Нумизматика ғылымы


Пән: Мәдениеттану
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 5 бет
Таңдаулыға:   

Нумизматика ғылымын дамытуға қамқорлық жасалса, артық болмас еді

12-Наурыз, 2012 150 рет оқылған

Нәпіл Базылхан, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінің Музейлік деректану және қолжазба орталығының жетекшісі:

- Нәпіл мырза, нумизматика дегенде көптің есіне алдымен шақа (монета) жинаушылар түседі. Ал шындығында бұл - ең әуелі ақша тарихын зерттейтін ғылым. Осы саланы зерттеп жүрген ғалым ретінде әлі күнге жер қойнауынан табылып жататын ақша бедерінен өткен өмірдің белгілері қалай анықтала­тынын әңгімелеп берсеңіз.

- Иә, нумизматика - ең әуелі тарих ғылымының бір саласы. Кез келген монетаны алып қарасаңыз, ондағы жазу-таңбалар өткен күннің елесі іспетті. Бір ғана тиыннан қаншама мәлімет аласыз.

Сондай-ақ қазақ жерінде соғылған тиындардың Америкадан, Бейжіңнен не болмаса Мәскеуден табылып жатуы да көп нәрсені аңғартады. Мәселен, Қытайдан - қарахан тиындары, біздің жерімізден қытай тиындары табылады. Мұның өзі екі елдің арасында сауда-экономикалық қарым-қатынастың өркендегенін, халықаралық валюта алмасу процесі жүргенін айғақтайды. Нумизматика архео­логия ғылымымен де тікелей байланысты. Сенсеңіз, біз қазір бұрынғы Алматының тиын соғылған тұсында тұрмыз. Сондықтан бүгінгі Алматының астындағы бұрынғы елді мекендердің мәдени қабатынан әлі талай-талай құнды жәдігер табылары анық.

Тіпті жазба деректерде жоқ, ешкім білмейтін мағлұматты да титтей тиын айтып бе­реді. Айталық, тарихта аты қалмаған билеушілердің бірі - Ташкенттегі Тұрсын ханды біз білмейтін едік. Оның есімі монетада кездеседі.

Ежелгі заманда өмір сүрген көне түріктердің шашы бұрымды келеді, сол бейнелері монетада соғылған. Ал енді дәл сол бейне Түркістаннан табылған тас мүсінде де кездеседі. Бағзы заманда түрік бабаларымыздың бұрым таққанын этнографиялық тұрғыдан дәлелдейтін бұл бір дерек болмақ. Еліміздің аумағында жолбарыс болғанын дәлелдейтін де монета бар. Өзіңізге белгілі, «Қазақстандағы соңғы жолбарысты 30-жылдары атып өлтірді» деген дерек бар. Сондықтан монеталардың көп мәліметті сығымдап беретін қасиеті ғажап. Ата-бабаларымыз алтын мен күмісті, мысты өңдеуді, мысты алтынмен және күміспен жалату технологиясын жақсы білген. Шақаға сурет салу, жеке қолтаңба соғудың өзі - бірін-бірі қайталамайтын ғажайып өнер. Кейбір жазулар өте көркем. Соншама жіңішке, әсем жасалуы жағынан қазіргі теңгелермен тең түседі. Мәселен, түргеш теңгелерінің диаметрі қазіргі біздің 100 теңгелікпен бірдей. Ортасы тесік, ұстауға ыңғайлы етіп жасаған. Бұл енді Қытаймен сауда жасауға бейімдеп жасағаны ғой. Тек қана қытай елінде тесік тиындар қолданыста болған.

- Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын тойлау қарсаңында өзіңіз жұмыс істейтін Мемлекеттік орталық мұражай «Қазақстан монеталарының шежіресі» көр­месін ұйымдастырған еді. Көрмеге көне заманғы құнды жәдігерлермен қоса, бүгінгі егемен еліміздің төл ақшасы да қойылды. Бұл туған жеріміздің кешегі тарихын бүгінгі күнмен байланыстыру ниетінен туындаған секілді. Ендеше, біздің жерімізден табылған монеталар шежіресіне тоқтала кетсеңіз.

- Қазақстан монеталарының шежіресі сонау ежелгі көшпенділердің «тауарға - тауар» (мал, аң терісі, жібек, алтын, күміс, металл кесектері, асыл тастар ақша ретінде теңгерілді) саудасынан бастау алғаны мәлім. Көне түрік (VІ-ІХ ғғ. ), түргеш дәуірінде «жылқыға - жібек» саудасы қарқынды дамыды. Түрік қағандығы монеталар шығарып, ақша айналымында қолданылды. Түргеш теңгелері ірі территорияда айналымға түсті, олар көбіне Суяб, Таразда соғылып тұрды.

Қарахан әулетінің (Х-ХІІ ғғ. ) мыс фельстері Орта Азия аумағында ақшаның кең қол­даныста болғанын көрсетеді. Ол кезеңде қалаларда сауда-саттық күшейіп, жаңа қалалар арқылы маңызды сауда жолдары өтті. Бұл сауда бағыты Шу өзені, Іле Алатауы арқылы Талғарға жеткен. Бір тармағы Шелекті басып өтіп, Шығыс Түркістанға дейін, екіншісі Іле өзені мен Алакөлден өтіп, Моңғолияға, одан Қытайға жетті. Қарахан әулеті дәуірінің 2145 дана мыс монета көмбесі 1976 жылы Ақтөбе қалашығынан табылған еді. Бұл көмбе тұңғыш рет осы көрмеге қойылды.

Сондай-ақ көрмеде моңғол империясы (ХІІ-ХІV ғғ. ) Жошы, Шағатай, Темір әулеті кезеңдеріндегі сирек кездесетін монеталар қойылды. Орта ғасырларда Йасы, Отырар, Баласағұн, Тараз, Мерке, Атлақ, Шаш, Сарай, Сарай-әл-жадид, Сарайшық, Самарқан, Бұқара, Хоженд және басқа да монета соғатын орындарда пени, фулс, дирхем, динар секілді алтын, күміс, мыс монета-ақшалар тұрақты соғылды. Қала экономикасында, базар мен сауда орындарында ақшаның рөлі едәуір артты. Мысалы, Жошы ұлысында жылқының бағасы 50-60 динар (алтын монета), тіпті 500 динарға дейін жеткен.

Оңтүстік Қазақстанда Шағатай әулетінің монета ақшалары кең қолданыста болды. Оның айқын айғағы ретінде Алматы көмбесін атауға болады. 1967 жылы Алматы қаласы «Таулы қырат» ұжым шаруашылығы жерінен табылған күміс монеталар саны 1387 сақтау бірлікке жетеді. Бұл көмбе де көрмеде алғаш ұсынылды.

Көрмеде Қырым, Қазақ, Бұқара, Хиуа хандығы дәуірінің монеталары, Ресей патшалығы мен Қазақ КСР кезеңінің, Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы да қамтылған еді. Еліміздің әр жерінен табылған монета көмбелері, түрлі қоймалар, сонымен қатар мұражай қорындағы монеталар Отырар, Тараз, Йасы, Түркістан, Сауран, Сайрам, батыста Сарайшық, Барскент, шығыста Тараз, Кенже сияқты қала­ларда ақша жүйесі мен ақшалай сауданың дамығанын айқын көрсетеді.

- Осылардың ішіндегі ең көнесі түрік дәуірінің тиындары ғой?

- Алғашқы түрік дәуірінде түрік империясы Корей түбегінен Қара теңіз, Дунайға дейін созылып жатты ғой. Сондықтан негізінен батыс түріктер сауданың тасымал жолы - Жібек жолын бақылауға алып, сауданы қалыптастыру үшін соғды үлгісінде (ол кезде Қытайда да тиын болған) монета шығара бастаған. Ябғу қағанның монетасы деген сияқты тиындар соғылған. Суретіне қарасаңыз, көне түрік дәуірінің адамдары екеніне дау жоқ. Батыс түрік қағандарының, түргештердің, жалпы билеу­ші әулеттің таңбалары көп кездеседі. Көне соғдыша «Тұң жабғы қағанның ақшасы» деп жазылған. Ол тиындардың көбі Шаштан, яғни Ташкент маңы оазисінен та­былды. Ал 2010 жылы өз жерімізден табылған монетада жолбарыстың бейнесі бар. Айта кететін жайт, бұл жерде «түрік» деген атауды қазіргі осман түріктерімен шатастырмау керек. Совет идеологиясына сай өзгертілген «түркі» деген де - жасанды атау. Дұрысы - түрік.

Бастапқыда көшпелі тайпалар сауданы тауар алмасу арқылы жүргізген. Мемлекет орнаған соң, ол өзінің ішкі-сыртқы саудасында билікті, экономиканы, сауда-сат­тықты жөнге келтіру мақсатында осындай тиын, монеталар шығарып, мемлекеттік жүйені құрған.

Қарахан дәуірінде алғаш рет ислам діні қабылдана бастады. ІХ ғасырда пайда бол­ған Қарахан әулеті Шыңғыс ханның дәуіріне дейін жалғасты. Жер аумағы оңтүстік Қазақстан, Жетісу, Шығыс Түркістанды алып жатты. Қарахан дәуірінде мыс, күміс тиындар көп болған. Діні бір болғандықтан, араб елдерінің дәстүрін сақтаған. Бір ерекшелігі, ислам діні енгеннен кейін монеталарға кәлима жазыла бастайды.

Қарахан дәуіріне қатысты монеталарды бұрын-соңды ешкім көрмеген еді. Археолог Уахид Хамзаұлы Шәлекеновтің жетекшілігімен 1974-1976 жылдары Ақтөбе қалашы­ғының орнында қазба жұмыстары жүргізілгені мәлім. 1976 жылы ІХ-ХІІ ғасырлардағы қарахандықтар дәуірінің мыс монеталар көмбесі табылған. Қыш құмыра ішінен барлығы 2145 дана монета шықты. Араб графикалық мәтіндері сақталғаны - 812 дана. Бұл Оңтүстік Қазақстандағы Ақтөбе қалашығында тиын соғатын ірі орын болғанын көрсетеді. Осы нумизматикалық кешен алғаш рет жарияланды. 2008 жылы аталмыш монеталарды У. Шәлекенов ағамыз ҚР МОМ қорына сыйға тартқан.

- Мына бір ортасында тиын салатындай жырығы бар қыш құмыра өзіміз тиын жинайтын дүңгіршекті, яғни «копилканы» елестетеді екен. Бұл тиындар қай дәуірге тиесілі?

- Қарахан әулетінен Сатық Бурахан деген алғаш ислам дінін қабылдаған хан бар, бұл монеталарда соның аты кездеседі. Белгісіз көмбе. Өте тотыққан. Тиын салатын «копилкасымен» қоса табылған. Қарап отырсақ, бүгінгі өмірден еш айырмашылығы жоқ.

- Күллі әлемді өзіне бас идірген Шыңғыс ханның дәуірінде соғылған монеталар өзгелерден ерекшелене ме?

- Тарихта жазылғандай, Шыңғыс хан көп қаланы басып алады. Солардың бірі - әй­гілі Отырар. «Отырарды өртеп жіберді» дейді. Алайда археологтер қала орнында әзірше ешқандай күл табылмағанын айтады. Отырарда ақшаның құйылғаны туралы 1967 жылы Самарқанд қоймасы ашылған соң анықталды. Осы қоймадан Х ғасырдағы Фараб теңгелері табылған. Біріншісі - алға ұмтылып, секіргелі тұрған арыстан бейнеленген мыс теңгелер. Екіншісі бетінде садақ пен шаршы түріндегі түріктердің тайпалық таңбасы (дүниенің төрт бұрышын меңзеген рәміз) бейнеленген теңге болған.

Егер Шыңғыс хан бәрін қиратып тастаса, сол заманғы тиындар қалай шыққан деген сауал туындайды. Күйреген қалаларда ақша соғатын мүмкіндік қайдан? Керісінше, сол кезде моңғол монеталарының дәуірі деген ерекше дәуір басталады. Шыңғыс ханның немересі Мөңке хан Шыңғыс ханның атынан, кейін өз атынан алтын, күміс тиындар шығара бастайды. Монетада Мөңкенің таңбасы анық көрінеді. Тіпті Шыңғыс хан дәуірінде алтын тиындар да болған. Бағдадта, Бұқарада, ауған жерінде соғылған тиындар бар. Қала өркендеп, сауда-саттық емін-еркін дамыған. Керуен сарайлар еркін жүріп-тұрған. Тиісті салығын төлеген. Тіпті оларды шығарып салып, жол көрсеткен кедендік қызмет те болған. Демек, Шыңғыс қаған дәуірінде қол астына қараған көптеген қалада монета соғу ісі тіпті дамыған деуге әбден болады.

Қазақстан тарихында Жошы ұлысы бізге маңызды. Өйткені біз Жошы ұлысынан кейінгі дәуірді жалғастырамыз. Сарайшық Жошы ұлысынан қалған. Мұнда көп зерттеу жүргізілді. Рас, Сарайшықтың көп жерін су шайып кеткен. Сөйтсе де, мыңнан астам монета табылған. Осы монеталарды белгілі археолог Зейнолла Самашев жетекшілік еткен экспедиция анықтаған еді. Жуырда тағы үш монета табылды. Айта кету керек, көне қаланың орнын қазу оңай емес. Құртақандай жерді бір ай қазасыз. Сарайшық қаласынан табылған нумизматикалық деректер ХІІІ ғасырдың соңы мен ХІV ғасыр аралығын қамтиды. Ол жерден табылған көне теңгелер Өзбек хан билігінің алғашқы жылдарында Сарай қаласынан шыққан. Осы кезеңдегі өзгерістер ақшалардың сыртқы түрінен көрініс тапқан. Күміс теңгелерде ислам дінінің енуі, орнығуы күміс теңге - дирхемдердегі сунниттік сенімнің белгісі мен Құранның алғашқы жолдарының жазылуынан көрінеді. Теңгелерде «кутлуг булсун» деген орта ғасырлық түрік сөзі жазылған. Бұл құтты болсын, яғни қолыңа түскен ақшаң құт болсын дегенді білдіреді. Жошы ұлысында алғаш рет исламды қабылдаған - Өзбек хан. Бұлар да шақаға кәлиманы, өз есімдерін жазады. Жібек жолы торабындағы үлкен қалалардың бәрінде монета соғатын орындар болған. Сарайшықта соғылған мына бір монетада «Сұлтан әділетті Жәнібек хан» деп жазылған, яғни патша әділ болса, халық әділ болады деген мағынаны білдіреді. Алтын ордаға саяхат жасаған арабтың саяхатшысы Ибн Батут өз жазбаларында «50-60 дирхемге жылқы сатып алдық» деп жазады. Әрбір тиындағы қалалардың атауы (Бұқара, Самарқан, Отырар, Хорезм) сауда қатынастарының қайда болғанын, шақаның қай жерде соғылғанын көрсетеді.

Шағатай - Шыңғыс ханның екінші ұлы. Қайшы секілді таңба Шағатайдікі. Көлемдері әр түрлі. Осы орайда айта кетейін, Шағатай дәуірінен бұрынырақта оңтүстік өңірде монета соғатын күміс азайып қалады. Қазіргіше айтсақ, дағдарысқа ұшырайды. Содан ба, табылған монеталардың ішінде жалған түрлері де ұшырасады.

- Жалған ақша жасаушылар сол кезде де болған дейсіз ғой?

- Иә, осы Шағатай дәуірінде соғылған монеталардың арасынан табылды. Салыстырып қарағанда, оңай ажыратуға болады.

- «Әмір Темір» деген араб қарпімен жазылған монеталар шынымен де Ақсақ Темір дәуірінде шыққан ба?

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қосалқы тарихи пән және оның міндеттері. Палеграфия ғылымының дамуы. Генеология. Хронология
Сфрагистикалық материалдар
Қосалқы тарихи пәндер пәнінен оқу-әдістемелік нұсқау
М.Е. Массонның Орта Азия мен Қазақстан археологиясына қосқан үлесі
Метрология
Тарихи қосалқы пәндер дәрістер
Палеография-ежелгі қолжазбaларды, олардың пішіндерін, стильдерін, жаратылған жерін уақытын зертейді
Палеография
Көне парсы деректері
Нумизматика - тиындар туралы ғылым
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz