АБАЙ ЖОЛЫ


АБАЙ ЖОЛДА
Бейуақ еді. Кеш қараңғылығы қоюланып келеді. Үлкен үйдің бұрыш-бұрышынан қарауытып түн туып, тұтасып келе жатқан тәрізді.
Жидебайдағы қыстаудың ең үлкен бөлмесі осы. Кілемді, текеметті, алашалы, көрпелі, меймандос, мол үй.
Абайдың кәрі әжесімен, өз шешесімен бірге тұратын үйі осы еді.
Әлі шам жағылған жоқ, жұрттың көбі тыста мал жайлап жүр. Шыңғыс жаққа қараған терезенің алдында қос тізерлеп, екі шынтағын терезенің алдына салып, иегін қолдарының үстіне қойып Абай отыр. Бұдан басқа оң жақта, жер төсектің үстінде бала уатқан Зере бар. Тізесімен тербетіп отырғаны - Айғыздан туған немере қызы - үш жасар Кәмшат. Кәрі әже күндегі машығы бойынша бесік жырын айтады. Өте бір өзгеше, ескі жыр. Абайдың өз әжесінен басқа ешкімнен естімеген жыры. Бірақ кәрі әжесінің өзіндей соншалық жақын, ыстық, сүйікті жыры. Кішкентай күнінде Абай өзі де кеш сайын осы жырдың тербеуімен ұйықтайтын. Сол күндерден бір ырғағы ауыспаған, бір сөзі де өзгермеген, анна жүрегіндей айнымас жыр. Осындай қоңыр кештің қоңыр күйі. Бейуағына жеткен әженің өмірлік гәй-гөйі. Сырт қарап отырған Абай әженің кейде шерлі, кейде мейірбан рақым күйін өзін тербетіп отырғандай сезеді. Аяқталмай созыла түссе екен дейді.
Осы қыстауға қонғаннан бері, кеш сайын Абай ешкімге білдірмей, елеусіз ғана әжесімен оңаша қалады.
Неге қалатынын әжесіне де айтпайды. Жалғыз-ақ кеш батып, қораға мал келетін уақыт тақалғанда, кіші шешесі Айғыздың үйіне барып, мына кішкене қарындасы Кәмшатты көтеріп, еркелетіп ойнап жүреді де, ақырында әжесіне әкеп береді.
Кәмшат тез ұйықтамайды. Қазірде де, ала көлеңкеде кәрі әжесі байқап отыр - ән тоқтай қалса, кішкентай қыз қарақаттай қап-қара көздерін ашып алады. Ұзын кірпігін ұйқылы-аяу қағып, «тағы айт» дегендей қыңқылдай бастайды.
О да құнығып алған. Осындайлық бейуақ шағын Абай әрқашан үнсіз, жым-жырт қана өткереді. Өзімен-өзі ғана болуын сүйіп, саяқ қалады. Егер ол кей күндер бұл шақта тыста болса, жапа-жалғыз төбе басына шығып кетеді. Қыр кеші бұның бір ұғымсыз әміршісі, сүйсіндіре мүлгіткен
зор мұңдасы тәрізді.
Құлағы әжесінде, екі көзі сонау алыс көктау, қатпарлы қалың Шыңғыс жотасын қыдырады.
Жидебайдан жиырма шақырымдай жердегі Шыңғыс кешкі шақта ымырт жабыла, көкшілденіп, суық тартып алыстай береді. Жайын күштің жотасы тәрізденген қалың ауыр жоталар мен қатаң суық серек тастар болсын, баршасы да жым-жырт қана сілейіп, түнге бейім ұсынып барады.
Соңғы күндер ол тауларда не хал болып жатыр. Бұл ауылға әзір мәлім емес.
Бірақ Борсақ, Бөкеншінің Қарашоқыдан қуылғаны, күңірене көшіп кеткені анық. Қалың Шыңғыс, қатпарлы бөктер бұл күндерде пәлелі бөктер екені анық. Абай соны ғана біледі.
Таудан соққан салқын ызғар, қатал мінездердің ызғары тәрізді. Ызылдаған суық лептің қарсысына ана жыры, мейір-шапқат жыры үн қосады. Құшағына тартқан өзгеше күш, бар дүниені өзіне бағындырар орны бар, баяу да болса, басым саз. Абай біртүрлі сейіліп, іштей серпіп алып, тау жотасынан биіктеп, аспанға қарады. Толық ай ашық көкті қалқып, сызып келіп, бір топ шоғыр қара бұлтқа кірді. Кірді де қызық күйге түсті. Абай соған қарап өзге жайдың бәрін ұмытып, аңырып телміре қалды.
Қара қошқыл кілегей бұлттың жоғарғы жақ шетін ала кірген ай, бір көрініп, бір сүңгіп, машығынан тыс жылдам жүріп, дәл жасырынбақ ойнағандай құбылады. Кейде біржолата білінбей батып кетіп, артынан тез жарқ етіп, күліп шыға келед те, лезде барып тағы шомады.
Келесі сәтте көзін қысып, сығырайтып, әдейі ойнағандай боп, бір жақ шетін ғана көрсетіп, сызып қалқып отырады да, тағы да сөне қалады. Абай дәл мұндай болып құбылған ойнақы айды ең алғаш байқағаны осы еді. Тағы бір рет, ай шеті қылдырықтай боп көріне түсіп, сөне қалғанда, еріксіз күліп жіберді . . . Мынау ай дәл бір құлдыраған жас бала тәрізденді . . . «Қу шұнақ, тәтті қылығы бар бала».
Бір сәтте есік артында тасырлатыи, салдыр-гүлдір асығып келе жатқан аяқ дыбыстарын естіді . . . Сақылдап тұрып, күле қашып, жүгіріп келе жатқан Оспан екен. Артында біреу өкшелеп қуып келеді. Қуғыншы бақыра жылап, өлердей күйіп келе жатқан Смағұл. О да Абайдың інісі. Айғыздан туған. Смағұл Оспанмен түйдей құрдас.
Абай терезе алдынан атып тұрып, Оспанның анаған бір зорлық қылып келе жатқанын сезіп, алдынан шығып ұстай алды. Смағұл да кеп Оспанға жабыса түсті. Өз үйіне жетіп алған Оспан енді төбелеске әзірленіп, қарсы айналып:
- Ал қайтесін?- деп, Смағұлды жағадан ала бергенде, Абай екеуін айырып жіберіп, Смағұлға қарады.
- Немене, не қылды?- деп еді, Смағұл қорсылдап, жылап қоя берді:
- Құлжамды, қызыл құлжамды ұрлап мынау . . .
- Қашан? Әй, жылауық!- деп Оспан әуелі күліп алып, артынан өтірік қорс-қорс етіп жылаған боп: «Кіжіл күлжәм» деп, Смағұлды мазақ қыла бастады . . .
Абай Оспанға тап беріп зекіп:
- Бер құлжасын!- деді.
Оспан:
- Алғам жоқ, өтірік. . - деп, тана берді.
Бірақ Абай ырық бермеді. Тінте бастады. Оспанның тінту бермек ойы жоқ. Барынша бұлқынып, Абайдан сытыла қашып, пеш қасына барды. Екі қолын артына ұстап, бұрышқа кептеле тығылып тұрып алды. Дәл жанында үлкен биік шелекке ашытып қойған түйенің қымызы бар.
Ұлжанның күз уақытында Зере мен балаларға әзірлеп отыратын ағы осы.
Оспан әдейі сол араға тығылып тұр. Абай қыспаққа ала берсе, сол шелектің бір септігін көрмек. Тіпті болмаса шелекті құлатып, Абайдың өзін де шатаққа ұрындырмақ. Өзінен қайраты артық ағаға содан басқа мұның істер дәрмені жоқ. Оспанның шатақ іздеп тұрғанын таныған Абай, енді оны сүйреген жоқ. Бірақ қатты ыза боп, Смағұлға болысып кеп:
- Шығар шапшаң құлжаны! Көрсет қолыңды!- деп тұрып Оспанның құлағынан алып, аямастан жұлқып бұрай бастады. Оспан айқай салып шыңғыра беріп, күбі шелектің бетіндегі асжаулықты бірсыдырып түсірді. Шелектің өзін қағайын дегеніне Абай жібермеді. Сонымен келесі бір сәтте Оспан айқайын зорайта беріп, қолындағы қызыл құлжаны қымыз ішіне «шөп» дегізіп тастап жіберіп, екі қолын көтеріп, Абайға:
- Міне! Ойбай!. . Міне, түк жоқ!- деп, зарлап коя берді. Абай мұның не қылғанын байқаған жоқ еді. Бірақ Оспанның бар қимылын бағып тұрған Смағұл құлжаның қымыз шелекке түскенін байқап қалды. Ол тап беріп шелекке жетті де, білегін сыбана беріп, кір-кір қолын қолтығына шейін бойлата қымыздың ішіне салып жіберді. Жеңі де малынып, бірге жүзіп жүр. Қымыздың ішін салдырлатып сүзіп жатыр. Абай енді Смағұлдың ақымақтығына ыза боп Оспанды қоя беріп, ананы тартайын деп еді, Оспан дәл осы кезде Абайдан босай сала қымыз бетіне үңіліп тұрған Смағұлды желкесінен түйіп-туйіп қалып, қымыздың ішіне бет-аузы мен құлағына шейін батырып жіберді. Өзі және сақылдап кеп күле бастады. Смағұл құлжаны таба алмай, аузы-мұрнына қымыз кетіп, шашалып, ықылық атып, тағы бақыра тұрды. Барынша күйіп қайнаған қалпында Оспанға жұдырық ала ұмтыла берді.
- Әй, қуарған-ай!. -- деп, соған қосып аса қатты, сұмдық бір боқтықты айтып қалды. Оспанға ұрысам деп Ұлжанды боқтаған еді. Оспан қалт етіп аңырып тұра қалды. Сасқанынан Смағұл сөзін анықтап аңғара да алмады. Бірақ Абай өз анасы үшін қатты күйіп кетіп:
- Өй, ақымақ!. . Ол оның шешесі болса, сенің де шешең. Бұны кім үйретті, доңыз?- деп кеп, Смағұлды жақтан тартып-тартып жіберді.
Осы бәлені шығарғаны үшін Оспанды да аямай ұрды. Сонымен екі інісі екі жаққа бақыра-бақыра жөнелісті. Оспан барып әжесінің қасына құлап түскенде, Смағұл өз үйіне, өз шешесін іздей жүгірді. Оспан мен Смағұл алысу мен төбелесуден көз ашпайтын. Татулықтары сәл болса, ұрыс-таластары күн ұзын айықпайды. Бүгін Оспан Кеш батарда Смағұлға барып, екеуі біртүрлі тату бола қалып еді.
Өйткені Смағұл өзінің барлық асықтарын төгіп, Оспанға жаңа боялған бір арқар асығы - қызыл құлжасын көрсеткен болатын.
Оспан осыны көргеннен-ақ Смағұл қасынан кете алмаған. Кеш бата үлкендердің бәрі мал жайлағалы тысқа кеткенде, екеуі сол үйде оңаша қалған. Оспан үй ішінің ала көлеңке болуын тосқан екен. Жаңа іңір қараңғысы бола берген кезде, көп асықтың ішінен қызыл құлжаны қымқырып алып, өз үйіне қарай жөнеле берген болатын. Смағұлдың байқап қалып, іле қуғаны әлгі екен.
Абайдың көңіліне Смағұлдың жаман сөзі зілдей тиді. Өз анасына жаны біртүрлі қатты ашып, үлкен бөлменің тап ортасында тапжылмай қатып, тұрып қалыпты.
Бір сәтте Смағұлдың бақырауық даусы қайта жақындап келе жатқанын байқады. Сол дауыспен қатар, шаптығып қатты ұрсып, асығып келе жатқан кіші шешесі Айғызды таныды. Айғыз үлкен үйдің есігін сарт еткізіп шалқасынан ашып, табалдырықтан аттай бере, Смағұлды жұлқып ұшырып, үйге кіргізіп:
- Мә, жеңдер! Талап түтіп жеңдерші бұл қуарғанды! Жабылыңдар, мә дейім!. . - деп, Абайға қатты төніп жетіп келді.
Абай:
- Кіші апа!. . - дей беріп еді, Айғыз оны сөйлетпестен қаптап кеп:
- Әлім жеттік қыласың ғой! Сендер бір шешеден төртеусіңдер, көпсің.
- Кіші апа деймін!. . Не дегенін сұрашы тым құрмаса!
- Керегі жоқ! Ер жеткенде білгенің сол ғой! Сен де күндестің баласы деп тұрсың ғой.
- Құдай-ай, не дейсіз?
- Ұрған жақсы болса, ертең оқудан келер Қалел де. Сенің сыбағаңды берер!- деп, орысша оқуда жүрген өзінің үлкен баласы Қалелді де есіне алды . . . Жасақтасып, төбелескелі тұрған екі күндес ауылдай.
- Ойпырм-ай, ана болғандағы ақылыңыз осы ма, кіші апа?
- Жағаласпа, шығарма тіліңді! Бұлар бәйбіше, біз тоқал ғой . . . тепкі көрмекпіз ғой . . .
Абай өз үйінде, өз анасынан көрген мынадай әділетсіз зорлыққа жаман күйді. Сұп-сұр болып, булығып, дір-дір етті. Бірақ жылаған пішінін білдірген жоқ.
- Түу! қойыңызшы, сіз қалай едіңіз?- деп қатты түңіліп терезе жаққа қарай бұрылып кетті. Сөз қатар мұршасы жоқ. Зере бұл жанжалдың бәрін естімесе де, Айғыздың шаптығып келген түріне қатты ашуланған екен. Абайдың күйген ажарын да танып еді. Енді Кәмшатты жатқызып қойып, түрегеліп келініне жақындап кеп, қатты ақырып:
- Жоғал әрмен, балаларымның арасына кіріп, ірткі салып не шатып тұрсын! Шық жаның барында!- деді. Айғыз кәрі әжеден жасқанып, кейін серпіле берді де:
- Тоқал демексің, мүйіздемексің ғой бірігіп ап . . . Көрермін . . . келсін ертең, - деді. Ескерткені Құнанбай. Сұлу тоқал байына ыстық. Бел қылғаны сонысы. Бұл сөздерін Зереге естірте айтпаса да, Абай естісін деген сияқты.
Дәл осы кезде Айғыздың сырт жағынан өте бір сабырлы және соншалық салқын үн шықты. Ол сөйлеген Ұлжан еді. Үйге кіргелі бірталай болса да, Ұлжан үндемей ғана барды тыңдап тұр екен.
- Қой, жарықтығым, жетті енді! Сақтағаным балалар еді. Олар екеш, оларды да аямағаның ба?- деді.
- Өл де маған . . .
- Тоқтат, жаным! Бар! Айтқаныңды қумаймын. Тек ашуыңды аулақ әкет! Болды. Бар!. . - деп, жай ғана бітірді. Айғыз Смағұлды қолынан ұстап, Ұлжанға біраз қадалып тұрды да, үндей алмай шығып кетті.
Ұлжан ақырын күрсініп, Айғыздың артынан қарап, біраз жым-жырт тұрып барып, сырт киемдерін шешті. Қалтасынан шақпақ алып тұтатып, пеш қырында тұрған тас шамды жақты. Үй ішін әлсіз қызғылт сәуле жарық қылған уақытта шешесі Абайдың аса жүдеп, қабағын шытып, қиналып отырған қалпын байқады.
- Абайжан, немене, балам?
- Апа-ай! Осы бір кеселді мінез кіші апамнан неге көп шыға береді!- деп, шешесінің қасына келді.
Баласы үлкен кісідей сыр сұрап тұр. Ұлжан өзгеден бүксе де, Абайдан іріккісі келмеді. Бұл баласына айта алады.
- Балам-ай, күндестің аты - күндес те! Қу жараны жалап жазған боламыз да. Әйтпесе менің де қай сырымды біліпсін!- деді.
Абай шеше сырын іштен танығанмен, айтар жауап таба алмады. Үндемей сырт айналып кетті.
Осы кезде тыстан дабырлап, күле сөйлесіп, Абайдың үлкен ағасы Тәкежан мен Ғабитхан молда кіріп келді. Бұлар үйге көңілді, көтеріңкі шырай ала кіргендей.
Тәкежан Абайдан екі жас үлкен . Қалжыңбас, әзілқой болатын. Ғабитхан одан едәуір үлкен болса да, Тәкежан тату құрбысындай күліп, соқтығып ойнай береді. Молданың тілін қылжақ қылып, мазақтап келеді екен. Ғабитхан - татар жасы. Осыдан бірнеше жыл бұрын солдаттан қашып, қазақ ішіне, Қарқаралы қазағының ішіне келген. Бертіс ішіндегі Ырғызбайдың сүйек-шатыс бір аулына келген-ді. Олар сол жылы Өскембайдың асы болғанда, бұл жігітке:
- Сен бір мықты адамның ығында болсаң, жақсы болар, - деп Құнанбайға әкеп, таныс етіп, табыс қылған.
Ғабитхан жас та болса, молдалығы жетік кісі саналып, Құнанбай қолында тұрып қалған.
Мінезі аңқау, тілі қызық, өзі майда, сүйкімді адам. Бұл ауылдың үлкен-кішісі аса бір ғазіз адам санап жақсы көретін. Қылжақтай беретін жалғыз Тәкежан.
Ғабитхан соңғы күндерде әрбір кеште» үй ішіне «Мың бір түн» хикаяларын айтуды машық қып алған.
Бүгін де кешкі шайдан соң, Ұлжанның қозғауы бойынша, кеше бітпей қалған бір қызық әңгімесін -«Үш соқыр» хикаясына кірісті.
Бірақ бұл кеште ол әңгіме аяқталмай барып, үзідіп қалды. Өйткені терезе түбінен дүбірлетіп, қатты жүріп келген салт аттының дыбысы естіліп еді. Үй іші:
- Бұ кім екен?
- О кім өзі! Қатты келді ғой?- десіп аңырып отырғанда, Жұмағұл атшабар кеп кірді.
Бұл амандасып болар-болмастан, кеше Тоқпамбет үстінде болған төбелесті айтуға кірісті. Өзінің оң жақ бетінде жара да бар екен. Онысын да және барлық кеше таңертеңнен бастап болған бастан-аяқ халді де түгел айтты.
Зере естісін деп даңғырлап сөйлеп, қатты айтады. Бөжейғе дүре соққан жерді құшырланып, әсіресе сүйсініп айтқан тәрізді . . .
Зере Бөжейге соққы тигенін естігенде Жұмағұлға қадалып, ызғарменен қайта сұрап, анықтап ап:
- Жан ашырлық жақсының арты еді. Ардан кеткен екенсің, түге. Қуарған ңеме, оның несін қақсап отырсын бала-шағаның көзінше?- деп, Жұмағұлды зекіп, тыйып қойды.
Үй ішіндегі өзгенің бәрі де Бөжейді соншаықш үлкен, жақын санағаңдықтан ба, болмаса кәрі әженің сөзінен біе, әйтеуір біртүрлі тіксінгендей боп, үндемей қалды.
Әке мінезін сүйсініп қостаған жалғыз Тәкежан болатын. Ол:
- Е, аяқтан алмасын, білсін, әнеки!- деді.
Ұлжан бұған суық қарап:
- Бықсымай, қой әрман! Өзгенің қылғаны да жетер!- деді. Бұл әңгімені Жұмағұлмен бірге кеп кірген мосқал қойшы Сатай да тыңдаған еді. Аздан соң ол, күндіз қой жайып жүріп өзі көрген жайды айтты. Бүгін түс кезінде Бөжей, Байсал, Байдалы бар - он шақты кісі Кеңгірбай бейітіне әдейі бұрылып кеп құран оқып, көп уақыт үйіліп тұрысып, содан кейін күнбатысқа - Шұнайға қарай сапар тартып кетіпті.
Атқосшыларының біреуімен Сатай тілдескен екен:
- Бөжейлер Құнанбайдың үстінен арыз айтқалы дуанға - Қарқаралыға кетіп барады. Мына атасының басына әдейі кеп, құран оқып аттанды, - депті.
Жұмағұл мұны ести сала өз шаруасын айтты. Құнанбай Абайды шақырта жіберіпті.
Ертең ол да Қарқаралыға жүрмек. Абайды қасына ере жүрсін депті. Бұл хабарды үй іші үн қатпай тындады да, тегіс томсарып қалды.
Ертеңіне түске жақын Абайды ұзақ жолға аттандырғалы жақындары тегіс тысқа шықты. Семіз құла жирен атты күміс ертоқыммен ерттеп, Абайды соған аттандырғалы Жұмағұл ұстап тұр екен. Абай ең алдымен қәрі әжесімен қоштасып:
- Қош, әже!- деп кеп, екі қолымен әжесінің кішкене кәрі қолын қысты. Әжесі Абайдың маңдайынан иіскеп тұрып:
- Әруақ қолдасын, жолың болсын! Абайжаным!- деді.
Өзгелермен алыстан ғана «қош-қош» десіп, Абай атына қарай жүре берді. Шешесі Жұмағұлдың қолынан құла жирен аттың тізгінін алып, Абайды:
- Кел!- деп шақырып ап, - пісмілдә, - деп, өзі аттандырды.
Баласы атқа қонып, жүруге ыңғайланып, тізесін қымтай бергенде Ұлжан өзінің үлкен ақ саусақтарын жирен аттың жалына салды. Бір нәрсе айтатын сияқты. Абай осыны аңғарып, анасының жүзіне қарағанда, Ұлжан бұған біраз көз салып тұрып:
- Балам, үлкендер бірде тату, бірде араз бола беретін. «Күндестің күлі күндес» дегенді сен білмей-ақ қой. Бөжекеңді көрген жерде сәлеміңді тузу бер. Бір кезде жақсьі жақының еді. Кім тентек, кім мақұл? Қайдан білдің? Әкең дұшпан десе, сен әділ бол! Жамандыққа кім табылмайды дейсің, жан ашырдан айырылма!- деді.
Абай жүріп кетті. Артына бірнеше бұрылып қарағанда, аналары үйге кірмей, ұзақ қарап тұр екен. Шешесінің соңғы сөзі Абайдың құлағына әлі естіліп тұрган секілді. Қазірде бұның жаны ашыған тілеулесі - Бөжей.
2
Абай әкесімен бірге Қарқаралыда тұрғалы көп күндер болды. Қазірде қыс әбден түсіп, қар бекіп алған-ды.
Құнанбай кішкене қаланың тап ортасындағы, қөк шатырлы, үлкен ағаш үйді жатақ еткен. Қазағуар, қонақшыл, татар саудагерінің үйі.
Бұл қалаға аға сұлтан көп туысқанын, көп нөкерін ертіп келген. Құнанбай пәтерінің маңындағы үш-төрт кварталдың әрқайсысыда, өзді-өз тобымен ошарылып орнап жатқан Майбасар, Жақып, Қаратай сияқты Құнанбайға тарапты кісілер бар. Майбасар мен Құнанбай пәтерлерінен күндіз-түні табылып тұратын тілмәш, стражниктер болады: Майбасарға тиісті атшабар Қамысбай, Жұмағұлдан басқа Құнанбайдың өз жігіті, өз атшабары - Қарабас та бар-ды.
Бұлардан басқа, жай ерте шыққан бір топ жігіт-желеңі тағы бар. Құнанбай жігіттерінің ажарын өзгеден басқарақ керсететін бірен-саран басқа тұқымның жігіттері де бар.
Тегінде, Құнанбай қолында Ғабитхан сияқты татардан, Ызғұтты сияқты қырғыздан, Бердіқожа сияқты қожадан келген, тіпті, шеркестен де келген жеке адамдар, немесе тұтас ауыл, топтар көп болушы еді.
Жиыны отызға тартатын нөкерлер сегіз үйде жатады. Қарқаралының тап ортасы Тобықтыңың бір аулындай болды. Әке қасынан ерігейін десе, Абай анда-санда осы үйлерді шетінен аралап, өзінше ермек тауып кететін.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz