Идеографиялық оқу сөздігінің тілдік жүйені меңгертудегі орны


ӘОЖ 811. 512. 122′374 Қолжазба құқығында
ИІСОВА ЭЛЬМИРА ӘДІЛХАНҚЫЗЫ
Идеографиялық оқу сөздігінің тілдік жүйені меңгертудегі орны
10. 02. 02 - қазақ тілі
Филология ғылымдарының кандидаты
ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның
А В Т О Р Е Ф Е Р А Т Ы
Қазақстан Республикасы
Алматы, 2009
Жұмыс Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
Ғылым комитеті А. Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институтында орындалды.
Ғылыми жетекшісі: филология ғылымдарының докторы
М. Малбақов
Ресми оппоненттер: филология ғылымдарының докторы,
профессор А. Қ. Жұбанов
филология ғылымдарының
кандидаты Г. Бүркітбай
Жетекші ұйым: Қазақ мемлекеттік Қыздар
педагогикалық университеті
Диссертация 2009 жылы 29 мамырда сағат 14. 00-де ҚР БжҒМ А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы 10. 02. 06 - түркі тілдері және 10. 02. 02 - қазақ тілі мамандықтары бойынша филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғайтын Д 53. 38. 01 диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады (050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29) .
Диссертациямен ҚР Білім және ғылым министрлігінің орталық ғылыми кітапханасында танысуға болады (050010, Алматы қаласы, Шевченко көшесі, 28) .
Автореферат 2009 жылы 29 сәуірде таратылды.
Диссертациялық кеңестің
ғалым хатшысы, филология
ғылымдарының докторы,
профессор Ж. А. Манкеева
ЖҰМЫСТЫҢ ЖАЛПЫ СИПАТТАМАСЫ
Кез келген ғылым саласының дамуы барысында, оның басты кезеңдерінің ауысуы кезінде ғылыми ұғымдар мен түсініктер жүйесі тереңдетіледі, жаңаланады, қайта қарастырылып отырады. Егемен еліміздің мемлекеттік тілі ретіндегі қазақ тілінің ғылыми негіздерін нығайту, оны орта, арнаулы және жоғары оқу орындарында оқыту ісінде аса күрделі, кезек күттірмей шешуді талап етіп отырған көптеген мәселелер бар. Солардың бірі - тілдік жүйені, оның грамматикалық құрылысы мен лексикалық құрамын, семантикалық құрылымын меңгеру үшін аса қажетті оқу құралдарының бірі ретіндегі оқу сөздіктерін түзу. Тіл білімі ғылымы мен лингводидактиканың ара жігінде пайда болған жаңа саланың - оқу лексикографиясының қазіргі таңдағы ең өзекті де күрделі міндеттерінің бірі - лингвистика мен лингводидактиканың даму деңгейін танытатын, белгілі бір оқу кезеңіне, оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес, оқыту мақсатына бағдарланған идеографиялық оқу сөздіктерін түзу болып табылады.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алып, қоғамдағы әлеуметттік қызметінің артуына байланысты оқу лексикографиясы да қарқынды дамып келеді. Идеографиялық оқу сөздіктері қазақ тіліндегі түсініктер мен ұғымдардың жіктелім жүйесін айқын көрсетуге жағдай жасайтын, оның мүмкіншілігін, әлеуетін ұлғайтатын, лексикалық жүйені семантикалық байланыстар тұрғысынан сипаттайтын, тілүйренім үшін ерекше маңызды оқу құралдарының бірінен саналады.
Түсіндірме сөздіктердегі әліпбилік түзілім тәртібі тілдің лексикалық құрамын бейнелеудің сан ғасырлар бойы қалыптанып, тұрақтанған, ыңғайлы әдісі болып табылады. Алайда әліпбилік сөздіктерде лексикалық бірліктердің арасындағы жүйелі семантикалық байланыс толық көрініс таба алмайды. Сөздерді әріптердің орнына сәйкес әліпби, графика және орфография заңдылықтарына орай тізбелеп беретін сөздіктердің бір кемшін тұсы осы мәселеге байланысты. Сол себепті қазақ тілін тез меңгеру ісінде идеографиялық сөздіктердің қосар үлесі зор. Алайда идеографиялық оқу сөздіктері қазақ лексикографиясында әлі де ғылыми-теориялық тұрғыдан жеткілікті түрде қарастырылмай отыр. Идеографиялық оқу сөздіктерінің құрылымы, ондағы сөздердің берілу тәртібі, сөз мағыналарының ашылу заңдылықтары, сөзтізбенің түзілу ерекшеліктері өз дәрежесінде зерттеу нысанына айналмай келеді. Қазақ лексикографиясының өткен ғасырлардағы тарихында түзілген алуан түрлі қазақша-орысша және орысша-қазақша сөздіктерде қолданылған идеографиялық принциптер құрамы айқындалмай отыр. Оның үстіне, қазан төңкерісіне дейінгі кезеңде жасалған түрлі тілашарларлар мен оқу құралдарында, жолсілтегіштерде, анықтамалықтарда келтірілген тақырыптық топтамаларда берілген лексиканың құрамы мен құрылымы осы кезге дейін зерделенген емес. Осындай себептерге байланысты қазақ лексикографиясындағы идеографиялық оқу сөздіктерінің негізгі ерекшеліктерін ашудың, ол сөздіктерді сапалы етіп жасаудың жолдары мен әдіс-тәсілдерін айқындаудың қажеттілігі осы тақырыптың өзектілігін көрсетеді.
Зерттеу жұмысының нысаны - идеографиялық оқу сөздігінің құрылымдық ерекшеліктері.
Зерттеу пәні - оқу лексикографиясы.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Жұмыстың басты мақсаты - қазақ лексикографиясындағы идеографиялық оқу сөздіктерінің түзілім ұстанымдарын белгілеп, олардағы сөз мағынасын ашудың заңдылықтарын айқындау, олардың басқа сөздіктерден ерекшелігін анықтау болып табылады. Осы мақсатқа жету жолында төмендегі міндеттерді шешу көзделді:
-лексикалық бірліктерді идеографиялық оқу сөздіктерінде лексикографиялаудың теориялық негіздерін анықтау;
- идеографиялық сөздіктерді басқа сөздік түрлерімен салыстырып,
олардың өзіндік ерекшеліктерін айқындау;
- идеографиялық оқу сөздіктерінде сөздердің берілу сипатын анықтау;
- идеографиялық оқу сөздіктерінің жасалым тарихына шолу жасау;
- қазақ лексикографиясындағы қазан төңкерісіне дейінгі сөздіктерге, сөздікшелерге талдау жасай отырып, ондағы идеографиялық сөздік үлгілерін анықтау;
- идеографиялық оқу сөздіктерге қойылатын ғылыми-теориялық талаптарды нақтылау;
- сөздіктің макроқұрылымы мен микроқұрылымын зерттеу.
Зерттеудің дереккөздері. Зерттеу жұмысындағы басты дереккөздер ретінде қазақ лексикографиясы тарихындағы қазан төңкерісіне дейінгі мерзімде тілүйренім мақсатында жарық көрген Н. И. Ильминский, Ж. Кушербаев, М. Бекчурин, И. Букин, Н. С. Жетпісбаев, В. В. Радлов, Ы. Алтынсарин, А. Байтұрсынұлы еңбектеріндегі, сөздіктер мен сөздікшелердегі, тілдеткіштер мен жолсілтегіштердегі тақырыптық топтамалар, сондай-ақ, «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» (10 томдық), «Русско-казахский словарь» (2005), «Қазақ тілінің сөздігі» (2000), «Қазақша-орысша сөздік» (2002), екі тілді орысша-қазақша және қазақша-орысша терминологиялық сөздіктер, идеографиялық сөздіктер алынып отыр.
Зерттеу жұмысының теориялық-әдіснамалық негізі ретінде қазақ лексикографиясы саласында еңбектер жазған К. Аханов, Ш. Ш. Сарыбаев, Т. Жанұзақов, Б. Қалиев, Ә. Болғанбаев, М. Малбақов т. б. ғалымдардың зерттемелеріндегі негізгі тұжырымдар, ой-пікірлер алынды. Зерттеу барысында шетелдік тіл біліміндегі Л. В. Щерба, Ю. Н. Караулов, В. В. Морковкин, А. М. Бабкин, Л. А. Новиков, П. Н. Денисов, Н. М. Шанский, Н. С. Дмитриева, Л. Саяхова, Д. Хасанова, Э. В. Кузнецова тәрізді ғалымдардың еңбектерінде айтылған тұжырымды пікірлері де басты назарда болды.
Зерттеудің әдістері. Диссертациялық жұмыстың мақсат-міндеттеріне сәйкес талдау, жинақтау, индукция, дедукция, сипаттау, саралау, семантикалық-стилистикалық талдау, тақырыптық-мағыналық топтастыру әдіс-тәсілдері қолданылды.
Жұмыстың теориялық және практикалық маңызы Зерттеу нәтижесінде қол жеткізген тұжырымдар мен жаңалықтар қазақ лексикографиясында идеографиялық сөздіктердің құрылымдық мәселелерін зерделеуде ғылыми-теориялық негіздеме ретінде қызмет ете алады. Жұмыста алынған ғылыми-практикалық нәтижелерді таяу болашақта жасалатын идеографиялық сөздіктерді түзуде қолдануға болады.
Сондай-ақ, зерттеудің практикалық құндылығы ретінде диссертациялық еңбекте алынған тұжырымдар мен қорытындыларды, деректеме материалдарды жоғарғы оқу орындарының филология факультеттерінде лексикология, лексикография, сөзжасам, грамматика салаларының арнайы теориялық курстарын толықтыруда, арнаулы семинарларда, бір тілді және қос тілді оқу сөздіктерін құрастыруда қолдануға болады.
Зертттеудің ғылыми жаңалығы:
- идеографиялық оқу сөздігінің қазақ лексикографиясындағы орны, қалыптасу тарихы, және даму жолдары көрсетіледі;
- қазақ тілінде идеографиялық оқу сөздіктерін түзудің құрылымдық ерекшеліктері айқындалды;
- идеографиялық оқу сөздігін түзуде басшылыққа алынатын ғылыми ұстанымдар құрамы нақтыланды;
- қазақ лексикографиясы тарихындағы оқу сөздіктерінің құрамында берілген тақырыптық топтамалардың құрамы мен құрылымдық ерекшеліктері анықталып, салыстырмалы сипаттамасы жасалды;
- идеографиялық оқу сөздіктерінде лексикалық бірліктердің лексикографиялану ерекшеліктері, сөз мағынасынаң ашылу сипаты сараланды;
- идеографиялық сөздіктердің типтері мен жанрларын қазақ лексикографиясында дамытудың жолдары мен әдіс-тәсілдері айқындалды.
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:
- шағын көлемді идеографиялық оқу сөздігін түзуде қазақ тілінің лексикалық негізін құрайтын әмбебап минимум сөздіктің идеографиялық бөлігі инвариант қызметін атқарады;
- идеографиялық оқу сөздіктері лексикография тарихындағы ең көне, алғашқы сөздіктер болып табылады;
- қазақ тілінің өткен ғасырларда түзілген басты сөздіктердің (Н. И. Ильминский сөздігі, 1894 жылғы орысша-қазақша сөздік, 1897 жылғы қазақша-орысша сөздік, т. б. ) құрылымында идеографиялық сөздіктің негізгі белгілері сақталған;
- идеографиялық оқу сөздіктерінде қазақ тілі лексикасының тақырыптық аясы толық қамтылуы керек;
- идеографиялық оқу сөздіктерінде сөздік бірліктердің денотативті-сигнификативті, экспрессивті-прагматикалық және синтагмалық сипаттары ашылуы қажет.
Зерттеу нәтижелерінің талқылануы мен жарияланымы. Зерттеу жұмысының тұжырымдары мен негізгі нәтижелері республикалық және халықаралық деңгейдегі ғылыми-теориялық, ғылыми-практикалық конференцияларда, атап айтқанда: профессор Қ. М. Есеновтің 75 жылдығына арналған республикалық ғылыми-теориялық конференцияда (Алматы, 2006), Ә. Құрышжановтың 75 жылдық мерейтойына арналған «Бүгінгі түркітану және оның даму бағыттары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда (Алматы, 2006), «Әлемдік рухани құндылықтар және қазіргі қазақ әдебиетінің өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда, (Алматы, 2007), «Жаратылыстану ғылымдары және олардың Қазақстан Республикасының индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асырудағы рөлі» атты республикалық ғылыми-теориялық конференцияда (Алматы, 2007), «Ахмет Байтұрсынұлы және ұлттық таным мәселелері» атты аймақтық ғылыми-практикалық конференцияда баяндалды. Диссертация жұмысының тақырыбы бойынша республикалық ғылыми басылымдарда 8 мақала жарық көрді.
Зерттеу жұмысының құрылымы Зерттеу жұмысы кіріспеден, екі тараудан, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ
Диссертациялық жұмыстың кіріспе бөлімінде жұмыстың жалпы сипаты, зерттеудің өзектілігі негізделіп, мақсаты мен міндеттері айқындалды. Зерттеудің нысаны, пәні, материалдары мен дереккөздері, ғылыми жаңалығы, зерттеу әдістері, әдіснамалық негіздері, теориялық және практикалық құндылығы, қорғауға ұсынылатын басты тұжырымдары көрсетіліп, талқылануы мен жариялануы туралы баяндалды.
Жұмыстың «Идеографиялық оқу сөздік түзудің ғылыми-теориялық және тарихи негіздері» деп аталатын бөлімінде идеографиялық оқу сөздігін құрастырудың басты ғылыми-теориялық мәселелері туралы сөз болады. Идеографиялық мазмұнды сөздіктердің түзілім тарихы мен зерттелу жайы талқыланады.
Бірінші бөлімше 1. 1 «Идеографиялық сөздік құрастырудың ғылыми-теориялық мәселелері» деп аталады. Соңғы жылдары қазақ тіл білімінде прагматикалық ұстанымдарды басшылыққа алып жазылған еңбектер көбейіп келеді. Тілді коммуникативті - прагматикалық тұрғыдан сипаттап, қарым-қатынас лингвистикасын қалыптастыру мақсатына орай тілді үйрететін пәндер қалыптасты. Олардың нысаны - қарым-қатынас жасаушылардың әлеуметтік өзгешеліктері, тілдің қызмет ететін саласы, әлеуметтік-тілдік жағдаят болып табылады. Яғни прагмалингвистикада тілде бейнеленген тілдік таңбалар адамға бағытталады, сөйленім/мәтінді дайындауда ең қолайлы бірліктер (жалпы жағдаятты, адресатты ескеріп) таңдап қолданылады. Мәтін түзуші ретіндегі адресант мәтінді қабылдаушы адресатпен, оқырманмен, тыңдарманмен яғни сөйлесудің белсенді субъектісімен ақпар алмасады.
Ғылыми мәтіннің ерекше типі ретіндегі сөздікте прагматика жетекші категория болып саналады. Біріншіден, прагматика, жетекші ерекшеліктердің бірі ретінде, мәтіннің анықтамасына енеді. Екіншіден, мәтіннің тағы бір маңызды категориясы - мәтіннің тәмәмдалымдығы да прагматика арқылы анықталады. Үшіншіден, сөздіктің прагматикалық бағдарын жасау, анықтау ісі практикалық лексикографиялық қызметтің ең маңызды элементі, сөздіктің негізгі сипаттамаларын анықтайтын элемент ретінде мойындалады. Сөздіктің прагматикалық бағдарының сипаты өзара байланысты төрт элементпен (сөздіктің интенциясы, сөздіктің аудиториясы, лексикографияланатын көлем, лексикографияланатын нысан) байланысты болады. Интенция сөздікке тән прагматиканың, яғни сөздіктік прагматиканың жетекші элементі болып табылады. Интенция - латын тілінде «сананың белгілі бір затқа, ойға, мақсатқа бағытталуы» мәнінде қолданылатын intentio сөзінің негізінде қалыптасқан терминдік аталым. Бұл жерде сөздіктің концептуалдық негізі, құндылығы, басты бағдары ұғымдарында қолданылып отыр. Сөздікте ғылыми, анықтамалық және дидактикалық интенциялар болады. Сөздіктің құрылымы мәселелеріне арналған жұмыстарды зерттеудің негізгі бағыты - жүйеден бірлікке қарай жүргізілетін мәтіндік бағыт. Бұл бағыт бойынша сөздік ғылыми-дидактикалық мазмұнды мәтін ретінде ұғынылады.
Сөздікке тән баяндау типінің өзі сөздіктің дидактикалық жанрға жататындығын және оның бойында педагогикалық дискурстың барлық негізгі сипаттарының бар екендігін байқатады. Сөздіктегі педагогикалық дискурс (discours pedagogique) оқулықтардағыдан өзгешелеу болады. Сөздікті дидактикалық жанрдағы өзге туындылармен жақындастырытын нәрсе - оны түзуші адам мен оқушы адам арасындағы ерекше сабақтастық. Француз ғалымдары К. Дюбуа мен Ж. Дюбуа өздерінің «Лексикографияға кіріспе» деп аталатын еңбегінің «Сөздіктің педагогикалық тілі» атты тарауында сөздікті дидактикалық жанрдағы туындылардың қатарына жатқызады. Авторлардың пікірі бойынша, сөздік - тілдегі жеке сөздерді қалай қолдануды үйрететін педагогикалық құрал, сөздіктің тілі адамдардың бір-бірімен күнделікті сөйлесетін тілі емес. Сөздіктің тілі - педагогикалық тіл. Ол сарапталған, талданған тіл. Педагогикалық тілдің түрі болғандықтан, сөздік оқырманды коммуникацияның нақты бір типіне бағдарлап, барша қауым мүшелерінің, яғни «мен», «сен» және «ол» арасындағы анық қарым-қатынастарға бағыттайды. Әрі сөздіктің авторы, әрі коммуникация субъектісі болып табылатын лексикограф пікірлесушілер (оқырмандар) тарапынан өзіне қойылатын сауалдарға бағдар ұстайды. Сауалдарға жауап бере отырып, лексикограф коммуникациядағы айқын субъект рөлінде көрінбейді, коммуникацияның ұжымдық субъектісі (қоғам) атынан сөйлейтін байланыстырушы, аралық бейне рөлінде көрінеді. Яғни лексикограф қоғам тарапынан жүзеге асырылатын ұжымдық айтылымның болжалды субъектісіне айналады. Оқырмандар өздерін идеалды түрдегі сөйлеуші субъект ретіндегі лексикографпен бірге, бір бүтін санайды. Ал берілетін жауаптар нақты мәдени қауымдастық атынан айтылатын соңғы ақиқат болып табылады. Сөздіктен алынатын білік, білім оқырмандардың мәтіндерді түсінуге кедергі келтірген кемістіктерінің орнын толтыруға көмектеседі. Жауаптар норманың кепілі ретіндегі лексикографтың білігі мен жекелеген оқырмандардың толымсыз білігі арасындағы алшақтықты жояды [1] . Демек, лексикографиялық хабарламаның табиғаты да ұстаздың педагогикалық хабарламасының табиғатымен бірдей. Сөздік нұсқау жасайды. Мұның өзі сөздіктегі деректерді осылайша қолданудың қажеттігін байқатады. Сөздік - анықтамалық құрал болғандықтан, оның айтылымдарының заңды күші бар, оның беретін анықтамалары құқықтық әлеуетті мәтін түзеді. Ұжымның пікірін білдіруші ретіндегі лексикограф шын мәнінде сенімхаты бар заңдастырушы болып табылады.
Ғалымдар осы еңбектері арқылы сөздік тілінің ең алдымен педагогикалық тіл болып табылатынын бұлтартпастай дәлелдейді. Оқу лексикографиясының негізгі туындысы ретіндегі оқу сөздіктерінде дәл осындай педагогикалық қызмет орын алады. Лексикограф оқырманның тілді өзбетінше меңгеруіне жағдай туғызады. Ол оқырманмен белгілі бір қашықтықтан, оқу сөздігінің беттерінен тілдесіп отырады. Сонымен, жоғарыда айтылғандарды қорытар болсақ, кез келген сөздіктің ең әуелі дидактикалық туынды, яғни оқытуға, үйретуге арналған туынды болып табылатындығына көз жеткіземіз.
Дидактикалық элемент сөздіктің бәрінде де бар. Алайда, ол сөздіктің түрлі типтерінде әрқилы көрінеді. Яғни, түрлі сөздіктердегі дидактикалық элементтің ашық, айқын көрінім дәрежесі (степень эксплицитности) әрқалай. Әрине, ол әсіресе ғылыми зерттеулерге қажетті материал даярлайтын таза лингвистикалық салалық сөздіктерде (этимологиялық, жиілік, т. б. сөздіктер) аз көрініс береді. Мұндай сөздіктерде міндеттеуші, белгілеуші элемент өте аз дәрежеде, ақпараттық сипаттағы материал басым дәрежеде көрінеді. Тілдегі сөздіктің ең негізгі, орталық типі - түсіндірме сөздік. Түсіндірме сөздіктерде дидактикалық интенция айқын байқалады. Ол сөздіктің құрылымындағы элементтердің барлығында да, сөзді сұрыптап алудан түсіндірме жасаудан бастап, шартты белгілер жүйесіне дейін, - бастан-аяқ көрініс береді. Тілді үйрету, оны жүйелеу, тілдегі сөздерге анықтама беру, нормалау қызметтері, яғни оқыту, жүйелеушілік, анықтамалық, нормалаушылық қызметтер - барлық тілдік сипаттамалардағы жалпыға ортақ дидактикалық қызмет түрлері болып табылады.
Лексикография теориясында сөздік түрлерін анықтау мәселесі маңызды орын алып келеді. Бұл орайда Л. В. Щербаның сөздіктерді жіктеуі бөлек. Ғалым сөздіктерді:
академиялық үлгідегі сөздік - анықтама-сөздік;
энциклопедиялық сөздік- жалпы сөздік;
тезаурус - қарапайым сөздік;
қарапайым сөздік - идеологиялық сөздік;
түсіндірме сөздік - аударма сөздік;
тарихи емес сөздік - тарихи сөздік түрінде өзара қарама-қарсы қоя отырып жіктейді [2] . Келтірілген антитезалардың ішіндегі қарапайым сөздік - идеологиялық сөздік жұбы біздің зерттеуімізде сөз болып отырған идеографиялық сөздікке төтенше қатысты екендігі анық. Бұл жерде ғалым қарапайым сөздік түрлерінде сөздік бірліктердің әліпбилік ретпен берілетініне, ал идеологиялық сөздіктерде семантикалық жүйе бойынша, тақырыптық топтамалар түрінде берілетініне ерекше назар аударады. Лексикография теориясы бойынша жазылған бұл еңбектегі бірінші антитезада (академиялық сөздік - анықтамалық сөздік) келтірілген тұжырымдардан академиялық сөздік пен анықтамалық сөздіктің әрі ғылыми, әрі нормативті сөздік болып табылатындығын аңғаруға болады. Демек, бұл екеуі де тілді үйрету ісінде оқулық пен сөздіктің міндетін бірегей түрде атқаратын оқу құралы болып табылады.
Р. Түсіпқалиева өзінің «Қазақ лексикографиясы: екітілді шағын сөздіктердің құрылымы» атты еңбегінде лексикограф ғалым А. Е. Супрунның тілді үйрету мақсатында жасалатын сөздіктердің жіктемеде ерекше орын алуын қолдап, оларды жеке қарастыруды, академик Л. В. Щербаның дихотомиялық жіктемесіне қосалқы топ ретінде қосуды ұсынатындығы туралы жаза келіп, ғалымның өз тарапынан жалпы сөздік - оқу сөздігі түріндегі жетінші дихотомиялық жұпты ұсынғанын айтады [3, 15-16 бб. ] . Автор бұл ұсынысты қолдайды. Соңғы 20-30 жылда қарқынды дамып келе жатқан оқу лексикографиясының жетістіктерін, оқу сөздіктерінің мәні мен маңызын мойындай отырып, біз де өз тарапымыздан бұл ұсынысты қолдаймыз.
Лексикографиялық туындылардағы сөздік бірлікке анықтама беру‚ түсіндірме жасау кезінде жеке лексикалық бірліктер мен тұтас лексикалық жүйенің ішкі құрылымын‚ заңдылықтарын көрсетуге талпыныс жасалады. Осы мәселеге қатысты мынаны ескерген жөн: тілді қолданудың екі түрі бар. Ол халықтың қолданатын құралы болғандықтан қоғамдық құбылыс ретінде , жеке адамның қолданатын құралы болғандықтан индивидуалды құбылыс ретінде қарастырылады. Тіл білімінің тілді қалыптасқан қоғамдық құбылыс ретінде қарастыратын бөлігі - с и п а т т а м а л ы - ж і к т е м е л і лингвистика деп аталатын болса‚ оны жеке адамның ішкі дүниесінен өсіп шығып‚ ұлғая беретін тірі организм ретінде қарастыратын бөлігі - а н т р о п о ц е н т р и с т і к лингвистика аталып келеді. Идеографиялық сөздіктегі бірліктерге сипаттама жасалған кезде мәселенің осы екі аспектісі де міндетті түрде ескерілуі қажет деп ойлаймыз.
Оқу лексикографиясы - тіл білімі ғылымының кейінірек дамыған жас саласы. Осы саланың ғылыми-теориялық тұрғыдан қалыптасуына мүмкіндік тудырған жұмыстардың авторы В. В. Морковкин. оған «Оқу лексикографиясы - басты мазмұны лексикаға тілүйретімдік мақсатта сипаттама жасаудың теоретикалық және практикалық аспектілері болып табылатын, арнаулы мақсатта қолданылатын лексикографиялық, лингвоәдістемелік пән» түрінде анықтама бере отырып, оқу сөздігінің алатын орнының, ерекше екендігін жазады. Оның тілдік қатынас пен тілдесім құралы көлемі мен типі жағынан алуан түрлі болып келетін лексикографиялық туынды болып табылатындығын тұжырымдайды [4] .
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz