Мал азығының сапасы – мал шаруашылығын дамытудың басты шарты


Мал азығының сапасы - мал шаруашылығын дамытудың басты шарты
14. 03. 2014 Экономика 0 пікір 238 рет оқылды
Еліміздегі ауылшаруашылық өндірісінің маңызды саласы мал шаруашылығы ежелден қазақтың дәстүрлі кәсібі ретінде дамып келе жатыр. Әдетте мал шаруашылығын өркендетуде шешімін табатын шаруа көп қырлы болып келеді. Соның ішінде мал азығын қамдау ең маңызды мәселе. Өйткені, жеткілікті мал азығы қоры жасалмай мал шаруашылығы ешуақытта серпінді дами алмайды.
Қазақстанда мал өсіруді ежелден кәсіп еткен ата-бабаларымыз неліктен мал соңында көшіп-қонып жүрген? Себебі, еліміздің ауа райы мен жер ерекшелігіне байланысты бұл әдіс табиғи жайылымдықтарды ұтымды пайдалана білудің жолы болған.
Бүгінгі технология қарыштап дамыған заманда мал өсіру шаруасында азықтандыру мәселесі көбіне табиғи жайылымдықтар мен шабындықтардың әлеуетіне әлі де тәуелді болып отыр. Жаңа технологиялар бізге мал азығын дайындау ісін қазіргі заман тұрғысынан толық шешудің тың мүмкіндіктерін ұсынғанымен біз оны толық пайдалана алмай келеміз. Демек, елімізде мал шаруашылығын қарқынды дамыту мәселесі әлі де болса аса өткір күйінде қалып отыр.
Мысалы, сүрлем мен пішендеме дайындау технологиясының мүмкіндіктері толық игерілмеуде. Осыдан барып, кейбір өңірлерде шаруашылықтардың көпшілігі дайын шөптің тапшылығын сезінуде. Шөп тапшылығы, қысы ұзақ солтүстік өңірлерге ғана тән емес, сонымен бірге оңтүстік өңірлерлерде де сақтық қоры ретінде қажет екенін уақыт дәлелдеді. Соңғы жылдары аязы қатты қыс пен қалың қар шаруаларға шөп дайындаудың қаншалықты маңызды екендігін ескерткендей.
Республикамызда шөп дайындаудың кепілді көзі - өзен, көл жағалауындағы жайылмалы шалғындықтар, тау бөктеріндегі шабылмалы жайылымдықтар және жалпы шабындықтар, ал олардың көлемі республикада үш миллион гектарға жетпейді. Өкінішке қарай, бүгінгі күні осы жерлердің өнімділігі төмен, гектарынан 11-13 центнерден аспайтын шөп дайындалады. Суға бөктіру арқылы гектарына 40 центнерден астам шөп алынатын Орал-Көшім жайылмалы шалғындықтары мен Орталық Қазақстандағы көл табандап суарылатын шабындықтар бүгінде қолданыстан шығып қалған. Кеңес дәуірінде кең таралған қарапайым әдіс - сай-салалар мен аңғарларға шөп егу арқылы шабындықтар өнімділігін арттыру да бүгінгі таңда ұмыт болған. Жайылымдарды, шалғындықтар мен шабындықтарды көпжылдық шөп тұқымдарын егу арқылы жақсарту өз алдына бір мәселе. Бұл проблема да назардан тыс қалып отыр. Мал азығы қорын нығайту барысында ертеректе өндірісте тиімділігін дәлелдей білген осындай ұтымды шешімдермен қатар, бүгінгі таңда өндіріске жол тапқан ғылыми әзірлемелер де бар. Мысалы, соңғы жылдары республикамыздың оңтүстік-шығыс өңірлерінде майбұршақ дақылын өндіру кең етек алуда. Осы орайда, микробиология институтының ғалымдары осы дақылдың өнімділігін арттыратын бактериялық препараттан басқа олардың сабанын мал сүйсініп жейтін азық қорына айналдыру жолдарын да ұсынды. Сонымен, майбұршақ дәнінен түскен пайдамен қатар оның сабаны да шаруаның қажетін өтей алмақ.
Жоғарыда республикамызда өндірісте қолданылған кейбір ұтымды әдістерді еске алдық. Ескеретін жайт, заманауи талаптарға сәйкес мал азығын дайындауда құнарлылығы жоғары әрі өнімділігі мол бұршақ тұқымдас өсімдіктерге, әсіресе, беде, жоңышқа және түйежоңышқа сияқты дақылдарға көңіл аударған жөн. Өйткені, бұл дақылдарда астық тұқымдастарға қарағанда протеин мен ақуыздың мөлшері екі еседен астам көп. Сонымен қатар, амин қышқылы құрамы да малға жұғымдылығымен құнды. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, бұршақ тұқымдастар өсімдігінен ең арзан және мол ақуыз өндіріледі.
Тоқсаныншы жылдары шаруашылықтарды реформалау кезінде көптеген олқылықтар орын алғаны аян. Мал шаруашылығының дамуы дағдарысқа тіреліп, республикамызда мал азығы дақылдарын өсіретін алқаптардың көбі айналымнан шығып қалды. Тоқсаныншы жылдары 11, 4 млн. гектардан астам жерге мал азығы дақылдары егілсе, бүгінгі таңда осы алқаптар 2, 4 миллионнан аспайды. Көпжылдық өсімдіктер алқабы екі жарым есе азайса, жүгері алқаптары 27 есеге азайды. Осы орынсыздық, бүгінгі күні қолдағы бар малдың жемшөппен толық қамтамасыз етілуіне қолбайлау болып отыр. Өйткені, көптеген шаруалар мал азығын дайындаумен шұғылданбайды. Малдың қысқы азығы сапалы пішен, мал сүйсіне жейтін пішендеме және сүрлем сияқты жемшөп қорының аздығы малды азықтандыруда аса қажетті ақуыз, қант, каротин және тағы басқа да элементтердің жетіспеуіне жол беріп, малды азықтандыруда оның қажеттілігін өтей алмауда. Осындай сапалы шөптердің жетіспеушілігінен солтүстік астықты өңірлерде, малды көбіне дәнді дақылдармен азықтандыру кең етек алды. Етті ірі қара шаруашылығында осы үрдіс ет өнімінің қымбаттауына мұрындық болды. Өйткені, өндірілген ет бағасының елу пайыздан астамын жемшөп қоры анықтайды.
Қазіргі кезеңде мал шаруашылығында қалыптасқан үрдіс негізінен мал азығындағы ақуыз тапшылығынан жемшөптің ысырапқа ұшырап, мал өнімінің өзіндік құнының артуына әсерін тигізуде. Сондықтан да, алдымен мал азығының сапасын арттыру, оның ішінде ақуызбен қамтылуын қолға алған жөн. Бұл ретте жайылымдарды және шабындықтарды бұршақ тұқымдас өсімдіктерді еге отырып жақсарту шаралары жүзеге асырылса, мал азығын дайындау науқанының көрігі қыза түсер еді.
Көпжылдық бұршақ тұқымдас өсімдіктерді өсірудің өндіріске оңтайлы әсері мол. Біріншіден, ақуызға бай мал азығы қоры дайындалса, екіншіден, топырақ құнарының жақсаруына ықпал етеді. Бұршақ тұқымдас шөптердің өсу және тамырлану ерекшеліктері топырақта үнемі жүріп отыратын микробиологиялық үрдістерді оңтайлы бағытта дамытып, оның құнарлылығын арттыруға әсерін тигізеді. Бұршақ тұқымдас шөптер тамырдағы түйнек бактерияларымен тығыз симбиоздық қатынаста бола отырып, өсу кезеңіндегі ауа райы мен топырақ ерекшелігіне орай гектарына 600 кг. дейін биологиялық азот жинақтай алады. Яғни, топырақты минералды азот тыңайтқыштарымен емес, биологиялық азотпен тыңайту жүзеге асады, бұл өз кезегінде химикаттарды қолдануға тосқауыл қойып, экологиялық ахуалдың жақсаруына мүмкіндік туғызады. Сонымен, ғылыми тұрғыдан қарағанда, көпжылдық өсімдіктер мал азығы қорын өнімділік және сапалық тұрғыдан нығайтумен қатар, егіншілік жүргізудің биологиялық жолмен дамуына, топырақтың құнарлылығын арттыруға және қоршаған ортаның экологиялық ахуалын сауықтыруға зор ықпалын тигізеді.
Республикамызда соңғы жылдары мал азығы дақылдары есебінен екі миллион азықтық өлшем көлемінде шөп дайындалатынын ескерсек, ол малға қажетті азықтың 1/3 бөлігін ғана қамтиды. Қалыптасқан жағдай мал шаруашылығының өркендеуіне және оның қарқынды дамуына қолбайлау болып отыр.
Осы орайда мал азығын дайындау мен оны ұқсату мәселелері - мал азығы базасын нығайтудың технологиялық өзегі. Өйткені, мал азығын ұқсату бар мүмкіндіктерімізді толығымен пайдалануға ықпал етеді. Республикамызда қазіргі уақытта 1 миллион тонна сүрлем, 0, 5 миллион тонна пішендеме дайындалса, мал шаруашылығы дамыған тоқсаныншы жылдары 35 миллион тонна сүрлем, 7 миллион тоннадан астам пішендеме дайындалатын еді.
Малды азықпен қамтамасыз ету көрсеткішін сараласақ, ірі қара шаруашылығында бір жылға шаққанда бір шартты мал басына 22 центнер азықтық өлшем берілетіні, ондағы протеин мөлшері 12-14 килограмнан аспайтыны мәлім. Ал, қысқы мерзімде қолданылатын мал азығы 11 центнерлік азықтық бірлікпен шектелген. Малазықтық өлшем бірлігінің бұл көрсеткіші зоотехникалық талап деңгейіндегіден екі есеге дейін төмен. Осы ретте мал шаруашылығы дамыған еуропалық елдерде шартты мал басына шаққанда 36 центнер, Америка елдерінде 45 центнер, ал көршіміз Ресейде 30 центнерден астам азықтық бірлік көлемінде мал азығы дайындалатынын еске алуға болады. Демек, біз осы мәселеге үлкен ыждағаттылықпен қарап, мал азығын дайындау мәселесін тиісті стандарттық талаптар деңгейіне көтергенде ғана мал өсіру саласында табысқа жететін боламыз.
Мал азығы сапасын арттыру үшін бірінші кезекте, әрине бұршақ тұқымдас өсімдіктерге басымдық беру қажет, мысалы, егістікте беде, жоңышқа, эспарцет, түйежоңышқа, тағы басқа да екпе шөптердің үлесін арттырған жөн. Өйткені, бұл дақылдардан мол шөп дайындалады және шөп құрамындағы ақуыз мөлшері жоғары болады. Екінші кезекте, биологиялық сүрлем әдістерімен шөп құнарлылығын сақтау тәсілдерін кеңінен пайдалану, яғни олардан сүрлем мен пішендеме дайындау бар мүмкіндікті тиімді қолдануға қол жеткізеді.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz