Абай Құнанбаев (1845-1904) өмір тарихы


Абай Құнанбаев (1845-1904)
Қазақ халқының ұлы ақыны Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы 1845 жылы 22 тамызда қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданында дүниеге келген. Болашақ ақын сабырлы мінезіне, кең пейіліне сай ел анасы атанған «кәрі әжесі» Зеренің мол қазынадай аңыз ертегілерін естіп, абысын-ажынға жайлы, әзіл-қалжыңға шебер, жөн-жобаға жетік өз анасы Ұлжанның тәрбиесінде өсті. Абай бала кезінде ширақ, пысық болмағанымен елдегі шешен, ақын, ертегішілер әңгімесін тез ұғып алатын зеректігімен, ынталылығымен ерекшеленген. Шортанбай, Дулат, Бұқар жырау, Марабай, Шөжелерді тыңдап өскен. Анасы Ұлжан да шешен болған, сөз қадірін білетін ортада өскен кісі. Құнанбай қажының да кеңінен толғап сөйлер тереңдігі, өз тұстастарының ғана емес, шетелдік саяхатшылардың да назарына іліккен.
Құнанбай қажы «Ескітам» деген қоныстан медресе салдырып, өзінің және туыстарының балаларын оқытқан. Абай сегіз жасында әуелі сол «Ескітам» медресесінде дәріс алып, ауыл молдасы Ғабитханнан оқыған. Әкесі оның зеректігін байқағаннан кейін, 10 жасқа толған соң Семейдегі Ахмет Риза медресесіне береді. Онда үш жыл оқыған. 13 жасында Семейдегі мұсылман медресесінде оқиды. Осы жылдары араб, парсы, шағатай тілдерін меңгеріп, Шығыс классиктері Науаи, Низами, Физули, Сағди, Жәми т. б. шығармаларымен танысады. Сонымен қатар Семей қаласындағы орысша приход мектебінде де оқиды. Өзінің ерекше қабілеттілігі, зейінділігі, зор ықыласы арқасында тез арада орыс тілін меңгереді. Әкесі Құнанбай оны өзінің жанында ұстап, бірте-бірте ел билеу ісіне араластырмақ ниетпен ауылға қайтарып алады. Абай ел арасындағы әр түрлі ру таласы, жер дауы, жесір дауы секілді істерге араласып, халықтың тұрмысын өз көзімен көріп, танысады. 1875-1878 жылдар арасында болыс болып сайланып, ел билеуге тікелей араласып, әр түрлі даулы іске кесім айтып, күрделі мәселелерді шешуге қатысады. 70-жылдырдың ортасында орыс әдебиетін қайтадан құмарлана оқып, өз білімін жетілдіре түседі. Бос уақытының бәрін кітап оқуға жұмсайды. Семейге жер аударылып келген Е. П. Михаэлиспен, Н. И. Долгополовпен, Б. С. Гросспен танысып, қарым-қатынас жасайды. А. С. Пушкиннің, М. Ю. Лермонтовтың, И. А. Крыловтың, Ф. М. Достоевскийдің шығармаларын оқиды. Батыс Еуропа әдебиеттерін жақсы біледі.
Абай өз өлеңдерін қағаз бетіне түсіруді 80-жылдардың орта кезінде қолға алды. Ақынның осы тұста жазған өлеңдері идеялық және көркемдік жағынан өте жоғары, терең ойлы. Бұл ұзақ та өнімді ізденістерінің нәтижесі еді. Абай қазақтың жаңа реалистік жазбаша әдебиетінің негізін салды. Ол - керемет суреткер ақын және сыршыл лириканың сирек кездесетін шебері. Абай поэзиясы өзі өмір сүрген тұтас бір дәуірді жан-жақты, барынша толық бейнелеп берді. Ақын шығармалары жарты ғасырды қамтитын дәуірді танытады деу аз, оның поэзиясы кейінгі дәуірлердің, соның ішінде бүгінгі замандағы өмір шындығын да танып-білуге үлкен септігін тигізе алады.
Ақындық қуатын танытқан үлкен шығармасы - «Қансонарда» 1882 жылы жазылған. Абай лирикасы жанрлық ерекшеліктері жағынан алғанда көп салалы, көп қырлы болып келеді. Ол қазақ поэзиясында тіл кестесіне, сөз қолдануына да жаңа сипат дарытқан ақын. Абай поэзиясының тілінде адамның жан тебіренісін, көңіл толғанысын, жүрек лүпілін, сезімнің сан құбылып ойнақшуын көрсететін сипаттамалар, эпитет, метафора және басқа да бейнелі сөздердің жаңа, өзі шығарған соны үлгі-өрнектері мол.
Абайдың ұлылығын танытатын өлеңінің бірі - «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес». Осы өлеңнің бастапқы тармағындағы сөздердің мәнісіне үңілсек, табиғат сөзін қалыпты мағынада алып, аспан мен жер, күн мен айды айтып отырған сияқты. Олардың өмірі адам өмірінен ұзақ екені талассыз. «Адам өлмес» деп бірден кесіп айтқан ойын Абай төмендегідей жалғастырады:
« . . . Ол бірақ қайтіп келіп ойнап-күлмес,
«Мені» мен «менікінің» айрылғанын
«Өлді» деп ат қойыпты өңкей білмес»
Келесі шумақта:
« . . . Көп адам дүниеге бой алдырған,
Бой алдырып аяғын көп шалдырған, » - дей келіп, алғашқы ойын енді тікелей жалғастырғандай:
«Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған . . . » - дейді. «Адам өлмес» дегеннің мағынасы өзі өлсе де, кейінгіге сөзі, айтқан ойы қалады деген пікірге саяды. Абай «Өлең сөздің патшасы» өлеңінде «сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел!» - деп жұртшылықтан ақындық сөзге зор маңыз беріп қарауын, поэзияның жоғары қоғамдық міндетін түсіне білуін талап етті. Абай ақын халықтың тағдыры мен қасіретін терең түсініп, оның жоғын жоқтаушы болуға тиіс деп санаған. Абайдың өлеңдерінің ішінде мазмұны жағынан да, көркемдік бітімі жағынан да ерекшеленіп тұрған үздік туындылар мол. «Сегіз аяқ», «Сен мені не етесің», «Қан сонарда бүркітші шығады аңға», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Жаз», «Желсіз түнде жарық ай», «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма» секілді өлеңдерінің қай-қайсысын алсақ та, мүлде тың дүние, шығармашылық жаңалық.
Абайдың жылдың төрт мезгілін суреттейтін «Қыс», «Күз», «Жаз», «Жазғытұры» сияқты өлеңдерінің де әрқайсысы мазмұн-мағынасы, суреттеу тәсілі, құрылысы жағынан әр түрлі болып шыққан. Сондай-ақ өлең сөз, ән-күйдің мәнін, ақындық өнердің қасиетін бағалайтын, тақырыбы жағынан бір-біріне жалғас «Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы», «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін», «Көңіл құсы құйқылжыр шар тарапқа», «Өзгеге көңілім тоярсың», «Адамның кейбір кездері» деген шығармалары да ойды әр қырынан өрбітуі, пікір сонылығы, бейнелеу, айту ерекшелігі бойынша бір-бірінен өзгеше сипат алған. Осындай бір-біріне ұқсамайтын әр өлеңінде ақынның өнерпаздық тұлғасы әр қырынан көрініп, жаңаша сипат табады. «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес», «Көк тұман алдыңдағы келер заман» деген сияқты өлеңдерін оқығанда Абай ойшыл ақын екен деп таңдансақ, «Жүрегім, нені сезесің», «Не іздейсің, көңілім, не іздейсің» секілді өлеңдерді оқығанда, Абай асқан сыршыл лирик ақын-ау деп тамсанамыз. Ал «Қан сонарда бүркітші шығады аңға», «Жаздыгүн шілде болғанда», «Желсіз түнде жарық ай», «Жазғытұры қалмайды қыстың сызы» сияқты өлеңдерге назар салсақ, Абайдың өмір құбылыстарын сөзбен мүсіндеп, жанды бейнеге айналдырып сипаттауда алдына жан салмайтын суреткер ақын екеніне ден қоямыз.
Абайдың көркемдік ойлау, бейнелеп айту, суреттеу тәсілі мүлде жаңа, даралық стилі, икемді, поэзиядағы қалыптасқан, дайын үлгілерді қайталамайды. Осының өзі-ақ оның поэзиясына жаңашылдық сипат дарытады.
Ақын шығармалары сусындаған негізгі үш қайнар көзді айтатын болсақ, ол ең алдымен Абай қазақ елінің ұлттық рухы мен менталитетін, оның көкей тесті арманы мен даналық ойларын абыздық көрегенділікпен, өлеңмен өрнектеуді қазақ эпосынан үйренді. Абайдың жүйелі ойларының үлкен бір арнасының қалыптасуына Шығыстың рухани қазынасының, ықпал-әсерінің аз болмағандығы да сөзсіз. Өйткені ол күллі араб пен парсының батырлық дастаны мен жырларын, Шығыстың атағы жер жүзіне мәшһүр классик ақындарын, Әбілғазы Баһадүр ханның тарихи еңбектерін, Шығыстың шариғат қағидаларын ұғындыратын ғұламалар еңбектерін жетік меңгерген. Абай өзінің айрықша қабілетінің арқасында, араб, парсы тілдерін өз бетімен жүйелі түрде оқып, игереді. Сөйтіп ол Ә. Бөкейханов айтқандай, қасиетті кітаптардың білімпазы атанады.
Отырардан шыққан және Шығыстың екінші ұстазы атанған ғұлама ғалым Әбу Наср әл-Фараби философиясы Абайдың дүниетанымын қалыптастырып дамытуда елеулі рөл атқарған. Ақынның шұрайлы философиялық, негізінен, Шығыс ойшылдары мен ақындарының кемел пікірлерін айрықша шеберлікпен игергендігін көрсетеді.
Абайдың философиялық, көркемдік, әлеуметтік гуманистік және дінге көзқарастары терең білінген еңбегі - қара сөздері. Абайдың қара сөздері (Ғақлия) - ұлы ақынның сөз өнеріндегі көркемдік қуатын, философиядағы даналық дүниетанымын даралап көрсететін классикалық стильде жазылған прозалық шығармасы. Жалпы саны қырық алты бөлек шығармадан тұратын Абайдың қара сөздері тақырыбы жағынан бір бағытта жазылмаған, әр алуан. Оның алты-жеті үлгісі қысқа болса, қайсыбіреуі мазмұн, тақырып жағынан өзгешелеу, ауқымды болып келеді. Абай өзінің қара сөздерінде шығарманың ажарына ғана назар аударып қана қоймай, оның тереңдігіне, логикалық мәніне зер салған. Сөйтіп көркемдік шеберлік пен ғылыми зерделік арқылы көркемдік сана мен философиялық сананы ұштастырады. Абайдың қара сөздеріндегі гуманистік, ағартушылық, әлеуметтік ойлары дін туралы пікірлерімен бірігіп, тұтас бір қазақ халқының философиялық концепциясын құрайды. Абайдың қара сөздері сондай-ақ жалпы адамзат баласына ортақ асыл сөзге айналды. Оның қара сөздерінің бірнешеуі ең алғаш 1918 жылы Семейде «Абай» журналында жарық көрді. Абайдың қара сөздері орыс, қытай, француз т. б. көптеген әлем тілдеріне аударылды.
Абай музыка саласында да мол мұра қалдырып, қазақтың музыка өнерін дамытты. Қазіргі уақытта ақынның 27 әнінің 36 нұсқасы нотаға түсірілген. Абай қазақтың ән-күй творчествосын ерекше бағалаған. Бірақ ән атаулының бәрін қабылдамай, оның да «естісі мен есері барын» айтып, «Құлақтан кіріп бойды алар, Жақсы ән мен тәтті күйді» ғана ұнатқан. Бүкіл шығыстың, орыстың, қазақтың халықтық әдебиетін терең зерттегеніндей, Абай қазақтың халық ән-күйлерін жете білген. Біржан сал, Ақан сері, Тәттімбет, Жаяу Мұса сынды халық композиторларының ән-күй дариясынан сусындап, әншілік-күйшілік өнерді ерекше бағалаған. Абай тек тыңдаушы ғана болмай, өзі де ән шығарған. Абайдың ән творчествосы қазақтың халық музыкасының тарихында ерекше орын алады. «Сегіз аяқ», «Қор болды жаным», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай», «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын», «Қараңғы түнде тау қалғып» т. б. әндері арқылы ол халықтың ән творчествосын сан жағынан байытып қана қойған жоқ, сондай-ақ қазақ поэзиясында жаңа өлшем, жаңа түр тапқаны сияқты, қазақ әніне де жаңа әуен-ырғақ, жаңа үн, өлшем мен түр ала келген жаңашыл композитор болды. Абай музыка өнерінде жалғыз болмаған. Оның айналасында ән-күйдің, өлең-жырдың қадірін білетін өнерпаз топ болған. Абайдың Петербургте оқыған баласы Әбдірахман мен ағайындас інісі Мұқа скрипкада ойнаса, Ақылбай, Әлмағамбет, Әйгерімдер әннің майын тамызған. Бұл топ Абайдың ән творчествосының жанашыр сыншысы да, орындаушысы да, таратушысы да болған. Сондықтан Абай ән шығаруға өзгеше жауапкершілікпен қараған. А. Жұбанов пен Л. Хамиди ақын Абай әндерін операға пайдаланса, Е. Брусиловскийдің «Жалғыз қайың», А. Жұбановтың «Абай» атты симфониялық поэмалары Абай әндерінің негізінде туды. Ұлы ақынның өлеңдеріне қазақ композиторлары М. Төлебаев, С. Мұхамеджанов, Н. Тілендиев, Ә. Еспаев, М. Қойшыбаев, С. Тұрысбеков т. б. композиторлар өздерінің ән-романстарын жазды. Абайдың музыкалық мұрасын жинап, сақтауға Әуезов көп күш салды.
Абай мұрасы қазақ мәдениеті мен әдеби тілінің дамуына үлкен ықпал жасады. Оның шығармалары басқа тілдерге аударылу арқылы дүние жүзіне тарады. Шығармалары орыс, өзбек, татар, қырғыз, әзербайжан, қарақалпақ, молдаван, латыш, ағылшын, араб, қытай, моңғол, чех т. б. әлем тілдерінде басылып шықты. Қазақ әдебиеті тарихы салаларының бірі - абайтану ғылымы ақын мұрасын кең ауқымда зерттеу мәселесімен шұғылданады. Елімізде ұлы ақынға жасалған құрмет ерекше. Абай атында қала, аудан, Семей, Қарқаралы қалаларында, Жидебайда әдеби-мемориалдық музей-мұражайлар бар. Алматы т. б. қалалардағы театрларға, көшелерге ақын аты берілген. Абай атында шың, асу бар. Абай қоры жұмыс істейді. Фильмдер, көркем шығармалар, зерттеулер жазылған. Қазақтың классик жазушысы Әуезовтің бас кітабы - «Абай жолы» ұлы ақынға арналған. Ақын тұлғасы өзге де көркем-өнер туындыларына өзек болды. «Абай жолы» эпопеясы дүние жүзі халықтарының 116 тіліне аударылған.
Шығармалары
Абай. Ғылым таппай мақтанба: Өлеңдер жинағы. - Алма-Ата: ҚазҚАБ., 1950. - 81б.
Абай. Дүниеде сірә, сендей маған жар жоқ: Өлеңдер. - Алматы: Жалын, 1990. - 128б.
Абай. Жаздым үлгі жастарға бермек үшін /Құраст. М. А. Балақаев. - Алматы:ҚазБМБ., 1945. - 62б.
Абай. Жыл мезгілдері /Сур. Салған Б. Машрапов. - Алматы: Жалын, 1991. - 16б., сур. - («Тілашар»)
Абай. Жылдың төрт мезгілі /Сур. Салған И. Исабаев. - Алматы: ҚМКӘБ., 1962. - 16б. сур.
Абай. Екі томдық шығармалар жинағы. - Алматы: Жазушы, 1986
Т. 1. Өлеңдер мен поэмалар. - 302б.
Т. 2. Аудармалар мен қара сөздер. - 200б.
Абай. Өлең сөздің патшасы: Шығармаларының бір томдық жинағы /Құраст. К. Серікбаева. - Жидебай: Халықаралық Абай клубы, 2006. - 560б. - («Аманат» журналының кітапханасы. №39. ХІХ ғасыр поэзиясы)
Абай. Өлеңдер, поэмалар, аудармалар мен қара сөздер. - Алматы: Жібек жолы, 2005. - 488б.
Абай. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. - Алматы: Жазушы, 2005. -
Т. 1. Өлеңдер мен аудармалар. - 295б.
Т. 2. Өлеңдер мен аудармалар. - 336б.
Абай. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. - Алматы: Ғылым, 1977. -
Т. 1. Өлеңдер мен поэмалар. - 454б.
Т. 2. Аудармалар мен қара сөздер. - 309б.
Абай. Қалың елім қазағым: Шығармалары. - Алматы: Жалын, 1995. - 383б.
Абай. Қалың елім қазағым. . : Өлеңдер. - Алматы: Атамұра, 2002. - 224б.
Абай. Қансонарда бүркітші шығады аңға: Өлеңдер. - Алматы: Жалын, 1989. - 15б., сур.
Абай. Қара сөз: Поэмалар. - Книга слов: Поэмы. - Алматы: Ел, 1993. - 272б.
Абай. Қара сөздер: Жобаның авторы М. Кемел. - Астана: Аударма, 2002. - 100б. - (Даналық дәрістері)
Абай. Жаз. - Алматы: Жалын, 1979. - 24б. - (Кітаптан соң кітап)
Абай. Жазғытұры. - Алматы: Жазушы, 1975. - 11 б.
Абай. Өлеңдер. - Алматы: Мектеп, 1987. - 160б. - (Мектеп кітапханасы)
Абай. Таңдамалы өлеңдер. - Алматы: Жазушы, 1985. - 176б.
Абай. Насихат сузлар. - Алматы: Жазушы, 2006. - 160б. - (Қазақстан халықтары тіліндегі әдебиеттер)
Абай. Өлеңдер, поэмалар, аудармалар, қара сөздер /Құраст. Г. Бельгер. - Алматы: Мектеп, 2003. - 248б. - (Жетінші сөз)
Абай. Таңдамалы өлеңдері мен
- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz