Дін социологиясы пәнінен лекциялар жинағы


Қ. А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті
Тарих-педагогика факультеті
Дінтану және теология кафедрасы
ДІН СОЦИОЛОГИЯСЫ
ПӘНІНЕН
ЛЕКЦИЯЛАР ЖИНАҒЫ
Түркістан 2012
Лекциялар жинағы «Дінтану және теология» кафедрасының « » 201 ж. мәжілісінде талқыланды № хаттама.
Кафедра меңгерушісі, доцент С. Оразбай
Құрастырған пән оқытушысы З. Ибадуллаева
Лекциялар жинағы факультеттің « » 20 ж. (хаттама № ) ОӘК-де қаралып, мақұлданды
Оқу-әдістемелік кеңес төрайымы, п. ғ. к., доцент Ү. Мелдебекова
Лекциялар жинағында дін социологиясының ғылыми пән ретінде, оның негізгі ұғымдары мен әдістемелік қағидалары, сондай-ақ дін социологиясының пайда болуының алғышарттары мәселелері сипатталады. Лекциялар жинағы дінтану мамандығының типтік оқу жоспары және пәннің типтік оқу бағдарламасы негізінде дайындалған.
Лекция тақырыбы: Кiрiспе
Лекция жоспары:
- Ғылым ретiнде қалыптасу тарихы;
- Дiн социологиясының объекттерi;
- Дiн социологиясының әдiстерi;
- Дiн социологиясының өзге дiн ғылымдарымен байланысы
Лекция мақсаты: Дін социологиясына жалпы сипаттама жасалынады.
Лекция мазмұны:
Дін социологиясы екі басты ұстынға сүйенеді: социология және дін. Осы тұрғыдан эстетика социологиясы және хұқық социологиясы тәрізді социологияның өзге салалары сияқты дін социологиясы да екі түрлі құрылымға негізделген: қоғамды зерттеу, дінді зерттеу. Міне, осылайша қоғамдық дәрежеде діни құбылыстарды зерттеуді негізгі тақырып ретінде қарастыратын дін социологиясы кейбір мәселелерді жалпы социология мен оның өзге де салаларымен бірлесе қарастырумен қатар, діни тәжірибе мен оған қатысты басқа да проблемаларды дінтану ғылымдарымен бірге зерттейді.
Жалпы социологияның тақырыбы турасында жалпы шолу
А) Социология дегеніміз не ?
Социология латын тіліндегі «қоғам» мағынасына сәйкес келетін «socius» және грекше «ілім» мағынасын беретін «logos» деген сөздерден құралған.
Социлогияның негізгі тақырыбы ретінде қоғам және ондағы пайда болатын әлеуметтік оқиғаларды ғылыми тұрғыдан зерттейтін жас ғылым саласы. Қоғамның қанша жылдар бұрын пайда болғанымен, оны ғылыми тұрғыда зерттеу ҮІІІ ғасырдың соңына таман қолға алына бастап, ХІХ ғасырдың соңында ол тәуелсіз бір ғылым саласы ретінде қалыптасты.
Социологияны «белгілі бір заман мен ортадағы қоғамды және әлеуметтік ақиқатты айқындайтын, салыстыратын және түсіндіретін бір ғылым саласы» деп анықтама жасар болсақ ол қоғам ілімі ретінде айқындала түседі. Осы сәтте қоғам дегеніміз не ? - деген сұрақ туындайтыны айқын.
Ертеден адамдар топтасып өмір сүріп келеді. Аристотель адамзаттың қоғамдық сипатын айқындау үшін «әлеуметтік тіршілік иесі» деген ұғімды қолданған. ХІҮ ғасырда өмір сүрген атақты мұсылман ғұламасы Ибн Халдун да «адам қоғамы міндеттілік» деп, қоғам өмірінің маңыздылығын одан ары айқындай түскен. Демек, қоғамдық өмірден тысқары адамның жалғыз басымен өмір сүре алмайтыны анық, тіпті, тарихтан алдыңғы қараңғылық дәуірінде де адамдарды үнемі бірлесіп, өмір сүретін қауымдар немесе қоғамдар түрінде ғұмыр кешкенін білеміз.
Сырттай көзбен қарағанымызда белгілі бір қоғам адамдар жиындығы ретінде көрінеді. Бірақ бұл қарапайым түрдегі сыртқы көрінісі ғана. Ал қоғамның шынайы мәніне келер болсақ, ол адамдардың бір жерге топтасып өмір сүруімен ғана шектелмейді. Қоғамдық өмірдің мәні аз дегенде екі немесе одан да көп адамдардың өзара қарым-қатысқа түсуінен тұрады. Сонымен қатар, тәртіпсіз, формасыз қоғамды елестету де мүмкін емес. Демек, әр қоғамның өзіне тән формасы, құрылымы, орныққа әдет-ғұрыптары мен қағидалары болады. Сонымен қатар, әрбір қоғам үнемі өзеру, даму, қайта пайда болу процестерін басынан кешіру үстінде, ал өзгеріске түсудің басты негізі қоғамды құрайтын жеке адамдар болып табылады. Жоғарыда айтқанымыз сияқты қоғамның құрысы, жүйесі, әдет-ғұрыптары заман өткен сайын өзгеріп отырады. Сондықтан, оны үнемі әрекет үстіндегі бір құбылыс ретінде тану дұрыс сияқты.
Міне, социологияның міндеті адамдардың дүниеге әкелген қоғамның және онда туындаған қоғамдық оқиғалардың ғылыми тұрғыдан зерттелуі болып табылады.
Социология қоғамдыө өмірді сүретін адамды негізгі тақырып ретінде алады. Алайда бұл ғылым саласының зерттеу алаңы жеке басты индивид емес, топталып өмір сүретін адамдардың дүниеге әкелген қоғам мен олардың өзара әсері болып табылады. Адамдардың түйсіну, ойлау және әрекет етуіндегі бірлік пен ынтымақтастық әлеуметтік оқиғаларды дүниеге әкеледі, қоғамның тіршілік етуін қамтамасыз ететін де осы. Әлеуметтік оқиға тек бір индивид тарапынан жүзеге асса да, ол мұны өз ортасынан алған. Осылай әлеуметтік оқиға бір желіге түседі.
Дін социологиясы пәні
Жоғарыда айтылып өткені сияқты социолог дінді әлеуметтік феномен ретінде қарастырады, яғни діни жүріс-тұрысты ұжымдық жүріс-тұрыс дәрежесінде, әлеуметтік әрекет системаларының бірі ретінде зерттейді. Социологияның негізгі зерттеу объектісі адамдар тобыры, ондағы жекелеген адамдардың әлеуметтік қарым-қатынасы болып табылады. Сонымен дін социологиясының қарастыратын мәселесі діни топтар, олардың пайда болуы мен атқарар функциясы екені даусыз. Осыған орай әлеуметтік өмір жеке салаларының бірі ретінде дінді зерттеумен қатар, діни топтардың әрекетіне және діни адамдардың жүріс-тұрысына сыртқы факторлардың тигізетін әсерін, сондай-ақ, діни топтардың өзі өмір сүріп жатқан қоғамға ықпалы мен әрекет ету мәні қарастырылады. Сонымен қатар, дін әлеуметтік институт ретінде өзара іштей байланысты және және әлеуметтік мінез-құлықтың өзге сфераларынан ерекшеленіп тұратын мінез-құлық пен адамдар арасы қарым-қатынас үлгісі ретінде қаралады.
Діннің жеке индивидтің жүріс тұрысына әсері сенім арқылы жүзеге асады. Бірақ діни мекемелер мен ұйымдар қатаң тәртіпке негізделген, кейде діни сенімге қайшы келетін әдістерді қолданып, ресми қабылданған догмаға теріс белгілі бір жағдайды қолдап, өз жолын ұстаушыларға ықпалын жүргізуі мүмкін. Мұның соңы тотальдік институтқа алып барады.
Тотальдік институт дегеніміз мүшелері үнемі бақылауда ұсталатын бірлестік. Олардың мұқтаждықтары мекеме немесе ұйыммен шешіледі, олардың жүріс-тұрыстары мекеме немесе ұйым қағидаларымен реттеледі. Белгілі бір дәрежеді тотальдік институттың моделіне мектеп-интернаттар, армия казармалары, түрмелер, психиатриялық ауруханалар жақын келеді. Олар күндіз-түні бақылауда ұсталады, ал егер де қағидалардан ауытқып кетсе, жазаланады немесе тәртіпке түсіріледі.
Діни ұйымдардың арасында тотальдік институттың осы тектес модельдерін орнатқандары да бар. Себебі, оның қағидалары әлеуметтік әрекет ретінде саналы түрде айқындалған, яғни оның негіздерін діни сферада реттелген нормалар, құндылықтар, сенімдер құрайды.
Дін социологиясының басқа ғылымдармен байланысы
Тек социологтар ғана емес тарихшылар, филологтар, психологтар т. б. адам мен оның мәдениетімен айналысатын ғалымдар зерттеулерінде дінді айналып өте алмайды. Сонымен қатар, дінтанулық ғылымдар қатарындағылардың басты зерттеу объектісі дін екендігі баршамызға мәлім. Осындай дінтанулық ғылымдар қатарына дін социологиясымен бірге дін психологиясы, діндер тарихы, сонымен қатар, бүгінгі күні қарқынды даму жолына түскен бағыттар - дін семиотикасы, дін географиясы, дін феноменологиясы жатқызылады. Міне, аталған және өзге де ғылым салаларымен дін социологиясы тығыз байланысты.
Дін социологиясы және ғылыми дінтану. Дін -күрделі, көп қабатты құбылыс. Ол адам ғұмырының барлық салаларын қамтиды. Сондықтан дінді түрлі қырмен, түрлі көзқараспен және түрлі бағытпен түсіндіруге болады.
Дін психологиясы адамның діни жан дүниесін, жеке адамның ішкі жан дүниесіндегі діни сенімнің мәні мен маңызын қарастырады. Арнайы психологиялық зерттеусіз адамға діннің әсер ету механизмін түсіну мүмкін емес. Сондықтан дінді социологиялық, психологиялық бағытта зерттеу бір-бірін толықтыра түседі. Адамның діни әсерленуін әлеуметтік тұрғыдан түсіндіруге де болады. Бұл әлеуметтік психологияның үлесінде болса да діннің әлеуметтік рухани өмірге ықпалын зерттеуде аталған екі ғылым саласының әдістері мен тәсілдеріне мұқтаж.
Дін - тарихи бір құбылыс. Сондықтан тарих иіріміне қарай ол да құбылмалы, дін тарихы адамзатты зерттейтін ғылым саласының бір бөлігін құрайды. Сондықтан белгілі бір кезеңдегі қоғамның діни ахуалын зерттеу социология мен тарихы ғылымдарының еншісінде.
Дін жайлы ғылымның методологиялық негіздері
Дін турасындағы барлық ғылымдарға ортақ нәрсе эмпирикалық мәліметке сйену принципі болып табылады. Бұл діннің феноменологиялық, философиялық, және теологиялық бағыттан ерекшелеп тұратын тұсы. Дін социологиясының тақырыбы құдайдың өзі емес, құдайға сенетін адамдардың жүріс-тұрысы, әлеуметтік себептері, сол сенімнің мәні мен оның салдарыболып табылады. Ал құдай бар ма, қандай дін шынайы болмақ, бұлар теологияның үлесінде. Ал оны ақылмен дәлелдеу немесе терістеу сияқты мәселелер дін философиясы айналысады. Социологты әртүрлі елдерде түрліше болғанымен, адамдар құдайға сенеді және теориялық тұрғыда негіздеуге және түсіндіруге болатын әлеуметтік факт ретінде діннің мәні мен мағынасын айқындайды деген факт қызықтырады. Дін социологы үшін индивидтер мен топтардың жүріс-тұрыс акттарыжиындығы, әрекеттерінің өнімдері мен нәтижелеріқызықтырады.
Дін социолгиясының пайда болуы мен дамуы
Дін социологиясы ғылыми дисциплина ретінде ХІХ ғасырдың ортасында қалыптаса бастады. Өзінің пайда болуымен ол көп жағынан Ағартушылық және антифеодалдық буржуазиялық дәуір бастамасымен болған Еуропа қоғамының процесіне тәуелді болды. Дін социологиясының негізгі қайнарларының бірі, әсіресе, ХҮІІІ ғасырдағы француз философтары тарапынан әлеуметтік институт ретінде феодалдық қоғамдық қатынас пен шіркеуді әлеуметтік-философиялық тұрғыда сынау болды.
Дін және азаматтық қоғам . Еуропалық Орта ғасыр мен Жаңа заман дін мәселесі бойынша көптеген келіспеушіліктерге толы болды. Реформация қоғамдағы салыстырмалы бейбітшілік пен тыныштыққа жету үшін шіркеудің мемлекетке ықпалын шектеу және діни фанатизмге қарсы тұру тәсілдерін іздестіру қажеттілігін көрсететін дін турасында тартыстарға жол ашты. Сол заманның әлеуметтік теоретиктері Гоббс, Локк, Юм діннен қоғамды бірлестіретін, адамдарды татуластыратын және оны тұрақтандыратын қасиет таппаған. Керісінше, Гоббс еңбектерінде христиан тарихының мәліметтеріне сүйене отырып, діннен қоғамға қауіпті, керітартпа күштер бар екендігін жазады. Сол заманның идеологтары католик шіркеуі билігі кезінде олар феодалдық системаның арқасында ерекше билікті иеленгендігін байқаған. Сол заманның француз ағартушылары (Гольбах, Дидро) бастамасымен дінді радикалдық тұрғыда сынаушылар дінді жоюға және оның орнына «табиғи адамның» ақылы мен моральін қоюға шақырған. Ал дінді сынауға байыптылықпен қарайтын Ағартушылық бағыт қоғам нормативтік системаларды қолдауға мұқтаж және қоғамға тек жақсы заңдар ғана емес, оған бағынтын азаматтар да керек деп санап, діннің әлеуметтік қажеттігін мойындаған.
Проблема Жаңа заманның еуропалық тарихында ресми дін бейбітшілік пен қауіпсіздіктің кепілі болғанымен тартыстар мен әлеуметтік келіспеушіліктердің өзегіне айналуынан тұрады. Осыған орай, діннің қоғамдағы шынайы бейнесін айқындау қажеттілігі және діннің қоғамдағы орнын көрсететін оған деген діни емес көзқараста қарау қажеттілігі туды.
Локк дінді ресмисіздендіріп, яғни оны мемлекеттен бөліп, адамдардың хұқықтары мен бостандықтарының бірі ретінде белгілі бір діни сенімге сену оның жеке ісі деп танып, тұрақтылық пен азаматтық тыныштық қолдауымен азаматтардың діни сенім еркіндігін беруді керек деп санаған. Ал мемлекет жеке өміріне араласпай, азаматтардың мүлкін қорғайды және оның көбеюіне жағдай жсайды.
Осы проблеманың өзге бір шешімін Х. -Ж. Руссо: әрбір азамат өзінің міндеттерін сүюге мәжбүр еткен дінге сенуі мемлекетке маңызды, - деп азаматтардың сөзсіз мемлекетке бағынуының негізгі кепілі дін деп тапқан. Оның пікірі бойынша, діни догмаларға сенбеген адамды тек дінсіз ретінде емес, қоғамға қарсы, заңдарды шынайы сүюге қабілетсіз адам ретінде қоғамнан аластату керек.
ХҮІІІ-ХІХ ғасырда қуатты даму жолына түскен дінді сынға алу процесі дінді әлеуметтік тұрғыда қамтамасыз ету және оның қоғам өміріндегі рөлі турасындағы сұраққа деген назар аударуымен байланысты. Дін ерекше түрдегі сакральдік, қоғамда шексіз рухани билікті иеленетін институт ретінде қоғамдық институттың жиындығынан ерекшеленді. Ал қалғандары өмірлік, зайырлық тұрғыда қаралды. Діни мәдениет негізінде дамыған ортағасырлық Еуропадан соң Қайта өрлеу дәуірінде зайырлы мәдениет дами бастады. Осы екі бағыттың қатар өмір сүруі Жаңа дәуір бойы қоғамдық өмірдің барлық салалары осы екеуі арасында бітіспес тартыс алаңына айналды. Дегенмен, оның маңызды сипаттамаларының бірі деп, қоғамдағы секуляризациялаудың біртіндеп алға басуын айтуға болады.
Ағартушылық идеологиясы адамды бәрінен бұрын «ақылды адам» ретінде қараған. Білімді адам өз ақылына, ғылымға сүйене отырып, өз өмірін жасауға қабілетті. Оның алдында ақылдың жетелеуімен шексіз прогресс көрінісі ашылады. Қорыта айтар болсақ, осы дәуірдегі еркін ойшылдар діни дүниетаныды бір шетке ысырып қойып, ақылдың мәніне, қоғам өміріндегі оның маңызына мән берген.
Социомәдени алғышарттар. Батыс Еуропа типіндегі әлеуметтік динамика әлеуметтік институттардың бөлшектенуімен ерекшеленеді. Осының арасынан экономика, жанұя, білім беру, саясат т. б. сияқты жеке салалармен қатар діннің орны жайлы сұрақ туындады.
ХҮІІІ ғасырда француз революциясының нәтижесінде болған күйзелістен соң және ХІХ ғасырдың 30-40 жылдары аралығындағы индустриялизациялау барысында діннің әлеуметтік функциялары және революциядан соң қайта жасаған адамдар алдындағы оның рөлі, оның қоғамды тұрақтандыру қасиетін қолдау жайындағы сұрақтар қойылды. Ерекше орынды ағартушылар тарапынан қоғам дамуының дамушы күші ретінде қаралған ғылымға діннің қатысы жайлы сұрақ иеленді. Әлемнің ғылыми картинасын дүниеге әкелген Коперник пен Галилей атымен байланысты басталған ғылым мен дін арасындағы күрес дін жақтаушылары мен дарвиндік эволюциялық теорияның клерикальдік өкілдері арасындағы айқас ХІХ ғасырдың ортасында шарықтау шегіне жетті.
Радикальдік критиктер (Фейербах, Маркс) дінді ғылыми танымның даму жолын тежегіш, әлеуметтік прогреске керіағар ретінде таныды. Керісінше, ағартушылық рационализміне романтикалық реакия қоғамдық күштерді жандандырушы ретінде дінді жақтады.
Бақылау сұрақтары:
1. Социология терминінің қалыптасуы
2. Дін социологиясының ғылым ретінде қалыптасуы
3. Дін социологиясының зерттеу обьектісі
Лекция тақырыбына сәйкес СӨЖ тапсырмасы:
Дiннiң социологиялық концепциялары
Қажетті әдебиеттер:
- Гараджа В. И. Социология религии. М., 1995
- Гараджа В. И. Религиоведение. М., 1995. 2-е изд.
- Здравомыслов А. Г. Социология конфликта. М., 1994.
- Белла Р. Социология религии // Американская социолог Гараджа В. И. ия. Гараджа В. И.
- 5. Перспективы, проблемы, методы: под ред. Т. Парсонса. М., 1972.
- Бергер П., Луман Т. Социальное конструирование реальности. М., 1995.
- Булгаров С. Н. Народное хозяйство и религиозная личность // Булгаров С. Н. Соч. : В 2 т. М., 1993. Т II.
- Вах И. Социология религии // Социология религии: классические подходы.
- Вебер М. Протестанская этика и дух капитализма // Вебер М. Избарнные произведения. М., 1990.
- Гайденго П. П., Давыдов Ю. Н. История и рациональность. Социология макса Вебера и веберский ренессанс. М., 1991.
- Глок Ч. Социология религии // Социология сегодня. Проблемы и перспективы. М., 1965.
Лекция тақырыбы: Дiн әлеуметтiк феномен ретiнде
Лекция жоспары:
- Дiн түсiнiгiнiң анықтамасы: субстанциалдық және функционалдық;
- Дiни топтар мен институттардың маңыздылығы мен функциялары
Лекция мақсаты: Бұл лекцияда студенттерге діннің әлеуметтік анықтамаларына мәлімет беріледі.
Лекция мазмұны:
Әлеуметтік факт ретінде дін. Дюркгейм дінді қасиетті нәрселерге бағытталған сенімдер мен практикалар системасы ретінде анықтама жасаған. Бұл анықтама шешілуі тиіс проблеманы айқындағандықтан социологиялық мәнге ие: адамар нені қасиетті деп таниды және оған деген қатынасына қарай адамдар өздерін қалай ұстайды ? Осы сұрақтарға жауап беру арқылы дінді әлеуметтік факт ретінде түсінуге болады.
Социологтардың дінді теориялық және эмпирикалық зерттеулерінде қолданылатын дін ақытамасы екі типке бөлінеді: субстанционалдық (осы типпен дінде бар мәндер қарастырылады, философиялық тұрғыда субстанция - оның негізінде жатқан мәні деген мағынаны білдіреді) және функционалдық (осы тип бойынша діннің атқаратын функциясы айқындалады) .
Діннің субстанционалдық анықтамасы. Діннің субстанционалдық анықтамасына, мәселен, «табиғаттан тыс күшке сенім» тәрізді көптеген дін анықтамаларын келтіруге болады. Тайлор дінді анимизм теориясынан туындаған «рухани тіршілікке» сенім деп анықтама жасағн. Діннің орындайтын функцияларын түсіндіру үшін алдымен оның негізінде не жатқандығын түсіну, белгілі бір дәрежете қызмет атқаратын органын айқындап алу қажет. Дюркгеймнің жасаған дін анықтамасы субстанционалдық элементті қамтиды: дін дегеніміз қасиетті нәрелерге қатысы бар, топтарға бөлшектенетін сенімдер практикалар жиындығы. Субстанционалдық анықтаманың негізгі ерекшелігі ретінде діннің өзі сияқты болып көрінуі мүмкін, бірақ, діннің нағыз өзі бола алмайтын діни феномендердің функционалдық баламасынан сақтайды деп айтуға болады.
Діннің субстанцоналдық анықтамасы саяси партиялар мен түрлі идеологиялық т. б. жүйелердің жетегінде кеткен жалған діни феноменнің типтерін електен өткізуге мүмкіндік жасайды.
Әрине, діннің субстанционалдық анықтамасы оңай айқындалмайды, оның өзіне тән қиыншылықтары баршылық. Дінді анықтауға тырысқандар одан адамның ерекше субстанциямен, қасиеттілікпен байланысын байқаған. Ал қасиеттілікке келер болсақ, ол адамдарға үкім жүргізу қабілетіне ие, құрметтеу, қастерлеу, сүю, бас ию сияқты өзімен ерекше қатынаста болуды талап етеді. Ал мұндағы қиыншылық «қасиеттіліктің» табиғатын түсінумен байланысты. Профандық заттарды қасиеттіден ажырата отырып, Дюркгейм заттарға онда болмаса да, адамдар тарапынан қасиеттілік сипат беріледі деп қуаттаған. Кезкелген зат, кезкелген объект (тіршілік, әлеуметтік құбылыс, құндылық) «қасиеттілік» функциясын орындауы мүмкін. Осыған мысал ретінде ойда тұрған идеяларымызды (қасиеттілік) белгілеп алу үшін, - деп жазды Дюркгейм, - осы идеяларды символмен көрсететін белгілі бір заттарға көңіл аударамыз: өз туын қорғап, құрбан болған жауынгер бір жапырақ матаға бол жанын қияды. Коллективтік ой индивидуалдық ойға оған лайықты түрде қарауын міндеттейтін қабілетке ие. Енді қасиеттілік дегеніміз «әлеуметтік ортаға» тән құбылыс. Дюркгеймнің пікірі бойынша, дін дегеніміз табиғаттан тыс күшке емес, әлеуметтік мәнділікке сену. Дін анықтамасының негізі ретінде ұсынылған «қасиеттілік-профандық» дихотомиясы «табиғат-табиғаттан тыс», имманенттік-трансценденттік дихотомиямен сәйкес келмейді. Алайда, бұл құдай, махаббат өсиеті немесе христиан үшін шоқыну құпиясы сияқты қасиетті нәрселер ата-бабадан қалған отан, дәстүр, патриоттық үшін қызмет жасау болып табылатынын білдірсе керек. Егер дінде табиғаттан тыс құбылыс болмаса еді, оның ұлттық-патриоттық идеядан айырмашылығы неде ? Ұлтшылдық мәселен, діннің формасы болмас па еді ? Өз отанын дәріптейтін оны басқадан артық көретін, оның ән ұраны мен байрағын құрметтейтін, оның өркендеуі үшін өз жанын да құрбан ететін іс-әрекеттер діни жүріс-тұрыс болмас па еді ?
Діннің фукнционалдық анықтамасы. Дюркгейм. «Діни өмірдің қарапайым формалары» атты еңбегінде Дюркгейм дінді қасиетті нәрселерге бағытталған, өзгелерден ерекшеленетін әлеуметтік әрекеттің бір түрі ретінде қараған. Бұл қасиетті нәрселер әдеттегі, профандық әлемнен ерекшеленетін тыйымдар системасымен айқындалатын ерекше, сакральдік әлемді құрайды. Қасиетті нәрселерге кіруге және одан профандық әлемге, әдеттегі өмірге қайтуды ритуал қамтамасыз етеді. Сондықтан дін қасиетті нәрселермен байланыс жасау және онымен ритуалдық әрекет арқылы қатынасқа түсу сферасы ретінде анықтауға болады.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz