Елімізде бейнелеу өнері


Қалай десек те, кеңестік дәуір елімізде бейнелеу өнерінің өркендеуіне айтарлықтай ықпал етіп, сол кездегі суретшілер мен мүсіншілеріміздің өз халқына көптеген тартымды да татымды туындылар бергені ақиқат. Мен өнер зерттеуші емеспін. Бірақ реалистік бейнелеу өнері шығармаларының өз көрермендеріне эстетикалық тәлім-тәрбие беретіні, бұл өнерді дұрыстап танып, саралай білу жайында журналистік көзқарасыммен біраз қалам тартқаным бар. Сол кездері республикалық «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеті редакциясында қызмет істей жүріп, Алматыда ауық-ауық өткізіліп тұратын суретшілер еңбектерінің көрмелеріне бармай қалмайтын-мын. Соларға қойылған көз тартар туындыларды газет арқылы халыққа насихаттауды өзіме өзекті мақсат тұтатынмын.
Бояуы қанық, айтары анық, көркемділігімен жүрегіңді елжіретер еңбектерден шынайы ләззат алатын едім. Бұл мақаламда мен сол тұстағы бейнелеу өнерінде бүкіл одаққа даңқы тараған бірқатар суретші, мүсіншілердің шығармашылық әлеуетінен бүгінгі жастарымыз хабардар жүрсін деген ниетпен аздап сыр шертпекпін.
Бейнелеу өнеріндегі нағыз тарландарымыздың бірі әрі бірегейі өзіміздің Әбілхан Қастеев ағамыз еді. Арнайы жоғары оқу орнын бітірмесе де, бойына біткен ерекше дарынымен, ізденімпаздық талантымен Әбекең қазақтың тұңғыш кәсіби суретшісі ретінде елге танылды. Туған өлкесінің сұлу табиғатын, ондағы өскелең өмірді жырлаған ғажайып шығармалары арқылы ол жұртшылықтың сүйіспеншілігі мен ілтипатына бөленді.
1967 жылдың сәуірінде Әбілхан Қастеев шығармаларының Кеңес өкіметінің 50 жылдығына арналған көрмесі ұйымдастырылды. Осы көрмеден жазған суреттемем «СҚ»-ның сол жылғы 14 сәуірдегі нөмірінде «Арнау» деген тақырыппен жарық көрді. Онда мен Әбекең еңбектерінің көрермен қауымға қандай әсер қалдырғаны, шығармалары соншалықты тартымды да нанымды екендігі жайында жаздым. Сондағы «Алма ағаштар гүлдеді» деген акварельдік туындысына ерекше тоқталғаным әлі есімде. Суретшінің ол еңбегінде Алатау бөктерінің жайшылықта да көркем сұлу табиғатының бәрі оянып, бәрі жасара құлпырған жәннат шағы көз алдымызға келіп тұра қалғандай еді. Сондайлық әсерден бе, әйтеуір: «Тартымды композицияда өте нәзік әрі асқан шеберлікпен өрілген бұл суретті көріп тұрып, сіз бейне бір лирик ақынның жүрек тебірентерлік жыр шумақтарын оқығандай боласыз», деппін. Онда жалаң жасандылықтың ешқандай ізі жоқтығын, бұл өз стилі, өз мәнері бар суреткердің ішкі жан дүниесі тебіренісінен, төңірегіндегі құбылыстарды терең сезініп, жете түсінуінен туған шын мәніндегі реалистік шығарма екендігін айтқан едім. Осы көрмеге қойылған «Қыс көрінісі», «Жайлау, » «Алтынемел асуы», «Таудағы көктем», «Керегетас тауы» деген май және акварель бояулармен кескіндеген туындыларын көріп мен Әбілхан Қастеевті Қазақстан табиғатының майталман жыршысы деп ой түйгенімді өзіме мақтаныш тұтамын.
Біз дарынды суреткердің үнемі сапарда жүретініне барынша қайран қалатынбыз. Оны республика өміріндегі айтулы өзгерістердің бәрі қызықтыратын. Этюднигін арқалаған Әбекеңді жұртшылық жайлаулардағы малшылар арасынан да, тың игерген егіншілердің, мұнайшылар мен геологтардың ортасынан да жиі көретін еді. Сол ізденістерінің жемісі аталмыш көрмеге қойылған полотноларында лайықты орнын тапқан-ды. «Қаратау кен байыту фабрикасы», «Соколов-Сарыбай ашық карьері», «Жетібай көріністері», «Теңіз порты» және басқа еңбектерінде ол республика адамдарының өз елі үшін берекелі игіліктер жасалып жатқанын нақты паш ете білді. Қастеевтің ауыл-село тұрмысынан кескіндеген «Қаракөл» кеңшарында», «Талас жайлауы», «Шабындықта», «Егін жинау», «Суатта» сияқты сериялы суреттерін дала өмірінің симфониясы деп атамасқа болмас еді.
1986 жылы «Өнер» баспасы «Қазақстан бейнелеу өнерінің шеберлері» сериясымен республика бейнелеу өнерінің негізін қалаушылардың бірі, Қазақстанның халық суретшісі, Шоқан Уәлиханов атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әбілхан Қастеевтің өмірі мен шығармашылығынан мол мағлұмат беретін көлемді альбом шығарды. Мүсінші, жазушы, кескіндемеші, өнер зерттеушісі бар - тоғыз автордың қазақ және орыс тілдерінде жазылған мақалалары, естеліктері мен эсселері, суретшінің ең таңдаулы туындыларының 180 репродукциясы топтастырылып, өмірі мен шығармашылығының елеулі кезеңдері қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде берілген әрі көзі тірісіндегі әр кезгі фотосуреттерімен безендірілген бұл альбом (құрастырушысы Б. Барманқұлова) өнер сүйер қауым үшін қымбат базарлық деуге болғандай-ды. Мұндағы авторлар Әбекеңнің өмір жолы, қылқаламының ұшталуы, жоғары адамгершілік, еңбексүйгіштік қасиеттері жайында терең сыр шертсе, ол қалдырған мәдени мұра репродукциялары әркімді де әсемдік әлеміне жетелеп, жаныңды жадыратар жағымды әсерге, шапағат шуағына бөлейтінін мен де сол альбом туралы жазып, «СҚ»-ның сол жылғы 20 желтоқсан күнгі нөмірінде жарияланған рецензиямда баяндаған болатынмын.
Альбомда Әбілхан Қастеев шәкірттерінің бірі, республика халық суретшісі, атақты мүсінші Х. Наурызбаев асқан дарын иесі - Әбекеңнің жастар үшін жанашыр аға, ұлағатты ұстаз болғанын, туған елдің бейнелеу өнері қазынасына баға жеткісіз үлес қосқанын әңгімеледі. Ал өнер зерттеу ғылымының кандидаттары Ғ. Сарықұлова мен И. Рыбакова дарынды суретшінің сирек кездесетін өзіндік талантына оқырмандарын тәнті етіп, халқының тарихи перзенттерінің бейнесін де жасағанын тілге тиек етті. Қазақстанның өнерге еңбек сіңірген қайраткерлері, акварельші Ү. Әжиев пен кескіндемеші Г. Ысмаилова Әбекеңнің акварель бояумен сурет салудағы ыждаһаттылығын, айналадағы көріністерді қабылдаудағы зейін-зердесінің алғырлығы мен сезімінің пәктігін паш етіп, ардақты ағаға деген шәкірттік алғыстарын алға тартты. Оқырман қауым жазушы Ю. Домбровскийдің «Әбілхан Қастеев - тұңғыш қазақ суретшісі» деген материалынан да дарын иесінің өмірі мен шығармашылығынан көп сырға қанықты. Ал жазушы Ә. Бөриевтің осы альбомдағы толғауында Әбекеңнің сурет салу өнерін алғаш:
«Таудың бұлағынан,
Қойдың құлағынан,
Апамның киізінен
Ешкінің мүйізінен үйрендім», - дегенін таңғаларлық сыр етіп тартуы сүйсінерлік жәйт еді. Былайша айтқанда, тума талант Әбілхан Қастеевті көп жыл бойы тындырған істері оны ұлттық бейнелеу өнеріндегі нағыз шеберліктің шыңына көтерді, қазақ халқының біртуар әйгілі перзенттерінің қатарына қосты.
Өзінің осындай ұлы да асыл ұлдарын ардақтауды халқымыз ешқашан ұмытқан емес. Соның жарқын куәсіндей 2004 жылы елімізде Әбілхан Қастеевтің 100 жылдық мерейтойы оның дүниеге келген Жаркент өңіріндегі Шежін аулында зор салтанатпен аталып өтті. Соған қатысқан біз аудан әкімшілігінің бұл тойды суреткер әруағына лайықты өткізуге ерте қамданғанын білдік. Алдымен «Әбілхан Қастеевке - 100 жыл» атты қоғамдық қор құрылыпты. Бұл қордың жиналған қаражаты өнер иесінің мұраларын насихаттаумен бірге, оның туып-өскен ауылында этнографиялық саябақ ашуға жұмсалған. Былтырғы көктемде екі мың түп ағаш отырғызылып, болашақ әдемі бақтың негізі қаланыпты. Енді онда суретшінің шығармашылық өмірін бейнелейтін көріністер жасалып, тас мүсіндер қойылмақшы екен. Сонда ол аспан астындағы ашық мұражай іспетті болмақ. Тұғыры биік тұлғаның 100 жылдық мерейтойына арнап «Жалын» баспасының «Әбілхан аға» деген жинақ шығаруы да ұлы суреткерге деген халық сүйіспеншілігінің бір көрінісі екендігі сөзсіз.
Кеңестік дәуірде республика бейнелеу өнерінің даңқын арттыруға Қазақстанның тағы бір халық суретшісі, дарынды мүсінші Хакімжан Наурызбаев та сүбелі үлес қосты. Мен бұл кісімен де талай рет кездесіп, екі қабатты үйдің биіктігіндей зәулім шеберханасында болдым. Танымал туындылары жөнінде газетте очеркім де жарияланды. Сондағы бір байқағаным, өзіне талап қойғыш Хакең өзі мүсінін жасайтын әрбір бейнесінің тұрған тұрысынан бастап, қасының керілгеніне, қабағының түйілгеніне дейін қалт жібермей, тіпті ішкі жан дүниесін де зерделеп, бәрін мұқият ескереді екен. Сонау бір жылы жыр алыбы Жамбылға арнаған ескерткішін қазіргі Тараз қаласына орнаттырып қайтқан кезінде Хакеңе жолығып:
• Жамбылға орнатқан ескерткішіңіз сіздің монументті мүсін жасаудағы төртінші еңбегіңіз екен. Сіз сол ескерткіш пен Алматыда Абайға орнатылған ескерткішіңіз жайында салыстырмалы түрде қандай пікір айтар едіңіз? - деп сұраған болатынмын.
• Бұл екі ескерткіштегі негізгі айырмашылық, - деді сонда ол біраз ойланып тұрып, - олардың ішкі сезім дүниесін көрсетудегі кейбір мүсіндеу тәсілдерінің өзгешеліктерінде. Ал бұл тәсілдер, ең бастысы, Абайдың өз ойымен өзі ғана болып, арқасын кең жаза алмағанын, Жамбылдың төрт құбыласы түгел кең, дарқан қалыпта халықпен бірге тұрғанын бірден танытады.
Иә, сомдап соғар образ-бейнесінің жан дүниесін жете ұғыну, сол үшін көп ізденіп, көп толғану Хакімжан Наурызбаев шығармашылығын әрлендіре түсетін арқау жіп тәрізді. Мұны ол өткен ғасырдың сонау елуінші жылдары «Жас Жамбыл» бейнесін, «Амангелді» портретін мүсіндеуді бар қырынан танытқан-ды. Әсіресе «Құрманғазы» портретін өнер сүйер қауым өте жылы қабылдаса, өнер зерттеушілер оны мүсіндік шығармалар ішіндегі мазмұны жағынан неғұрлым терең көрінген сәтті де кесек шығарма деп бағалады.
1959 жылы қазақ халқының өз заманынан озық туған ойшыл перзенті Шоқан Уәлиханов ескерткішіне Бүкілодақтық бәйге жарияланды. Сол шығармашылық сайыстың қорытындысы бойынша бірінші бәйге ешкімге берілмей, бірі - мүсінші, бірі - сәулетші Хакімжан Наурызбаев пен Шота Уәлихановтың жасаған жобасы екінші орын алды. Республика Ғылым академиясы ғимаратының алдындағы кең алаңда тұрған ескерткіш сол жобаның жетілдіріліп, барлық жақсы қасиеттері жинақталған ойшыл Шоқанның бейнесі. Биік мәрмәр тұрғыдағы сұңғақ мүсін сол қолының саусақтарын иегіне тақап, басын сәл төмен сала бір нүктеге қадала ойға шомған қалпымен көрушісін толғандырмай қоймайды. Әрі оқымысты, әрі арманшыл Шоқанды шынайы қалпында әдемі әспеттегендері үшін мүсінші Х. Наурызбаев пен сәулетші Ш. Уәлиханов Қазақстанның 1970 жылғы Мемлекеттік сыйлығына ие болды.
Өнер жолы сайрап жатпайды, оның асулары да көп, өткелдері де қиын. Бір ғажабы - ол осы жолды қалағандарды өзіне ынтызар етіп қояды. Кеңестік дәуірде республикамыздың халық суретшісі атанған Қанапия Телжанов жастайынан бейнелеу өнеріне барынша құмар болып өсті. Оның балалық шағы сонау Нева жағалауындағы даңқты қалада өтті. Мұндағы қыруар тарихи ескерткіштер, әйгілі Эрмитаждың, Мемлекеттік орыс мұражайының асыл қазыналары жасөспірімнің жадында өшпес із қалдырды. Соларды көре жүріп бала қиялы қиянға шарықтайтын. «Мен де осындай суреттер салсам», - деп армандайтын ол. Бірақ сұрапыл соғыс қауіп-қатердің қара бұлтын төндірді. Сол күндердің бірінде Қанапияның жан анасы Жамал сүйікті ұлын маңдайынан иіскеп:
• Балақайым менің, жау қаламызға таяп қалды. Сен қала балаларымен бірге тылға кетесің… Қай жерде жүрсең де мақсатыңнан тайма, жаным. Өнеріңмен халқыңа адал қызмет ет! Амандық болса, әлі-ақ табысармыз, - деді. Бірақ сұрапыл соғыс оларды табыстырмады. Тылдағы қалалардың бірінде интернатта оқып жүрген Қанапияға бір күні суық хабар келді. Анасы Жамал тарихи қала құрсауында қаза тауыпты… Оның аманатын орындауға бар қабілетін жұмылдырған Қанапия 1947 жылы Алматының Гоголь атындағы көркемсурет училищесін үздік дипломмен бітірді. Ол тағы да кіндік қаны тамған қаласындағы Репин атындағы кескіндеме, мүсін және сәулет институтына түсіп оқыды. «Амангелді шабуылы» деген дипломдық жұмысынан кейін жас суретшінің жұртшылыққа ұсынғаны «Тұңғыш рет» атты жанрлық картинасы еді. Сол тырнақалдыларының өзінде-ақ Қанапия өз нақышы, өз әуені бар шебер ретінде танылды. Бұл туындысында музыкалық мектепке түсу үшін сын сарабына салынып, ән айтып тұрған кішкентай ғана әрі өте сүйкімді қазақ қызы бейнеленген. Суретшінің осы шағын картинасы Қазақстаннан іріктеліп алынған еңбектер қатарында 1955 жылы Бүкілодақтық сурет көрмесіне қойылды.
Сол жылдары оның үлкен шабытпен кескінделген шығармасы «Жамал» еді. Ол сол тұстардағы малды ауыл қызының жарқын бейнесі. Ол өршіл мінезді әрі ақыл-парасатымен армандай да, сол арманын жүзеге асыра да алады. Көрерменіне осындай әсер қалдырған «Жамалды» жұртшылықтың қалай бағалағанын картинаның түпнұсқасы Мәскеудегі Третьяков галереясына алынуынан да айқын аңғаруға болатын еді. Өнер иесі көп ізденіп, көп үйренді. Аз уақыттың арасында ол «Атамекен», «Көкпар», «Домбыра үні», «Бейбітшілік оттары» деген бірнеше полотналар жасады. «Атамекендегі» қапсағай денелі қария түрен түспек тың жерді: «Бұл сенің сарқылмас қазынаң!» деп тұрғандай әсер қалдырса, кейінгі еңбектері қазақ халқының ежелгі спорттық ойынынан және ән салу, күй тарту тәрізді дәстүр-салтынан терең сыр шертеді.
Ол кездегі танымал суретшілер арасынан Қазақстанның өнерге еңбек сіңірген қайраткері, республика мемлекеттік сыйлығының иегері Үкі Әжиевті де акварель бояумен сурет салудың хас шебері деуге әбден болар еді. Оның еңбектерін де бейнелеу өнері туындыларының талай көрмелерінен көріп, солар жайында сүйсіне жаздым. 1989 жылдың күзінде ұйымдастырылған бұрынғы майдангер суретшілер шығармаларының көрмесіне ол бес еңбегін ұсынған болатын. Солардың арасынан, әсіресе «Таняның портреті» көпшілікке қатты ұнаған-ды. Акварель бояуы нәзіктікпен шебер қолданылып салынған бұл портретте жас қыздың көріктілігі мен жан дүниесінің сұлулығы алаулаған нұр жүзінен сыртқа теуіп тұр. Суретшінің «Медбике портреті» деген шығармаларынан да жасампаз жастарымыздың жарқын бейнесін көрген едік.
Гүлфайруз Ысмаилованы кішкентайынан әжесі Хадишаның кілем тоқу, кесте тігу өнері қызықтырды. Пионерлер үйінде ашылған сурет салу үйірмесіне ол үзбей қатысты. Ұлы Отан соғысы аяқталған жыл еді. Қалада жасөспірім суретшілер шығармаларының көрмесі ашылды. Оған Гүлфайруздың да бірнеше туындысы қойылды. Сол көрмедегі еңбектермен танысуға келген көркемсурет училищесінің оқытушылары қыздың түрлі-түсті бояумен нақыштаған ұлттық ою-өрнектеріне қатты сүйсінді. Олар сол жылдың күзінде-ақ жас талантты училищеде оқуға қабылдады. Ол осында оқып жүрген кезінде-ақ бір жағынан кілемшілер артелінде суретші болып істеп, «Бүркіттер», «Жайрандар» деген өз композициясы бойынша артель ұжымының ұлттық кілемдер тоқуына елеулі үлес қосты. Оның әншілік өнері де болатын. Училищенің соңғы курсын Алматы мемлекеттік консерваториясының ән факультетінде оқумен ұштастырды.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz