлекеттiк мереке ретiнде Одақтың бүкiл аумағында және Еуропаның көптеген социалистiк елдерiне тарады. Еуропа, Америка және Австралия елдерiнде рождество мерекелерiнiң үлкен мәнi бар, Шығыс және Азия елдерiнде Жаңа жыл ай немесе күн күнтiзбелерi бойынша аталып өтiледi және әр түрлi айларға сәйкес келедi.
1-2 қаңтарда сол сияқты басқа да халықаралық және ұлттық мерекелер атап өтiледi: Дүниежүзiлік бейбiтшiлiк күнi (VI Павел папа енгiзген, 1968 жылдан берi аталып өтiледi), Тәуелсiздiк күнi (Гаити Республикасы, Судан Республикасы), Азаттық алу күнi (Куба Республикасы) және т. б.
Қазақстанда Жаңа жыл 1-2 қаңтарда атап өтiледi және халықтың ең сүйiктi мерекелерiнiң бiрi болып табылады.
Тұтастай алғанда, Қазақстанда осы мерекеге тән мынадай негiзгi белгiлердi атап өтуге болады:
мерекемен өткен кезеңнiң қоғам қызметiнiң барлық саласындағы қорытындысы және жаңа мiндеттер мен мақсаттардың мемлекет ауқымында да, сондай-ақ жеке алғанда, отбасы мен әрбiр адам деңгейiнде де iске асырылуының басталуы байланыстырылады;
Жаңа жыл ең бұқаралық мерекелердiң бiрi болып табылады. Осы кезеңде қатысушылар санының көптiгiне арналған iс-шаралардың елеулi бөлiгi өткiзiледi (балалар мерекелерi, жастар балы және т. б. ) . Сонымен бiрге Жаңа жыл отбасы мерекелерiнiң санатына жатады.
Сөйтiп, Жаңа жыл мерекесi ұлты мен дiнiне қарамастан, барлық адамның өмiрiндегi маңызды оқиға болып табылады. Онда жалпыадамзаттық, демократиялық құндылықтар түрiнде топтастыру әлеуетi бар. Бұл орайда ол қайырымдылыққа, халықтың табысы төмен топтарына, балаларға, мүгедектерге мемлекеттік қамқорлық көрсету үшін зор мүмкiндiктер туғызады.

Мерекенiң мақсаты мен мiндеттерi
Мерекенiң мақсаты - қоғамда әлеуметтiк сенiмдiлiк сезiмiн қалыптастыру, қоғамды имандылық, қоғамдық келiсiм және қазақстандық отансүйгiш идеялары төңiрегiнде топтастыру.

Мiндеттер
Жалпыдемократиялық және жалпыадамзаттық құндылықтарға негiзделген қоғамды топтастыру.
Халықтың әлеуметтiк қорғансыз топтарына атаулы көмек көрсету, қайырымдылық пен демеушiлiк институтын қалыптастыру.
Салауатты өмiр салтын қалыптастыру, мерекенi халықты спорттың қысқы түрлерiмен шұғылдануға тарту үшiн пайдалану.
Мемлекеттiң өткен жылдағы оң жетiстiктерiн насихаттауға және жаңа жылда көзделген мақсаттарды түсiндiруге бағытталған мерекенi ақпараттық-идеологиялық тұрғыдан қолдау.
Қоғамда жалпыадамзаттық құндылықтарға негiзделген дәстүрлерді одан әрі қалыптастыру.
Отбасының бос уақытын ұйымдастыру, отандық жаңа жылдық ойын-сауық телерадио бағдарламаларын жасау.
Жаңа жылды тойлаудың мақсаты мен мiндеттерiне қол жеткiзу мынадай негiзгi бағыттарда жүзеге асырылуға тиiс: ақпараттық-насихаттық; мәдени-бұқаралық; атаулы қайырымдылық көмек көрсету және мемлекеттiк, аймақтық және жергiлiктi деңгейде атап өтiлуге тиiс.
Жаңа жылдық мерекенiң эмблемасы мен нышаны алдымен отбасылық құндылықтарды, мейiрiмдiлiктi, Жаңа жылда жаңа жетiстiктерге қол жеткiзу сенімiн бейнелеуге тиiс. Нышандар жасаудың көп жылғы тәжiрибесi бар, сондықтан аймақтарға негiзгi тақырыпты дербес әзiрлеуге мүмкiндiк беріп, тек саяси сәттердi бейнелейтiн жетекшi тақырыптарды айқындаған жөн.
Мереке эмблемасының бейнеленуi адамдарды қуантатындай, ашық, үйлесiмдi, көзге жылы болуға тиiс. Әрбiр үйде тұратын мереке эмблемасы бар бұйымдар (шарлар, жапсырмалар, ойыншықтар және т. б. ) жасау үшiн эмблеманы жобалау мереке басталғанға дейiн аяқталуға тиiс. Эмблемамен бiрге 12 жылдық циклды негiзге ала отырып, ұлттық бояумен мерекелiк бойтұмарды жасаған жөн.
Жаңа жылдың түр-түс үйлесiмi көк түстiң спектрiне (ақшыл-көгiлдiр, көгiлдiр, көк, қара көк) және қызыл түске - от түсiне негiзделiп ақ сұр түсте жасалуға тиiс.

Мерекелiк идеялық көркемдiк тұжырымдамасы
Қазақстан Республикасы Президентiнiң күллi мемлекеттiк электрондық БАҚ бойынша өтiп бара жатқан жылдың соңғы минуттарында берiлетiн жыл сайынғы құттықтауы. Құттықтаудың негiзгi идеясы - өткен жылдың негiзгi қорытындыларын көрсету және мемлекет дамуының алдағы жылдағы басым бағыттарын жария ету.
Президенттiң Жаңа жыл қарсаңындағы сөз сөйлеуi қазақстандық отансүйгiштiктi қалыптастырудың ең әсерлi компоненттерiнiң бiрi болып табылады, халық оны мемлекеттiң саяси тұрақтылығының белгiсi ретiнде қабылдайды. Президент сөз сөйлеген сәтiнде өзiнiң Мемлекет басшысы, оның жоғары лауазымды тұлғасы, халық пен мемлекеттiк билiк бiрлiгiнiң нышаны әрi кепiлi (Қазақстан Республикасы Конституциясының 40-бабы) ретiндегi мiндеттерiн неғұрлым айқын iске асырады.
Жаңа жылдық iс-шараларды ел басшылығының қатысуымен ұйымдастыру мен өткiзу жөнiндегi жұмыс маңыздылығы бойынша келесi бағыт болып табылады.

Президенттiң жаңа жылдық шыршасы
Президенттiң жаңа жылдық шыршасы Қазақстанда 1991 жылдан бастап жетiм балалар, мектеп-интернаттар тәрбиеленушiлерi, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар мен табысы аз көпбалалы отбасы балалары үшiн өткiзiледi. Мерекенің мазмұны ағымдағы жылдың тақырыбымен айқындалады. Шырша жыл сайын Қазақстанның бір облыс орталығында өткiзiледi. Мерекенiң теледидарда көрсетiлетiн нұсқасы жасалады, оны "Хабар" компаниясы дәстүрлi түрде 1 қаңтарда берiп отырады. Бұл iс-шараның тәрбиелiк мәнiн едәуiр кеңейтедi әрi оның дайындығына да талапты күшейтедi.
Алғашқы мерекенi атап өткен күннен берi 10 жыл iшiнде осындай iс-шараларды тиiмдi тәрбие құралы ретiнде пайдалану жөнiнде едәуiр тәжiрибе қалыптасқан.
Жыл сайын, соның iшiнде жергiлiктi жаңа жылдық балалар мерекесi үшiн:
балалар үшiн отансүйгiштiк бағыттағы жаңа поэзиялық және музыкалық шығармаларды, әсiресе оларды мемлекеттiк тiлде жасау жөнiндегi жұмысты жүргiзу;
мерекенi балалар үшiн әсерлi деңгейде, белгiлi жас тобына түсiнiктi етiп ұйымдастыруға мүмкiндiк беретiн сценарий материалының дайындалуын қамтамасыз ету;
осындай шыршатойды өткiзудiң сценарий жоспары осы iс-шараға шақырылған әрбiр баланың белсендi қатысуы ескерiле отырып, қайта қаралуға және жаңалануға тиiс;
мерекелерге дайындық жасау кезiнде ағымдағы және жаңа жылдың тақырыбын ескеру;
республикалық және аймақтық (облыстық, аудандық) мерекелер үшiн сценарийлер жасаудың конкурстық тетiгiн қамтамасыз ету қажет.
Жаңа жылдық жастар балы 1994-1997 жылдары өткiзiлдi. Iс-шараға Қазақстан Республикасының Президентi Н. Ә. Назарбаев және оның отбасы қатысатын. Кездесуге жас ғалымдар, шығармашылық жастар, ең үздiк спортшылар шақырылатын. Жаңа жылдық жастар балын өткiзудi қайта жаңғырту мүмкiндiгiн қарастырған жөн.
Балалар үшiн аймақтық деңгейде әкiмдердiң жаңа жылдық шыршалары өткiзiледi. Соңғы кезде түрлi ұйымдардың халық үшiн сан жағынан да едәуiр көп, сапасы жағынан да жеткiлiктi жақсы, ақылы жаңа жылдық iс-шараларды өткiзетiнiн ескере отырып, жергiлiктi органдар халықтың әлеуметтiк қорғансыз топтары: жетiм балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүгедектер, жалғызiлiктi зейнеткерлер және т. б. үшiн қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастыруға ерекше көңiл бөлуi қажет.
Қалыптасқан iзгiлiк дәстүрлерiн пайдалана отырып, жергiлiктi деңгейде халықтың ұйымдасқан топтарына жаңа жылдық мерекелердi, бұқаралық iс-шараларға қатыса алмай үйде қалатын мүгедек балалар үшiн атаулы құттықтауларды (Аяз Ата мен Ақшақардың келуiн), табысы аз азаматтар үшiн қайырымдылық ас ұйымдастыруға болады. Осы жұмысқа қоғамдық институттарды және халықты кеңiнен тарту қажет. Халықтың қайырымдылық iзгiлiк қызметке деген ұмтылысын қалыптастыру үшiн БАҚ-тың белсендi және мақсатты бағытталған жұмысының маңызы зор.
Бұқаралық іс-шараларды үй-жайлардан тыс ұйымдастыру қажеттiгiне көңiл бөлген жөн. Мұз қалашықтарының бүкiл жергiлiктi тұрғындар үшiн қысқы ойын-сауық орталықтары ретiнде қолжетiмдi болуы өздерiн жақсы жағынан танытты.
Салауатты өмiр салтын насихаттау үшiн әуесқой аула командалары арасындағы спорттың қысқы түрлерi бойынша жарыстар, өткен жылдан жаңа жылға өтудiң бұқаралық эстафеталары (мысалы, 1999 жылдан 2000 жылға) және т. б. (осындай жарыстарды өткiзу үшiн жергiлiктi органдар мемлекеттiк спорт бағдарламасына сәйкес қарапайым спорт құрылыстарын: хоккей алаңдары, шаңғы жолдарын, сырғанақтарды және т. б. салуы қажет) сияқты таза ауада өткiзiлетiн бұқаралық iс-шаралардың мүмкiндiгi зор.
Елдi мекендердiң қазiргi заманға сай безендiрiлуi де үлкен рөл атқарады. Қалыптасқан дәстүрлерден басқа (электрлi әшекейлердi, мұз бен қардан жасалған мүсiндердi, ұрандарды және т. б. пайдалану), мынадай принциптер ескерiлуге тиiс:
безендiрудiң қауiпсiздiгi;
безендiрудiң композициялық тұтастығы (дизайнерлiк әзiрлемелер жыл сайын Интернетте, арнайы және бұқаралық БАҚ-та берiледi) ;
ұрандар мазмұнының жаңа жыл тақырыбына сәйкестiгi.

Мерекені ақпараттық-идеологиялық тұрғыдан қолдау
БАҚ-та Жаңа жылды жария етуде республиканың дамуының өткен жылғы қорытындысына баса назар аударып, алдағы жылдың мiндеттерi мен болашағын ашу қажет.
Қазіргi заманғы технологияларды пайдалана отырып, мемлекеттiң оң бет-бейнесiн жақсарта түсу маңызды болып табылады.
Жаңа жыл қазақстандықтардың санасында әлеуметтік сенiмдiлiкпен, қорғаны барын сезiнумен, мемлекет пен оның экономикасының тұрақтылығын ғана емес, өзiнiң де отбасындағы орнықтылықты сезiнумен байланысты болуға тиiс.
Насихаттау неғұрлым демократиялық тәсiлдермен, бейресми түрде байыпты жүзеге асырылуға тиіс.

Қаржы және ресурстар
Республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң қаржысын, салалар мен ведомстволар бойынша бөлiнген қаржысын, демеушiлiк қаржысын, қайырымдылық қорлар қаржысын Жаңа жылды өткiзудiң материалдық ресурстары деп айқындаған жөн.
Еңбекшiлерге, жалданып жұмыс iстейтiндерге еңбекақыны толық төлеуге, сондай-ақ әртүрлi сыйлықақыларды төлеуге көңiл бөлу қажет.
Мемлекеттiк республикалық комиссияны, аймақтық комиссияларды, Қазақстан халықтары ассамблеясын, қоғамдық ұйымдармен қозғалыстарды, саяси партияларды, ҒӨБ-дi, (ғылыми-өндiрiстiк бiрлестiктердi), ғылым және мәдениет қайраткерлерiн, әртүрлi конфессияларды және т. б. жаңа жылдық салтанатты мәжiлiстердi өткiзудiң ұйымдық ресурстары деп санауға болады.

Күтiлетiн нәтижелер
Жаңа жылдық мерекелердiң Тұжырымдамасын iске асырудың нәтижелерi ретiнде Қазақстан халқының достығы мен ынтымақтастығын нығайту, олардың болашақтағы айқын бағдарының болуы, реформаларды, демократияландыруды жүргізу, азаматтық татулық пен ұлтаралық келісімді қамтамасыз ету жүргiзiлiп отырған мемлекеттiк саясатқа байланысты қоғамда әлеуметтiк сенiмдiлiктi, жағдайдың одан әрi жақсарта беретiнiне сенiмiн қалыптастыру деп болжауға болады.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘЙЕЛДЕР КYНI

8 наурыз - Халықаралық әйелдер күнi әйелдердiң бейбiтшiлiк, демократия үшiн, әйелдердiң экономикалық, әлеуметтiк және саяси тең құқықтылығы үшiн күрестегi халықаралық ынтымақтастық күнi ретiнде пайда болып, тұңғыш рет 1911 жылы атап өтiлдi.
Тарихи эволюция барысында әйелдердiң қоғамдық санада ана, әйел, адамзаттың тамаша екiншi жартысы ретiнде салтанат құруымен ол бiрте-бiрте өзiнiң өткiр саяси және төңкерiсшiл мәнiн жоғалта бастады. Мереке қоғамның бұқаралық санасында барған сайын неғұрлым азаматтық, бейбiтшiл сипатқа ие болып келедi.
Қазақстанда бұл мереке демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құру тұрғысында, сондай-ақ көпұлтты әрi көп конфессиялы қоғам болуына байланысты айрықша маңызға ие. Оның мазмұнында қоғамды әлеуметтiк және азаматтық салада қуатты топтастыру факторы болуға қабiлеттi және жеке тұлғалық, этникалық, жалпымәдени әрi жалпыадамзаттық компоненттер (негiздер) тоғысқан. Ол дербес, отбасылық-топтық, жалпы мемлекеттiк деңгейлерде атап өтiлiп, күллi халықты жан-жақты қамтиды.
Сонымен қатар оның демократиялық бағыттылығы мен атаулылығы Қазақстанның гендерлiк болмыс негiзiнде дүниежүзiлiк қоғамдастыққа тереңiрек кiрiгуiне мүмкiндiк бередi.
Аталмыш мерекенiң атауы мен өткiзу мерзiмiн өзгерту жөнсiз.
Тұжырымдама, оның мақсаты мен мiндеттерi, сондай-ақ 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күнiнiң мазмұны қоғамды демократияландыру мен либерализациялау жөнiндегi мемлекеттiк саясат жүйесiндегi оның орны мен рөлiн айқындайды.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақстан Республикасының ұлттық, мемлекеттік, кәсіби және өзге де мерекелері
Рождество мерекесі
Демалыс уақыты
Мерекелер түрлері
Мерекелердің құқықтық негіздері және оның патриоттық тәрбиемен сабақтастығы
Еңбекке ақы төлеудің негізгі жүйелері
Мереке, мерекелердің түрлері қоғамдық мәні
Жеке еңбек шартының ұғымы
Жалақы және еңбекті нормалау
Мерекелердің әлеуметтік мәні
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz