Қазақстан тарихы. Оқулық


Пән: Қазақстан тарихы
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 154 бет
Таңдаулыға:   

ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ

Түркістан - 2010

Басуға Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Түркістан кәсіби колледжі оқу-әдістемелік кеңесі ұсынған. Хаттама N3 (2010-2011оқу жылы) .

Пкір жазғандар: Х. Тұрсын - тарих ғылымдарының

кандидаты, доцент.

А. Сандыбаева - тарих ғылымдарының

кандидаты, доцент.

Жауапты редактор: Н. Каттабекова - тарих ғылымдарының

кандидаты, доцент.

Ж 71

Қазақстан тарихы. - Түркістан: «Ясы», - 2011, б.

ISBN 978-601-243-284-8

Оқу-әдістемелік құрал жоғарғы оқу орындарының тарих емес мамандықтарына арналған «Қазақстан тарихы» курсының типтік бағдарламасы негізінде жан-жақты қамтылып, оқушыларға тарихи білім берудің әдістері мен тәсілдері, олардың оқу икемділігі мен дағдыларын қалыптастыру, тарих сабағын ұйымдастырудың тәсілдері және оқытудың жаңа технологияларын қолдану сияқты мәселелер теориялық және әдістемелік тұрғыдан баяндалды.

Кітап тарихшыларға, жоғарғы оқу орны, колледждердің оқытушылары мен студенттеріне, магистранттарға, тарих пәнінің мұғалімдеріне, қазақстан тарихына қызығатын оқырман қауымға арналған.

ISBN 978-601-243-284-8 УДК 94(574) (075)

ББК 63. 3. (5қаз) я 7

Алғы сөз

І БӨЛІМ

Лекция 1. Қазақстан ежелгі заманда

  1. Алғашқы қауымдық құрылыс
  2. Қола дәуіріндегі Қазақстандағы тайпалар
  3. Тайпалық одақтар мен ежелгі мемлекеттер

Лекция мақсаты.

Антропогенез немесе адамның даму процесіндегі маңызды факторлар, еңбек құралдарының дамуымен адамзат санасындағы даму, адамзат қоғамының даму ерекшеліктері туралы, археологиялық дәуірлерге бөлу, Тас дәуірінің кезеңдері және зерттелуі, Қазақстан жеріндегі тас дәуірі тұрақтарындағы зерттеулер туралы мағлұмат беру.

Лекция мәтіні.

1. 1 Алғашқы қауымдық құрылыс

Аламзаттың пайда болуы мен қалыптасуы тас дәуірінен бастау алады. Адамның пайда болу мәселелерін зерттеу орасан көптеген теориялар туғызды, олардың ішінен екі негізгі концепцияны жеке қарастыруға болады-философиялық - діни (адамды құдай жаратты) және материалистік, бұған сәйкес адам табиғи эволюция мен еңбек қызметінің нәтижесінде жануарлардан (приматтардан) шықты.

Тас ғасыры бірнеше кезеңнен тұрады: палеолит (ерте тас ғасыры) 2, 5-2 млн жыл бұрын басталды, ол өз кезегінде төменгі (ерте) палеолит (2, 5 млн. -140 м. ж. бұрын), орта (120-40 м. ж. бұрын), жоғарғы (кейінгі) палеолитке (40-12 м. ж. б. з. б. ) бөлінеді. Палеолит: Олдувай, Ашель, Мустье, Солютре, Ориньяк және Мадлен кезеңдерінен тұрады.

Мезолит (орта тас ғасыры) б. з. б. 12 м. ж. -6 м. ж. арасын қамтиды. Жаңа тас дәуірі (неолит) б. з. д. 6-4 м. ж. деп шамаланады. Тас дәуірінен қола дәуіріне өтпелі кезең энеолит (мыс тас ғасыры лат. Аeneus-мыс) б. з. б. 3 м. ж. деп аталады. Алғашқы мемлекеттер мен жазудың пайда болуына дейінгі тарихтың бүкіл кезеңін алғашқы қауымдық құрылыс (сонымен қоса, «тарихқа дейінгі» деген термин де қолданылады) деп атау қалыптасқан.

Тас дәуірінде, шамамен миллион жыл бұрын, адамдар Қазақстан территориясын мекендей бастады. Ол кездегі табиғат жағдайлары қазіргіден күрт өзгеше болды, Қазақстан фаунасының негізгі түрлері мамонт, жүндес мүйізтұмсық, жабайы бұқа-тур, үңгір аюы және т. б. болды. Бүкіл тас ғасыры бойы климаттық жағдайлар күрт өзгеріп тұрды. Мамонттар мен мүйізтұмсықтар жаппай қырылып қалды, бұл жерде адамдардың іс әрекеті де белгілі рөл атқарды деуге болады.

Біздің елімізде палеолиттік мәдениеттің екі таралу аймағын бөліп көрсетуге болады: Сарыарқа мен Қаратау жотасы (Бөріқарған, Тәңірқазған, Қазанғап және т. б. ) . Еңбек құралдары негізінен түрлі формадағы дөрекі және үлкен шапқылар (бифастар- екі жақты, унифастар бір жақты) болды. Біртіндеп анағұрлым кішірек және едәуір жақсы өңделген құралдарға-микролиттерге көшу байқалады. Палеолитте адамдар отты пайдалануды үйренді. Аңшылық палеолит кезеңінің шаруашылығында басты рөл атқарады. Аң аулаудың тәсілдері әртүрлі болды: от арқылы қамалау, тұзақ, шұңқырлар, т. б. аң аулау құралдарының дамуына ірі жануарлардың қырылуы үлкен серпіліс берді, өйткені, аң аулаудың объектілері ұсақ және жылдам жануарлар болып қалды, ал оларды найзамен аулау жеміссіздеу болды. Қолайлы жерлерде алғашқы адамдар сүйектен жасалған үшкір сүңгір (гарпун) мен қарапайым ілмектер (күршектер) көмегімен балық аулумен айналысты.

«Алғашқы адамдар тобыры» немесе «көне қауым» адамның жануарлар әлемінен бөлініп шығуымен бір мезгілде пайда болды. «Көне қауым» тұрақсыз құрылым болды, сол себептен біртіндеп қоғамдық ұйымның неғұрлым берік формасына орын бере бастады. Өйткені тұрақты иерархиялық бірлестіктер өмір сүру үшін неғұрлым сәттірек күресе алатын еді. Бұл форма аналық ру болды. Әлеуметтік байланыстарды нығайту үшін шынайы негіз - стихиялы пайда болған қандас туыстық байланыстар қолданылды, бұл туыстық тек аналық жағынан ғана бекітілді деп шамалауға болады. Рулық құрылысқа көшуді археологиялық мәліметтер де дәлелдейді (ұжымдық турғын-жайлар) . Рудың аса маңызды белгісі эндогамия, яғни, ру ішіндегі некелік қатынастарға тиым салу болды. Біртіндеп, жеке ұйымдар -екі экзогамды рулардың бір тұрақты өзара некелік қарым-қатынасы бар эндогамиялық тайпаға бірігуі пайда болды. Некенің бастапқы формасы топтық неке, бұл кезде рудың барлық мүшелері (жігіттері) екінші рудың мүшелерімен (қыздарымен) некеге тұруға құқылы және тиісті болды. Біртіндеп некелік қатынастардың дамуы жұптық некенің қалыптасуына әкелді.

Біртіндеп көне қауымда болған табиғи еңбек бөлінісі одан әрі дами түсті. Ерлер-аңшылар, әйелдер-терімшілер және үйдегі ошақтың қамқоршысы болды, балалар мен қариялар еңбекке қабілетті туыстарына қолғабыс етті. Қариялар, әдетте, ұжымдық тәжірибені сақтаушылар есебінде және еңбек құралдарын дайындауға белсене араласты. Осы мамандану еңбек өнімділігінің артуына ықпал етті, бүкіл қауымға терең із қалдырған және айқын құрылым берген жыныстық - жас мөлшеріне негізделген бөліністерге әкеп соқтырды. Инициациялар деп жасөспірімдердің ересектер қатарына өту межесін білдіретін салттардың кешенін атайды.

Кейінгі палеолитте тұрғын жай ретінде адамдар әлі де үңгірлерді пайдалана берді, сонымен қатар жасанды тұрғын жайлар - жер үстіндегі кепелер мен жертөрелерді де сала бастады.

Жоғарғы палеолит мәдениетіне, сондай-ақ адамдардың алғашқы қабірлері де жатады, бұл сол заманда тән және жан туралы түсініктердің пайда болуы туралы мәлімет береді. Табиғат пен адам - адамдардың ертеректегі діни түсініктерінде бірге жүрді және бұл барлық түрлерінде - тотемизм, фетешизм, анимизм, магияда да көрініс тапты. Тілдің дамуы адамның шаруашылық қызметінің дамуымен қатар жүрді.

Мезолит (грекше «мезос» - орта) климаттағы өзгерістермен белгілі, бұл бәрінен бұрын мұздықтардың кейін шегінуімен байланысты. Бұл кезде қазіргіге жақын флора мен фаунаның құрамы қалыптаса бастады. Сондай ақ бұл уақытта «мамонттық» фауналық кешеннің жойылып кетуіне байланысты өмір сүру қажетін қамтамасыз етудің жаңа тәсілдерін іздестіру жүріп жатты. Кейбір аймақтарда егіншілік пен мал шаруашылығының элементтері, басқаларда балықшылық пен терімші аңшылық шаруашылықтары пайда болды. Мезолитте садақ пен жебелер кеңінен қоладанылды, еңбек құралдарын даярлау техникасында өзгерістер болды.

Ұжымдық еңбек пен өндіріс құрал-жабдықтарына ортақ меншік үстем болған алғашқы қауымның қоғам неолит дәуірінде жаңа құрылымға ие болды. Тайпалардың өз атауы, территориясы, диалектісі және басқа да ерекшеліктері болды. Неолитте адамзат алғашқы жасанды материал қыш ыдыстарды (керамиканы) даярлауды үйренді. Неолит барлық жағынан революциялық дәуір болып табылады. Бұл кезде шаруашылықтың өнімді формалары : егіншілік пен малшылық пайда болды. Неолит дәуірінде бүкіл Қазақстанның территориясын аңшылық өмір салтынан жылқышылыққа, ежелгі металлургия мен егіншілікке өте бастаған кішігірім жауынгер тайпалар тығыз қоныстанды.

Энеолит дәуірінде Қазақстан территориясында жылқыны қолға үйрету және топтап бағу жүзеге асқан, бұл Солтүстік Қазақстан территориясындағы археологиялық қазбалардан белгілі (Ботай мәдениеті) . Ботайлықтар -Еуразия өңіріндегі алғашқы жылқы өсірушілер. Жайық-Ертіс арасындағы энеолиттік қоныстардан орасан көп жылқы сүйектері табылды.

Этникалық мәселелер туралы айтсақ сол замандарда Қазақстан үнді еуропалық және орал-алтай қауымдастықтарының шығу аймағы болуы мүмкін. Еуразияның көптеген халықтары сол этникалық негізден шыққан.

Алғашқы жылқы өсірушілер жылқыға табыну дәстүрін және көшпелі тұрмыстың негізін қалайтын бірқатар элементтер қалыптастырды. Олар қазақтар үшін қасиетті «алаш» («алаша») ұғымынан көрініс тапты. Ал, үндіеуропа халықтарында алғашқы ала жылқыдан (алаша ат) мифологиялық қанатты аттың образы - «алаша» (пегас) бастау алады, ежелгі үндіеуропалық халықтардыңкөне сөздіктерінде пеку (пеки) сөзі «жылқы», «жеке адамның қозғалмалы мүлкі, байлығы», «малы» және т. б. білдіреді. Ежелгі «алаша аттан» - славянша - «лошадь» шығады. Көптеген себептерге байланысты сонау замандардан ақ Ұлы Даланың тайпалары Батыс Еуропа мен Оңтүстіктің Азия өлкелеріне қоныс аударып, онда мемлекеттер мен қазіргі өркениеттердің негізін қалай бастады.

Қорыта келе Тас дәуірінде дүниені эстетикалық тұрғыдан түсіну өнер дами бастады. Қазақстанды мекендеген кейінгі палеолит тайпаларының көркемдік танымның дәлелі ретінде негізінен тау шатқалдарындағы қашап салынған суреттер (петроглифтер-гравюралар) қызмет атқарды, олардың негізгі сюжеттері жүндес мүйізтұмсық, бұқа-тур, бизонның суреттері. Гравюрамен қатар Қазақстан жерінде тастағы бейнелердің бояулы үлгілері де табылады. Бұл Бектау ата тауларында, Баянауылда әулие үңгірде, Бұқтырма шатқалында өрнектер түрінде т. б. кездеседі.

1. 2 Қола дәуіріндегі Қазақстандағы тайпалар

Б. з. б. ІІ мыңжылдықта Еуразия даласында қола айлап табылды. Қазақстан аумағын мекендеген тайпалардың археологиялық ескерткіштері жалпы атаумен Андронов мәдениеті деп аталды. Өйткені, алғашқы қазылып алынған ескерткіштер Оңтүстік Сібірдегі Ачинск қаласының маңындағы Андроново селосының жанынан табылуына байланысты Андронов мәдениеті деген атау берілген. Онда 1913 жылы Б. Андрианов археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген. Сөйтіп, Андронов мәдени қауымдастығын зерттеу тарихы тоқсан жылға жуық уақытқа созылған. Осы уақыт ішінде еуразияның аса ірі мәдени-тарихи құрылымының материалдық және рухани өмірі туралы бай мәліметтер алынды. Бұл мәліметтер Андронов тайпаларының шаруашылық өмірі туралы, металлургиясы, керамика өндірісі, тұрмыстық және қоғамдық құрылысы туралы ортақ көзқарастың тууына мүмкіндік берді. Оның таралу аймағы Оңтүстік Сібір мен Қазақстанның кең-байтақ кеңістігін, Оралдың жақын аймақтары мен Орта Азияның аудандарын қамтыды. Андронов мәдениетінің негізгі орталықтарының бірі Қазақстан аумағы болды. Андроновшылар - бұл тегі жағынан туысқан, антропологиялық, лингвистикалық құрылымы мен шаруашылық-мәдени өмірі бойынша жақын тайпалар. Археологиялық мәліметтер негіздегеніндей, Андронов тайпаларының басым бөлігі отырықшылық өмір салтын кешкен. Олардың қалашықтары өзен жағалауларын, кең жайылған шалғындарды бойлай орналасқан. Андроновшылар бақташылығы сәл басымдау малшылықпен және егіншілікпен айналысқан. Андронов мәдениетінің белгісі ретінде мәйітті бүгілген күйінде бір жақ жанымен, тақта тастардан құралған «сандық тасқа» немесе тік бұрышты қима шұңқырларға жатқызылатын өзіндік жерлеу салты қалыптасқан. Адам жерленгеннен кейін әртүрлі пішім үйлесімінде - тік бұрышты, домалақ, сопақ нысанда немесе үйілген қорған тәрізді, тас дуалдар түріндегі молалық құрылыстар тұрғызылған. Кейде мәйітті өртеп жіберген.

Андронов мәдениетінің келесі бір ерекше белгісі қолмен иленіп жасалған ыдыс аяқтар. Мұның алдыңғы дөңгелек түпті ыдыстардан айырмашылығы жайпақ түпті болып келіп, ою өрнектері тарақ тісті немесе тегіс соғылған геометриялық өрнекпен жасалынған. Сайып келгенде, Андронов мәдениетін металдан жасалған бұйымдарды әшекейлеудің өзгеше түрі ерекшелейді. Бұлар бір жарым айналымға оралған, алтын жапырақшалардан жасалған сырғалар, баскиімдер мен киімдерді «көзәйнек тәріздес» және «табан» түріндегі салпыншақтармен безендіру және ұштары ширатылып бұралған білезіктер жатады.

Андронов мәдениеті мынандай үш кезеңге бөлінеді: ерте қола -б. д. д. ХҮІІІ-ХҮІ ғасырлар, орта қола - б. д. д. ХҮ-ХІІ ғасырлар, соңғы қола -б. д. д. ХІІ -ҮІІІ ғасырлар аралығын қамтиды.

Орталық Қазақстанда Андронов мәдениетінің 30 дан аса мекені, 150-ден аса моласы табылды. Мұның ерте кезеңі - Нұра өзені алқабынан табылғандықтан «нұралық кезең» деп аталған. Орта кезеңі -Атасу өзені алқабындағы молалар тобы бойынша атасулық кезең деп аталады. Соңғы кезең - бегазы-дәндібайлық кезең деп аталады. Бұл кезеңге Қарағандыға жақын Дәндібай ауылынан Солтүстік Балқаш тұсындағы Бегазы сайынан табылған ескерткіштер жүйесі кіреді. Солтүстік Қазақстанда Ботай ауданындағы ерте қола ескерткіштері табылды. Сол уақыттарда тұрақты елді мекендер пайда бола бастады. Оларды қалалардың алғашқы бастауы болды деп санауға толық негіз бар. Қола дәуіріндегі Қазақстан аумағында болған Арқайым, Кент және басқа да қоныстарды алғашқы қалалардың үлгісі ретінде алуға болады. Олар өзіне тән қарапайым сәулеттік құрылымдармен ерекшеленді: қорғаныс құрылысы, сумен жабдықтау жүйесі, ғибадатханасы, дамыған кәсібі болды. Евразия даласында қола ғасырының (б. з. д. ХҮІІІ-ХҮІ ғ. ) көпке белгілі бірден бір археологиялық ескерткіш бекініс Арқайым елді мекені болып табылады.

Арқайым - бұл бекініс әрі сарай, шеберхана әрі тұрғын жай орталығы болған. Оның үстінен қарағандағы көрінісі шеңбер түрінде көрінеді, олардың ажыратылған бөлігі - бұл қаланың басты қақпасы. Үлкен шеңбердің ішінде тағы бір шеңбер орналасқан. Ескерткіштердің жалпы ауданы 20 мың шаршы метрді құрайды. Қазіргі жер беткейінде айналма ор, оның артынан екі шеңберлі топырақты жалдар, орталық алаң іздері қалған. Жалдар - бұл шымнан, өңделмеген бөренелерден және ағаштардан қаланған бекініс қабырғаларының қалдықтары. Әрбір шеңбердің ішінде бөренелерден салынған тұрғын үйлер орналасқан. Аулалар мен үйлердің шаруашылық қоныстарында -ошақтар, құдықтар, шұңқырлар, металлургиялық пештер тұр. Қоныстың барлық аумағынан 60 тұрғын жай, керамикадан, сүйек пен тастан жасалған бұйымдар топтамасы, металдан жасалған еңбек құралдары және кен өндіру ісіне қатысты заттар табылған.

Сөйтіп андроновшылар өзен жағалаулары бойына қоныстанып, отырықшылық өмір сүрген, қоныстары терең орлармен және шарбақты жалдармен қоршалған. Қоныстардың ауданы 25 тен 150 шаршы метрге дейін, ұзын саны 10-нан 20-ға дейін баратын, 1-1, 5 метр жерге енгізілген қима ағаштар түріндегі үлкен жертөлелерден тұрады. Қос шатырлы немесе пирамида тәріздес келіп, діңгектермен ұсталған, оның түтін мен жарыққа арналған тесіктері болған. Үлкен отбасылы үйде 30-50- ге тарта адам тұрды. Ал қоныс, ілгелес егістіктер, жайылымдар мен молалар бір руға тиеселі болды.

Андронвтардың шаруашылығы мен тұрмысы. Андроновшылардың басым түрі малшылық, ал негізгі тамағы ет пен сүт өнімдері болды. Олардың басты дәулеті жылқы болды. Қоныс маңына жақын жайылымдар бірте- бірте тозғандықтан, андроновшылар әрбір 20-25 жыл сайын жаңа жерлерге қоныс аударып отырған. Б. з. д. ХҮ ғасырда, яғни орта қола кезеңінен бастап бекініссіз елді мекендер пайда бола бастады, сол кезде малдарды жайлауға айдау дәстүрі қалыптасты. Бақташылар көктемде малдың бір бөлігін алыс жайылымдарға немесе тау шалғындарына айдап кетіп, малмен бірге көшіп-қонып жүрді, содан тек күзде ғана мекендеріне бірақ оралып отырды.

Орта қола кезеңінде үй құрылысы, елді мекендер ұйымы өзгеріске ұшыраған. Мұндай тұрмыстық кешендергеБатыс Қазақстандағы Тастыбұтақ қонысын жатқызуға болады. Шығыс Қазақстанда Андронов мәдениетінің осыған ұқсас ескерткіштері Ертіс, Бұқтырма, Күршім далалық аймақтарынан, Алтай мен Тарбағатайдан табылды.

Қазақстанның оңтүстігіндегі Қаратау мен Жетісудағы Таңбалыда жартастарға қашалып салынған суреттер (петроглифтер) шоғыры табылды. Жартастарға жануарлардың, басы күн бейнесіндегі адамдардың, күйме-арбалардың кескіндері қашап салынған. Алматыдан солтүстік батысқа қарай 170 км жердегі Таңбалы аңғарында тұрған андроновшылардың құдайлары бейнеленген көріністер берілген. Мұнда эпикалық қаһармандар садақ тартқан күйі күймелерде шауып келе жатқан әрекеттері, түйелер жегілген арбалар көші, ғұрыптық билерді билеу көріністері суреттелген. Ғибидатхананың басты бейнелері - қарапайым жандардан жоғары тұрған «Күн басты бейне», олардың бастары күн нұрын бейнелейтін бедерлі дөңгелектермен қоршалған. «Күн басты бейнені» билеп жүрген адамдар айнала қоршауға алған. Таңбалы петроглифтері әлемнің мәдени құндылықтарының қатарына енгізіліп, ЮНЕСКО ұйымының қорғауына алынған.

Орта қола ескерткіштеріне, сондай-ақ Жетісудағы Қарақұдық моласы, Қаратау өлкесіндегі Таутары моласы жатады. Аралға жақын Сырдарияның төменгі ағысынан соңғы қола дәуірінің бірегей ескерткіші -Түгіскен кесенесін атауға болады.

Қола дәуірінің тайпалары алғашқы мәдени қабаттың негізін қалады, ал соның негізінде ерте көшпенділер мәдениетінің қалыптасуы жүрді. Адамдардың негізгі кәсібі бақташылық, мал шаруашылығы мен теселі егіншілік болды. Мал шаруашылығында біртіндеп мал құрамы өзгере бастады, көшпелі өмірге бейім келетін жылқылардың, қойлардың, түйелердің үлес салмағы арта бастады. Мысалы, соңғы қола дәуірінде табындағы жылқы үлесі 14 тен 36%-ға өсіп, андроновшылар мәдениеті жылқы өсірушілер мәдениетіне айналды. Сондай-ақ, сол кезеңде тайпалық көшпелі шаруашылықтың өсуіне байланысты екі өркешті түйелердің саны едәуір артты. Түйе бейнелері қыш бұйымдарда және жартастағы суреттерде көп кескінделуі де сондықтан болар. Көшпелі өмірге бейімделудің белгілі ретінде малды жайлауға шығару кең етек алды. Алыс жайылымдардағы бақташылар қабырғалы өрмелі жеңіл қаңқалы қостарды - киіз үйдің алғашқы нұсқасын сырғауылдардан тұрғызды. Төрт дөңгелекті арбаларға орнатылған көшуге оңтайлы киіз үйлер де қолданыла бастады. Б. д. д. ІІ мыңжылдықтың аяғы мен І мыңжылдықтың басында климат жылынып, құрғақ климат қалыптаса бастағандықтан көптеген жұрт көшпелі мал шаруашылығына ауыса бастады.

Металлургияның дамуы. Сол уақыттарда тайпалардың өмірінде металлургия маңызды рөл атқарды. Еңбек құралдары мен қару жарақтарды дайындаудың шикізаты: мыс пен қалайының қорытпасы -қола, кейде сүрме, мырыш, қорғасын болды. Қола өзінің беріктілігімен, төменгі температурада балқытылуымен, әдемі алтын тсімен ерекшеленді. Орталық және Шығыс Қазақстан ежелгі және қарапайым кен ісінің орталықтары болды. Мыс кені негізінен Жезқазған, Риддер, Қаршыға, Жалтыр, Ащылы, Ұратөбе, Күшікпай аудандарынан, қалайы Атасу тауы өлкесінен, Қалба және Нарым жоталарынан, алтын Степняк, Қазаншұңқыр, Балажал, Ақжал және басқа да өңірлерден өндірілген. Мұнда ежелгі дәуірде мыс пен кені қалайыны өндіру орасан зор мөлшерге жеткенін мамандар дәлелдеп отыр. Мәселен, Жезқазған ауданында балқытылған мыстың көлемі 100 мың тоннаға дейін жеткен. Успен мыс кенішінен 200 мың тоннан кен қазылып алынған. Қалайыны өндіру 130 тоннаға жеткен. Қазақстан археологиясының негізін қалаушы Ә. Х. Марғұлан ежелгі металлургия орталығы болған Жезқазған жайлы былай деп жазады: «1930 жылдары Жезқазғанның ежелгі аса маңызды металлургия орталығы ретінде зор тарихи мәні дәлелденді. Бұл туралы Қ. И. Сәтпаев жазды («Большой Джезқазған», Алматы, 1961, 5 бет), оның айтқандары екінші дүниежүзілік соғыстан кейін жүргізілген археологиялық қазбалармен дәлелденді.

Зерттеудің негізгі нысаны Жезқазған кенішінің оңтүстік-шығысына қарай бір шақырымдай жердегі кең сайда орналасқан Милықұдық қалашығы болды. Ол туралы ешкім білмеген еді. Оны Қ. И. Сәтпаев ашты. Милықұдық сонау қола дәуірінен кейінгі орта ғасырларға дейін келгенін әрі мыс, қалайы, темір, алтын, күміс кенін өндіру мен оларды өңдеудегі адамның өндірістік қызметін куәландыратын мәдени қыртыстың маңызды қабаттары сақталған. Жезқазғанның ежелгі кен орындары мен үйінділері орасан зор. Геолог С. Х. Боллдың есебі бойынша Жезқазған тарабынан оңдаған мың тонна мысы бар миллион тоннадан астам бай тотықтырылған кен өндірілген»

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақстан тарихы пәні бойынша оқулықты пайдалану
Тарих сабағында білім берудің негізгі құралы оқулықты пайдалану
Қазақстан тарихы курсының тәрбиелік мәні
Қазақстан тарихының орта мектепте пән ретінде оқытылуы: теориялық және методикалық негіздер (1958ж. - қазіргі кезеңге дейін)
Тарихи қосалқы пәндер дәрістер
Саяси технологияның адам өміріне маңызы
Араб-парсы деректерін орта мектепте тарих пәніне оқыту барысында пайдалану әдіс-тәсілдері
1930-40 жылдардағы ана тіліндегі математика оқулықтары және олардың ерекшеліктері
Оңтүстік Қазақстан кәсіби тарихшыларының мәртебесі
Шымкент қаласы тарихшы мамандарының кәсіби деңгейі
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz