Экология және тұрақты даму


Жұмыс түрі: Материал
Тегін: Антиплагиат
Көлемі: 156 бет
Таңдаулыға:
ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТҰРАҚТЫ ДАМУ
1-лекция. Тақырыбы: Экология пәніне кіріспе.
Жоспары: 1. 1 Экологияның дамуының қысқаша тарихы мен
анықтамасы.
1. 2 Экология пәнінің мақсаттары мен міндеттері.
1. 3 Экология бөлімдері.
1. 4 Қазақстандағы экологиялық проблемалар.
Лекция мақсаты: Студенттерге экология пәнінің даму тарихы мен мақсаттарын, міндеттерін түсіндіру, экология бөлімдерін оқыту. Қазақстандағы экологиялық проблемалар жайында түсінік қалыптастыру.
Лекция мәтіні.
1. 1 Экологияның дамуының қысқаша тарихы мен анықтамасы.
Дербес ғылым ретінде экология шамамен 1900-шы жылы қалыптасты. Экология терминін 1869 жылы неміс биологы Эрнест Геккель ұсынған болатын. Экология (грекше oikos - үй, тұрақ, тұрғылықты жер, баспана және logos - ғылым) сөзбе сөз аударғанда - тіршілік мекен туралы ғылым. Экология ғылымына берілген көптеген анықтамалар бар. Осы заманғы зерттеушілердің басым көпшілігі экология - тірі организмдер мен қоршаған ортаның арақатынасын немесе тірі организмдердің ортадағы өмір сүру шарттарының жағдайын, бір-бірімен өзара қарым-қатынастық байланысын зерттейтін ғылым деп есептейді. Қоршаған ортаны танып-білуге деген құштарлық сонау адамзат дамуы кезінен басталды деуге болады. Алғашқы қауымдастық қоғамның өзінде-ақ адамдар өздерімен бірге қатар өмір сүріп келе жатқан кейбір аңдардың қарсылығына тап келгені белгілі. Оларды адамдар жеке-жеке емес, бірлесіп, қауымдасып күрескенде ғана жеңе алатындығына, сөйтіп өздеріне азық етуіне болатындығына көздері жетті. Осылай қай аңды қай кезде, қандай жерде, қандай қару қолданғанда қолдарына түсіре алатындығын сезіне бастады. Экология элементтері сонымен қатар көнеден келе жатқан халықтардың эпикалық шығармаларында да кездеседі. Мысалы, үнділердің «Махабхарата» жырында (б. э. д. VI-II ғғ. ) табиғаттың дүлей күштері - су тасқыны мен жер сілкінісі туралы деректер келтіріледі, 50-ден астам жан-жануарлардың аттары аталып, олардың тіршілік етуі сипатталады, тіпті қайсыбірінің санының артуы және кемуі туралы мәліметтер де беріледі. Вавилонның қолжазбалық кітаптарында жерді өңдеудің әр түрлі әдістері мен тәсілдері келтіріліп, кейбір мәдени өсімдіктерді егу жолдары көрсетіледі. Ал Қытайдың б. э. д. IV-II ғғ. жылнамаларында бірқатар өсімдіктердің іріктемелері туралы сөз қозғалып, олардың пісіп-жетілу мерзімдері де айтылады. Дәл осындай мәліметтер антик дүние ғалымдары Гераклиттің, Гиппократтың, Аристотельдің еңбектерінде келтіріліп, экологиялық факторлар қозғалып, талданады. Мысалы, Аристотель өзінің «Жануарлар тарихы» деп аталатын еңбегінде өзі білетін 500-ден астам жануарлардың атын атап, түсін түстейді, мінез-құлқына талдау жасайды. Ғылымды дамытудың алғашқы алғы шарттары - нақты материалдар жинау мен оны жүйелендірудің тұңғыш тәжірибесі осылай жүзеге асады.
Ғылымның дамуының екінші кезеңі ботаникалық-географиялық ірі-ірі көлемді зерттеулерге ұласты. Өсімдіктер экологиясының бірден-бір негізін қалаудың мәртебесі биолог ғалым А. Гумбольдтің еншісіне тиді. Ол 1807 жылы Орталық және Оңтүстік Америкада жүргізген көпжылдық зерттеуі негізінде «Өсімдіктердің географиясы туралы ойлар» деген еңбегін жарыққа шығарды. Онда ғалым өсімдіктердің өсуі мен өркен жаюы ауа райының жағдайына, әсіресе температуралық факторға байланысты екендігін жан-жақты ашып көрсетіп берді. Бертін келе бұл ойлар орыс ғалымдары К. Ф. Рульенің, Н. А. Северцевтің, А. Н. Бекетовтың еңбектерінде одан әрі жетілдіріліп, тереңдетіле түсті. Экология ғылымының одан әрі дамуы ағылшын ғалымы Ч. Дарвиннің эволюциялық ілімінің негізінде жүзеге асырылды. Оған атақты орыс ғалымдары В. В. Докучаевтың, В. И. Вернадскийдің, В. Н. Сукачевтің, Н. Ф. Реймерстің қосқан үлестері мол. Олардың ішінен В. И. Вернадскийді ерекше атап өтуге болады. Ол биосфера туралы ілімнің негізін қалап, қазіргі замандағы ғылымның болашағын күні бұрын көре білді. Биосфераны «әлемдік экожүйе» деп танып, оның орнықтылығы мен дамуы экологиялық заңдылықтарға негізделетінін, заттар мен энергия балансына байланысты екенін тұңғыш рет ашып көрсетті. Сонымен қатар В. И. Вернадский ноосфера концепциясының негізгі қағидаларын да тұжырымдады.
Экология бастапқы кезде биологиялық ғылымның құрамына еніп, организмдер мен қоршаған ортаның өзара тығыз байланысын ғана зерттеумен шектелген болса, қазіргі заманда экология шеңбері одан әрі кеңіп, көптеген ғылымдармен, атап айтқанда, география, гелогия, агрономия, химия, архитектура, математика, физика, генетика, медицина, қысқасы ғылымның барлық салаларымен араласып кетті. Осылай қазіргі заманғы экология - әмбебеп, зор қарқынмен дамып келе жатқан, біздің планетамыздың барлық тұрғындары үшін іс жүзінде аса зор маңызы бар іргелі, кешенді ғылым болып саналады. Экология болашақтың ғылымы және адамдардың өзінің өмір сүруі осы ғылымның тікелей үдемелі дамуына байланысты болуы да мүмкін.
1. 2 Экология пәнінің мақсаттары мен міндеттері.
Білімнің барлық салалары сияқты, экология үздіксіз дамып келеді. Гипократтың, Аристотельдің басқа да көне грек философтарының еңбектерінде экологиялық сипаттағы деректер бар. Тек экология ғана табиғи ресурстарды пайдаланудың ғылыми негізін құрай алады. Табиғи процестердің негізінде жатқан заңдылықтарды ескермеу табиғат пен адам арасындағы елеулі қайшылықтарға әкеліп соқтырады. Өзіндік табиғи процестердің негізінде жатқан заңдар біздің басты назарымызда болуы тиіс.
Экологияның негізгі мақсаты - биосферадағы тепе-теңдікті сақтау, оның бұзылу себептерін болжау және алдын алу.
Экологияның міндеттері:
- тіршілік иелерінің табиғатқа және биосфераға қатысты нақты
заңдылықтарын зерттеу;
- адамзат іс-қимыл қарекетінің нәтижесінде, қоршаған ортаның
өзгеріске ұшырауын алдын-ала болжау және табиғи биологиялық
қорлар көзін тиімді пайдаланудың ғылыми негізін қалау;
- олардың дамуын реттеу;
- зиянкес түрлерге қарсы күресте, химикаттарды мейлінше аз
пайдалану жолдарын қарастыру;
- бүлінген табиғи жүйелерді қорғау, атап айтқанда - ауыл
шаруашылығында егістік жерлердің, жайылымдардың топырақ
құнарлылығын, бөгет және су қоймаларын қалпына келтіру;
- биосфераның бүлінбеген эталонды бөліктерін сақтау.
1. 3 Экология бөлімдері.
Жалпы теориялық экология - әр түрлі экологиялық білімдерді біріктіре отырып қарастырады. Экологиялық жүйенің жалпы ортақ негізгі заңдылықтарын анықтау, теориялық экологияның ядросы болып табылады. Көптеген табиғи экологиялық процестер өте аз жылдамдықпен жүреді және олар әр түрлі факторларға тәуелді. Бұл құбылыстардың механизімін, жай адамдардың бақылай отырып зерттеуі жеткіліксіз, сол себепті тәжірибелік жұмыстар жүргізуі қажет. Экологиялық тәжірибелерді іске асыру, барлық уақытта мүмкін емес. Содықтан бұл жағдайда модельдеу әдістері кеңінен қолданылады.
Биологиялық экология - биосферадағы әр түрлі тепе-теңдіктердің бұзылуының, организмдер мен өсімдіктердің түрлеріне, көбеюіне, түрлерінің өзгеруіне, эволюциялық өзгерістерге, жаңа ортаға қалыптасуына әсерін жан-жақты қарастырады. Биологиялық экологияның, жануарлар, өсімдіктер, микроорганизмдер экологиясы және бірнеше бағыттары бар. Оларға: аутэкология, синэкология, популяциялар экологиясы т. б. жатады.
Аутэкология - қоршаған орта факторларының жеке организмдерге, популяцияға, түрлерге (өсімдік, жануар, саңырауқұлақ, бактерия) әсерін зерттейтін экология бөлімі. Аутэкологияның міндеті - түрлердің алуан түрлі экологиялық жағдайларға (ылғалдану режиміне, жоғары және төмен температураларға, топырақтың сортаңдануына (өсімдік үшін), т. б. ) физиологиялық, морфологиялық және т. б. бейімдіктерін анықтау. Соңғы жылдары аутэкологияда жаңа міндет пайда болды. Бұл міндет бойынша аутэкология орта ластануының әсеріне организмнің жауап қайтару тетіктерін қоса зерттейді.
1. 1-сурет. Экология бөлімдері.
Синэкология (бірлестік экологиясы) - әр түрге жататын өсімдіктер, жануарлар мен микроорганизмдердің популяцияларының бірлестіктерінің (биоценоздар), олардың қалыптасу жолдары мен қоршаған ортамен өзара әсерін зерттейтін экология бөлімі. Жеке ғылым ретінде 1910 ж. Халықаралық ботаникалық Конгресте бөлініп шықты. Бұл ұғымды ғылымға швейцар ботанигі К. Шретер енгізген. Әр түрдің популяцияларының макрожүйеге бірігуінен бірлестіктер немесе биоценоздар түзіледі.
Популяциялар экологиясы - бір түрді дарақтардың табиғи топтамаларын, яғни популяцияларды (популяциялар, ішкі популяциялық таптар мен олардың өзара қатынасы қалыптасатын жағдайларыды, популяция санының динамикасын, дене құрылысын) зерттейтін экология бөлімі.
Қолданбалы немесе инженерлік экологияны кейде өндірістік экология деп те айтуға болады. Өндірістік экология адамдардың өнірістеріндегі әртүрлі іс-әрекеттері мен қоғам және табиғат арасындағы қарым-қатынастарды қарастырады. Сонымен бірге, өндіріс экологиясы - экологияның экономикалық тұрғысынан қалыптасуы мен табиғатқа және қоршаған ортаға адамдардың антропогендік әсерін зерттейді. Табиғат ресурстарын үнемді қолдану регламенттерін іске асырып, өндіріс, ауыл шаруашылық жоспарлары мен жобалардың экологиялық тұрғыдан сапасын тексеріп, тепе-теңдігі бұзылған табиғи ортаны орнына қайта келтіру жұмыстарының техникалық әдістерін ұсынады. Технологиялық процестерге, қоршаған ортаның тазалығын бұзбау қажеттілігіне сай талаптары қойылып, адам өмір сүретін ортаның қалыптылығын сақтайды.
Геологиялық экология - табиғи апаттар (жер сілкінісі, вулкандардың оянуы, космостағы басқа денелердің жерге құлауы) кезіндегі биосферадағы тепе-теңдіктердің өзгерістерін, олардың жер бетіндегі тіршіліктерге әсерін қарастырады және кейінгілердің географиялық ортаға және адамдардың іс-әрекетіне байланысты ауа кеңістігіндегі, жер бетіндегі, топырақтағы, тұзды және тұщы судағы өзгерістерді зерттеп, тундра, тайга, дала, шөл, тау және де басқа жер бетіндегі ландшафттардың (тау, теңіз жағалауы, батпақ, ойпат, арал) ерекшеліктерін қарастырады. Глобальді экология мәселелері, ауқымды географиялық аймақтар тұрғысынан қаралады.
Адам және әлеуметтік экология - адам мен қоршаған орта арасындағы ерекше байланыстарды зерттейтін экология саласы; адамға қоршаған ортаның табиғи және қоғамдық факторлардың жиынтығы ретіндегі әсері, сондай-ақ табиғи-қоғамдық объект ретінде өмір үшін сақтау көзқарасы жағынан адамның қоршаған ортаға әсері. Әлеуметтік экология адамның қоршаған ортаға әсерін иелену жағынан ғана зерттеп қоймайды, оны сақтау және жетілдіру жағын да қарайды, себебі онсыз адам өмір сүре алмайды. Элеуметтік экология табиғат-өнеркәсіптік технологиялық жүйелер - қоғам қатынастарын зерттейді. Әлеуметтік экология қоғамның келешекте дамуы үшін «жақсы табиғат деген не?» және табиғаттың тепе-теңдігін сақтау мен жаңғырту көзқарасы тұрғысынан «жақсы қоғам деген не?» сұрақтарына жауап беруге тырысады.
1. 4 Қазақстандағы экологиялық проблемалар.
Қазақстанның көптеген аудандары, бүгінгі күнге дейін экологиялық мүшкіл хал кешіп отыр. Қоршаған ортаны қорғау шараларына республикамыз біршама мөлшерде мемлекеттік және орталықтандырған түрде күрделі қаржы бөліп отыр. Алайда, мұның бәрі, республиканың ұлттық табысының 1 %-на да жетпейді.
Табиғат қорғау шараларына бөлінген қаржының 50-60 %-дық игеру үлесі, Қазақстанның ірі кәсіпорындарына тиесілі. Экожүйелердегі тұрақсыздық, табиғи-шаруашылық қорларының интенсивті түрде игерілуі (мысалы тау-кен өндірісі), жер-су қорларына үстін-үстіне келіп жатқан антропогенді салмақтың жаншып езуі, қоршаған орта жағдайын барған сайын нашарлатуда.
Қоршаған ортаны зиянды заттармен, техногенді қалдықтармен ластауда Қазақстанның мына кәсіпорындары ерекше «үлес қосып» отыр: Батыс Қазақстан мұнайгазконденсат кен орындары, Өскемен корғасын-мырыш комбинаты, Өскемен титан-магний комбинаты, Лениногор полиметалл комбинаты, Зыряновск полиметалл комбинаты, Жамбыл суперфосфат зауыты, Жамбыл фосфор зауыты, Балқаш тау-кен комбинаты, Жезқазған тау-кен комбинаты, Павлодар алюминиий зауыты, Актөбе хром қосылыстары мен химия зауыты, Екібастұз энергетикалык комплексі, Қарағанды металлургия зауыты, Шымкент корғасын зауыты, т. б.
Атмосфераны ластағыш заттардан бір ғана мультипликатор - қорғасын инградиентін мысалға алалық. Қорғасын - политропты у. Оның организмдегі азғантай ғана концентрациясы, ағзалар мен ұлпаларды, қан жүйесін, орталық жүйке жүйесін, иммун жүйесін зақымдап бүлдіреді. Қорғасынның жоғары мөлшері - Өскемен (q орт =2, 4 мг/м 3 ), Зыряновск (q орт =1, 5 мг/м 3 ), Лениногорск (q орт =2, 0 мг/м 3 ) қалаларының атмосфералық ауа құрамында байқалады. Шашқа жасалған спектральды анализ мәліметтері бойынша, бұл қала тұрғындарында, қорғасын мөлшері ең жоғары, яғни шекті мөлшерден 6 есе көп болып шықты. Қорғасынның бірқатар мөлшерін тұрғындар су, азық-түлік өнімдері арқылы қабылдайды. Сондықтан да болар, ақ қан ауруымен науқастанғандар саны көбейіп отыр. Бұл техногенді қалдықтар ұзақ уақыт жатқан сайын, олардағы микроэлементтер зияндылығы қоршаған орта үшін арта түсері де сөзсіз. Жалпы, бүгінгі күнге дейін, Қазақстандағы түсті металлургия кәсіпорыңдарының тенхогенді қалдықтарының мөлшері астрономиялық цифрларға жетіп жығылып отыр: 9, 139 млрд. тонна. Республика бойынша қалдықтардың 16, 5%-ы Шығыс Қазақстан экожүйесінің үлесіне тисе, бір ғана «Жезқазғантүстіметалл» өндірістік бірлестігінде - 13, 5% қалдық қордаланған (912046 млн. т), ал «Соколов-Сарыбай» өндірістік бірлестігінде қалдықтардың 42, 9%-ы жинақталған.
Республикадағы жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың тазалау қондырғыларының сапасы мен тиімділігі 30 %-дан аспайды. Өндіріс сарқынды суларының әсерінен - Ертіс, Орал т. б. өзендерінің суы зияндылығы жөнінен нормативтік көрсеткіштерден әлдеқайда асып түседі. Өзендердегі судың өздігінен тазаруы, тек 300 шаршы метрлік жол жүріп өткен соң ғана турбулентті және ламинарлі араласулар әсерінен жүзеге аса алады.
Жер және минеральды шикізат ресурстары, ауылшаруашылық алқаптары, тозудың аз-ақ алдында десе де болады. Бұл айтылғандарға, үлкен аумақтардағы жер дефляциясы дәлел бола алады. Суармалы жерлердегі құнарлылықтың төмеңдеуі, топырақ қабатындағы гумус қабатының көз алдымызда жұқалануы - Қазақстан далаларының егіс алқаптарында жиі байқалып отырған құбылыс. Ал, табиғатта қалыңдығы 5 см гумус (қарашірік) қабатын жинау үшін жүздеген жылдар қажет болса, аридті климатты аймақтар үшін бұл мақсатқа мыңдаған жылдар кететіні анық. Топыраққа рекультивация жасау да қымбатқа түсетін іс-шара: 1 га үшін 300 мың теңгеге дейін, кейде онан да көп. Мұның тағы бір зияны, экожүйенің микроклиматы енді қайтып орнына келмейтін күй кешеді.
Пайдалы қазбалардың ішінен, Республикаға, әсіресе ең максимальды экономикалық, экологиялық және әлеуметтік зиян шектіріп отырғаны - полиметалл кендері, түсті металлургия, ал микроэлементтерден - қорғасын, хром оксиді, марганец және уран. Олардың басым көпшілігі, шикізат күйінде, басқа елдерге жөнелтіліп, дайын өнім мен қымбат бұйымның тиімділігін солар көріп отыр. Біздің маңдайымызға әзірше жазғаны - шикізат өндіретін орындардың маңындағы зиянды қалдықтармен бүлінген су, ауа, топырақ.
Қоршаған ортаның, Республикамыздағы халықтың науқастануына тигізер әсері 60 % шамасында. Ол әсіресе, тау-кен өнеркәсібі орналасқан қалаларда жоғары. Қалаларда экологиялық ахуал, соматикалық ауру түрлерінің өршуіне ықпал етуде.
Арал өңірінің экологиясы, Арал қасіреті Республика аумағынан асып, бүкіл планетаның бас ауруына айналып отыр. Оны сауықтыру бағытында Орталық Азиядағы бес мемлекет - Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Түркіменстанның Президенттері бірнеше рет кездесті. Мемлекет басшыларының шешімімен, Арал бассейнін қалпына келтіру жобаларына қолдау білдіру туралы шаралар айқындалды.
Бір кездері арнасынан асып-тасып жатқан алып теңіз, бүгінде жыламсырап ағады. Теңіз ұлтанынан ұшқан тұзды шаң әлемнің түкпір-түкпіріне жетіп жатқаны туралы суыт хабарлар, барған сайын қатерлі де, қорқынышты сипат алып барады. Бұл проблеманың БҰҰ мен басқа да мәртебелі мінберлерден қайта-қайта көтерілуі де сондықтан.
Экологиялық апат аймағында отырған ел, ең алдымен, ауыз су тапшылығын көріп отыр. Теңізбен қоса, Арал теңізі төңірегіндегі жергілікті тұрғындарды да құтқару керек. Өйткені, елді мекендердің тек 15-20 пайызы ғана таза су ішіп отыр, ал қалған тұрғындар мемлекеттік стандартқа мүлдем қайшы келетін ауыз суды пайдалануда. Соның өзінде, ауылдық жерде, су бір адамға бір шелектен келеді. Ал, өркениетті елдерде, онын шамасы 200-400 литрге жетіп отыр. Мұның өзі түрлі жұқпалы аурулардың өршуіне, өңір халқының денсаулығына кері әсерін тигізуде. Олар бір жағынан Арал теңізінен көтерілген тұзды тозаңның астында жатса, екінші жағынан Байкоңыр ғарыш айлағының қасіретін бастан өткізуде. Соның салдарынан, тұрғындар арасында жүрек, өкпе, қан қысымы, бүйрек, бауыр және басқа қауіпті аурулардың көрсеткіші республикадан да жоғары болып тұр. Мысалы, Арал аймағы орналасқан Кызылорда облысы көлемінде бір ғана туберкулез ауруымен науқастанған адамдардың жалпы саны 19, 5 мың. Осыған байланысты, кейінге ығыстыруға болмайтын нақты шара - осы өңірдің тұрғындарының хал-ахуалын жақсарту, жер асты суларын кеңінен пайдалану арқылы тұщы ауыз су жіберу, су құбырлары құрылысын жүргізу, Кіші Аралды сумен толтыру.
Табиғат - бізге ата-бабамыздан мұраға қалған ең қасиеттіміз. Арал өңірін экологиялық апаттан құтқару үшін көпшіліктің күші, күресі қажет.
Қазақстан экологиясы үшін, 1991 жылы жабылған Семейдегі полигонның әкелген зардап-қасіретінің орны ерекше. Бұл полигонда жарылған 500-ге жуық бомбаның сойқаны, адамдарды ақырзаман індетіне шалдықтырып, Жер-Ананы есінен тайдырып жібере жаздады. Егер жарылыс тоқтамағанда, әр сынақ табиғатқа өлшеусіз зиян әкеліп, улы тозаң мен аждаһа ошағы жарты әлемді ойрандап, Орта Азияны ядролық күл-тозаңға тұншықтырып, ондағы халықтың түбіне жететін еді. Өйткені, осы полигон маңындағы қазақтардың көбі дәрігерлердің өзі анықтай алмайтын аурулардан қырылғаны белгілі. Жарты ғасырға жуық жалғасқан атом от-жалыны жер-суды ойрандап, неше түрлі аурулардың шығуына жол ашты. Осы зілзала аймағында тұратын 1, 5 миллионға жуық адам жазылмайтын дертке шалдығып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын кеселге душар болғаны жасырын емес.
Төрткүл дүние, қазақты Семей сойқаны арқылы білді десек, артық айтқандық емес. Антиядролық «Невада-Семей» қозғалысының акция-шерулері Батыс пен Шығысқа шындықты жеткізіп, Кеңес империясының сұмдық қаруының, «құпия соғыстың» сырын ашты. Қоғамдық күрес пен табанды талаптардың арқасында, 1991 жылы полигон жабылды. Алайда, ел мен жер тағдыры толық шешіліп біткен жоқ. Апат аймағы әлі де қансырап жатыр. Полигон аймағындағы тұрғындарға дәрігерлік көмек көрсетіп, жер-суды сауықтыру - бірінші кезектегі маңызды шара болып қала бермек.
Экологиялық зардап аймағына айналған тағы бір өлке ол - «Байқоңыр» ғарыш айлағы. Байқоңырмен шектес Ұлытау даласының қай түкпіріне үңілсеңіз де, әр түрлі зымырандардың (ракеталардың) сынығынан аяқ алып жүру қиын. Бұлар - зымырандардың бірінші ұшу сатысынан айрылып, жерге құлаған бөлшектері. Зымырандардың отын құрамында хлорлы қосылыстар жиі кездеседі. Аспаннан от-жалынға оранып түскен қалдықтар 3-4 гектар аумақты улап, өртеп, тып-типыл етіп кететіндіктен, ұзақ жылға дейін, қу тақырларға айналған бұл жерлерде ештеңе өспейді. «Байқоңыр» ғарыш айлағының аумағында зымыран бөлшектері құлайтын 39 аудан белгілі және ол 105 мың шаршы километрден асады. Олар төмен құлдилап келе жатқанда, сұйық отын ретінде қолданылатын гептил төгіліп-шашылып - ауаны, жер мен суды улайды. Одан тараған уландырғыш заттар, сол төңіректе 130 елді мекеннің үстін себелеп өтеді. Зерттеулер анықтағандай, зымыран ұшырылған кезде ауаның ластануы 100 мың автомобильден бірден будақтаған түтінге тең. Белгілі мәліметтер бойынша, бір зымыран ұшқан кезде оның отынының ауаға тасталатын зиянды зат мөлшері 300 тоннаға жетеді. Мұның бәрі, ең алдымен адамдар денсаулығына әсер етеді. Осының салдарынан, соңғы жылдары, әсіресе Ұлытау ауданы тұрғындары арасында жүйке, қатерлі ісік аурулары, қан ағару, қан қысымының көтерілуі, кем-кетік бала туу көбейіп, нәрестелердің шетінеуі өсіп кеткен.
Сонымен, атмосфераға жүздеген тонна гептил қалдығының ыдырап, аэрогендік миграцияға көшіп жүруі, қоршаған ортаны уландыруы үйреншікті құбылысқа айналып отыр. Ұшу жолы Қазақстанның осы аймағына орналасқан зымырандардың ең қатерлісі «Протон-К» деп саналады. Оның отын багіне толтырылған 500 тонна гептил көтерілген бетте жанып кетпей, 2-3 тоннасы ұшып өткен ауа арқылы, желмен жүздеген километр жерге жайылып, топыраққа, өсімдікке сіңеді, су көздеріне түседі. Егер, гептилдің 1 грамы ғана мыңдаған адамдарды уландырып, қатерлі ауруларға шалдықтыратындығын еске алсақ, бұл экологиялық апат түрінің адамдар денсаулығына, жан-жануарлар тіршілігіне тигізер зардабын айтып жеткізу қиын.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz