Қазақстан кеңестік тоталитарлық жүйенің қалыптасу кезеңінде (1921-1939 жж.)



1. Қазақстан жаңа экономикалық саясат жылдарында.
2. Қазақстандағы индустрияландыру саясаты және оның қайшылықтары.
3. Қазақстанда ауыл шаруашылығын ұжымдастыру.
4. Қоғамдық.саяси өмір.
1918-1920 жылдардағы азамат соғысы Қазақстан өлкесінің экономикалық жағдайын көптеген жылдарға кері шегерді. Өндіріс орындары жұмыс істемеді. 1913 жылмен салыстырғанда Қазақстанда мұнай өндіру 4 есеге, көмір өндіру 5 есеге кеміді, ал мыс рудасын өндіру мүлде тоқтады. Халық шаруашылығының жалпы өнім өндіруіндегі өнеркәсіптің үлесі 1920 жылы бар болғаны 6,3 процент болды.
Ауыл шаруашылығы да өте күшті дағдарысқа ұшырады. Орал губерниясында егістік жерлер 2 есеге, ал Жетісу аймағында 3 есеге кеміді. Ең бірінші кезекте ұлттық байлықтың негізгі көзі болып саналатын мал шаруашылығы құлдырады. Соғыс жылдарында мал саны 10,8 млн. басқа кеміді, оның 2 млн-ы жылқы, 6,5 млн-ы ұсақ мал болды.
Сонымен қатар 1921 жылы ҚазАКСР-ң жеті губерниясының бесеуі құрғақшылыққа душар болды. Осыған байланысты 1921 ж. бұл аймақтарда астықтың жалпы түсімі 5 млн. пұт деңгейде ғана болды. Ал жергілікті халықтың бір жылғы астық пен астық тұқымдығына мұқтаждығы 22 млн. пұт көлемін қамтиды, яғни залал 17 млн. пұтты көрсетті. Ауа райының қолайсыздығы мал шаруашылығын бұдан да қиын жағдайға душар етті. 1920–1921 жылдар аралығындағы жұттан кейін мал басы 1917 жылмен салыстырғанда 75% кеміді.
Азамат соғысының аяқталуына және елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайының ауыр күйзелісіне қарамастан, Кеңес үкіметі күштеуге негізделген азық-түлік саясатын одан әрі жалғастырды. Орталық үкіметтің 1920 жылы 20 шілдедегі “Сібірдегі артық астықты алу туралы” декретінің күші Қазақстанның солтүстік аудандары мен Семей губерниясына да тарады. Осы декретке сай 1921 жылдың тамыз айына дейін бүкіл елдегі шаруаларға 119 млн. пұт (РКФСР көлемінде 423 млн.пұт) төтенше салғырт төлеу жүктелсе, соның ішінде 35 млн. пұт Солтүстік Қазақстанға міндеттелді. Тапсырманың 26 млн. пұты Семей облысына міндеттелінсе, тек Қостанайдың өзінен 6 млн. пұт астық алынды. Артық өнімдер ғана емес, азыққа қолданылып отырған астық және тұқым қоры да тәркіленіп отырды. Астық салығы, мал шаруашылығымен ғана айналысып отырған аудандарға да салынды. Оны төлеу үшін олар малдарын сатып, астық сатып алуға мәжбүр болды.
Кеңес үкіметінің солақай саясатының нәтижесінде Республиканы сұрапыл аштық жайлады. Бөкей губерниясында – 100 мың, Оралда – 400 мың, Семей губерниясында – 500 мың, Орынбор – 445, Ақтөбеде – 360 мың адам ашықты. Көшпелілер арасында өлім ересек тұрғындардың 30 процентін қамтыса, ал кейбір аудандарда халықтың 75 проценті қырылған. Әулиеата уезінде халықтың қатты қырылғандығы соншалық, бұрынғы бірнеше болысты біріктіріп бір болыс ұйымдастыруға тұра келді. Жалпы зерттеушілер 2 млн 300 мыңнан аса адам ашықты, 1 млн-ға жуығы аштық пен аурудан өлді деген мәліметтерді келтіреді.

Пән: Қазақстан тарихы
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 53 бет
Таңдаулыға:   
Қазақстан кеңестік тоталитарлық жүйенің қалыптасу
кезеңінде (1921-1939 жж.)

1. Қазақстан жаңа экономикалық саясат жылдарында.
2. Қазақстандағы индустрияландыру саясаты және оның қайшылықтары.
3. Қазақстанда ауыл шаруашылығын ұжымдастыру.
4. Қоғамдық-саяси өмір.

1. Қазақстан жаңа экономикалық саясат жылдарында.

1918-1920 жылдардағы азамат соғысы Қазақстан өлкесінің экономикалық
жағдайын көптеген жылдарға кері шегерді. Өндіріс орындары жұмыс істемеді.
1913 жылмен салыстырғанда Қазақстанда мұнай өндіру 4 есеге, көмір өндіру 5
есеге кеміді, ал мыс рудасын өндіру мүлде тоқтады. Халық шаруашылығының
жалпы өнім өндіруіндегі өнеркәсіптің үлесі 1920 жылы бар болғаны 6,3
процент болды.
Ауыл шаруашылығы да өте күшті дағдарысқа ұшырады. Орал губерниясында
егістік жерлер 2 есеге, ал Жетісу аймағында 3 есеге кеміді. Ең бірінші
кезекте ұлттық байлықтың негізгі көзі болып саналатын мал шаруашылығы
құлдырады. Соғыс жылдарында мал саны 10,8 млн. басқа кеміді, оның 2 млн-ы
жылқы, 6,5 млн-ы ұсақ мал болды.
Сонымен қатар 1921 жылы ҚазАКСР-ң жеті губерниясының бесеуі
құрғақшылыққа душар болды. Осыған байланысты 1921 ж. бұл аймақтарда
астықтың жалпы түсімі 5 млн. пұт деңгейде ғана болды. Ал жергілікті
халықтың бір жылғы астық пен астық тұқымдығына мұқтаждығы 22 млн. пұт
көлемін қамтиды, яғни залал 17 млн. пұтты көрсетті. Ауа райының
қолайсыздығы мал шаруашылығын бұдан да қиын жағдайға душар етті.
1920–1921 жылдар аралығындағы жұттан кейін мал басы 1917 жылмен
салыстырғанда 75% кеміді.
Азамат соғысының аяқталуына және елдің әлеуметтік-экономикалық
жағдайының ауыр күйзелісіне қарамастан, Кеңес үкіметі күштеуге
негізделген азық-түлік саясатын одан әрі жалғастырды. Орталық үкіметтің
1920 жылы 20 шілдедегі “Сібірдегі артық астықты алу туралы” декретінің күші
Қазақстанның солтүстік аудандары мен Семей губерниясына да тарады. Осы
декретке сай 1921 жылдың тамыз айына дейін бүкіл елдегі шаруаларға 119
млн. пұт (РКФСР көлемінде 423 млн.пұт) төтенше салғырт төлеу жүктелсе,
соның ішінде 35 млн. пұт Солтүстік Қазақстанға міндеттелді. Тапсырманың
26 млн. пұты Семей облысына міндеттелінсе, тек Қостанайдың өзінен 6 млн.
пұт астық алынды. Артық өнімдер ғана емес, азыққа қолданылып отырған
астық және тұқым қоры да тәркіленіп отырды. Астық салығы, мал
шаруашылығымен ғана айналысып отырған аудандарға да салынды. Оны төлеу үшін
олар малдарын сатып, астық сатып алуға мәжбүр болды.
Кеңес үкіметінің солақай саясатының нәтижесінде Республиканы сұрапыл
аштық жайлады. Бөкей губерниясында – 100 мың, Оралда – 400 мың, Семей
губерниясында – 500 мың, Орынбор – 445, Ақтөбеде – 360 мың адам ашықты.
Көшпелілер арасында өлім ересек тұрғындардың 30 процентін қамтыса, ал
кейбір аудандарда халықтың 75 проценті қырылған. Әулиеата уезінде
халықтың қатты қырылғандығы соншалық, бұрынғы бірнеше болысты біріктіріп
бір болыс ұйымдастыруға тұра келді. Жалпы зерттеушілер 2 млн 300 мыңнан
аса адам ашықты, 1 млн-ға жуығы аштық пен аурудан өлді деген мәліметтерді
келтіреді.
Мұсылман зиялы қауымы арасынан мұндай соракылыққа қарсы шыққан Т.
Рысқұлов болды. Ол аштықпен жүйелі түрде күресу үшін, құрамына бірнеше
комиссариаттардың өкілдерін кіргізіп, арнайы ұйым құруды талап етеді.
Түрікатқару комитеті Т. Рысқұловтың талабын қолдап, аштықпен күресті
өздерінің қызмет жағдайына сәйкес республиканың азық-түлік, жер
шаруашылығы, денсаулық сақтау, қаржы, темір жол комиссариаттарына жүктейді.
Аштықпен күресті тікелей басқаратын ерекше Орталық комиссия
ұйымдастырылады. Оның төрағасы болып Т. Рысқұлов тағайындалады. Бұл ұйым
алғаш жұмысқа кіріскенде көптеген объективті қиындықтармен қатар, өзі
тектес азық-түлік ісіне қатысы бар басқа ұйымдар тарапынан жасалған
қасақана іріткі салу әрекеттеріне ұшырайды. Рысқұлов жалпы Орталық
комиссияның құрылуының өзін “дені дұрыс құбылыс емес” дейді. Үкіметтің
құрамында аштықпен күресуге міндетті толып жатқан “экономикалық органдар
бола тұра, мұндай ерекше ұйым құруға мәжбүр болудамыз” дейді.
Өткір пікір таластардан кейін, яғни Т. Рысқұловтың аса зор еңбегінің
арқасында Түрікатқару комитеті мен ХКК-і бұл Орталық комиссия қорына
құнсызданған болса да 42 млн. сом қағаз ақша бөледі. Орталық комиссияның
облыстар мен уездерде, болыстар мен қалаларда жергілікті мекемелері мен
бөлімшелері ашылады, олардың басына сауатты мамандар отырғызылады.
Аштықпен күрес комиссиясының жұмысына есеп берген баяндамасында Т.
Рысқұлов Түркістан өлкесінің байырғы халықтарының сұрапыл аштыққа ұшырап,
қатты қырылуына революциядан бұрынғы патша өкіметінің отаршылдық саясаты
мен әсіресе, революциядан соң орнаған кеңес өкіметінің шовинистік саясаты
басты себепкер болғандығын ашық атап көрсетеді.
Қазақ Орталық Атқару Комитеті (ҚОАК) де аштыққа ұшыраған аудандарға өз
тарапынан көмек көрсету шараларын ұйымдастырды. ҚОАК-ті жанынан аштыққа
ұшырағандарға көмек көрсету үшін комиссия құрылады. Республикалық
комиссияны ҚОАК-нің төрағасы Мендешев басқарды. Қазақстандағы ауыр жағдайды
ескере отырып, КазАКСР ОАК-і ашыққандарға көмек беруші Орталық
Комиссияның шешіміне сәйкес, бұл аудандардың тұрғындарын астық, картоп
т.б. мемлекеттік салықтардан босатты.
Қазақ қоғамын жайлаған аштықты Орталықтағы Кеңес үкіметі мойындамады.
Республиканың кейбір басшылары мен орыс жұртшылығы негізінен өлкенің
көшпелі тұрғындарын қамтыған сұрапыл аштықты “кездейсоқ, тұтқиылдан тап
болған зобалаң ” ретінде бағалады. Өлке халқының мұндай нәубетті бұрын-
соңды басынан кешпегендігі Орталық үкіметті ойландырмады да. Мұндай жағдай
Кеңес өкіметінің өзі жүргізіп отырған саясатқа еш күмән келтірмей, оны
толық дұрыс деп есептегендігінің айғағы еді.
Республиканың экономикасындағы ауыр дағдарыс, яғни мемлекеттің күштеу
саясатына негізделген азық-түлік саясаты 1920-1921 жылдары шаруалардың
кеңес үкіметіне қарсы стихиялы қарулы көтерілістерінің тууына әкелді.
Көктем–жаз айларында басталған шаруалардың наразылықтары “Азық-түлік
салғырты жойылсын!”, “Большевиктерсіз Кеңестер үшін!”, “Ерікті саудаға жол
берілсін”,–деген ұрандармен басталып, қарулы көтерілістерге ұласты.
Өскемен, Павлодар, Семей, Петропвл, Қостанай, Көкшетау, Ақмола, Атырау,
Орал, Шымкент уездерінде ашық түрдегі көтеріліс кеңінен орын алды.
1921 жылы наурызда Қазан төңкерісінің орталықтарының бірі болған
Кронштадта матростар көтеріліске шықты. Кронштадтықтар негізінен Ресей
селоларынан келген, флотта әскери міндетін өтеп жүрген шаруалар еді. Олар
Азамат соғысының аяқталуына байланысты армияны таратуды, шаруаларға жер
мен онда өндірілген өнімді пайдалануға бостандық беруді, ақшаның
тұрақтылығын қамтамасыз етуді және жұмысшыларға жалақы төлеуді талап етті.
Бұл және Қазақстанды да қамтыған басқа да көтерілістер ұйымдасуы және
қару-жарақпен қамтамасыз етілуі нашар болғандықтан Қызыл Армия әскерлерінің
күшімен талқандалды. Қазақстандағы көтерілісшілердің кей бөліктері Қытайға
өтіп кетті. Елде көтеріліске қатысқаны үшін мыңдаған адамдар тұтқындалып,
олардың 932-сі сотқа тартылды. Кеңес үкіметі бұл қарсылықтардың бәрін
“контрреволюциялық баскөтерулер” деп бағалады.
Алайда большевиктер өздерінің биліктен айырылып қалу қаупінің
күшейгенін, осыған орай шаруашылық саясаттың мүлде жаңа принциптеріне көшу
қажеттігін айқын сезді. Партияның Х съезі (8 наурыз, 1921 ж.)
көтерілісшілерді айыптағанмен, экономикалық саясатты өзгертуге мәжбүр
болды. Съезд шаруашылық мүддені іске қосудың жаңа жүйесін жасаудың
шараларын белгіледі, яғни соғыс коммунизм саясатынан жаңа экономикалық
саясатқа көшу туралы шешім қабылдады.
Партияның Х съезінде қабылданған жаңа экономикалық саясаттың мәні неде?
Кеңес үкіметі мемлекеттің қолында ірі өндіріс орындарын, банкті
қалдырып, жеке капиталды өндіріске ендіруге рұқсат берді. Мемлекеттік
жерлер, кішігірім мемлекеттік кәсіпорындар белгілі мерізімге жеке шетел
ұйымдары мен тұлғаларға жалға беріледі. Сауда бостандығы жүзеге асырылады,
яғни мемлекеттің бақылауымен жеке саудаға рұқсат беріледі. Сауда негізінен
ауыл мен қаланың ортасындағы негізгі байланыс көзіне айналуға тиіс болды.
Сонымен қатар мемлекеттік және кооперативтік сауда да дамуы тиіс болды.
Жеке ауыл шаруашылық қожалықтарына, жеке меншіктегі кішігірім кәсіпорын
иелеріне жалдамалы еңбекті пайдалануға рұқсат беріледі. Еңбекке деген
міндеткерлік және еңбек армиялары жойылады. Өндіріс орындарын жұмысшы
күшімен қамтамасыз ету еңбек биржалары арқылы жүзеге асырылатын болады.
Елдегі ақша жүйесін нығайту, ақысыз қызмет көрсетуді жою, еңбекке ақшалай
жалақы төлеу міндеттелді.
Жаңа экономикалық саясаттың аясында қабылданған міндеттердің ішіндегі
ең маңыздысы – азық-түлік салғыртын азық-түлік салығымен алмастыру туралы
шешім болды. Азық-түлік салғырты кезінде шаруа қожалықтары өндірілген
өнімнің өзін қамтамасыз етуге қажетті үлесінен артығын мемлекетке
тапсыруға міндетті еді. Азық-түлік салығының ендірілуі, яғни белгіленген
мөлшердегі ғана салықты өтеуге байланысты, олар өндірілген өнімнің артығын
өз еркімен пайдалану құқығына ие болды. Бұл ендірілген салық жүйесіндегі
өзгеріс өндіруші шаруа қожалықтарына өте қолайлы болды. Себебі, олар
өндірілген өнімнің белгілі мөлшерін ғана мемлекетке тапсырып, қалған өнімді
сатуға немесе өзінің басқа қажеттерін өтеуге мүмкіндік алды. Осыған
байланысты енді шаруа қожалықтары егістік көлемін ұлғайтуға, сөйтіп өнімді
көп өндіруге, яғни еңбек өнімділігін арттыруға ынталы болды.
Енді осы жаңа экономикалық саясаттың қазақ өлкесінде ендірілу
әдістері мен жолдарын қарастырып көрейік. РКФСР ХКК-нің арнайы декреті
бойынша бірыңғай азық-түлік салығы мал шаруашылығымен айналысатын
аудандарға да ендірілді. Қазақстан ауылы мен деревнясында жаңа экономикалық
саясаттың алғашқы азық-түлік салығы науқаны өте қиын жағдайда жүргізілді.
Оның себебі ЖЭС ендірілген жылы да партия, кеңес және азық-түлік органдары
азық-түлік салғырты саясатын жалғастырды да, ол бойынша дайындалған
өнімдерді Орталыққа жіберу жөніндегі Еңбек және Қорғаныс кеңесінің
тапсырмасын орындаумен айнылысты. Мысалы, көшпелі мал шаруашылығы
аудандарында алғашқы бірыңғай азық-түлік салығы 131,9% көлемінде орындалды.
Бұл әрине соғыс коммунизм саясатының әрі қарай жалғасуы болды.
Сөз жүзінде ЖЭС ендірілгенімен Кеңес үкіметі іс жүзінде баяғы қарқынмен
экономикаға өзінің бақылауын жүргізуді тоқтатпады. Бірнеше ай бойы
мемлекет қала мен деревня арасындағы айырбасты кооперация арқылы бақыламақ
болды. 1921 жылы 7-ші сәуірде мемлекет өзінің арнайы декретімен
кооперацияға фабрика – зауыттық өнімдерді ауыл шаруашылық өнімдеріне
айырбастауды міндетті тапсырма етіп берді. Бірақ бұл мәселені жүзеге асыру
өте қиын болды. Оның себебі мемлекеттің бақылауымен жүргізіліп отырған
тауар айырбасы жеке саудамен жарысқа түсе алмады. Оның үстіне мемлекеттік
тауар айырбасы ЖЭС-тың принциптеріне сай келмеді, яғни сауда бостандығына
кедергі келтірді. Мұндай жағдай халықтың жаңадан ендірілген шаруашылық
саясатына деген сенімсіздігін тудырды.
Жоғарыдағы аталған кемшіліктер біртіндеп азық-түлік салығы саясатының
кең ендірілуі барысында жойыла бастады. 1924-1925 жылдары ауыл шаруашылық
салығынан КазАКСР-ң бүкіл шаруашылығының 32,7%-і босатылса, 1925-26 жылдары
– 33,8% босатылған еді. Әсіресе, 1924-1925 жылдары мал өсіруші
шаруашылықтың 72%-ке жуығы алым-салықтан босатылды. Көшпелі жеке қазақ
шаруашылықтарына 3-5 жылдық мерізімдерге жеңілдіктерге негізделген несиелер
берілді. Сонымен қатар мемлекет тарапынан ауылшаруашылық машиналары мен
құралдарын сатып алуға негізделген несиелер де белгіленді. Осының бәрі
ұсақ товар өндірушінің материалдық құштарлығын арттырды, оның өз
шаруашылығындағы қорларына иелік ету еркіндігін күшейтті.
ЖЭС-тің аясында нарықтық қатнастардың күшеюі сауданың дамуына ықпал
етті. Ал ол болса ақшаның тұрақтануына әсерін тигізді. Осы жағдайға
байланысты ЖЭС-тің алғашқы кезінде ендірілген салықтың натуралды түрін
партияның ХІІ съезі (1923 ж. сәуір) ақшалай түрде де өтеуге мүмкіндік
берумен алмастырды. Ал 1924 жылы салықты өтеудің тек ақшалай түріне толық
көшірілді.
Осы жылы ақпан айында Кеңес үкіметі ақша реформасын жүргізіп, кеңестік
ортақ жаңа ақша өлшемі тұрақты сомды енгізді. Осы жағдайлар Қазақстанда
жәрмеңкелік сауданың кең өрістеуіне жол ашты. 1926 жылы Қазақстанда 128
жәрмеңке жұмыс істеді. Бұл кездегі ірі жәрмеңкелер қатарына – Ойыл,
Қоянды, Қарқара, Темір, Көкшетау, Атбасар жәрмеңкелерін жатқызуға болады.
Осы кездегі жәрмеңке саудасының жалпы айналымы 20–23 млн. сомды құрады.
Сондай-ақ, осы өркендей бастаған жәрмеңкелік сауда да ауыл шаруашылығының
дамуына ықпалын тигізді.
Қазақстанда 1921-22 жылдары ЖЭС аясында жүргізілген шаралардың бірі жер-
су реформасы болды. Реформаның негізгі міндеті 1920 жылы құрылған ҚАКСР-нің
территориясында қазақ жерлерін біріктіру болды. Патшалық биліктің жүргізген
саясаты нәтижесінде Қазақстанда жер мәселесі өте күрделі мәселелердің
біріне айналған еді. Осыған байланысты қазақ автономиясы құрамында жер
саясатын жүргізуші жетекші орган – Жер комитеті құрылды. Ол қазақ
автономиясы аясында қазақ жерлерін біріктіру мақсатымен 1921 жылы 7
ақпанда декрет қабылдады. Қазақ АКСР-нің Жер комитеті қабылдаған бұл декрет
бойынша кезінде көш-қон қорына (переселенческий фонд) тартып алынып,
пайдаланылмай тұрған Семей, Ақмола, Торғай және Орал облыстарындағы бос
жатқан жерлер, олардың 1917 жылға дейін алынғанына қарамастан қазақтарға
қайтарылады. 1921 жылы 19 сәуірде Жер комитеті кезінде патша үкіметінің
Сібір және Орал казак әскерлерінің тартып алған жерлерін қазақтарға
қайтару туралы шешім қабылдады. Осы декретке сай қазақтар Ертіс өзені
бойында 177 мың, Орал өзені жағалауында 208 мың десятинадан астам жерлерді
қайтаруға тиіс болды.
1922 жылы 26 тамызда Федералды Жер комитеті мен БОАК-ті “Қазақстанда
негізгі еңбекпен жерді пайдалану туралы” заң қабылдады. Ол заң 31 тамызда
күшіне енді. Бұл заң бойынша әркімнің өз жерінде қалуға және ол жерді
пайдалануға құқығы болды. Жер заңға сәйкес құжатталған жағдайда ғана оны
пайдаланушы сол жердің иесі болады. Ал даулы жерлерге заңға негізделген
съездің немесе жер органдарының шешімі қажет болды.
Алайда осы негізгі заңнан соң 1922 жылы 30 қазанда Кеңес үкіметі Ресей
территориясын түгел қамтыған “Жер кодексін” қабылдады. Осы кезден бастап
жер туралы бүкіл мәселенің бәрі мемлекеттің идеологиялық құндылықтарына
негізделген құқыққа ие болы. Бұл кодекс бойынша жермен тұрғылықты халық
қамтамасыз етілуі керек болды. Сонымен бірге автономияларға қосымша
ұсыныстар мен негіздемелер жасауға рұқсат етілді. Бұл кодекс отрықшы-
егіншілікпен айналысатын аудандарды қамтыды да, көшпелі аудандар мүлде
кірмей қалды. Соның салдарынан қазақ қоғамы мүлде жермен қамтамасыз
етілмеді.
Кеңес үкіметі патшалық үкіметтің жер мәселесіндегі отарлық саясатын
жойғысы келгенмен, іс жүзінде жерді пайдалануды таптық тұрғыдан шешті.
Соның нәтижесінде жергілікті қазақ халқы мен қоныс аударушылардың құқығы
теңестірілді. Оның үстіне патша үкіметі кезінде жерге орналасқан басқа
ұлт өкілдері ол жерден айырылғысы келмей үлкен қарсылық көрсетті. Сонымен
қатар олар өз иеліктеріндегі жердің межеленбеуін, яғни шекараларының
айқындалмауын пайдаланып, жаңа жерлерді тартып алды.
Осы жағдайлар жер және жерге орналастыру мәселесін шешуді өте
қиындатқанымен, жаңа экономикалық саясат шеңберінде азық-түлік салғыртының
азық-түлік салығымен алмастырылуы 3-4 жыл ішінде қазақ ауылы мен деревнясын
дағдарыстан шығара бастады. 1925 ж. егістік жердің көлемі 3 млн. гектар
болса, 1928 жылы 4 млн. гектарға жетті, яғни бұл 1913 жылдың (4,4 млн. га)
деңгейіне жеткендігін көрсетеді. 1925 ж. 92 млн. пұт астық жиналса, 1927 ж.
астықтың жалпы түсімі 1,4 млн. пұтты құрады. 1925 ж. мал саны 1922 ж.
салыстырғанда екі есе өссе, 1925-1928 ж. аралығында жыл сайын 5%-ке артып
отырды.
Қазақстанның өнеркәсібі саласында да едәуір өзгерістер болды. Қазақстан
халық шаруашылығы орталық кеңесі (ВСНХ) сегіз (Балық, Тері, Илецктұз,
Павлодартұз, Батысалтын, Ақжалалтын, Сексеул, Спирт) трестерді және
сантонин зауыты мен Қарғалы шұға комбинатын біріктірді. Губерниялық
кеңестің құзырына жергілікті деңгейдегі өндірістер бағынды. Олардың
көбі арендаға берілді. Сонымен бірге Қазақстанның көптеген өндіріс
орындарын одақтың қорғанысына қажетті, оның мүддесін дүниежүзілік рынокта
қорғайды деген желеумен бүкілодақтық деңгейдегі трестерге біріктірді.
КазАКСР-де одақтық деңгейдегі Ембімұнай, Алтайполиметал, Атбасцветмет
сияқты трестер құрылды. Олар республика бюджетіне белгілі мөлшерде ғана
қаржы бөліп тұрды. Ал қалған табыстардың бәрі орталықтың иелігінде болды.
Мұндай жоғарғы дәрежеде өндірістерді орталықтандыру саясаты кейін де үстем
болды.
Сөйтіп, Кеңес үкіметінің елдің өнеркәсібін қалпына келтіру мақсатында
жүргізілген шаралары кейін республика экономикасына орталықтың үстемдігінің
мейілінше күш алуына әкелді. Өндіріс орындарын орталықтанған трестерге
біріктіру сонымен бірге өндіргіш күштерді региондарға орналастыруда
кемшіліктерге жол ашты, яғни Қазақстан экономикасының ұзақ мерзімге
шикізаттық сипатын айқындады.
ЖЭС аясында Республиканың халық шаруашылығында болған өзгерістер елдің
дағдарыстан шыққанын, экономикалық дамуда жаңа үрдістің кең етек жайғанын
көрсетеді. Елдің шаруашылық жүйесі нарықтық экономика қатынасына біртіндеп
енді. Өлкенің экономикасы көпукладты сипатқа ие бола бастады, яғни әртүрлі
меншік түрлерінің қатар өмір сүру мүмкіндігі пайда болды. Меншіктің әртүрлі
түрлерінің қалыптасуы, олардың арасындағы бәсекелестік пен ұдайы
өндірістегі бірін-бір толықтыруы халық шаруашылығының алға даму бағытын
айқындады.
Большевиктер таптық мүддені қорғау принциптерінен ажырамаса да, жаңа
экономикалық саясат аясында мемлекеттің экономикаға араласуы шектелді.
Мемлекет белгілі мөлшерде ғана көпукладты ұдайы өндірісті кредит, салық
жүйелері арқылы ғана реттеп отырды. Экономикалық өмірдің нақты дамуын
қамтамасыз ететін мұндай саясат өте орынды еді.
Алайда ірі өнеркәсіп саласын мемлекеттік монополизациялау нәтижесінде
олар өз өнімдерін тұтынушыларға (әсіресе аграрлық сектордағы жеке
тұтынушыларға) өте жоғары бағамен ұсынды. Партия және үкімет шешімдері ауыл
шаруашылық кооперацияның ЖЭС жағдайындағы жаңа ролін анықтағанына
қарамастан, оны бақылап отыруға мемлекет мүдделі болды, соның нәтижесінде
мемлекет ауылшаруашылық товарларын сатып алу бағасын өзі белгіледі және ол
өте төмен болды.
Ұзақ әлеуметтік даму барысында қалыптасқан дәстүрлі товарлы шаруашылық
мемлекет тарапынан ендірілген мұндай реттеуші бақылауға сәйкес келмеді.
Мемлекет тарапынан жүргізіліп отырған мұндай саясат ұсақ ауыл шаруашылық
өнімдерін өндірушілер тарапынан қарсылық тудырды. Олар өндірген өнімдерін
төменгі бағамен сатудан бас тартты. Алайда бұл қарсылықты мемлекет өзі
жүргізіп отырған саясаттың кемшілігінен деп есептемеді. Керісінше ол
қарсылықты тап жауларының іс-әрекеті деп бағалады. Мемлекет тарапынан жеке
шаруа қожалықтарына қарсы бақылауды күшейтті. Ұсақ тауар өндірушілерді
әкімшілік жолмен бақылау мен ығыстыру саясаты сауданы шектеуге, яғни ЖЭС-
тің шектелуіне әкелді.
Мұндай жағдай “соғыс коммунизм” саясаты тұсындағы әкімшілік басқару
әдістерін жандандырды. Экономикалық даму жүйесіне әкімшілік тұрғыдан
араласу большевиктердің негізгі жұмыс әдісіне айналды. Таңдау мүмкіндігі,
еркіндік, шаруашылық еріктілік туралы заңдар тек қағаз жүзінде қалып
отырды. Экономиканы жоспарлы түрде дамыту идеясы күш алды. Дағдарыстардың
бәрі осы жоспарлаудағы кемшіліктерден деп есептелді. Жергілікті партия және
кеңес органдары кооперацияны басқаруда әкімшілік әдіске жиі сүйенді. Алайда
экономиканы мемлекеттің тарапынан жоспарлы түрде дамыту мен әкімшілік
басқару әдістері нарықтық қатынаспен сәйкес болмады. Соған қарамастан
таптық идеологияны ту еткен Кеңес үкіметі экономиканы жоспарлы түрде
дамыту идеясына сүйеніп, 1925 жылдың аяғында өнеркәсіп өндірісін халық
шаруашылығының жетекші саласы етіп белгіледі және оның жоғары қарқынмен
дамуын қамтамасыз етті. Бұл ЖЭС аясында қалыптасқан көпукладты ұдайы
өндірістік жүйенің қатар даму барысын шектеді, яғни 20-жылдардың аяғында
ұсақ товар өндірушілерге қарсы күресті күшейтті. Соның нәтижесінде
нарықтық қатынас тоқырады, яғни ЖЭС тоқтатылды.

2. Қазақстандағы индустрияландыру саясаты және оның қайшылықтары

Партияның 1925 жылы (18-31 желтоқсан) өткен ХІY съезі елді соцалистік
индустрияландыру жоспарын жүзеге асыру міндетін қойды. Социалистік
индустрияландыру саясаты өзінің мазмұны жағынан ірі машиналы өнеркәсіпті,
ең алдымен ауыр индустрияны бүкіл халық шаруашылығының салаларын түбегейлі
қайта құруды қамтамасыз ететіндей дәрежеде дамытуға бағытталды. Кеңестер
одағының экономикалық тәуелсіздігі мен қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету
үшін алдыңғы қатарлы капиталистік елдерді индустриялды даму жағынан
барынша қысқа тарихи мерзімде қуып жетіп, елді индустриялды державаға
айналдыру міндетін қойды. Партия мұндай міндетті орындау үшін елдің бүкіл
материалдық және өндіргіш күшін толығымен осы мақсатқа бейімдеу қажет деп
шешті.
Алайда социалистік индустрияландырудың капиталистік индустриялан-
дырудан ерекшелігі болды. Капиталистік мемлекеттер өздерінің индустриялды
дамуын, әдетте, пайда тез түсетін жеңіл өнеркәсіп салаларын дамытудан
бастайды. Осы салаларға тән болып келетін кәспорындардың шағындылығы мен
оған жұмсалатын қаржының (капиталдың) айналымдылығы әуелгі кезде жеңіл
өнеркәсіпті өте тиімді салаға айналдырады. Тек уақыт өткен соң ғана
жинақталған қаржы біртіндеп ауыр өнеркәсіпке ауысуына байланысты ауыр
индустрия салаларын дамытуға мүмкіндік туады.
Кеңестік тарихнамаға партияның 15-ші съезі елді индустрияландыру съезі
болып енді. Көптеген кеңестік кезеңдегі зерттеулерде лениндік
индустрияландыру саясаты республикалардың ұлттық ерекшеліктерін қатаң
ескерді деген пікір басым болды. Алайда большевиктер партиясының
басшылығымен жүзеге асырылған елді индустрияландыру саясаты шеткері
орналасқан ұлттық аймақтар, оның ішінде, әсіресе, Қазақстан үшін отаршыл
бағытта болды.
Жалпы Қазақстанда индустрияландыру саясатының бағыты қандай болу керек
деген мәселе сол кездің өзінде өте үлкен пікір-таластар туғызды. Бір топ
өлкедегі кеңес және партия қызметкерлері көшпелі халық бірден социализмге
өте алмайды деп есептеді, яғни қазақтың көшпелі өмір салты ұлттық
ерекшелік болып табылады, олай болса елді индустрияландыру бағыты оның
осы ұлттық ерешелігін жояды деп есептеді. Мұндай пікірдегі партия
мүшелерін большевиктер негізгі партиялық жолдан ауытқушылар, яғни
“уклонистер” деп айыптады.
Келесі бір топтың өкілі С. Садуақасов өнеркәсіптің дамуы қазақ халқын
ауыл шаруашылығынан алыстатып, қазақтардың дәстүрлі мал шаруашылығының
құлдырауына әкеледі деп есептеді. Бірақ, ол мүлде индустрияландыру
саясатына қарсы болды деуге болмайды. Оның пікірі бойынша Қазақстанның
өндірістік бағытта алға жылжуы үшін республикада индустриялық
өнеркәсіптерді көптеп салып, оны ары қарай дамыту қажет. С. Садуақасов
шикізат қоры көздеріне өнеркәсіптерді жақындату мақсатын көздеді. Ол
өлкеден шикізаттарды өндірістік аймақтарға тасып, одан кейін ол жақтан
дайын өнімді қайта алып келуге кететін шексіз транспорттық қаржы жұмсауға,
яғни өлкені тек шикізат көзі ретінде пайдалануға қарсы болды.
Қазақстанға өнеркәсіпті күштеп ендіру мүмкін емес, ол қазақ қоғамының
табиғи қалыптасқан жағдайына жат деп есептегендер болды. Олардың пікірінше
артта қалған көшпелі халық индустрияландырудың өте жоғарғы қарқынына ілесе
алмайды. Сонымен қатар өндіріс орындарына жергілікті ұлт өкілдерін
көптеп тарту, яғни жергіліктендіру (коренизация) саясаты өндірісті өте-
мөте қымбаттатады, қазақтар жұмыс істей алмайды, олар бәрібір даланы
аңсайды деген көзқараста болды. Мұндай пікір айтушы топты большевиктер
“ұлыдержавалық шовинистер” деп айыптады.
Осылайша большевиктер социалистік индустрияландыру саясатының бағыттары
жөнінде пікір айтушыларға әртүрлі айдар тақты. Ал өздері белгілеген елді
“социалистік индустрияландыру” бағытын ешбір қатесі жоқ, толық аяқталған
саясат деп қарастырды. Большевиктер белгілеген индустрияландыру саясатында
Қазақстан Одақтың шикізаттық бөлшегіне айналуы керек болды. Орталық
ұсынған бұл көзқарасты осы кезде өлкенің партия ұйымының басшылығына
тағайындалған Ф. Голощекин де қолдады. Республика өмірімен мүлде
таныс емес Ф. Голощекин өлкенің шаруашылық жүйесіндегі ерекшелікті
мойындамады.
Қазақстанда индустрияландыру саясатын жүзеге асыру барысы елдің
орталық аудандарымен салыстырғанда өте күрделі жағдайда жүргізілді.
Біріншіден, өлкенің әлеуметтік-экономикалық дамуы Рессейдің орталық
аудандарымен салыстырғанда артта қалған еді. Екіншіден, өлкеде соғыстан
қираған шаруашылықтарды қайта қалпына келтіру шаралары созылып кетті. Яғни,
ол уақыт жағынан бірінші бесжылдықпен сәйкес келді.
Осындай жағдайларға қарамай большевиктер Қазақстанды бүкілодақтық
көлемдегі елді индустрияландыру бағытында жетекші орынға қойды.
Қазақстанды индустрияландырудың ең алғашқы қарлығашы Түркістан–Сібір
темір жолы болды. Индустриаландыру жылдарында Қарағанды-Балқаш, Гурьев
–Доссор, Ақмола-Қарағанды, Жарық-Жезқазған, Рубцовка-Риддер темір жолдары
салынды. Өлкені индустрияландыру барысында кеңес үкіметі түрлі-түсті
металлургия, көмір және мұнай өндіріс орындары мен теміржол саласын одан
әрі өркендету міндеттерін қойды. Осыған байланысты жаңа өндіріс орындарын
салу және жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарын қайта құру үшін тек 1933-34
жылдары 566,6 млн сом қаржы бөлінді. Оның бестен төрті ауыр индустрияны
дамытуға жұмсалды. Олардың ішінде Қарағанды шахталары, Шымкент қорғасын
және Балхаш мыс қорыту зауыттары, Ақтөбе химия комбинаты болды.
Екінші бесжылдық кезінде республикада Қарағанды көмір бассейні мен
Балқаш мыс қорыту комбинатын салу жоспарланды. Республиканың сол кездегі
экономикалық ресурстары мұндай күрделі құрлыстарды салуға мүмкіндік
бермейтін еді. Алайда соған қарамастан Кеңес үкіметі бұл құрылыстарды тез
аяқтау міндетін қойды. Қарағанды көмір өндіріс орындарын да тез қарқынмен
дамыту қажет болды. Себебі түрлі-түсті метал өндіру саласын тез дамыту
барысы елде көмір өнімдеріне деген сұранысты ұлғайтты. Ал сол кездегі
елдегі көмір өндіріс орындары сұранысты қамтамасыз ете алмады. Осыған
байланысты большевиктер төтенше жағдайда Қарағанды көмір өндірісінің бар
мүмкіндіктерін жұмылдыруға тырысты.
Қазақстанды индустриаландыру барысында Текелі полиметалл және Жезқазған
мыс қорыту комбинаттары, Өскемен қорғасын-мырыш зауыттары салына
бастады. 1933 жылы ақпан айында Шымкент қорғасын зауытының алғашқы пеші
жұмыс істеді. Бұлар Қазақстанда ғана емес бүкіл ел көлеміндегі түрлі-
түсті металдардарды өндіруші өте ірі өндіріс орындары болды. 1939 жылы
Шымкент зауыты бүкіл Одақтағы қорытылған қорғасынның 73,9 процентін
берді. Балқаш мыс қорыту зауыты республикадағы қорытылған мыстың 51
процентін берді. Осының бәрі Қазақстанды түрлі-түсті металдар шығарудан
одақ көлемінде 2 орынға шығарды.
Мұнай өндірісінен де Қазақстан алдыңғы орынға шықты. 1940 жылы мұнай
өндірудің көлемі 700 мың тоннаға жетті. Мұнай өндіруден Қазақстан Одақ
көлемінде 3 орынға шықты. Эмбі мұнай орны игерілді. Сағыз және Құлсары
мұнай орындары ашылды.
Қазақстанда химия өндірісі қалыптасты. 1933 жылы қарашада Ақтөбе
химия комбинаты мен Аралсульфат комбинаты да іске қосылды. 1928-1940
жж. темір жолдардың өсуі 50 процентке артып, оның ұзындығы 6581 км. жетті.
Қазақстан 20-жылдардың аяғы мен 30 жылдары, өте қысқа мерзімде аграрлы
елден индустриялы елге айналды. Большевиктер өлкені индустрияландыруды өте
жоғарғы қарқынмен жүргізді. Мысалы: Одақ көлемінде мұнай өндіру 1926-1940
жж. 3 есе көбейсе, Қазақстанда - 5,9 есе көбейді; көмір өндіру Одақ
бойынша 5,7 есе артса, Қазақстанда ол 77,4 есеге артқан; электр қуатын
өндіру Одақ көлемінде 23,7 есе артса, Қазақстанда–486 есе артқан, яғни
одақтық көлемнен 20 еседен артық болған; темір жолдар салу Одақ бойынша 1,4
есеге, ал Қазақстанда –3,1 есеге артқан.
Қазақстанда индустрияландырудың өте кең көлемде және жоғарғы қарқында
жүзеге асырылуы инженер-техникалық маман кадрларды қажет етті. Әсіресе,
1933-1934 жылдары өндіріс орындары мен ауыл шаруашылығы жаңа құрал-
саймандармен, машиналармен қамтамасыз етілді. Оларды игеру үшін маман
кадрлар қажет болды. Бұл мәселені шешу үшін қысқа мерзімді курстар, фабрика-
зауыт мектептері, техникалық минимум кружоктары ашылды. Өнеркәсіп орындары
шоғырланған қалаларда орта мамандандырылған оқу орындары ашылды. Жоғары
дәрежедегі маман кадрларды даярлау үшін республикада Қазақ мемлекеттік
университеті, Тау-металлургия институты сияқты алғашқы жоғары оқу орындары
ашылды. 1933-1937 жылдары жоғары оқу орындары мен техникумдар 13 мың
маман кадрларды даярлады. Сонымен қатар республиканың өндіріс орындары үшін
маман кадрларды Рессейдің орталық аудандарындағы жоғары оқу орындарында
даярлады. Алайда айта кететін бір жәй, Кеңес үкіметі өте күрделі инженер-
техникалық маман кадрлар даярлайтын жоғары оқу орындарын республикада
ашпады. Бұл мәселеде республика орталыққа тәуелді болды.
Қазақстанда өндірілген шикізаттарды өңдейтін өндіріс орындары
салынбады. Өлкені индустрияландыру барысында өнеркәсіп өндірісінің жүрегі
болып саналатын машина жасау бағыты, оның мынадай жетекші салалары:
станок жасау, автомобиль шығару, трактор, ауыл шаруашылығы машиналарын
жасау мүлде қамтылмады. Республиканы индустрияландыру тек шикізаттық
бағытта болды.
Осындай сипатта жүргізілген өлкені индустрияландыру саясатының қазақ
халқы үшін зардабы өте күрделі болды. Біріншіден, өлкенің экономикалық
дәстүрі толық өзгерді, өнеркәсіп саласының өркендетілуі ауыл шаруашылығы
өнімдеріне қарағанда өнеркәсіп өнімдері үлесінің көбейюіне әкелді.
Екіншіден, қала халқы санының артуына, қалалардың урбанизациялануы мен
күшеюіне әкелді. Қала халқының жартысы дерлік (47,5 %) 50 мыңнан астам
халқы бар қалаларда жинақталды. 1928-1939 жж. Қазақстан қалалары
тұрғындарының санының көші-қонымның нәтижесіндегі механикалық өсуі 1,8 млн
адамнан асты. Үшіншіден, көші-қонымның нәтижесінде демографиялық
өзгерістер болды, яғни Қазақстан көп ұлтты республикаға айналды.
Большевиктер өлкеге жұмысқа басқа ұлттардың алдыңғы қатарлы өкілдерін
әкелді деуге болмайды. Себебі кеңес үкіметі әртүрлі қылмысы үшін
сотталып, түрмеде отырғандардың еңбегін арзан жұмыс күші ретінде
пайдаланды. Сонымен қатар индустрияландыру саясаты республикада жергілікті
ұлт өкілдерінің санының азаюына да әсер етті. Төртіншіден, индустрияландыру
саясаты нәтижесінде өлкедегі ұлтаралық қарым-қатынас шиеленісті. Оның
себебі Орталықтан әкелінген европалық ұлт өкілдерінен шыққан партия, кеңес
қызметкерлері мен жұмысшылар қазақ қызметкерлері мен жұмысшыларына
менмендікпен жоғарыдан қарады. Мұндай көзқарас туралы фактілерді
құжаттардан көруге болады. Большевиктер, сонымен қатар ірі өндіріс
орындарынның басшылығына жергілікті ұлт өкілдерін жібермеуге тырысты.
Орталық үкіметтің нұсқауын бұлжытпай орындайтын адамдарды орталықтан
жіберіп отырды.
Қорыта айтқанда, большевиктер индустрияландыру саясатын жүзеге асыру
нәтижесінде өлкенің экономикалық даму үрдісіне толық өзгеріс әкелді.
Бұрынғы кезеңде жетекші орында болған ауыл шаруашылығы, әсіресе, көшпелі
мал шаруашылығы және оның өнімдері әрі қарай дамытылмай, дағдарысқа
ұшырады. Оның себебі большевиктік саяси басқару жүйесі өлкенің
экономикалық дамуының бағытын өзгертті, яғни халық шаруашылығының
жетекші саласы етіп өнеркәсіп өндірісін белгіледі және оның қарқынын
жеделдетті. Кеңес үкіметі экономикалық дамудың объективті заңдылықтарын
мүлде жоққа шығарды. Халық шаруашылығының барлық саласы әкімшіл-әміршіл
большевиктік басқару әдісіне бағынышты болды. Өлкенің бұл кездегі
өнеркәсіп өндірісінің дамуы шын мәніндегі индустриялық даму жолымен
жүргізілмеді. Кеңес өкіметі республиканы тек шикізат көзі етіп пайдаланды.
Сөйтіп, большевиктер патшалық Ресейдің өлкені экономикалық тұрғыдан отарлау
саясатын одан әрі жалғастырды.

3. Қазақстанда ауыл шаруашылығын ұжымдастыру.

Большевиктер 20-шы жылдары ЖЭС-ті ұзақ мерізімді саяси стратегия деп
есептеді. Сондықтан, олар ЖЭС аясында шаруа қожалықтарын біртіндеп
кооперативтендіру арқылы ауыл шаруашылығын социалистік жолмен қайта құруды
көздеді. Шаруалар кооперациясы мемлекеттік тұрғыдан еріксіз күштеу арқылы
емес, керісінше экономикалық қажеттіліктен туындайтын қозғалыс болу керек
еді.
Алайда, большевиктер қазақ ауылында әлеуметтік теңсіздікті жою
мақсатында шабындық және жайылымдық жерлерді бөліске салды. Ф. Голощекин:
“Жайылымдық жерді бөлу деген не?“ дей отырып, бұл науқанға зор екпін беру
үшін және өз төңірегіндегі большевиктерді жігерлендіру үшін “Бұл кіші
Қазан“ – деді.
Қазақстан Орталық Атқару Комитеті-і (ҚОАК) және Халық Комиссарлар
Кеңесі (ХКК) 1926 ж. 20 мамырда “Жерге орналаспай жерді пайдаланатын
көшпелі және жартылай көшпелі аудандардың шабындық және егістік жерлерін
уақытша қайта бөлу туралы” заң қабылдады. Оған сол кездегі Халық
Комиссарлары Кеңесінің төрағасы және Орталық Атқару Комитеті төрағасы
қызметін уақытша атқарушы Н. Нұрмақов қол қойды. 1927 ж. 3 ақпанда бұл
заңға ішінара толықтыру енгізілді. Онда шабындық және жайылымдық жерлер
жан басына қарай бөлінетінін, мұндай бөлініс мүмкін болмаған жағдайда үй
басына қарай бөлінетіні туралы атап көрсетілді. Бұл жұмысты жоғарыдан
жүргізу Қазақстанның Егіншілік халық комиссариатына тапсырылды және
бұған жоғарғы қарқын беру үшін губерниялық, уездік және округтік атқару
комитеттері жанынан ерекше жедел “бестіктер“, ал болыстық атқару
комитеттері мен ауылдық кеңестер жанынан “үштіктер“ ұйымдастырылды.
Конституциялық тұрғыдан мұндай заңсыз құрылған бұл “бестіктер“ мен
“үштіктер“ құрамдары жергілікті атқару комитеттері мен ауылдық кеңестерде
бекітілді. Шабындық және жайылымдық жерлерді бөлу науқанына байланысты
құрылған бұл төтенше және заңсыз органдар кеңес үкіметінің басқа да
шараларын жүзеге асыруда таптырмас әдіс болды. Қазақстанда большевиктер
1926-1927 жылдары 1250 мың десятина жайылымдық және 1360 мың десятина
шабындық жерлерді бөлді. Бөлінген шабындық жердің 61,6 %-ін кедейлер,
8,8%-ін ауқаттылар алды. Ал жайылымдық жердің 59,3% кедейлерге, 31,7%
орташаларға және 9% ауқатты қожалықтарға берілді.
Ф.Голощекин алғаш “Кіші Қазан“ төңкерісін бір ғана әлеуметтік-саяси
науқанмен, яғни шабындық-жайылымдық және егістік жерлерді қайта бөлумен
аяқтай аламын деген пікірде болды. Большевиктер жерге орналастыру жөніндегі
бұл шара әсіресе ауылдағы байға өте тиімді болып отырған жерді дәстүрлі
қауымдық (рулық) пайдалануды жояды деп есептеді.
Алайда Ф.Голощекин бастаған Қазақстан большевиктерінің қазақ қоғамына
байланысты жүргізген бұл шаралары қазақ ауылында Кеңес өкіметінің жеңісін
қамтамасы ете алмады. Оның себебі бұл реформа алғашқы кезден-ақ қате
тұжырымдарға негізделген еді. Біріншіден, қазақтың дәстүрлі шаруашылық
жүйесі сақталып отырған жағдайда шабындық және жайылымдық жерлерді жәй
бөліске салу еш нәтиже бермеді. Екіншіден, шабындық және жайылымдық жерді
бөлудің өзі дәстүрлі егін шаруашылығы жүйесіндегі заңдылықтар жетегінде
қалып қойды, яғни шабындық және жайылымдық жерлерді бөлу шаруа
қожалығындағы отбасы мүшелерінің санына байланысты жүргізілді. Ал қазақтың
дәстүрлі шаруашылығында, керісінше, жерді малдың санына қарай иемденді,
яғни көшпелілер үшін жайылымға сұраныс мал басының санына және оның
құрамына байланысты болды. Үшіншіден, жартылай көшпелі аудандардағы жер
бөлінісі нәтижесінде жерге ие болған шаруалар үшін бұл кезеңде ол жерлерден
келер пайда жоқ еді. Себебі ауылдағы кедей шаруалардың қожалықтары ғана
емес, тіпті орта шаруа қожалықтары да бұл кезеңде ауыл-шаруашылық құрал
саймандарына, егетін тұқым және т.б. заттарға өте зәру болды. Мысалы, 1928
жылы республикада 1927 жылғы есеп бойынша 800 мың қазақ шаруа қожалықтары
бар болғаны 124 мың өте қарапайым еңбек құралдарына ие болды. Олар 54 мың
соқа, 0,5 мың тұқым себетін машина, 13,5 мың шөп шабатын шалғы, 9,4 мың
тырма т.б. Бұл еңбек құралдары сан жағынан алғанда көлге тамған тамшыдай
ғана еді және оның сапасы да өте төмен болды. Тіпті әлеуметтік тұрғыдан
келгенде Петропавл округінде еш құрал-сайманы жоқ щаруа қожалығының
мөлшері 95,5%, ал орта шаруа қожалықтары 83,2 % болса, Павлодар
округінде 99,45% және 85,8 5%, Қызылорда округінде 72,95% және 69,15%
болған. Шаруашылық құралдардың жетіспеуі, әрине, кедей қожалықтарын өз
үлесінен бас тартып, бөлінген жерлерді бұрынғы иесіне қайтаруға мәжбүр
етті.
1927 жылы желтоқсанда ірі бай шаруашылығын тәркілеу жөніндегі заң
жобасын әзірлейтін арнайы комиссия құрылды. 1928 жылы наурызда Қазақстан
Өлкелік комитетінің бюросы ол заң жобасын бірнеше рет қарап, нақтылады.
Осы жылдың тамыз айында Өлкелік комитет тәркілеу науқанына тікелей
басшылық жасайтын комиссия ұйымдастырды. Комиссияның төрағасы болып Е.
Ерназаров тағайындалды, оның құрамына О. Исаев, Н. Нұрмаков, Г. Тоғжанов,
О. Жандосов және т. б. кірді. 1928 жылдың 27 тамызында Орталық Атқару
комитеті мен Халық Комиссарлары Кеңесінде тәркілеу жөніндегі заң жобасы
қабылданды. Республиканың барлық аудандарына тәркілеуді өткізу жөнінде
нұсқаулар жіберілді.
Заң бойынша малы, дүние-мүлкі тәркіленіп, өзі жер аударылуға тиісті ірі
байларға: көшпелі аудандарда ірі қараға шаққанда 400-ден астам малы бар,
жартылай көшпелі аудандарда 300-ден астам малы бар, отырықшы аудандарда
150-ден астам малы барлар және бұрынғы сұлтандар мен хандардың ұрпақтары
жатқызылды.
1928 жылы тамыздың 30-да Қазақ АКСР ХКК-нің “Қазақстанның көшпелі,
жартылай көшпелі және отрықшы аудандарын белгілеу туралы” арнайы қаулысы
қабылданып, соған сәйкес аудандар белгіленді. Науқанды 1928 жылдың 1
қарашасында аяқтау жоспарланды, яғни бір ай ішінде бітіру керек деп шешті.
Кейінірек ол тағы 10 күнге ұзартылды. 1928 жылғы 30 тамыздағы қаулыға
сәйкес сонымен қатар тәркіленгендерді жер аударуға тиісті аудандар да
анықталды.
Тәркілеуге байланысты декретте әсіресе, көшпелі аудандардағы шаруа
қожалықтарына деген қаталдық айқын болды. Осы көшпелі аудандағылардың малы
тәркілеу мөлшерінен аз болған күннің өзінде де, егер бұл адамдар ауылда
ықпалды болса, кеңестендіруге қауіпті элемент ретінде жер аударылуға тиіс
болды. Тәркілеу туралы ереже бойынша жер аударылғандардың бәрі сайлау
құқығынан айырылды.
Байларды тәркілеуді жүзеге асыру үшін комиссиялар құрылды. Уәкілдер
бастаған комиссия мүшелері тәркілеу барысында кеңес үкіметінің нұсқауларын,
яғни байларды тәркілеу туралы ережені өрескел бұрмалады. Ауыл белсенділері
жоғарыдан келген уәкілдің қолдауымен тіпті ауқатты адамдарды да қыспаққа
түсірді.
Республика көлемінде барлығы 696 “бай-феодалдар” тәркіленді. Қазақ
қоғамында ірі байлардың көп болмағанын осы 1928 жылғы жүргізілген тәркілеу
барысы мен оның нәтижелері көрсетіп берді. Алдын-ала жасалған жоспар
бойынша үкімет жоғарыдағы байлардан 225972 бас малды тәркілейміз деп
үміттенген еді. Бірақ үміт ақталмады, барлығы 144474 бас мал ғана
тәркіленді: бұл белгіленген жоспардың 64%-і ғана. Оның себебі алдын-ала
жасалынған малдың есебі дұрыс емес еді. Қазақстан басшылығы кейіннен оны
мойындауға мәжбүр болды. Барлық тәркіленген малдың 10,2% отрықшы
аудандардан, 83,3% жартылай көшпелі аудандардан және 6,5% көшпелі
аудандардан еді. Тәркіленген малдың 118919 басы жеке шаруашылықтарға
(74,3%) және колхоздарға (25,7%) таратылып берілді. Тәркіленген малдар
негізінде жаңадан 292 колхоз құрылды.
Көптеген қазақ партия-кеңес қайраткерлері тәркілеуге қарсы шықты. Олар
қазақ қоғамынның экономикалық деңгейінің төмен екенін, сондықтан да
әлеуметтік сілкіністерге бармай, ауқатты шаруа қожалықтарына салық мөлшерін
көбейту шаралары арқылы реттеуді ұсынды. Ал большевиктер болса бұл
пікірлерге құлақ аспай, таптық принциптерінен ауытқымай, сол мақсатқа жету
жолында күшпен тәркілеу идеясын жүзеге асырды. Қазақ байларын тәркілеу
Қазақстандағы күшпен ұжымдастыру саясатының бастамасы болды. Байларды
тәркілеуден қазақ кедейлері материалдық жағынан да, рухани жағынан да
ештеңе ұтқан жоқ. Керісінше, байлардың малын тәркілеу қайыршыланған
ауылдар халқының өсуіне әкелді. Қазақстандағы ауқатты шаруа қожалықтарын
тәркілеу мал шаруашылығының даму қарқынын тежеді.
Қазақстанда большевиктер ауыл шаруашылығын социалистік жолмен қайта
құру тәжірибесінде тәркілеу саясатымен шектелмеді. Шаруа қожалықтарын
біртіндеп, ерікті түрде коперативтендіру арқылы социалистік ірі ауыл
шаруашылық ұжымына біріктіру туралы 1927 жылы желтоқсанда өткен партияның
ХУ съезінің шешімдерін жүзеге асыруға кірісті. Алайда үкімет біртіндеп
құрылып жатқан колхоздарға материалдық жағынан көмекті күшейту шарасының
орнына, керісінше нұсқаулар беру арқылы күштеу әдістерінің кең етек алуына
жол ашты. Орталық билік колхоз құрлысындағы біртіндеп өз-бетінше жүріп
жатқан қозғалысты жоспарлы іс-әрекетке ұластырды. Үкімет органдарының
жоспарлаған межелерін партия ұйымдары да қайта талқылады, соның нәтижесінде
жоспардың өзі бірнеше рет өзгерістерге ұшырады. Ал енді бес жылдық
жоспарды белгілеу кезінде мемлекеттік жоспарлау комитеті бұл жоспардағы
санды тағы ұлғайтты.
Жергілікті жерлерде жоғары басшылық белгілеген межеден асып түсу үшін
күрес басталды. Оның күшеюіне Қазан революциясының 12 жылдық мерекесіне
орай Правда газетінде жарияланған Сталиннің “Ұлы бетбұрыс жылы” деген
мақаласы түрткі болды. Сталин “шаруалар жаппай мақтау тұтып келген жеке
меншік туын лақтырып тастап, ұжымдастыру релсіне көшуде” деген пікір
айтты. Ал 1929 жылы 10-17 қарашада өткен Б(б)КП Орталық Комитетінің
пленумында Молотов та келесі жылы тек “ұжымдастырылған облыстар ғана емес
ұжымдастырылған республикалар туралы да айтуға болады” деген көзқарасты
білдірді.
1930 жылы 5 қаңтарда БК(б)П Орталық Комитеті Ұжымдастыру қарқыны және
мемлекеттің колхоз құрылысына көмек шаралары туралы қаулы қабылдады.
Қаулыда Орталық комитет жаппай ұжымдастыруды жүзеге асыру үшін елдің
аудандарын үш топқа бөлді: Бірінші топқа осы ұжымдастыруға белгілі мөлшерде
даяр деп есептелінген таза астықты аудандар жатты. Оларға Орта және
төменгі Волга, Солтүстік Кавказ аудандары кірді. Ол аудандарда шаруа
қожалықтарын социалистік жолмен қайта құруды 1931 жылдың көктемінде аяқтау
белгіленді; Екінші топқа елдің Украина, Орталық қара топырақты облыстар,
Сібір, Орал, Қазақстанның астықты аудандары жатты. Бұл аудандарда
ұжымдастыруды аяқтау мерзімі бір жылға ұзартылды, яғни шаруа қожалықтарын
ұжымдастыруды 1932 жылдың көктемінде аяқтау қажет болды; Елдің бүкіл басқа
өлкелері мен облыстары үшінші топқа енді. Бұл жерлерде шаруа қожалықтарын
ұжымдастыруды 1933 жылдың көктемінде, яғни бірінші бесжылдықтың аяғына
қарай аяқтау жоспарланды. Көшпелі қазақ ауылдары осы үшінші топқа
жатқызылды.
Алайда Қазақстанда ұжымдастыру елдің басқа аймақтарымен салыстырғанда
баяу жүргізілуі тиіс деген пікірге Ф.И.Голощекин мүлде қосылмады. Ол
Қазақстанның кенже дамыған аймақ екеніне қарамай, ұжымдастырудың жоғары
қарқынын мақтаныш етті. Голощекин Жер халық комиссариатының комиссары
Яковлевке (ол Бүкілодақтық ауылшаруашылық ұжымдары кеңесінің төрағасы) және
РКФСР ХКК төрағасының орынбасары Т. Рысқұловқа жіберген жеделхатында 1929-
1930 жылдары республикада ұжымдастыруды күшейту үшін жоспардың қайта
қаралғанын, сөйтіп 1930 жылдың күзіне қарай ұжымдастырумен 350 мың
шаруашылықтың қамтылатынын көрсетті. Осыған байланысты бүкіл
республикадағы ұжымдастыру жоспары қайта қаралды.
Қазақстанда 1928 жылы шаруа қожалықтарының тек 2 проценті ғана
ұжымдастырылса, 1930 жылы 50 проценті, 1931 жылдың қазанында 65 проценті
ұжымдастырылды, яғни ұжымдастыру қарқыны жеделдетілді. 1931 жылы
республикадағы 122 ауданның 78 ауданында ұжымдастырумен 70-тен 100
процентке дейін шаруа қожалықтары қамтылды.
Шаруа қожалықтарын ұжымдастырудың жеделдетілген қарқыны күштеп жүзеге
асырылды. Ұжымдастыруды жүзеге асыру барысында еріктілік, қоғамдастыру
принциптері толық бұрмаланды. Ұжымдастыруға байланысты жүргізілген
шараларда кімнің осы шараға қарсы екенін айқындау бірінші орынға қойылды.
Кімде-кім қарсы болса, ол тіптен кедей шаруа болса да, тап жауы қатарына
жатқызылды. Ұжымдастырылған шаруашылықтарға жұмыс күші болып саналатын
малды ғана қоғамдастырудың орнына, барлық малды түгелдей алу шаралары
жүргізілді. Күштеу, зорлық-зомбылық көрсету арқылы ұжымдастыру шаралары
тездетілді. Күштеп ұжымдастырушылар қазақ қоғамындағы дәстүрлі мал
шаруашылығының ерекшелігін мүлде еске алмады. “Асыра сілтеу болмасын, аша
тұяқ қалмасын”, “Қайдан тапсаң онан тап, қаптың түбін қақ”, “Социализмде
сотқа тартылмаған адам болмайды” деген ұр да жық ұрандар елдің түбіне
жетті.
Алайда ұжымдастыруды жүзеге асыру барысында жіберілген зорлық-
зомбылықтар Орталық Комитеттің 1930 жылы 14 наурызда қабылдаған “Колхоз
қозғалысындағы партия бағытын бұрмалаушылықпен күрес туралы” қаулысында
партия бағытын бұрмалау деп қана бағаланды. Большевиктік орталық билік
ауыл шаруашылығында жүргізіліп жатқан шаралардың бәрін дұрыс деп есептеп,
кемшіліктерді жіберіп отырғандармен күресу қажет деді. Ол кемшіліктердің
жалпы жүргізіп отырылған саясаттың қателігінен екендігі, яғни үкіметтің
шешімдері мен солақай нұсқаулары нәтижесінде болып жатқаны мойындалмады.
Күштеп ұжымдастыру науқаны кезінде ауылда әлеуметтік жіктеу саясаты өте
жоғары қарқынмен жүргізілді. КСРО ОАК мен ХКК-нің 1930 жылы 1 ақпанда
қабылдаған “Жаппай ұжымдастыру аудандарындағы ауыл шаруашылығын социалистік
қайта құруды нығайту және кулактармен күрес шаралары туралы” қаулысы
негізінде ауқатты шаруа қожалықтарына қарсы ашық террор басталды. Шаруа
қожалықтарынан бай-кулактарды бөліп алып, оларды тап ретінде жою жүзеге
асырылды. Бай-кулактарды үш топқа бөліп жазалады. Бірінші топқа
контрреволюцияшыл белсенділер жатқызылды. Ондай топқа енген шаруалар бірден
тұтқындалып, олардың ісі сотқа берілді. Екінші топқа ірі кулактар
жатқызылды. Бұл топқа енген шаруаларды да бірден ұстап, солтүстікке немесе
жаппай ұжымдастыру аудандарынан алыс аудандарға жер аударды. Ал, үшінші
топқа кулактар отбасылары жатты. Оларды сол ұжымдастыру аудандарындағы
колхоздар бөлген жерлерге қоныстандырды.
Енді осы шаралардың жүзеге асырылуы барысында жазалануға белгіленген
топтармен қатар сол үкім шығарылып, жазаға тартылғандар арасында
орташалар, тіптен кедейлер де болған. ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақстан тарихының батыс деректемесінен көрініс табуы
XX ғ. 20 -30 жж. Қазақстандағы демографиялық мәселелер
XX ғасырдың 20-30- жылдарындағы қазақ тіліндегі мерзімді баспасөзі: шығу тарихы мен деректік маңызы
Қазақ зиялылары естеліктеріндегі тоталитарлық қоғам мәселесі
Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның экономикалық даму шаралары
Қазақстандағы кеңестік мәдениет ошақтарының қалыптасуы
Оқу-ағарту, ғылыми мекемелер мен өнер саласындағы мәдениетті қалыптастырудың алғышарттары
Нацистік Германия мен сталиндік Кеңес одағындағы тоталитарлық жүйелердің қалыптасу және даму тарихы
Қазақстан кеңестік тоталитарлық жүйенің қалыптасу кезеңінде
Соғыс қарсаңындағы әлемдік халықаралық дағдарыстың салдары
Пәндер