ШӘКӘРІМ ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫНЫҢ «АР ІЛІМІНІҢ» ӘЛЕУМЕТТІК-ТӘЛІМДІК МӘНІ


ШӘКӘРІМ ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫНЫҢ «АР ІЛІМІНІҢ» ӘЛЕУМЕТТІК-ТӘЛІМДІК МӘНІ
Қоғамдық өмірдің қай саласында болмасын, әлеуметтік тәлім-тәрбие мәселесі ең жоғарғы орында тұрады. Ғасырлар бойы қалыптасқан тәлімдік жүйенің бастау көзі - халық даналығы, оны жасаушы тұлғалар. Бұл туралы Елбасы Н. Ә. Назарбаев: « . . . Егер біз мемлекет болғымыз келсе, өзіміздің мемлекеттігімізді ұзақ уақыт құрғымыз келсе, онда халық руханиятының бастауларын түсінгеніміз жөн. Оған барар жол халық даналығының негізінде жатыр»-деп, мемлекеттіліктің тұғыры ретінде тәлім-тәрбиені, ал тәрбиенің бастауы ретінде даналықты көрсетіп отыр.
Қазақ топырағында ғұмыр кешіп, артына өшпес сол жауһар мұралар қалдырған ғұламалардың ойлар, еңбектері жөнінде, астарындағы сыр-сипат, мағына жайында тереңірек зерттеу жасаудың маңызы күн өткен сайын арта түсуде. Сондықтан Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармашылығын талдау арқылы дана сырларындағы түйіндерді табуға, тәлім-тәрбие турасындағы ұстанымдарын ғылыми айналымға енгізуге бетбұрыстар басталды. Елімізде соңғы кездері Шәкәрім Құдайбердіұлының рухани мирастары арнайы зерттеу нысанына айналып, ғылыми сала ретінде қалыптасып келеді. Ғалымдар ойшылдың әлеуметтік және тәлім-тәрбие жайлы көзқарастарының негізін анықтауға талпынуда. Мәселен, Ғ. Есім, Қ. Жарықбаев, А. Құдиярова зерттеулерінде Шәкәрімнің тәлім-тәрбиелік дүниетанымы әртүрлі қырда көрініс тапқан.
Ғалым Н. Сұлтанова Шәкәрім шығармашылығындағы тәлім-тәрбиелік бағыттарды төменгідей: «1. Білім-ғылымға қатысты ақыл-ой тәрбиесі; 2. Адамгершілік тәрбиесі; 3. Эстетикалық тәрбие; 4. Еңбек, экология тәрбиелері; 5. Отбасы тәрбиесі» ретімен жүйелеп, олардың әрқайсысына өлеңдерден мысалдар келтіреді [1, 13] . Дегенмен бұлай бөлу оның шығармашылығын жекелей, бөлшектей зерделеу деген сөз емес, бұл тақырыптың бәрі «Ар ілімінің» ішіне кіретін, бөліп-жармай, біртұтас қарауды талап ететін дүниелер. Себебі тәрбиедегі мақсат дербес: Адамның мінез-құлқын жөнге келтіріп, көркемдік деңгейіне көтеру. Сол арқылы қоғамға, қоршаған ортаға, табиғатқа деген қатынасы өзгеріп, таным көкжиегі тәлім арқылы көркейеді.
Шәкәрім Құдайбердіұлының «Ар ілімінің» қажеттілігі замандар өткен сайын барынша сезіліп, адам мен қоғамның қатынасын түзейтін, шектен шыққан моральдық азғындаушылықтан құтқаратын жол ретінде таныла бастады. Ең бастысы, «Ар ілімінің» кез келген уақыттың сұранысын толығымен қанағаттандыра алатын, адамды тоқыраудан құтқарып, кемелдікке жеткізетін қуатты ілім екендігін түйсіне бастадық. Оған себеп, бір жағынан, Шәкәрім Құдайбердіұлының өз сырларын басы бүтін келешек ұрпаққа бағыштағандығына, болашақ жастардан үміт күтетіндігіне, алдағы кезеңді көкірек көзімен болжап, соған сай, жаман қасиеттердің құрығынан босатып алар амалдар мен шаралар жасап кеткендігіне байланысты болса, екінші жағынан, оның мұраларының кешегі кеңестік сүзгіден аман өтіп, тәуелсіздікке қол жеткізген заманда бізбен қауышуы болып отыр. Ұлы ақынның «Иманым» атты кісіні имандылыққа, адамгершілікке, мінез-құлықты түзетуге, (ахлаққа), тәлім-тәрбиеге баулитын жинағынан басқа, «Үш анық» атты теософиялық трактатына, «Мұсылмандық шарты» атты еңбегіне, сонымен қатар қара сөздеріне бүгін ғана қол жеткіздік. Бұл шығармалардың барлығында да әлеуметтік және тәлімдік ойлар мен пікірлер кеңінен қамтылып, рухани ілімнің осы саладағы жеткен жетістіктері, қыруар тәжірибесі сараланады.
Жастайынан мұсылманшылық тәрбие алып, ұстазы Абайдың мектебінен өткен Шәкәрімнің тәрбие төңірегіндегі көзқарастары Абайдың пайымдарымен, тұжырымдарымен сабақтасып, ортақ өрбиді. Абай кез келген жаманшылық пен қиянат батпағына батқан пендені «толық адам» санатына қосуға болады, ол үлкен еңбек пен терді қажет етеді деген бағытта толғай отырып: «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» [2, 46 б. ], - деп үзілді-кесілді түйіндейді. Жалпы христиандық санамен әлеуметтік негізі қалыптасқан Батыс әлемінде, сонымен қатар кейбір Шығыс халықтарында «адам қандай мінезбен дүниеге келсе, сол мінезбен қалады. Туабітті қалыптасқан мінез-құлық өзгеріссіз сол күйінде тұрады» деген ұшқары ой кең таралған. Абайдың әлгі сөзі осы айтылған ұшқары ойларға соққы болары анық. Шәкәрім шығармаларында ардан тайған адамдардың «мінін түзеп, ащы тілмен дерттен емдеуге» серт еткен тұлға айқын танылады. «Найзаны тура саламын. Аямай мінін аламын. Енді қайда барамын. Тап орынды ғаріп бас» [3, 204 б. ] деп серпіледі. Сонымен қатар елді жақсылыққа бұруды, «нәпсіден арылтып», «рух билейтін кезге» жеткізуді парызы деп білген ақын «Адамдық борыш, ар үшін, Барша адамзат қамы үшін. Серт бергем еңбек етем деп, Алдағы атар таң үшін» [3, 133-134 бб. ] десе, енді бір сыр сөзінде: «Ақ жүрек пен таза ақыл, Қылсаң адал еңбек, Бәрінен де сол мақұл, Артқыға жол бермек. Арсыздардың түкке тұрмай, Арам ойы жойылып, Аяғында хақиқатты бұл үшеуі жеңбек» [3, 215] деп тебіренеді. Бұл сыр сөздердің астарында ел-жұртты азаптан арылтып, нәпсінің теріс қасиеттерінен ада қылып, ар үстемдік құратын шаққа жетелеуді меңзейтін арманның ізі жатыр. Шәкәрімнің «Ар іліміндегі» шынайы қағида болып есептелінетін тәлім-тәрбие идеясының бастауы тереңнен тамыр тартады.
Жалпы, ақын діндегі адамгершілік, тәлім-тәрбие, мораль тақырыбына терең мән бере отырып, барлық діндердің ортақ құдіреті - «Жаратушы-Құдай» мәселесін биік қойды. Бұл тұрғыда ақын дүниежүзілік жалпы адамзаттың даму тарихын білгенін көруге болады. Адамның жан-дүниесі, көңіл-күйі, ниет-мақсаты жаратушыны сүюге бағытталса, сонда ғана адам шын ләззаттың, шын махаббаттың шуағына шомылады. Шәкәрім танымындағы «Жаратушы», «жар», «хақиқат», «шын» деген сөздер «Құдай» ұғымын береді. Бірақ қолжазбадағы «Құдай», «Тәңір», «Алла» деген сөздер бұрмаланып, алғашқы жинақта «Адам», «Табиғат», «Құлағым», «Осындай», «Баста», «Әмбе» деген сөздермен ауыстырылып берілген. Бұл қателік ақынның кейін жарыққа шыққан «Иманым» кітабында ғана түзетіліп берілді. Жалпы бұл жинақ сопылық поэзия өкілі Қожа Хафиздің тоғыз ғазалының Шәкәрім аудармасымен берілуімен құнды.
Абай да, шәкірті Шәкәрім де, Ислам дінінің қыр-сырларына өте жетік болған, діни сауаттары өте жоғары, Шығыс тілдерінің көбісін білген. Шәкәрім қажы Абайдың ақылымен Түркия, Франция елдеріне сапар шегіп, мұсылман елдерін аралап, ондағы хал-ахуалды көзімен көреді. Ел кезудегі мақсат - жеткілікті білім жинап, сол жиналған қазынаны ел үшін, халық үшін қарыштау. Стамбул, Париж кітапханаларында көз майын тауысып, кітап, қолжазба қараған Шәкәрім қажының ибн Араби, әл-Фараби, әл-Ғазали туындыларымен танысып, есепсіз тағылым түйгендігі ақиқат. Әсіресе Ғазалидің «Дін туралы ілімдердің қайта жандануы» («Ихия’у ‘улум әд-Дин») еңбегінде моральдық, мінез-құлық жөнінде кең талдаулар жасалған. Сонымен бірге ислам әлемінде Хасан әл-Басри, шах Кирманий, әл-Уасити, Сәһл ибн Тустари, Фузайл ибн ‘Ияз сынды көркем мінез жөнінде сөз қалдырған даналардан да дәлелдер келтіруімізге болады.
Ғазали пікірлерінің көбісі Абай мен Шәкәрім сыр сөздеріндегі, шығармаларындағы ұстанымдармен үндес түседі. Ғазалидің пікірінше, адамның болмысы жануарлық сипаттарға толы. Осы жаман қасиеттерімен толассыз күресуінің себебімен жаман қасиеттерінен арылуы қажет. Мұндай адам, адами мәртебеге көтеріледі. Сондықтан кейбір жалқау рухты адамдар, нәпсімен күресіп, мінез-құлқын көркемдеу қиын шаруа болғандықтан, қисынсыз сылтауларды желеулетіп, ахлақты өзгертудің мүмкін еместігін айтады.
Ғазали болса, тіпті аса жыртқыш жануарлардың өзін қолға үйрету мүмкіндігін алға тартады, яғни парасатсыз, қауіпті хайуанның кейбір қылықтарын тәрбиелеу мүмкін. Олай болса, бұлардан әлдеқайда жоғары сатыда тұрған парасатты адамның қылығын неге тәрбиелемеске?
Ғазалише, адамдарға жақсы мінез туа бітеді немесе уақытпен келуі мүмкін. Жақсы мінезге кейін ие болғандар, басқаларға еліктеу, тәжірибеге сүйену арқылы немесе тәлім алудың негізінде де үйренулері ықтимал. Мысалы, бір баланың сөзі, қылығы, жомарт, батыр, жұмсақ және т. б. ізгі қасиеттерге толы болуы мүмкін. Екінші бала табиғатынан осы айтылған мінездерге теріс келеді делік. Бірақ бұл бала тәжірибе, тәлім мен тәрбие арқылы осы сипаттарды бойына әбден сіңіре алады [4] .
Көріп отырғанымыздай, Ғазали уағыз бен үгіт-насихаттар арқылы, іс-тәжірибе арқауында кез келген адамды кемелдікке баулуға болатынын мақұлдайды. Демек, бұған сәйкес ақыл-өсиет, нақыл сипатындағы жырлар, өлеңдер кісінің жүрегіне әсер етіп, ондағы теріс қылықтардың арылуына жәрдемдеседі. Сондықтан әр сөзден көңіл қанағат табатын, көкейдегі сауалдың шешімін тауып, тоят табатын мағына өрістеуі тиіс. Мұны Шәкәрім Құдайбердіұлы да қолдайды: «Жыр, өлең, насихат сөз, мақал, тақпақ - Тауып айтса дауасыз дерттің емі» дейді ойшыл. «Дауасыз дерт» - ой мен жүректегі орасан теріс мінездер. Ал бұдан жазылуға жол табу үшін айтылған ақыл-кеңеске құлақ салып, бойдағы мінді жоюға бар күшін салып кіріскен ләзім деген қағида Шәкәрімнен де, оның ұстазы Абайдан та табылады. Дерттен сауықтыру жолы тәрбиеде екені ежелден белгілі. «Жастай берген тәрбие жас қайыңды игендей» дейді халық даналығы. Бірақ тәрбиенің өзі адам және қоғамның өсіп-өркендеу жолындағы қалыптасқан ортаға қарай ондағы өзгерістермен үйлесе отырып, жаңа мәнге ие болады. Солай дегенмен, тәлім қуатының өзегі халықтық сипатынан ажырамауы тиіс. Қазақ ортасындағы ақын-жыраулардың, жыршылардың мұрат-мүддесінің сыры осы қағидаға сай өрбиді. Шәкәрім қажының «Бәрін ұмыт балаларға тәлім үйрет, Баулиды балапанын қаршыға да» деген өлең жолдарынан оның келешек ұрпаққа деген сүйіспеншілігін, соларға тәлім беру жолындағы қайсарлығын, өжеттігін анық сезе аламыз.
Өз ортасындағы адамшылық, ар өзегі мәселесі қызу талқыға түсіп, «адамгершілік негізі не?» деген сауал туындағанда, ақын бұл пікірталасқа бей-жай қарап, қатыспай отыра алмаған. «Абай» журналында Мәнен Тұрғамбайұлының «Ұлтшылдық» деген мақаласына қарсы сөзінде ол былай дейді: «Менің ұғымымша, ол кісі: «Ұлтшылдықтан мәдениет, мәдениеттен адамшылық туады» - дейді. Бұған дәлел керек қой! Көріп отырмыз, ұлтшылдық бен мәдениеттің ең жоғарғы басқышындағы - Европа, олар адамшылық қылып отыр ма? Менің ойымша, әлі күнге шейін асса ұлт, қалса өзімшілдіктен оза алған жоқ. Себеп не? Ұлтшылдық мәдениетті туғызса да, ақ жүрек туғыза алмайды; ақ жүрек дегеніміз - ұждан (һәмме жанға махаббат, шапағат, ғаділет), қазақша - тамам адам баласын бауырындай көріп, жаны ашып, әділет қылу. Осы айтылғандай ақ жүрек көбеймей тұрып, адамшылық жеңе алмайды» [5, 15-16 бб. ] . Яғни ақын ар ілімін толыстырып, тәлім-тәрбиедегі жетістік - ақ жүректілік екеніне дәлелмен жауап қайтарады.
Шәкәрім Құдайбердіұлы «Үш анық» атты теософиялық трактатында ар-ұждан категориясының талаптарын айқындап береді. Яғни ол бойынша ұждан дегеннің өзі - нысап, мейірім, әділет. «Ұждан - екі өмірге бірдей керек таяныш» деп келіп, былай дейді: «Бұған нана алмаған адамның жүрегiн ешбiр ғылым, өнер, ешбiр заң, жол тазарта алмайды. Егер кiмде-кiм жаны өлгеннен кейiн де көретiн өмiрiнде тiрi болатындығына, ұжданы сол жанның азығы екенiне ақылмен сынап әбден iстесе, оның жүрегiн еш нәрсе қарайта алмайды. Адам атаулының бәрiн бiр бауырдай етiп, екi өмiрде де жақсылықпен өмiр сүргiзетiн жалғыз жол - осы мұсылман жолы секiлдi. Кейбiр дiншiлердi қорлыққа түсiретiн шатақ дiн - жалқаулық. Әйтпесе адамды жаратушы - нақты бiлiмпаз. Адам жаны өлгеннен соң да ұжданды болып, еш нәрседен кемдiк көрмейдi» [6, 56] деп түйіндейді.
Бұл тұжырым мектеп қабырғасында білім алып жатқан оқушыдан бастап білім басындағы азаматтардың көңіл төрінде болуы тиіс. Өйткені, жастар арасындағы ұлттық, адамгершілік тәрбиеге ерекше мән бермейінше, біз жан мен тән айырмашылығын толық ұғына алмаймыз. Шәкәрім сөзі бүгінгі өркениет заманында халқымыздың алға қойып отырған рухани жағынан жаңару талабымен де үндесіп жатыр.
Жаңа таңдау жолын қалаған мемлекетіміз өркениетке ұмтылғаны жақсы. Алайда өзгелерден, басқа мемлекеттерден ерекшелену үшін ондағы ұлттық тәрбиенің мәні бөлек. Егер ұлттық таныммен ерекшеленсек, бізге қызығатын, тәжірибе алмасатын ел қатары көбейе түспек. Ал жоғарыда сөз еткен кереғар көріністерді ғұламаларымыздың ойына жүгіне отырып жойғанымыз абзал. Өз мұрамыз, ғұламаларымызды алғаш игеріп барып қана өзгелерге жүгінсек, ол да біздің жетістігіміз. Жанымыз сонда тұрақты. Сонда біз қазір жан-жақтан тықпалап жатқан шетелдік тұжырымдарды білдірмей қылғытып қояр едік. Сырттан келген мамандар мен ғалымдар біздің ежелгі шығыстық танымымызды сезініп, жақсы жақтарын өзгеше қабылдар еді. Өзге жанды байытқан тән әрдайым ұтатынын түсінер едік. Біздің жан қазақ жаны, ата-баба рухы арқылы тұрақ таппақ. Күресте жеңіп шықпақ. Абай мен Шәкәрім шығармаларындағы жан мен тән мәселесі осыны көздейді.
«Адам өмірін қалай түзетуге болады? Адам қайткенде тату тұра алады? . . . » Өйткені, Шәкәрім айтқандай, «Өмірдің өзі - тіршілік таласы». Демек, «Бізше, адам өмірін түзетуге, барлық адамдар тату тұруға негізгісі - адал еңбек, ақ жүрек, арлы ақыл болуға керек. Дүниеде осы үшеуі үстем болмай, адам баласына тыныштық өмір сүруге мүмкіндік жоқ». Өйткені, «Мейірімділік, махаббат, қайырымдылық, адалдық ақ жүректен шығады. Ал, арлы, ақылды адам қиянатты, зорлықты, өзімшілдікті, мақтанды білмейді, және істемейді. »
Шәкәрім, сонымен қатар, осы ұғымдарға қарсы тұратын «зиянды жау нәрселер, әдеттерді» атап айтады: «Олар: нәпсі, өзімшілдік, мақтан. Бұлардан ұшы-қиыры жоқ жаман әдеттер туа бермек. Мысалы, зорлық, алдау, мансапқорлық, малқұмарлық, рахымсыздық, мейірімсіздік, қанішерлік, тағы тағылар».
Ал, осы жаман әдеттерден қалай құтылу керек деген сауалға қоғамдық-әлеуметтік дәрежеде жауап береді. Яғни, қандай нақты істер керек деген мәңгілік сұраққа ақын былай дейді: «Ең алдымен, барлық адамды адал еңбек ететін жолға салу керек. Ол үшін көптің қалауымен әкімшілік басына арлы, ақылды адамдарды қойып, сол адамдардың бұйрығы, ақылы бойынша туған, туашақ адамдарды, жастарды қазына қарауына алуға заң шығаруға керек те, ол заңды бұзғандарды жазалау керек. Оларға еңбек өнерін үйрету керек, онымен қабат оқу-білімге жетілдіру қажет». Көріп отырғанымыздай, мұның барлығы арлылық ілімімен ұштасқан.
Бұл ілімнің қуат алар көзі қайдан келді, адамгершілік, арлылық ұстанымдарының қалыптасу жолы қалай өрбіді деген сұраққа жауап іздеп көрейік.
Түркі даласындағы ислам өркениетінің ең маңызды құндылығы - ақиқат қағидаларға негізделген осы ілімнің тарихи бастауын, ең алдымен, ұлы данышпан, кемеңгер Қожа Ахмет Ясауидің «хәл» ілімі, «хикмет» ілімінен алатындығы мәлім болып отыр. Қожа Ахмет Ясауидің «хәл ілімі» кезінде бүкіл әлемге таралып, түркі-ислам мәдениетінің жаңғыруына, қайта тірілуіне ықпал еткен. Бұл ілімнің басты ұстыны - адамның өз нәпсісінен толықтай арылып, Құдайдың аманаты - рухты жеңіске жеткізу, сол арқылы адам жүрегіндегі күллі жақсы қасиеттерді аршып алып, елге, халыққа «топырақ» сипат танытып, қызмет ету. Жаратқанға махаббат қылып, ғашықтық қалпына түсіп, «жүзін сынық», «көңілін жарым» күйде ұстау, күні-түні бір Алланы естен шығармай, кез келген сынағына әзір болу. Ясауитанушы ғалымдардың түйіндері, тұжырымдары осы төңіректе тоғысып, бүкіл түркі халықтарының, оның ішінде Ясауи ілімінің негізгі мұрагері қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына, тұрмыс-тіршілігіне «хәл» ілімі мықтап із қалдырғанын, халқымыздың қонақжайлылық, дархандық, жомарттық, адамгершілік, имандылық т. б. сияқты көркем мінездерінің «хәл» ілімімен терең сабақтасып жатқандығын мойындауға әкелді. Ғалым Д. Кенжетай: «Ясауиде хәл ілімін меңгеру үшін, алдымен, жоғары адамгершілік пен парасаттылыққа (ахлақ) жету шарт. Жаман іс, жаман сөз, төмен ахлақ адамның хәл ілімін меңгеруіне және махаббатқа ұласуына кедергі болатыны сияқты, жақсы сөз, нағыз ілім, жоғары ахлақ - адамды негізгі мұратына жеткізеді. Міне, ілім оқудағы мақсат - халыққа пайдалы болу, қызмет ету» [7, 66] дейді . Ясауидің «хәл» ілімінің өкілдері әр елде, әр мемлекетте ғұмыр кешкен.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz