Біз қалай мұсылман болдық?


Біз қалай мұсылман болдық?
Авторы: admin уақыты: 5-қараша, 2009 Бөлімі: Тарихнама
Маңғыстау жерасты мешіттері - сопылық мектеп іздері
Ислам діні VIIІ ғ. қарқынды түрде жайылып, Шам, Мысыр, Солтүстік Африка, Испания, Бұлғар, Иран, Үндістан, Тұран, Мауреннахр сияқты шалғай өлкелерге жетті. Ислам таралуы барысында әртүрлі халықтардың дүниетанымы мен мәдени құндылықтарының таразысына түсті. Құран мен хадис негізінде қалыптасқан ислам ілімі әр халықтың үздік мәдениетін, дәстүрі мен салтын жатсынбай өз болмысына сіңіріп, шариғат жоралғыларына ыңғайлай білді. Нәтижесінде ислам діні кейбір халықтардың дүниетанымына, негізгі ұстанымына, ұлттық құндылығына айналды. Әртүрлі дүниетаным, мәдениет пен құндылықтарды сұрыптап алуы арқылы ислам мәдениеті біртұтас шығыс халықтарының өркениеті деңгейіне жетті. Бұл мәселеде ислам дінінің кеңдігі, екінші ислам ғұламаларының көкжиек тереңдігі көрінсе, үшінші әр халықтың мәдениетінде, салт-дәстүрінде, дүниетанымында Жаратушыға жағар тұстары болғаны байқалды.
Қазақстан территориясына ислам діні VIIІ ғасырдың орта шенінде ғази бабтар арқылы келді. Ал, оның халық арасында түпкілікті нығаюында ханафия мазхабы ғұламалары мен ХІІ ғ. Орталық Азияда таныла бастаған Ясауи, Кубрауи сопылық ағымдар өкілдерінің рөлі ерекше болды. Ислам діні Мауреннахр өңірінде, қалалық аймақтарда гүлденгенімен, көшпенді қауым ислам дінін монғол шапқыншылығынан кейін, яғни, ислам орталығы болған Отырар, Шаш, Самарқанд, Үзгент қалаларының құлдырап, Хорезмшаһ ислам мемлекетінің ыдырағанынан кейін, тәңіршіл монғолдар мен түріктердің билігі үстем болғаннан кейін қабылдай бастайды. Бұл мәселені зерттеген ғалым Ә. Нысанбаев: «Араб қолбасшысы Қутайба ибн Муслимнің қалың қолын арғы жағы Қап (Кавказ) тауы мен бергі жағы Талас өзені жағалауынан ішке өткізбей, ата қонысын арпалыса қорғаған түркі жұрты неге кенеттен ислам дінінің уағыздаушылары - дәруіш-сопыларды әулие тұтып, айтқандарын ұйып тыңдауға көшті? Неге қару күшімен қаһарлы қолбасшы мойындата алмаған мұсылманшылықты жаппай өз еркімен қабылдай бастады?…» деген орынды сауал қоя келіп, «Тарихтың бұл жұмбағының жауабы - дәстүрлі түркі дүниетанымы мен сопылық ілімнің бірегейлігінде, ұқсастығында, тіпті тамырластығында жатыр»- деп, ой түйіндейді. Өлкедегі әдеби-тілдік деректерді сөйлету арқылы, елдің, жердің атауларында қатталған түркі жұртының тарихын зерттеген Серікбол Қондыбай «Есен-Қазақ» еңбегінде: «Қазақ дегеніміз - исламның суфийлік және ханифалық ағымы мен қыпшақтанып кеткен ежелгі Вара - Ұрым идеясының бір рухани арнаға тоғысуынан шыққан пенде» - дей келе, суфизмнің қалыптасу, таралу аймағын - әулиелік реалды қалыптастырушылар туралы аңыздардың ыңғайына қарап, «біз XIV ғасырда Түркістан аймағынан Йассауилік діни уағыздаушылардың легі Өзбек хан билеген, исламның ресми түрде мемлекеттік дін деп жарияланған тұсында Арал-Хасарлы аймағында қаптап келе бастағанын байқаймыз… 1300 ж. Түркістан-Нұратау аймағында шоғырланған сопылық топтардың (діни ордендердің) бір бөлігі Өзбек ханның Алтын Ордадағы жаппай исламдандыру саясатына сай еркіндікті пайдаланып, Батыс Қазақстанға ағылған. Олар өздерінің келген жеріндегі діни-ұйымдық атауларын ала келген… Түркістан аймағындағы Қошқар ата мен маңғыстаулық Қошқар ата, түркістандық Шопан ата мен маңғыстаулық Шопан ата, түркістандық Шақпақ ата мен маңғыстаулық Шақпақ ата, түркістандық Баба Түкті Шашты аталар, мен Ақтөбелік Алып ана, Түкті аталар арасында да осындай «әулиелік экспорт» болған сыңайлы» - деп көрсетеді. Десек те, «сопылар көшпенді түрік дүниетанымы мен ислам дінін қалай ұштастыра білді, түріктер жатсынбай қабылдайтындай сопылар нендей ілім ұстанды?» деген сұрақ әлі де жауапсыз қалып тұр. Бұған тек дереккөздерінен ғана жауап таба аламыз. Ол үшін көшпенділер мәдениеті мен ислам дінінің өзара жарасым тауып, ұштасуына ықпал еткен сопылар (Қожа Ахмет Ясауи, Сүлеймен Бақырғани, Данишманд Сопы, Сейіт ата, Баба Түкті Шашты Әзіз, Исмағил ата, Исхақ қожа, т. б. ) өмірі мен қызметін, еңбектерін зерттеу, ханафия мазхабының мауреннахрлық ғұламалар бекіткен фатуаларды («Фатāуā ал-баззазия», «Фатāуā ас-суфия», «Маджам’ ал-фатāуā», «Фатāуā ал-кубра» т. б. ) қарастыру керек. Маңғыстау үстіртіндегі жерасты мешіттеріндегі, қорымдардағы жазуларды зерделеу қажет. Жоғарыда айтылған пікірдің тарихи негізіне көз жеткізу үшін сол ХІІІ-ХV ғасырлар тарихынан мағлұмат берер деректерге үңілсек. ХІІІ ғасыр - сопылық мектептердің қалыптасып, дін насихаттау ісі қарқынды жүрген кезең. Мангышлақ, Дешті Қыпшақ деген атаумен белгілі бұл өңірдің халқы Берке хан билеп тұрған кезде (1255-1266) ислам дініне көп кіре бастаған. Өтеміс қажының тарихи шығармасына сенсек, «Дешті уалаяты Берке ханға бағынған кезде, дінсіздердің көп бөлігі ислам дініне кірді». Берке хан мешіттер мен медреселер салдырып, төңірегіне діншіл ғалымдарды жинап, мұсылман мемлекеттерімен тығыз байланыс орнатып, ислам дінінің жайылуына көп еңбек сіңіреді. Алтын Орда жайлы көп мағлұмат қалдырған ал-‘Умари (толық аты Шихаб ад-дин Абу ал-Аббас Ибн Фадлаллах ал-‘Умари 1348 ж. қайтыс болған) Берке ханның алдында сопы өкілдерінің беделі жоғары болғанын: «Проходя мимо Бухары, он (Берке) сошелся с шейхом Шамс ад-Дин ал-Бухарзи, (одни) из последователей «главы аскетизма» Надж ад-Дином Кубра. Прекрасно повлияла на него речь ал-Бухарзи, и он (Берке) принял ислам из рук его…» деп жазды. «Берке хан ислам дінін қабылдағаннан кейін Дешті Қыпшақ жеріне ханафия ілімін жайды. Ол халыққа дін негізін үйрету үшін жан-жақтан ғалымдар мен шейхтарды шақырды. Шақырусыз келген улемдерге де қымбат сыйлықтар беріп, шексіз құрмет көрсетті. Беркенің тұсында, одан кейін патшалық құрған Өзбек пен ұлы Жәнібек ханның кезінде, мулла Кутб ад-Дин, ірі ғалым ар-Рази, шейх Са’д ад-Дин ат-Тафтазани, «ал-Хаджибия» тәпсірінің авторы сайид Джалал ад-Дин, ханафит ғалым мулла Хафиз ад-дин ал-Баззази мен мулла Ахмад ал-Худжандидың - Алла оларға разы болсын! т. б. ғалымдардың болуы Сарайды аз уақыттың ішінде ғылым орталығына айналдырды. Халқы көп Мысырда мұнша ғалым болмап еді» деп жазды Ибн ‘Арабшах. Берке ханнан кейін Дешті Қыпшақ ханы Менгу-Тимур (1266-1280), одан кейін оның ұлы Туданменгу хан болып, Сарайда бес жыл патшалық құрған. Ибн ‘Арабшах дерегіне сүйенсек, «хиджра жыл қайыруымен 686 жылы (1288 ж. ) Туданменгу тақтан өз еркімен бас тартып, сопы шейхтарының қызметіне ден қойып, біржола дін жолымен кетеді». Туданменгу ханның орнына ұлы Төлебұға келеді. 1291 жылы Төлебұға өлтірілгеннен кейін Менгу-Тимур ұлы - Тоқай хан болады. Тоқай хан да көп деректерде мұсылман деп беріледі. Ал-Муфаддала: «наступил 704 год (1304 ж. ) ; владыкой степей Кипчакских (был) царь Токтай, сын брата султана Берке; он был мусулманин» десе, Әбілғазы: «Бүрге (Берке - автор) хан таза жүрегімен мұсылман болды. Одан соң кіші інісі Тоқай темірді шақырып, бұл сырын оған айтты, ол және мұсылман болды» дейді. Жиырма бес жыл патшалық құрған Тоқайдан кейін Өзбек хан таққа отырды. Өзбек ханның мұсылман болуын «Тимур нāме», «Шаджарā-и ат-турк», «Шейбани-нāме», «Жāми’ ат-тауāрих» атты Орталық Азиядағы түрік тілді жазба деректерінде ясауи сопылық тариқат өкілдері Сейіт ата мен Баба Түкті Шашты Әзізбен байланыстырылады. Өзбек ханның мұсылмандығы жайлы ортағасырлық араб-парсы тарихшыларының еңбегінен де көп мағлұмат алуға болады. Онда Өзбек хан билік құрған тұстағы Алтын Ордада үлкен беделге ие болған факихтар, ғұламалар, шейхтар жайлы қанықты мәліметтер мол. Алтын Орданың ішкі өмірі, халық жағдайы Өтеміс қажы мен Әбілғазы шежіресінде суреттелгендей басқа деректерде суреттелмейді. Сондықтан бұл мәселеде жергілікті халық арасында кең айтылатын оқиғалар мен аңыз-әңгімелерді қамтитын ХVІ ғ. бірінші жартысында жазылған Өтеміс қажы шежіресі және ондағы сюжеттер біраз шындықтың бетін ашатындай. Өзбек ханның дін қабылдағаны жайлы аңыз желісі сол кезеңнің толық суретін көрсетеді. Мәселен, Өзбек ханның екі жақты сынауы, хан қызметінде жүрген бақсылар мен ислам дінін насихаттай барған төрт атаның арасындағы айтысы - сол кезеңдегі «Иасы» заңы мен шариғат үкімдерін ұстанған Шыңғыс ұрпақтары арасындағы даудың болғанын, сондай-ақ, шииттік, карамиттік, мутазалиттік, мубайдилік дін өкілдері арасында да диспуттардың қызу жүргенін көрсетеді. Сынақтан өту үшін Баба Түкті Шашты Әзіздің Ибраһим пайғамбар секілді отқа түсуі - осындай даудың, қырғи қабақ күрестің қызып тұрғанында бел байлап, өз діндерін насихаттағаны, ал оттан аман-есен шығуы - олардың көп жағдайда хан, сұлтандардан қолдау тапқаны, насихаттарының жемісті болғаны жайлы сыр берсе, ал шаманның күйіп жанып кетуі - түріктенген монғолдар арасында тәңіршілдік дінінің жоғала бастағанын көрсетеді. Ал, тандыр пештің ішінде ара зікір салуы - жерасты мешіттерін кең қолданған ясауи сопылық тариқаты өкілі болғанын дәлелдейді. Шоқан аударған «Жами’ ат-тауāрих» бір үзіндісінде: «Сейд - Накибке [ﻨﺎﻘﺐ], пайғамбардың (оған Алланың нұры жаусын!) бейітінен аян келген; екіншісі Әлем Мұртаза Сейіт [ﻤﺮﻄﻀﻰ ﺴﻳﺪ], үшіншісі - алып [ﺍﻟﺐ ﺑﺎﺑﺎ] Баба - Тукластың әкесі. Өзбек [ﺃﻮﺰﺑﻚ] мұсылмандыққа өткен кезде қасиетті Қағбаға аттанды, осы үш адамды әкелген Ұзақ Шора да мұсылман болды» деп, бұл оқиға өрісі ары қарай дамытылады. Баба Туклас жайлы деректі Адб ал-Ғаффар Қырымидің Керей ханға арнап жазған «Умдат ал-ахбар» (һ. ж. 1157/1744 ж. ) атты еңбегінде де кездестіреміз. Онда автор Баба Түкті Шашты Әзіз шежіресін тарата келіп, оны Мухаммад ибн Әбу Бакр ас-Сиддиқ ұрпағы етеді және Баба Тукластың «шейх Наджиб ад-Дин» деген атын жазады. Сондай-ақ, ол - халық арасында көп жырланатын Едіге батырдың үлкен атасы. Бұл мағлұматты Қадыр Али Бек те «Дафтар-и Шингизнамада» (1602 ж. ) растайды. Еуразия кеңістігін жайлаған барлық түрік халықтарында жырланатын «Едіге» жыры - Шоқанша айтсақ, қырғыздардың (қазақтардың) ең танымал тарихи шығармасы. «Орақ батыр», «Ер Қосай», «Ер Көкше», «Мәулімнияз-Едіге» немесе «Едіге батыр» жыры - қазақ халқының мәдени, рухани тарихында өзіндік орны бар айтулы туынды. Онда ежелгі түрік дәуірінен бастап сан ғасырлар бойы қалыптасқан көркем бейнелер көрініс тапқан. Орақ, Ер Көкше, Ер Қосай, Ер Едіге - Алтын Орда тұсында өмір сүрген батырлар. Сондықтан бұл жырлардан да бізге керек мағлұмат жетерлік. «Едіге батыр» жырындағы оқиға негізінен Ноғайлы ордасында Тоқтамыс хан тұсында өрбісе де, жырдың кіріспесі IX ғасырдағы Ноғайлы ордасының қалыптасуынан басталады (Ғасырда тоғызыншы өткен адам, Көп болып бізден бұрын кеткен заман. Шығысы Азияның қытай, қалмақ, Һәм және маңғұл, ноғай, сирек қазақ. Айрылған Стамбұлдан ноғай халқы, Бөлініп бүліншіліктен бермен ауған, Ноғайлы бөлім-бөлім хан болыпты, Аз ғана бөлек-бөлек, аудан, аудан) . Осылай бөлім-бөлім хандықтағы әртүрлі этникалық топтардың басын құрап бір рухани бірлестікке тұтастыруда сопылық ілімнің қызметі осы жырдың негізгі идеологиялық арқауы болған. Жырдағы «Көне дін жаңа дінмен жайғаса алмай, Сол күнде неше түрлі ұрыс болған…» деген жолдар мұсылман дінінің арасында қызу тартыс болғанынан және сопылық ілім көне дін ретінде қалыптасқанынан хабар береді. Жырда «Ерте заманда Баба Омар деген әулие бар екен. Ол он бесте әулиелік қылып кеткен екен. Әулиенің бір қызға көзі тиіп, көзі тиген сол қыз буаз болған екен. Буаз болған соң ұғыл тапты. Ол ұғлының атын Баба Түкті Шашты Әзіз қойды. Жиырма беске келгенде ол да әулиелік қылып жөнелді» делінген. Баба Түкті Шашты Әзіз Едігені үш жасқа келгенде қолынан жетелеп, молдаға береді, одан соң бар парызымнан құтылдым деп, ғайып болады. Ежелгі түрік ескерткіштерімен қазақ эпостық жырларында «ғайып болу», «ұшып кету», «ұша бару» - дүние салу мағынасында қолданылады. Жырда Едіге батыр «Оқымай, зор тақуа, сұрап біліп, тік тұрады ислам жолы - дін дегенде» - деп суреттеледі. Арнайы діни медресе бітірмесе де, шейх, пірлерге қызмет еткен Едіге дін негізін игерген. Жырдағы тақуалық - тек діндарлық қана емес, сауаттылық пен білімділік деңгейіне де өлшем болып тұр. «Мәулімнияз - Едіге» жырында «Шашты Әзіз деген шарапатты шайхтың» 105 мүриді бар. Соның ішінде «ең абзалы» Мәулімнияз болған. Жыр мәтінінде: «Шықпайды еткен ісі дін жолынан, Бәрінен күллі мүридтің абзал болып, Қызметін алып жүрді ұстап құмған», - деген жолдарда нақтылана түседі.
... жалғасы
- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz