ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы қазақ поэзиясындағы ұлттық сипат


КАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ
Филология факультеті
Әдебиет теориясы және фольклористика кафедрасы
Диплом жұмысы
ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы қазақ поэзиясындағы ұлттық сипат
Орындаған:
4 курс студеті Абдрасилова Алтынай
Ғылыми жетекшісі: ф. ғ. к., доцент Қалқабаева С .
Пікір жазушы:
Норма бақылаушы Қалиева Альмира.
Қорғауға жіберілді:
« _29_»_мамыр_2009ж.
Әдебиет теориясы және фольклористика
кафедрасының меңгерушісі,
ф. ғ. д., профессор: Майтанов Б.
Алматы 2009
РЕФЕРАТ
Жұмыстың тақырыбы: ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы қазақ поэзиясындағы ұлттық сипат.
Жұмыстың көлемі: - 51 бет.
Пайдаланылған әдебиеттер саны - 33.
Диплом жұмысының мазмұнын сипаттайтын кілт сөздер: ұлттық тақырып және идея, ұлттық характер, ұлттық көркемдік дәстүр, мазмұн мен пішін, дәстүр мен жаңашылдық, ұлттық рух, таным т. б.
Жұмыстың тәсілдері: сипаттама баяндау, талдау, салыстыру.
Жұмыстың құрылымы: кіріспе, екі тараудан, тараушадан және қорытынды мен пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.
Жұмыстың мақсат, міндеті: Зерттеудің басты мақсаты ХХ ғасырдың 20 - 30 жылдардағы қазақ поэзиясындағы ұлттық сипаттың көріну жайларын ғылыми тұрғыдан жүйелі талдап зерттеу. Ұлттық сипаттың көрінуін мазмұн мен пішіннен қарастыру. Ол үшін төмендегідей міндеттерді алға қойдым:
- Зерттеу нысанасына айналып отырған кезеңдегі поэзияны сол тұстағы қоғамдық өмір, қазақ халқының тағдыры, тұрмыс - тіршілігімен байланыста қарастыру;
- Сол жылдары поэзияда көтерілген ұлт тақырыбы, ұлт - азаттық идеясы ұғымдарының мәнін ашып, оны контексте қарастырып талдау;
- А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Жұмабаев, С. Торайғыров, С. Дөнентаев т. б. шығармашылығындағы ұлт - азаттық, ағартушылық - демократтық идеялардың мән - маңызын ашу;
- С. Сейфулиннің революцияшыл поэзиясымен ондағы жаңашылдықты айқындау;
- Осы тұстағы поэзиядағы ұлттық көркемдік дәстүрдің жалғастығын сөз ету;
- Қзақ ұғымының маңызды факторлары болып кеткен символдық образдар. Кең дала, тау, теңіз, тұлпар, домбыра т. б. көркемдік қолданыс қызметін қарастыру;
- Осы жылдар поэзиясының ұлттық әдебиетіміздегі алатын орны мен маңызын айқындау;
Жұмыстың ғылыми жаңалығы: ХХ ғасырдың бас кезінде өмір сүріп, қазақ поэзиясының тарихында, сондай-ақ, ұлт өмірінде өшпес із қалдырған А. Байтұрсынов, М. Дулатов, С. Сейфуллин, М. Жұмабаев, С. Торайғыров, С. Көбеев, С. Дөнентаев сынды ақындар поэзиясы жан-жақты зерделене отырып, олардың шығармашылығындағы ұлттық сипаттық көріністерін айқындау - жұмыстың ғылыми жаңалығын байқатады.
Мазмұны
Кіріспе 5-7
I тарау. ХХ ғасыр бас кезіндегі қазақ поэзиясындағы
ұлттық тақырып пен идея 7-33
1. 1. Алашорда және ұлт-азаттық идея.
1. 2. Ұлт тақырыбы және ағартушылық-демократиялық идея.
1. 3. Қазақтың революцияшыл әдебиеті.
ІІ тарау. ХХ ғасыр басындағы қазақ поэзиясындағы
ұлттық сипаттың көрінуі 34-44
Қорытынды 45- 46
Пайдаланылған әдебиеттер 47- 50
КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы әлемдік әдебиет аясында өзіне тән болмыс-бітімі, тарихы,, қалыптасқан көркемдік дәстүрі бар және ұлттық нақыштарымен ерекшелінетін қазақ әдебиеті - ғаламдық үйлесімділікте орны бар ұлт руханиятының басты арнасы. “Әдебиет - ұлттың жаны”. Осы тұжырымды Шығыстың да, Батыстың да ғұламалары айтқан. “Шер толқытып шығарған таза мінсіз асыл сөз” - ұлт қасиетінің белгісі. Шер - көркемөнер табиғатымен біте қайнасқан мұң-қайғы ғана емес, қаһар мен намыста. Бірі жүректі қозғаған, екіншісі қанды қыздырған осы ұғымдар ұлтты “ұлт етті” дей аламыз. Дүниедегі ең қатал сын - тағдыр мен тарих сыны. Жүріп өткен жолына қарасақ, қазақ халқы қай сыннан болсын мүдірмей өтіпті. Әр кезде елге тұтқа болар ерлер шығып, халқының санасын да, сапасын да алға тартыпты /2, 3/.
Тарихты тану-парыз. Ал әдебиет пен тарих егіз. Халқымыздың тарихы мен әдебиетін тереңірек зерттеп, әлі де ашылмаған тың деректерден халық кәдесіне жарарын саралау мүмкіндігі - егемендігіміз ала келген бір кемелді іс. Зар заманның қыспағына ұшыраған абзал жандар тәуелсіздігіміз бен егемендігіміздің жарқындығына зор үміт артып, халқының келешегіне, ұрпағының шыңыраудан да шығарлық қайраттылығына сеніп өтті емес пе? Бұл сенім бүгінгі күні атқарылып жатқан игі істермен өзіндік жалғасын табуда. Егемендігіміз ала келген үлкен игілік - өткеніміз бен өшкенімізді жаңғыртарлық мүмкіндіктің нұрлы екендігі. Елбасы Н. Ә. Назарбаев: «Өткенді тану, тарихты терең пайымдап, оған әділ баға беру үлкен парасаттылық пен жауапкершілікті талап етеді» /1, 29/, - деп жазды. Ендеше, ұлттық мәдениет пен өнердің, әдебиеттің тарихына, оның әрбір көрнекті өкілінің мұрасына жауаптылықпен қарап, шынайы бағасын беру - келешектің игілігіне бағытталған жұмыс болуы тиіс. Ұлттың рухани мәдениетінің ең үлкен бір саласы - көркем әдебиеті. Оны халық тарихының бейнелеу жолымен жасалған көркем шежіресі деуге болады.
Қазақстанның тәуелсіздік алуына байланысты қазіргі қазақ поэзиясында алдыңғы буын ақындарының тоталитарлық тәртіптің қысысымен айта алмаған тақырыптық желілер (ұлттық сананы ояту сезімі) бой көтерді. Ұлттық мінез ақындық тұлға арқылы танылатыны анық. Қазақ халқы егемендігін жариялап, өзін әлемге танытты. Ұлтымыздың рухани өмірінде тарихымыз бен мәдениетіміздің ақтаңдақтарының ақталуының маңызы ерекше. Шәкәрім, Мағжан, Ахмет, Міржақып, т. б. сияқты ақындардың шығармаларының жарыққа шығуы поэзияның көркемдік көкжиегінің кеңеюіне, ұлттық бояуының айқындала түсуіне өз әсерін тигізбей қойған жоқ.
Кеңестік тоталитарлық тәртіп сол тұстағы әдеби үдерәске де барынша ықпал еткені мәлім. Социалистік идеологияның басты кері әсерлерінің бірі - қазақша ойлауымызға, ұлттық ойлауымызға кедергі жасап, ұлттық келбетімізді танытатын нышандарды теріске шығарды. Ұлттық сипатты көрсететін шығармалар идеология тегеуірініне тап болды.
Қазақша ойлау дегеніміз - ұлттық ойлау, өмірге қазақ болып қарап, дүниені қазақ болып қабылдау. Ұлттық мүдде тұрғысынан ой қорыту да ұлттық ойлаудың айрықша бір көрінісі.
Ұлттық айырмашылықтарға тарихи тұрғыдан алғаш назар аудартып, жаңаша қисын жасағандардың бірі - ХҮІІІ ғасырдың атақты ағартушысы И. Г. Гердер: “Түйіндеп айтқанда, адамның жарық жалғандағы тұрмыс-тіршілігінде көп мәселе мезгілге, мекенге және ұлттық мінез айырмаларына тәуелді, өйткені ең негізгі нәрсе - халықтың мінезі”, - деген еді. Ал М. Жұмабаев өзінің атақты “Педагогика” атты еңбегінде: “Жазушы, ақын деген сөз - ойлаған ойын, әдемілеп жарыққа шығара алатын адам деген сөз. Тілі кем болса, адамның қор болғаны. Адамшылық, толық мағынамен адам аталу - тіл арқасында” /3, 115/, - деп шын мәнінде қаламгер атанудың негізгі жолын көрсетеді.
Белгілі бір ұлттың, халықтың тағдыры, басынан өткерген тарихи кезеңдері ең алдымен сол ұлттың әдебиетінде, өнерінде із тастайды. Ұлттың рухы көтеріліп, еңсесі биіктегенде оның әдебиеті де, өнері де қайта түлеп, қайта толысып, күш қуат жиып, бойын түзеп болашаққа көз тігеді. Қазіргі таңда, қазақ әдебиетінің әрқилы кезеңдерінде рухани дамуымызға, мәдени өркениетке, әсіресе ұлттық дәстүрге, ұлттық жан дүниемізге өз шығармаларымен айтулы үлес қосқан қаламгерлердің туындыларын зерттеп, олардың әдебиеттегі орнын, суреткерлік қолтаңбасын ажыратып, бағасын беру қажеттігі туды. Сондай кезеңнің бірі - ХХ ғасырдың 20 - 30 жылдардағы қазақ әдебиетінің туындылары. Осы жылдардағы туындылардан байқалатын басты бір басты ерекшелік - ондағы ұлттық таным, қазақы ұғымның, қазақы сипаттың молдығы.
Жалпы, ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиетіне тән басты ерекшелік - ұлт қамы қай бағыттағы ақын-жазушылардың шығармашылығында болмасын, ортақ тақырып ретінде көрініс тапты. Олар өз ұлтының өзге өркениетті елдердің қатарынан көрінуі аңсап, ел тілегінен шығып, әдебиеттің ұлттық рухын шырқау биікке көтерді. Осындай ірі тұлғаларымыздың шығармашылығы арқылы жазба әдебиетіміз өркендеп, сан-салалы тақырыптарды қамтып, тарамдала түсті. Жазба әдебиеті бұрын-соңды болмаған деңгейге көтеріліп, оқу-ағарту жұмыстары біршама жақсы дамыды. ХХ ғасыр басында мектептер көптеп ашылып, әдебиет сүйер қауым көбейді. Екіншіден, ХХ ғасыр басында қазақ баспасөзінің қарқынды дамуы белең алды. “Айқап”, “Қазақ”, “Қазақстан”, “Ешім даласы” сияқты баспасөз беттерінде әдебиетіміздің ірілі-ұсақты өкілдері өз шығармаларын жариялап отырды. Ұлт зиялыларының отаршылдыққа қарсы күресте елдің басын біріктіріп, саяси күреске ояту іс-әрекетіндегі көздеген мақсаттары әдебиетте айқын көрініс тауып отырды. Ұлттық мүддеден туындаған ұлттық ой-сананы ояту мотиві де ХХ ғасыр басындағы қазақ ақындары Міржақып, Ахмет, Мағжан, Сұлтанмахмұт, т. б. шығармаларында ерекше болып, ұлттық сана тарихында маңызды орын алған.
ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамының “оянуы” мен “оятуға” ерекше еңбек еткен қоғамдық ой-сана көшбасшыларының болмысына үңілу - бүгінгі ұрпақтың ең басты парызы. Әсіресе, сол тұстағы шығармашылық тұлғаның ұстанған бағыт-бағдарын оның шығармашылығы арқылы айқындау, көп нәрсенің мәнін ашады. Бұл кезең әдебиеті қазақ даласындағы әлеуметтік қайшылықтарды ашып, халық өмірін сыншылдықпен, шыншылдықпен суреттеді. Сондай-ақ, осы кезеңде қазақ әдебиеті тарихи-әлеуметтік қайшылықтарды ғана көрсетіп қоймай, отаршылдыққа қарсы бағытталған күрескерлік идеяларды алға тартты. Әдебиет дамуының бұл ерекшеліктерін Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Сұлтанмахмұт Торайғыров, т. б. шығармаларынан анық танимыз. Бүгінгі бітіру жұмысымызға да аталған ақындардың поэзиясы арқау болмақ.
І ТАРАУ
ХХ ҒАСЫР БАС КЕЗІНДЕГІ ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ
ҰЛТТЫҚ ТАҚЫРЫП ПЕН ИДЕЯ
ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінде түрлі бағыттардың болғаны белгілі. Академик З. Қабдолов “Сөз өнері” атты монографиясында әдеби ағымды әдеби стильмен салыстырып, былайша түсінік береді: “Байқап қарасақ, стиль - бір жазушыға тән творчестволық ерекшелік болса, ағым- бірнеше жазушыға тән творчестволық бірлік; стиль - әр жазушының дара қасиеті болса, ағым - әр алуан жазушының ортақ сипаты; стиль - жалқыға тән ұғым болса, ағым - жалпыға тән таным; стиль -әр жазушының әдеби беті болса, ағым - әр жазушының әдеби бағыты” /4, 335/.
Қазақстанның Ресейге қосылу нәтижесінде екі мәдениеттің алыс-берісінен қазақ даласының рухани өмірінде Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай, Құнанбаев сынды ағартушылар дүниеге келді. Қазақ қоғамының дамуы процесі талап етіп отырған ең негізгі, көкейтесті мәселелерді қазақ ағартушылары дәл түсініп, бүкіл күш-жігерін осы өркениеттілік дамуға жұмсады.
ХХ ғасыр қазақ даласына да жаңа дәуірдің жаршысы болып келді. Абай дәстүрін дамытып, жалғастырған ізбасар ақындар Шәкәрім, Ахмет, Міржақып, Сұлтанмахмұт, Мағжандар тарих сахнасына шықты. Осы кезеңдегі Ресейдегі саяси-әлеуметтік өзгерістердің қазақ жеріне жаңғырып жетуі қоғамдық-әлеуметтік ойдың өрісін кеңейтті. Аталған ақын-жазушылар бастаған топ ұлттық сана-сезімді оятар бағыт-бағдар іздеді. Бұл кезең- қазақ халқының тарихындағы ұлы өзгерістер мен үлкен асулар кезеңі еді. Дәл осы тұста қазақ арасында оқу-ағарту жұмыстары да өркен жайып, қазақ зиялылары алдыңғы қатарға шыға бастады. Қазақ тілінде кітап бастыру, газет-журнал шығару жолға қойылды. Қазақтың сана-сезімі оянып, руханияттың қайнар көзіне айналды.
ХХ ғасырдың 20-жылдары ұлттық поэзия А. Байтұрсынов, М. Дулатов, С. Сейфуллин, М. Жұмабаев, С. Торайғыров, С. Көбеев, С. Дөнентаев шығармаларымен әлемдік үлгіні бойына сіңіріп, кемелдене түсті. Идеологияның белсенді ықпалына қарамастан, дәуір тынысын, қоғамдық өзгерістің сыры мен шынын көркем бейнелеуге ұмтылыс олардың шығармаларынан кеңінен көрінді. Алайда, Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарынан басталған саясаттың өктем күші мен қуғындау, таптық күрестің күшеюі әдебиеттің өз арнасымен дамуына кедергісін тигізді. Біздің бүгінгі ұлттық рухани байлығымызды құрайтын осындай тұлғалардың мұраларын сталиндік қатаң тәртіп ұзақ уақыт бойы қолдануға тиым салып келді. Олардың саясатқа қарсы дегендерін жауып тастап, тек қана тапқа бөлінген әдебиет үлгілерін ғана жарамды деп келді. Ахмет, Жүсіпбек, Сәкен, Міржақып, Мағжан, Бейімбет, Ілияс секілді бір топ ақын-жазушыларымыз жалған айыптаулармен жаңа өкіметтің қолынан қаза тапты. Мұндай қатаң режим әдебиетіміздің ұлттық негізде дамуына шектеу қойып, белгілі бір дәрежде қазақтың ұлттық әдебиетінің дамуына кедергі болды.
Біздің түсінігімізше, қылмыс жасағандарды, опасыздарды бүркемелеу - келешек тарихқа зиян. Шырылдаған шындықты айқара ашу, ақты ақ, қараны қара деп көрсеткен жөн. Әдебиет тарихына үңілсек, 1920-1940 жылдары әдебиетімізге қосылған жаңа тың туындылардың сауатсыздықты жоюдағы ролі мен халыққа тигізген пайдасы ұшан-теңіз. М. Әуезов: “Өткен күннің әдебиеті біздің сүюімізді тілемейді. Сүюімізбен семірмейді де түрленбейді. Жек көруімізден жоғалып та кетпейді. Ескі әдебиеттің түрлерін білу, бетін ұғу, ағымын түсіну, біздің өзіміз үшін керек. Бүгінгі әдебиетке белгілі жол салып, дұрыс бағыт береміз дегенде, жалпы қазақ әдебиетінің өткен күнін, бүгінгі қалпын, әм келешегін де түгел түсіну керек” /5, 79/, - деген. Бұл сөздер бүгінгі күні де әрбір зерттеуші үшін басшылыққа алынатын қағида болуы тиіс.
ХХ ғасыр басындағы қазақтың оқыған азаматтарының басым көпшілігі ұлт мүддесіне арналған күнделікті аршынды іс, қарымды әдеттермен айналыса жүріп, қуғын-сүргін азабына қарамастан, әдебиет, публицистика, ғылым, аударма салаларында орасан бай мұра қалдырды. Қазақ халқының баға жетпес рухани байлығы кеңес дәуірі кезінде біршама айтылып, жарық көргенімен, көптеген шынайы қазыналардың беті ашылмаған күйінде қалып келді. Заман өзгеріп, ел жаңарып, демократияның белгілері байқалғаннан кейін, осы асыл мұраларымыз бен ата-бабамыз қалдырған құнды деректерге көңіл аударып, ұлттық сананы, салт-дәстүрді, халықтық қадір-қасиетті ұрпақ бойына дарытуға бет бұрдық.
- Алашорда және ұлт-азаттық идея.
Ұлт-азатшыл бағыттағы ақын-жазушылар шығармашылығының басты міндеті ұлт азаттығының тірегі - ұлттық сананы ояту болды. Олар өз шығармашылығында отаршылдыққа қарсы ашықтан-ашық пікірлерін айтып, азатшыл күрес идеясын өркениеттегі елдердегі саяси күрес тәсілімен ұштастыруды мақсат етті. Ағартушылық, өнер-білім барлығы, ең алдымен, ұлт-азаттығы үшін қызмет етуі керек деген берік байламдағы ой-идеяны насихаттады.
Бұл бағыттың қалыптасуына ХХ ғасыр басындағы жаңа әлеуметтік саяси күш - ұлтжанды зиялы топтың пайда болуы жан-жақты әсер етті. Олардың көбі шығармашылықпен айналысқандықтан, өз шығармаларында бостандық, теңдік, азаттық идеяларын ту етіп көтерді. Оқу-ағартуды, өнер-білімді ел тәуелсіздігі жолындағы саяси күреске пайдалануға әрекеттенді. Сондықтан да, олардың шығармашылығындағы көркемдік әдіс-тәсілдер азатшыл оймен ұштасып жатыр. Ұлт-азаттық идеяның өкілдері қандай бір әдеби шығарма болмасын, оған ұлттық мұрат тұрғысынан талап қойды.
Қазақ поэзиясының ұлттық сипат алып, дами бастаған тұсынан бергі тарихына көз салсақ, оған желі болып тартылған тұтас бір ұлттық идеяны көреміз. Ол - ұлттық тәуелсіздік идеясы. Арғы заманда көшпелі ел сыртқы жаудан қорғану, ешкімге тәуелді болмау үшін халықты ерлікке, күреске үгіттеген жауынгер жырлар туғызса, бергі заманда орыс отаршылдығының езгісіне күңіреніп, зар заман поэзиясын тудырды. Осының бәрі әдебиетте ұлт тағдырының аянышты суретіне айналды. ХХ ғасыр осы бір ұлттық идеяға жаңа сипаттар қосты. Езгінің тереңдеуі бұл тұста әлеуметтік революциялар мен ұлт-азаттық қозғалысын туғызды. Бұрын бұратана саналып келген халықтардың ұлттық сана-сезімі оянып, оның көрнекті өкілдері туған халқының тағдыры мен келешегі, қоғамның даму жайлары жайлы ойлана бастады. Қазақ поэзиясы ұлттық ой-пікірдің басы болып, осы кезде ұлт-азаттық идеясын жаңа сапаға көтере жырлады. Осы жаңа дәуірдің бастаушысы Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов туған халқының патша отаршылдығынан босап, елінің егеменді болуын асқақ идеяға айналдырды. Ахмет пен Міржақып бастаған революцияшыл демократтық қозғалыстың қазақтық жолы осылай туды.
Алашорданың құрылуы қазақ оқығандарының ғасыр басынан басталған отаршылдыққа қарсы, тәуелсіздікті жақтаған, елді көрсоқыр надандықтан өнер-білім жолына түсіруді аңсаған идеялардың көрінісі еді. Осындай, қазақ халқының ояна бастаған тұсында, оның ұлт-азаттық жолындағы күрес туын берік ұстап, халық өмірінің шындығы мен алдыңғы қатарлы идеясын жырлаған қоғамдық сананың бірі түрі- қазақтың ұлттық әдебиеті болды. ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті Абайдың ағартушылық, демократтық жолын ұстана отырып, оны саяси күрес идеясымен толықтырды, отаршылдықты, ұлттық езгіні айыптады, халықтың қараңғылыққа қамалып отырған күйін көріп күйініп, оны өнер-білім үйренуге шақырды. Осы әдебиетттің басы-қасында Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатовтар тұрды. Бірі тыңдауға салғырт надан халқының құлағына маса болып ызыңдаса, екіншісі бар дауысымен “оян, қазақ” деп жар салды. ХХ ғасыр басындағы қазақтың прогресшіл әдебиеті, оның қайраткерлері осы идеядан нәр алды. Отаршылдыққа қарсы күрес, елдің тәуелсіз даму жолына түсуі, алдыңғы қатарлы елдерге теңелу, оқу-өнер үйрену, халық тұрмысының ауыртпашылықтарын ашына сөз ету осы дәуір әдебиетінің ерекшеліктеріне айналды.
“ ХХ ғасырдың бас кезіндегі саяси-әлеуметтік қозғалыс күрт дамып, кеңге қанат жая бастауының басты себебі, қоғамдық өмірдің өрінде жаңа тұлғалар көзге түсіп, ұлттық сананы жаңа өріске бағыттауға ұмтылуында еді. Солардың ішіндегі ең көрнектісі, ұлттың ұлы ұстазына, рухани көсеміне айналған ұлы тұлға Ахмет Байтұрсынов болатын. Ол ХХ ғасыр басындағы қазақ сөз өнеріндегі ұлттың ұлы рухынан нәр алған жаңа сарын - ұлт-азатшылдық бағыттың негізін қалап, азаттықтың ақ жолын ұстанды. Оның осынау күрес жолындағы ел санасын серпілтер, жұрт жүрегін оятар ең әсерлі қаруы - әрбір қазақ оқырманының жанына жылу боп енген жалынды жырлары мен өткір де ойлы мақалалары” /6, 172/.
Ахмет Байтұрсынов - шығармашылық еңбектің қай саласында болмасын, мол мұра қалдырып, қоғамдық өмірдегі, ұлттық тарихымыздағы өз орнын айқындап кеткен тұғырлы тұлға. Ол - тілші ғалым, ағартушы, ұлағатты ұстаз, аудармашы, көсемсөзші, өлеңіне азат ойды арқау еткен ақын, әдебиеттанушы ғалым. Ахмет Байтұрсыновтың шығармашылығының сүбелі салаларының бірі - поэзия.
Ахмет Байтұрсынұлының ақындық еңбегі 1909 жылы Петербургте басылған “Қырық мысалдан” басталады. Бұл И. А. Крылов мысалдарының аудармасы еді. Алайда, Ахмет кітабында орыс мысалшысының аудармашысы дәржесінде ғана қалып қоймады, шығарма сюжеті мен идеясын қазақ жағдайына ыңғайлап, қоғамдық әділетсіздік пен адам мінез-құлқындағы ұнамсыздықты тұспалдап айтты. А. Байтұрсыновтың алдына қойған басты мақсаты - халықты қоғамдық-әлеуметтік көкейтесті мәселелерді танып-білуге үндей отырып, азаттықтың ақ жолын аңғарту, бостандыққа ұмтылуға жөн сілтеу.
“Қырық мысалдағы” шығармаларды тақырыбы жағынан үлкен екі топқа бөлуге болады, - дейді ғалым Өмірхан Әбдіманұлы өзінің 2007 жылы жарық көрген “Қазақ әдебиетіндегі ұлт-азаттық идея” атты кітабында. Олардың бір тобы оқу-білімге, адамдық-азаматтық қасиеттерге, еңбекқорлыққа, ынтымақ-бірлікке шақыруға негізделсе, келесі тобы елдің елдігін сақтау, езгіде қалған елді азаттыққа, бостандық жолында күресуге үндеу болып келді. Ел бостандығын аңсаған, оған қол жеткізудің жолын іздеген Ахмет үшін Крылов мысалдарын аудару таптырмас тәсіл еді. Отаршылдық саясаттың озбырлығын сезе тұра, патшалық әкімдердің қанаушылық қанпезерлігін көре тұра үндемей қалуды жөн көрмей, өзегіне запыран болып жиналған ащы шындықты қалайда сыртқа шығаруға тырысқан Ахаң Крыловтан өзі екшеген “40 мысалға” жүгінді” /6, 174/.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz