XIX ғ. II жартысындағы Түркістан қаласындағы отарлық билік жүйесінің қалыптасуы мен қызметі


Пән: Қазақстан тарихы
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 69 бет
Таңдаулыға:   

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

Қ. А. ЯСАУИ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАЗАҚ-ТҮРІК УНИВЕРСИТЕТІ

ӘОЖ 958. 4: 939. 6

Қолжазба құқығында

А. Мырзабаева

XIX ғ. II жартысындағы Түркістан қаласындағы отарлық билік жүйесінің қалыптасуы мен қызметі

6М020300 - ТАРИХ мамандығы бойынша тарих ғылымдарының магистрі академиялық дәреже алу үшін магистерлік диссертация

ТҮРКІСТАН - 2014

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

Қ. А. ЯСАУИ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАЗАҚ-ТҮРІК УНИВЕРСИТЕТІ

Қорғауға жіберілді:

Қазақстан тарихы кафедрасының

меңгерушісі, т. ғ. к., доцент

Е. Абдраманов

«___»20__ ж.

Магистерлік диссертация

XIX ғ. II жартысындағы Түркістан қаласындағы отарлық билік жүйесінің қалыптасуы мен қызметі

мамандығы: 6М020300 - ТАРИХ

Магистрант А. Мырзабаева

Ғылыми жетекшісі,

т. ғ. к., доцент А. Д. Сандыбаева

ТҮРКІСТАН - 2014

МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ . . .

1. ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА РЕСЕЙДІҢ ОТАРЛЫҚ БИЛІГІНІҢ ОРНАУЫ . . .

1. 1 Патшалық Ресей билігінің орнауы қарсаңында Түркістан қаласының саяси жағдайы . . .

1. 2 Түркістан қаласын орыс әскерлерінің жаулап алуы . . .

1. 3 ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Түркістан қаласында отаршылдық билік жүйесінің құрылуының тарихи және саяси алғышарттары . . .

2. ОТАРЛЫҚ БИЛІК ТҰСЫНДАҒЫ ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ САЯСИ, ӘЛЕУМЕТТІК, ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖАҒДАЙЫ . . .

2. 1 Түркістан қаласы аумағында отарлық билік құрылымдарының қызметі мен сипаты . . .

2. 2 Отарлық билік тұсындағы Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық модернизациясы . . .

ҚОРЫТЫНДЫ . . .

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ . . .

КІРІСПЕ

Зерттеу жұмысының өзектілігі. Тәуелсіз қазақ мемлекеттілігінің жағдайындағы ұлттық сананың жаңғыруы тарихи танымның көкжиегін кеңейтіп, отандық тарихтың өзекті мәселелерін ғылыми тұрғыда қайта бағалауды қажет етуде. Тарихи үдерістерді шынайы да жан-жақты, әрі қасаң әдістемелік қағидаларға ұрынбай еркін бағалайтын бұндай ізденістер еліміздің әлемдік қауымдастықтың алдындағы орнын айқындауға қызмет жасайды.

Қазіргі кезде тәуелсіз қоғамымызда тәуелсіз тарихи сана қалыптастыру - басты міндеттердің біріне айналып отыр. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев атап көрсеткендей: «Қазақ тарихы фактілердің өлі қоймасы емес, бұл өзі орасан дәйектеуші және дәлелдеуші күш» деп атап көрсеткен болатын [1] . Бұл тұжырым теориялық және әдіснамалық тұрғыда тарихи сананың жаңару үдерісіндегі тарих ғылымының кешенді міндеттерін айқындайды.

Соған орай еліміздің тарихына көптеген деректік материалдарды ғылыми айналымға енгізіп, одан әрі тереңдетіп зерттеу жұмыстарын жүргізгеніміз абзал. Соның ішінде Қазақстанның саяси-әлеуметтік ахуалын терең түсінуде патшалық Ресейдің үстемдігі тұсындағы жекелеген аймақтардағы ерекшеліктерді нақтылы материалдар негізінде зерттеудің маңызы зор.

Осы себепті, ұлттық «менді» тануды отандық тарихты қайта бағамдау деп санайтын болсақ, жекелеген аймақтардың бірі - Түркістан қаласының тарихы еліміздің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал жасаған қалалардың бірі.

Біржарым ғасыр уақыт бойы қазақтардың Ресейге тәуелді болуы халықтың жандүниесіне әсер етті. Біртіндеп, зорлықпен танылған көзқарас мүлде дұрыс делініп, үстемдік алды. Бұл әрбір қазақтың еркін ойлап, белсенді қимыл көрсетуіне кедергі жасады. Осының барлығы халқымыздың өткен тарихына деген дұрыс көзқарасынан айырылып қалуына алып келді.

Бұл күні, енді тәуелсіз ел ретінде, мұндай көзқарастың біржола азат болу қажеттігі туды. Әрине, тарихымызды жазғанда Кеңес Одағынының тарап, бұрыңғы одақтас республиқалардың өз тәуелсіздігін алып, дербес мемлекеттер болуынан кейін өткен тарихты қайта жазған кезде көршілес жатқан елдермен айтыс-тартыс туғызады-ау деген мәселелерді дұрыс қарастырудың өзінің маңызы зор. Осындай байыппен қарайтын мәселелердің бірі - қазақ жерінің оңтүстік өңірін соның ішінде Түркістан қаласын Ресей империясының қару күшімен тартып алуы.

Бұл кезеңде Ресей империясы мен Қоқан хандығының арасындағы оңтүстік өңірі үшін жарты ғасырдай уақытқа созылған текетіресінде патша үкіметінің мақсаты бұл өңірдегі қазақтарды қоқандықтардың билігінен азат ету емес, керісінше, бүкіл Орталық Азия халыктарын күштеп бағыңдыру еді.

Ресей тарапынан оңтүстік өңірде ХІХ ғасырдың 60- жылдарынан бастап әскери-отарлау әрекеттерін анық жүргізуге ашық ұласты. Өз үстемдігін күшпен орнатқан кезден ХХ ғасырдың басына дейін жалғасқан Ресейдің әскери-отарлау саясаты күрделі де әрқилы әрекеттердің жиынтығынан тұрды.

Тарихшылардың зерттеу жұмыстарының басты бағыты нақты тарихи құбылысты қарастыру болып табылады. Түркістан қаласының саяси, әлеуметтік-экономикалық тарихын зерттеу арқылы барлық шым-шытырық қайшылыққа толы кезеңдердегі жалпы Қазақстан аумағының тарихына тереңінен талдау жасауға мүмкіндік туындайды. Түркістан ел тарихындағы орны әрқашан да елеулі болған.

Орта Азиядағы тәуелсіз мемлекеттер тарихының мазмұнында осы кезге дейін қалыптасқан тұжырымдары қайта қараудағы күрделі де түйінді зерттеу нысанының бірі - Түркістан тарихы. Бұл тақырып отандық тарихшылар тарапынан біршама зерттелгенімен геосаяси ерекшеліктерді ескере отырып, концептуалды тұрғыда байыпты қарастыруды қажет етеді. Ежелден бір-бірімен тығыз әлеуметтік-экономикалық ықпалдастықта өмір сүрген туыс халықтардың жарты ғасырдан астам тарихи Ресейдің отарлық билігінің құрамында Түркістан генерал-губернаторлығы деген атпен саяси-әкімшілік құрылымда болуы объективті тұрғыда қарастырар болсақ, қарама-қайшылықты мазмұнымен аса күрделі сипат алды. Қазіргі заманғы ғылыми зерттеу бағыттарының міндеттері осы күрделі тарихи құбылыстың себеп, салдары байланыстарын, ортақ заңдылықтары мен ерекшеліктерін айқындауды тың әдіснамалық тәсілдерді қолданып игеруді қажет етеді.

Осылайша, таңдалған зерттеу жұмысы тақырыбының өзектілігі айқындалып, оның маңыздылығы ешқандай да күмән тудырмайды деп есептейміз.

Тақырыптың зерттелу деңгейі . Түркістан қаласының ХІХ ғ. екінші жартысында орыс әскерлерінің басып алуы кезеңдегі тарихының сипаттық ерекшеліктері оны арнайы тақырып етіп зерттеуді қажет етеді. Өйткені бұл кезеңде Түркістан өлкесінің Ресей отарына айналуына қатысты жарық көрген еңбектердің тарихнамалық сипатынан деректік мазмұны басым болып келеді. Сол еңбектердің арасында тікелей Түркістан қаласының тарихына арналған еңбек ретінде А. И. Добромысловтың зерттеуін бөлек атауға болады [2] . Аталған еңбектің маңыздылығы сол, онда Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық және саяси-мәдени өміріндегі ерекшеліктері алғаш рет біршама толық күйінде баяндалды және Ресейдің орталығына қала туралы тарихи ұғым қалыптастыруға қызмет етті. Түркістан генерал-губернаторлығына байланысты мұрағат құжаттары, ел ішінен жинаған аңыз-әңгімелер негізінде жазылған бұл еңбектің маңызы зор.

Ал Түркістандағы отарлық биліктің әртүрлі дәрежедегі шенеуніктері де өздері басшылық жасаған салалар бойынша бірқатар тарихнамалық сипаттағы еңбектер жазып қалдырды. Солардың қатарында А. И. Макшеев, П. Пашино, В. Наливкин, М. Венюков.

Сондай-ақ А. И. Макшеев Қоқан хандығы мен патшалық Ресейдің ХІХ ғасырдың 50 жылдарының басындағы қарым-қатынасы туралы, Сыр бойындағы қазақтардың тұрмыс-тіршілігі жөнінде құнды мәліметтер келтірген [3] .

Біздің зерттеуміз үшін Қазақстанның оңтүстігін Ресейдің жаулап алуы туралы құжаттардың мәліметтері үлкен ғылыми мәнге ие. П. И. Пашино очерктерінде жергілікті халықтың алғашқы кезде орыс әскерлеріне өздерін ортаазиялық хандықтар езгісінен құтқарады деген сеніммен қарағаны туралы, ал олардың Сыр бойы қалаларын басып алу барысындағы қатыгездіктерінен кейін түңілгені туралы деректер мен авторлық пайымдаулар молынан кездеседі [4] . Ол Ресей патшалығы әкімшілігінің іс-әрекеттерін ашық сынағаны үшін Ташкентттен шұғыл түрде Ресейге кері қайтарылған болатын. Сол сияқты В. Наливкиннің Қоқан хандығының тарихына арналған көлемді еңбегінде Қазақ жері үшін Ресей-Қоқан арасындағы талас-тартыс, қарулы қақтығыстар жөнінде мол мәліметтер кездеседі [5] . В. Наливкин өз еңбегінде қаталдығы үшін «Залым хан» аталған Әлімханның Түркістан, Қаратау аймағы мекендеген қазақттарға жасаған қанқұйлы жорықтары туралы да тарихи мағлұматтар келтірген.

Сол сияқты Іле өңірін жаулау кезінде 1859-1860 ж. ж. зерттеу жұмысын басқарған штабс-капитан М. Л. Венюков оңтүстік өңірі қазақтар туралы, олардың орыстарға қалай қарағаны туралы едәуір мәліметтер береді [6] .

Қазақстанның оңтүстік батыс және батыс бөлігіне және Орта Азияға саяхат жасаған А. К. Гейнс қазақтардың тұрмысы және орыстардың қалай жаулап алуы туралы көптеген мәлімет жинады. Осындай саяхаттар негізінде А. Гейнс М. Черняев басқарған арнаулы әскери корпустың Оңтүстік Қазақстанды Ресейге зорлап бағындыру барысындағы шектен асқан қаталдығы сол оқиғаларға куә болған өкілдерінің мәлеметтері негізінде баяндалған [7] .

Патша өкіметінің оңтүстік өңіріндегі басқару жүйесі туралы деректер Ресейдің әскери әкімшілік басқару аппаратында қызмет жасаған М. А. Терентьев, А. П. Хорошкин, Н. М. Гродеков және тағы да басқа зерттеушілердің еңбектерінде кездеседі [8] . Аталмыш авторлардың негізгі бөлігі Ресейдің аймақты жаулау соғыстарына қатысқан, кейін уездің әкімшілік басқару жүйесінің түрлі салаларында қызмет жасағандар болды.

Қоқан билеушісі Әлімқұл мен Түркістанды қарудың күшімен алған Н. А. Веревкин, Әулиеата, Шымкент, Ташкент қалаларын алған М. Черняев әскерлерінің шайқастары жөнінде белгілі өлкетанушы Е. Т. Смирнов 1899 жылы шығартқан Ахмет Кенесариннің «Кенесары және Сыздық сұлтандар» еңбегінде осы қалалар жөнінде көптеген мәліметтер бар [9] .

Жалпы алғанда, зерттеліп отырған тақырыпқа байланысты орыс ғалымдары мен саяхатшыларының ХІХ ғасырда жарық көрген еңбектерінде ортақ ерекшелік - оларда қазақтардың Қоқан билігінен құтылып, Ресей империясының қарамағына өтуі - тек қана прогрессивтік сипатқа ие болғаны деп бағаланды. Оларда Қоқан-Ресей қарама-қайшылығы басталғанға дейінгі кездің өзінде-ақ патша үкіметінің отарлау барысында жер-жерде жергілікті тұрғындарға жасалған зорлық-зомбылық айтылмады, бұған қарсы халық наразылығы бұрмаланып көрсетілді, ал Қоқан қоластындағы қазақ қалаларын Ресейдің әскери отарлау саясаты нәтижесінде қарулы күшпен тартып алуы кезінде қаншама бейбіт халықты қырғынға ұшыратқандығы жөнінде бар шындық ашып көрсетілмеді.

Кеңестік дәуірдің зерттеушілері патша өкіметі саясатындағы оңтүстік аймақтың орны мен патшалық отарлау ерекшелігі, жүргізілген әкімшілік реформалар нәтижесі, қазақ қоғамының саяси экономикалық дамуының, қоныстандыру нәтижелері жөнінде құнды еңбектер жазды. Бірақ көпшілігі тарихи шындықты орыс империясының өздерінің шовинистік саясатына қарай бұра тартып, ұлы орыс халқының ағалық қамқорлығын дәріптеді.

Қазақстан мен Орта Азияның Ресей құрамына енуі және саясат, экономика, мәдениет салаларында болған өзгерістерді зерттеген тарихшылар: Н. Г. Апполова, Е. Б. Бекмаханов, М. П. Вяткин болды.

Ресейдің Қазақстанда жүргізген отарлық саясаты мен Қазақстанның Ресей құрамына «өз еркімен қосылуы» жөніндегі пайымдаулар көптеген кеңес тарихшыларының еңбектерінде айтылады. Соның бірі, Н. Г. Апполова [10] . Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылуының «прогресивті» рөлімен қатар, қазақ жеріндегі салынған бекіністердің біртіндеп ішке қарай ене бастауын, орыс отаршылдарының барған сайын қазақ жерін тартып алып, өздерінің меншігіне айналдырғанын шындыққа сай баяндаған.

Ресей мен Қазақстанның ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы қарым-қатынастары туралы аса мол мұрағат құжаттарын ғылыми айналымға енгізген ғалымдарының бірі Е. Бекмаханов [11] . Кенесары бастаған ұлт-азаттық қозғалыстың басты себебі - халқымыздың ата қоңысынан айрылып қалғандығы болғандығын баса көрсетеді.

М. П. Вяткин Ресей патшалығының жаңа әкімшілік реформаларын жүзеге асырудағы басты мақсаты осы өңірдегі отарлық тәртіпті күшейту мүдделерінен туғандығын ашып көрсетуге тырысқан [12] . Ол Ресей патшалығының Қазақстандағы хандық билік жүйесін жоюдағы және оның территориялық реформаларын жүзеге асырудағы басты мақсаты осы өңірдегі отарлық тәртіпті күшейту мүдделерінен туғандығын дәлелді көрсетті.

Ортаазиялық хандықтар мен патшалық Ресей империясының арасындағы қарама-қарсылықтың қалай шешілгені жөнінде П. Г. Галузо еңбегінде [13] едәуір орын берілген. Ол патша үкіметінің отарлық саясатының негізгі мақсатын оңтүстік өңірі мысалында ашық көрсеткен.

Б. С. Сүлейменовтың, Г. С. Сапарғалиевтің еңбектерінде XIX ғ. - XX ғ. бірінші жартысындағы Қазақстанның әкімшілік-саяси басқару жүйесінің іс-әрекеті, қызметі, саяси дамуы сипатталған [14] . Осындай жұмыстар қатарына К. Жиренчиннің «Политическое развитие Казахстана в XIX - нач. XX века» еңбегі жатады [15] .

Патшалық Ресейдің экономикалық және отарлау саясатын зерттеген еңбектерге А. П. Погребенский, К. Р. Несіпбаева, Н. Э. Масанов, Р. Бекназаров, Д. И. Дулатованың еңбектерін жатқызуға болады [16] .

КСРО-ның ыдырауы кезеңі мен тәуелсіздік жылдарында тарихнамасы көптеген жаңа жарияланымдармен толыға түсті, алғашында олардың негізгі бөлігі газет-журнал мақалалары түрінде болып келді. Осы уақытқа қарай зерттеушілер өткен дәуірді бағалаудың сапалық тұрғыдан жаңа әдістанымдық тәсілдерін жасау қажеттілігі негіздеуге және заманауи тарих ғылымына арналған ғылыми-теориялық базаны дайындауға қол жеткізді.
С. Мадуанов, З. Т. Садуакасова, Х. М. Тұрсұн және т. б. авторлардың [17] зерттеулерінде мол құжаттық материал негізінде Ресейдің Түркістандағы отарлау саясатының мазмұны ой екшеуінен қайта өткізілді, өлке халықтарының ұлт - азаттық күресі тарихындағы белгісіз беттер жария етілді, қазақтардың Орталық Азияның басқа да халықтарымен этносаяси, сауда-экономикалық және мәдени байланыстарының ерекшеліктері ашып көрсетілді,

Қазіргі кезеңдегі Қазақстандық зерттеушілердің еңбектері қаланың әр түрлі аспектілерінің тарихын зерттеуде маңызды орын алуда. Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі жаңа даму кезеңіне аяқ басуы қала тарихына деген қызығушылықты арттыра түсті. С. Н. Наумов және Ө. Қ. Қожақовтың, М. Ермаханованың, З. Абдрасилованың, Х. Берденова, Ж. Өмірбекұлы кандидаттық диссертацияларында, Қ. Абиловтың докторлық диссертациясында қарастырылған [18] .

Қалатану (градоведение) мәселесін зерттеу отандық тарих ғылымы дамуының іргелі бағыттарының біріне айналып отыр. Бұл бағыттың теориялық-әдіснамалық негізінің қалыптасуына үлкен үлес қосқан Ж. Қасымбаев болды [19] . Оның еңбектерінде Шығыс Қазақстандағы қалалар және Ақмола қаласының ХІХ ғ. - ХХ ғ. бас кезіндегі сауда, өнеркәсіп, қоғамдық-мәдени орталық ретіндегі рөлі айқындалды. Осы бағыттағы жұмыстар Орынбор қаласының қазақ-орыс сауда қатынастарының орталығы ретінде қалыптасуы тарихына қатысты А. Б. Кушпаеваның, Ом қаласының ХІХ ғ соңы мен ХХ ғ бас кезіндегі тарихын дербес желі ретінде қарастырған Г. М. Рахимованың зерттеулерінде одан әрі жалғасын тапты [20] . Қалатану мәселесінде осындай елеулі зерттеу еңбектердің болуына қарамастан Түркістан қаласының осы қарастылырылып отырған шеңберінде арнайы қарастырған еңбектердің жоқтығын айтуға болады. Демек, өз зерттеуімізді осы мәселеге арнай отырып, Түркістан қаласының тарихына арналған іргелі тарихнамалық еңбектер алдағы уақытта қалыптасатын болады деп есептейміз.

Диссертациялық жұмыстың тақырыбына қатысты әдебиеттерге тарихи тұрғыдан шолу жасай келе, ғылыми еңбектердің көптігіне қарамастан, еліміздің жекелеген аймақтарындағы әлеуметтік-экономикалық, саяси, мәдени даму мәселелері жаңа көзқарас тұрғысынан кешенді түрде әлі толық зерттелмегенін атап өткіміз келеді. Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық жағдайы тек жекелеген әдебиеттерде ғана кездеседі. Ал олардың өзін тек фрагменттік материал ретінде ғана көреміз, өйткені ол зерттеу жұмыстарының мақсаты мен бағыты басқа арнаға саяды. Зерттеліп отырған кезеңдегі бұл аймақтың әлеуметтік-экономикалық және саяси, мәдени жағдайы арнайы ғылыми зерттеу жұмысының тақырыбы болған емес. Аймақтық проблеманы зерттеу талпыныстары әлі күнге дейін бір арнаға жинақталмаған және бірізділікке қол жетпей келеді. Қолда бар деректердегі жетіспеушіліктер мен кемістіктер айқын, бірақ әлі күнге дейін түзетіліп толықтырылған жоқ.

Осылайша, біз диссертациялық жұмысымыздың тақырыбының тарихи өзектілігі мен ғылыми маңыздылығы зор деп тұжырымдауға құқылымыз.

Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Ұсынылып отырған диссертациялық жұмыстың басты мақсаты - ХІХ ғасырдың ІІ жартысынан бастап ХХ ғасырдың бас кезіне дейінгі Түркістан қаласында патшалық Ресейдің әскери-отарлық әкімшілігінің билігі мен жергілікті халық арасындағы қатынастың деректік материалдар негізінде, жаңа көзқарастар тұрғысында талдай отырып зерттеу, оны объективті түрде ашып көрсету Осыған байланысты мынадай міндеттерді шешу назарға алынды:

- Өңірді иелену жолында Түркістан қаласына қатысты Ресей және Орталық Азия хандықтарының саясатындағы өзара тайталасы мен күрес жолдарын ашу;

- Орыс жаулаушылығына қарсы жергілікті халықтың бастапқы кездегі қарсыластығы және сұлтандар мен ру басшыларының патша билігіне байланысты ұстанымын ашып көрсету;

- Жергілікті халықты Ресей билігіне тарту бағытындағы әскери-отарлық әкімшіліктің атқарған іс-шараларына ғылыми баға беру;

- Өңірдің жаулануы барысындағы Түркістан қаласының тұрғындарының ахуалындағы өзгерістерді ғылыми тұрғыда негіздеу;

- Оңтүстік Қазақстанды жаулаудың аяқталу барысындағы Түркістан қаласының жергілікті халық өкілдерінің отаршыл әкімшіліктің қызметіне тартылуы себептерін түсіндіру;

- ХІХ ғасырдың 60-жылдарындағы патша өкіметі жүргізген саяси-әкімшілік реформалары және оның өңірдегі Түркістан халқының өміріне тигізген әсерін зерделеу;

- Түркістан қаласында отарлық билік жүйесінің күшеюі және жергілікті халықтың наразылығын ғылыми саралау;

Зерттеу жұмысының негізгі нысаны болып Түркістан қаласының әкімшілік-саяси және мәдени орталық ретіндегі қызметінің тарихы алынды. Жаңа деректер негізінде Түркістан қаласында патшалық Ресейдің әскери-отарлық әкімшілігі билігінің қалыптасуы мен жергілікті халық арасындағы қатынастарының ХІХ ғасырдың ІІ жартысынан бастап ХХ ғасырдың бас кезіне дейінгі аралықтағы даму үрдісін қарастыру.

Отан тарихының құрамды бөлігі ретінде осы желіні ғылыми тұрғыда талдап, тың тұжырымдар жасау зерттеудің өзегін құрайды.

Зерттеу жұмысының пәні Түркістан қаласында қалыптасқан патша өкіметінің отарлық билік жүйесінің қалыптасуы мен даму тарихы болып белгіленді.

Тақырыптың хронологиялық шеңбері. Зерттеу жұмысы Түркістан қаласында Ресей империясының отарлық билік жүйесінің қалыптасуы мен даму қызметін зерделеуге бағытталған. Сондықтан оның хронологиялық кезеңі ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басына дейінгі кезеңді қамтиды. Осы кезеңде Қазақстанның оңтүстік өңірінде Қоқан хандығының үстемдігі жойылып, ол Ресей империясының отарлық саясатымен алмасқан уақыт. Бұл кезең бір отарлық билікті екінші биліктің алмастырып, өз үстемдігін орнатқан кезең.

Зерттеу жұмысының деректік негізін статистикалық және мұрағат материалдары құрайды. Құжат деректерін талдауда біз барлық мәліметтерді, нақты фактілер мен сыни пікірлерді ескеруге тырыстық.

Диссертацияда Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағатының төмендегідей қорлары пайдаланылды: 118-қор - «Түркістан қаласының канцелярия басқармасы», 119-қор - «Ішкі Істер Министрлігінің Түркістан уездік басқармасы», 145-қор - «Түркістан учаскілік приставының басқармасы». Деректер Оңтүстік Қазақстанды патшалық Ресейдің жаулауы, әскери-отарлық әкімшілік пен жергілікті халық арасындағы қатынастарының күрделі тұстарын ашып, тарихи маңызын көрсету, тарихи оқиғаларды сарапқа салып, обьективті тұрғыдан баға беру үшін деректік материалдарды талдаудан өткізу аса маңызды рөл атқарады. Сол себебтен алға қойылған мәселені зерттеу барысында мұрағаттық құжаттар, жарияланған материалдар және мерзімді баспасөздердің ақпараттары кеңінен ғылыми айналымға тартылды.

Қала халқын сипаттауда 1897 жылғы халық санағы құжаттарының маңызы ерекше болды. Санақ материалдары мен кезеңдік статистика мәліметтерін қолдану арқылы Оңтүстік Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық және демографиялық үдерістерді анағұрлым айқын сипаттауға, олардың даму бағытын айқындауға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар зерттеу жұмысын жазуда мерзімдік басылымдар мен Интернет сайттарының ақпараттары да қолданылды. Осылайша жұмыс барысында біз бірін бірі нақтылап, толықтыратын ауқымды дерек көздерін пайдаландық.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Патшалық Ресейдің отаршылдық билік жүйесінің құрылуының тарихи және саяси алғы шарттары
Ташкент қаласының қазақ халқының саяси-әлеуметтік, экономикалық және рухани өміріндегі маңызы (хіх ғасырдың екінші жартысы – ХХ ғасырдың алғашқы ширегі)
ТОРҒАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ГЕНЕРАЛ-ГУБЕРНАТОРЫ (ӘКІМШІЛІК ҚЫЗМЕТІ, ЖЕРГІЛІКТІ ХАЛЫҚПЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫ)
Қазақстанның жаңа тарихы кезеңінен XVIII-XIXғғ Қазақстанның ішкі және сырқы саясаты
Отаршылдық саясаты кезеңіндегі оқу ағарту ісі
Қазақстан жаңа заман тарихы
Ресейдің қазақ жерлерін басып көшуі
Түркістан қаласының әлеуметтік-саяси тарихының мәселелері
Қазақстанның XX ғ. басындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайы. Отарлық қоныстандыру саясатының күшеюі. Столыпин аграрлық реформасы
Адам мен саясат жөніндегі қазақ ойшылдарының топшылаулары
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz