Балалар поэзиясының әдеби-көркемдік және тағылымдық-тәрбиелік мақсаттарды ұштастырушы сипаттарын теориялық негіздеу


Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 74 бет
Таңдаулыға:   

МАЗМҰНЫ

Кіріспе . . . 3

1 Балалар поэзиясының жанрлық кеңістігі

  1. Қазақ балалар поэзиясының жанрлық ерекшеліктері . . . 6
  2. Қазақ балалар поэзиясының жанрлық тұрғыдан даму мәселелері . . . 17

2 Балалар поэзиясының жанрлық-көркемдік дамуы

2. 1 Қазақ балалар поэзиясының қысқа тақырыптық ерекшеліктері . . . 33

2. 2 Қазақ балалар поэзиясындағы көркемдік кестелері . . . 47

Қорытынды . . . 70

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі . . . 75

КІРІСПЕ

Зерттеу тақырыбының өзектілігі Қазақ балалар поэзиясы - бүгінгі ұлттық әдебиетімізде көркемдік-шығармашылық және тағылымдық-тәрбиелік мақсаттарды тел ұштастыра дамып келе жатқан және соған байланысты өзіндік ерекшеліктерімен танылып отырған әдебиет саласы.

Балаларға арналған әдеби туындылардың қай-қайсысында да көркемдік және педагогикалық талаптардың етене байланыста көрінуі негізгі қажеттілік болғандықтан, еңбекте балалар поэзиясын айшықтайтын көркемдік мәселелері балалардың жас ерекшелігіне сәйкес олардың ой-санасында, таным-түсінігінде, көзқарасында болатын психикалық өзгерістермен және сол өзгерістерден туындайтын тәрбиелік-тағылымдық әсер ету жолдарымен сабақтастықта қарастырылады. Сондықтан да балалар поэзиясында бірінші кезекте ескерілуге тиісті психологиялық-педагогикалық талаптар айқындалып, көркемдік және эстетикалық мәселелер сол талаптардан өрістетіле зерделенді.

Ұлттық балалар поэзиясы - қоғамдық-тарихи, мәдени құбылыс. Сондықтан да оның пайда болуын белгілі бір кезеңдегі қандай да бір сыртқы әсер-ықпалдың нәтижесі ретінде тану дұрыстыққа бастамайды. Қазақ әдебиеті тарихында балаларға арналған жазба поэзияның алғашқы үлгілері ХІХ ғасырдағы ағартушы-демократ ақындар шығармашылығы арқылы көрінгенімен, біртұтас ұлттық әдебиет аясында өзіндік даралық белгілері біртіндеп жетіліп келген қазақ балалар поэзиясының түпкі көркемдік негіздері ұлттық мәдени-әдеби мұраларда жатыр. Еңбекте осы мәселе дәйектеле айқындалды.

Балалар поэзиясы - уақыт дамуына орайласа туындайтын түрлену, жаңғыру, жаңару сияқты алуан сипатты өзгерістерге бейім көркемдік-шығармашылық құбылыс. Оның ішкі мазмұны мен сыртқы бітіміндегі бүгінгі көркемдік белгілерінің пайда болу және қалыптасу жолдарын тарихи-шығармашылық себептерімен және түпкі нәтижелерімен бірлікте қарастыру орынды болғандықтан, балалар поэзиясының түрлік-мазмұндық тұрғыдан жаңғыру, жаңару әрекеттері және өзге мәдениеттермен шығармашылық сабақтасу, үлгі алмасу үдерістері нәтижесінде бүгінгі болмыс-бітімінде көрініс тапқан көркемдік сипаттар типологиялық тұрғыдан таразыланды.

Бүгінгі балалар поэзиясының көркемдік бастаулары халықтық поэзия және ағартушы-демократ ақындар шығармашылығында жатқаны анық. Бұл ретте халықтық әдебиет пен ағартушы-демократ ақындар поэзиясының балалар поэзиясына көркемдік тұрғысынан қандай бағыттарда нұсқа болғандығы және ол үлгілердің қаншалықты жаңғырып, түрленгендігі өзара салыстырулар арқылы бағамдалды.

Қазақ балалар поэзиясының біртұтас ұлттық әдебиет құрамында өзінің төл арнасын тауып, дамыған дәуірі ХХ ғасырдың алғашқы жиырма жылдығынан басталады. Осы кезеңнен бергі аралықтағы балалар поэзиясының жетілу, даму ерекшеліктері қазақ ақындарының балаларға арнап жазған шығармалары негізінде талдана танылды.

Бүгінгі балалар поэзиясының көркемдік-шығармашылық әлеуетін бағамдау мақсатында оның көркемдік-эстетикалық және тәрбиелеушілік деңгейін танытатын туындылар тақырып, проблема, көркемдік мазмұн, идея тұрғысынан өзара топтастырыла талданып, нәтижесінде қазақ балалар поэзиясын өз ішінен бірнеше түрлерге бөле қарастыруға болатындығы тиянақталды.

Ұлттық балалар поэзиясының даму жолындағы шығармашылық ізденістерді саралау нәтижесінде бүгінгі балалар поэзиясында кеңінен қолданысқа ие жанрлар және олардың балаларға арналған жазба поэзияда орнығу жолдары, сондай-ақ, әр жанрдың өзіндік сипат-белгілері нақтылана айқындалды.

Тақырыптың зерттелу деңгейі. Қазақ балалар поэзиясының әр алуан мәселелерін арқау еткен рецензия, әдеби сын, ғылыми мақалалар өткен ғасырдың қырқыншы жылдарының соңынан бергі аралықта жарияланып келеді. Алғашқы жарияланымдар қатарында Қ. Жармағамбетовтің “Балалар әдебиетіне ерекше көңіл бөлу керек”, Қ. Бекхожиннің “Балалар әдебиетін өркендете берейік”, Ө. Тұрманжановтың “Балалар әдебиеті туралы бір-екі сөз”, М. Әлімбаевтың “Балаларға арналған өлеңдер туралы”, “Балаларға поэзия керек”, Н. Ғабдуллиннің “Балаларға арналған өлеңдер”, А. Нұрқатовтың “Балаларға арналған шығармалар туралы” т. с. с. мақалаларды атауға болады. Одан кейінгі жылдарда балалар поэзиясына байланысты ой-пікірлер Ш. Ахметов, Ә. Сәрсенбаев, С. Қирабаев, Р. Бердібаев, Н. Төреқұлов, Б. Сахариев, Ә. Нарымбетов, М. Иманжанов, А. Шәмкенов, Қ. Мүсірепов, З. Серікқалиев, У. Қалижанов, Б. Ыбырайым, Ж. Әбдірашев т. б. мақалаларында көрініс тапты.

Қазақ балалар поэзиясының жай-күйі, шығармашылық өкілдері Ш. Ахметовтің, Б. Ыбырайымның, Қ. Ергөбектің, К. Нұрлыбаеваның балалар әдебиетіне арналған ғылыми зерттеулері мен мақалаларында арнайы сөз болды. Сондай-ақ, Ш. Ыбыраев, Ш. Әлібеков, К. Матыжанов т. б. авторлардың қазақ балалар фольклорын қарастырған еңбектерінде де балалар поэзиясына қатысты ой-пікірлер айтылады.

Зерттеу жұмысының мақсаты балалар поэзиясының әдеби-көркемдік және тағылымдық-тәрбиелік мақсаттарды ұштастырушы сипаттарын теориялық негіздеу, сол тұрғыдан бүгінгі қазақ балалар поэзиясының әдеби негіздерін, алыс-жақын тарихындағы көркемдік-шығармашылық ізденіс кеңістігін, даму, қалыптасу кезеңдеріне тән дәстүрлік сабақтастық және жаңашылдық көріністерін, түрлік-жанрлық үлгілерін дәйектей зерттеу болып табылады.

Мақсатқа қол жеткізу үшін шешілуге тиісті төмендегідей міндеттер белгіленді:

  • балалар поэзиясының көркем әдебиет саласы ретіндегі даралық белгілерін зерделеу;
  • балалар поэзиясына тән көркем бейнеліліктің, бейнелеу тәсілдерінің өзіндік ерекшеліктерін айқындай түсу;
  • балалар поэзиясы мен халықтық фольклор және ағартушы-демократ ақындар поэзиясы арасындағы көркемдік дәстүр сабақтастығын, жаңару, жаңғыру көріністерін дәлелдей ашу;
  • ХХ ғасырдағы қазақ балалар поэзиясының даму кезеңдеріне тән шығармашылық ізденіс нәтижелерін саралай бағамдап, көркемдік даму ерекшеліктерін байыптау;
  • қазіргі қазақ балалар поэзиясында қалыптасқан ішкі түрлер мен жанрлардың даралық сипаттарын нақтылай ажырату.

Зерттеудің материалдары мен дерек көздері - қазақ балалар ақындарының шығармалары, халықтық әдебиет үлгілері, ежелгі және хандық дәуірлердегі поэзиялық туындылар, ағартушы-демократ ақындар поэзиясы; қазақ әдебиеті тарихына, балалар фольклоры мен балалар әдебиетіне қатысты зерттеулер, монографиялық еңбектер; әдебиеттану ғылымындағы теориялық-әдіснамалық негіздеме зерттеулер.

Жұмыстың зерттеу әдістері. Диплом жұмысын жазу барысында аналитикалық саралау, әдеби талдау әдістері және жіктеу, сараптау, топтау, жүйелеу тәсілдері тиісінше пайдаланылды.

Зерттеу жұмысының теориялық және әдіснамалық негіздері. Зерттеу барысында қазақ әдебиеті тарихы, қазақ балалар әдебиеті, орыс және шетел балалар әдебиеттерінің тарихтары, әдебиет теориясы мәселелеріне байланысты ғылыми зерттеу, теориялық, әдіснамалық еңбектерде негізделген ғылыми ұстанымдар мен теориялық тұжырымдар, дәйекті дәлелдер мен пікірлер басшылыққа алынды.

Бұл орайда әдебиеттанудың жалпы теориялық мәселелері тұжырымдалған А. Байтұрсынұлы, М. Әуезов, Қ. Жұмалиев, Е. Ысмайылов, Т. Нұртазин, М. Қаратаев, З. Ахметов, З. Қабдолов, Р. Нұрғали, З. Серікқалиев, Қ. Мәшһүр-Жүсіпов, Ж. Дәдебаев, С. Мақпырұлы, А. Ісмақова т. б. ; ұлттық әдебиеттанудың әдіснамалық ұстанымдары негізделген Ә. Бөкейханұлы, С. Мұқанов, Ә. Марғұлан, М. Ғабдуллин, Б. Кенжебаев, Ә. Қоңыратбаев, С. Қирабаев, Ш. Елеукенов, Т. Кәкішев, Ж. Ысмағұлов, М. Базарбаев, М. Жолдасбеков, Қ. Өмірәлиев, М. Мағауин, Н. Келімбетов, Т. Жұртбаев, Б. Майтанов, С. Негимов, А. Еспенбетов, М. Хамзин, У. Қалижан, Қ. Алпысбаев, Р. Тұрысбек, Б. Әбдіғазиұлы, Т. Тебегенов, С. Әбдірахманов, Б. Омаров, Д. Қамзабек, А. Шәріп т. б. ; балалар әдебиеті мәселелерін арқау еткен Ө. Тұрманжанов, Ш. Ахметов, Б. Ысқақов, А. Нұрқатов, Н. Ғабдуллин, Н. Төреқұлов, Р. Бердібай, М. Әлімбаев, Ш. Ыбыраев, Б. Ыбырайым, Қ. Ергөбек, К. Матыжанов, К. Нұрлыбаева т. б. еңбектеріне сүйендік.

Зерттеудің құрылымы. Диплом жұмысы кіріспеден, екі бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

1 БАЛАЛАР ПОЭЗИЯСЫНЫҢ ЖАНРЛЫҚ КЕҢІСТІГІ

1. 1 Қазақ балалар поэзиясының жанрлық ерекшеліктері

Көркем әдебиеттегі дәстүр мәселесіне бейнелеу әрекетіндегі өзгерістер тұрғысынан келіп, халықтың рухани жағынан өсуіне, мәдениетінің түрлі салада дамуына сай дәстүрлік белгілер де ұшталып, тарамдалып әр қырынан байқала бермек. Халықтың әлеуметтік өмір-тұрмысына қарай ескі дәстүрлер жаңарады, мән-мағынасы кеңейеді. Бейнелеу құралы ретінде атқаратын қызметі де өзгереді немесе күрделене түседі.

Негізінде сөз, тіл, оның ішкі қасиеті дәстүрлік ұғым, түсініктердің мазмұны болып табылса, дәстүр деп түйген дүниеміздің өзі бейнелеу құралы ретінде формалық, түрлік қызмет атқармақ. Дәстүр онда белгілі ұлттық әдебиеттің ішкі сырын, сапалық қасиетін аңғартуы себепті мазмұндық рөлде танылса, бейнелеу, образ жасау амалы жағынан белгілі шығарманың, туындының формасы, түрлік қасиеті ретінде де байқалмақ.

Мұндай қарым-қатынас көркем шығармадағы мазмұн мен форманың бірлігі, әрі бірін-бірі толықтыруы жайындағы теорияға әбден сәйкес. Және ұлттық мінез, психиканы аңғартатын дәстүр кең мағынасындағы мазмұнда, ал шығарманың түзілу тәртібі, композициясы, бейнелеу амалдары жағынан форманы білдіруі де осы белгілі теорияға бағынып жатыр” [1, 218-219], - деп ой тарқатқан М. Базарбаев пікірінде көрініс тапқан теориялық тұжырымдар бүгінгі балалар поэзиясындағы дәстүрлік жаңғырулар, жаңаруларға да қатысты. Бұл ретте ғалымның: “Дәстүр онда белгілі ұлттық әдебиеттің ішкі сырын, сапалық қасиетін аңғартуы себепті мазмұндық рөлде танылса, бейнелеу, образ жасау амалы жағынан белгілі шығарманың, туындының формасы, түрлік қасиеті ретінде де байқалмақ”, - деген пікіріне ерекше көңіл қоймақ абзал. Демек, қайсыбір әдеби дәстүрдің қаншалықты жаңара өрістегенін бағамдау үшін екі жәйтке ден қою қажет. Оның бірі - “әдебиеттің ішкі сырын, сапалық қасиетін аңғартатын мазмұндық рөлі”, яғни әдебиеттің тақырып, көркемдік проблема, мазмұн, идея жағынан толысуы; екіншісі - “шығарманың түзілу тәртібі, композициясы, бейнелеу амалдары жағынан”, яғни түр, форма тұрғысынан жаңаруы яки жетілуі.

Бүгінде әдебиетіміздің маңызды буындарының біріне айналып үлгерген балалар поэзиясының ұлттық көркемдік дәстүр мен өзге халықтар әдебиетіндегі жаңашыл құбылыстарды қаншалықты деңгейде игеріп, өз тарапынан қаншалықты жаңарта қолданып, көркемдік-шығармашылық кәдеге асыра алғанын пайымдау үшін оған екі тұрғыдан назар салып, соған сәйкес ой тиянақтамақ жөн. Оның біріншісі - көркемдік мазмұн да; екіншісі - көркемдік пішін мәселесі. Ал өз кезегінде аталмыш екі мәселе өзара ұштаса келіп, әдебиеттегі түр, жанр ұғымдарын айқындайтыны мәлім. Бұл жағдай, түптеп келгенде, балалар поэзиясындағы көркемдік мазмұн мен пішін мәселелерін тұтастықта ала отырып, түрлі кезеңдер еншісіндегі түрлі шығармаларда көрініс тапқан ортақ сипат-белгілерді айқындауға және оларды тақырып, проблема, мазмұн, идеялық үндестігі тұрғысынан жинақтай топтастыруға, соның нәтижесінде бүгінгі балалар поэзиясының өзін ішкі түрлерге саралай жіктеп, сол негізде ондағы көркемдік дәстүр мен жаңашылдық мәселелерінің деңгей-дәрежесін талдай тануға мүмкіндік береді.

Қазақ балалар поэзиясын құрайтын үлкенді-кішілі шығармаларды көркемдік мазмұн мен тақырыптық-идеялық жағынан ұқсастықтары бойынша топтастырып, олардың әрқайсысын жекелей талдай тану арқылы бүгінгі ұлттық балалар поэзиясының даму эволюциясын, қол жеткізіп үлгергені мен алда игерілуге тиісті көркемдік биіктіктерді айқындай бағалауға болады. Бұл орайда біздің мақсатымыз Р. Нұрғалидың жанр проблемасына байланысты айтылған: “Даму процесінде жанрлар өзара ықпал етеді, бірін-бірі байытады; кейбір жанрлар жаңғырып өссе, кейбіреулері өшеді, өледі. Жанр құбылысы дегенде - табиғи, диалектикалық өзгерістерді айтамыз, әйтпесе шекарасыз, жағасыз, арнасыз жанрлық форма жоқ. Бұл талап ескерілмесе, шығарма босаң, болжыр тартып, көркемдік аяққа басылады, эстетикалық қасиет жойылады.

Кең мағынасында алғанда, типологиялық тұтастық сипаты бар эстетикалық категория - жанр өз структурасында дамудың бұрынғы байлығын сақтай отырып, әрбір жаңа шығармада соны сипатта көрінеді. Эстетикалық мазмұн белгілі жанрлық қалыпта құйылып шығып, көркемдік элементтердің тұтастығын, логикасын сақтап, диалектикалық бірлік, гармониялық келісім табады” [2, 9-10], - деген пікіріндегі негізгі теориялық ойлармен орайласады. Өйткені қазақ балалар поэзиясын ішкі түрлерге жіктей топтастырғанда, ол түрлердің әрқайсысына типологиялық тұтастық сипаты бар эстетикалық категория ретінде назар салдық.

Бұл тұста ескеретін жәйт - теориялық әдебиеттануда қалыптасқан “жанр” ұғымы мен біздің қолданысымыздағы “ішкі түрлер” ұғымының бірдей мәндес, теңдес ұғымдар болып табылмайтындығы. Себебі аталмыш ұғымдардың өзара ұштасатын тұстары болғанымен, ірге ажыратар тұстары да баршылық. Бұл жәйттердің қай-қайсын да қазақ балалар поэзиясының ішкі түрлеріне жекелей тоқталған кезде аңғаруға болатыны анық.

Мәселеге осы тұрғыдан келген кезде ұлттық балалар поэзиясының көркемдік-эстетикалық және тәрбиелеушілік деңгейін айқындайтын туындыларды тақырып, проблема, көркемдік мазмұн, идея жағынан бірнеше ішкі түрлерге топтастыра қарастыруға болады. Олар:

1. Қаһармандық (патриоттық) поэзия

2. Дәстүрлік яки тұрмыстық поэзия

3. Тағылымдық (дидактикалық) поэзия

4. Қиял-ғажайыпты поэзия

5. Пейзаждық поэзия

6. Танымдық поэзия

7. Юморлық поэзия

8. Мысал

9. Ойын поэзиясы.

Ішкі түрлерге бөле қарастыру қазіргі балалар поэзиясының біртұтас поэтикалық мазмұнын құрайтын тақырып, проблема, идея мәселелерімен қатар, әрқилы көркемдік элементтері мен құбылыстардың пайда болу, даму яки жаңғыру, жаңару себептері мен уақыттық кезеңдерін де мүмкіндігінше дұрыс бағамдауға септеседі деп білеміз. Сондай-ақ, бұл түрлердің бір-бірінен мүлдем бөле-жарылып кетпейтінін де көңілде ұстау қажет. Өйткені қандайда да бір көркем шығарма мазмұнында бірнеше мәселе қамтыла көрініп жататынын ескерсек, негізгі мазмұнына сәйкес аталған түрлердің біріне жатқызылған шығармада өзге түрдің яки түрлердің элементтері кезігуі де заңды құбылыс. Осы жәйттердің қай-қайсын да назарға ала отырып, балалар поэзиясының ішкі түрлерінің әрқайсысының негізгі мазмұнын айқындайтын көркемдік сипаттар мен олардың ұлттық балалар поэзиясының дамуындағы дәстүрлілік және жаңашылдық мәнін бағамдауға талпынып байқалық.

Қазақ балалар поэзиясының шығармашылық қазынасын құрайтын үлкенді-кішілі туындылардың бір легін балаларға арналған қаһармандық (патриоттық) поэзия ретінде топтастыра тануға болады.

Балаларға арналған қаһармандық (патриоттық) поэзия халқымыздың ел болу, ел қорғау жолындағы ерлік дәстүрін, күрес-тартыстарын, Отан қорғау жолында, сондай-ақ, ел амандығы жолында қаһармандықтың өшпес өнегесін танытқан батырлардың асқақ бейнелерін арқау еткен туындылардан тұрады. Қаһармандық поэзия - ұлттық балалар поэзиясының әдеби дәстүрі бағзы замандардан тамыр тартып жатқан арналы тармақтарының бірі әрі төл әдебиетіміздің даму жолындағы жаңашыл ізденістерден өнеге ала қалыптасқан, сонымен бірге өзге халықтар әдебиетіндегі озық үлгілерден де шығармашылықпен үйреніп, оларды жас ұрпақтың ұлттық жаратылысына бейімдей жаңғырта білген түрі.

Балаларға арналған қаһармандық поэзиядағы дәстүрлілік пен жаңашылдық мәселелерін дұрыс бағамдау үшін жалпы әдеби дамуға тән сабақтастық, жалғастық проблемасын айрықша құнттау қажеттігі түсінікті. Бұл орайда: “Көркемдік ойлаудың ұлттық ерекшеліктері негізінде қалыптасқан әр халықтың әдеби дәстүрі - бір кезең, бір дәуір емес, ұзақ ғасырлар тудырған, ұрпақтан ұрпаққа беріліп, үнемі өзгеріп, түлеп, байып, дамып отыратын рухани игілік. Қашанда әдеби дәстүр мен әдеби даму - әдеби қозғалыстың өзара ажырамас, тығыз диалектикалық байланыстағы құрамдас қайнарлары. Жаңашылдық ізденістерінің арнасы ең алдымен жүйелі дәстүрді игеруде жатыр” [3, 5], - деген пікірге ден қоямыз.

Ел қорғау, елдік тұтастықты сақтау, ел амандығы жолындағы ерлік тақырыбы - ұлттық әдебиетімізде халқымыздың күрес-тартыстарға толы тарихымен етене тұтастықта қалыптасқан дәстүрлі тақырып. Бұл тақырыптың халық ауыз әдебиетінде, түркі тілді көне жәдігерлерде, жыраулар поэзиясы мен тарихи жырларда кеңінен көрініс табу себебі ел өмірінің өз шындығынан, қажеттілігінен туындайды. Дәлірек айтқанда, тарихы алмағайып сын сағаттарға толы халықтың ел қорғауды қасиетті парыз, батыр болмысты ұрпақ тәрбиелеуді маңызды міндет тұтуы, соған орай қаһармандық рухын қандай жолмен болса да, ұрпақ санасына сіңіруге ұмтылуынан туындаған заңды әрекет. Бұл ретте, әсіресе көркем әдебиеттің, өлең-жырдың әсер-ықпалы аса жоғары екені түсінікті. Ерлік, қаһармандық тақырыбының алыс-жақын дәуірлерде туған фольклорлық және жазба әдебиет үлгілерінде маңызды орын иеленуінің басты себебі де халық тарихының өмірлік шындығымен тығыз байланысты. Халқымыздың бесіктегі балбөбектің өзінен:

Айыр қалпақ киісіп,

Ақырып жауға тиісіп,

Батыр болар ма екенсің?!

Қарағай найза қолға алып,

Жауға тиер ме екенсің?!

Қашқан жауды артынан

Түре қуар ма екенсің?!, - деп үміт ете жырлауынын себебі де сондықтан.

Байқалып тұрғандай, балаларға арналған қаһармандық поэзияның дәстүрлі тамыры көне дәуірлердегі Күлтегін, Оғыз ерліктерін дәріптеген ежелгі жәдігерлерде, қазақ батырларының қаһармандығын жырлаған толғаулар мен тарихи жырларда, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс батырларының ерлігін арқау еткен өлеңдер мен дастандарда, сондай-ақ, халық ауыз әдебиетіндегі батырлық эпостардан бесік жырына дейінгі үлгілерде жатыр. Қаһармандық тақырыбы, тақырыпты ашуға қызмет ететін ерлік күрестер мен ел игілігі жолындағы жанқияр әрекеттерді бейнелеген көркемдік мазмұн, ел қорғауға даяр ұрпақ тәрбиелеу міндеті уақыты жеткен мезгілде ұлт әдебиеті аясында жеке арна түзген балалар поэзиясында заңды жалғастық тауып, шағын тақпақтан ауқымды поэмаға дейінгі үлкенді-кішілі жанрлардағы шығармаларда балалардың таным-түсінігіне, жас ерекшелігіне лайықтала жырланды.

Ерлік, қаһармандық, елжандылық тақырыбын түрлі жастағы балалардың түсінік-біліміне лайықтай, бейнелі де әсерлі жырлаудың сәтті үлгілері ретінде Ө. Тұрманжановтың “Ғажайып бағбанның алтын алмасы мен Асан бала туралы ертегі”, “Алып кетпен”, Ә. Тәжібаевтың “Толағай”, Ә. Ахметовтің “Халықбек” ертегілерін, Н. Баймұратовтың “Қанды жорық”, “Ер Төлеген”, Н. Байғаниннің “Ер туралы жыр” дастандарын, М. Хакімжанованың “Мәншүк”, Ә. Сәрсенбаевтың “Ұлым туралы ой”, “Намыс ұлы”, Д. Әбілевтің “Жас азамат”, Ғ. Ормановтың “Бөбек жүрегі”, Қ. Аманжоловтың“Ақын өлімі туралы аңыз” поэмаларын, Қ. Бекхожиннің “Таң алдында”, “Партизандар”, “Партизан анасы” балладаларын, Ө. Тұрманжановтың “Батыр ата”, “Атаң қаны - қып-қызыл қызғалдақтар”, Ә. Сәрсенбаевтың “Сен құрметте оны”, Д. Әбілевтің “Қазақ қызы”, Ғ. Ормановтың “Аманкелді атамыз”, Қ. Бекхожиннің “Жиырма сегіз”, “Жігіт”, Ж. Өмірбековтің “Нүркен батыр”, М. Әлімбаевтың “Мәншүк апай”, М. Жаманбалиновтың “Батыр”, І. Мәмбетовтің “Менің көршім”, Ә. Дүйсенбиевтің “Балдақты адам”, “Еске сақта”, “Ер Төлеген”, “Жеңіс туы”, Ж. Смақовтың “Ғани ата”, Т. Молдағалиевтің “Дубосеково разъезінде”, “Бауыржан батыр”, “Партизан”, “Жаса, Жеңіс!”, “Зоя қыз”, Қ. Баянбайдың “Белгісіз жауынгер”, Е. Өтетілеуұлының “Тоқтар - тұңғыш ғарышкер”, Ж. Әбдірашевтің “Махамбет” т. с. с. өлеңдер мен тақпақтарды атауға болады. Аталған жанрлардағы шығармалардан тұратын балаларға арналған қаһармандық поэзияның басты ерекшелігі тақырып пен көркемдік мазмұнның бала болмысына, жасына сәйкес ашылуымен және әр жанрдың талабына лайықты жауап беруімен байланысты. Әр жанрдың өз мүмкіндігі, өз ерекшелігі болатындықтан, тақырып пен көркемдік мазмұн да сол ерекшелікке сәйкес ашылатыны, сюжет пен композиция да жанр мүмкіндігіне лайықтала түзілетіні, басқаша айтқанда, поэма, баллада яки өлеңде бейнеленген көркемдік мазмұнды тақпақ жанрында сол деңгейде жеткізу мүмкін еместігі белгілі.

Мәселен, жаттап айтуға қолайлы жеңіл тіл мен әуезділікке, ырғақтылыққа бейімділік танытатын тақпақта қандай маңызды тақырыптың өзі жанрдың осы аталған негізгі талаптарына жауап беруі тиіс. Сонда ғана тақпақ балаларға арналған поэзиялық туынды ретінде де, тәрбие құралы ретінде де өз міндетін атқара алады. Бұл тұрғыда жанр үдесінен табылған жақсы үлгілердің бірі - М. Әлімбаевтың “Мәншүк апай” тақпағы. Өйткені бұл тақпақта қаһарман қазақ қызының бейнесі де жасалған, сол арқылы тәрбиелік мақсатқа да қол жеткізілген. Алғашқы шумақта бала Мәншүктің мектепте “беске” оқығаны, оған жұрттың қызыға қарағаны бейнеленеді де, одан кейінгі шумақтарда:

Соғыс бұлты төнгенде,

Серік болып ерлерге,

Жаудың бетін тойтарған,

Елдің кегін қайтарған.

Мәншүк апай - батыр қыз,

Ардақтаймыз атын біз.

Ұқсап Мәншүк апайға,

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Сәбилік ғұрып жыры
Абай тұлғасы
Тұрмыс салт ертегілері
Балалар әдебиеті тілінің танымдық құрылымы
Балалар әдебиеті және балалар жазушыларының өмірі менi шығармашылығы
Жыраулар поэзиясының даму жолдары
Жыраулар поэзиясын оқыту
Жыраулар поэзиясы - тәуелсіз мемлекеттік деңгейде өмір сүрген Қазақ хандығы дәуірінің әдеби мұрасы
Асқар Егеубай – публицист, аудармашы
Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz