Қорқыт ата кітабы - әдеби мұра


Мазмұны
Кіріспе . . . 3 - 6
Негізгі бөлім
І - тарау
1. 1 Қорқыт Ата жайындағы аңыздар . . . 7 -10
1. 2 «Қорқыт Ата кітабының» зерттелу жағдайы . . . 11 - 17
ІІ - тарау
2. 1 «Қорқыт Ата кітабының» композициялық құрылысы … . . . . . . 18 - 32
2. 2 «Қорқыт Ата кітабының» көркемдік және тілдік ерекшеліктері . . . 33 - 36
2. 3 «Қорқыт Ата кітабындағы» нақыл, өсиет сөздердің тәрбиелік мәні . . . 37 - 40
Қорытынды . . . 41 - 43
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі . . . 44 - 46
Жұмыстың тақырыбы: «Қорқыт Ата кітабы - әдеби мұра».
Жұмыстың өзектілігі: «Қорқыт Ата кітабы» - бүкіл түркі тектес халықтардың тарихын, байырғы тұрмысын, әдет - ғұрпын, салт - санасын танытатын тарихи мұра екендігі баршамызға міләм. Қорқыт Ата хикаясы VII - VIII ғасырларда Сырдария бойын мекен еткен, оғыз - қыпшақ тайпалары арасында туып, сан ғасырлар бойы ұрпақтан - ұрпаққа таралған, бүгінгі күнге дейін өзінің әдеби, тарихи, этнографиялық мәнін жоймаған аса құнды шығарма.
«Қорқыт Ата кітабы» - ұлттық дүниетаным мен ана тіліміздің сөз құдіретінен нәр алып, ұлттық қазақи қасиеттерді бойына сақтап, сіңірген, халықтың сан ғасырлық тәжірибесінде қорытылып қалыптасқан асыл қазына - көркем сөз үлгілерін заман озған сайын құлпырта қолданылып отыратын әдеби мұра екендігі өзекті мәселе болып табылады.
Жұмыстың мақсаты мен міндеті: Жұмыстың басты мақсаты бабамыздың жазба әдебиет нұсқасы саналатын XIV - XV ғасырларда қағазға түсірілген, он екі жырдан тұратын «Қорқыт Ата кітабы». VIII - IX ғасырлардан бергі халық арасына кең таралған Қорқыт туралы ауызша аңыздар мен күйлердің шығу тарихының мәндеріне үңілу, сол арқылы халықтың дүниетаным негіздеріндегі парасатты ой үрдістерін сараптап бүгінгі күнге жеткізу.
Көне заман мұрасы туралы айтудан бұрын Қорқыт Атаның өмір кешкен кезеңін және «Қорқыт Ата кітабындағы» он екі жырдың композициялық құрылымына, көркемдік ерекшелігіне ондағы айтылатын тәрбиелік мәні зор нақыл - өсиет сөздеріне тоқталамыз.
Жұмыстың нысаны: Он екі жырдан тұратын «Қорқыт Ата кітабы» Қорқыт туралы аңыздар мен оның әр түрлі нұсқалары, күйлерін, өсиет - нақыл сөздерінің тәрбиелік мәнін ашу.
Жұмыстың дереккөздері: Басты назарға алынған басылымдар: «Түркістан», «Алматы Ақшамы», «Қызылорда университетінің хабаршысы», «Қазақ және әлем әдебиеті», «Қазақстан мектебі», «Ұлт тағылымы», «Орталық Қазақстан», «Егемен Қазақстан», «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Жұлдыз», «Қазақ әдебиеті» және тағы басқа газет - журналдардың әр түрлі айдарларынан, түрлі жанрларынан іріктеліп алынған. Қорқыт Ата кітабына қатысты жазған Қоңыратбаев Т., Сүйіншәлиев Х., Келімбетов Н., Айдосов А., Жұмаділова Н., Ысқақов Б., Қосымова Г. тағы басқа ғалымдардың еңбектері мен мақалалары пайдаланылды.
Жұмыстың құрылымы: Бітіру жұмыс кіріспеден, екі тараудан, бірінші тарау екі тараушадан, екінші тарау үш тараушадан, қорытынды бөлімнен, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
Жұмыстың көлемі: 47
Пайдаланылған әдебиеттер саны : Қырық бір
Кіріспе
Қарақожаұлы Қорқыт Ата қазіргі Қызылорда облысы, Қармақшы ауданына қарасты Сырдария өзенінің төменгі жағасында VIII - IX ғ. ғ өмір сүрген. Өз халқының бақыты үшін «Жер ұйығын» іздеп, көптің мүддесін көздеген Қорқыт Ата - ақын, жырау композитор, әйгілі - күйші, қобызшы, өз дәуірінің кемел ойшыл адамы. Бұл жаңа қала Сыр өзенінің Арал теңізіне құйылар жерінде тұрғандықтан, қазақ халқы оны «Су аяғы - Ер Қорқыт» деп те атаған.
Қай заманда, кез - келген әлеуметтік құбылыстардың өткен - кеткен тарихында Қорқыт тұлғасының мәні айрықша. Осы бір дара тұлға жайлы сөз бола қалғанда әркімді де ол кім, өз заманында қандай қоғамдық саяси жұмыстар атқарды, тарихта болған нақтылы адам ба деген сауалдың мазалайтыны да анық. Түркі халықтарының ауызша және жазбаша деректеріне сүйенер болсақ, ол екі дінге - тәңірлік және исламға да құлшылық еткен адам. Ол бақсы, болашақты болжайтын сәуегей, көріпкел, әулие, асқан күйші, ру мен тайпа кеңесшісі, дана қарт, ислам дінінің жақтаушысы.
Тарихи жазба мәліметтер мен халық шежіресі бойынша Қорқыттың әкесі Қарақожа оғыз тайпасына жататын Баят дейтін рудан шыққан, ал шешесі қазақ құрамына кіретін қыпшақ қызы, оның туған жері қазіргі Қостанай облысының Аят өзені. Қорқыт мініп, жер дүниенің төрт бұрышын кезіп, аңызға айналған атақты Желмаяны оның шешесінің жақын туыстары сыйлаған.
Оғыз - қыпшақ қоғамының ішкі - сыртқы істерінің білгірі Қорқыт өз заманында төрт - бес хандықты басынан өткізген, солардың бәрінде де бас уәзірлік қызмет атқарып отырған. Олар: Инал хан, Дойлы хан, Көл - Еркі, Туман хан және Қаңлықожа. Хандарға күшті ықпал жасағандықтан, олар Қорқыттың ақылды кеңесінен аса алмаған.
Келтірілген деректерге қарағанда Қорқыттың өмірі оғыз тайпаларының және оғыз қағандарының тарихи кезеңімен байланысты. Дәлірек айтсақ, Қорқыт VII - VIII ғасырларда билік құрған Оғыз ханмен замандас. Сондықтан Оғыз ханның аңызы жүрген жерде Қорқыттың жыры бірге жүреді.
Қазақ аңыздары бойынша Қорқыт - қазақ жырауларының атасы, сиынатын пірі.
Жыраудың үлкен пірі - Қорқыт ата,
Бата алған тәмам бақсы асқан ата.
Таң қалып жұрттың бәрі тұрады екен,
Қобызбен Қорқыт Ата күй тартқанда, - деп жырланады қазақ жырларында. Сонымен бірге Қорқыт ең бірінші бақсы, қобызды ойлап табушы және бірінші күй шығарушы. Қорқыт - әрі абыз, әрі жырау ақын. Зерттеу шығармаларға, ғылыми еңбектерге көз жүгіртсек, Қорқыт туралы ежелгі мифтің башқұрт және басқа да түркі тектес халықтарда да бар екенін білуге болады. Қорқыт - түптеп келгенде қолынан келмейтіні жоқ зор бақсы, жасампаз қаһарман.
Сонымен, Қорқыт сөзі мен есімі шамандық миф пен дүниетаным аясында пайда болып, қазақ халқы ислам мифологиясына кірген бұрынғы Қорқыт бақсы - Қорқыт әулие болып бейнеленеді. Негізі Қорқыт Ата бүкіл әулиелердің ішіндегі ең үлкені, оның қасиеті де басқаларға қарағанда әлдеқайда зор.
Н. Аристов пен С. Иностранцев «Қорқыт Атаны өмірде болған тарихи адам ретінде таниды». Бұл пікірді Ә. Марғұлан, Ә. Қоңыратбаев т. б. қазақ ғалымдары одан әрі дамыта түсті. Сол негізде Қорқыт Ата тұлғасына тән мына белгілерді атап көрсетуге болады. Қорқыт - оғыз елінің этникалық құрылымын жеткізуші, этникалық сананың қозғаушы күші, оғыз елінің бірлігі, тұтастығы үшін зор әлеуметтік қызмет атқарған тұлға, оғыз еліндегі этникалық үрдістердің жеке көрінісі. Қорқыт Атаның тарихи тұлға екендігін растайтын жазба жәдігердердің бастысы - «Қорқыт Ата кітабы».
Рашид - ад - Дин өзінің «Жами ат - тауарих» атты тарихи шежіресінде Қорқытты қайы тайпасынан шыққан десе, Әбілғазының «Түрік шежіресінде» оның тегі баят деп көрсетілген. Мұның екеуі де оғыз тайпасына кіретін эпостар. Бізге жеткен тарихи шежірелерде Қорқыт Ата өмірде ізі, артында әдеби - музыкалық мұрасы қалған тарихи тұлға ретінде көрінеді.
А. Н. Самойловичтың архивінде сақталған қолжазба бойынша, Қорқыт арабтардың Аббас Халифасы заманында шыққан кісі. Оның әкесі Қара - Қожа - әккеш ханның бірі. Қорқыт 95 жыл жасаған, үш ханның уәзірі болған. Солар - Қазанның замандасы. Оның халық ортасындағы беделі, ықласы арасынан күшті болған.
Қорқыт сөзінің этимологиялық тұсында пікірлер бар. Ә. Қоңыратбаев Қорқыт сөзінің этимологиясы «Құтты адам» немесе «Құт әкелетін адам» деген ұғым береді. Өйткені, бұл атаудың алғашқы буыны тайпа атын ғана білдірмейді, сонымен «адам» деген ұғымды да береді.
Мұнда «хор» сөзінің «адам» деген мағынаны беретіндігі ағылшын ғалымы Дж. Фрезердің еңбегіне сүйенетіні айтылған. Басқаша түсіндірілген пікірдің бірі - С. Қасқабасовтікі: ол: «қор» және «құт» деген екі сөздің мәніне тоқтала келіп «көне түркі тілінде «қор» сөзі «зиян», «қор болды», «жапа шекті» деген мағына береді», - дейді. [1, 3б]
Осыдан Қорқыт деген есімнің мағынасын «қор болған құт», «зиян шеккен жан», яғни «өлген жан», «өлген адам» деген ұғымнан тарады. Бұның мәнісі ұрланған құтын қайтару жолында алысып өлген адам дегенге саяды.
Қорқыт Атаның этникалық тегін этногенез фазаларына сәйкес мынадай үш арнаға жүйелеген жан, сүбэтнос - баят, этнос - оғыз, суперэтнос - қыпшақ. Қорқыт Ата - осы этникалық процесстің барлығын дерлік басынан өткерген тарихи тұлға.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылғы 12 қарашада «Қорқыт және түркі әлемі» халықаралық ғылыми - теориялық конференцияда төмендегідей пікір айтты: «Түбі бір түркі халықтарының ортақ ойшылы саналатын атақты ақын, дәулескер күйші, философиялық мазмұны аса терең аңыздардың кейіпкері Қорқыт бабамыз - баршамыздың рухани болмысымыздың алтын арқауы болып табылады. Егемендікке қол жетіп, өзінің өткеніне көз жібере бастаған қазақ халқы үшін Қорқыт бабамыз қалдырған гуманистік ниеттігі дидактикалық мұралардың маңызы өзгеше зор дер едім. Өйткені оның осыдан он ғасырдан астам уақыт бұрын айтқан өсиет қағидалары қоғамымыздың бүгінгі тыныс - тіршілігімен де жақсы үйлесім тауып отыр.
«Өлген кісі тірілмес, өткен қайтып келмес», - дейді абыз өзінің сөзінде. [37, 115б] Иә, өткенді қадірлеуге, одан сабақ алуға, бірақ оған қайтып оралу жоқ екен, тек ілгері ұмтылу қажет.
Қорқыттың ең басты мұрасы «Қорқыт Ата кітабы» IV - X ғасырларда Сыр бойында оғыз тайпаларының арасында Жанкент шахарында фольклор дәстүрінде ауызша айтылса, тек XV ғасырда Кавказда жазбаға түскен. Содан бері оғыздардың батырлар жыры шығыс халықтарының арасында сақталып, ғалымдардың назарынан қалмай зеттелуде. Профессор Ә. Қоңыратпаевтың деректеріне жүгінсек «Қорқыт Ата кітабы» жөнініде 314 зерттеу жүргізіліп, 462 еңбек жазылған екен.
Қорқыт қалдырған бұл мұраның бірінші нұсқасы Германияда Дрезден кітапханасында сақтаулы тұр. Оның аты «Кітаби даде Коркуд ғали лисан танфа огузиан», немесе «Қорқыт кітабы». Мұны орыс тіліне әдемілеп аударған асқан ғалым В. В. Бартольд. Екінші нұсқасы «Хиқаят Оғуз наме Казанбек уа гайри» - Италия кітапханасында, Ватиканда Аростолика кітабында, сақталып келеді. Оның арабша жазылған текстін ұзақ түсініктемен бастырып шығарушы - Италия түрколыгы Этторн Росси. Екі нұсқаны біріктіріп шығарған түрік ғалымы - Мухаррам Ергін. Еуропа кітапханасында сақталған бұл екі нұсқаның екеуінде де, Оғыз тілі мен қыпшақ тілінің де ықпалы орасан күшті түрде кездесіп отырады, кейбір жерлерде қазақшаға жақын. Ескі Қорқыт әфсанасында сақталған Қазақстан жер аттары осы екі нұсқаның екеуінде де жарқын түрде кездеседі. Қорқыт кітабында жиі айтылатын көшу- қону, үй тұрмысы, жасақ, жинау сөздері де қазақ тіліндегімен бірдей. Айталық, яйлақ (жайлақ), қыпшақ (қыспақ), тұрақ, орда, юрт (жұрт), орын, үлес, қора үй (ев), юк (жүк), қойма қоқсы, қоқсы хақы үй-іші, ата - ана, иенге (жеңге), қалыңдық, кәде, кәдесі, қыналы бармақ, бөбек, қымыз, айран, сүр, ощақ, . Қазақтар айтатын бірнеше сөз жақсы сақталған. Дірезден мен Ватикан кітапханасында тұрған Қорқыт кітабының екі нұсқасы негізгі жемісі. Күрделі сюжетті Оғыз-қыпшақ заманындағы ел басқарған кемеңгер ойшылдарды қадағалау «Қорқыт» кітабының ең қызық жері, онда исламнан көп заман бұрын қазақ сахарасын мекен еткен тайпалар, олардың қоныстап отырған жер - суларының аттары кездесетіндігі. Оған кірген ескі қазақ тайпалары Усун қожа (қалық) Рашидденнің баяндауынша Усун қожа мен Қаңлы қожа - Кок - Еркі, Тұман қайы хан заманында Қорқытпен қатар жасаған билер. Ол екеуі де Қорқыт хикаясында сипатталатын кемеңгер кісілер. Бұл жырдың көп тарауы - «Хан Тураналы мен Қаңлы қожа жыры», «Селрек пен Усун қожа жыры» деп аталады. Қорқытпен байланысты ұлы мұралардың бірі - «Қорқыт айтты» дейтін нақылдары елді мүсіркеп айтқан үлгілі саңлақ ойлары, жарқын мереймен алдағыны болжап айтқан, адамға ой түсіретін терең толғаулар, тақпақ сөздер айтып қалдырған. Оның әдемі нақылдарын, толғау жырларын кейінгі ақындар жатқа айтып, елден - елге таралып келеді. Қорқыттың бұл нақыл сөздері бүгінде Берлин кітапханасында сақталып келеді. Олардың кейбіреулерін герман ғалымдары жарыққа шығарады. Тақпақ сөздердің жалпы саны төрт жүзге таяу. Оның алдындағы беттері (75-нақыл сөз) . Қорқыт атымен жазылған. Мұнда Қорқыт дәуірінде жасаған 366 алып, 24 данышпан би, 32 белгілі ел басқарушысы туралы нақыл сөздер орын алған. Бұларда алыптардың ерлік қасиеттері ардақталып, оларға үлгі - ғибрат айтылады.
Қорқыт мазары - Қазақстанда шамамен IX - XI ғасырда тұрғызылды. Қорқыт Атаның сегіз қырлы күмбезді мазары қазіргі Қызылорда облысы, Қармақшы ауданына теміржол станциясына жақын Сырдария өзенінің жағасына IX - XI ғасырларда орнатылған. Мазардың сыртқы көрінісі қазақтың киіз үйі сияқты дөңгелек. Мазарды XIX ғасырларда жоғарыда айтқанымдай Ә. А. Диваев пен И. А. Кастанье зерттеді. Қазан төңкерісінен кейін Қорқыт мазары жөнінде әңгіме қозғаған Ә. Марғұлан болатын. Кейіннен М. Әуезов, Ә. Қоңыратбаев т. б. бұл тақырыпта ірілі - ұсақты мақалалар жазды, зерттеді.
Құрылыс материалы - шикі кірпіштен салынған. Бұл ескерткіш қазақтың көне музыкалық аспабы - қыл қобыз пішінінде бейнеленген, желмен бірге ыңылдап, үн салып тұрады.
1. 1 Қорқыт Ата жайындағы аңыздар
Қорқыт Ата өмірде болған, кейіннен халық оны аңызға айналдырып, жырға қосқан. Қорқыт Ата түркілердің үлкен тайпасы - оғыздардың арасынан шыққан делінеді. Қорқыт Ата туралы мәліметтер ғылымға үш түрлі арнада жетіп отыр: бірі - ел аузындағы аңыз әфсаналар, екіншісі - тарихи шежірелер, үшіншісі - «Қорқыт Ата кітабы».
Халық арасында «Қорқыт - құтты адам, құт әкелетін адам» деген сөз бар. Қорқыт Атаның тарихи тұлға екенін «Қорқыт Ата кітабы растайды».
Қазақ аңыз - ертегілерінде Қорқыттың туған күнін өте қорқынышты етіп көрсетеді. Ол күні алай - дүлей боран соғады, нөсерлі жауын құяды, күн тұтылғандай, айналаны қара түнек басып, үш күнге дейін күннің көзі ашылмайды. Қаратауды қаптаған қалың бұлттан күн күркіреп, жұрттың құтын қашырып, зәресін ұшырады. Халық аңыздары мен жазба деректерге қарағанда Қорқыттың шешесі тоғыз күн ұдайы қатты толғатып, ерекше бір ғаламат қорқынышты жағдайда өмірге әкелгенін айтады. Қаратаудың айналасын қара тұман бұлт басып, күн тұтылады. Сондықтан Қорқыт туған бұл үрейлі қара түнек күнді халық «Қараспан» деп атаған. Сұрапыл дүлейден, қара түнектен қорыққан халық жаңа туған балаға «Қорқыт» деп ат қойған. Мағынасы, Уәлихановтік - Потаниндік түсіндірме «қорқыт» сөзі адамзат тұрмысының жағдайын көрсететін «қорқыту» сөзінен шыққан деген ұғым берді. Бұл жөнінде халық аузында сақталған мынадай өлең де бар:
Қорқыт туған кезінде,
Қараспанды су алған.
Қара жерді құм басқан,
Ол туғанда ел қорқып,
Туғаннан соң қуанған
Халық ақын - жыраулары Қорқыттың туған күнін осылай жырлаған.
Қорқыттың дүниеге келуі туралы тағы бір аңыз - әңгімелерде оның анасының құрсағында үш жыл бойы жатқандығы айтылады. Қорқыттың анасының талай рет жерік және толғағының қатты болғаны туралы Сейсен Мұқтарұлы өзінің «Күш желкен, немесе Қорқыт» дастанында былай суреттейді
Төрт рет болды құт жерік,
Үш рет болды ит жерік.
Құт жерікте талап етті,
Түйенің нарқоспағын.
Қара қойдың қошқарын,
Айғырдан нағыз семізді,
Сиырдан тонжылы өгізді.
Ит жерікте тәбеті ауды,
Қара қудың етіне,
Ордалы жыланның етіне,
Сонымен деп ем қоя ма,
Жерік болды маяға,
Жаясына құланның . . . [23, 22б]
Сондықтан болар әр түрлі аңыз - әңгімелерде Қорқыттың туған жылы мен жасы жөнінде әртүрлі пікір айтылады. Кейбір деректер Қорқытты 95 жыл жасаған десе, кейбірінде 195-ке, тіпті 400-ге келген деген болжам бар. Ал «Деде Қорқыт кітабында» Қорқыттың өмір сүрген уақытын Мұхаммед пайғамбардың заманына жақындатады.
Қазақтың аңыз - әңгімілерінде Қорқыт Атаның қалай өлгені туралы да айтылады. Солардың бірінде
. . . Қария сөз бойынша Қорқыт жиырма жасқа жеткенде түс көріп, түсінде ақ киген біреу «қырық жастан артық жүрмейсің» деп аян береді. Қорқыт одан сескеніп, өлмейтін жер, өшпейтін дүние іздеудің соңына түседі. Желмаясына мініп, дала кезіп кетеді. Көп уақыт жүріп келе жатса, алдынан жер қазып жатқан бір топ кісіге жолығады. «Мұны неге қазып жатырсыңдар?» дегенде, әлгілер «Қорқыт әулиеге» деп жауап береді. Оны естіген соң, зәресі тағы ұшып, өлімнен құтылу үшін дүниенің екінші шетіне жөнеледі. Онда барғанда да, бұрынғы түсін көреді. Таң бозынан аттанып, тағы да дала кезіп кетеді. Түсінен шошынып, дүниенің төрт бұрышын тегіс кезіп шығады. Бірақ қайда барса да, көретіні - қазып жатқан көр болады. Жан сақтауға жер таба алмай, әбден тарыққан соң, Қорқыт жер ортасына келеді. Ол - өзінің туған жері Сыр суының жағасы еді, бұл жерде отырып, Желмаясын сойып, оның терісімен қобызын қаптайды. Ол қазіргі Қорқыт тамының тұрған жері еді. Бұрынғы түсі тағы кіреді. Суда көр қазушы болмас, оған ажал да келе қоймас деп, өлімге қарсы амал ойлайды. Сусыз жерде жан сақтауға болмаса, енді судың ортасында тұрайын деп Сырдың бетіне кілемін жайып, жүз жылдай сонда тұрып өмір сүреді. Күндіз - түні сонда тұрып, толқынды күйлер шығарады. Барлық нақыл сөздерін осы арада отырып айтады. Сыр суының ағыны қандай тоқтаусыз болса, Қорқыттың қобызы да тоқтаусыз сарнайды, өмір жырын шертеді, қызық көруге шақырады. Өлім қанша жақындап келсе де, қобыздың күйі, судың ағыны оны көп заман жолатпайды. Қорқыт күндіз - түні тоқтаусыз күйін тарта береді . . .
. . . Дүниені қанша кезсе де, өлімнен құтыла алмайтын болған соң, Қорқыт ойға түсіп, бұлай әуре болмайын, онан да еліме қайтайын деп өзінің туған жері, сүйікті мекені Сыр бойына қайтып келеді. Еліне келген соң, құрғақ жерде тұрсам, соңымнан ажал қалмас деп, масаты кілемді Сырдарияның суына төсеп, қобызын тартып отыра беріпті. Тәңірінің жарылқауымен кілемі не суға ағып кетпей, не шіріп тозбай, көп заман су үстінде кеме болып қалқып, Қорқытқа ажал келтірмейтін арал болып тұрыпты. Қорқыт Сырдарияның үзілмей ағатын суына қарап, өлім мені қанша қуса да, оны бұл жерге келтірмеспін деп, қобызын толқытып күңірентіп тарта беріпті. Қорқыттың күйін дүниедегі жан иесі түгел ұйып тыңдапты. Аспандағы құс ұшуын қойып, самал - жел есуін қойып тыңдапты. Ажалдың өзі де Қорқыттың күйіне балқып, бұған жақын келе алмапты. Қорқыт осылайша күндіз - түні ұйқы көрмей, қобыз тартып өліммен алысыпты. Көп заман ұйқы көрмей, қатты ұйқыға батқан кезде оны өлім іздеп тауып, кілемде ұйықтап жатқан Қорқытты кішкене қайрақ жылан келіп шағып өлтіріпті. Бірақ Қорқыт өлгенімен, оның ұзақ заман тартқан қобызының күйлері тоқталмапты. Қорқыттың моласы Сырдарияның жағасында, Қармақшыдан он сегіз шақырым жерде, бір белестің үстінде тұр. Қорқыттың қобызын сол молаға бірге қойған екен. Тәңірінің шеберлігі, қобыз өзінен - өзі мұңды күй шертіп, Қорқыттың өзі тартқандай сарнап тұратын болыпты. Ертелі - кеш Қорқыт күмбезінің қасынан өткенде, қобыздың сарнаған даусынан «Қорқыт - Қорқыт» деген мұңды үн үзілмей шығып тұратын болған. [41, 204-208б]
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz