АКАДЕМИК С. ҚАСҚАБАСОВТЫҢ ҒЫЛЫМИ-ПЕДАГОГТІК МЕКТЕБІ


АКАДЕМИК С. ҚАСҚАБАСОВТЫҢ ҒЫЛЫМИ-ПЕДАГОГТІК МЕКТЕБІ
Пірәлиева Г. Ж. - ф. ғ. д., профессор (Алматы қ-сы, ҚазмемқызПУ)
ҚР ҰҒА -ның академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Ш. Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері, ф. ғ. д., профессор, М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, көрнекті фольклортанушы ғалым Сейіт Асқарұлы Қасқабасовтың ғылыми мектебі, педагогтық қыры жөнінде әңгіме әзірге қозғала қойған жоқ. Бүгінгі әңгіме ғалымның осы қыры жайында болмақ.
Табиғатынан талапты, ізденімпаз, әрдайым білсем деген құштарлықтың құшағында жүретін Сейіт Асқарұлы студент шағынан бастап ғылыми жұмыстарға белсене атсалысты. Қазақтың тұңғыш білім ордасы саналған Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының (қазіргі Қазақ ұлттық университеті) тарих-филология факультетінде жүріп, фольклортанушы ғалым Н. С. Смирнова жетекшілік ететін халық арасындағы көне әдеби мұралаларды жинау, зерттеумен айналысатын ғылыми ортаға түскен ізденімпаз жас халық ауыз әдебиетіне мамандана бастайды. Ұстаздарының тәлімгерлік-педагогтік қасиетін жанында жүріп, тоқи білген ол есейе өзі де ғылыми жұмыстармен бірге жастарды білімге, ғылымға баулуды басты мақсаты деп білді. Ұстазы Н. С. Смирновамен бірге бірнеше ғылыми мақалалар жазып, қазақтың халық ауыз әдебиетінің тарихына, теориясына, әсіресе бұрындары зерттелінбей жатқан прозалық ертегі жанрының ерекшеліктері мен көркемдік әлеміне терең мән беріп, осы тақырып төңірегінде тынымсыз ізденеді. Алғашқы мақаласын 5 курста жазып, арнайы журналда жариялаған жас тынымсыз талпынудың нәтижесінде 1964 жылы М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аспирантурасына қабылданады. Оны үздік бітіріп, қазақтың қиял-ғажайып ертегілерін зерттеп, 1969 жылы «Казахская волшебная сказка» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды. 1989 жылы М. В. Ломоносов атындағы Москва мемлекеттік университетінде «Жанры казахской народной (несказочной) прозы» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғайды.
Осыдан соң-ақ, ғалымның фольклортанушы ғана емес бүкіл қазақ әдебиетінің көкейкесті мәселелеріне қатысты құнды ғылыми тұжырымдары мен теориялық еңбектері әдеби-ғылыми ортада жылы қабылданып жатты. Осы ретте оның айтылмай жүрген қыры- қазақ фольклортану ғылымында осы күнге дейін қалыптастырып үлгерген ғылыми мектебі мен студент жастардан бастап ізденуші магистранттарға, аспиранттарға жүйелі түрде арнайы мақсатпен дәріс оқуы және бірнеше кандидаттық, докторлық диссертацияларға жетекшілік жасауы дер едік. Сондай-ақ, талай талапты жастардың ғылымдағы тұсауын кесіп, ірі ғылыми жолға бағыттап отыруы нағыз ұстазға тән қадірлі қасиет. Көптеген шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз С. Қасқабасовтың дәрісін ізденушілері-шалқар шабыттың шығармашылық көрінісі, терең теориялық білімнің қайнары, әлемдік деңгейдегі ғылыми ақпараттың ағыны деп есептейді. Кезінде Ресейдегі М. Горький атындағы Әлем әдебиеті институтының студенті әрі тыңдаушысы, үлкен білім ордасының талантты түлегі - бүгінде сол әлемдік деңгейдегі ірі мектептің білгір маманы ретінде әлі күнге дейін түрлі ғылыми-теориялық мәселелерді шешуге белсене атсалысып келеді. Талантты ғалым С. Қасқабасовтың өз білгенін бәсекеге бейім бүгінгі жастарға үйретуге, ол үшін өзінің уақыты мен күш-жігерін аямайтын адал ұстаздық қасиеті қашанда құрметке ие. Оның әмбебаптық білімі, қоғамдық ғылымдар саласындағы жүйелі білімі, өз мамандығы мен шәкірттеріне деген адалдығы кімді де сүйсінтеді. Ғылымға келген күннен бастап республикамыздың бірнеше ЖОО-да ұстаздық еткен профессор С. Қасқабасов фольклортанушы, әдебиеттанушы ретінде шәкірттердің бірнеше буындарын тәрбиелеп шығарды. Оларға қазақ фольклористикасынан арнаулы курс бойынша дәріс оқыды. Оның әрбір сабағы тың ғылыми жаңалықтарға толы, теориялық білімге бай, құнды әдеби-ғылыми мәліметтерге мол болып, шәкірттерін үнемі шабыттандырып, тыңдаушыларының ізденуге деген құштарлықтарын арттырып отырды. Ұстаздың өзіне тән әдістемелік-педагогикалық тәсілдері болды. Ол ең біріншіден, шәкірттерінен тәртіпті, сабаққа уақтысында келуді, кешікпеуді, тапсырманы мүлтіксіз әрі шығармашылықпен орындауды талап етті. Тәртіп бар жерде ғана табыс бар екендігін ескертуді ұмытпайтын. Сонсын, таңдаған мамандығына, ғылымға адал болмай ешқандай жұмыстың жемісі болмайтындығын бірінші күннен талап ететін-ді. Өз пәніне, шәкірттеріне деген адалдық пен тынымсыз іздену, талап қоюшылық ұстазды да талай табыстарға жетелеп, абыройға бөледі.
Шәкірт тәрбиелеуді, ұлтты, оның жас ұрпағын, әсіресе жас ғалымдарды, қазақ ғылымын тәрбиелеу деп ұққан ұстаз мұғалімдік мамандықты мемлекеттік міндет, өз елінің алдындағы перзенттік парызы деп ұқты. Сондықтан мемлекетіміздің ертеңін, еліміздің болашақ мамандарын, мемлекет қызметкерлерін даярлаудағы міндетін абыроймен атқаруды жөн деп ұқты.
Осы орайда мына бір әңгіме еске оралады. Бір әмірші Әбу Насыр әл-Фарабиден: «Менің мемлекетімнің ертеңі туралы не айтар едің?» - деп сұрапты. Сонда әл-Фараби: «Сен маған өзіңнің жастарыңды көрсет, сонда мемлекетіңнің болашағын барлау қиынға соқпайды», - деген екен. Ұлы данышпан бабамыз айтқандай қай кезеңде де болашақтың қожасы жастар болған. Не шықса да, солардан шығатынын жақсы ұққан ұстаз С. Қасқабасов, әсіресе ауылдан келген бойларында ұлттық рухтары бар, халықтың ауыз әдебиетін, сөз өнерін ана сүті арқылы еміп, емін-еркін игеріп келген қара домалақ қазақтың қыздары мен балаларын баулуды мұрат тұтты. Сол мақсатта еңбек етті. Еңбек жеміссіз емес екендігін бүгінде ғылымда жүрген шәкірттер шоғының көптігі дәлелдейді.
Шексіз үміт пен үлкен идеялармен қанаттанған қайраты мол, екпіні қатты жас толқын қашанда тоғышарлық пен бойкүйездікке бой алдырмағаны белгілі. Сергек те сезімталдық қасиетті бойларына дарытқан жастар өздеріне жүктелген қасиетті міндеттің ауырлығын, жауапкершілігін ешқашан естерінен шығармаған. Сондықтан да ұлттық мәселелердің өздерінсіз өз шешімін таппайтынына сенімді жастар қай салада болсын көшбасында болуды мұрат тұтады.
Халқымыздың тарихында да, кешегі желтоқсан оқиғасында да көш бастап, ұлттық мәселе жолында өздерін құрбандыққа шалған жас ұрпақ өкілдері С. Қасқабасовтың күнделікті көз алдында өсіп, мемлекетіміздің өркендеуіне өз үлестерін қосып келеді.
Сондай ертеңгі өмірге деген іңкәр сезімдері мен үкілі үміттері мол, кеше ғана ауылдық мектептерді бітіріп, арман арқалап, Алматыдағы қазақтың мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің филология факультетіне оқуға түскен жауқазын қыздар төрт жылдың ішінде тым тәуір білім алып, мемлекетіміздің ертеңін елестете алатындай әсерге бөлейді. Ауылдан білім аңсап, бүкіл күш-жігерін соған жұмсаған қыздардың арасында жоғары оқу орны талап ететін бакалаврлық біліммен қатар ғылыми жұмыстарға да белсене атсалысып, мерзімді баспасөздерге зерттеу жұмыстары жарияланып жүргендері де баршылық. Міне, осы арада жастарды ғылыми жұмысқа баули білетін, олардың ізденіске деген құштарлығын оята білу де ілудегі бір ұстаздардың ғана қолынан келетін қасиет. Біз білетін ұстаздардың ішінде осы қасиет дарыған, өзінің табиғатында тәлімгерлік таланты бар кісінің бірі де - Сейіт Асқарұлы Қасқабасов.
Өзінің ғылыми ірі жобалық жұмыстарына қоса педагогикалық қызметті үнемі қоса алып жүретін ҚР ҰҒА-ның академигі, ұлттық фольклортану ғылымының докторы, профессор Сейіт Қасқабасов қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде бірнеше жылдар бойы магистранттар мен аспиранттарға жүйелі түрде фольклортану ғылымынан дәріс жүргізді.
«Әдебиеттану мен фольклортанудың өзекті мәселелері», Фольклордың теориясы мен тарихылығы» т. б сынды пәндерді жүргізген ол шәкірттеріне өте қатал, талапшыл болды. Өзіне белгіленген уақыттан тыс та ақыл-кеңестер беріп, үнемі жазған конспектілерін ерінбей қадағалап, тексеріп, қалай жазу керек, нені назарға алу керек, әдебиеттерді қалай екшеп, талғаммен танып алу керек, кімдерді оқу керек, ғылымды қалай жүйелеп, қалай жазу керек т. б. деген сияқты таусылмайтын сауалдарға сағаттап студенттермен бірге жауап іздейтін ұстаз өзінің де тынымсыз ізденімпаз зерттеуші екендігін аңғартты. Және ғылымға келген адамның адал, адами қасиетінің жоғары болуын, да қатаң қадағалап, ізденушілерден талап ете білді. Білім жолына түскен жастың бірінші күннен күнделікті күйбең тіршіліктен биік болуын, пайданы емес, парасаттылықты пайымдау керектігін және оларға «бұл дүние мен ол дүниенің жақсылығы -ғылымда, бұл дүние мен о дүниенің жамандығы-надандықта» екендігін үнемі ескертіп отырды. Ағаштың өсіп-жетілгенін бұтақтағы жемісіне қарай бағаласақ, жастардың, жалпы адам баласының басына қонған бақыттың тұрақты болуы да жақсы мінез бен терең білімге байланысты екендігін үнемі өзіне мұрат тұтқан ғалым шәкірттеріне де осы уағызды насихаттап отыруды міндеті санаған сыңайлы. .
Жапонияда әр ұстаз шәкіртімен 3-4 сағат бойы үзіліссіз жұмыс жасайды екен. Тап сол әдіспен жұмыс жүргізетін көрнекті ғалым Сейіт Асқарұлының көп шәкірттері бүгінде фольклортану ғылымының кандидаттары. 2006-2008 жылдардағы институт магистранттары Гүлнұр Бейсенбаева, Назым Салихараева т. б ұстаздарының өте жауапкершілігіне, талапшылдығына дән риза екендіктерін үнемі айтып отырады. Біз бұл мазмұндағы әңгімені көрнекті ғалымның өз ізденушілерінен де, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтындағы фольклортану бөлімінің қызметкерлерінен, сол кісінің жетекшілігімен қорғаған шәкірттерінен, бірге қызметтес болған әріптестерінен де естиміз. Қалай болған да да талап барда, жастардың келешегіне деген жауапкершілік бар жерде жұмыстың жемісті жүргізілері хақ.
Қазіргі қазақ фольклортану ғылымының дамуы мен зерттелуі, ұлттық фольклортанушы ғалымдардың мектебін қалыптастыру мәселесі де ұлағатты ұстаз С. Қасқабасовтың есімімен тығыз байланысты. Өйткені, төл тарихымыздың әр түрлі кезеңдеріндегі сөз өнерін гуманитарлық ғылымдардың басқа салаларымен сабақтастыра зерттеуге зер салған ғалымның ғылыми-теориялық еңбектерін бүгінде барлық жоғары оқу орындарында арнаулы пән оқулықтары ретінде пайдаланады. Ғылыми еңбектің нәтижелілігінің өзі - оны мектеп және ЖОО орындарында арнаулы кәсіби мамандардың күнделікті қажеттілігіне, яғни оқу құралына айналдырып, рухани айналымына ендіру емес пе?
Осы ретте ғалымның ғылыми ізденістерінің тереңдігін танытатын ірі монографиялық зерттеулері мен ұлттық фольклортану ғылымының күрделі теориялық мәселелеріне арналған еңбектері педагогика саласына да сүбелі үлес қосып келеді. Ортағасырлық әдебиет тарихы бойынша маманданған ғалымның ұлттық сөз өнерінің, оның ішінде халық ауыз әдебиеті мен фольклортану ғылымының теориясы мен тарихы, оның сан алуан ғылыми бағыттары мен көркемдік категорияларын қарастырған 300-ден астам ғылыми зерттеулері жарық көрген. Сондай-ақ, фольклор, әдебиет және өнер мәселелері жөніндегі 10-нан астам монографиялық еңбектің, атап айтар болсақ, 2000 жылы екі томдық «Золотая жила» атты еңбегі, 2002 жылы «Жаназық», 2008 жылы «Елзерде», 2009 жылы «Ой өріс» т. б. зерттеулері жарық көріп, әдебиет сүйер қауымның сүйіспеншілігіне бөленді. Әсіресе, республикамыздағы ЖОО-дағы филология факультеттерінің пән оқытушылары мен студенттерінің оқу құралдарына айналғаны анық. Зерттеушінің ұлттық құндылықтарды зерттеп, насихаттаудағы ұзақ жылғы еңбегі мен халқымыздың мүддесі жолындағы табанды да адал қызметі жоғары бағаланып, мемлекет тарапынан арнайы сыйлықтарға ие болды. Атап айтар болсақ, «Қазақ халық прозасы» монографиясы үшін 1986 жылы Ш. Ш. Уәлиханов атындағы ҚР ҰҒА сыйлығына, ал 1992 жылы «Казахская несказочная проза» монографиясы үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығына ие болса, 1996 жылы Жамбыл атындағы, 2003 жылы Махамбет атындағы сыйлықтардың лауреаты атанды.
Ұлттық әдебиеттану ғылымында қазақ халқының бүкіл прозалық фольклорын, оның туу, қалыптасу, даму кезеңдерін айқындап, жанрлық ерекшеліктері мен поэтикалық әлемін ұзақ жылдар бойы зерттеп, мамандығы мен тақырыбына деген адалдығын таныта білген зерттеуші-ұстаз өз білгендерін үнемі шәкірттеріне үйретуден жалықпаған. Өзінің ғылыми идеяларын жүзеге асыру мақсатында шәкірттерін жүйелі ғылыми бағыттар бойынша тәрбиелеп, прозалық фольклордың алғашқы қауымдағы мифтерінен бастап, оның барлық көркем жанрларының көркемдік әлемінің қырларын, фольклортанудың бұрындары зерттелмей келген кезеңдерін т. б ізденушілеріне тақырып етіп бере отырып, үлкен ғылыми мектеп қалыптастыра білді. Оның нақты дәлелі ретінде ғалымның ғылыми жетекшілігімен фольклортану, мәтінтану, әдебиеттану және өнертанудың көкейтесті мәселелері бойынша 11 докторлық, 25 кандидаттық диссертация қорғалғандығын атап айтуға болады. Бірнеше жылдар бойы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті М. О. Әуезов атындағы Әдебиет институты жанындағы филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д. 53. 34. 01 Диссертациялық кеңестің төрағасы ретінде де республикамыздың барлық ЖОО орындарына әдебиеттану, фольклортану, салыстырмалы әдебиет, қазақ әдебиеті т. б мамандықтары бойынша кандидаттар мен докторлар дайындап келеді.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz